4.3. Қазақстан Республикасының резервтер жүйесi
Қазақстан Республикасының резервтер жүйесi Қазақстан Республикасының қорғанысын кепiлдi қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды жою үшiн қаржылық, материалдық-техникалық және өзге де ресурстарды бөлу мақсатында құрылады.
Резервтер жүйесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi құрады. Резервтер жүйесiнiң құрауыштарын басқаруды тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
Материалдық-техникалық құралдар мен әскери мүлiктi өндiру мен олардың қорларын резервтер жүйесiнде жинақтау үшiн мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының 2006-2010 жылдарға арналған жұмылдыру жоспарына сәйкес, Қазақстан Республикасында жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру мiндеттерiн iске асыру шеңберiнде жұмылдыру тапсырмалары белгiленедi.
Резервтер жүйесi қару-жарақтың, оқ-дәрiлер мен материалдық-техникалық құралдардың стратегиялық, жедел және әскери қорларын, сондай-ақ жұмылдыру резервтерiн қамтиды.
Материалдық-техникалық құралдардың стратегиялық қорларын жинақтауды және ұстауды Қазақстан Республикасының Үкiметi ұйымдастырады.
Материалдық-техникалық құралдардың стратегиялық қорларын есепке алуды және сақтауды тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
Қару-жарақтың, оқ-дәрiлер мен материалдық-техникалық құралдардың жедел қорларын жинақтау мен ұстауды Қорғаныс министрлiгi, ал әскери қорларын жинақтау мен ұстауды - Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттiк органдары жүзеге асырады.
Адами және көлiктiк жұмылдыру резервтерiн есепке алуды Қазақстан Республикасы Астана және Алматы қалаларының, облыстарының (қалаларының, аудандарының) қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттерi (басқармалары, бөлiмдерi) жүзеге асырады.
Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, аумақтық және азаматтық қорғаныс үшiн жұмылдыру резервтерiн дайындау мен жинақтау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтары комитетiнiң жалпы басшылығымен жүзеге асырылады.
Резервтер жүйесiн жетiлдiру үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi:
жұмылдыру даярлығының және экономиканы бейбiт жағдайдан соғыс жағдайына көшiрудiң қажеттi нормативтiк құқықтық базасын әзiрлеудi;
ел экономикасын жұмылдыру дайындығы мен халқын жұмылдыра даярлаудың тиiмдi жүйелерiн құруды;
резервтер жүйесiнiң материалдық-техникалық базасын дамытуды, оны қазiргi заманғы өрттiк және күзеттiк белгi берумен жарақтандыруды;
қажеттi мөлшерде материалдық құралдар жинақтауды және осы қорларды мемлекеттiк материалдық резервтерде ұстауды ұйымдастырады.
5. Қазақстан Республикасының халықаралық әскери ынтымақтастығы
5.1. Халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық
Қазақстан Республикасының халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес, сыртқы саяси және экономикалық орындылыққа сүйене отырып, әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мiндеттерiн теңгерiмдi шешу, Қазақстанның оның әлеуетiне барабар жаңа халықаралық деңгейге шығуы, өңiрлiк көшбасшы ұстанымын нығайту мақсатында жүзеге асырылады.
Осы мақсатқа қол жеткiзу көпұлттық негiзде сенiм мен серiктестiк шараларын кеңейтумен және нығайтумен үйлесiмдiкте ұжымдық қауiпсiздiк жүйесін қалыптастыруды көздейді.
Қазақстан Республикасы халықаралық тұрақтылық, ұлттық, өңiрлiк және жаһандық қауiпсiздiк мүдделерiнде тең құқықтық, өзара тиiмдiлiк және бейбiт көршiлiк принциптерi негiзiнде халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы қару-жарақ, әскери мақсаттағы өнiмдердiң, қосарлы мақсаттағы қолданыстағы тауарлар мен технологиялардың экспортын бақылау саласындағы халықаралық мiндеттемелердiң мүлтiксiз сақталуын қамтамасыз етедi.
Халықаралық әскери ынтымақтастықтағы басым бағыттарды Қазақстан Республикасы мыналар деп санайды:
бiрыңғай қорғаныс кеңiстiгiн құру және ұжымдық әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi күш-жiгердi шоғырландыру қажеттiгiне сүйене отырып, Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жандандыру;
өңiрдегi жалпы әскери-саяси мүдделер негiзiнде Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен стратегиялық серiктестiктi тереңдету;
Қарулы Күштердi техникалық жаңғырту, әскери технологиялар трансфертi, кадрлар даярлау және өңiрдегi әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүдделерiнде әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелерi бойынша Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықты нығайту;
Орталық Азия мемлекеттерiмен және басқа да елдермен әскери және әскери-техникалық салаларда ынтымақтастықты кеңейту;
НАТО-ның басшылығымен терроризмге қарсы операцияларды және бейбiтшiлiктi қолдау жөнiндегi операцияларды жоспарлауда, өткiзуде және жан-жақты қамтамасыз етуде бiрлескен оқу-жаттығуларға қатысу мен тәжiрибе алмасу;
"Бейбiтшiлiк жолындағы серiктестiк" бағдарламасы шеңберiнде, сондай-ақ верификатор-офицерлердi даярлау жөнiнде өңiрлiк орталықтар құру;
әскери құралымдардың БҰҰ аясында бейбiтшiлiктi қолдау жөнiндегi операцияларға қатысуы.
5.2. Қазақстан Республикасының коалициялық әскери құрылысқа қатысуы
Қазақстан ұлттық қауiпсiздiктiң тиiмдi және қазiргi заманғы жүйесiн құра отырып, өңiрлiк және жаһандық қауiпсiздiк жүйелерiмен белсендi өзара iс-қимыл жасайды.
Қазақстан Республикасы бiрлескен қауiпсiздiктi және ұжымдық қорғанысты қамтамасыз ету мүдделерiнде жүзеге асырылатын коалициялық әскери құрылыс шеңберiнде Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайтатын болады.
Коалициялық әскери құрылыстың негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
ҰҚШҰ шеңберiнде әскери саладағы ынтымақтастықты кеңейту;
әскери саладағы нормативтiк құқықтық базаны келiсу;
ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi орындауға даярлау.
Коалициялық әскери құрылыстағы басым бағыттарды Қазақстан Республикасы мыналар деп санайды:
ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердiң ұжымдық әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыру;
әскерлердiң (күштердiң) коалициялық (өңiрлiк) топтарын және оларды басқару органдарын құру және даярлау, олардың жауынгерлiк дайындығының талап етiлетiн деңгейiн қолдау;
ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердiң қарулы күштерiн жалпы қауiпсiздiк пен ұжымдық қорғаныс мүдделерiнде қолдануды жоспарлау;
ұжымдық қауiпсiздiк жүйесi күштерi мен құралдарының өзара iс-қимылы мәселелерiн жетiлдiру, бiрлескен iс-қимылдардың мазмұнын, нысандары мен тәсiлдерiн айқындау;
келiсiлген бағдарламалар мен жоспарлар бойынша жалпы қауiпсiздiк пен ұжымдық қорғанысты қамтамасыз ету мүдделерiнде әскерлердi мақсаты бойынша мiндеттердi орындауға даярлау;
халықаралық терроризмге, дiни экстремизмге, сепаратизмге, есiрткi бизнесiне қарсы күресте бiрлескен күш-жiгердi жандандыру және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау процесiне қатысу;
Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер арасындағы 1992 жылғы 15 мамырдағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негiзгi принциптерi туралы келiсiм шеңберiнде өзара тиiмдi әскери-техникалық ынтымақтастық;
әскери ғылымды дамыту, әскери кадрлар даярлау.
5.3. Бiтiмгершiлiк қызмет
Қазақстан Республикасы бiтiмгершiлiк қызметтi ұжымдық және ұлттық қауiпсiздiктi нығайту жөнiндегi өз саясатының маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде қарастырады, оны пiсiп-жетiлген әскери-саяси дағдарыстар мен әскери жанжалдарды саяси құралдармен ертерек табу мен уақтылы болдырмаудың негiзгi құралдарының бiрi деп санайды.
Бiтiмгершiлiк қызметтiң мақсаты қарулы жанжалды тоқтату және оны саяси реттеуге ықпал ететiн жағдайлар жасау болып табылады.
Бiтiмгершiлiктiң халықаралық iстерде Қазақстанның әскери-саяси айқындамасының iлгерiлеуi мен мүдделерi үшiн маңызды мәнi бар, сондай-ақ халықаралық аренадағы елдiң беделiн елеулi дәрежеде көтередi.
Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасы оған берiлген мандат негiзiнде БҰҰ аясындағы бiтiмгершiлiк операцияларына белсендi қатысатын болады.
Қазақстанның бiтiмгершiлiк қызметiндегi бастысы өңiрлiк және халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң шешiмдерiне және жалпы танылған халықаралық құқық нормаларына сәйкес ұжымдық күш-жiгердi шоғырландыру iсiнде мемлекеттiң принциптiк айқындамасы болып табылады.
Бiтiмгершiлiк әлеуеттi дамытудың тиiмдi құралдарының бiрi күшейтiлген инженерлiк-саперлiк және медициналық құрамы бар өңiрлiк бiтiмгершiлiк орталық құру болады.
Бейбiтшiлiктi қолдау және қалпына келтiру жөнiндегi операцияларда мiндеттердi орындау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының халықаралық стандарттар бойынша арнайы дайындалған бөлiмшелерiне жүктеледi.
Олардың бiтiмгершiлiк операцияларына қатысуы Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамасына және бекiтiлген халықаралық шарттарына сәйкес қабылданатын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
Бөлiнген контингенттi жеке құраммен жасақтау ерiктi негiзде жүргiзiледi.
Бөлiнген контингент бiтiмгершiлiк операциясы барысында мынадай мiндеттердi орындауы мүмкiн:
халықаралық қоғамдастық қабылдаған санкцияларды орындауды қамтамасыз ету мақсатында жанжал ауданын қоршау;
жанжалдасушы тараптардың қарулы топтарын ажырату және оларды қарусыздандыру;
атысты тоқтату, бейбiтшiлiк орнату және әскери iс-қимылдардың қайта туындауын болдырмау режимiн қамтамасыз ету;
жергiлiктi жердi минадан тазарту, фортификациялық құрылыстар мен жаппай қырып-жою қаруын қолдану зардаптарын жою;
жауынгерлiк техниканы, қаруды, оқ-дәрiлер мен жарылғыш заттарды құқыққа қарсы тасымалдауға, әкелуге және әкетуге бақылау мен оның жолын кесу;
жергiлiктi жердi және бөлу аймағындағы халықтың iс-қимылын бақылау, тәртiпсiздiктерге қарсы iс-қимыл жасау;
жергiлiктi билiк органдарына (құқық қорғау органдарына) құқық тәртiбiн қолдауда жәрдем ету, бұрынғы тұрған жерiне қайтып оралған адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
ізгiлiк көмек жүктерiн күзету және iлесiп жүру;
жанжалды реттеу жөнiндегі келіссөздер үшiн ресми кездесулердiң қауiпсiздiгiн және бiтiмгершiлiк миссиялар персоналының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.
6. Қорытынды
Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы елдiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтiң қорғаныстың бағыттылығын айқындайды, Қазақстанның кез келген мемлекетаралық қайшылықтар мен жанжалдарды шешудiң әскери емес шараларына принциптiк бейiлдiлiгiн растайды.
Әскери доктринаның ережелерi әлемдегi және өңiрдегi әскери-саяси жағдайдың өзгерулерi, әскери қатерлердiң сипаты мен мазмұны, мемлекеттiң әскери ұйымдарының даму бағыттары ескерiле отырып нақтыланатын және толықтырылатын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жыл сайынғы жолдауларында, әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамытудың бағдарламалық құжаттарында нақтыланатын болады.
Қазақстан Республикасы өзiнiң халықаралық қауiпсiздiктi және жалпыға ортақ бейбiтшiлiктi қолдау, әскери жанжалдарды болдырмау мақсаттарына бейiлдiлiгiн растайды.
Достарыңызбен бөлісу: |