Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ақпарат
Қазақстан Республикасының екі деңгейлік банк жүйесі бар. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі Ұлттық Банк) Қазақстан Республикасының орталық банкі болып табылады және Қазақстан Республикасының банк жүйесінің жоғарғы (бірінші) деңгейін білдіреді. Ерекше құқықтық мәртебесі бар Қазақстанның Даму Банкін қоспағанда, барлық өзге банктер банк жүйесінің төменгі (екінші) деңгейін білдіреді.
Ұлттық Банктің міндеттері, қызметінің қағидаттары, құқықтық мәртебесі және өкілеттігі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
Ұлттық Банк өзінің құзыреті шегінде банк қызметінің жекелеген мәселелері бойынша реттеуді және қадағалауды жүзеге асырады және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс істеуі үшін жалпы жағдайлар жасауға мүмкіндік туғызады.
Ұлттық Банктің банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты реттеу және қадағалау функциялары Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатының тұрақтылығын ұстап тұруға, банктер кредиторларының, олардың салымшыларының және клиенттерінің мүддесін қорғауға бағытталған.
Ұлттық Банк өзінің құзыреті шегінде басқа елдердің орталық банктерімен және банктерімен қарым-қатынастарда, халықаралық банктерде және өзге қаржы-кредиттік ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүддесін білдіреді.
Ұлттық Банк өзінің міндеттерін орындау кезінде пайда алу мақсатын басшылыққа алмауы тиіс.
Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Президентіне бағынышты, бірақ өз қызметін жүзеге асыруда оған заңнамада берілген өкілеттіктер шегінде тәуелсіз.
Ұлттық Банк өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметімен үйлестіреді, өзінің қызметінде Үкіметтің экономикалық саясатын ескеріп отырады және егер өзінің негізгі функцияларын орындауға және ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға қайшы келмейтін болса, оны іске асыруға жәрдемдеседі.
Ұлттық Банк сатылап бағыну схемасы бар біртұтас орталықтандырылған құрылымнан тұрады. Ұлттық Банктің жоғары органы Басқарма, ал жедел басқару органы Директорлар кеңесі болып табылады.
Ұлттық Банктің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Негізгі мақсатын іске асыру үшін Ұлттық Банкке мынадай міндеттер жүктеледі:
мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу;
төлем жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру;
қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу.
Ұлттық Банк өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес мынадай негiзгi функцияларды орындайды:
– Қазақстан Республикасында мемлекеттiк ақша-кредит саясатын жүргiзедi;
– Қазақстан Республикасының аумағында банкноталар мен монеталардың эмиссиясын жүзеге асырады;
– банктердiң банк функцияларын жүзеге асырады;
– Қазақстан Республикасының Yкiметі және келісімдері бойынша басқа да мемлекеттiк органдар үшін банк, қаржы жөнiндегi кеңесшi және Үкіметтің агенті функцияларын жүзеге асырады;
– төлем жүйесінің жұмыс істеуін ұйымдастырады;
– Қазақстан Республикасында валюталық реттеудi және валюталық бақылауды жүзеге асырады;
– Ұлттық Банктің алтын валюта активтерiн басқарады;
– қаржы ұйымдарының қызметін бақылауды және қадағалауды, сондай-ақ олардың Ұлттық Банктің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қызметін реттеуді және басқасын жүзеге асырады.
Ұлттық Банк мемлекеттiк ақша-кредит саясатын жүргiзу мақсатында:
ақша нарығының жалпы жай-күйіне, заемдар бойынша сұраныстар мен ұсыныстарға, инфляция деңгейіне және инфляциялық күтулерге байланысты ресми қайта қаржыландыру ставкасын белгілейді;
жүзеге асырылатын ақша-кредит саясаты шеңберінде қаржы нарығындағы нарықтық сыйақы ставкаларына әсер ету мақсатында ақша-кредит саясатының негізгі операциялары бойынша сыйақы ставкаларының деңгейін белгілейді;
ең төменгі резервтік талаптардың нормативтерін белгілейді және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
инфляциялық процестердi ақша-кредиттiк реттеудiң жанама әдiстерiмен тоқтату мүмкiн болмаған ерекше жағдайларда, Ұлттық Банк жекелеген салаларды ынталандыру және олардың дамуын ұстап тұру мақсатында кредиттеудің лимиттерін белгілеу, олар бойынша сыйақы ставкаларын тоқтатып қою, операциялардың жекелеген түрлері мен мәмілелер бойынша ең жоғарғы ставкаларды белгілеу және кредиттің нақты түрлерін тікелей реттеу арқылы операциялардың жекелеген түрлерінің деңгейі мен көлеміне тiкелей сандық шектеу қоюға құқылы;
ақша-кредит саясатының қабылданған бағдарларына сәйкес банктердің Ұлттық Банктен қарыз алуының жалпы көлемін реттейді, сондай-ақ банктерге берілген заемдарды тартудың және өтеудің тәртібін, талаптарын, мерзімдері мен лимиттерін айқындайды;
депозиттерді қабылдауды жүзеге асырады, сондай-ақ Ұлттық Банкте депозиттер берудің және өтеудің тәртібін, талаптарын, тартудың түрлерін, мерзімдері мен лимиттерін айқындайды;
валюта нарығындағы басымдықты, сондай-ақ ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына сұраныс пен ұсыныстың көздерін бағалауды және талдауы жүзеге асырады;
мемлекеттік бағалы қағаздар болып табылатын, меншікті бағалы қағаздар – Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын шығаруды жүзеге асырады, сондай-ақ қысқа мерзімді ноталарды шығарудың, орналастырудың, айналысының және өтеудің тәртібін, талаптарын айқындайды;
жүзеге асырылатын ақша-кредит саясаты шеңберінде мемлекеттік және басқа бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
ресми қайта қаржыландыру ставкасына сәйкес коммерциялық вексельдерді қайта есепке алуды жүргізеді, сондай-ақ коммерциялық вексельдерді қайта есепке алу тәртібін және коммерциялық вексельдерді Ұлттық Банктің қайта есепке алуы үшін ұсынылатын талаптарды белгілейді.
Ұлттық Банк 2002 жылдан бастап ақша-кредит саясатының бағдарларын жыл сайын нақтылай отырып үш жыл бұрын айқындайды, бұл экономикадағы және қаржы нарықтарындағы ахуалды ескере отырып неғұрлым ұзақ кезеңге арналған болжамдарды және стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, елдегі салыстырмалы макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге байланысты. Мақсаттық көрсеткіштер тұтыну бағаларының индексін пайдаланумен белгіленеді. Олармен қатар ішкі талдау үшін 2004 жылдан бастап «базалық инфляция» индексі пайдаланылады, ол монетарлық емес факторлар бағаларының деңгейіне күйрете әсер етуді жояды және инфляциялық процестердің негізгі үрдістерін көрсетеді. 2004 жылдан бастап тоқсан сайынғы есеп – Инфляцияға шолу шығарылады.
2006 жылғы наурыз айында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2006-2008 жылдарға арналған Ақша-кредит саясатының негізгі бағыттары қабылданды. Ұлттық Банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ақша-кредит саясатын жүзеге асыруды өз қызметінің басым бағыты ретінде айқындайды. Тиісінше, инфляциялық таргеттеу қағидаттарына көшу бойынша жұмыс жалғасады. Бұл инфляция бойынша мақсатты бағдарларға сүйене отырып ақша-кредит саясатының негізгі өлшемдерінің болжамын құруды жобалайды.
Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер 2006 жылы іске асыру белгіленген шараларды нақтылаумен үш жылға (2006-2008) ұсынылған, бұл осы құжаттың орта мерзімдік бағытын атап көрсетеді. Кейінгі жылдардың көрсеткіштері ағымдағы жылдың соңында нақтыланады.
Ұлттық Банктің құрылымына мыналар кіреді:
· 11 департаменттен (1 департамент Астана қаласында), 10 жеке басқармадан және 1 жеке бөлімнен тұратын орталық аппарат
· 16 аумақтық филиал және Алматы қаласындағы бір филиал - Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы
· Ұлттық Банктің Ресей Федерациясындағы өкілдігі
· 5 есеп беретін ұйым:
– «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны
– «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банктік сервис бюросы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны
– «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны
– «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны
– «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін қамтамасыз ету орталығы» жедел басқару құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (қазыналық кәсіпорны)
Ұлттық Банк:
-
«Қазақстанның салымдарға кепілдік беру қоры»
-
«Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры»
-
«Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры»
-
«Қазақстан Актуарлық орталығы» акционерлік қоғамдарының құрылтайшысы болып табылады.
Ұлттық Банк сондай-ақ «Ұлттық процессинг орталығы» акционерлік қоғамы құрылтайшыларының бірі болып табылады.
Ұлттық Банк "ГНПФ" жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамы акционерлерінің бірі болып табылады.
Мекен-жайы: 050040, Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, «Көктем-3» шағын ауданы, 21 үй
Факс: 704-703, 704-799, 61-73-52
Телекс: 251130 BNK KZ
e-mail: hq@nationalbank.kz
hq@nbrk.kz
Достарыңызбен бөлісу: |