Қазақстан Республикасының Білім және Ғылыми министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы



Дата20.06.2016
өлшемі319.3 Kb.
#148936






Қазақстан Республикасының Білім және Ғылыми министрлігі

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы

№21 жалпы орта мектеп


Орындаған: Батырхан Дариға

4 в сынып оқушысы


Тақырыбы:
Асық ойынының шапшаңдылық қабілеттеріне тигізер пайдасы

Бағыты – математика
Жетекшісі: Төлегенова Гүлзейнет Кәдірбекқызы

Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Кушеров Несіпбай


Түркістан 2015






Мазмұны



Кіріспе





1

Асық ойынының тарихы





2

Асықтың түрлері





3

Асық ойыны әскери-ұлттық тәрбие.





4

Асық ойыны барысында қолданылатын құралдар мен әдістер





5

 Асық ойыны ұлттық спорт деңгейінде дамуы.





Қорытынды






Пайдаланылған әдебиеттер тізімі




Кіріспе


Ғылыми жұмыстың өзектілігі: Асық ойыны - ертеден келе жатқан қазақ халқының дәстүрлі ойындарының бірі. Ұлттық ойындар көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлттық ойындарының ішіндегі ертеден келе жатқан ойындардың бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.

Асық ойыны қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Ұсақ малдың (қойешкі) асықты жілігінен алынған жұмыр сүйек - асықтай ойналады. Иіргенде түскен алпына қарай асық - алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арналған арнайы қорғасын құйылып жасалғаны- сақа, оң қолмен атуға ыңғайлысы - оңқай асық аталады.Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б.


Кеңес өкіметі кезеңінде, ұлттық ойындар оның ішінде асық ойыны еріккеннің ермегі, ойын балаларға тәрбие бермейді деп есептелді. "Асық ойнаған, азар, доп ойнаған тозар -деп мақалдап та жүрдік. Коммунистік партия еңбекке тәрбиеледі, әсіресе қара жұмысшының еңбегін жоғары бағалады. Содан болар ауырдың үсті, жеңілдің асты деген сөз тіркестері тәрбие барысында жиі қолданатын. Ерікті ел боған кезде, Қазақстанның жетістіктерін шет ел мойындай бастаған уақытта, ұлттық құндылықтарымызды жаңарту кезеңі келді. Асық ойыны туралы қазіргі қарттардан сұрастырып көрсек. Нақтылы талдап айтып беретін адамдар аз. Қытайдан келген азаматтардан сұрастырып көгенде де мардымды жауап ала алмай жүрмін. Ол жақта тұрмыс ауыр болды асық ойнап қызық куатын уақыт болған жоқ дейді. Орыс тілді азаматтар "Алчики" деп асық ойнадық деп еске алады. Шеңберге асық тіземіз де, сақамызға сым орап ауырлатып алып көздеп ататынбыз дейді. Онысы рас қала балалары ойлап тапқан "Алматинка" немесе "Шымкент" деген ойын түрлері 1970 жылдары пайда болды. Кейбір жерлерде осы ойынды қазақшалап "Табан" деп те атайды. Бұған келісе қойған жөн болмас. Тар жерде ойналатын. Шеңберге тігіп ойнайтын қаланың кеңес дәуіріндегі шығарған асық ойындары. Сақа арқардың асығы болуы шарт. Ертеде бай қуаттының балалары ұстайтын, "Қоңқар" немесе "Құлжа" арқардың еркегінің асығы. Салмақты қолға қолайлы және ойнағанда мерейің жоғары болып жүреді. Тиген асықтар быт-шыт болып жан-жаққа бытырай ұшады. Мықты ойнайтын кедей кепшіктің балалары "қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз ақылы асса аға тұт" - деп қулана мақалдап та қоятын. 60-70 жылдары ойнаған ойынымыз "Өріс" деп аталатын еді. Кең далада ұзындығы 20 метрден кем болмайтын. Қазағымның кең пейіліндей сары арқа даласында көсіле жазықта ойнағанға не жетсін. Кемі екі баладан бастап қанша бала ойнасаң да болады. Үлкен мен кіші бір-біріне қамқор болып келісіп ойнасаң да, құрдас пен -құрдас бір- біріңе бәсекелесіп ойнасаң да, үлкен мен кіші бір біріңді сынай ойнасаң да әбден болады. Жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, ерегесесің, жеңесің, жеңілесің, ұтасың, ұтылысың, асыққа бай боласың, жоқ боласың. Таза бәсеке, таза тәрбие. Өтірігі, арамдығы, жалғандығы жоқ. Болмайды да. Ұлттық тәрбие. Ұлттық ойын. Спорт ойыны, спорттық бәсеке. Шеберлікке, мергендікке, батылдыққа, шешімдікке, ырымға ырысқа-тәрбиелейді.

Ғылыми жұмыстың мақсаты:


Қазіргі таңда асық ойыны баланы жеке тұлға ретінде мықты тәрбиелейді. Асық ойнау арқылы бала бәсекелестікке үйренеді, көшбасшылық, лидерлік қасиет қалыптасады. Бүгін ұтылған бала ертең ұтуға тырысады, сөйтіп мінез – ер мінезі шыңдалады. Сабақтарда асық ату ойынын жоспарға кіргізсе, ұлттық ойындарымыз ары қарай дамиды және де адам денсаулығы үшін тигізер пайдасын таныту менің ғылыми жұмысымның мақсаты болып табылады.

Ғылыми жұмыстың міндеті:

- Асық ойыны жайында ертеректегі деректер мен дәйектерге сүйене отырып пайдасын көрсету;

- Асық ойынының ұлттық тәрбиедегі жолдарын түсіндіру;

- Асық ойынының түрлеріне шолу жасау;

- Асық ойынының адам денсаулығы үшін тигізер пайдасын дәлелдермен айқын түсіндіру.

Ғылыми жұмыстың жаңалығы: Мен осы ғылыми жұмысты жазу барысында қазақтың ұлттық ойынының бірі асық ойыны жайында көптеген мәліметтерді жинадым. Олар мыналар:

- асық ойынының пайда болуы;

- асық ойыны жайында көтпеген шетелдік ғылымдар мен саяхатшылардың бірнеше еңбектерімен таныстым;

- асық ойыны бұл тек жай ойын ғана емес, денсаулыққа пайдалы, баланы шапшаңдыққа, дәлдікке үйретеді.

Асық ойынының тарихы


Салт – ұлттың ғұмыр бойы жиған мәдениеті, ұлттың ұлт екенін әлем халықтары мойындаудағы төрт белгінің бірі. Біз асылы бар, жасығы бар, Құдайға шүкір, салтқа бай халық болғанбыз! Асық ойыны–сол бай салтымыздың бір дәстүрі. Кезінде қазақ шаруашылықпен жаппай шұғылданған тұсында асық – әр үйдің, әр ауыл балаларының, жастарының, тіпті жасамыстарының да бас қосуының негізі болған ойын түрі.

Асық ойнауды қазақтың ұлттық ойындарының ең алғашқы сатысы десе де болар. Себебі ең алғаш қазақ баласы қолына асық ұстайды. Ең бірінші асықпен ойнайтын. Ертеде қазақ халқы асықты бала кезде қолына алып, жас кезінен бастап ойнай бастайды. Тіпті бала тумай жатып, жас нәрестеге арнап асық жинайтындар да болған. Асық ойынының ерекшелігі және оның сан қилылығы: асықпен үйде де, далада да ойнауға болады. Ертеде қазақтың қыз-келіншектері де асық ойнаған. Сондай-ақ бұрынғы аға буын өкілдерінде асық ойнамай өскен бірде-бір адам жоқ.
Халқымыз асықты қастерлеген. Мысалы, қазақта «асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады. Яғни асықтың алшы түсуі оның иесін басымдыққа жеткізеді. Сәті түсіп, жолы болып тұрғандығын білдіреді.
Асық тұла бойы құдiретке тұнған күш іспетті де. Сол себептен ертеде бақсы-балгерлер асық арқылы болашаққа болжам жасаған.

Асық ойыны — ертеден келе жатқан қазақ халқының дәстүрлі ойындарының бірі.

Ұлттық ойындар көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді.

Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.

Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі –ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқай аталады. 

Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б. Мысалы, құмар ойынға 2 – 4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға жүлде тағайындап алады да кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші: төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе,  жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша ойын жалғаса береді. Асықты мұртынан не жамбасынан тұрғызудыомпы дейді. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді. Асық ойынының халық арасына кең тараған, басқа да түрлері бар.

Ертеде Атырау мен Алтайдың арасындағы ұшы-қиырсыз сардаланы мекендеген бабаларымыз кезекті жорыққа аттанар алдында соғыс тактикасын, стратегиясын тақта тастың үстіне асықтарды шашып жіберіп түсіндірген екен. Соның әсері шығар, қазақтың баласы ес біліп, етегін жабар-жаппастан асық ойынына ден қояды. Әбден машықтанған соң, жерде тізіліп тұрған асықты көздемей-ақ атып түсіреді. Көпті көрген көнекөздердің айтуынша, қазақ баласын «көңіл мергендігі» ашылсын деп асық ойнатыпты. Себебі, дала заңы бойынша, атқа қонған аламан шауып келе жатып жауына жебесін дәл тигізе білуі тиіс еді. Ал бойыңда мұндай қасиетің болмаса ат үстінде қозғалып отырып көздеу мүмкін емес. Мүлт кетесің. [№1 27 бет]
Қазақтар секілді, түрік ағайындар да асықтың ең жақсысын «Алтын сақа» деп қастерлейдi екен. Сондай-ақ асық ойыны байырғы Грецияда «астралаг» атауымен және Римде «талус» деген атпен кеңінен таралған. Қазақтың ұлттық ойыны саналатын асық пен ләңгiнi Орта Азия халықтары, оның iшiнде өзбек, қырғыз, тәжiк т.б ұлттар да әлi күнге дейiн ойнайды.
«Асық ойнаған азар» дегені бабаларымыздың бұл өнерден безгені емес, күнұзақ үй бетін көрмей ойын қуған мерген – ұлдың ойынпаздығына бір ескертпесі болар.

Асық ойыны – қазақ халқының ежелгі  өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Оны көшпелі этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз. Ойынның басты объектісі де, құралы да – асық. Аталмыш ойын әсіресе балалар арасында кең тараған. Оларды ептілікке, мергендікке, ұқыптылықа, сергектікке баулыйтын тәрбиенің көзі. Тіліміздегі, қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа ғой немесеасығы алшысынан түсті.., бүге-шігесіне дейін анықтау… т.б. тіркестер тегін айтылмаса керек. Сондай-ақ қазақтар жақсы көрген жасты: алтын асықтай немесе киіктің асығындай шымыр деп атайтын үрдіс бар. Мұндай  фразеологизмдер асықтың айырықша символдық мәніне қатысты қалыптасқаны анық.

Кеңес өкіметі кезеңінде, ұлттық ойындар оның ішінде асық ойыны еріккеннің ермегі, ойын балаларға тәрбие бермейді деп есептелді. "Асық ойнаған, азар, доп ойнаған тозар -деп мақалдап та жүрдік. Коммунистік партия еңбекке тәрбиеледі, әсіресе қара жұмысшының еңбегін жоғары бағалады. Содан болар ауырдың үсті, жеңілдің асты деген сөз тіркестері тәрбие барысында жиі қолданатын. Ерікті ел боған кезде, Қазақстанның жетістіктерін шет ел мойындай бастаған уақытта, ұлттық құндылықтарымызды жаңарту кезеңі келді. Асық ойыны туралы қазіргі қарттардан сұрастырып көрсек. Нақтылы талдап айтып беретін адамдар аз. Қытайдан келген азаматтардан сұрастырып көгенде де мардымды жауап ала алмай жүрмін. Ол жақта тұрмыс ауыр болды асық ойнап қызық куатын уақыт болған жоқ дейді. Орыс тілді азаматтар "Алчики" деп асық ойнадық деп еске алады. Шеңберге асық тіземіз де, сақамызға сым орап ауырлатып алып көздеп ататынбыз дейді. Онысы рас қала балалары ойлап тапқан "Алматинка" немесе "Шымкент" деген ойын түрлері 1970 жылдары пайда болды. Кейбір жерлерде осы ойынды қазақшалап "Табан" деп те атайды. Бұған келісе қойған жөн болмас. Тар жерде ойналатын. Шеңберге тігіп ойнайтын қаланың кеңес дәуіріндегі шығарған асық ойындары. Сақа арқардың асығы болуы шарт. Ертеде бай қуаттының балалары ұстайтын, "Қоңқар" немесе "Құлжа" арқардың еркегінің асығы. Салмақты қолға қолайлы және ойнағанда мерейің жоғары болып жүреді. Тиген асықтар быт-шыт болып жан-жаққа бытырай ұшады. Мықты ойнайтын кедей кепшіктің балалары "қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз ақылы асса аға тұт" - деп қулана мақалдап та қоятын. 60-70 жылдары ойнаған ойынымыз "Өріс" деп аталатын еді. Кең далада ұзындығы 20 метрден кем болмайтын. Қазағымның кең пейіліндей сары арқа даласында көсіле жазықта ойнағанға не жетсін. Кемі екі баладан бастап қанша бала ойнасаң да болады. Үлкен мен кіші бір-біріне қамқор болып келісіп ойнасаң да, құрдас пен -құрдас бір- біріңе бәсекелесіп ойнасаң да, үлкен мен кіші бір біріңді сынай ойнасаң да әбден болады. Жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, ерегесесің, жеңесің, жеңілесің, ұтасың, ұтылысың, асыққа бай боласың, жоқ боласың. Таза бәсеке, таза тәрбие. Өтірігі, арамдығы, жалғандығы жоқ. Болмайды да. Ұлттық тәрбие. Ұлттық ойын.


Асық ойынының түрлері


Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылың мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлт ойындары да осыған икемделеді. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатынан шыға бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған.

Алшы ойыны. Асық ойынында тігілген асықтарды атуға жарамды сақа таңдап алынады. Сақа болатын асық салмақты, ірі болуға тиіс. Ол көбінесе еркек қойлардың, не қошқарлардың асығы болып келеді. «Алшы ойыны» сақаның салмақты да алшы тұрғыштығына байланысты. Бұл ұту үшін өте қажет.

«Алшы ойынын» ойнаушыларға шек қойылмайды. Ойын басталар алдында, ойын жүргізуші, барлығының сақаларын жинап алып, ойында әркімнің кезегін белгілеу үшін, яғни, кімнен кейін кім асық ату керектігін анықтау үшін, сақаларды иіреді. Иірген кезде кімнің сақасы алшы түссе, сол бірінші, тәйке түссе екінші, бүк түссе үшінші, шік түссе одан кейін асық ататын болады. Атқан кезде сақасы мен асығы бір жақты түссе, атқан асығын алып, әрі қарай ата береді. Енді бірде асық атқан кезде сақасы алшы түсіп, асық кез келген жағында жатса да асықты алады, тағы атады, ал сақа мен асық екеуі екі түрлі түссе, онда алмайды. Ол атуды тоқтатып, кезекті келесі ойыншыға береді. Екінші ойыншы өз кезегінде сақасын иірген кезде тәйке түссе, онда өзінен кейін кезекте тұрған ойыншы көмбеде тұрып оның тәйке түскен сақасын атады, тигізсе, сақа иесі ойыннан шығып қалады, тигізе алмаса, өзі ойыннан шығады. Кезек алу үшін сақаларын иірген кезде бүк, шік түскен ойыншылар өз кезектерімен көнге тігілген асықты ата береді. Осы ретпен көндегі асықты атып тауысқанға дейін ойнайды да, асықтарын қайта тігіп, ойынды жалғастыра береді.

Омпа. Асық ойынының бір түрін «Омпа» деп атайды. Бұл ойынды көбінесе бозбалалар ойнайды. Оны таза ауада алаңда, не үлкен бөлмелерде ойнауға болады. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынның мақсаты — асық ұту. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да біріншісіне төрт бұрыш жасайды (оның көлемі өзара келісіледі) дәл ортасындағы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асық мұртынан «Омпа» тұрғызады. Ойнаушылар екінші белгіленген жерден бірінің артына бірі тұрып әркімнің өз кезектері бойынша, қолдарыңдағы сақаларымен «омпаны» ата бастайды. Егер кімде-кім омпаға тигізсе және оны төрт бұрыштың шетіне шығарса, онда көндегі асықты түгел алады. Ал омпаға тимей, жанындағы асықтарға тисе, оны да төрт бұрыштың шетіне шығара алса, онда сол атқан асығын ғана алады. Асық таусылған сайын, көнге асық қайтадан тігіліп отырылады. Ойын жалғаса береді.

Спорт ойынына асықты неге жатқызбайды? Асық ойыны, баланың күн ұзақ қимылына тигізер әсері мол. – Ойын барысында: • жүгіру • жүру • иілу • секіру • сақа иіру • көздеп тигізу • лақтыру, ату т.б, жатады Асық қазақ халқының, ырымдарында қадірлі сүйектің бірі. Баласының ермегі, ойыншығы, сүйікті ойыны болған. Асық атаулары: • Құлжа - арқардың аталығының асығы • Сақа - арқардың асығы • Жабайт – еліктің асығы • Асық - қой мен ешкінің асық жілігінен • Шүкімайт - қозы мен лақтың асығы

Келінінің аяғы ауырлап босануға тақағанда, енесі не атасы ырымдап асық жинап жүреді. Атаның құдай ұл берсе деп тілегені. Оны жасырып оңаша келінге сездірмеуі мүмкін. Ондағы ойлары көз тимесін, келін аман-есен, босанса екен деп тілек тілеуінің бір тәсілі. Ер баланың бесігіне қасқырдың асығын, тырнағын тағуы мүмкін, ауырмасын-көз тимесін және айбатты, қайтпас қайсар, болсын дегені. Қыз баланың бесігіне- еліктің асығын, әдемі сұлу ел қызығар көркі болсын дегені. Ерте кездегі табиғаттың қатал, аңдардың олжаға оңай ілікпейтіндігін, аңшының адал еңбегі, ер азаматтың қайраты мен жау жүректілігі екендігін жақсы білеміз. Сондықтан да аңның асығы қадірлі болады.

Асық ойынында асықтың берекесі де, басшысы да «сақа». Асықтарды атқанда сақамен көздейді. Бас бармақпен сұқ саусаққа қысып ұстап жоғары сілкіп, салмақтап айландырады. Айландырып тұрған сақаны сағаттың тіліне қарсы иіріп атады. Ірі әрі салмақты иіріліп тиген сақа асықтарын бірнеше домалатады. Шебер иіріліп атылған сақа, асыққа тигенде 10 сантиметрден 150 сантиметрге жерге дейін ұшырып жібереді.

Асықты иіріп тастағандағы жатысы бес түрлі аталады. 1. Ең сәтті тұрғандағы атауы «алшы». /барлығын бірден ұтасың / 2. Төңкеріліп тұрғаны тәукі /тәуекел мағанасы/ (тәйкі) 3. Етбетінен жатқаны «бүк» /бүк түсіп жату/ 4. Шалқасынан түскені «ішік» /іші көрініп жатуы/ 5. Егер еңкейіп, тұмсығымен тік қадалса «омпа» /омақа аса құлаған/ 6. Таза тұрмай - алшы тұрғаны қисайып, не тәукі қисайып тұрса «қырта» дау туғызатын /қырынан жату/ деп аталады

Өріс ойыны 3, 5, 7 метр қашықтықтан (қашықтық балалардың жас ерекшелігіне байланысты). Түзу бойына алшы, тәукі кезектесіп тізіледі. Өріске ұзап барып атасың. Кімнің бірінші ататындығы сақаларын қосып, бір ойыншы басынан асыра (соғады) жерге тастайды. Алшы түскен сақа иесі бірінші, тәукі екінші, бүк үшінші, ішік төртінші болып атады.

Ойынындағы ұтыс ( жеңіс) тәртібі • Сақа асыққа тиіп «алшы» түссе - тізілген асықты түгел ұтып алады. • Сақа асықттарды құлатып, сақа бүк түссе - ішік шатқан асықтарды ұтады. • Сақа асықтарға тиіп, ішік түссе - бүк түсіп жатқан асықтарды ұтады

Бұзылған асықтарды түзу бойына қайтадан тізіп қояды. Келесі кезектегі ойыншы сақасы мен тізілген асықтарды көздеп атады. Атқанда сақа асықтарға тиіп, құлатып өзі омпа түссе, сақаны омпалатады. Тізеден төмен сақаны домалатып тастайды. Келісім бойынша үш рет қайталауға болады. Өрістен атылған сақалар, домалап түскен жерінде жатуға тиіс. Кімнің сақасы төрге озып кетсе, сол бірінші болып кері атады. Тимей кетсе келесі ойыншы кезек алады. Ойыншылар тигізе алмаса, алғашқы ойыншы қалған асықты сақамен қосып, басынан асыра жерге тастайды. Ұтқан асығыңды жинап отырасың. Шебер ойыншы қарсыласының асығын түгел ұтып алады.

Сақа мынадай жағдайда асықты ұта алмайды • Сақа бүк жатса- бүк жатқан асықты ұта алмайды • Сақа ішік жатса- ішік жатқан асықты ұта алмайды • Сақа бүк, ішік, тәукі, омпа жатса- алшы тұрған асықты жеңе алмайды • Сақа бүк, ішік, тәукі, омпа жатқанда - тәукі тұрған асықты жеңе алмайды • Сақа бүк, ішік, тәукі, омпа жатқанда - омпа тұрған асықты жеңе алмайды.

Асықты тігіп ойнау. Бір топ бала, жастар жиылып келіп, тегіс жерді таңдап алады да оны тазартып, ортадан төрт бұрышты сызық сызады. Сол төрт бұрышты ортасынан тең етіп екіге бөледі. Әр жағының қашықтығы балалардың жас мөлшеріне қарай белгіленеді. Сонда 1—1,20 см немесе 1,5 метрге дейін болады. Мұны «көн» деп атайды. Сонда ойнаушылардың өзара келісімі бойынша көннен 4—5 м. не одан да көп мөлшерде асық ататын орын белгіленеді. Оны сызықпен белгілейді. Ойыншылар осы жерден тұрып көндегі асықты ататын болады. Ойынды кім бірінші болып бастайтынын сақа иіру арқылы анықтайды. Сақасы алшы түскен ойыншы бірінші болып ату кезегін алады.

Ойыншы асыққа дәл тигізіп, оны көнбе сызығынан шығарса, оны алады да, сақасы түскен жерден қайта атады. Сөйтіп көннен шығарғандарын ала береді. Егер оның сақасы көндегі асыққа тимей кетсе, асықты келесі ойыншы атады. Ал тігілген асықтарды бұзып, бірақ көннен шығара алмаса, қалған ойыншылар асықтарды сол жатқан қалыбында атып, көннен шығарып алуға тиіс. Ойын көндегі асықтар бойынша біткенше ойнала береді. Көндегі асық біткен соң, ойынға қатынасушылар бір-бірден көнге қайта асық тігіп, ойын қайта басталып, жалғаса береді.

Тас қала. Асық ойынының ендігі бір түрі —«Тас қала» деп аталады. Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды. Олар тегіс жерді таңдап алып шеңбер сызады да, дәл ортасына асықтарды бірінің үстіне бірін пирамида етіп жияды. Сонан соң асық тігілген жерден ойынға қатынасушылардың жас ерекшелігіне орай көн белгіленеді. Оның қашықтығы 7—8 метрден кем болмайды. Ойынды бірінші болып бастайтын ойыншыны анықтау үшін сақаларын иіреді. Кімнің сақасы бұрын алшы түссе ойынды сол бастап, қалғандары да осы тәртіппен өз кезектерін алады. Алшы бірінші, тәйке екінші, бүге үшінші, шіге төртінші.

Егер ойыншының асығы омпа түссе, онда ол алшыдан жоғары болып есептеледі де, бірінші орынды сол алады. Егер де екі не үш адамның асығы бірдей не алшы не бүк, не шік, не тәйке түссе, онда саңалар қайта иіріледі.

Атушы «Тас қалаға» саңасын дәл тигізіп, бір асықты шеңберден шығарса, ойынды жалғастырып, саңасы түскен жерден қайта атады. Шеңберден атып шығарған асықтарын ала береді. Егер бірінші атушы тигізе алмаса, онда екінші ойыншы атады. Егер атқан ойыншы «Тас қаланы» бүзып, бірақ асықты шеңберден шығара алмаса, онда айыбын қосып «Тас қаланы» қайта түрғызады. Егер атушы тас қаланы бұзып бір асықты шеңберден шығарса, онда қалған асықтарды шеңберден шығара алмаганға дейін ата береді. Қалған ойыншыларды бүзылған «Тас қаланың» бытырап жатқан қалдықтарын атып алады. Көнде жатқан асықтар түгелдей біткен соң, ойын қайта басталады.

Хан. Асықпен ойнайтын ойынның бір түрі—«Хан» ойыны. Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды. Ойынға қатынасушылар көнге қаншадан асық шығаратынын алдын ала келісіп алады. Көнге жиналған асықтарды бір жерге басын қосып біріктіреді. Сонан кейін көп асықтың ішінен бір белгілі асықты «хан» сайлайды. Екінші ойыншылар көнге жиналған (әр ойыншы не бес, не он асықтан қосуға тиіс) асықты иіретін ойын жүргізуші тағайындап алады. Ол жиналған асықты ортаға екі қолдап иіріп тастай береді. Барлық асықтарды иіріп болған кезде «хан» көп асықтың арасында көрінбей қалуы мүмкін, мұндай жағдайда ойнаушылардың барлығы асықты иірушінің «ханды қара басты» деген даусын естігеннен кейін бассалып асықтарды талап алады. Екінші жағдайда иірген асықтардың арасында «хан» ашық жатса, онда «ханмен» бүк жатқан асықты ату керек, ойын солай жалғаса береді. Ойынның шарты бойынша «Ханмен» асықты атқан кезде басқа асықтарды қозғауға болмайды. Сөйтіп, ойын шарты бұзылғанға дейін немесе барлық асық атылып болғанға дейін ойын жүре береді.

Бұл ойын ойыншыдан өте ептілікті талап етеді. Егерде ойыншы, қалай болса солай, дөрекілік көрсетсе, қимылында ептілік болмаса, онда ол ойыншы ұтылады. Сондықтан ойын қатынасушылардан байыптылық, ұстамдылықпен қоса өте ептілік қасиеттерді талап етеді. Бұл қасиет келе-келе ойыншының әдетіне айналып, жақсы дәстүрге тәрбиеленуге, өзін-өзі басқара білуге машықтандырады.

Хан талапай. Асықпен ойналатын ойынның тағы бір түрі — «Ханталапай». Балалар бұл ойынды үлкендердің басшылығымен ойнайды. Ойынға қатынасушы балалардың санына шек қойылмайды. Олар ойын жүргізушінің айналасына жарты шеңбер құрып отырысады. Ойын жүргізуші қолындағы асықты «ханталапай» деп ортаға қарай шашып жібереді. Отырғандар тез-тез жиып алулары керек. Кім аз жиып алса, сол жеңілген болып есептеледі. Ойынның мақсаты — балалардың жылдамдығын жеделдету, жүйке жүйелерін шыңдау, тілін дамытып, ойда саңтау қабілеттерін жетілдіру.

Құмар. Асықпен ойнайтын ойынның тағы бір түрі — «Құмар». Бұл ойынды үлкен-кіші демей ойнай береді. Ойынға қатынасушылардың саны 5—6 адамнан аспауы керек. «Құмар»— үйде, аулада, таңыр, тегіс жерде отырып ойнайтын ойын. Ойынға төрт асық қажет. Олар мұқият тазартылып, түрлі-түсті бояуға боялады. Ойынды кімнің бірінші болып бастайтыны асық иіру арқылы шешіледі. Алшы —бірінші, тәйке —екінші, бүге —үшінші, шіге —төртінші т. с. с. кезек алады. Асықтың жоғарыда айтылған төрт түрлі түсетін, негізгі төрт қыры болады. Сондай-ақ оларды мал атауымен де атайды. Алшыны— жылқы, тәйкені — түйе, бүгені — қой, шігені — ешкі деп атайды. «Құмар» деп сол төрт асықтың бір түрлі түсуін айтады. Мысалы төртеуі де алшы түссе — «Құмар» болады, ол төрт ұпай алады, тәйке-үш, бүге-екі, шіге-бір ұпайдан алады.

Ойыншы төрт асықты уысына алады да, қолын тұқыртып ішке қарай айландыра еденге шаша тастайды немесе алақанына салып, қолын сыртқа қарай серпіп, еденге тастай береді. Ұтылған адам ұпай төлейді. Келісім бойынша ән айтып, күй шертеді. Ертеде терме айтып, арты отбасылық ойын-сауыққа айналған.

 Асықтың түрлері:

Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда:

Сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан  (серкеден) немесе қошқар-текеден алынады.

Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар.

Шүкейт – жас малдың асығы.

Қойлық – қойдың асығы.

Ешкімек – ешкінің асығы.

Құлжа – құлжаның асығы.

Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық.

Топай – сиырдың асығы.

Жабай – ірі асықты айтады.

Қолқар – арқардың асығы



 

Асықтың атаулары:

Алшы – асықтың тәйкеге қарама-қарсы жағы яғни алшы тұруы.

Тәйке – асықтың алшыға қарама-қарсы жағы.

Бүге – асықтың дөңес жағының жоғары қарап түсуі.

Шіге – асықтың қуыс жағының жоғары қарап түсуі.

Омпы – асықтың ашасы немесе мұртша жағы жоғары қарап түсуі немесе тік тұрып қалуы.

Шоңқай – асықтың омпаға қарсы жағымен тік түсуі.


Асық ойыны әскери-ұлттық тәрбие


Салт – ұлттың ғұмыр бойы жиған мәдениеті, ұлттың ұлт екенін әлем халықтары мойындаудағы төрт белгінің бірі. Біз асылы бар, жасығы бар, Құдайға шүкір, салтқа бай халық болғанбыз! Асық ойыны–сол бай салтымыздың бір дәстүрі. Кезінде қазақ шаруашылықпен жаппай шұғылданған тұсында асық – әр үйдің, әр ауыл балаларының, жастарының, тіпті жасамыстарының да бас қосуының негізі болған ойын түрі.

Асық – төрт түлік мал мен аңдар тілерсегінде болатын, бітісі бөлек, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Ешкі, қой, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан сыртқы формасы бір пішіндес, мүсіндес зат. Ал жылқы асығы бұларға ұқсамайды, басқа формада болады. Қасқыр асығы да басқа.

Ойын аттары – «Ханталапай», «Хан атпақ», «Хан жақсы ма?», «Ханды қара басты», «Хан мен уәзір», «Үйірмекіл», «Сасыр», «Атпақыл», «Қақпақыл», «Үштабан», «Омпы», «Алтыатар», «Шықетер», «Тисінқабат», «Табан», «Төрт асық», «Бес асық» тағы басқа түрлері қазақ даласына кең тараған.

Әрқандай нәрсенің аты мен атауында сол заттың іс-қимылы, атқаратын қызметі және алатын мазмұны толық қамтылған болады. Сол сияқты асық ойындарының да атына назар аударар болсақ, олардың да талай нәрсенің, оқиғаның мәнін білдіріп тұрғаны анық. Мәселен, «Ханталапай» – ханның халық мүлкін талапайға салуы не халықтың ханның қазынасын талапайға салуы немесе хан басқаратын елге ішкі-сыртқы жаудың шабуылын білдіріп тұрса, «Хан атпақ» – ханның қараны атуы немесе халық ханды ату, өлтіру, жазаға білдіріліп тұр.

«Хан жақсы ма?» болса – тағы да аты айтып тұрғандай науқас ханның көңілін сұраған қарашаның уайымы немесе «хан–жақсы хан болды ма, жоқ, елге қырсыз, жауыз, залым болды ма?» деген мәнді білдірсе, «Ханды қара басты!» ойынын талдамаса да түсінікті. «Хан мен уәзір» ойыны – өз ішіне хан мен уәзірдің бір-біріне керемет сәйкесуін, сөйтіп елді дұрыс басқарғандығын не екеуі ит пен мысықтай арбасып қарашаны қан-қақсатқандығы сияқты кілеңсіз жайды жасырып тұрған ойын түрі.

«Үйірмекіл» болса – қол жинауды, «Сасыр» болса – жаудың үркуін немесе жаудан сасуды білдіреді. Әрмен қарай «Атпақыл» ойыны – «сен тұр, мен атайын» дейтіндей бір керемет әскери кемелдікті, «Қақпақыл» – қарсы жақтың келекесін, «Үштабан» – үшке бөліп орналастырған әскери стратегияны, «Омпы» – жауды үстінен басып алуды, «Алтыатар» – соғыстағы партизандық әрекетті, «Шықетер» – қарсы жақтың тісіне тию сияқты әскери дипломатияны, «Тисінқабат» – жауды, ішкі дұшпанды үсті-үстіне соғуды, «Табан» – жеңіске жетіп, орнығуды, «Төрт асық» пен «Бес асық» – тәуелсіздікке жеткен елді, хандықты аймақтарға бөліп басқаруды білдіріп тұр.

Жалпы асық ойыны тек көңіл ашу, құмарлық ойыны ғана емес. Бейне шахмат ойынының төркініндегі әскери стратегия сияқты. Бұл да халқымыздың ел болуы мен Тәуелсіздігі жолындағы ішкі-сыртқы қорғаныс мәселесін терең зерттеуден туған. Ұлттың ілкідегі елдік ішкі кемелін, ірге бекітуін, хан мен қараша арасындағы бірлік пен байланысты нығайтуды ойлауы арыдан жалғасын тауып келген ұлттық негіздің ойын түріндегі көрінісі.

Жалпы ұлттық ойын түрлерінің астарында игілікке айналған істің, оқиғаның, негіздің болатыны даусыз. Ол тағы уақыт өте келе сөзсіз дәстүр түрінде істелетін салттық іске не ойнайтын ұлттық ойынға айналып, жалпы ұлттық өң алып, халықпен бірге жасайды. Немесе ол оқиғаны ұлттың күллі азаматтары, жастары, балаларына дейін білетін болады. Оның кейін неге ойынға айналу себебін де біледі (білдіріледі), түсінеді. Түсінгесін тұтынады. Тұтынғасын олар өздерінің дәстүрі етіп жалғастырады.

Міне, осылайша ұлт өмірінде өткен қайбір қан төгісті оқиғалар уақыт өте келе ұмыт қалмауы үшін ұлттық салт пен ойын түріне айналдырады. Сөйтіп әлгі соғыс қайғысы қуанышқа, ұлттық ойынға, салтқа айналады. Сөзіміздің дәлелі үшін мына бір тарихи оқиғаға назар аударалық.

Мәселен, қазақтың қараүзген шипагері Өтейбойдақ бабамыздан жеткен «Тектелгі» деп аталатын шежіреде айтылатын, бірақ қазақ тарихына аты енбеген, қазақ ықылымының көсемі Қазғақ (ол шежіре «қазақ» атауын осы есімнен таратады) би хан сайланып, тағына отырарда қарашасын жинап «Нау (үлкен) ырыс» (қазіргі наурыз) тойын жасайды.

Міне, осы тойда бір қыз келіп Қазғаққа: «Ханға ханым керек болмақ, сізге ханымдыққа мен лайықпын, ал менің шартым: мен қазір қашамын, ер болсаң мені қуып жет, егер қуып жетсең мен сенің ханымың боламын», – дейді. Және біраз хан намысына тиетін сөздер айтады. Хан қызды қууға шығады. Қыз қашады, хан қуады. Хан қызды қуып жетіп, оны атынан аударып алдына өңгерген бойы қайтадан тағына қарай шабады. Таққа жақындағанда орданы күзеткен қалың әскер жолды бөгеп қалатын болған соң, хан оларға қарап: «Ал аш, ал аш» деп дауыстайды. Онысы «алдымды аш, бөгемеңдер» дегені екен. Жұрт қақ жарылып жол береді. Қыз болса ханға қарап: «Ал ашсаң, ал аш» деп жымияды. Онысы «мен сендікпін, дайынмын, берілдім, саған адалмын» дегені екен.

Хан таққа келіп отырғанда ойламаған жерден бір көк бөрі сап ете қалып, қалың әскерді қақ жарып ханға қарай ұмтылады. Оны көріп тұрған қалың әскер әлгі көк бөріні бас салып, сол жерде тірідей тартқылап жүріп өлтіреді.

Міне, осы ұлы жиын тойда хан: «Бұл той бұдан кейін елдің дәстүрлі мерекесі, жылының басы болсын, «Ал аш» осы елдің ұраны болсын!» – дейді.

Хан жарлығын екі етпеген халық «Науырыс» тойын жыл басы, «Ал ашты» ел ұраны етіп алумен бірге, ол тойдағы ерекше екі оқиғаны да еске түсіріп отыру үшін «қыз қууды» және («көк бөрі») көкпар тартуды әдетке айналдырады. Олар бірақ үнемі тартуға көк бөрі таба алмағасын оның орнына көк серкені тартатын болады.

Міне, содан келе-келе «ал аш» – Алашқа, «көк бөрі» – көкпарға, «нау ырыс» – Наурызға айналып, халқымыздың салтына, ұлттық ойынына айналған екен.

Демек, бұдан әрқандай болмаған іс-салт болу тұрмақ ойын түріне де айналмақ емес немесе ойын да өзінен-өзі ойдан құралмақ емес деген қорытынды шығады. Енді асықтың сипаттарына келсек, ол былайша:

Алшы – асықтың үйірілгенде табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған бірінші дәрежелі мән беріледі.

Тәйке (тәуке) – асық үйірілгенде табаны үстіне қарап, тұрық түсуі. Ол екінші дәрежелі асық.

Бүге (бүк) – асық үйірілгенде дөңес жағы үстіне қарап етпетінен жаттық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие.

Шіге (шік) – асық үйірілгенде шұңқыр жағы үстіне қарап, жаттық түсуі. Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.

Тұрық – асықтың үйірілгенде алшы не тәйке түсуі.

Жаттық – асықтың бүге не шіге түсуі.

Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.

Сомпы – асық тұмсығымен көкке қарап тік шаншылып, шоқая түсуі.

Табан – асықтың тәйке жағы.

Оңқай – асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып, ыңғайлы ұсталуы. Оңқай асық малдың сол жақ тілерсегінде болады.

Солақай – асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармағына басылып, ыңғайлы ұсталуы. Солақай асық малдың сол жақ тілерсегінде болады.

Сақа – қолдағы бар асықтың үлкенінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді. Солақайлар сақаны солақай асықтан таңдайды.

Қорғашбай сақа – табан жағынан ойылып қорғасын құйылған сақа.

Құлжа сақа – арқардың асығы.

Топай (томпай) – бұзаудың, тайыншаның асығы (жалпы сиыр асығын томпай дейді). Мұз үстінде әдейі асық ойнау үшін жасалған алаңда ойналғанда, алыстан атылатын ойындарға топай сақа ретінде пайдаланылады.

Жабайт – қой асығының сақадан кейінгі қорғасын құйылмаған түрі. Табандалады.

Шүкей (үшкейт) – қой асығының кішкенесі. Қозы, ешкі асығы. Ол да айырбасқа жүреді.

Шүкімейт (шүкімәт) – қозы, лақтың сойып жеуге әлі жарамайтын кезіндегі асығы. Ең кішкене асық.

Кеней – шүкейдің көп жұмсалып мұжылған (мүжілген) түрі.

Мұндағы атауларда да елдік, әскери нышандар байқалады. Біраздан соң патша, хан нағыз әскер басы деген сөз. Сондықтан да мұндағы сақа сөзін алар болсақ, ол – патша, асықтың патшасы деген мәнді берсе, алшы сөзі – бағы асқан хандық мерейді білдіреді.

Тәйке – уәзір, ханның орынбасары деген мәнді берсе, бүге – бүк түсу, бүгілу, бағыну, міндет атқару деген мазмұндарды беру арқылы жалпы әскерлік түсті білдіреді. Тұрық – тұру, тақ, тақта тұру, тірек, тіреу, тұғыр, тұрақ мәндерді өз ішіне алу арқылы орнында отырған ханды, оған тұрақ болар мекен мен ел-халықты меңзесе, жаттық – түзулік, тыныштық, жайлылық мәнін білдіріп, тұрақпен үндесіп тұр. Оңқай мен солақайды – оң қанат, сол қанат әскери жүйе деп ұққан еш қате тудырмайды.

Демек, бір ғана асықтың алты жағына қойылған аттың өзі патша-ханмен, ол басқаратын әскермен, мекенмен, халықпен үндесіп жатуы қазақ асық ойынының жай ғана балалар ойнайтын ойын түрі емес екенін, құмарлық ойыны тіпті де емес екенін, керісінше тұнып тұрған елдік, әскери стратегия екенін білеміз. Оны тағы өз кезінде осы асық ойыны жайлы шыққан:

«Қой асығы демегін,

Қолға жақса сақа (хан) ғой.

Жасы кіші демегін,

Ақылы асса аға (патша) ғой!» – деген өлең жолдарынан да анық байқаймыз.

Бірақ кейін замандар өте келе асық ойынындағы бұл әсілгі әскери, елдік қорғанысқа құрылған мазмұндар санаға ұрып тұрған шындығына қарамастан уақыттың жараларды жазуынан, ұмыттыруынан, ұрпақ алмасудан, саналық өзгерістерден өз мақсатын жойып, жалаң ойындық, тіпті кейде құмарлық түс алған.

Оның осы құмарлық жағы дендей бастағанда бабаларымыз ұрпағына және ескертіп:

«Асық ойнаған азады,

Тобық ойнаған тозады.

Бәрінен де қой бағып,

Құйрық жеген озады!» – деп жас өскінді құмардан қайтарып, адал еңбекке шақырып отырған. Өйткені, әскери стратегия сөзсіз жеңісті көздейді. Содан туған жеңіс жобасы болған бұл – асық ойыны ойнаушылар арасында әлсін-әлі құмарлық түс алып кетіп отырған. Екінші, оның осылай құмарлық түс алып отыруына, ондағы әсілгі әскери стратегиялық мазмұн ұрпақтан-ұрпаққа үнемі, қайта-қайта түсіндіріліп отырылмағанынан да еді.

Ең қызығы–асық ойынындағы біз айтқан мәнді мазмұн арғы-бергі асық ойынын, тіпті қазақ салт-дәстүрін зерттеуші ғалымдардың бірде-бірінің еңбегінде көрсетілмеген. Біз енді осы мәселені шағын мақаламызда көтере отыра ғалымдарымыздың осы мазмұнда ізденіп, асық ойынын ел стратегиясының бір кәдесіне жаратуын ескертер едік. Әрі оқулықтарға да осы мазмұнды байытқан негізде енгізуін өтінеміз. Сол арқылы ұрпақтарымыз ата-бабасының не нәрсені де қалай болса солай істей салмағанын, қыл аяғы асық ойынының өзі де үлкен елдік мән алатын ірі оқиғаның негізі екенін білдіріп отырсақ, елжандылық ұрпақ санасында неге жаңғырмасын.

Асық ойыны барысында қолданылатын құралдар мен әдістер


Көн киіз — асықтың «тақта» ойыны барысында қолданатын жұқа әрі икемді асық атуға, қаржуға қолайлы құрал. Бұл асық ойынының түрлеріне байланысты 50Х50, 80Х80, 100Х100 см көлемінде болады. Көн киіздің дөңгелек шеңбер түрінде қолдануға болады. Ондай жағдайда көн киіздің диаметрі 50, 80, 100 см. Көн киіздің жиегін жіңішке ұлттық нақышты оюлармен көмкерген дұрыс.

Тақта - көн киіз шағын тақтаның үстіне орналасады. Тақта дөңгелек немесе 4-6 қырлы болады. Ойыншылардың қимылына кедергі келтіретіндей үлкен болмауы шарт. Тақта ойыншылардың қалауына немесе ұйымдастырушылардың ұсынысына қарай отырып болмаса түрегеп тұрып ойын жүргізуге қолайлы болу керек.

Асық иіру – ойыншы асықты иіргенде көп асық қолына сыймайтын болса екі-үш бөліп иіруіне болады. Иіріп тасталған асық көн киіздің сыртына шашырап кетпеуі қажет. Ондай жағдайда көннен тыс жатқан асық ойыннан да тыс қалады. Былайша айтқанда ойыншы өз мүмкіндігіне толық ие бола алмайды.

Асық иірудің әдісі - ойыншы асықты жай шашып тастамайды аса ептілікпен иіреді. Асықты қос қолдап немесе бір қолмен иіріп тастайды.  Қолды төңкеріп немесе көн киіздің ортасын көздеп шиырлата  иірген асық дұрыс орындалған болып есептеледі. Егер ойыншы асықты дұрыс иірмесе төреші тарапынан ескерту алады. Ескертуді қатарынан үш рет алған жағдайда асықты келесі ойыншыға ауыстырады.

Асық ату – бұл асық ойынының ең бір ептілікті қажет ететін тұсы. Ойыншы қажетті асықты атқанда екі қолдың он саусағының кез-келгенін пайдаланады. Бірақ ату кезінде саусақты сүйретіп немесе жай түртіп атуға болмайды. Бұлай істеген жағдайда асық келесі ойыншыға ауысады.

Асық атудың әдісі – ойыншы көндегі асықтың  орналасуына қарай асықтарды атады. Асықты атуға ыңғайлы саусақ бүгіліп, екінші бір саусақтың тіреуінен шертіліп барып асыққа тигені дұрыс.

Асық атау барысындағы қозғалыс есебі – ойыншылардың жас айырмашылығына қарай асық атау кезіндегі қозғалыс есебі үлкен рөл атқарады. Мысалы, «тақта» ойыны барысында ойыншы тақтаны айналып жүріп қажетті асықты атуға болады. Немесе өзінің отырған орнынан қозғалмай-ақ ойынды жалғастыруға болады. Бұл жағдай ойыншылардың шеберлігіне байланысты ойынның алдында төрешілер тарапынан белгіленіп беріледі.

Қаралық – ойыншы асық ойыны ережесіне сай келмейтін іс-әрекеттерді қолданғанды айтады. Бұл төрешілер тарапынан ескерту беру арқылы жөнге келтіріледі.

Шеңбер – бұл асықтың «алаң» ойыны кезінде көп қолданады. Ойыншылардың сыртқы түзілім шегі.

Су – ойыншылардың алаңға тігілген асықты ату кезіндегі бағыты. Ойынның түріне қарай 1, 2, 3, 4 бағытта болады.

Сөре – асық тігілген кіші шеңбер. Онда ойыншылар көнге салған асықтар орналасады.

Қарақшы – алтын сақа  орналасқан нүкте.

Кезек – асық ойыншылардың ойынға кіру реті.

Кезекті анықтау – кезекті төрешілер анықтайды. Ойыншыларға асық иірту арқылы немесе жеребе бойынша кезек тоқтатады. Мысалы «тақта» ойынына 4 ойыншы қатысатын болса төреші ойыншылардың көнге тастайтын асықтарын (4-5 асық) иіртіп кімнің асығы көп алшы түседі, соған қарай кезек тоқтатады.

Қаржу (қаршу)  әдісі – асықты жоғары серпіп тастап, сол аралықта көндегі асықты іліп алып, жоғары серпілген асықты жерге түсірмей қаржып алу арқылы атқарылады.  Асықтың санына немесе түріне қатысты қаржыйды.

Шеңбер сыртында тұрып асық лақтыру – белгіленген орында тұрған сақаны атып алу үшін ойыншы қолындағы асығын дәлдеп лақтыруды айтады. Ойыншы асықты оң немесе сол қолының бас бармағы мен сұқ саусағына қысып ұстап, сақаны дәлдеп лақтырады.


Асық ойыны ұлттық спорт деңгейінде дамуы.

Асық ойыны халқымыздың тұрмыс-салты мен мәдениетінің ажырамас бөлігі, ұрпақ тәрбиесінің бір құралы іспетті болған еді. Халқымыздың «асығың алшысынан түссін» дейтін жақсы тілегі, «қой асығы демегін, қолыңа жақса, сақа ғой» деген сынды нақылдары – соның айғағы. Асық ойындары үйде отырып ойнайтын, далада ойнайтын түрлеріне қарай балалардың қимыл-қозғалысын, шапшаңдығын жетілдіріп, ептілікке, мергендікке, жылдамдыққа баулиды. Оның көпшілік болып немесе жеке-дара ойнайтын да түрлері бар. Яғни бұқаралық спорттың бір саласы ретінде дамып кетуге әлеуеті зор. Сөйте тұра, кезіндегі солақай саясаттың кесірінен мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінбеуі себепті кенжелеп қалды. Тіпті ұмытылып кете жаздады. Ал қазір ше? Асық ойыны елімізде жалпыұлттық деңгейде дамытылып жатыр деп айта аламыз ба?

Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерінің жаңа серпін алып, қайта жаңарып, қолға алынып күн сайын дамып келе жатқаны байқалады. Күні кеше ғана елордамыз астанада өткен Қазақстан барысы соның бірден-бір дәлелі болса керек. Алла сәтін салып жатса ұлттық спорт түрлерімізбен әлемдік дейгейге көтерілетін күн де алыс емес секілді.

Қазір елімізде ұлттық спорттың жиыр­ма­дан астам түрі бар. Олардың алды әлем­дік деңгейге көтеріліп, Азия және Олим­пиада ойындарының бағдар­ла­ма­сы­на кіретін спорт түрлерінің қатарынан орын алуға тақап қалды. Мысалы, қазақ күресі келесі Азия және Олимпиада ойындарына кіруге дайын-ақ тұр. Тек кірер тетігін тапсақ болғаны. Алғы қадамдары да жасалуда. Мәселен, қазақ күресінен елімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақ­стан барысы» додасы жыл өткен сайын қарқын алып, дамып жатқаны соның айғағы болса керек. Егер осы қар­қы­ннан танбасақ, қазақ күресі де Олим­пиа­дадан ойып тұрып өз орнын алары сөзсіз. Ол үшін ең алдымен өз Отанымызда оның абыройын өсіруіміз керек.

Сонымен қатар қазақ халқының ұлттық спорты қатарында асық ойынының да алатын орны ерекше. Асық ойындары ерте кезден бері кішкентай бүлдіршіндердің сүйіп ойнайтын ойындар қатарына жата­ды. Жақында ғана Асық ату федерациясы құрылғаны белгілі. Ұлттық спорт түрін да­мытуға атсалысып жүрген Білім және ғы­лым вице-министрінің жаңа қызметіне де қан жүре бастаған сияқты. Жалпы, ұлттық ойын­дарымызды өскелең ұрпақтың ұмыт­пауы, ары қарай жалғастыруы құптарлық жайт.

Асық ату ойынының тамырына қан жүгіре бастады. Қазақ балалары сақасын сайлап, асығын тізетін күн де алыс емес деген үміттеміз. Олай дейтініміз, бүгінде жер-жерлерде ұлттық спорттың бұл түрі­нен әртүрлі турнирлер ұйымдастырыла бас­тады.

Ал асық ойнаудың басқасын айтпағанда денсаулыққа тигізер пайдасы да орасан екенін мамандар дәлел­деп жүр. Мәселен, қазір балалардың үйде интернетке қарап отырғанынан асық ойнағаны өздерінің денсаулығына және рухани дамуына мол пайдасын тигізеді. Оны өзіміз де түсіне бастағандаймыз. Асық ату – мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілуі мүмкін деген сыбыстарың да соның дәлелі болса керек. Яғни, жер-жерлерде ұлттық ойынға деген қызы­ғу­шы­лық қайта ояна бастады.

Асық ату – ұлттық ойынның атасы ғана емес, халықтың өткені мен бүгінгісінің көрінісі. Өйткені ертеде қазақ баласы қолына ең алғаш асық ұстаған. Ырымдап «Асығың алшысынан түссін» деген. Бұл – ұлттық тәлім-тәрбиенің, ізеттіліктің белгісі. Асық малдың жіліктерін жалғастырып тұратын шағын сүйек қана емес, ұрпақ тәр­биесіне аса қажетті құрал. «Асық ойынын қазақтың мергендік мектебі деуге толық негіз бар» дейді мамандар. Мер­гендікпен қатар, баланың ептілігін, шап­шаң­дығын, табандылығын және қыра­ғылығын жетілдіреді. Мамандардың дәлелдеуінше, асық баланың жүйке-жүйесін қалыптастырып, ой-өрісін кеңей­теді. Сондықтан асық ойынын, ұлттық бренд деңгейіне көтеріп, спорт түрі ретінде дамытудың кезi келген сияқты.

“Астанада ұлттық спорт жанашырларының қатысуымен  Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының жиыны өткен. Жиналысты Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Бекболат Тілеухан жүргізді. Бекболат Тілеуханның ұсынуымен Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов Асық ойыны Ұлттық спорт Федерациясының Президенті болып тағайындалды,” – дейді http://www.bnews.kz сайты.

Ұлттық спорт түрін дамытуға атсалысып жүрген Білім және ғылым Вице-министрінің жаңа қызметі құтты болсын! Ұлттық ойындарымызды өсіп келе жатқан жастарымыздың ұмытпауы, ары қарай жалғастыруы құптарлық жайт.



Асық ойынын ауыл баласының еншісінде ғана қалдырмай, ұлттық спорт түріне көтерсек. Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік - экономикалық жағдайларына, шаруашылың мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлт ойындары да осыған икемделеді. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан нерв жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатынан шыға бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған.

Қорытынды
Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, алыстан (бірнеше метр жерден) көз ұшында түймедей болып бұлдыраған асыққа сақаңды дәл тигізу нағыз мергендіктің белгісі емес пе?! Сондықтан болар, ерте заманда қазақтан небір құралайды көзге атқан мергендер шыққан. Садақ тарту болсын, найза лақтыру болсын, қазақ жауынгерлері ешкімге дес бермеген.

Өкінішке қарай, қазір асық ойыны ұмытыла бастады. Көптеген түрлері ұмытылып, мүлде ойналмайды. Ережелері де сол күйі сақталмаған. Себебі қазір ауылда болмаса, қалада балалар асық ойнамайды. Асық ойнаудың өзіндік техникалары да сақталып келе жатқан жоқ. Қала балалары асықты иіріп, шиіріп атуды білмейді. Тас лақтырғандай атып жібереді. Ал бір аяғыңды жерге тіреп, иіліп, созылып тұрып, екінші аяғыңмен ауаны сілкіп қалып асық ату да сақаңның қандай қарқынды және пәрменді болатындығын қала балаларына түсіндіріп жатқан жан бар ма? Асық атудың осы бір техникасы боулинг шарын дұрыс лақтыру тәсіліне ұқсастау. Осылай талдай берсек, асық ойынының, асық атудың көптеген спорт түрлерінің өзіндік техникасына сәйкес келетіндігін байқауға болады. Бұл асық ойынының сан қилылығы мен алуандығын, көптеген қимыл-әрекеттерді қамтитындығын білдіреді. Өкінішке қарай, біз осындай ұлттық байлығымызға лайықты деңгейде көңіл бөлмей, ұмыт қалдырып барамыз.

Асық ойындарына соңғы жылдары Астана қаласында айрықша мән беріліп, Наурыз бен Астана күні мейрамдарының мерекелік бағдарламасындағы ерекше іс-шаралардың біріне айналып келеді. Бірақ бұл үрдіс еліміздің басқа өңірлеріне де тән, басқа аймақтарында да дәл осылай өріс алып келеді деп айта алмаймыз. Өйткені қазіргі балалардың асықты білмейтіндері де жетіп-артылады. Ал асыққа қатысты бір нәрсе анық. Ол – баланы мәңгүрттікке тәрбиелеп, миын мең-зең етіп қоятын түрлі компьютерлік ойындар мен мультфильмдерден гөрі, таза ауада ойнайтын, қимыл-қозғалысты қажет ететін, мергендікке, ептілікке, шапшаңдыққа үйрететін асық ойыны әлдеқайда пайдалы екендігі. Осы мәселеге Туризм және спорт министрлігі ғана емес, Білім және ғылым министрлігі де назар аударып, ұлттық асық ойындарын мектептің дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына да енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі :



1. Базарбек Төтентаев «Қазақтың ұлттық ойындары» Алматы, 1994, 27 бет.
2. Е.Сағындықов «Қазақтың ұлттық ойындары» Алматы, 1994, 58 – 61 бет.
3. Б.Төтенаев «Қазақтың ұлттық ойындары» Алматы, 1994, 19 – 24 бет.
4. М.Балғымбаев «Қазақтың ұлттық спорт ойыны түрлері» Алматы, 1985, 86 бет.
5. Ә.Бүркітбаевтың авторлығымен 1985 жылы жазылған «Спорттық ұлттық ойын түрлері және оның тәрбиелік мәні» (Алматы, 1998). 16–21 бет.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет