Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі



бет7/15
Дата25.02.2016
өлшемі0.98 Mb.
#21466
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15
§ 1-1. Қаржы құралдары

 

128-1-бап. Қаржы құралдары

1. Қаржы құралы – операциялар нәтижесінде бір ұйымның қаржылық активімен бір мезгілде басқа ұйымда қаржылық міндеттеме немесе үлестік құрал туындайтын ақша, туынды құнды қағаздарды қоса алғанда, құнды қағаздар, туынды қаржы құралдары мен басқа да қаржы құралдары.

2. Қаржылық актив – ақшасын, басқа ұйымның үлестік құралын білдіретін кез келген актив, басқа ұйымнан ақшасын немесе өзге де қар­жылық активті алуға немесе өзі үшін ықтимал тиімді жағдайларда бас­қа ұйыммен қаржылық активтермен немесе қаржылық міндетте­мелермен алмасуға шарттық құқық немесе есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарымен жүзеге асырылатын немесе жүзеге асы­рылуы мүмкін және бұл ретте, ұйымның меншікті үлестік құралдарының ауыспалы санын алатын немесе алуы міндетті болатын туынды құ­рал немесе ақшасының немесе өзге де қаржылық активтің белгіленген со­масын алмастыру жолынан гөрі есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарының белгіленген санына кез келген өзге тәсілмен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін туынды құрал болып табылатын шарт.

3. Қаржылық міндеттеме – ақшасын немесе өзге де қаржылық активті басқа ұйымға беру немесе өзі үшін ықтимал тиімсіз жағдайларда басқа ұйыммен қаржылық активтермен немесе қаржылық міндеттеме­лермен алмасудың шартты міндеттемелерін білдіретін кез келген мін­деттеме немесе есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарымен жүзеге асырылатын немесе жүзеге асырылуы мүмкін және бұл ретте, ұйымның меншікті үлестік құралдарының ауыспалы санын беретін және беруге міндетті болатын туынды емес құрал немесе ақшасының немесе өзге де қаржылық активтің тіркелген сомасын алмастыру жолынан гөрі есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарының тіркелген санына кез келген өзге тәсілмен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін туынды құрал болып табылатын шарт.

4. Үлестік құрал – ұйымның барлық міндеттемелері шегерілгеннен кейін қалатын оның активтеріндегі қалдық үлесіне құқығын растайтын кез-келген шарт.

 

128-2-бап. Туынды қаржы құралдары

1. Туынды қаржы құралдары – болашақта осы шарт бойынша есеп айырысуды жүргізуді көздейтін, құны шарттың базалық активінің мөлшеріне (мөлшердің ауытқуын қоса алғанда) тәуелді шарт.

2. Туынды қаржы құралдарына опциондар, фьючерстер, форвардтар, своптар және осы белгілерге сай келетін басқа да туынды, оның ішінде жоғарыда аталған туынды қаржы құралдарының комбинациясы болып табылатын қаржы құралдары жатады.

3. Тауарлар, тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта, индекстер, проценттік ставкалар және нарықтық құны бар басқа да активтер, болашақтағы оқиғалар немесе жағдайлар, туынды қаржы құралдары туынды қаржы құралдарының базалық активтері болып табылады.

 

128-3-бап. Опцион

1. Опцион – оған сәйкес бір тарап (опцион сатушысы) екінші тарапқа (опционды сатып алушы) болашақта келісілген жағдайларда пәтуаласқан баға бойынша базалық актив сатып алу немесе сату құқығын сататын туынды қаржы құралы. Опционды сатушы өзіне міндеттемелер алады, ал сатып алушы құқыққа ие болады.

2. Опционды сатушы опционды сатып алушыға сыйлықақы деп аталатын сыйақыға опционды сатады. Опционның келісілген жағдай­лары деп мынадай міндетті шарттарды келісу түсініледі: базалық актив­тің түрі, базалық активтің жалпы құны (опцион жасалатын сома), база­лық активтің бағасы (страйк – опционды орындау бағасы), опционның сыйлығы, опционның мерзімі (опционның қолданылу кезеңі), опционның түрі.

3. Егер опционды сатып алушы өзі сатып алған құқықты іске асырса, онда опцион орындалды деп есептеледі.

 

128-4-бап. Своп

Своп – оған сәйкес тараптар келісілген шарттармен базалық активтер немесе болашақтағы базалық активтер бойынша төлемдерді айырбастау жөнінде пәтуаласатын туынды қаржы құралы.

 

128-5-бап. Форвард

1. Форвард – сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттарда базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын туынды қаржы құралы.

2. Форвард ұйымдастырылмаған нарықта жасалады.

 

128-6-бап. Фьючерс

Фьючерс – сатып алушы (немесе сатушы) ұйымдастырылған нарықта белгіленген стандартты шарттарға сәйкес базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын тек ұйымдастырылған нарықта айналымға түсетін туынды қаржы құралы.

 

 



2. Бағалы қағаздар

 

ҚР 05.03.97 ж. № 80-I Заңымен 129-бап өзгертiлді; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 129-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)



129-бап. Бағалы қағаздар

1. Бағалы қағаз - мүлiктiк құқықты куәландыратын белгiлi бiр жазбалар мен басқа да белгiлердiң жиынтығы.

2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 129-бап 1-1-тармақпен толықтырылды

1-1. Бағалы қағаздар борыштық және үлестік болуы мүмкін.

Борыштық бағалы қағаз – эмитенттің (борышкердің) осы бағалы қағаздарды шығару шарттарында борыштың негізгі сомасын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын бағалы қағаздар.

Үлестік бағалы қағаз – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мүлік иесінің мүлікке белгіленген үлесіне иелік ету құқығын куәландыратын бағалы қағаз.

2. Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар және бағалы қағаздардың осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалған өзге де түрлерi жатады.

3. Бағалы қағаздар шығарылым нысаны бойынша:

1) құжатты және құжатсыз;

2) эмиссиялық және эмиссиялық емес;

3) атаулы, ұсынбалы және ордерлiк бағалы қағаздар болып бөлiнедi.



Құжатты бағалы қағаздар - құжатты нысанда (бағалы қағаздың мазмұнын арнаулы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ тiкелей оқу мүмкiндiгi болатын қағаз немесе өзге материалдық жеткiзушi) шығарылған бағалы қағаздар.

Құжатсыз бағалы қағаздар - құжатсыз нысанда (электрондық жазбалар жиынтығы түрiнде) шығарылған бағалы қағаздар.

Эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр шығарылым шегiнде осы шығарылым үшiн бiрдей жағдай негiзiнде орналастырылатын және айналымда болатын, бiртектi белгiлерi мен реквизиттерi бар бағалы қағаздар.

Эмиссиялық емес бағалы қағаздар - осы тармақтың төртiншi бөлiгiнде көрсетiлген белгiлерге сәйкес келмейтiн бағалы қағаздар.

Атаулы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.

Ұсынбалы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың бағалы қағазды ұсынушыға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.

Ордерлiк бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға, ал оларға осы құқықтар осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен берiлген жағдайда, басқа тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.

4. Осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен бағалы қағаздардың белгiлi бiр түрiн қайсыбiр нысанда шығару мүмкiндiгiне жол берiлмеуi мүмкiн.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 130-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 130-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)



130-бап. Бағалы қағазға құқықтарды растау

1. Бағалы қағаздың өзi құжатты бағалы қағазға құқықты растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаздар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысына сақтауға берiлген жағдайда, оның есебiн жүргiзу мақсатында осы кәсiби қатысушы ашқан шоттан алынған үзiндi көшiрме оған берiлген лицензияға сәйкес уәкiлеттiнiң осы бағалы қағазды осылай сақтауға құқығын растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаз бен аталған шоттан берiлген үзiндi көшiрменiң арасында алшақтық болған кезде үзiндi көшiрмеге басымдық берiледi.

2. Бағалы қағаздар рыногының өзiне берiлген лицензияға сәйкес бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеуге уәкiлеттi кәсiби қатысушысындағы бағалы қағаздың есебiн жүргiзу мақсатында ашылған шоттан үзiндi көшiрме құжатсыз бағалы қағазға құқықты растау болып табылады.

3. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының бағалы қағаздардың есебiн жүргiзуге арналған шоттарды ашу және жүргiзу тәртiбi, сондай-ақ осындай шоттардан берiлетiн үзiндi көшiрменiң мазмұны мен ресiмделуiне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

 

131-бап. Бағалы қағазға қойылатын талаптар



1. Бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтардың түрлерi, бағалы қағаздардың мiндеттi реквизиттерi, бағалы қағаз нысанына талаптар және басқа да қажеттi талаптар заң құжаттарымен немесе соларда белгiленген тәртiп бойынша белгiленедi.

2. Бағалы қағаздың мiндеттi реквизиттерi болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшiн белгiленген нысанға сәйкес келмеуi оның жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.

 

ҚР 02.03.98 № 211-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 132-бап өзгертілді; ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 132-бап толықтырылды



132-бап. Бағалы қағаз бойынша құқықтар беру

1. Ұсынушыға бағалы қағазбен куәландырылған құқықты басқа адамға беру үшiн бағалы қағазды сол адамға тапсыру жеткiлiктi.

2. Атаулы бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар талапты (цессияны) жеңiлдету үшiн белгiленген тәртiп бойынша берiледi. Бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам осы Кодекстiң 347-бабына сәйкес бұл талапты орындау үшiн емес, тиiстi талаптың жарамсыздығы үшiн жауапты болады. Атаулы бағалы қағаз бойынша құқықтарды басқа адамға берген кезде берiлетiн қағаз жойылады, ал оның жаңа иесiне басқа бағалы қағаз берiледi.

2-1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар беру және солар бойынша құқықтарды растау ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен айқындалады.

3. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқықтар бұл қағазға берiлген жазу - индоссамент арқылы берiледi. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам (индоссант), жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, құқықтың болуы үшiн ғана емес, оның жүзеге асырылуы үшiн де жауапты болады.

Бағалы қағазда жасалған индоссамент бағалы қағазбен куәландырылған барлық құқықтарды бағалы қағаз бойынша құқықтар берiлетiн адамға - (индоссантқа) немесе соның бұйрығына ауыстырады. Индоссамент бланкiлiк болуы мүмкiн (орындауға тиiс адам көрсетiлмейдi).

Бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру, бұл құқықтарды индоссантқа бермей-ақ (сену индоссаментi) индоссаментке тапсырумен ғана шектелуi мүмкiн. Бұл жағдайда индоссант өкiл ретiнде әрекет жасайды.

 

ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 133-бап толықтырылды



133-бап. Бағалы қағаз бойынша орындау

1. Бағалы қағазды берген адам және оны индоссиялаған барлық адамдар, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның заңды иесiнiң алдында бiрге жауап бередi. Бағалы қағаздың заңды иесiнiң сондай қағазбен куәландырылған мiндеттемесiн бағалы қағаз бойынша мiндеттенгендердiң арасынан бiр немесе бiрнеше адамның орындауы туралы талабын қанағаттандырған ретте олар бағалы қағаз бойынша өздерiнен бұрын мiндеттенген өзге адамдарға керi талап қою (регресс) құқығына ие болады.

2. Мiндеттеменiң негiзi болмауын не оның жарамсыздығын сылтауратып бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi орындаудан бас тартуға жол берiлмейдi.

3. Бағалы қағаздың жалғандығын немесе жасандылығын байқаған бағалы қағаз иесi өзiне қағазды берген адамға, бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi лайықты орындау туралы және залалдардың орнын толтыру туралы талап қоюға құқылы.

4. Заңсыз иеленушiнiң қолындағы бағалы қағаз бойынша құқықтар жүзеге асырылмауға тиiс.

 

134-бап. Бағалы қағазды қалпына келтiру



Жоғалған бағалы қағаз бойынша және ордерлiк бағалы қағаз бойынша ұсынушы құқығын қалпына келтiрудi iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.

 

ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 135-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)



 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 136-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 136-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 136-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)



136-бап. Облигация

1. Облигация - шығару кезiнде айналыс мерзiмi алдын ала белгiленген, оны шығару шарттарына сәйкес облигацияны шығарған тұлғадан ол бойынша сыйақы алу және оның айналыс мерзiмiнiң аяқталуы бойынша облигацияның ақшалай немесе өзге де мүлiктiк балама түрдегi нақты құнын алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз.

2. Облигациялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.

3. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, коммерциялық ұйымдар облигациялар шығаруға құқылы.

4. Облигациялардың түрлерi және оларды шығару тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

 

137-бап ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен алып тасталды



 

138-бап ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен алып тасталды

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 21.05.02 ж. № 323 Заңдарымен 139-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 139-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2005.08.07. 72-III (бұр. ред. қара) Заңымен 139-бап өзгертiлдi



139-бап. Акция

1. Акция - акционерлiк қоғам шығаратын және акционерлiк қоғамды басқаруға қатысуға, ол бойынша дивиденд және акционерлiк қоғам таратылған жағдайда оның мүлкiнiң бiр бөлiгiн алуға құқықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз.

2. Акциялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.

3. Акциялардың түрлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.

Акцияларды шығару тәртiбi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгiленедi.

4. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтер төлеудi жүзеге асырмайды.

5. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзiнiң әрекетiмен немесе әрекетсiздiгiмен акционерлiк қоғамның мүддесiн бұзған акционерден акцияларды сот шешiмi бойынша сатып алу мүмкiндiгi көзделуі мүмкiн.

Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен есептелетiн меншiктi капиталдың тepic мөлшерi болған жағдайда, олардың акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың мүмкiндiгi мен негiздемесi көзделуi мүмкiн.

 

2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 139-1-баппен толықтырылды



139-1-бап. Банктік депозит сертификаты

Банктік депозит сертификаты - өз ұстаушысының шығару шарттарында белгіленген айналыс мерзімі аяқталғаннан кейін не ол аяқталғанға дейін номиналды құнын, сондай-ақ шығару шарттарында белгіленген мөлшерде сыйақы алу құқығын растайтын атаулы эмиссиялық емес бағалы қағаз.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 140-бап алынып тасталды



 

3. Мүліктік емес өзіндік құқықтар

 

ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 141-бап өзгертiлдi

141-бап. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау

1. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтары бұзылған адамның, осы Кодекстiң 9-бабында көзделген шаралардан басқа, осы Кодекстiң ережелерi бойынша моральдық зардаптарын өтетуге құқығы бар.

2. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың қорғалуын азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiп бойынша сот жүзеге асырады.

3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе құқық бұзған адамның кiнәсiне қарамастан, мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар қорғалуға тиiс. Қорғау туралы талап қойған адам өзiнiң мүлiктiк емес өзiндiк құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиiс.

4. Мүлiктiк емес өзiндiк құқығы бұзылған адам өз таңдауы бойынша оны бұзушыдан бұзылу зардаптарын жоюды немесе бұзушының есебiнен өз бетiнше қажеттi әрекеттер жасауды не олардың орындалуын үшiншi жаққа тапсыруды талап етуi мүмкiн.

 

142-бап. Мүлiктiк құқықтармен байланысты мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар



Мүлiктiк емес өзiндiк және мүлiктiк құқықтар бiр мезгiлде бұзылған жағдайда мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың бұзылғандығы үшiн жәбірленушiге тиесiлi өтем ескерiле отырып, мүлiктiк зиянның орнын толтыру мөлшерi ұлғаяды.

 

2009.06.02. № 123-IV ҚР Заңымен  143-бап өзгертілді  (бұр. ред. қара)



143-бап. Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау

1. Азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.

2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.

Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтiндiгi туралы тиiстi адамға мiндеттi түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе керi сұратып алынуға тиiс.

Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгiлейдi.

3. Бұқаралық ақпарат құралдары азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн мағлұматтар жарияласа, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегiн жариялауға құқылы.

4. Бұқаралық ақпарат құралдарында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған ретте, сотта қаралады.

5. Егер соттың шешiмi орындалмаса, сот тәртiп бұзушыға бюджеттiң кiрiсiне өндiрiлiп алынатын айыппұл салуға құқылы. Айыппұл азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерде салынады. Айыппұл төлеу тәртiп бұзушыны сот шешiмiнде көзделген әрекеттi орындау мiндетiнен босатпайды.

6. Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар таратылған болса, олар мұндай мағлұматтарды терiске шығарумен бiрге олардың таратылуымен өздерiне келтiрiлген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.

7. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтарды таратушыны анықтау мүмкiн болмаса, өзi жөнiнде осындай мағлұматтар тараған адам таратылған мағлұматтарды шындыққа сай келмейдi деп тану туралы сотқа жолдануға құқылы.

 

ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 144-бап өзгертiлдi



144-бап. Жеке бастың құпиясын сақтау құқығы

1. Азаматтың жеке бас құпиясын, оның iшiнде хат алысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделiктер, естелiктер, жазбалар, iшкi жан сыры, бала асырап алу, туу құпиясын, дәрiгерлiк, адвокаттық құпияны, банктiк салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар.

Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгiленген реттерде ғана ашылуы мүмкiн.

2. Күнделiктердi, жазбаларды, естелiктердi және басқа құжаттарды жариялауға - олардың авторының келiсiмiмен, ал хаттарды олардың авторы мен алысушысының келiсiмiмен ғана жариялауға жол берiледi. Олардың қайсыбiрi қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келiсiмiмен жариялануы мүмкiн.

 

145-бап. Өз бейнесiне құқық



1. Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ.

2. Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) - бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келiсiм талап етiлмейдi.

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет