Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығы
"Егемен Қазақстан" 30.12.2014 ж., № 254 (28477); "Казахстанская правда" от 30.12.2014 г., № 254 (27875)
ТҮСIНДIРМЕ
Мемлекеттiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негiзгi бағыттарын одан әрi айқындау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы (бұдан әрi — Стратегия) бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкiмдерi өз қызметiнде Стратегияны басшылыққа алсын және оны iске асыру жөнiнде қажеттi шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н.Назарбаев
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 2015-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН СЫБАЙЛАС
ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ СТРАТЕГИЯСЫ
Мазмұны
1. Кiрiспе
2. Ағымдағы ахуалды талдау
2.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл саласындағы оң үрдiстер
2.2. Шешiмiн талап ететiн проблемалар
2.3. Сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне ықпал ететiн негiзгi факторлар
3. Мақсат және мiндеттер
3.1. Мақсат және нысаналы индикаторлар
3.2. Мiндеттер
4. Түйiндi бағыттар, негiзгi тәсiлдер және басым шаралар
4.1. Мемлекеттiк қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл
4.2. Қоғамдық бақылау институтын енгiзу
4.3. Квазимемлекеттiк және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл
4.4. Сот және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу
4.5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттiң деңгейiн қалыптастыру
4.6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту
5. Стратегияны iске асыруды мониторингтеу және бағалау
1. Кiрiспе
«Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауiпсiздiкке тiкелей қауiп-қатер қатарына қояды және мемлекет пен қоғамды осы келеңсiз құбылыспен күресте күш-жiгердi бiрiктiруге бағыттайды.
Қазақстанның осы маңызды мәселе бойынша қағидаттық ұстанымын бiлдiретiн елiмiздiң басты стратегиялық құжаты мемлекеттiң алдағы жылдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негiзi болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттiк басқарудың тиiмдiлiгiн, елдiң инвестициялық тартымдылығын төмендететiнi, әлеуметтiк-экономикалық қарыштап дамуды тежейтiнi баршаға мәлiм.
Қазақстан мемлекеттiк тәуелсiздiктiң алғашқы күндерiнен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимылдың тиiмдi, әлемдiк стандарттарға сай институттары мен тетiктерiн құру бағытымен мақсатты және кезең-кезеңмен жүрiп келедi.
Бiздiң елiмiзде қазiргi заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жұмыс iстеуде, оның негiзi «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттiк қызмет туралы» заңдар болып табылады, бiрқатар бағдарламалық құжаттар iске асырылуда, мемлекеттiк қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл саласындағы функцияларды кешендi түрде iске асыратын арнайы уәкiлеттi орган құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсендi жүзеге асырылуда.
Әлеуметтiк шығу тегi мен мүлiктiк жағдайына қарамастан, оның кезiнде басшылық орындарға қабiлеттi және кәсiби дайындалған адамдар орналасатын меритократия қағидаттарының негiзiнде мемлекеттiк қызмет жүйесi қалыптасты, оның iшiнде мемлекеттiң әрбiр органы мен лауазымды адамының функциялары мен өкiлеттiктерiнiң аражiгi нақты ажыратылып және айқындалып қалыптасты.
Шенеунiктердiң азаматтармен тiкелей байланыстарын қысқартатын және сыбайлас жемқорлық көрiнiстерi үшiн жағдайларды барынша азайтатын мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер саласын дамыту мен мемлекеттiк аппараттың жұмысын ақпараттандыру жөнiнде кешендi шаралар қабылданды.
Қазақстанға әлемнiң неғұрлым бәсекеге қабiлеттi 50 елiнiң қатарына кiруге мүмкiндiк берген азаматтардың өмiр сүру деңгейiн арттыру, ұлттық экономиканың өсуi, бизнестi жүргiзу жағдайларын, халықтың құқықтық сауаттылығы мен әлеуметтiк белсендiлiгiн жақсарту, электрондық үкiметтi енгiзу жөнiндегi қолданылып жатқан шаралар да заңға бағыну мәдениетiн және жүрiс-тұрыстың жалпы қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы модельдерiн қалыптастыру үшiн алғышарттар жасайды.
Сонымен бiрге экономиканың одан әрi өсуi, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлемнiң неғұрлым дамыған бәсекеге қабiлеттi отыз елiнiң қатарына кiру жөнiндегi өршiл мiндеттi жүзеге асыру бойынша стратегиялық мiндеттердi шешу мемлекеттiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жаңғыртуға негiзделген жаңа жүйелi шаралар қабылдауды және оны iске асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлiн арттыруды талап етедi, бұл сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiн барынша азайтуға мүмкiндiк берер едi.
Бұл орайда қазiргi кезеңде мемлекеттiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны (бұдан әрi – Стратегия немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия) айқындайтын жаңа бағдарламалық құжатын қабылдау қажеттiгi болып тұр.
Мұндай құжатта сыбайлас жемқорлық деңгейiн түбегейлi қысқартуға, мемлекет пен қоғам өмiрiнiң түрлi салаларында оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға қабiлеттi превентивтiк сипаттағы кешендi шараларға жетекшi рөл берiлуi тиiс. Яғни, басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күреске емес, оның алғышарттарын жоюға аударылуы тиiс.
Ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру бизнестi дамыту жолындағы әкiмшiлiк кедергiлердi жою, Қазақстанда жұмыс iстейтiн отандық және шетелдiк кәсiпкерлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн кез келген сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен тиiмдi қорғау жөнiндегi шаралардың басымдығын да көздейдi.
Тұтастай алғанда, мұндай Стратегия мемлекет пен қоғамның тыныс-тiршiлiгiнiң негiзгi салаларын қамтуға, жан-жақты және дәйектi сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешенiнiң әзiрленуiн және жүзеге асырылуын көздеуге, сөйтiп, мемлекеттiк билiктiң барлық деңгейлерiнде, сондай-ақ, жекеше секторда сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуды қамтамасыз етуге, қазақстандық азаматтардың осы әлеуметтiк зұлымдыққа төзiмсiз көзқарасын қалыптастыруға тиiс.
Бұл ретте Стратегия айқындайтын базалық бағыттар түпкiлiктi болуы мүмкiн емес. Олар жекелеген iс-шаралардың орындалуына байланысты және сыбайлас жемқорлық құбылысына, оның себептерiне, сыбайлас жемқорлық жүрiс-тұрысты ынталандыруға терең талдаудың нәтижелерiн, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы iстердiң жай-күйiн байсалды және объективтi бағалауды ескере отырып түзетiлуге тиiс.
2. Ағымдағы ахуалды талдау
2.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл саласындағы оң үрдiстер
Қазақстандық мемлекет дамуының алдыңғы кезеңдерiнде жалпы мойындалған нәтижелерге қол жеткiзiлдi, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл iсiнде айқын оң үрдiстер байқалды, оларды күшейту және дамыту ел дамуының қазiргi заманғы кезеңiңде осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны табысты iске асырудың кепiлi болады.
Қазақстан ТМД елдерiнiң арасында алғашқылардың бiрi болып осы келеңсiз құбылыспен күрестiң мақсатын, мiндеттерiн, негiзгi қағидаттары мен тетiктерiн айқындаған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қабылдады.
2001 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламалар iске асырылуда, олардың шеңберiнде сыбайлас жемқорлық көрiнiстерi пайда болуының себептерi мен жағдайларын жою жөнiндегi нақты шаралар қабылдануда.
1999 жылдан бастап қолданыстағы «Мемлекеттiк қызмет туралы» Заң және 2005 жылы Мемлекет басшысы бекiткен Мемлекеттiк қызметшiлердiң Ар-намыс кодексi Қазақстанда есеп берушiлiк, ашықтық және меритократия қағидаттарында құрылған кәсiби мемлекеттiк аппаратты қалыптастыру үшiн негiз жасады.
Мемлекеттiк қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл саласындағы реттеушi және құқық қорғау функцияларын бiрiктiретiн арнайы мемлекеттiк орган құрылды. Ол мемлекеттiк қызметтi ұйымдастыру мен өткеру және мемлекеттiк аппарат тазалығына мониторинг жүргiзу мәселелерiн реттеуге ғана арналған емес, оған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның профилактикасы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарды қылмыстық қудалау функциясы да берiлген.
Бұл ретте алдын алу-профилактикалық қызмет жаңа құрылған орган үшiн басымды болып табылады.
Жаза бұлтартпастылығы қағидаты табысты iске асырылуда. Сыбайлас жемқорлық iс-әрекеттерiн жасағаны үшiн әшкереленген шенеунiктер атқарып отырған қызметтерi мен шендерiне қарамастан, заңның барынша қатаңдығы бойынша жауапты болады.
Қылмыстық-құқықтық саясат сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшiн лауазымды адамдардың қатаң жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшiн қатал жауапкершiлiк қажеттiлiгi Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейiнгi кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында көзделген.
Осындай қағидаттық тәсiл жаңа Қылмыстық кодексте iске асырылған. Мәселен, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған адамдарға мерзiмнiң ескiруi қолданылмайды, шартты түрде соттауға тыйым салынған, мемлекеттiк қызметте лауазымға орналасу құқығына өмiр бойына тыйым салу енгiзiлдi.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қылмыстық жолмен алынған мүлiктi тәркiлеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл үшiн басшылардың дербес жауапкершiлiгi жөнiндегi нормалармен толықтырылды. Онда «мүдделер қақтығысы» деген маңызды ұғым бекiтiлген.
Бұл ретте мемлекеттiк қызметшiлердiң жауапкершiлiгiн күшейтумен қатар олардың әлеуметтiк кепiлдiктерi де жетiлдiрiлуде.
Мемлекеттiк аппараттың еңбекақысын кезең-кезеңмен, үнемi көтерiп отыру мемлекеттiк қызметшiлердiң әлеуметтiк өзiн-өзi сезiнуiн арттыруға және олардың өз мiндеттерiн адал және әдiл негiзде орындауы үшiн жағдайлар жасауға арналған.
Құқық қорғау жүйесiн одан әрi жаңғыртудың 2020 жылға дейiнгi кезеңге арналған мемлекеттiк бағдарламасы мен Құқық қорғау органдарының кадр саясаты тұжырымдамасында құқық тәртiбi органдарына деген сенiм деңгейiн арттыруға, мiнсiз жүрiс-тұрыспен және құзыреттiлiктiң жоғары деңгейiмен ерекшеленетiн персоналды қалыптастыруға бағытталған шаралар көзделген.
Сот жүйесiне деген сенiмдi арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау iсiнде оның рөлiн күшейтуге ерекше көңiл бөлiнуде. Судьялар корпусын қалыптастыру тетiгiн жетiлдiру, электрондық сот iсiн жүргiзудi дамыту, оның ашықтығы мен қолжетiмдiлiк деңгейiн арттыру жөнiнде шаралар қабылданды.
Жер-жерде ақпаратқа колжетiмдiлiк кеңейтiлдi, оған электрондық үкiметтi, сондай-ақ мемлекеттiк және жекеше құрылымдардың интернет-ресурстарын қалыптастыру жөнiндегi шаралар ықпал еттi.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактiлерi туралы кедергiсiз ақпарат алуы, оның iшiнде мемлекеттiк органдардың сенiм телефондары мен веб-сайттары арқылы кедергiсiз ақпарат алуы үшiн жағдайлар жасалды.
Елдiң инвестициялық тартымдылығын күшейту, оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру мақсатында кәсiпкерлiк қызметтi, халықтың сапалы және тез арада мемлекеттiк қызметтердi алуын қиындататын әкiмшiлiк кедергiлер жойылуда.
«Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы» Заңның және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заңның қабылдануымен көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң сапасын арттыру үшiн жағдайлар жасалды, рұқсаттар саны мен қызметтiң лицензияланатын түрлерi күрт азайды. Мемлекеттiк қызметтердi көрсетудiң тиiмдiлiгiн бағалау және оның сапасын сыртқы бақылау жүйесi қалыптастырылды.
Атқарылған жұмыстың нәтижесiнде мемлекеттiк қызметтердi көрсетудiң мерзiмдерiн бұзу саны (2012 жылмен салыстырғанда 8,7 есеге) және оларды көрсету сапасына шағымдардың саны (25%-ға) жыл сайын төмендеп келедi, сондай-ақ автоматтандырылған қызметтердiң үлесi (2 еседен астам) және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетiлетiн қызметтердiң үлесi (51%-ға) ұлғайды.
Мемлекеттiк сатып алуларды автоматтандыру деңгейi артуда, бұл бәсекеге қабiлеттi ортаның қалыптасуына, бюджет қаражатының ашық және тиiмдi игерiлуiне ықпал етедi.
Экономиканың мемлекеттiк емес секторында кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзу, жұмысқа орналасу және халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшiн қолайлы жағдайлар жасалды.
Тұтастай алғанда, аталған шаралардың қабылдануы Қазақстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет деңгейi бойынша Орталық Азия өңiрiнде де, ТМД елдерi арасында да көшбасшы орындардың бiрiн алуға мүмкiндiк бердi.
2.2. Шешiмiн талап ететiн проблемалар
Күрделi, тарихи өзгермелi, келеңсiз әлеуметтiк құбылыс болып табылатын сыбайлас жемқорлық адамзат өркениетi дамуының ерте кезеңдерiнде пайда болғаны мәлiм.
Сыбайлас жемқорлық проблемасы барлық елдерде бар, ол әлеуметтiк-экономикалық iлгерiлеудi баяулатып, тек өзiне тән көрiнiстермен және ауқымымен ерекшеленедi.
Сыбайлас жемқорлық iс-әрекетiнiң әмбебап және бәрiн қамтитын анықтамасының жоқтығына қарамастан, оған ең алдымен шенеунiктердiң билiктi немесе лауазымдық жағдайын жеке пайда алу үшiн терiс пайдалануын жатқызады, ал оның неғұрлым таралған түрлерi ретiнде әдетте шенеунiктердi сатып алу, қызметтiк өкiлеттiктерiн пайдакүнемдiк мақсаттарда пайдалану болып танылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимылдың тиiмдi шараларын әзiрлеудiң күрделiлiгi оның жеке алғанда әрбiр мемлекет үшiн ерекшелiктерiне және оның өзгермелi сипаттамаларына қарай қиындықтарына да байланысты.
Сыбайлас жемқорлықтың себептерiн, жағдайлары мен салдарларын айқындаған кезде жергiлiктi дiл, ұлттық және дiни ерекшелiктер, құқықтық мәдениеттiң деңгейi сияқты факторлар ескерiлуi тиiс.
Сонымен бiрге сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиiмдi әрi жүйелi iс-қимылдың басты шарттары билiк органдарының қоғамға есеп берушiлiгi мен оның бақылауында болуы, сот төрелiгiнiң тәуелсiздiгi мен әдiлдiгi, баяндауда анық және қолдануда күрделi емес заңдар, мемлекеттiң кадр саясатындағы меритократия, мемлекеттiк рәсiмдердiң ашықтығы және қоғамның сыбайлас жемқорлыққа деген төзiмсiздiгi болып танылады.
Экономиканы жаңғырту және ауқымды әлеуметтiк өзгерiстер жағдайында Қазақстанда мемлекеттiң қазiргi заманғы әлеуметтiк-экономикалық саясатымен тығыз байланыстырылған, бiздiң қоғамның мәдениетi мен этикасын, осы әлеуметтiк зұлымдықпен күрестегi халықаралық трендтердi ескеретiн бiртұтас сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияға деген қажеттiлiк айқын бола түсуде.
Стратегия сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл саласындағы мемлекеттiк саясаттың тиiмдiлiгiн арттырудың жаңа тетiктерi мен құралдары үшiн негiз болады.
Тiкелей құқық қорғау құрамдасынан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта мемлекеттiк басқарудың, мемлекеттiк қаражатты бөлудiң және пайдаланудың ғылыми негiзделген нысандары мен әдiстерiн таңдау және осының негiзiнде сыбайлас жемқорлықтың себептерi мен жағдайларын жою да маңызды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жүйесiнде негiз қалаушы буын сыбайлас жемқорлық тәуекелдердi, олардың пайда болуына ықпал ететiн жағдайлар мен себептердi айқындау және барынша азайту болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдердi, олардың түрлi салалар мен аяларда таралу деңгейiн бағалау, мемлекеттiк, оның iшiнде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтi нормативтiк-құқықтық реттеудегi олқылықтарды, мемлекеттiк-құқықтық реттеу тетiктерiнде туындайтын проблемаларды анықтауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет процесiнде құқық қолдану практикасын жетiлдiруге бағытталған шараларды әзiрлеуге ықпал етедi.
Қоғамдық өмiрдiң неғұрлым маңызды мәселелерiн қозғайтын шешiмдердi қабылдаған кездегi ашықтықтың жеткiлiксiз болуы, мемлекеттiк аппараттың қызметiнде тиiстi азаматтық бақылаудың және қоғамдық пiкiрдi ескерудiң болмауы артық төрешiлдiкке, әкiмшiлiк кедергiлер мен лауазымдық өкiлеттiктерiн терiс пайдалануға алып келедi, бұл жиынтығында сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнiң өсуiне ықпал ететiн келеңсiз факторларды қалыптастырады.
Ұлттық заңнаманың базалық салаларының болып жатқан сапалы жаңаруына қарамастан, қолданыстағы ұйымдастырушылық-құқықтық тетiктерде басты проблема тиiстi құқық қолдану мәселелерiнiң шешiлмеуi болып қалып отыр.
Сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiн болдырмау құралдарының барлық арсеналын пайдалану әлi де өзектi проблема болып табылады.
Қолданыстағы заңнаманың және қазақстандық құқыққа тән институттардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл үшiн пайдаланылмаған әлеуетi бар, оны толыққанды iске асыру мүмкiндiгi осы саладағы шетелдiк модельдер мен тәжiрибенi енгiзу мәселелерiн қараған кезде барынша ескерiлуге тиiс.
Алдын алу-профилактикалық жұмыста да жүйелiк жоқ.
Осы орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жөнiндегi уәкiлеттi орган үшiн қылмыстық қудалауға қарағанда, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнiң себептерi мен жағдайларын айқындау мен жоюға бағытталған алдын алу шараларын әзiрлеу және қабылдау басымдық болуы тиiс.
Бұл ретте назар жергiлiктi билiк органдарының қызметiне де аударылуы тиiс, өйткенi, өңiрлердегi iстердiң жай-күйi үшiн олардың өкiлеттiктерi мен жауапкершiлiгi кеңейтiледi және дәл солар өз мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтерiмен азаматтардың күнделiктi мұқтаждықтары мен қажеттiлiктерiн қанағаттандыруды қамтамасыз етедi.
Тұтастай алғанда, уәкiлеттi органның қызметiнде оның құқық қорғау және реттеушi функциялары арасындағы теңгерiм сақталуы тиiс.
Мемлекеттiк функцияларды орындаған кездегi мүдделер қақтығысы да мемлекеттiк сектордағы сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне ықпал ететiн маңызды себептердiң бiрi болып табылады. Мемлекеттiк функцияларды, оның iшiнде мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердi iске асыру тетiктерiн егжей-тегжейлi талдау сыбайлас жемқорлықтың таралуына ықпал ететiн себептердi айқындауға және жоюға мүмкiндiк бередi.
Осы күнге дейiн азаматтардың құқықтық мәдениетiн арттыруға және құқықтық ағартуға, әсiресе, халықтың күнделiктi өмiрiнде неғұрлым сұранысқа ие қолданыстағы құқықтың салалары мен нормалары бойынша жеткiлiктi көңiл бөлiнбей келедi.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихат негiзiнен бiр жолғы акциялармен және науқандармен, бұқаралық ақпарат құралдарындағы шаблон түрiндегi сөздермен шектеледi, интернет-кеңiстiк жеткiлiксiз пайдаланылады.
Iс жүзiндегi ақпараттық өрiс сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне мүлдем төзбеушiлiктi қалыптастыруда қоғамды шоғырландыруға әрдайым ықпал ете бермейдi.
Сыбайлас жемқорлық проблемаларын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет қабылдап жатқан шаралардың тиiмдiлiгiн зерделеуге арналған социологиялық зерттеулердiң деңгейi мен сапасы жетiлдiрудi қажет етедi.
Қызметтiк этиканың нормалары мен қағидаларын бұзушылықтардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың өзiнен әлi де заңнамалық деңгейде аражiгi ажыратылған жоқ, бұл сыбайлас жемқорлықтықтың нақты көрiнiсiн бұрмалайды, мемлекеттiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегi өзектi бағыттарына күш-жiгерiн шоғырлауға кедергi жасайды және елдiң сыбайлас жемқорлық рейтингiсiнiң негiзсiз өсуiне әкеледi.
Бұл ретте сыбайлас жемқорлық iс-әрекеттерi мен тиiсiнше оларды жасағаны үшiн қолданылатын жаза деңгейлерi арасындағы аражiк нақты ажыратылмаған.
Жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл мәселелерiне деген тәсiлдердi де айқындау уақыты келдi.
Мемлекеттiң кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне араласуы сыбайлас жемқорлықтың таралу саласын және оның анықтамасына жататын адамдар тобын айқын түсiнуге негiзделуi тиiс. Бұл ретте бизнестi дамыту үшiн әкiмшiлiк кедергiлер мен елдегi қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету iсiнде қиындықтар жасалмауы тиiс. Тұтастай алғанда мемлекеттiң кәсiпкерлiк қызметке қатысуы қысқаруға тиiс.
Тәуелсiз Қазақстанның жалпы әлемдiк кеңiстiкке одан әрi кiрiгуi бойынша жасап жатқан қадамдары бiздiң елiмiздi сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл мәселелерiнде қабылданған белгiлi бiр халықаралық стандарттарды ескеруге мiндеттейдi.
Сонымен бiрге, мұндай стандарттар шетелдiк серiктестердiң ұсынымдарын пайдаланып қана енгiзiлмеуi тиiс. Халықаралық тәжiрибе оның ережелерiнiң ел Конституциясына, қалыптасқан заңнамалық және құқық қолдану практикасына сәйкес болуы тұрғысынан, дәстүрлi және бiздiң елге тән құқықтық тетiктер мен институттардың қалыптасу және жұмыс iстеу ерекшелiктерiн ескере отырып, мұқият зерделенуге және егжей-тегжейлi талдауға жатады.
2.3. Сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне ықпал ететiн негiзгi факторлар
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиiмдi iс-қимыл жүйесiн қалыптастыру үшiн ең алдымен қазiргi заманғы жағдайларда оның көрiнiстерiне ықпал ететiн негiзгi факторларды айқындау қажет.
Оның iшiнде қазiргi уақытта неғұрлым өзектiсi бiрiншiден, олардың нормалары құқық қолдану кезiнде сыбайлас жемқорлық iс-әрекеттерiн жасауға көбiне жағдайлар жасайтын салалық заңдардың жетiлдiрiлмеуi болып табылады.
Құқықтанудың қыр-сырын бiлмейтiн азаматтар үшiн практикада мұндай заңдардың ережелерiн дұрыс түсiну мен тиiсiнше ұғыну қиынға соғады.
Екiншiден, мемлекеттiк және корпоративтiк басқару ашықтығының жеткiлiксiз болуы. Басқарушы шешiмдердi әзiрлеу және қабылдау процестерi, оның iшiнде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қозғайтын шешiмдер туралы сөз болған жағдайларда әлi де ең жабық процестердiң бiрi болып қалуда.
Үшiншiден, лауазымды адамдардың мемлекеттiк қызметтердi көрсеткен кездегi халықпен тiкелей байланысына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерi сақталуда.
Төртiншiден, халықтың, оның iшiнде мемлекеттiк сектор қызметшiлерiнiң өздерiнiң құқықтық мәдениетiнiң деңгейi әлi де төмен, бұл арам пиғылды қызметкерлерге оны пайдакүнемдiк, құқыққа қарсы мақсаттарда пайдалануға мүмкiндiк бередi.
Бесiншiден, азаматтар мiнез-құлығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы моделiн және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың қоғамдық ахуалын қалыптастыру бойынша кешендi және мақсатты ақпараттық жұмыстың болмауы.
Алтыншыдан, мемлекеттiк қызметшiлердiң жекелеген санаттарының еңбекақысының және мемлекеттiк қызметтегi әлеуметтiк кепiлдiктердiң жеткiлiксiз деңгейi.
3. Мақсат пен мiндеттер
3.1. Мақсат пен нысаналы индикаторлар
Осы Стратегияның мақсаты мемлекеттiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиiмдiлiгiн арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiсiне «мүлдем төзбеушiлiк» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкiл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейiн төмендету болып табылады.
Стратегияда қолданылатын нысаналы индикаторлар:
мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер сапасы;
қоғамның мемлекеттiк билiк институттарына сенiмi;
халықтың құқықтық мәдениетiнiң деңгейi;
елдiң халықаралық қоғамдастықтағы беделiн арттыру және тиiстi халықаралық рейтингтердi, оның iшiнде «Transparency International» сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексiндегi Қазақстанның рейтингiн жақсарту.
3.2. Стратегия мiндеттерi:
мемлекеттiк қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл;
қоғамдық бақылау институтын енгiзу;
квазимемлекеттiк және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл;
соттар мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттiң деңгейiн қалыптастыру;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Стратегияның мақсаты мен мiндеттерi «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткiзуге бағытталған, «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жөнiндегi бағдарламасының ережелерiн, сондай-ақ басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң ұсыныстары мен пiкiрлерiн ескередi.
4. Түйiндi бағыттар, негiзгi тәсiлдер және басым шаралар
4.1. Мемлекеттiк қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл
Сыбайлас жемқорлық iс-әрекеттерiнiң салдарынан материалдық және материалдық емес игiлiктер заңсыз алынады, оның нәтижесiнде қоғам мүдделерiне нұқсан келтiрiледi және мемлекеттiк билiктiң беделi төмендейдi.
Сондықтан мемлекет қызметтiк өкiлеттiктердi пайдакүнемдiк мақсаттарда пайдалану пайдасыз және мүмкiн емес болатын шараларды одан әрi қабылдап, жағдайлар жасайды.
Осындай маңызды шаралардың бiрi мемлекеттiк қызметшiлердiң тек қана кiрiстерiн емес, сондай-ақ шығыстарын да декларациялау болмақ. Бұдан әрi мұндай декларациялау бүкiл халыққа қолданылады, бұл мемлекеттiк қызмет жүйесiнде заңдылықты сақтауға және ашықтықты қамтамасыз етуге оң ықпал етедi.
Мемлекеттiк аппаратта сыбайлас жемқорлықтың деңгейiн азайту үшiн шенеунiктердiң еңбекақысы мен әлеуметтiк жеңiлдiктерiн мемлекеттiң қаржылық мүмкiндiктерiнiң кеңеюiне қарай одан әрi кезең-кезеңмен жоғарылату көзделген. Бұл мiндет мемлекеттiк қызметшiлер еңбекақысының жекеше сектормен салыстырғанда әзiрше бәсекеге қабiлеттiлiгi жеткiлiксiз екендiгiн ескере отырып та өзектi бола түседi.
Мемлекеттiк қызметшiлердiң сатылмайтындығы және олардың қызметiнiң ашықтығы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл саясатының табысты болуының негiзi.
Сыбайлас жемқорлық көрiнiстерi үшiн алғышарттардың бiрi шенеунiктiң азаматпен тiкелей байланысы болуы да болып табылады. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi алу рәсiмi неғұрлым оңай және ашық болса, сыбайлас жемқорлықтың деңгейi де соншалықты төмен болады.
Осыған байланысты бiрқатар мемлекеттiк функцияларды мемлекеттiк емес секторға – өзiн өзi реттейтiн ұйымдарға кезең-кезеңмен беру бойынша шаралар қабылданатын болады.
Қазiргi заманғы ақпараттық технологияларды кең пайдалану да адам факторының ықпалын барынша азайтады.
Нәтижесiнде халыққа электрондық форматта көрсетiлетiн қызметтердiң көлемi өсетiн болады, оның iшiнде осындай форматта рұқсаттарды беру де қамтамасыз етiледi.
Бiлiм беру мен денсаулық сақтауды қоса алғанда, әлеуметтiк саланың базалық салаларында тиiстi қызметтердi электрондық түрде көрсету сыбайлас жемқорлықты төмендетуге ықпал етедi.
Қызметтiң неғұрлым сыбайлас жемқорлықшыл саласына жататын мемлекеттiк сатып алу жүйесi жаңғыртылатын болады. Нақ осында әрбiр төртiншi сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалады.
Ахуалды түбегейлi жақсарту үшiн бiрыңғай операторды бекiту, тауарларды автоматтандырылған түрде таңдауды енгiзу, орындалған жұмыстар мен көрсетiлген қызметтердi қабылдау рәсiмiн жетiлдiру сияқты шаралар қажет етiледi.
Мемлекеттiк қызметтердi көрсету, оның iшiнде кеден, салық салаларында, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, банк қызметi салаларында мемлекеттiк қызметтердi көрсету рәсiмдерi барынша автоматтандырылады.
«Бiр терезе» қағидаты бойынша (ХҚКО арқылы) халыққа көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң тiзбесi де кеңейтiледi.
Тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимылда ашықтық қағидаты түйiндi фактор болып табылады, сондықтан да оны енгiзу жөнiндегi жұмыс тұрақты, жүйелi негiзде, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтердi көрсетудiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiне мониторинг арқылы жүргiзiлетiн болады.
4.2. Қоғамдық бақылау институтын енгiзу
Сыбайлас жемқорлық профилактикасының пәрмендi тетiгi қоғамдық бақылау болып табылады.
Мұндай бақылауды енгiзу азаматтық қоғам институттарын жандандыруды ғана емес, тиiстi заңнамалық реттеудi де талап етедi.
«Қоғамдық бақылау туралы» Заңның қабылдануы азаматтық бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың базалық қағидаларын нормативтiк құқықтық бекiту арқылы алғашқы рет оның бiртұтас жүйесiн құруға мүмкiндiк берер едi.
Мұндай заң оның институттары мемлекеттiң беделiн нығайтуға және мемлекеттiк аппарат жұмысының сапасын арттыруға жәрдем ететiн азаматтық қоғамды одан әрi дамытуда маңызды рөл атқаруға арналған.
Азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн қозғайтын мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар, мемлекеттiк органдар шешiмдерiне қоғамдық сараптама өткiзу үшiн басшылардың жұртшылық алдындағы есептерiн тыңдау және азаматтардың алқалы органдардың жұмысына қатысуы үшiн құқықтық негiз жасалатын болады.
Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы мiндеттердiң өзiн де, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттiң тыныс-тiршiлiгiнiң басқа да әлеуметтiк маңызы бар мәселелерiн шешуге де ықпал етедi.
Бұл ретте қоғамдық бақылаудың ел Конституциясының талаптарына сәйкес мемлекеттiң бақылаушы функцияларынан аражiгi нақты ажыратылуға тиiс.
Мемлекеттiк аппарат жұмысының ашықтығын қамтамасыз етудiң тағы да бiр құралы «Жария ақпаратқа қолжетiмдiлiк туралы» Заң болуы тиiс, ол жария ақпаратты алушылардың құқықтарын, оны беру, есепке алу және пайдалану тәртiбiн бекiтедi.
Жария ақпаратқа еркiн қолжетiмдiлiк халықтың шенеунiктермен артық байланысы қажеттiлiгiн болдырмайды.
Сыбайлас жемқорлықпен табысты күрестiң аса маңызды факторы азаматтардың жергiлiктi маңызы бар мәселелердi шешуге тiкелей қатысу мүмкiндiгi болып табылады.
Бұған жергiлiктi өзiн өзi басқарудың өкiлеттiктерiн кеңейтудi көздейтiн заңның қабылдануы ықпал етедi.
Халыққа ең алдымен жергiлiктi өзiн өзi басқарудың бюджеттiк бағдарламалары бойынша қаражаттың пайдаланылуына мониторинг пен бақылауға қатысу мүмкiндiгiн берген жөн.
4.3. Квазимемлекеттiк және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл
Халықаралық ұйымдардың деректерi бойынша квазимемлекеттiк және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлықтың қаупiн оның мемлекеттiк сектордағы ауқымдарымен толық салыстыруға болады.
Квазимемлекеттiк секторда мемлекеттiк сатып алулардың көлемдерiнен жиi асып кететiн бюджет кезiнде сырт көзге сыбайлас жемқорлықшыл проблемасы соншалықты өткiр емес. Алайда қазiргi ахуал бұл сектордағы ашықтықтың жеткiлiксiз екендiгiн айғақтайды. Сондықтан осы сектордағы есеп берушiлiктi, бақылауда болуды және шешiмдер қабылдау рәсiмдерiнiң ашықтығын қамтамасыз ететiн ұйымдық-құқықтық тетiктер қажет.
Қазақстанның әлемнiң неғұрлым дамыған 30 елiнiң қатарына кiруi iскерлiк этика мен бизнестi адал жүргiзудiң қазiргi заманғы қағидаттарын сақтау кезiнде ғана мүмкiн болады.
Жұмыс iстеп тұрған Ұлттық кәсiпкерлер палатасы отандық бизнестiң мүдделерiн қорғаумен қатар оның ашықтығы мен сатылмайтындығы үшiн жауаптылықта өз үлесiн атқаруға және корпоративтiк сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл бойынша шаралар қабылдауға тиiс.
Бұл жолдағы алғашқы қадам жасалды да – Бизнестiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы хартиясы әзiрлендi. Мұнда Қазақстанның сыбайлас жемқорлықтан бойын аулақ ұстайтын жеке кәсiпкерлiгiнiң негiзгi қағидаттары мен постулаттары жарияланған.
Қаржылық-шаруашылық қызметтiң түрлi салаларында алдағы уақытта бiрқатар басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдау керек.
Сондай-ақ квазимемлекеттiк және жекеше сектор субъектiлерiнiң азаматтарға қызметтер көрсеткен кезде ашықтықты қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылданады.
Бұл, оның iшiнде банк саласында электрондық технологияларды пайдалануды кеңейту, табиғи монополиялар саласындағы тарифтердi айқындау үшiн нақты критерийлердi белгiлеу, мемлекеттiң құрылыс саласы мен экономиканың басқа да салаларында қатысуын қысқарту болып табылады.
Сонымен қатар жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiмен күрес ол инвестициялық ахуалды нашарлатуға және кәсiпкерлер үшiн тәуекелдердi көбейтуге әкеп соқпайтындай етiп жүргiзiлуi тиiс.
4.4. Сот және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу
Мемлекеттiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиiмдiлiгi, бiрiншi кезекте, негiзгi буыны сот төрелiгiнiң мiнсiз жүйесi болып табылатын болып табылатын құқықтың үстемдiгiн қамтамасыз ету жүйесiне байланысты.
Сот жүйесiне деген сенiмдi арттыру, сот төрелiгiн iске асырудың сапасын жақсарту үшiн судьялардың қызметiндегi сыбайлас жемқорлықты болдырмау, оның iшiнде судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды қатаңдату арқылы болдырмау бойынша шаралар қабылданатын болады.
Сот iсiн жүргiзудi оңайлату, оның жеделдiгiн арттыру, соттардың қызметiн автоматтандыру сот төрелiгiне еркiн қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етуге, сот жүйесi қызметiнiң ашықтығын арттыруға мүмкiндiк бередi.
Құқық қорғау жүйесiнiң жұмысындағы басымдықтар жасалған қылмыстарды анықтаудан олардың профилактикасы мен алдын алуға ауысуы тиiс.
Құқық қорғау органдарының кадр саясатында мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң жүйесiнде қолданылып жүрген конкурстық iрiктеу тетiктерiн және меритократия қағидатын енгiзу қажет.
Қызметкерлердi аттестаттау және тестiлеу рәсiмдерi жетiлдiрiлетiн болады, кадр резервiн пайдаланбай ауысуға тыйым салынады.
Құқық қорғау қызметi саласында сыбайлас жемқорлық орта да күштiк құрылымдар қызметкерлерiнiң азаматтармен байланыстары кезiнде туындауы мүмкiн.
Бұл проблеманың шешiлуi едәуiр дәрежеде құқық қорғаушылар қатарының тазалығына, жаңа технологиялардың одан әрi енгiзiлуiне және тиiстi рәсiмдердiң автоматтандырылуына байланысты болмақ.
Тек сыбайлас жемқорлықтан бойын аулақ ұстайтын құқық қорғау органдары азаматтардың құқықтарын, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiн тиiмдi қорғауға қабiлеттi.
Құқық қорғау қызметiн бағалаудың басты критерийi халықтың сенiмi болуы тиiс.
4.5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейiн қалыптастыру
Осы Стратегияда көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешенi жұртшылықтың кең қатысуымен сүйемелденуi тиiс.
Мемлекет пен қоғамның тығыз серiктестiгi ғана сыбайлас жемқорлыққа табысты қарсы тұруға мүмкiндiк бередi.
Қоғамның қолдауынсыз жоғарыдан жүргiзiлiп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар тек iшiнара нәтиже бередi.
Сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушiлiк әрбiр қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал Адалдық пен Сатылмаушылық мiнез-құлық нормасына айналуы тиiс.
Азаматтарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, сыбайлас жемқорлыққа деген берiк иммунитет, оған деген жұртшылықтың мiнеуi болмай, қалаған нәтижеге қол жеткiзу мүмкiн емес. Әрбiр қазақстандық, әрбiр отбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бүкiл қоғамның iсi екенiн түсiну керек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттi қалыптастыруда өскелең ұрпақпен жұмыс қағидатты маңызды рөл атқарады. Тек жас кезiнен мiнез-құлықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын енгiзу бұл әлеуметтiк зұлымдықты жоюға мүмкiндiк бередi.
Бала кезiнен тұлғаны қазақстандық патриотизм және сыбайлас жемқорлықты қабылдамау рухында тәрбиелеу маңызды болмақ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытатын курстармен барлық оқу орындарын, мемлекеттiк органдар мен тұтастай алғанда барлық азаматтық қоғамды қамту қажет.
Мұның жаппай болғанымен, бұл жұмысты азаматтардың мемлекеттiк қызметтердi алу, өз құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау тетiктерiн түсiнiктi және бiлiктi жеткiзетiн түрлi салалардың мамандарын пайдалана отырып, кәсiби негiзде iстеген жөн.
Бұқаралық ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлықты қоғамның қабылдамауы ахуалын қалыптастыруды қамтамасыз етуге, қазақстандықтардың белсендi азаматтық ұстанымдарының қалыптасуына, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл iсiне белсендi қатысуына ықпал етуге арнаған.
Талай сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асырған кездегi құқықтық сауаттылығы әлсiздiгiнiң салдары болып табылады.
Қоғамдағы құқықтық нигилизмнiң түбегейлi жойылуына қол жеткiзу қажет.
Бұл ахуалды түзеу үшiн халық арасында кең ауқымды түсiндiру жұмысы, олардың жасын, кәсiби және өзге де ерекшелiктерiн ескере отырып, азаматтардың құқықтық мәдениетiн арттыру жөнiндегi жүйелi әрi тынымсыз жұмыс жүргiзiлуi керек.
Қазақстанда шетелдердiң үлгiсi бойынша, сыбайлас жемқорлық фактiлерi туралы хабарлайтын азаматтарды материалдық көтермелеу енгiзiлген. Бұл тетiк өз пәрмендiлiгiн көрсетiп келедi. Азаматтарымыздың қағидаттық ұстанымдарының арқасында көптеген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мүмкiн болды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрi жалғастыру қажет.
Қазақстандық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы этикасы мен мәдениетi «Мәңгiлiк Ел» идеологиясының контексiнде қалыптастырылуы тиiс. Дәстүрлi рухани құндылықтар мен үздiк халықаралық стандарттардың үйлесiмдi үйлесуi азаматтардың заңды мiнез-құлығының канондарын жаңадан жасауға мүмкiндiк бередi.
Сыбайлас жемқорлықты ұлттық мәдениетке жат құбылыс ретiнде сезiну және қабылдамау – қоғамымыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетiнiң негiзi.
4.6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту
Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл мәселелерiнде халықаралық ынтымақтастықты кеңейтедi және тереңдете түседi.
Қазақстанның халықаралық құқықтың толыққанды субъектiсi ретiндегi тиiмдi сыртқы саяси қызметi бiздiң елiмiздiң халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы процестерге белсендi қатысуын қамтамасыз етедi, оның iшiнде БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына, осы саладағы басқа да құжаттарға қосылуы соның нәтижесi болып табылады.
Бiр жағынан, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздiк практиканы пайдалануға ынталандырады, екiншi жағынан – шетелдермен ынтымақтастықтың мүмкiндiктерiн кеңейтедi.
Бiздiң мемлекет өзара құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлердi экстрадициялау және активтердi қайтару бойынша бiрқатар келiсiмдер жасады.
Бiздiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатымызды жетiлдiруге Еуропалық Кеңеспен өзара iс-қимыл да, бiрақ өз ерекшелiктерiмiз бен ұлттық заңнаманы ескере отырып, шетелдiк тәжiрибенi пайдалану ықпал ететiн болады.
Олар арқылы шетелге, көбiне шығу тегi күмән туғызатын капитал шығарылатын және заңдастырылатын офшорлық аймақтар ерекше назарды талап етедi. Тиiстi халықаралық келiсiмдер мен шарттарға қол қою офшорлық компаниялар қызметiнiң ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-шараларды өткiзу, беделдi халықаралық ұйымдарға қатысу практикасы жалғасатын болады. Бiздiң елiмiз трансұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерiн талқылау үшiн беделдi диалогтық алаң бола беруге ниеттi.
5. Стратегияны iске асыруды мониторингтеу және бағалау
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны iске асыру тетiгiнде сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жөнiндегi уәкiлеттi орган басты орган болып табылады, ал Стратегияны орындауға барлық мемлекеттiк органдар, ұйымдар мен мекемелер, мемлекет қатысатын компаниялар, саяси партиялар және басқа да қоғамдық бiрлестiктер және тұтастай алғанда азаматтық қоғам қатысады.
Стратегияның ережелерiн кезең-кезеңмен iске асыруды Iс-шаралар жоспары қамтамасыз етедi, оны Президент Әкiмшiлiгiнiң келiсуiмен Үкiмет бекiтедi.
Стратегияның мақсаттарына қол жеткiзудiң қажеттi шарты iшкi және сыртқы болып бөлiнетiн оны орындауды мониторингтеу және бағалау болып табылады.
Орындауды iшкi мониторингтеудi және бағалауды тиiстi iс-шараны тiкелей орындаушы жүргiзетiн болады, сыртқыны – арнайы құрылған мониторингтiк топ жүргiзедi, оған мүдделi мемлекеттiк органдардың, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi кiредi.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның iске асырылу жай-күйiн тиiстi мониторингтеу мен бағалаудың шарты оның ашықтығы болып табылады.
Тиiстi iс-шаралар орындалуының барысы туралы есептер мiндеттi түрде сыртқы бағалауды алу және жұртшылықтың пiкiрiн ескеру мақсатында халықтың назарына жеткiзiлетiн болады.
Бағалау мен жұртшылықтың пiкiрi Стратегияны iске асырудың кейiнгi кезеңдерiнде ескерiледi.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны орындаудың соңғы сатысы Мемлекет басшысының қарауына тиiстi есеп енгiзу болады.
Құжаттың iске асырылуы туралы жыл сайынғы ұлттық есеп бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылуға жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |