Жедел дизентерия гастроэнтероколиттік варианты
Оның негізгі ерекшелігі қысқа инкубациялық (6-8 сағ. және одан аз) кезеңнен кейін қарқынды басталады, жұғу факторы тағам (сүт, сүт тағамдары және т.б.) арқылы болғандықтан жалпылай жұқтыру байқалады. Бастапқы кезеңде гастроэнтерит және жалпы улану симптомы басым болғандықтан тағам токсикоинфекциясына ұқсайды. Одан кейін энтероколит синдромы алғашқы орынға шығады. Ауырлық дәрежесі колиттік варианты сияқты жеңіл, орташа ауыр және ауыр болып бөлінеді, бірақ В.И.Покровский (1978ж.) бойынша сусыздану дәрежесімен анықталады. Ауыр ағымдағы науқастарда ішінің диффузды ауыруы, көп рет құсуы және сулы көп мөлшердегі нәжіс болғандықтан, сусызданудың 2-3 дәрежесі дамиды.
Жедел дизентерияның гастроэнтериттік варианты
Бұл варианттың бастапқы кезеңі гастроэнтероколиттік вариантқа ұқсайды. Айырмашылығы аурудың кеш кезеңінде энтероколит басым болмайды, ректоромоноскопияда өзгерістер айқын емес. Жетекші клиникалық симптомы гастроэнтерит пен сусыздану белгілерімен байқалады. Дизентерияның гастроэнтериттік варианты клиникасы жағынан тағам токсикоинфекциясына өте ұқсас болғандықтан, салыстырмалы диагнозы қиындайды.
Дизентерияның клиникалық және функциональды – морфологиялық көрінісі әртүрлі болуына қарамастан, әрбір жағдайда науқасты тиянақты тексеру және бақылау кезінде тән көрсетілген вариантарының симптомдар комплексін табуға болады.
Дизентерияның өшірілген формасының клиникалық көрінісі айқын емес (1-2 рет ботқа тәрізді нәжіс немесе іштің төменгі бөлігінің қысқа уақыт ауыруы), ал ректоромоноскопиялық тексеруде дизентерияға тән қабыну процессі анықталады. Бұндай науқастардың көпшілігі анықталмай қалады. Дер кезінде және дұрыс анықтау үшін асқазан-ішек трактісінің бұзылуына шағымданған науқастарды бактериялогиялық зерттеу жүргізу қажет. Салыстырмалы түрде қарағанда дизентерияның өшірілген формасының клиникасы эпидемия кезінде жалпылай тексеру кезінде анықталады. Осындай науқастарда ректоромоноскопиялық тексергенде шырышты қабатта катаральды қабыну байқалады.
Барлық варианттың асқынбаған ағымында клиникалық сауығу 2-3 аптада аяқталады. Бірақ та толық функциональды және морфологиялық қалпына келу кешірек жүреді, 1-2 ай тіпті одан да көп. Сондықтан, дизентериямен ауырғаннан кейін 2-3 айдан кейін қайталану мына жағдайларда: диета сақтамау, ішімдік қолдану, дұрыс емес терапиялық тактика және т.б. жағынсыз жағдайларда дамиды. Егер дизентерияның клиникалық көрінісі 3-4 аптадан 3 айға дейін созылса аурудың жеделдеу ағымы деп санаймыз.
Кейбір ауруларда жедел дизентерия жеделдеу ағымында қайталамалы бактериясақтаушылық, тоқ ішектегі созылмалы қабыну процессімен бірлеседі. Жедел дизентерияның созылмалы ағымы кейінгі жылдарда 0,5-5% науқастарда кездеседі.
Созылмалы дизентерия
Созылмалы дизентерия диагнозы жедел дизентериямен ауырғаннан кейін рецидиві 3-айдан 2 жылға жиі қайталанса немесе жедел дизентерия ұзаққа созылған ағымына өтіп, созылмалы ағымына ауысады. 2-5% жағдайда жедел дизентерия созылмалы ағымына өтеді. Жедел дизентерия созылмалы ағымға өту толық белгісіз, ал оған әкелетін факторлар: қайталап жұқтыру, қоздырғыштың түрлік ерекшелігі, иммунды статустың төмендеуі, дисбактериоз, тағамдану жағдайы, алдында болған ас-қорыту жүйесінің ауруы, қосымша аурулар, толық емдемегенде және т.б. жағдайда дамиды. Созылмалы дизентерияның ағымы рецидивтік (қайталамалы) және үздіксіз болып, ол ауырлық дәрежесіне байланысты жеңіл, орташа ауыр, өте ауыр болып бөлінеді. Қайталамалы (рецидивтік) формасы едәуір жиі кездеседі. Ол жедел дизентериямен ауырғаннан кейін 2-5 айдан соң аурудың рецидиві болады. Бұл кезде науқастарда колиттік, гастроэнтероколиттік вариантардағы симптом пайда болады. Үздіксіз формасының ерекшелігі ремиссия болмайды. Бұл кезде науқастарда ауру үнемі үдейді және науқастың жағдайы нашарлайды. Созылмалы дизентерияда улану симптомы аз, әрі қайталану кезінде оларда жоғарғы температура, жүрек-тамыр жетіспеушілігі болмайды. Созылмалы дизентериямен ауыратын науқастар эмоциональді тұрақсыз, невроздық реакцияға бейім. Нәжістің жиілеуі, шаршау, қатты эмоция кезінде байқалады.
Созылмалы дизентерия (симптомсыз ағымы)
Созылмалы дизентерияның симптомсыз ағымының субклиникалық вариантына мына жағдай жатады: шигелланы нәжіспен 3ай бойы бөлуі, бірақ осының алдында 3ай ішек дисфункциясының және басқа аурудың болмауы.
Созылмалы дизентерияның симптомсыз ағымының рецидивтік вариантында ауырғаннан соң 3 айдан кейін шигелланы бөлу. Осы вариантты созылмалы дизентерияның рецидивті ағымымен салыстырмалы диагноз жүргіземіз.
Бактериясақтаушылық
Бұл жағдайда тексеру кезінде ішектің дисфункциясы болмайды және тексеруге дейін 3 ай бұрын қоздырғышты бөлу (субклиникалық бактериясақтаушылық) немесе дизентериямен ауырып толық сауыққаннан кейін (реконвалесцентті бактериясақтаушылық) дамитын инфекциялық процесстің жойылуы. Субклиникалық бактериясақтаушылық мына жағдайда қойылады: асқазан-ішек трактісінің қызметі өзгеріссіз болғанда, ректоромоноскопиялық тексеру нәтижесі қалыпты және дизентериялық диагностикуммен ПГАР қорытындысы теріс болған жағдайларда қойылады.
90% бактериясақтаушылық қысқа, ал реконвалесцентік бактериясақтаушылық ұзаққа созылады. Бактериясақтаушылық диагнозын қоюда анамнездік мәлімет ерекшелігі, ректоромоноскопиядағы ішек қабынуынан қалған өзгерістер және арнайы антиденелердің диагностикалық титрін анықтаудың маңызы зор.
Асқынулар
Кәзіргі дизентерия ағымында этиология құрамында Флекснер шигелласы көбейюіне байланысты ауыр формалары жиі кездеседі. Осыған байланысты кейінгі жылдары инфекциялы-токсикалық шок, ішектің парезі мен перфорациясы жиі кездеседі. Ұзаққа созылған іш өту, ішек түйілуі ішек инвагинациясына әкеліп соқтырады. Жедел дизентериямен ауыратын науқастарда артқы өтістің эрозиясы мен жарылуы, тік ішектің шырышты қабатының айналуы және геморройдың рецидиві кездеседі. Әдебиетте мынадай асқынулар – панкреатит, асқазанда эрозия, ішектен қан кету, миокардит, полиартрит, нефрит, иридоциклит, полиневрит, токсикалық гепатит сияқты асқынулары жазылған. Миокардит және тромбоэндокардит сияқты асқынулар сирек дамиды. Кейбір науқастарда, HLA-В27 фенотипімен реактивті полиартрит және Рейтер ауруы дамиды. Жедел дизентерияда дамитын ішек биоцинозының бұзылуы, антибиотикті препараттарын тағайындау оны тереңдетеді және бұл дисбактериоздың дамуына әкеліп соқтырады.
Жедел дизентерияның соңы: сауығу, созылмалы дизентерияның дамуы, постдизентериялық колит, асқазан – ішек трактісінің созылмалы ауруының дамуы дизентерияның этиологиясына байланысты.
Диагноз бен салыстырмалы диагноз
Дизентерияны анықтау үшін клиникалы-эпидемиологиялық мәліметтер, сонымен бірге лабораторлы және инструментальдық тексерудің қорытындысы қолданылады. Жедел басталу, толғақ тәрізді ауыру, сол жақ мықын аймағының ауыруы және қан мен шырыш аралас аз мөлшерде нәжіс, тәулігіне 10-25рет, тығыздалған сигма тәрізді ішек, дене температурасының 38-39гр. С-қа көтерілуі және басқа жалпы улану симптомдары болған жағдайда клиникалық дизентерияның колиттік вариантын қоюға болады. Жедел дизентерияның колиттік вариантының жеңіл ағымын клиникалық тұрғыдан қою киын, себебі улану симптомы шамалы немесе жоқ, нәжісі шырыш араласқанымен өз қалпын жоғалтпайды. Бұл кезде сигма тәрізді ішек тығыздалған және аурушаң болады. Диагноз лабораторлық жолмен дәлелденбесе, ректомоноскопия жүргізу керек, ол кезде ішектің дистальды бөлімінде катаральды қабыну байқалады. Кейбір жағдайларда сирек геморрагия мен эрозия кездеседі. Клиникалық диагноз қоюда гастроэнтериттік және гастроэнтероколиттік варианттары бастапқы нақты симптомдары болмайды, бірақта аурудың даму барысын бақылауда гастроэнтерит әртүрлі дәрежедегі колиттік синдромға ауысады. Осы варианттарында лабораторлық зерттеу шешуші роль атқарады. Ең нақты лабораторлық әдіс шигелланы копрокультурадан бөлу болып табылады. Григорьев-Шига шигелласы туғызған дизентерияда қоздырғышты қаннан бөліп алуға болады. Дизентерияның гастроэнтериттік вариантында асқазан жуындысын бактериологиялық зерттеген дұрыс.
Бактериологиялық зерттеуге алынатын материалды этиотропты емнің алдында алып жүргізеді. Оң нәтижелер анализдердің санына және науқасты зерттеу мерзіміне байланысты екенін естен шығармаған жөн.
Диагноз серологиялық зерттеу әдістерімен де бекітіледі. Тәжірибеде кең таралған әдіс ПГАР стандартын эритроцитарлық диагностикумымен жүргізеді. Диагностикалық оң титр антидене титрі 7-10 күннен кейін қайталағанда 4 ретке өсуі болып табылады. Кейінгі жылдары өте жоғарғы сезімтал иммунды ферментті анализ (ИФА), коаглютинация реакциясы қолданылады. Пгар минимальды диагностикалық титрі 1:200.
Қосымша қолданатын құралды әдістердің бірі ректоромоноскопия. Бұл әдіс аурудың жедел кезеңінде диагностикалық ауыр жағдайда, сонымен қатар клиникасы өшірілген жағдайда дәлелдеу үшін қолданылады. Қарағанда тік және сигма тәрізді ішектердің шырышты қабаттарынан мынадай өзгерістерді ажыратамыз: катаральды проктосигмоидит, катаральды-геморрагиялық проктосигмоидит, эрозивті проктосигмоидит, жаралы проктосигмоидит, фибринозды-жаралық проктосигмоидит.
Салыстырмалы диагноз мынадай аурулармен жүргізіледі: сальмонеллезбен, бактериялық этиологиялы тағам токсикоифекциямен , ротовирусты гастроэнтеритпен, амебиазбен, балантидиазбен, ішек шистосомозымен, трихоцефалезбен, энтеробиозбен, тоқ ішектің қатерлі ісігі, аппендицит, ішектің өтпей қалуы, шашырқай тамырының тромбозы, геморрой мен дивертикулитпен, ишемиялық колитпен, Крон ауруымен, бейспецификалық жаралы колитпен, ауыр терапиялық ауруларда дамитын екіншілік колитпен, радиациалық зақымдалу және әртүрлі химиялық, биологиялық заттар мен улануымен жүргізеді.
Созылмалы дизентерия диагнозын егерде кейінгі 2 жылда жедел дизентериямен сырқаттану болғанда, іштің өзіне тән ауыруы, жиі ботқа тәрізді нәжіс патологиялық бөліністермен, сигма тәрізді ішектің қозғалуының шектелуі, оң бактериологиялық және серологиялық зерттеу қорытындыларына сүйене отырып қояды. Созылмалы дизентерияны бірінші кезекте созылмалы колит және тоқ ішектің қатерлі ісік ауруларымен салыстыру жүргізеді.
Емі
Емді бастаудың алдында мыналарды анықтау керек:
1) аурудың бастапқы ағым вариантын анықтау;
2) дизентерияның клиникалық формасын;
3) ауру кезеңін;
4) негізгі клиникалық көрінісі мен иммунитет тапшылық жағдайында аурудың даму ағымын (созылмалы алкоголизм, арықтау, қосалқы ауыр патология, қарт жас және т.б.)
Жедел дизентерияны емдеу үш негізгі кезеңнен тұрады:
1. Жедел көріністерді жою.
2. Таяудағы асқынудың алдын-алу, жақын аралықтағы рецидив пен аурудың қалдық белгілерін емдеу.
3. Толық және тұрақты сауығуға жету.
Дизентериямен ауырған науқастарға кешенді жеке ем тағайындайды. Клиникалы-эпидемиялогиялық көрсеткіштер бойынша ауруханаға жатқызады. Бірінші кезекте орташа-ауыр, ауыр формадағы науқастар, қарт және егде адамдар, бір жасқа дейінгі балалар, сонымен қатар эпидемиялогиялық қауіпті топтағы науқасты госпитализацияланады.
Дизентерияны үйде емдеу участкелік дәрігер инфекционистпен кеңес жүргізе отырып емдейді. Дизентериямен ауырған науқас үйде қалдырылып емделетіні туралы жергілікті санитарлы қадағалау орнына хабар беріледі. Бұл жағдайда дәрігер инфекционисттің негізгі міндеті – диагнозды нақтылау, тиімді ем тағайындау және эпидемияға қарсы дезинфекцияның режимін сақтауын қадағалау болып табылады. Ауырғандарды бақылау және емді әрі қарай жалғастыру дәрігер инфекционисттің кабинетінде жүргізіледі.
Әртүрлі формадағы дизентерияны емдеудің негізгі құрамы емдік тамақтандыру болып табылады. Рационнан ішекті механикалық, химиялық тағы басқа жолмен тітіркендіргіш тағамдарды алып тастайды (стол № 4). Үгітілген көкіністерден көже, тауықтың майсыз сорпасы, тартылған еттен тағам, суға пісірілген майсыз балық, омлет, ботқа, сары май аз мөлшерде, қатқан немесе бидай нан, тағамдары ұсынылады. Бұзау немесе сиыр етінен жасалған суфле, котлет, фрикаделька тағамдары науқастарға беріледі. Ботқаға 30% сүт (тары және арпа жармасынан басқа) қосып дайындайды. Күніне бір антондық алма жеуге болады. Қатаң диета сақтау асқорыту жүйесінің преморбидті фонына, аурудың ауырлығы мен ағымына, диспепсиялық бұзылыстардың ұзақтығына байланысты. Кәдімгі диетаға аурудың клиникалық көрінісі жойылғаннан кейін 1-2 айдан кейін біртіндеп ауысады. Бұл кезде ащы тұздық, дәмді, тұздалған тағамдар, тұрын, шалғай, сарымсақ, апельсин, май шамадан тыс мөлшерде ішімдікті қолдануға болмайды. Жедел кезеңде сүт рұқсат етілмейді, ал сүттен жасалған тағамдар жеке жағымдылыққа байланысты қолданылады. Сауығу кезеңінде рационға сүтті енгізу өте сақтылықпен жүргізіледі, ол көптеген науқастарда лактоза жетіспеушілікке байланысты. А, В, С және т.б. витаминдерді қосымша енгізу керек. Тәжірибеде этиотропты терапияның бірнеше амалы бар. Біздер, жедел дизентерия ерекшелігіне байланысты, келесі емдеу тәсілін ұсынамыз. Антибактериальды препаратты таңдау жеке бас ерекшелігіне байланысты болуы керек. Аурудың жеңіл колиттік және гастроэнтероколиттік варианттында фурозолидон 0,1гр. 4 рет күніне, налидиксин қышқылы (невиграмон) 0,5-1,0 гр. 4 рет күніне беріледі. Бұл препараттардың қолдану ұзақтығы жеке және терапиялық тиімділігіне байланысты, 2-3күн науқасты үйде емдегенде әсері ұзаққа жететін сульфаниламидтер (фтазин, сульфадиметоксин) қолданылады. Фтазин 1 гр.-нан 2 рет 1-ші күні, келесі күндері 0,5 гр. күніне 2 рет, сульфадиметоксин ішке 2 гр. 1 рет тағайындалады. Орташа ауыр және ауыр ағымында, науқастардың қанағатсыз преморбидтің фонында тетрациклин қатарындағы, фторхинолон туындылары, комбинирленген сульфаниламид препараттарын (бактрим), цефолоспорин, ампициллин тағайындау тиімді. Аталған препараттардың орта терапиялық мөлшері: тетрациклин 0,3 4 рет күніне; метациклин 0,3 г 2 рет күніне; доксициклин 1-ші тәулігіне 0,1 – 2рет тәулігіне, келесі тәуліктерде 0,1г – 1 рет; пефлоксоцил мен ципрофлоксацин 0,5-0,75г тәулігіне 2 рет, бактрим 2-3 таблеткадан 2 рет күніне; ампициллин 0,5 г 4 рет тәулігіне. Емдеу ұзақтығы 5-7 күнге созылады. Қайталап құсу және есінен тану кезінде аталған препараттар парентеральды енгізіледі.
Бірақта соңғы жылдың зерттеулеріне сүйенсек шигелла Флекснер 2а 90% доксициклин, 75% бактрим әсерлеріне төзімді. Сонымен шигеллалар фторхинолон туындылары ципрофлоксоцин мен пефлоксацинге сезімтал.
Левомицетин дизентерияда ұсынылмайды, себебі шигелла 90% левомицетинге тұрақты, сонымен ішектің шырышты қабытының репарациясын шектейді, иммуногенезді баяулатуына байланысты тағайындалмайды.
Григорьев-Шига шигелласы тудырылған дизентерияны емдейтін таңдаулы препараттар – ампициллин мен налидиксин қышқылы. Өйткені көптеген елдерде осы препараттарға сезімталдық сақталған. Ампициллин әрбір 4-6 сағат сайын 100-150 мг/кг перентеральды 5-7 күн енгізіледі. Инфекция таралған (генерализденген) кезде препарат көк тамыр арқылы беріледі, одан кейін аурудың жағдайына байланысты бұлшық етке енгізуге көшіріледі. Ауыз арқылы беру дұрыс емес. Налидиксин қышқылы 1гр 4 рет күніне тағайындалады, 5-7 күндей. Орташа ауырлық ағымында инфекциялық процесс ағымына байланысты, қоздырғыштың антибиотикке сезімталдығына байланысты (тетрациклин, доксициклин, бисептол, сульфален, сульфадиметоксин, фуразолидон және т.б.) қолданылады. Емдеу ұзақтығы жеке науқасқа байланысты, 3-5 күннен кем емес.
Колиттік варианттың жеңіл және клиникасы өшірілген ағымында антибактериальды ем, клиникалық көрінісі және ішекте айқын морфологиялық өзгерістер болғанда қолданылады. Дизентериялық бактериясақтаушылықта антибиотик қолданбайды, себебі кері әсер береді, дисбактериоз, организмнің иммунобиологиялық реактивтілігі төмендейді, Сауығу және организмнің қоздырғыштан арылуы ұзарады.
Егер де клиникалық көрінісінде гастроэнтерит симптомы басым болса, антибактериальды препаратты қолдану тиімді емес, патогенетикалық терапия толық сауығуға әкеледі, ал антибиотикті қолдану ауруды ұзартады. Патогенетикалық терапияға уланумен күрес, макроорганизмнің иммунологиялық реактивтілігін көтеру, ішектің ас қорыту жетіспеушілігін емдеу жатады. Дезинтоксикалық терапияның негізі – инфузиялық терапия. Аурудың жеңіл ағымында 2-3 л глюкозоэлектролитті ерітінділер (оралит, регидрон, цитроглюкосалан) тағайындайды. Дизентерияның орташа ауырлық ағымында дезинтоксикация мақсатында және электролиттерді толықтыру үшін полиионды ерітінділер «Квартасоль», «Трисоль», «Хлосоль», «Лактасоль» қолданылады. Ерітінділер енгізу көлемі мен жылдамдығы организмнің сусыздануына, науқастың клиникалық жағдайына, гемоконцентрация көрсеткішіне, қышқыл-негіздік тепе-теңдікке, қанның электролиттік құрамына байланысты болады.
Дезинтоксикация және гемодинамикалық бұзылыстарын жою мақсатында тұзды ерітінділермен бірге коллоидты ерітінділер: гемодез, полиглюкин, реополиглюкин беріледі. Бұл ерітінділер сусыздану болмағанда немесе улану симптомдары әсерімен региональды микроциркуляция бұзылу және сұйықтың улану әсерінен қайталап тамырға бөлінуі болған жағдайда беріледі.
Инфекциялы-токсикалық шокпен асқынған дизентерияда полиионды ерітінділерді көк тамырдан ағызып береді, ол арқылы қан айналымы мен жасуша сыртындағы сұйықтықты толықтыру, ацидоз бен микроциркуляция бұзылысын қалпына келтіру үшін қолданылады. Әсері болмаған жағдайда глюкокортикоидтарды қолданады. Гормонның бастапқы (преднизолон 60-80мг, гидрокортизон 125-250мг) мөлшерін бірге ағызып береді, ал келесі мөлшерін тамшылатып әрбір 4-6 сағаттан соң береді. Сонымен эквивалентті гормондарды қолдануға болады, ал ең тиімдісі гормональды препараттарды комбинирлеп беру, яғни преднизолон мен гидрокортизон. Шоктан шыққаннан кейін гормондар мөлшерін 2-4 есеге қан қысымының көрсеткішімен төмендетеді. Көп гормондар енгізу уақыты 8-72сағат.
Инфекциялық агрессорлы заттардан организмді тазарту үшін энтеросорбенттер (смекта, полифепан, пектиндер, «Энтерокат-М» сияқты жаңа препараттары) қолдану тәсіліне байланысты қолданылады.
Жедел дизентерияның жеделдеу ағымында және реконвалесценттік бактериясақтаушылықта организмнің иммунологиялық реактивтілігін көтерудің маңызы зор; оны мына препараттар беру арқылы: метацил (0,1г күніне 3-4рет, 20-30 күн), пентоксил (0,25г күніне 3рет, 7-10 күн аралығында), дибазол (0,02г күніне 3-4рет, 5-7күн аралығында). «В» витамині (0,1г күніне 2-5рет, 30-40 күн аралығында, сарысулық полиглобулин (3мл бұлшық етке 3-4рет әрбір 2-3 күннен кейін) жүргізіледі. Реконвалесценция кезеңінде ас қорыту жетіспеушілігін толықтыру және тепе-теңдікке келтіру үшін фермент және кешенді ферменттерді (пепсин, абомин, панкреатин, панзинорм, фестал, ораза, мезим-форте және т.б.) 2-4 апта аралығында 1-2 дражеден 3-4рет күніне, тамаққа дейін 10-15 мин бұрын немесе тамақ ішу кезінде беру маңызды. Аурудың барлық жағдайында ішек дисбактериозы дамитындықтан эубиотиктер тағайындау керек. Алғашкы кезекте бидобактериясы бар (бификол, бифидумбактерин және т.б.) эубиотиктер тағайындайды. Көрсетілген препараттарды (5-10 дозадан тәулігіне) беру және ұзақ (3-4 аптадан кем емес) емдеу тиімді. Сонымен қатар сүт-диеталық, тағам-сүттік бифидумбактерин аурудың жедел кезеңінде және емдеу аяқтау кезінде өте тиімді екендігін көрсетті. Осындай мақсатта мынадай диеталық тағамдар: бифидобактериясы бар кефир-био, бифидок қолданылады.
Дизентерияның барлық формасында ішектің моторлы-эвакуаторлық қызметін жақсарту үшін спазмолитикалық және бырыстыратын әсері бар препараттарды (папаверин, но-шпа, белладонна, атропин, висмут, танальбин, легнин, қара жидек қайнатпасы, анар қабығы және т.б.) тағайындау керек. Тоқ ішектің шырышты қабатының репарациясы баяулағанда және айқын қабыну процессінде түймедақ тұнбасымен, эвкалиптпен емдік микроклизмалар жүргізіледі. Клизманы 100 мл көлемде, дефекациядан кейін, ұйқының алдында жасайды. 36 градус температураға дейін жылытылған ерітіндіні 15-20см тереңдікке резеңке катетерімен жібереді. Эрозивті және жаралық процессте итмұрын майы немесе каротолин, винилин, витаминденген балық майы, бүрген майы және т.б. жақсы нәтиже береді.
Ұзаққа созылған ағымында физиотерапия (диатермия, парафин аппликациясы немесе озокерит, жалпы жылу ванналары, папаверин немесе новокаинмен электрофарез) кеңінен тағайындалады. Осы процедуралар іштің ауруын азайтады, қабыну процессін жояды.
Созылмалы дизентерияны емдеуді бастау үшін иммунологиялық зерттеу, ішек қызметі мен биоцинозын тексеру керек. Стационар жағдайында екі курс терапия жүргізеді.
Бірінші емдеу курсында мынандай дәрілерді тағайындайды:
1. Этиотропты ем: фторхинолиндер (ципрофлоксацин 0,5гр. күніне 2 реттен, офлоксацин 0,4гр. 2 реттен) және аминогликозидтер (гентамицин 80мг. күніне 3 реттен немесе сизомицин, амикацин, тобрамицин) бұлшық етке 10 күнге дейін.
2. Иммунитетті коррекциялайтын дәрілер:
а) цитомединдер (имунофан, тимоген, тимоптин, тималин, Т-активин және т. б.) тәуліктік мөлшерде, дене салмағын есептей отырып 6-10 күн береді.
б) бактериалды липидті полисахаридтер (продигиозан, пирогенал және т. б.) әрбір 2 күннен кейін немесе ликопид 10 мг. күніне 2 рет тіл астына толық сіңірілгенге дейін 10 күн береді.
в) карбонат литий 0,1 гр. күніне 3 рет 10 күн эссенциалмен бірге (2 капсул 3 реттен) немесе витаминдер. Кәзіргі кезеңде полиоксидоний 5 мл.-дан, 5-10 рет.
Екінші емдеу курсын этиотропты емді аяқтағаннан кейін бірден бастайды. Бұл кезде пробиотиктер (сұйық бифидумбактерин немесе сұйық лактобактерин 15-20 мөлшерде күніне 2 рет, емдеу курсы 1,5-2 ай), поливитаминдер ферменттер.
Созылмалы дизентерия емі кешенді, кезеңдікпен және ауру кезеңіне, патологиялық процесске басқа ағзалармен жүйелер қамтуына байланысты жүргізіледі. Ауру қайталану кезеңін жедел дизентерия тәрізді емдейді, бірақ патогенетикалық емді күшейтеді (емдік тағам, ас-қорыту ферменттерін қолдану, эубиотикалық қасиетті, жазылу процессін жеделдейтін, қабынуға қарсы препараттар береді). Қайталану кезінде қатал тағамдану режимін сақтайды сонымен қатар рецидивтер аралығында. Емдік тағамдану № 4 стол негізіне жатады, жеке тағамның жағуымен қосымша ауруларды есепке ала отырып тағайындайды. Ішімдік пен сыраны мүлдем ішуге болмайды. Асқорыту органдарының функциональды-морфология жүйесіндегі мынадай өзгерістерді: дисбактериоз, дисферментоз, асқазанның қышқылтүзуші функциясын қалпына келтіру және т.б. жоюға көңіл аудару керек. Үзіліссіз формасында антибактериальды препараттарды абайлап қолдану керек. Антибактериальды терапияны ағзаның арнайы және арнайы емес резистентілігін препараттармен бірге жүргізу. Созылмалы дизентерияда ішек жағынан жедел процесстерді жойғаннан кейін, қосымша ауруларды емдеу ұсынылады. Алғашқы кезеңде құрт инвазиясы, холецистит, асқазан мен ішек ойық жарасы, гастрит, созылмалы панкреатит, он екі елі ішек жарасын сияқты ауруларды емдеуге көңіл аудару керек.
Бактериологиялық дәлелденбеген жедел дизентерияны үйде немесе ауруханада емдеген жағдайда, науқасты клиникалық сауығудан кейін 3 күннен кейін шығарады. Осы жағдайда тамақ дайындау, тасымалдау сату және оған теңелген адамдарды, емдеу аяқталғаннан соң 2 күннен кейін, 1 рет бактериологиялық зерттеуден өткізгеннен соң ғана шығарады. Теріс жауап болғанда ғана стационардан шығарады. Дизентериямен ауырған, бактериологиялық жолмен нақтыланған жағдайда клиникалық сауығу және температурасы қалпына келген соң 3 күннен кейін, бактериологиялық тексеру жүргізеді, тек теріс жауабында ғана шығарылады. Осы жағдайдағы декреттік топ адамдарын осы қағидалар және 2 бактериологиялық зерттеу жүргізеді. Созылмалы дизентерияда стационардан процесстің кері дамуынан соң, токсикоз жойылуы, 10 күн ішінде қалыптасқан нәжіс және емдеу аяқталғаннан соң 2 күннен кейін 1 рет бактериологиялық зерттеу қорытындысы теріс болған жағдайда стационардан шығарады. Тағамды тасымалдау, сақтау, сату және оған қатысты адамдарды стационарда емдеген дәрігердің анықтамасымен қосымша бактериологиялық зерттеусіз жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Егерде осы адамдарда бактериологиялық зерттеу қорытындысы 3 ай оң болса, олда консиллиум (инфекционист, терапевт, эпидемиолог) шешімімен басқа жұмысқа ауыстырылады.
Алдын-алу
Дизентерияның алдын алу үшін жалпы санитарлық қоғамдық кешенді шаралар, азаматтардың тұрғындық жағдайын жақсартуға арналған шаралар, территорияны тазалауда санитарлы-гигиеналық талапқа сәйкес қатаң қадағалау, тұрғындарды таза сумен, эпидемиялық тұрғыдан қарағанда қауіпсіз тағаммен қамтамасыз ету, тұрғындардың санитарлық мәдениетін көтеруге көп көңіл аудару керек. Бұл принциптер дизентерияға қарсы күресуде маңызды роль атқарады, сонымен қатар медициналық сипаттағы шаралар – ауру көзін табу және жою. Ауруды дер кезінде анықтау мен емдеудің әрине маңызы зор.
Су қоймаларын қатаң қадағалау мен бірге канализация, қоқым – соқымдарды жинау және оларды залалдансыздаруға қатаң санитарлық қадағалау керек. Сүт және сүт өнімдерін өңдеу өнеркәсіптерін өте қатаң санитарлық қадағалаудың маңызы зор. Дизентерияның алдын-алуда тұрғындар арасында санитарлық ағартудың негізгі міндеті гигиеналық дағдыларды насихаттау болып табылады. Тұрғындар арасында таза емес суға түсуге, сапасы күдікті термиялық өңдеуден өтпеген суды қолданбау туралы тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізу. Эпидемиологиялық тұрғыдан қарағанда, тамақ тасымалдайтын, сақтайтын, сататын адамдар арасында аурудың дер кезінде табылып, емдемеуі өте қауіпті. Мектеп жасына дейінгі мекемелерде, тағам өнеркәсібінде жұмыс беткейлерімен, жұмысшылардың қолдарынан, жүйелі түрде бактериологиялық зерттеуге жұғындылар алып отыру керек. Бұл жұмыстар санитарлы-техникалық жағдайы мен эпидемилогиялық қауіпті объектілерде жүргізіліп отырылады. Тағам өнеркәсібіне жұмысқа орналасатын адамдар бір рет бактериологиялық тексеруден өтеді. Қоздырғыш бөлінген жағдайда жұмысқа жіберілмейді, емдеуге бағытталады. Дизентериямен ауырғанда ошақта эпидемияға қарсы кешенді шаралар жүргізіледі. Медицина қызметкерлері ерте белсенді түрде науқастарды табуға көңіл бөледі. Ерте тиімді емдеу аурудың созылмалы формасына өтудің және бактериясақтаушылық алдын алады.
Ауруханадан шыққан реконвалесценттер емханадағы жұқпалы аурулар кабинетінің байқауында болады. Созылмалы дизентерия мен бактериясақтаушыларды үш ай бойы күнделікті қарау және бактериологиялық тексерулерден өткізіп, диспансерлік қадағалайды.
Тағам өнеркәсібі және оған теңелген адамдар дизентериямен ауырғаннан кейін үш ай бойы диспансерлік бақылайды, ал созылмалы дизентериямен ауырған адамдарды алты ай бойы диспансерлік бақылайды және ай сайын бактериологиялық тексерулерден өткізедіде. Осы уақыттан кейін, толық сауыққан жағдайда өз жұмысы бойынша істеу рұқсат беріледі. Науқасты ауруханаға жатқызғаннан кейін пәтерде (жатаханада) дезинфекция жүргізіледі. Егер науқас үйде қалған жағдайда, оңашалайды және қатаң түрде эпидемияға қарсы шаралар жүргізіледі. Науқас қасындағыларға жұқпалы ауруды күту және жекешелендіру режимі мен жеке гигиенаны сақтау туралы нұсқаулар беріледі. Балалар мекемелерінде тағам өнеркәсібімен оған теңелген адамдар жедел ішек инфекцияларымен ауырған жағдайда міндетті түрде эпидемиологиялық тексерулер жүргізіледі. Қалған жағдайда тексеру керектігін эпидемиолог шешеді. Арнайы алдын-алу кәзіргі кезде әрі қарай зерттелуде.
Достарыңызбен бөлісу: |