ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҰЛТТЫҚ БАНКІ
№ 18 БАСПАСӨЗ Р Е Л И З І
2012 жылғы 10 мамыр
Қаржы нарығындағы ахуал туралы
-
Инфляция
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша инфляция 2012 жылғы сәуірде 0,7% (2011 жылғы сәуірде – 0,5%) деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,3% (1,0%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,5% (0,2%) және ақылы қызмет көрсету 1,2% (0,0%) өсті.
Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда көп дәрежеде жұмыртқа – 2,0%, ет және ет өнімдері – 1,0%, оның ішінде сиыр еті – 1,3%, шошқа еті – 1,0%, қант – 0,9%, балық және теңіз өнімдері – 0,4% қымбаттады. Жарманың бағасы 4,3%, жемістер мен көкөністер 1,1%, май және тоң май 1,0% төмендеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында киім және аяқ киім бағасы 0,2%, дәрі-дәрмектер 0,2% көтерілді. Бензин және дизель отынының құны тиісінше 3,7% және 3,5% өсті.
Ақылы қызмет көрсету тобында тұрғын үй-коммуналдық саласындағы қызметке ақы төлеу 1,6%-ға өсті. Бұл ретте электр энергиясының тарифтері 6,5%, тұрғын үйді жалға алу және суық су – 1,1%, ыстық су және кәріз – 1,0%, тасымалданатын газ – 0,8%, орталық жылыту – 0,5% өсті. Сондай-ақ ақылы қызметтердің ішінде көлік қызметінің бағасы 1,7%, оның ішінде әуе көлігі – 6,7%, теміржол көлігі – 6,2%, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру қызметі – 0,7%, медициналық қызмет көрсету – 0,9% өсті.
2012 жылғы қаңтар-сәуірде инфляция 1,7% (2011 жылғы қаңтар-сәуірде – 4,2%) болды. Азық-түлік тауарлары 2012 жылдың басынан бастап 2,0% (7,1%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 1,3% (1,2%), ақылы қызмет көрсету – 1,8% (3,7%) қымбаттады (1-график).
1-график
2011 және 2012 жж. қаңтар-сәуірдегі инфляция және оның құрамдас бөліктері
2012 жылғы сәуірде инфляция жылдық көрсетуде 4,8% (2011 жылғы желтоқсанда – 7,4%) болды. Соңғы 12 айда азық-түлік тауарлары 3,9%-ға (9,1%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,4%-ға (5,3%), ақылы қызмет көрсету – 5,3%-ға (7,3%) қымбаттады.
-
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 1-тоқсандағы төлем балансы (алдын-ала нәтижелер)
Алдын ала бағалау бойынша ағымдағы операциялар шоты 2012 жылғы 1-тоқсанда 3,8 млрд. АҚШ долл. құрай отырып, профицитпен қалыптасты және 2011 жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда 65,4% ұлғайды.
Ағымдағы операциялар шоты балансының ұлғаюы, бұрынғыдай, тауар экспорты құнының энергия тасымалдауыштардың әлемдік бағаларының жоғары деңгейі аясында өсуімен қамтамасыз етілді. Орта есеппен алғанда 2012 жылғы 1-тоқсанда brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 118,6 АҚШ долл. болды, бұл оның 2011 жылғы 1-тоқсандағы орташа деңгейінен 13,1% (бір баррель үшін 104,9 АҚШ долл.) жоғары. Нәтижесінде тауарлар экспорты 2011 жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда 31,7% ұлғая отырып, Ұлттық Банктің бағалауы бойынша 2012 жылғы 1-тоқсанда 22,0 млрд. АҚШ.долл. болды.
Тауарлар импорты 9,7 млрд. АҚШ долл. сомасынан аса отырып, 32,5% ұлғайды. Нәтижесінде сауда балансы алдын ала бағалау бойынша халықаралық қызмет көрсетулермен және инвестициялық кірістермен операциялар бойынша ресурстардың нетто-ағынын өтей отырып, 12,3 млрд. АҚШ долл. (2011 жылғы 1-тоқсандағы 9,4 млрд. АҚШ долл. салыстырғанда өсуі 31,1%) оң сальдомен қалыптасты.
Қызмет көрсету балансының дефициті 2011 жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда 75,8% ұлғая отырып, 2012 жылғы 1-тоқсанда 1,7 млрд. АҚШ долл. құрады, бұл Қашаған кен орнындағы тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің екінші фазасын іске асыруды жалғастыруға байланысты болды.
Инвестициялық кірістер балансының алдын ала бағалау бойынша 6,2 млрд. АҚШ долл.болып қалыптасқан дефицитіне бұрынғыша шетелдік тікелей инвесторларға 5,8 млрд. АҚШ долл. сомада кірістер төлеу себепші болды (2011 жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда 5% өсті). Бұл ретте тікелей инвестициялау қатынастарына байланысты емес кредиторларға сыйақы төлеу 2012 жылғы 1-тоқсанда 1,5% төмендеді.
Алдын ала бағалау бойынша капиталмен және қаржымен операциялар шотының теріс балансы (қателер мен қалып қоюларды қоса алғанда) 2012 жылғы 1-тоқсанда 2,1 млрд. АҚШ долл. құрады.
Шет елге тікелей инвестициялар бойынша 0,4 млрд. АҚШ долл. нетто-ағын Қазақстан кәсіпорындарының шетелдік филиалдары мен еншілес ұйымдарының акционерлік капиталын ұлғайтуымен қамтамасыз етілді. Қазақстанға шетелдік тікелей инвестициялардың (ШТИ) таза түсуі 2011 жылғы 1-тоқсандағы 4,2 млрд. АҚШ долл. қарағанда 2012 жылғы 1-тоқсанда 4,6 млрд. АҚШ долл. құрады.
Нәтижесінде тікелей инвестициялау операциялары бойынша оң баланс 2012 жылғы 1-тоқсанда 4,2 млрд. АҚШ долл. құрады.
Портфельдік инвестициялар бойынша 4,1 млрд. АҚШ долл. болған нетто-ағын ҚР Ұлттық қоры шетелдік активтерінің 4,8 млрд. АҚШ долл. өсуімен қамтамасыз етілді.
Банктердің операциялары бойынша нетто-ағын 0,8 млрд. АҚШ долл. болып белгіленді. Бұл ретте банк секторының сыртқы активтері басым түрде шетелдік шоттардағы қаражаттың ұлғаюы есебінен 0,5 млрд. АҚШ долл. өсті. Банктердің сыртқы міндеттемелері борыштық бағалы қағаздар бойынша резидент еместер алдындағы міндеттемелерді өтеу нәтижесінде 0,3 млрд. АҚШ долл. төмендеді.
3. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары
2012 жылғы сәуірде Ұлттық Банктің халықаралық резервтері ұлғайды. Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 35,0 млрд. АҚШ долл. дейін 8,5%-ға өсті. Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 8,6%-ға ұлғайып, 34,5 млрд. АҚШ долл. құрады. Ішкі валюта нарығында валюта сатып алу, банктердің Ұлттық Банктегі шетел валютасындағы корреспондентік шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюы, Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуі Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету және Ұлттық қордың активтерін алтынвалюта резервтерінің шоттары есебінен толықтыру жөніндегі операциялармен бейтараптандырылды. Нәтижесінде таза валюта қорлары (ЕАВ) 2012 жылғы сәуірде 10,0%-ға өсті. Алтындағы активтер жүргізілген операциялар және оның әлемдік нарықтардағы бағасының шамалы құлдырауы нәтижесінде 1,7%-ға өсті.
2012 жылғы сәуірде Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (алдын ала деректер бойынша 51,0 млрд. АҚШ долл.) қоса алғанда, тұтастай елдің халықаралық резервтері 86,0 млрд. АҚШ долл. дейін 6,8%-ға ұлғайды.
2012 жылғы сәуірде ақша базасы 6,3%-ға кеңейіп, 3490,2 млрд. теңгені құрады. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 3170,7 млрд. теңгеге дейін 8,3%-ға кеңейді.
2012 жылғы наурызда ақша массасы 10293,1 млрд. теңгеге дейін 3,8%-ға өсті (жыл басынан бастап 5,6%-ға өсу). Айналыстағы қолма-қол ақша көлемі 1307,8 млрд. теңгеге дейін 1,3% ұлғайды (жыл басынан бастап азаю – 4,2%), банк жүйесіндегі депозиттер 8985,3 млрд. теңгеге дейін 4,2%-ға өсті (жыл басынан бері 7,2%-ға өсу). Ақша массасының құрылымындағы депозиттер үлесі 2012 жылғы ақпандағы 87,0%-дан 2012 жылғы наурыздағы 87,3%-ға дейін ұлғайды. Депозиттердің өсуінің айналыстағы қолма-қол ақшаның өсу қарқынымен салыстырғанда анағұрлым жоғары қарқыны депозиттер үлесі өсуінің негізгі себебі болды.
Ақша мультипликаторы 2012 жылғы ақпандағы 2,86-дан 2012 жылғы наурызда тіркелген ақша базасының тарылуы аясында ақша массасының өсу салдарынан 2012 жылғы наурыздың нәтижелері бойынша 3,14-ке дейін өсті.
4. Валюта нарығы
2012 жылғы сәуірде теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 доллар үшін 147,50–148,29 теңге ауқымында өзгерді. 2012 жылғы сәуірде теңге 0,1%-ға әлсіреді және айдың аяғында теңгенің биржалық бағамы бір доллар үшін 147,894 теңге болды.
2012 жылғы сәуірде Қазақстан Қор биржасындағы биржалық операциялардың көлемі қосымша сауда-саттықтардағы мәмілелерді ескергенде 2012 жылғы наурызбен салыстырғанда 13,0% ұлғайды және 4,7 млрд. АҚШ долл. болды. Биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі 93,2% өсті және 2,9 млрд. АҚШ долл. болды.
Тұтастай алғанда ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі 35,2%-ға ұлғайды және 7,6 млрд. АҚШ долл. құрады. 2012 жылғы сәуірде Ұлттық Банк ішкі валюта нарығында негізінен шетел валютасын нетто-сатып алушы болды.
5. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы
2012 жылғы сәуірде Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 5 аукцион өткізілді. Оларда 12 айлық МЕККАМ (19,9 млрд. теңге), 2 жылдық МЕОКАМ (10,1 млрд. теңге), 16 және 20 жылдық МЕУКАМ (10 млрд. теңге және 15 млрд. теңнге), 13 жылдық МЕУЖКАМ (20 млрд. теңге) орналастырылды.
Орналастырылған бағалы қағаздар бойынша тиімді кірістілік 12-айлық МЕККАМ бойынша – 1,93%, 2 жылдық МЕОКАМ бойынша – 2,01%, және 16 мен 20 жылдық МЕУКАМ бойынша – тиісінше 5,00% және 5,50%, 14 жылдық МЕУЖКАМ бойынша инфляция деңгейінен 0,01% болды.
Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі өткен аймен салыстырғанда 1,3%-ға ұлғайып, 2012 жылғы сәуірдің аяғында 2237,2 млрд. теңге болды.
Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары. Ұлттық Банктің ноттары эмиссиясының көлемі 2012 жылғы наурызбен салыстырғанда 43,1% азайып, 2012 жылғы сәуірде 102,2 млрд. теңгені құрады.
Бұл ретте 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 2 аукцион (57,3 млрд. теңге және 18,7 млрд. теңге), 6 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (13,5 млрд. теңге), 9 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (12,6 млрд. теңге) өтті.
Орналастырылған ноттар бойынша тиімді кірістілігі 3-айлықтар бойынша – 1,02% және 1,05%, 6-айлықтар бойынша – 1,53%, 9-айлықтар бойынша – 1,80% болды.
Айналыстағы ноттар көлемі 2012 жылғы наурызбен салыстырғанда 2012 жылғы сәуірдің аяғында 11,70% ұлғайып, 598,5 млрд. теңге құрады.
6. Банкаралық ақша нарығы
2012 жылғы наурызда орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі 2012 жылғы ақпанмен салыстырғанда 20,4% қысқарып, баламасы 2120,3 млрд. теңге болды.
Орналастырылған теңгедегі банкаралық депозиттердің көлемі 6,5% қысқарып, 645,1 млрд. теңге (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 30,4%) болды. Бұл ретте орналастырылған теңгедегі банкаралық депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2012 жылғы наурызда 0,67%-дан 0,60%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық Банк банктерден тартқан депозиттердің көлемі 2012 жылғы наурызда ақпанмен салыстырғанда 572,4 млрд. теңгеге дейін 14,3%-ға төмендеді.
2012 жылғы наурызда 2012 жылғы ақпанмен салыстырғанда орналастырылған доллардағы депозиттердің көлемі 23,3% төмендеді және 9,3 млрд. АҚШ долл. (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 64,8%) құрады. Орналастырылған доллардағы депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2012 жылғы наурызда 0,12%-дан 0,14%-ға дейін ұлғайды.
Еурода орналастырылған депозиттердің көлемі 2012 жылғы наурызда 0,4 млрд. еуроны (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 3,7%) құрап, 46,2%-ға төмендеді. Орналастырылған еуродағы депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 0,21%-дан 0,44%-ға дейін өсті.
Рубльдегі депозиттерге орналастыру көлемі шамалы болып қалуда – орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 1,1%.
Шетел валютасындағы банкаралық депозиттердің үлесі 2012 жылғы наурызда орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 74,1%-нан 69,6%-на дейін азайды. Шетел валютасында резидент емес банктерде орналастырылған депозиттердің үлесі
73,81 %-дан 69,6%-ға дейін азайды.
7. Депозит нарығы
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің жалпы көлемі 2012 жылғы наурызда 4,2%-ға 8985,3 млрд. теңгеге дейін ұлғайды (жылдың басынан бастап өсім 7,2%). Заңды тұлғалардың депозиттері 5,4%-ға 6144,6 млрд. теңгеге дейін өсті, жеке тұлғалардың депозиттері 1,8%-ға 2840,7 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.
2012 жылғы наурызда шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 3,7%-ға 3024,6 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, ұлттық валютада 4,5%-ға 5960,6 млрд. теңгеге дейін өсті. Теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 2012 жылғы наурызда 66,3%-ды (2012 жылғы ақпанда - 66,2%) құрап, іс жүзінде өзгерген жоқ.
Банктердегі халықтың салымдары (резидент еместерді қоса есептегенде) 2012 жылғы наурызда 1,8%-ға 2870,5 млрд. теңгеге дейін өсті. Халықтың салымдары құрылымында теңгедегі депозиттер 2,9%-ға 1673,9 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер 0,5%-ға 1196,6 млрд. теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 2012 жылғы ақпандағы 57,7%-бен салыстырғанда 58,3%-ға дейін ұлғайды.
2012 жылғы наурызда банктік емес заңды тұлғалардың мерзімді теңгедегі депозиттері бойынша орташа мөлшерленген сыйақы мөлшерлемесі 2,4% (2012 жылғы ақпанда 2,7%), ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,0% (8,4%) болды.
8. Кредит нарығы
2012 жылғы наурызда банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы көлемі 8934,5 млрд. теңгені құрап, 1,2%-ға ұлғайды.
2012 жылғы наурызда ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 5917,7 млрд. теңгеге дейін 2,1% өсті, шетел валютасында 3016,8 млрд. теңгеге дейін 0,5%-ға төмендеді. 2012 жылғы наурызда теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы ақпанмен салыстырғанда 65,7%-дан 66,2%-ға дейін өсті.
2012 жылғы наурызда ұзақ мерзімді кредиттеу 7156,3 млрд. теңгеге дейін 0,7% өсті, қысқа мерзімді кредиттеу 1778,2 млрд. теңгеге дейін 2,9% ұлғайды. Нәтижесінде ұзақ мерзімді кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы ақпанмен салыстырғанда 2012 жылғы наурызда 80,4%-дан 80,1%-ға дейін азайды.
2012 жылғы наурызда заңды тұлғаларға кредиттер 6556,1 млрд. теңгені құрап, 1,2%-ға өсті, жеке тұлғаларға – 2378,5 млрд. теңгеге дейін 1,0%-ға ұлғайды. Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы наурызда 26,6%-ды (2012 жылғы ақпанда 26,7%) құрап, іс жүзінде өзгерген жоқ.
2012 жылғы наурызда шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 1323,5 млрд. теңгеге дейін 3,1% төмендеді, бұл экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінің 14,8% құрайды.
Банктердің экономикаға берілген кредиттерінің неғұрлым айтарлықтай сомасы салалық бөлуде сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 32,4%), құрылыс (16,0%), өнеркәсіп (12,8%) және ауыл шаруашылығы (5,3%) сияқты салаларға тиесілі.
2012 жылғы наурызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,3% (2012 жылғы ақпанда – 11,2%), жеке тұлғаларға – 20,5% (20,5%) құрады.
9. Экономиканың нақты секторы кәсіпорындары мониторингінің 2012 жылғы 1-тоқсандағы нәтижелері туралы
2012 жылғы сәуірде экономиканың нақты секторындағы ахуалды бағалау мақсатында 2012 жылғы 1-тоқсан бойынша кәсіпорындардың кезекті мониторингі жүргізілді. Ел экономикасының негізгі салаларын көрсететін мониторингке қатысушы кәсіпорындардың саны 2011 жылғы 4-тоқсан бойынша пікіртеріммен салыстырғанда 2397-ден 2422-ге дейін, оның ішінде орташа және ірілері – 1461-ден 1469-ға дейін ұлғайды.
2012 жылғы 1-тоқсанда теңге бағамының АҚШ долларына және еуроға қатысы бойынша өзгеруінен шаруашылық қызметіне теріс әсері болған кәсіпорындардың үлесі елеулі төмендеді (тиісінше 11,5%-ға және 8,4%-ға дейін), ал ресейлік рубльге қатысты ол ұлғайды (11,6%-ға дейін). Кәсіпорындардың көпшілігі осы валюталарға қатысты теңге бағамының өзгеруінен әсерін байқаған жоқ (тиісінше 63,2%, 64,4% және 63,5%).
2012 жылғы 1-тоқсанда кредит алған кәсіпорындардың үлесі аздап өсті (2011 жылғы 4-тоқсанда 19,7%-дан 20,4%-ға дейін), бұл ретте банктердің кредиттері бойынша берешегі бар кәсіпорындардың саны төмендеді (2011 жылғы 4-тоқсанда 40,9%-дан 38,4%-ға дейін). 2012 жылғы 2-тоқсанда кредит алуға кәсіпорындардың 24,2%-ы ниеттеніп отыр (1-тоқсанда - 22,4%).
Теңге мен шетел валютасындағы кредиттер бойынша орташа пайыздық мөлшерлемелер іс жүзінде өзгермегеніне (тиісінше 12,7% және 10,7%,) қарамастан, кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігінің тиісті төмендеуі орын алды. Инвестицияларды қаржыландырмаған кәсіпорындардың үлесі елеулі (2011 жылғы 4-тоқсанда 34,4%-дан 38,9%-ға дейін) артқаны осыны көрсетеді.
Тұтастай алғанда, экономиканың нақты секторы бойынша кәсіпорындардың дайын өнімдеріне деген сұраныс елеулі төмендеді. Дайын өнімдерге деген сұраныстың өсуін кәсіпорындардың 19,8% ғана (2011 жылғы 4-тоқсанда - 25,2%) атап өтсе, сұраныстың төмендеуін респонденттердің 25,7% (2011 жылғы 4-тоқсанда - 19,6%) атап өтті. Сұраныстың өсуі «электр энергиясын, газ бен суды өндіру мен бөлу» саласында ғана байқалды. Тұтастай алғанда, 2012 жылғы 2-тоқсанда сұраныстың елеулі өсуі күтілуде (кәсіпорындардың 27,8% өсуді, 8,8% - төмендеуді күтуде).
Кәсіпорындардың дайын өніміне бағаның өсу қарқыны 2012 жылғы 1-тоқсанда аздап ұлғайды. Төмендеу байқалған «қонақ үй және мейрамхана» саласын қоспағанда, өсу қарқындарының ұлғаюы экономиканың барлық салаларында байқалды. Баға өсу қарқынының анағұрлым өсуі өндіруші өнеркәсіпте байқалды. 2012 жылғы 2-тоқсанда бағаның қарқынды өсу үрдісі жалғасатыны күтілуде. Бағаның барынша өсуі «электр энергиясын, газ бен суды өндіру мен бөлу» саласында және өндіруші өнеркәсіпте күтілуде.
2012 жылғы 1-тоқсанда шикізат пен материалдарға бағаның өсу қарқыны елеусіз ұлғайды. Тұтастай алғанда, іріктеу бойынша шикізат пен материалдар бағасының өсуін атап өткен кәсіпорындардың үлесі 54%-ды құрады және кәсіпорындардың 1,7%-ы ғана бағаның төмендегенін атап өтті. 2012 жылғы 2-тоқсанда баға өсу қарқынының баяулауы күтілуде (тиісінше 46,2% және 1%).
Сатудың орташа рентабельдігі (салық салынғанға дейін) 2012 жылғы 1-тоқсанда (2011 жылғы 4-тоқсанда 44,1%-дан 45,9%-ға дейін) өскеніне қарамастан, нақты сектордың қаржылық ахуалы тұтастай алғанда біршама нашарлады: төмен рентабельді және зиянды кәсіпорындардың үлесі 26,2%-ға дейін (2011 жылғы 4-тоқсанда 24,1%-дан) өсті, тиісінше орташа және жоғары рентабельді кәсіпорындардың үлесі (2011 жылғы 4-тоқсанда 75,8%-дан) 73,8%-ға дейін төмендеді.
Достарыңызбен бөлісу: |