Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуы



Дата27.01.2022
өлшемі24.66 Kb.
#454899
МӘТІН (1)




Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуы

Қазақстанның тәуелсіздікке қол жетуімен қазақ халқының рухани өмірінде жаңа мәдени процестер кеңінен өріс алды. Халыққа білім беру, ғылым мен мәдениет өз дамуының даңғыл жолына шықты. Олар бұрынғы Кеңес Одағы кезеңіндегі партиялық идеология мен саяси қағидалардың қыспағынан құтылды. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына қарамастан Қазақстанда білім жүйесінде көптеген оң өзгерістер орын алды. Соңғы жылдары оқу мазмұны өзгерді, білім стандарттары жасалды, оқытудың жаңа әдістемесі енгізілді. Бірыңғай орта мектептермен қатар гимназиялар, лицейлер, жеке және авторлық мектептер ашылып, жұмыс істей бастады. Көптеген жаңа оқулықтар шығарылды. Мектептерде бұрын КСРО тарихы оқытылып келсе, енді қазақ халқының өз тарихы терең талданып оқытылатын болды. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша 2000/2001 оқу жылында елде жалпы білім беретін мектептердің саны 8007 болған. Олардың 3545-і (44,2%) қазақ, 2356-сы (29,4%) орыс, 13-і ұйғыр, 81-і өзбек, 3 тәжік, 1 украин мектебі. Соңғы жылдары республикада қазақ тілінде оқитын оқушылардың саны едәуір артып, 2003 жылы олар барлық мектеп оқушыларының 54,4%-ін қамтыған. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде 388 мектеп пайдалануға берілді. Соңғы он жылда (1997-2007 жж.) білім саласын мемлекеттік қаржыландыру көлемін 6,7 есе арттыруға қол жеткізілді. (Тәуелсіздіктің 16 жылдығына арналған салтанатты жиналыстағы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сөзінен. /Егемен Қазақстан. 15.12. 2007 ж.). Жылма жыл мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға көтеріліп келеді. 2006 жылдан бері жоғары оқу орындарының таңдаулы 200 оқытушысына конкурстық негізде құны 15 мың АҚШ долларына тең «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» гранты тапсырылып жүр. Жыл сайын республикалық бюджет қаржысының есебінен 30 мыңнан астам педагогтың қайта дайындықтан өтуі мен біліктілігінің арттырылуы жүзеге асырылуда. Еліміз егемендік алған жылдары жоғары және орта арнаулы білім беретін оқу орындарында да бірсыпыра жаңа өзгерістер орын алды. Республиканың жетекші оқу орындары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Алматы университеті, Қазақ ұлттық техникалық университеті және басқалар Қазақстанның тәуелсіз ішкі және сыртқы саясатын жүргізуге қабілетті маман кадрлар даярлайтын жаңа факультеттер ашты. Түркістандағы Ахмет Яассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Сыртқы істер министрлігі жанынан Дипломатиялық Академия ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі күндері мыңдаған оқушылар, студенттер және аспиранттар оқуларын шет елдерде жалғастырып жатыр. Осы мақсатта Қазақстан Президенті жанынан “Болашақ” бағдарламасы бойынша арнаулы қор құрылып, республиканың жоғары оқу орындарынан жыл сайын жүздеген студент шетелдерге, соның ішінде АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Францияға, Қытайға, Түркияға және т.б. жерлерге оқуға жіберіледі. Қазақстан мемлекет есебінен жылына 3 мың студентті әлемнің 25 университетіне оқуға жіберуде. Соңғы 13 жылда 2 мың қазақстандық шетелдердің жоғары оқу орындарында білім алыпқайтты. Бүгінде жалпы саны 20 мыңнан асатын қазақстандық шетелдерде білім алуда. Олар Қазақстанның кадрлық әлеуетінің перспективалық негізі болады . 2000 жылдан бастап қазақстандық ғылымды қаржыландыру 7 есеге артты. Бүгінде Қазақстанда бір мың жұмыс істеушіге 3 ғалымнан келеді, ал енді Ресейде бұл көрсеткіш 7,5-ке, ЕО-да – 5,8-ге, АҚШ-та – 9,3-ке тең. Біздің деңгейді орташа еуропалық деңгейге дейін көтеру үшін біз ғылымды қаржыландыруды 2012 жылы 25 есе ұлғайтып, оны жылына 350 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Барлық жоғары және арнаулы оқу орындарында қазақ тілінде оқыту бөлімдері ашылды. Экономикалық қиындықтарға қарамастан республикада мемлекеттік театрлардың бірде-бірі жабылған жоқ. Қайта жаңадан Көкшетауда қазақтың музыкалық драма театры, Батыс Қазақстан облысында мәдениет институты, Мәдениет министрлігі жанынан күрделі мәдениет мәселелері бойынша ғылыми орталық ашылды. Өнерде менеджменттің тиімді үлгілері өмірге келді. Мысалы, Айман Мұсаходжаева "Солистер академиясы" оркестрін ұйымдастырып, бүкіл музыкалық білім беруді қайта құру жөнінде ұтымды жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде 1998 жылы Астана қаласында тұңғыш рет ұлттық музыка Академиясы құрылды. Жәния Әубәкірова музыкалық мектептің негізінде колледж, ал жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов “ПЕН-клубын” ашты. Осының бәрі өнер саласындағы дарынды адамдардың өз идеяларын жүргізу үшін тиімді де пайдалы нысандар тауып жатқанын көрсетеді. Мәдениетті дамытуда жоғары кәсіби мәдениет кадрлары мен мамандардың атқаратын рөлі зор. Осы жағдайды ескере отырып, мәдениет саласына қажетті кадрларды дайындау ісі республиканың 5 жоғары 39 орташа арнайы оқу орындарында жүзеге асырылып келеді. Еліміздің мәдениеті мен рухани өрлеуіне Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2000 жылды – Мәдениетті қолдау жылы деп жариялауының үлкен маңызы болды. Бұл жылы мәдениет мекемелерін дамытуға, олардың материалдық базасын нығайтуға бағытталған едәуір жұмыстар атқарылды. 727 мәдениет мекемелері жаңадан ашылды. Олардың қатарында Астанада, Петропавлда, Оралда, Өскеменде және Түркістан қаласында ашылған театрлар бар. Мәдениетті қолдау жылының шарықтау шегі Түркістан қаласының 1500 жылдық тойын тойлаумен сабақтас келді. Бұл үлкен тойды дайындау және өткізу барысында Күлтөбе, Отырар, Қожа Ахмет Яассауидің кесенесі, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы т.б. нысандар қайтадан жаңғыртылды. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері аз уақыттың ішінде ұлтымыздың мәдениетін тек өз елімізде ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге таныта бастады. 1995 жылы ЮНЕСКО ауқымында ұлы Абайдың 150 жылдығы, ал 1997 жылы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық мерейтойлары, 1996 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 80 жылдығы, дарынды ақын, халықтар достығын жырлаушы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық мерей тойын тойлау еліміздің тарихындағы жарқын оқиға болды. Алдағы кезеңде республика мәдениетін дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, оған қолайлы жағдай жасау міндеті тұр. Осыған байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев “Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негізгі бағыттары” Жолдауында мәдениетті дамытудың нақты жолдарын “Мәдени-тарихи мұраны сақтау” деген бөлімінде ерекше атап көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстанда 2004-2006 жылдарға «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ұлттық мәдениетімізге елеулі үлес қосар белгілі тарихи мәдени және сәулеттік ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру , үлкен мәдени мұраларды, соның ішінде қазіргі ұлттық мәдениетті. фольклорды, әдет ғұрыпты зерттейтін біртұтас жүйе құру, ұлттық әдебиет пен жазбаның көпғасырлық тәжірибесін іске қосу. Әлемнің ең үздік ғылыми, мәдени және әдеби жетістіктеріне сүйене отырып мемлекеттік тілде гуманитарлық білім берудің сапалы қорын құру. Бұл бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1933, 6 млн. аса теңге бөлінді.

Қорытып айтқанда, мұның барлығы елдің экономикасы оңала бастаған тұста әдебиет пен мәдениет, жалпы руханият мәселелеріне айрықша назар аударатын кез келгендігін, еліміздің болашағы мәдени дамумен байланысты екендігін көрсетеді.  

Дереккөз: http://e-history.kz/kz/contents/view/376
© e-history.kz

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет