Қазақстан республикасының Ұлттық банкі №22 баспасөз релизі



Дата03.07.2016
өлшемі61.84 Kb.
#174910

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ҰЛТТЫҚ БАНКІ

22 БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ



Қаржы нарығындағы ахуал туралы
2015 жылғы 16 сәуір Алматы қ.
1. 2015 жылғы наурыздағы инфляция

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми деректері бойынша 2015 жылғы наурызда инфляция 0,1% (2014 жылғы наурызда – 1,0%) болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,2%-ға (1,3%-ға), ақылы қызмет көрсету тарифтері 0,1%-ға (0,5%-ға) өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы өзгерген жоқ (1,0%-ға өсті).

Азық-түлік тауарларының ішінде 2015 жылғы наурызда көп дәрежеде жемістер мен көкөністер 1,4%-ға, оның ішінде орамжапырақ – 4,1%-ға, алкогольсіз сусындар – 0,8%-ға, кондитерлік өнімдер – 0,6%-ға, ұн – 0,4%-ға, балық және теңіз өнімдері – 0,3%-ға қымбаттады. Қанттың бағасы 2,5%-ға, жұмыртқа – 2,1%-ға, жарма – 0,5%-ға, сүт өнімдері – 0,2%-ға, нан – 0,1%-ға төмендеді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар нарығында дәрі-дәрмектің бағасы 0,9%-ға, тұрмыстық үй заттары – 0,6%-ға, киім және аяқ-киім – 0,5%-ға өсті. Дизель отынының құны 1,7%-ға, бензин – 1,6%-ға төмендеді.

Ақылы қызмет көрсету тобында тұрғын үй-коммуналдық саладағы қызметке ақы төлеу 0,4%-ға төмендеді. Бұл ретте сұйытылған газ тарифтері 11,4%-ға, тарату желілері бойынша тасымалданатын газ – 2,9%-ға азайды. Тұрғын үйді ұстау тарифтері 0,3%-ға, электр энергиясы – 0,2%-ға өсті. Бұдан басқа, мейрамханалар мен қонақүйлер қызметінің бағасы 1,2%-ға, амбулаторлық қызмет – 0,6%-ға, білім беру қызметі – 0,2%-ға, байланыс қызметі – 0,1%-ға өсті.

2015 жылғы қаңтар-наурызда инфляция 1,1% (2014 жылғы қаңтар-наурызда – 3,3%) болды. Азық-түлік тауарлары 2015 жылдың басынан бастап 1,6%-ға (3,3%-ға), ақылы қызмет көрсету – 2,2%-ға (3,3%-ға) қымбаттады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,6%-ға (3,2%-ға өсті) арзандады (1-график).

1-график

2014 және 2015 жж. қаңтар-наурыздағы инфляция және

оның негізгі топтары

2015 жылғы наурызда инфляция жылдық көрсеткіш бойынша 5,2% (2014 жылғы желтоқсанда 7,4%) болды. Азық-түлік тауарлары соңғы 12 айда 6,2%-ға (8,0%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар 3,8%-ға (7,8%), ақылы қызмет көрсету 5,2%-ға (6,4%) қымбаттады.



2. 2015 жылғы наурыздың аяғындағы халықаралық резервтер мен ақша агрегаттары

2015 жылғы наурызда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 29,1 млрд. АҚШ долларына дейін 0,1%-ға ұлғайды. Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 0,2%-ға ұлғайып, 28,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Таза валюталық активтер (ЕАВ) 20,8 млрд. АҚШ долларына дейін 0,6%-ға өсті.

Елдің халықаралық резервтері жалпы алғанда Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (алдын ала деректер бойынша 69,7 млрд. АҚШ доллары) қоса алғанда, 98,9 млрд. АҚШ долларын құрады.

2015 жылғы наурызда ақша базасы 4,5%-ға кеңейіп, 3287,0 млрд. теңге болды. Тар ақша базасы, яғни банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 1,7%-ға кеңейіп, 3111,3 млрд. теңгені құрады. Ақша базасының кеңеюіне Ұлттық қорды қоспағанда таза ішкі активтердің және сол сияқты Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтерінің қаралып отырған кезеңде өсуі себепші болды.

2015 жылғы ақпанда ақша массасы 12287,2 млрд. теңгені құрады, айналыстағы қолма-қол ақшаның көлемі 1020,8 млрд. теңге болды, банк жүйесіндегі депозиттер 11266,4 млрд. теңгені құрады. Ақша массасының құрылымындағы депозиттердің үлесі 2015 жылғы қаңтардың соңындағы 91,6%-дан 2015 жылғы ақпанның соңында 91,7%-ға дейін өсті. 2015 жылғы ақпанның соңында ақша мультипликаторы 3,91 болды.

3. 2015 жылғы наурыздағы валюта нарығы

2015 жылғы наурызда теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 185,05 – 185,65 теңге аралығында өзгерді. Ай соңында теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ доллары үшін 185,65 теңге болды.

2015 жылғы наурызда қосымша сауда-саттықтардағы мәмілелерді қоса алғанда, Қазақстан қор биржасындағы биржалық операциялардың көлемі 2015 жылғы ақпанмен салыстырғанда 38,4%-ға төмендеді және 3,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі 15,2%-ға 0,5 млрд. АҚШ долларына дейін төмендеді.

Жалпы алғанда, ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі 2015 жылғы ақпанмен салыстырғанда 36,3%-ға төмендеді және 3,9 млрд. АҚШ долларын құрады.



4. 2015 жылғы наурыздағы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы

2015 жылғы наурызда Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 2 аукцион өтті. Оларда 15 жылдық МЕУКАМ (30,3 млрд. теңге), 20 жылдық МЕУКАМ (35 млрд. теңге) орналастырылды.

Орналастырылған бағалы қағаздар бойынша тиімді кірістілік 15 жылдық МЕУКАМ бойынша – 7,67%, 20 жылдық МЕУКАМ бойынша – 8,07% болды.

Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі


2015 жылғы наурыздың соңында өткен аймен салыстырғанда 0,9%-ға ұлғайып, 4760,5 млрд. теңгені құрады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқамерзімді ноттары

2015 жылғы наурызда Ұлттық Банктің ноттарын орналастыру бойынша аукциондар өтпеді.



5. 2015 жылғы наурыздың соңындағы жағдай бойынша банкаралық ақша нарығы.

2015 жылы наурыздың соңындағы жағдай бойынша орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі баламасында 3058,2 млрд. теңгені құрады.

Орналастырылған банкаралық теңгедегі депозиттердің көлемі 43,6 млрд. теңгені (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 1,4%-ын) құрады. Бұл ретте, орналастырылған банкаралық теңгедегі депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2015 жылғы наурызда 6,0% болды.

Орналастырылған АҚШ долларындағы депозиттердің көлемі 15,9 млрд. АҚШ долларын (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 96,3%-ын) құрады. Орналастырылған доллардағы депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2015 жылғы ақпандағы 0,07%-дан 2015 жылғы наурызда 0,10%-ға дейін өсті.

Ресей рублімен және еуромен орналастырылған депозиттердің көлемі шамалы болды – орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің тиісінше 2,2%-ы және 0,1%-ы.

2015 жылғы наурызда шетел валютасындағы банкаралық депозиттердің үлесі орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 1,3%-ына ұлғайды. Шетел валютасында бейрезидент банктерде орналастырылған депозиттердің үлесі орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемінің 0,7%-ына ұлғайды.

Ұлттық Банк банктерден тартқан депозиттердің көлемі 2015 жылғы наурыздың соңындағы жағдай бойынша 32,7 млрд. теңгені құрады.

6. 2015 жылғы ақпанның соңындағы жағдай бойынша депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің жалпы көлемі 11 266,4 млрд.теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері 6 978,8 млрд. теңге, жеке тұлғалардың депозиттері – 4 287,6 млрд. теңге болды.

Шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 6 146,7 млрд. теңге, ұлттық валютада – 5 119,7 млрд. теңге болды. Теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 45,4% құрады.

Халықтың банктердегі салымдары (бейрезиденттерді қоса алғанда) 4 326,4 млрд. теңге болды. Халық салымдарының құрылымында теңгемен салынған депозиттер 1 390,3 млрд. теңге, шетел валютасындағы депозиттер – 2 936,2 млрд. теңге болды. Халық салымдарының құрылымында теңгемен салынған депозиттердің үлес салмағы 32,1%-ды құрады.

Мерзімді депозиттер 7 866,2 млрд. теңге болды. Мерзімді депозиттердің құрамында теңгемен салынған депозиттер 3 231,8 млрд. теңге, шетел валютасындағы депозиттер – 4 634,4 млрд. құрады.

2015 жылғы ақпанда банктік емес заңды тұлғалардың теңгемен салынған мерзімді депозиттерінің орташа алынған мөлшерлемесі 13,0% ( 2015 жылғы қаңтарда – 11,3%), ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 7,4% (2015 жылғы қаңтарда – 8,6%) болды.



7. 2015 жылғы ақпанның соңындағы жағдай бойынша кредит нарығы

Банктердің экономиканы кредиттеудің жалпы көлемі 12 080,8 млрд. теңгені құрады. Теңгемен берілген кредиттер көлемі 8 476,0 млрд. теңге, шетел валютасында – 3 604,7 млрд. теңге құрады. Теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 70,2%-ды құрады.

Ұзақмерзімді кредиттеу 2015 жылғы ақпанда 0,4%-ға артып, 9 708,9 млрд. теңгені құрады. Ұзақмерзімді кредиттердің үлес салмағы бір ай ішінде 79,5%-дан 80,4%-ға дейін артты.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттер көлемі 8 096,6 млрд. теңге, жеке тұлғаларға – 3 984,1 млрд. теңге болды. Заңды тұлғаларға берілген кредиттердің үлес салмағы бір айда 32,8%-дан 33,0%-ға өсті.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 0,7%-ға артып, 1 800,6 млрд. теңгені немесе экономикаға кредиттеудің жалпы көлемінің 14,9%-ын құрады.

Салалар бойынша банктердің экономикаға кредиттерінің неғұрлым басым сомасы 2015 жылғы ақпанның соңындағы жағдай бойынша сауда (жалпы көлемдегі үлесі - 19,7%), өнеркәсіп (11,5%), құрылыс (9,1%), ауыл шаруашылығы (4,0%) және көлік (3,9%) сияқты салаларға тиесілі.



2015 жылғы ақпанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,0%, жеке тұлғаларға – 21,4% құрады.


Толығырақ ақпаратты мына телефондар бойынша алуға болады: +7 (727) 2704 639, +7 (727) 2704 585, +7 (727) 3302 497, e-mail: press@nationalbank.kz, www.nationalbank.kz.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет