Қазақстан республикасының заңы ақпараттандыру туралы



бет1/8
Дата03.07.2016
өлшемі2.11 Mb.
#175196
  1   2   3   4   5   6   7   8


Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Ақпараттандыру туралы (жаңа редакция)

Осы Заң электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды құрудың, пайдалану мен қорғаудың, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау шараларын қолданудың құқықтық негiздерiн белгілейді.



1-бөлім. Ақпараттандыру саласындағы қатынастарды реттеу негіздері
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

1. Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) автоматтандыру – ақпаратты жасауды, іздестіруді, жинауды, жинақтауды, сақтауды, өңдеуді, алуды, пайдалануды, түрлендіруді, көрсетуді, таратуды және беруді оңтайландыруға арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын пайдалану процесі;

2) ақпараттандыру – ақпараттандыру субъектілерінің қызметін автоматтандыруға бағытталған ұйымдық, әлеуметтiк-экономикалық және ғылыми-техникалық процесс;

3) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, ақпараттық жүйелер, сервистік бағдарламалық өнімдер;

4) ақпараттандыру объектілерінің сыныптауышы – ақпараттандыру объектілерін сәйкестендіруге және оларға сипаттама беруге бағытталған санаттардың жүйеленген тізімі;

5) ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (бұдан әрі – ақпараттық қауіпсіздік) – электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелердің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қатерлерден қорғалуының жай-күйі;

6) ақпараттандыру саласындағы көрсетілетін қызметтер – ақпараттық жүйелерді құру, дамыту және сүйемелдеу, электрондық ақпараттық ресурстарды құру жөнінде көрсетілетін қызметтер;

7) ақпараттандыру саласындағы сарапшылық кеңес – мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттандыру мәселелерін қарайтын уәкілетті орган жанындағы ведомствоаралық консультациялық-кеңесші орган;

8) ақпараттандыру саласындағы өте маңызды объектілер – жұмыс істеуінің бұзылуы немесе тоқтауы төтенше жағдайларға немесе Қазақстан Республикасының қорғанысы, қауіпсіздігі, халықаралық қатынастары, экономикасы, шаруашылығының жекелеген салалары инфрақұрылымы үшін немесе тиісті аумақта тұратын халықтың тыныс-тіршілігі үшін айтарлықтай теріс салдарға әкеп соғатын ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның, оның ішінде «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектілері;

9) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ақпараттандыру және «электрондық үкiмет» саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;

10) ақпараттандыру субъектілері – ақпараттандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын немесе құқықтық қатынастарға қатысатын мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар;



11) ақпараттандырудың сервистік моделі – мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторының ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетуіне негізделген, аталған органдардың қызметін орталықтандырып ақпараттандыруды ұйымдастыру;

12) ақпаратты қорғау құралы – ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуге арналған және пайдаланылатын бағдарламалық қамтылым, техникалық және өзге де құралдар;

13) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық іс-әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

14) ақпараттық жүйе жасау – бағдарламалық қамтылымды әзірлеуге, иемденіп алуға, енгізуге, ақпараттық жүйенің техникалық құралдарының қажетті кешенін иемденіп алуға және (немесе) жалға алуға бағытталған ұйымдық және техникалық іс-шаралар кешенін іске асыру;

15) ақпараттық жүйелерді интеграциялау – деректерді берудің Қазақстан Республикасында пайдаланылатын стандарттық хаттамалары негізінде екі және одан да көп ақпараттық жүйе арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;

16) ақпараттық жүйені дамыту – ақпараттық жүйенің жұмыс істеуін оңтайландыру және (немесе) функционалын кеңейту мақсатында өнеркәсіптік пайдалануға қабылданған ақпараттық жүйенің қосымша функционалдық талаптарын іске асыру, оны жаңғырту және (немесе) модификациялау жөніндегі іс-шаралар кешені;

17) ақпараттық жүйені енгізу – автоматтандыру объектісі мен персоналды дайындауды, жөнге келтіріп іске қосу жұмыстарын, алдын ала және қабылдау сынақтарын жүргізуді, тәжірибелік пайдалануды қамтитын ақпараттық жүйені қолданысқа енгізу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу;

18) ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалану – ақпараттық жүйені мақсаттарына, міндеттері мен нормативтік-техникалық құжаттамасына сәйкес штаттық режимде пайдалану;

19) ақпараттық жүйені сүйемелдеу – ақпараттық жүйені оның арналған мақсатына сәйкес ақпараттық-бағдарламалық кешенге жүйелік-техникалық қызмет көрсету арқылы пайдалануды қамтамасыз ету;

20) ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдалану – ақпараттық жүйенің жұмыс істеуіндегі кемшіліктерді анықтау мен жою және оның нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында өткізілетін ақпараттық жүйені пилоттық аймақта пайдалану;

21) ақпараттық жүйенің аудиті – ақпараттық жүйені пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында оны тәуелсіз зерттеу;

22) ақпараттық жүйенің өмірлік циклі – ақпараттық жүйені талдау, жобалау, әзірлеу, тәжірибелік, өнеркәсіптік пайдалануға қосу, сүйемелдеу, дамыту, пайдаланылуын тоқтату және кәдеге жарату кезеңдерінің жиынтығы;

23) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке аттестаттау (бұдан әрі – аттестаттау) – аттестаттауға жататын объектілер қорғалуының жай-күйін, сондай-ақ олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтау жөніндегі ұйымдық-техникалық іс-шаралар;

24) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым – электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және оларға қол жеткізу мүмкіндігін беру мақсатында технологиялық ортаның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің жиынтығы;

25) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілері – ақпараттық жүйелер, технологиялық тұғырнамалар, аппараттық-бағдарламалық кешендер, телекоммуникация желілері, сондай-ақ техникалық құралдардың үздіксіз жұмыс істеуін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелері;

26) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның ақпараттық қауіпсіздігі мониторингінің жүйесі – ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларына ден қоюды қоса алғанда, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның (ақпараттық жүйелердің, техникалық құралдардың) меншік иелеріне, иеленушілеріне және оларды пайдаланушыларға жәрдем көрсетуге бағытталған ұйымдық және техникалық іс-шаралар;

27) ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету – есептеу ресурстарын жалдау және (немесе) орналастыру, бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық өнімдерді, сервистік бағдарламалық өнімдерді және техникалық құралдарды пайдалануға беру жөнінде көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ осы көрсетілетін қызметтердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін байланыс қызметін көрсетудің немесе көрсетілетін қызметтердің жиынтығы;

28) ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету каталогы – мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы ұсынатын, ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетудің егжей-тегжейлі сипаттамасы мен құны қамтылған ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетудің бірыңғай анықтамалығы;

29) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – электрондық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу әдістерінің және аппараттық-бағдарламалық кешендер мен телекоммуникациялар желілерін қолдана отырып жүзеге асырылатын ақпараттық өзара іс-қимыл әдістерінің жиынтығы;

30) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптар – электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйелерге, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға және оларды қорғауға қолданылатын ұйымдық-техникалық нормалар мен талаптар жинағы;

31) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласы – экономиканың бағдарламалық қамтылымды жобалаумен, оның жасалуымен және саудасымен, техникалық құралдармен, тұрмыстық электроникамен және оның құрамбөліктерімен сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетуді ұсынумен байланысты саласы;

32) ақпараттық қауіпсіздік оқиғасы – ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның немесе оның жекелеген құрамбөліктерінің жұмысында жекелей немесе сериялы түрде туындайтын іркілістер, олардың тиiсiнше жұмыс iстеуiне қауіп төндiретiн және (немесе) электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз алу, көшiрмесін түсіріп алу, тарату, түрлендiру, жою немесе бұғаттау үшiн жағдай жасайтын оқиғалар;

33) аппараттық-бағдарламалық кешен – белгілі бір түрдегі міндеттерді шешу үшін бірлесіп қолданылатын бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық құралдар жиынтығы;

34) ашық деректер – машинада оқылатын түрде ұсынылған және одан әрі пайдалануға және пайдаланушылардың қайталап жариялауына арналған жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар;

35) ашық деректердің интернет-порталы – ашық деректер бойынша сипаттау және сілтемелік ақпаратты орталықтандырылған сақтауды қамтамасыз ететін «электрондық үкімет» веб-порталының құрамбөлігі;

36) бағдарламалық қамтылым – пайдалану үшін қажетті техникалық құжаттамасы бар бағдарламалардың, бағдарламалық кодтардың, сондай-ақ бағдарламалық өнімдердің жиынтығы;

37) бағдарламалық қамтылымды сүйемелдеу – өнеркәсіптік пайдалануға берілгеннен кейін бағдарламалық қамтылымның жұмыс істеуін, оны жақсарту процесін, оңтайландыруды және оның ақаулары мен кемшіліктерін жоюды қамтамасыз ету;

38) бағдарламалық өнім – әзірлеушілеріне қарамастан, техникалық құжаттамамен белгіленген жүйелік талаптарға сәйкес көзделген мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін тауар болып табылатын дербес бағдарлама немесе бағдарламалық қамтылымның бір бөлігі;

39) домендiк атау – интернет желiсiнiң адрестеу қағидаларына сәйкес қалыптастырылған, белгiлi бiр желiлiк адреске сәйкес келетiн және интернет желiсiнiң объектiсiне атаулы жүгінуге арналған символдық (әрiптiк-цифрлық) белгi;

40) еркін бағдарламалық қамтылым – құқық иеленуші пайдаланушыға бағдарламалық қамтылымға қатысты шектеусіз орнату, іске қосу және көшірмесін түсіріп алу, сондай-ақ еркін пайдалану, зерделеу, дамыту және тарату құқығын беретін ашық бастапқы коды бар бағдарламалық қамтылым;

41) жергілікті атқарушы органның архитектурасы – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі жергілікті атқарушы органның міндеттерін, функцияларын, ұйымдық құрылымын, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым және олардың арасындағы байланысты қоса алғанда, ағымдағы және жоспарланған жағдайын сипаттау;

42) жергілікті желі – телекоммуникациялардың басқа желілеріне қосылу нүктесіне дейін тұйық инфрақұрылымы бар және ақпаратты жіберуді және аумақтық шектелген кеңістіктегі (үй-жайдағы, ғимаратағы, кәсіпорындағы) желілік құрылғыларға бірлесіп қол жеткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз ететін телекоммуникация желісінің бір бөлігі;

43) жүйелік-техникалық қызмет көрсету – аппараттық-бағдарламалық кешеннің, телекоммуникациялар желілері мен ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;

44) интернет – электрондық ақпараттық ресурстарды жіберуге арналған дүниежүзілік біріктірілген телекоммуникациялар желілерінің және есептеу ресурстардың жүйесі;

45) интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзі – интернет желісіне және (немесе) интернет желісіне шыға алатын ақпараттық желілерге, байланыс желілеріне қол жеткізу кезінде телекоммуникациялар желілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық кешен;

46) интернет-портал – ақпаратты, электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді кешенді ұсынуға арналған, сондай-ақ пайдаланушылардың көпшілік санының қажеттіліктеріне сай келетін басқа да интернет-ресурстарға сілтемелерді қамтитын интернет-ресурс;

47) интернет-ресурс – аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік мекен-жайы және (немесе) домендік аты бар және интернет желісінде жұмыс істейтін, мәтіндік, графикалық, аудиовизуалдық және өзге де түрде бейнеленетін электрондық ақпараттық ресурс;

48) компьютерлік сауаттылық – адамның ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен бағдарламаларды білуі және оларды күнделікті әрі кәсіби қызметінде пайдалана білуі;

49) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай тұғырнамасы – мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарын орналастыруға арналған технологиялық тұғырнама;

50) мемлекеттік органның архитектурасы – мемлекеттік органның міндеттерін, функцияларын, ұйымдық құрылымын, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын және олардың арасындағы байланыстарды қоса алғанда, оның ағымдағы және жоспарлы жай-күйінің сипаттамасы;

51) мемлекеттік техникалық қызмет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын;

52) нормативтік-техникалық құжаттама – ақпараттандыру объектілерін әзірлеуге, құруға және пайдалануға, сондай-ақ олардың ақпараттандыру саласындағы белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылауға жалпы міндеттерді, қағидаттар мен қағидаларды айқындайтын құжаттар жиынтығы;

53) пайдаланушы – нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін ақпараттық жүйені, бағдарламалық қамтылымды, бағдарламалық өнімді, интернет-ресурсты, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды пайдаланатын ақпараттандыру субъектісі;

54) сервистік бағдарламалық өнім – мемлекеттік органдарға «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы көрсететін ақпараттық-коммуникациялық қызметті іске асыруға арналған бағдарламалық өнім;

55) техникалық қолдау – лицензиялық бағдарламалық қамтылымның жұмыс істеу қабілеттігін қолдау жөнінде консультациялық, ақпараттық-технологиялық және өзге де қызметтер көрсету;

56) техникалық құжаттама – бағдарламалық өнімнің, сервистік бағдарламалық өнімнің, ақпараттық жүйенің, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасының техникалық тапсырмасын, пайдалану және өзге де құжаттамасын қамтитын құжаттамалар жиынтығы;

57) электрондық ақпараттық ресурстар – электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық жеткізгіште, интернет-ресурста және (немесе) апараттық жүйеде қамтылатын ақпарат;

58) электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге, ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетуге қол жеткізу – электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсетуді пайдалану мүмкіндігі;

59) электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қорғау – электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды сақтауға бағытталған құқықтық, ұйымдық және техникалық iс-шаралар кешенiн іске асыру, заңсыз және (немесе) абайсызда қол жеткізуді және немесе оларға әсер етуді болдырмау;

60) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның иеленушісі – меншік иесі заңда немесе келісімде айқындалған шектерде және тәртіппен электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды иелену және пайдалану құқықтарын берген субъект;

61) электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйенің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның меншік иесі – заңды негіздерде электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйені, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды иелену, пайдалану және оларға билік ету құқықтары тиесілі субъект;

62) «электрондық әкiмдiк» – жергiлiктi атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға және оңтайландыруға негізделген және электрондық нысанда қызмет көрсетуге арналған электрондық өзара іс-қимыл жүйесі;

63) «электрондық әкімдіктің» үлгілік архитектурасы – әкімшілік-аумақтық бірліктердің әр түрін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың функциялары мен көрсететін қызметін іске асыруға стандарттық құрамбөліктер мен талаптардың, ұйымдық құрылымының, ақпараттар легінің, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының сипаттамасы;

64) электрондық жеткізгіш –ақпаратты электрондық нысанда сақтауға, сондай-ақ техникалық құралдар көмегімен жазуға немесе қайта шығаруға арналған материалдық жеткізгіш;

65) электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъект – мемлекеттік немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық нысанда алу үшін жүгінген жеке немесе заңды тұлға;

66) электрондық нысанда қызметтер көрсету субъектісі – мемлекеттік немесе мемлекеттік емес қызметтерді электрондық нысанда көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

67) «электрондық үкімет» – мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларды автоматтандыруға және оңтайландыруға негізделген және электрондық кнысанда қызмет көрсетуге арналған өздерінің арасындағы және жеке және заңды тұлғалармен электрондық өзара іс-қимыл жүйесі;

68) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы – «электрондық үкіметтің» жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;

69) «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі – оператор) – «электрондық үкiметтiң» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген, Қазақстан Республикасы Үкiметiнің шешімі бойынша айқындалатын заңды тұлға;

70) «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық тұғырнамасы – ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыруға арналған технологиялық тұғырнама;

71) «электрондық үкіметтің» архитектурасы – «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы объектілерінің сипаттамасы, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелерді жобалау мен іске асыруды басқару және үйлестіру үшін пайдаланыллатын нормативтік және техникалық талаптар кешені;

72) «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушылар бөлмесі – «электрондық үкімет» веб-порталының өтініштерді қарайтын субъектілерге өтініш беру мәселелері, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша электрондық нысанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және өзге де көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен ресми ақпараттық өзара іс-қимылына арналған құрамбөлігі;

73) «электрондық үкiметтiң» сервистік интеграторы – «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын, «электрондық үкiметтiң» және «электрондық әкімдіктiң» архитектурасын дамытуды әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын заңды тұлға.

2. Осы бапта көрсетілмеген өзге де ұғымдар осы Заңның тиісті баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.

Осы Заңда пайдаланылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа салаларының ұғымдары, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, олар Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мағынасында қолданылады.

2-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру

саласындағы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгiленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Ақпараттандыру саласындағы қоғамдық

қатынастарды мемлекеттiк реттеудiң

мақсаттары мен қағидаттары

1. Ақпараттандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеудiң мақсаттары ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыру және оның дамуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының әлеуметтік және экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін ақпараттық қамтамасыз ету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы тауарлар өндірісінде, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерде жергілікті қамтуды дамыту үшін жағдайлар жасау болып табылады.

2. Ақпараттандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеу мынадай қағидаттарға:

1) заңдылық;

2) жеке және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау;

3) жеке және заңды тұлғалардың ақпараттандыру саласындағы қызметке қатысу және оның нәтижелерiн пайдалану құқығының теңдігі;

4) жеке өмірге қол сұғылмаушылық;

5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес қол жеткiзілуі шектелген электрондық ақпараттық ресурстардан басқа, мемлекеттiк органдардың қызметi туралы ақпаратты қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарға еркiн қол жеткiзу және электрондық ақпараттық ресурстарды міндетті түрде қамтамасыз ету;

6) электрондық ақпараттық ресурстарға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде оларды жариялы таратудың не мемлекеттік органдардың беруінің міндетті сипаты белгіленген электрондық ақпараттық ресурстардың уақтылы берілуі, объективтілігі, толымдылығы және дәйектілігі;

7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес қол жеткiзу шектелмеген кез келген электрондық ақпараттық ресурстарды iздеу, қалыптастыру мен беру еркiндiгi;

8) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану кезiнде жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

9) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен адал бәсекелестік саласын дамыту үшін жағдай жасау;

10) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын орталықтандырылған басқаруды қамтамасыз ету;

11) ақпараттандыру объектілерінің сенімділігі мен оның басқарылуын қамтамасыз ететін бірыңғай стандарттар негiзiнде Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру қағидаттарына негізделген.

4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту, сүйемелдеу және пайдалану, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау кезінде туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заңның қолданылу аясы болып табылады.

2. Осы Заңның күші:

1) ақпараттың мазмұны мен таратылу әдістеріне;

2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен оның құрылымына кіретін ұйымдар «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы объектілерімен интеграцияланбаған интернет-ресурстарды, ақпараттық жүйелерді құру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру, сондай-ақ ақпараттандыру саласында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастарға;

2-тарау. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік басқару

5-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік

басқарудың негізгі міндеттері

Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі міндеттері:

1) ақпараттық қоғамды қалыптастыру мен дамыту;

2) мемлекеттік органдардың әкімшілік реформасын іске асыру мен сүйемелдеуді қамтамасыз ету;

3) «электрондық үкіметті» және «электрондық әкімдікті» дамыту;

4) халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру;

5) білім беру процесінің қатысушыларына электрондық оқытудың электрондық ақпараттық ресурстарына қол жеткізуіне арналған жағдайларды қамтамасыз ету;

6) қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту және оларды өндірістік процестерге енгізу үшін жағдайларды қамтамасыз ету;

7) ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың отандық саласын қалыптастыруға және дамытуға жәрдемдесу;

8) ақпараттандыру саласында бірыңғай ғылыми, техникалық, өнеркәсіптік және инновациялық саясатты қалыптастыру және іске асыру;

9) мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелер мен телекоммуникация желілерін қалыптастыру, дамыту және қорғау, олардың бірыңғай ақпараттық кеңістікте өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

10) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингі;

11) ақпараттық қауіпсіздік оқыс оқиғалардың, оның ішінде әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, төтенше немесе соғыс жағдай енгізілген кезінде олардың алдын алу және жедел ден қою;

12) жүйелі негізде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына инвестициялар тарту үшін жағдайлар жасау;

13) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасын жетілдіру;

14) ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысу;

15) халықаралық ақпарат алмасу және ақпаратқа қол жеткізу үшін жағдайлар жасау болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет