«Қазақстан республикасының конституциялық ҚҰҚЫҒЫ» ПӘннін оқУ-Әдістемелік кешені оқытушыға арналған оқу жұмыс бағдарламасы


Қазақстан Республикасының Үкіметі



бет7/9
Дата11.06.2016
өлшемі0.66 Mb.
#128305
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Қазақстан Республикасының Үкіметі

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі – атқарушы биліктің жоғарғы органы.

2. Үкіметті құру тәртібі, құрылымы мен құрамы.

3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті.

4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілері.

Қазақстан Республикасы Үкіметі – атқарушы биліктің жоғарғы органы болып табылады. Ол сонымен бірге еліміздегі атқарушылық қызметті іске асыратын, атқарушы органдардың жүйесін басқаратын және олардың қызметіне басшылық жасайтын, жалпы құзыреттерге ие алқалы орган болып есептеледі.

          Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік биліктің жеке тармағы болып табылады және мемлекеттің атқарушы билігін бейнелейді. Сондықтан Конституция Үкіметтің мемлекеттік билік жүйесіндегі орнын анықтайды, биліктің басқа тармақтарымен өзара қарым-қатынасының нормативтік негіздерін белгілейді. Конституция Үкімет пен Парламенттің, Үкімет пен Президенттің өзара қарым-қатынасын анықтап, тежемелік және тепе-теңдік механизмін белгілейді.

          Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтық мәртебесін Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» 1995 жылғы 18 қазандағы Конституциялық Заң реттейді.

Үкімет атқарушы биліктің бірыңғай жүйесіне кіретін министрліктердің, мемлекеттік комитеттер мен басқа да ведомстволардың жұмысының негізгі бағыттарын айқындайды.

Үкімет бүкіл қызметінде Республика Президентінің алдында жауапты, ал Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты.

         Конституцияда көзделген тәртіппен Үкіметті Қазақстан Республикасының Президенті құрады. Премьер-Министрге кандидатураны Президенттің өзі іріктейді және кандидатураға келісімін алу үшін оны Парламент Мәжілісінің қарауына енгізеді. Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен Премьер-Министрді тағайындауға келісім алғаннан кейін Президент оны Премьер-Министр қызметіне бекітеді. Республика Премьер-Министрі тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді. Үкіметтің құрамына Үкімет мүшелері – Республиканың Премьер-Министрі, оның орынбасарлары, министрлер және Республиканың өзге де лауазымды адамдары кіреді. Үкімет мүшелері Қазақстан халқына және Президентіне ант береді.

Республика Үкіметінің өкілеттік мерзімі:

1) Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Республиканың Премьер-Министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.

2) Республиканың Президенті өз бастамасы бойынша Үкіметтің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауға және оның кез келген мүшесін қызметтен босатуға хақылы.  

3) Егер Үкімет және оның кез келген мүшесі өздеріне жүктелген міндеттерді одан әрі жүзеге асыруы мүмкін емес деп есептесе, олар Республиканың Президентіне өз орнынан түсетіні туралы мәлімдеуге хақылы.

4) Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдейді.

Орнынан түсуді қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселені Республиканың Президенті он күн мерзімде қарайды. Орнынан түсуді қабылдау Үкіметтің не оның тиісті мүшесінің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Премьер-Министрдің орнынан түсуін қабылдау бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын білдіреді. Ал Үкіметтің немесе оның мүшесінің орнынан түсуі қабылданбаған жағдайда Президент оған міндеттерін одан әрі жүзеге асыруды тапсырады.

Атақуршы органның жоғарғы органы ретінде Үкіметке Қазақстан Республикасының Конституциясымен және «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңда кең өкілеттіктер берілген.

         Экономика саласында Үкімет мемлекеттің экономикалық саясатының негізгі бағыттарын, экономикалық бағдарламаларды, Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырады.

          Әлеуметтік салада Үкімет мемлекеттік саясаттың, мемлекеттік бағдарламаның негізгі бағыттарын әзірлейді; еңбекке ақы төлеудің жүйесі мен шартын, азаматтардың әлеуметтік қорғалуын, мемлекетттік тұрғыдан әлеуметтік қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қамсыздандырылуын белгілейді; аймақтарды әлеуметтік дамыту мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді.

          Ғылым, техника, білім мен мәдениет саласында Үкімет ғылыми-техникалық даму жоспарын әзірлейді және жүзеге асырады; Ғылым мен техниканы, мәдениет пен білімді дамыту, жаңа технологияны енгізу жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеп, жүзеге асырады.

          Әкімшілік-саяси басқару саласында Үкімет консультативті-кеңесші органдарды құрып, таратады, Үкіметтің құрамына кірмейтін министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, орталық атқарушы органдардың қызметін басқарады, олардың Президент пен Үкіметтің актілерін орындауын бақылайды; министрліктердің орынбасарларын қызметке тағайындап, қызметтен босатады; жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі қызметін басқарады, олардың заңдарды орындауын бақылайды.

          Заңдылық пен құқық тәртібін нығайту саласында Үкімет құқықтық реформаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді; азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мен қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін, республиканың қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін, мемлекеттік шекараның аумақтық тұтастығы мен қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар әзірлеп, жүзеге асырады.

          Сыртқы саясат саласында Үкімет келіссөз жүргізіп, үкіметаралық келісімдерге қол қою туралы шешімдер қабылдайды; республиканың шет мемлекеттермен, халықаралық және аймақтық ұйымдармен өзара қарым-қатынасын дамытуды қамтамасыз етеді; сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асыру жөнінде шаралар әзірлейді; сыртқы сауданы дамыту жөнінде шаралар қолданады; халықаралық қаржы ұйымдармен өзара ынтымақты қарым-қатынас орнатады.

          Премьер-Министрдің мынадай өкілеттігі болады:


  1. Үкіметтің жұмысын ұйымдастырады, оған басшылық жасайды және оның жұмысы үшін дербес жауап береді;

  2. Үкімет қаулыларына қол қояды;

  3. Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның аса маңызды барлық шешімдері жөнінде Президентке баяндап отырады;

  4. Үкімет қызметін ұйымдастыруға және басшылық жасауға байланысты басқа да қызметтерді атқарады.

Қазақстан Республикасы Үкіметі, біріншіден, Парламент депутаттары мен Президент жүзеге асыратын заң шығару процессіне қатысады; екіншіден, өз құзыреті шеңберінде норма шығарушылықты жүзеге асырады; үшіншіден, министрліктер мен ведомтсволардың норма шығарушылық қызметін бақылайды; төртіншіден, атқарушы биліктің жергілікті органдарының норма шығарушылық қызметін бақылайды.

Үкіметтің заң шығару бастамасы құқығы болады. Ол өз құзыретіне кіретін барлық мәселелер бойынша заң жобаларын әзірлеп, оны Мәжілістің қарауына енгізуге құқылы.

Қазақстан Республикасының Үкіметі өз құзыретінің мәселелері бойынша Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулылар шығарады.

Республиканың Премьер-Министрі Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар өкімдер шығарады.


Бақылау сұрақтары

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі қалай құрылады?

  2. Республиканың Премьер-Министрі кімнің келісімімен тағайындалады?

  3. Республика Үкіметінің өкілеттік мерзімі қандай?

  4. Үкімет бүкіл қызметінде кімнің алдында жауапты?

  5. Қазақстан Республикасының Үкіметі қандай өкілеттіктерді жүзеге асырады?

  6. Премьер-Министр қандай өкілеттіктерді атқарады?

  7. Қазақстан Республикасы Үкіметі қандай актілер қабылдайды?

11-тақырып



Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі.

1. Конституциялық Кеңес және оның мүшелерінің құқықтық мәртебесі.

2. Конституциялық Кеңестің өкілеттіліктері.

3. Конституциялық іс жүргізу.

4. Конституциялық Кеңестің актілері.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі – Конституцияның аса жоғарғы заңдық және тікелей орындалуына ықпал жасайтын орган болып табылады. Онда азаматтардың еркіндігі мен бостандығы, мемлекеттік механизмнің дұрыс жұмыс атқаруы мен биліктің бөліну қағидаларына негізделген принциптердің жоғарғы дәрежеде қорғалуына және орындалуына ықпал етеді.

          Конституциялық Кеңестің құрылуы мен қызмет атқаруы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсанда қабылданған Конституциялық Заңымен реттеледі.

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясында Конституциялық Кеңеске арналған бөлім бар. Осы мемлекеттік органның қандай мақсатта құрылатындығы Конституцияда көрсетілмеген. Алайда, Конституциялық Кеңестің Конститутцияда белгіленген өкілеттілігінен Конституциялық Кеңестің негізгі көздейтіні Конституцияны қорғау екендігі көрінеді.

Конституциялық Кеңес, оның ішінде Төраға бар, жеті адамнан тұрады. Осыған қоса Республиканың экс-Президенттері өмір бойына Конституциялық Кеңестің мүшесі болып табылады. Конституциялық Кеңестің Төрағасын қызметке Республиканың Президенті тағайындайды, Президент қызметінен босатады. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін – Республика Президенті, екі-екі мүшеден тиісінше Сенат және Мәжіліс тағайындайды. Конституциялық Кеңес мүшелерінің өкілеттігі – 6 жыл. Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.

Конституциялық Кеңес мүшелеріне мынадай талаптар қойылады:

- олар Қазақстан республикасының азаматтары болуы тиіс;

- жасы отыздан төмен болмауы керек;

- Қазақстан аумағында тұруы тиіс;

- жоғары заң білімі болуы керек;

- заң мамандығы бойынша кем дегенде бес жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек.

Конституциялық Кеңестің қарауына жатқызылған мәселелердің сипатына орай, осы органның құзіреті өкілеттіктердің төрт тобынан тұрады.

Даулы мәселелерді шешу жөніндегі өкілеттіліктер бірінші топқа жатады. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша: 1) Республика Президенті сайлауын; 2) Парламент депутаттары сайлауын; 3) республикалық референдум өткізудің дұрыстығы туралы даулы мәселелерді шешеді. Конституциялық Кеңес аталған шараларды өткізу кезінде Конституцияның, сайлау жөніндегі және өзге де заңдардың бұзылған, бұзылмағандығы туралы мәселені қарайды. Егер жиналған материалдар заңның бұзылғандығына көз жеткізсе, онда Конституциялық Кеңес сайлауды және референдумды заңсыз деп таниды.

Конституциялық Кеңес өкілеттігінің екінші тобына: 1) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін қарау; 2) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарау; 3) Республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарауға қатысты өкілеттіктер жатады.

Конституциялық Кеңес  өкілеттігінің үшінші тобына: 1) Конституция нормаларын ресми түсіндіруге; 2) Республика Президентін қызметінен мерзімінен бұрын босату туралы Парламент шешімі шыққанға дейін Президентті қызметінен кетіру туралы түпкілікті шешім – белгіленген конституциялық рәсімдерді сақтау туралы қорытынды беруге қатысты өкілеттіктер жатады.

Конституциялық Кеңес өкілеттігінің төртінші тобына: егер сот қолдануға жататын нормативтік-құқықтық акт адамдар мен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп шешсе, актінің Конституцияға сәйкес келмейтіндігін тану туралы сот жүгінісін қарауға байланысты өкілеттіктері жатады.

Конституциялық Кеңестің Төрағасы ерекше, жеке өкілеттіктерді иеленеді. Ол:

1) Конституциялық Кеңес іс жүргізуге  қабылдаған мәселелерді қарауға даярлықты басқарады;

2) Конституциялық Кеңестің отырыстарын шақырады, оған төрағалық етеді;

3) Конституциялық Кеңес мүшелерінің міндеттерін бөледі, олардың жұмысын ұйымдастырады;

4) Республика Президентінің талап етуімен оған елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпараттар береді;

5) Конституциялық Кеңестің шешімдері мен хаттамаларына қол қояды. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңес туралы» конституциялық заңына және Конституциялық Кеңес Регламентіне сәйкес Конституциялық Кеңес Төрағасы басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы конституциялық заң Кеңес Төрағасы мен мүшелері өкілеттігін тоқтата тұру жағдайы мен тоқтату жағдайын ажыратады.

Өкілеттілікті тоқтата тұру негізінен екі топқа бөлуге болады.

Бірінші топқа мынадай:

- Конституциялық Кеңестің отырыстарына кем дегенде үш рет қатарынан дәлелсіз себепсіз қатыспау;

- Денсаулығына байланысты өз міндетін атқаруға ұзақ уақыт бойы қабілетсіз болу;

- Соттың заңдық күшіне енген шешімі бойынша хабарсыз жоқ болып кетуі танылған жағдайлары жатады. Мұндай жағдайларда Конституциялық Кеңестің өзі осы мүшені тағайындаған субъектіге ұсыныспен шығады.

Өкілеттігі тоқтатыла тұратын екінші топқа заңмен белгіленген тәртіп бойынша:

- тұтқындауға;

- әкімшілік жауаптылыққа тартуға;

- қылмыстық жауаптылыққа тартуға;

- сотта медициналық сипатта күштеу шараларын қолдану туралы өтініш түсіруге;

- сотта Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе мүшелерінің қабілетсіз немесе қабілетінің шектеулі екендігін тану туралы өтініш түсіруге келісім берілген жағдайлар жатады.

Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе оның мүшелерінің өкілеттігін тоқтата тұру туралы шешім өкілеттікті тоқтата тұру үшін негіз белгілі болған кезден әрі кеткенде бір айдың ішінде қабылданады. Аталған адамдардың өкілеттігі оны тоқтата тұруға қызмет еткен негіздер дәлелденгенше тоқтатыла тұрады. Егер аталған негіздер дәлелденсе, ол олардың өкілеттігінің тоқтатылуына әкеліп соқтырады.

Конституциялық Кеңес Төрағасының немесе оның мүшелерінің өкілеттігі мынадай, егер:

- орнынан түсу туралы өтініш қабылданса;

- Жоғарғы Соттың ол туралы айыптау үкімі заңды күшіне енсе;

- ол қайтыс болған жағдайда;

- қызметінің Конституция бойынша белгіленген мерзімі біткен;

- алпыс жасқа, ерекше жағдайларда – алпыс бес жасқа толған (мұның экс-Президентке қатысы жоқ);

- саяси мақсаттарды көздейтін саяси партияларға немесе өзге де қоғамлдық бірлестіктерге кірген жағдайларда тоқтатылуы мүмкін.

Өз құзыретін Конституциялық Кеңес конституциялық іс жүргізу түрінде жүзеге асырады. Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар болып өтініштері бойынша конституциялық іс қозғап отырған мына адамдар мен органдар танылады:


      1. Республика Президенті;

2) Парламент Сенатының Төрағасы;

3) Парламент Мәжілісінің Төрағасы;

4) өздерінің жалпы санының кемінде бестен бірі болатын Парламент депутаттары;

5) Премьер-Министр;

6) Республика соттары;

7) актілерінің конституциялылығы тексерілетін мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар.

Конституциялық Кеңес өтініштер түскен күннен бастап бір ай ішінде өз шешімін шығарады. Егер мәселені кейінге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентінің талабы бойынша бұл мерзім он күнге дейін қысқартылуы мүмкін.

Конституциялық Кеңестің отырысында қабылданатын кез келген акт оның шешімі болып табылады. Конституциялық Кеңестің шешімдері мынадай нысандарда қабылданады:



    1. қаулылар, соның ішінде нормативтік қаулылар;

    2. қорытындылар;

    3. жолдаулар.


Бақылау сұрақтары

  1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің мәртебесі?

  2. ҚР-да Конституциялық Кеңестің мүшесі кім болуы мүмкін?

  3. Конституциялық Кеңес қандай өкілеттіктерді атқарады?

  4. Конституциялық Кеңес мүшелерінің өкілеттіктері қандай жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін?

  5. Конституциялық Кеңес мүшелерінің өкілеттіктері қандай жағдайларда тоқтатылуы мүмкін?

  6. Конституциялық Кеңес қандай актілер қабылдайды?

  7. Конституциялық іс жүргізу дегеніміз не?

  8. Конституциялық Кеңес өтініштер түскен күннен бастап қанша уақыт ішінде өз шешімін шығарады?

12-тақырып



Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі

 1. Қазақстан Республикасының Сот жүйесі.



2. Әділ соттың конституциялық принциптері.

3. Қазақстан Республикасындағы судьялардың мәртебесі.

4. Жоғарғы Соттың нормативтік актілері.

Сот билігі – бұл сот әділдігін жүзеге асыратын құзыретті орган болып табылады. Мемлекеттік қызметтің бір түрі болып табылатын сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белігенген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады.



Мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде сот билігінде біртұтас мемлекет құрылысына тән барлық ортақ белгілер бар:

1) оның қызметі мемлекеттің бүкіл кеңістігінде әрекет ететін Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді;

2) оның қызметі елдің бүкіл аумағына таралады;

3) сот органдарының шешімдері тек олардың құзыреті шеңберінде қабылдануға тиіс;

4) сот органдарының шешімдері мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, азаматтар, олардың бірлестіктері үшін міндетті;

5) сот органдары заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға жәрдемдеседі.

            Биліктің ерекше тармағы ретінде сот билігінде белгілі бір өзіндік ерекше белгілері бар:

1. Сот билігінің маңызды өзіндік белгісі оның айрықшылығы болып табылады. Ешбір басқа билік тармағының – заң шығарушы, атқарушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті де өкілеттіктерін иеленбейді. Тек сотар ғана әділ сотты жүзеге асырады, бұл Конституцияның 75-бабында “Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады” деп жазылған.    

2. Сот билігінің елеулі бір нышаны мемлекеттік қызметкерлердің ерекше санаты болып табылатын судьялардың ерекше мәртебесі мен қызмет режимі болып табылады. Конституцияға сәйкес Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң мамандығы білімі, заң мамандығы бойынша кем дегенде екі жыл жұмыс стажы және біліктілік емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады.

3. Сот билігінің өзіндік бір нышаны оның қызметін іштен бақылаудың ерекше жүйесі болып табылады. Әділ сотты жүзеге асыра отырып, соттар Конституция мен заңға ғана бағынатын болғандықтан, заң шығарушы, сондай-ақ атқарушы биліктің де олардың шешімдерінің заңдылығын бақылауды жүзеге асыруға құқығы жоқ. Соттардың қызметін бақылау соттық қадағалау арқылы және прокурорлық қадағалау арқылы жүзеге асырылады. Жоғарғы Сот қадағалау тәртібінде төмен тұрған соттар қарастырған істерді қарастырады.

          Қазақстан Республикасының Конституциясында судьялар заңды қолдану кезінде басшылыққа алуға тиіс әділ сот принциптері белгіленген (77-бап):

1. Адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмыс кінәлі емес деп есептеледі. Бұл қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам сот шешімі заңды күшіне енгенше қылмыскер болып есептелмейді деген сөз.

2. Бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды. Бұл принцип барлық құқыққа қарсы әрекеттерге қатысты қолданылады.

3. Өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды.

4. Сотта әркім де өз сөзінің тыңдалуына құқығы бар. Бұл демократиялық әділ соттың жалпыға танымал принципі болып табылады. Сот жазалаушы орган емес, ақиқатты анықтауға, сондай-ақ мәселені әділ шешуге арналған орган.

5. Конституция белгілі бір жағдайларда заңдардың кері күші жоқ деп белгілейді. Төмендегідей заңдардың кері күші жоқ: а) жауапкершілік белгілейтін немесе күштейтін; б) азаматтардың ахуалын нашарлататын заңдар.

6. Айыпталушы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес. Бұл принцип кінәсіздік презумпциясынан туындайды. Егер адам заңдық жауапкершілікке тартылса, оның кінәлі екендігін тиісті орган дәлелдеуі тиіс.

7. Адам өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгіленген шектегі жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес екені туралы принцип өте гуманды болып табылады. Адам өзінің кінәсін ерікті түрде мойындай алады, бірақ өз-өзіне қарсы көрсетуге міндетті емес. Бұл принциптің кепілі жазалау үшін жалғыз  мойындаудың жеткілісіздігі туралы  конституциялық қағида болып табылады.

8. Кез келген күмәндерді сотталушының пайдасына түсіндіру әділ соттың маңызды принципі болып табылады. Бұл принцип айыпталушылардың кінәлігі туралы дәлелдері жеткілісіз бола тұрып, сонда да күдіктілерді сотқа тапсырып сотталуына ұмтылатын тергеу акцияларына қарсы бағытталған.

9. Заңсыз тәсілмен алынған дәлелге заңдық күш бермеу конституциялық принцип болып табылады. Адамның қәдір-қасиетін кемсіту арқылы алынған дәлелдер заңсыз болып табылады. Ешкім де азапқа, зорлыққа, басқаша қаталдыққа ұшырамауға тиіс.

10. Конституция қылмыстық заңды ұқсастық бойынша қолдануға жол бермейді. Бұл егер адам жасаған іс заңда қылмыс деп есептелмесе, сырттай ұқсас іс үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін заңды осы іске қолдануға болмайды деген сөз. Қысқаша айтсақ, егер заң көздемеген болса қылмыс жоқ.

Конституциямен белгінеген сот төрелігінің принциптері Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады.

          ҚР-ның Сот жүйесі, ҚР-ның Конституциясына, “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы” 2000 жылғы 25-желтоқсанындағы Конституциялық Заңына негізделген.

         Қазақстан Республикасының соттары болып: Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары табылады. Жергілікті соттарға мыналар жатады:



  1. Облыстық және оларға теңестірілген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары, мамандандырылған соттар - Қазақстан Республикасының Әскери соты, мамандандырылған қаржылық соттар және басқалар);

  2. аудандық және оларға теңестірілген сотттар (қалалық, ауданаралық, мамандандырылған сот – гарнизонның әскери соты және т.б.);

  3. Қазақстан Республикасында мамандандырылған (әскери, қаржылық, экономикалық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі және басқа) соттар құрылуы мүмкін.

Ешқандай да лауазымды тұлға, орган сот қызметін, функциясын жүзеге асыра алмайды, оны тек қана сот жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын Жоғарғы Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды.

Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғарғы Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Республика Президенті қызметке тағайындайды.

Соттарды конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкін. Сот алқалары төрағаларына өкілеттіктер беру тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.

Жоғарғы Сот Кеңесі Республика Президенті тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан құралады.  

Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағына сәйкес аудандық соттың судьясы болып: жиырма бес жасқа толған, жоғарғы заң білімі бар, еңбек жолы мінсіз және заң саласында 2 жыл жұмыс стажы бар, Әділет біліктілік алқасында немесе мамандандырылған магистратурада біліктілік емтиханын тапсырған, медициналыққ куәландырудан өткен және судьяның кәсіби міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін ауруларының жоқтығын растаған Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкін.

         Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетін, заң мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс стажы бар, оның ішінде, әдетте, кемінде бес жыл судья болған азамат облыстық соттың судьясы бола алады.

Осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келетін, заң мамандығы бойынша кемінде он бес жыл жұмыс стажы бар, оның ішінде, әдетте кемінде он жыл судья болған азамат Жоғарғы Соттың судьясы бола алады.

          Қазақстан Республикасында Сот билігін жүзеге асыратын судьялар болып табылады. Судья сот төрелігін жүзеге асыру барысында тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

Судьялар тұрақты, олардың тәуелсіздігі Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкілеттігі тек заңда белгіленген негіздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кідіртілуі мүмкін.           

  Қазақстан Республикасының Конституциясында қолданыстағы құқыққа Республиканың Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары кіреді деп жазылған. Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы конституциялық заңына сәйкес Жоғарғы Сот сот практикасында заңдарды қолдану мәселелері бойынша түсіндірмелер беретін нормативтік қаулылар қабылдайды (17-бап).
Бақылау сұрақтары


  1. Сот билігінде біртұтас мемлекет құрылысына тән ортақ белгілерді атаңыз.

  2. Сот билігінің өзіндік ерекше белгілері қандай?

  3. Әділ сот принциптерін атаңыз.

  4. Республиканың соттарына қандай соттар жатады?

  5. Жергілікті соттарға қандай соттар жатады?

  6. Қазақстан Республикасы мемлекеттік билігі жүйесінде Жоғарғы Соттың орны қандай?

  7. Қазақстан Республикасында кім судья бола алады?

  8. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын кім тағайындайды?

  9. Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын кім тағайындайды?

  10. Жоғарғы Сот Кеңесі Төрағасын кім қызметке тағайындайды?

  11. Қандай Жоғарғы Соттың актілерін білесіз?

13-тақырып




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет