Қазақстан Республикасының Заңы «Азаматтық қорғау туралы»


-бап. Қауіпті өндірістік объектілер



бет9/11
Дата09.06.2016
өлшемі0.82 Mb.
#124578
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

81-бап. Қауіпті өндірістік объектілер
1. Қауіпті өндірістік объектілерге:

1) мына қауіпті заттардың біреуі:

адам денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпті заттардан тұратын өндірістік қалдықтар;

иондаушы сәуле көздері;

тұтанғыш – қалыпты қысым және ауамен қосылу жағдайында тұтанғыш болатын және қайнау температурасы қалыпты қысым жағдайында 20 немесе одан төмен Цельсий градусын құрайтын зат;

жарылғыш – сыртқы әсердің белгілі бір түрлері кезінде жылу бөліп, газ құрап, өздігінен жылдам тарайтын химиялық өзгерістерге ұшырай алатын зат;

жанғыш – өздігінен тұтанып, сондай-ақ от алдыру көзінен от алып, оны алып тастағаннан кейін өздігінен жанатын зат;

тотықтандырғыш – жануға көмектесетін, тұтануды тудыратын және (немесе) тотықтандыру-қалпына келтірудің экзотермиялық реакциясы нәтижесінде басқа заттардың тұтануына себеп болатын зат;

уытты – тірі организмдерге әсер ету кезінде олардың өліміне әкеп соқтыруға бейім және мынадай сипаттамасы бар зат:

асқазанға енгізілген кезде орташа өлім дозасы салмағы бір килограммға қоса алғанда 15-тен 200 миллиграмға дейін келетін;

теріге енгізген кезде орташа өлім дозасы салмағы бір килограммға қоса алғанда 50-ден 400 миллиграмға дейін келетін;

ауадағы орташа өлім концентрациясы бір литрге қоса алғанда 0,5-тен 2 миллиграмға дейін келетін;

жоғары уытты – тірі организмдерге әсер ету кезінде олардың өліміне әкеп соқтыруға бейім және мынадай сипаттамасы бар зат:

асқазанға енгізілген кезде орташа өлім дозасы бір килограмм салмаққа 15 миллиграмнан аспайтын;

теріге енгізген кезде өлім дозасы бір килограмм салмаққа 50 миллиграмнан аспайтын;

ауадағы орташа өлім концентрациясы бір литрге 0,5 миллиграмнан аспайтын;

қоршаған ортаға қауіп төндіретін, оның ішінде су ортасында мынадай қатты уытты көрсеткіштермен сипатталатын зат:

балыққа тоқсан алты сағат бойына ингаляциялық әсер ету жағдайында орташа өлім дозасы литріне 10 миллиграмнан аспайтын;

дафнияға қырық сегіз сағат бойына әсер ету жағдайында белгілі бір әсер тудыратын удың орташа концентрациясы литріне 10 миллиграмнан аспайтын;

балдырларға жетпіс екі сағат бойына әсер ету жағдайында орташа тежейтін концентрациясы литріне 10 миллиграмнан аспайтын қауіпті заттардың бірі өндірілетін, пайдаланылатын, қайта өңделетін, түзілетін, сақталатын, тасымалданатын, жойылатын;

2) қара, түсті, бағалы металдардың балқымалары мен олардың негізінде алынатын қорытпалары жасалатын;

3) тау-кен, геологиялық барлау, бұрғылау, жарылыс жұмыстары, пайдалы қазбаларды өндіру және минералды шикізатты қайта өңдеу жөніндегі жұмыстар, жер асты жұмыстары жүргізілетін;

4) қауіпті өндірістік объектілердің гидротехникалық құрылыстары пайдаланылатын кәсіпорындар, олардың өндірістік бөлімшелері және басқа объектілер жатады.

2. Қауіпті өндірістік объектілерге, сондай-ақ:

1) 0,07 мегаПаскальдан аса қысыммен немесе судың 115 градус Цельсийден аса қызыған температурада жұмыс істейтін техникалық құрылғылар (0,07 мегаПаскальдан аса қысыммен жұмыс істейтін бу қазандықтары; 115 градус Цельсийден аса температурамен су қыздыру қазандықтары; 0,07 мегаПаскальдан аса қысыммен жұмыс істейтін түтікшелер; 0,07 мегаПаскальдан аса жұмысы қысыммен және 115 градус Цельсийден аса температурадағы ыстық су бу құбырлары);

2) жүк көтергіш құрылыстар (жүк көтергіш крандар, көтергіштер (мұнаралар), эскалаторлар, арқан жолдар, фуникулерлер, лифтілер) жатады.



82-бап. Өндірістік объектінің қауіптілігін бағалау
1. Өндірістік объектінің қауіптілігін бағалау:

1) жазатайым оқиғалардың жиілігі;

2) жазатайым оқиғалардың ауырлығы;

3) өлімге әкеп соқтыратын жарақаттанудың жиілігі;

4) кәсіптік ауру;

5) негізгі қорлардың тозуы;

6) негізгі қорларды ауыстыру;

7) қауіпті өндірістік объектінің авариялылығы коэффиценттері бойынша жүзеге асырылады.

Облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана шегіндегі өндірістік объектілердің жалпы қауіптілік деңгейін уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі белгілейді. Ұсынылған мәліметтер негізінде уәкілетті орган республика бойынша қауіптілік деңгейінің орташа салалық көрсеткішін белгілейді.

Қауіпті өндірістік объектілердің иелері және сақтандыру ұйымдары олармен ұсынылатын қосымша материалдар негізінде өндірістік объектілер қауіптілігінің есептік деңгейін өзгертуді талап етуге құқылы.

2. Объекті қауіптілігінің жалпы деңгейін айқындау тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

3. Қауіпті өндірістік объектілері бар, декларациялау және сақтандыруға жататын ұйымдардың жыл сайынғы жалпы қауіптілік деңгейі туралы ақпаратты уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында орналастырады немесе ол республикалық мерзімдік басылымдарда мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланады.



83-бап. Өндірістік қауіпсіздікті міндетті декларациялау
1. Пайдалану кезінде қауіпті өндірістік факторлардың халыққа, қоршаған ортаға зиянды әсер ету мүмкіндігі бар қауіпті өндірістік объектілер міндетті түрде декларациялануға жатады.

Қауіпті өндірістік факторлардың халыққа, қоршаған ортаға зиянды әсер ету мүмкіндігі жаңадан енгізілетін қауіпті өндірістік объектілер мен қолданыстағы қауіпті өндірістік объектілер істерінің іс жүзіндегі жағдайы бойынша жоба алдындағы құжаттамаларына өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу арқылы белгіленеді.

Сараптама қауіпті өндірістік объектілердегі қауіпті өндірістік факторларды, сондай-ақ олар әсер етуі ықтимал аймақтағы адамдардың санын анықтайды.

Уәкілетті орган сараптама қорытындысы негізінде қауіпті өндірістік объектіні декларациялау туралы шешім шығарады.

Уәкілетті органның қауіпті өндірістік объектіні декларациялау немесе декларациялау қажеттілігінің жоқтығы туралы шешімі қауіпті өндірістік объект иесінің еркін нысанда ұсынған өтініші бойынша сараптама қорытындысының түпнұсқасымен қоса беріледі.

2. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк декларациясы (бұдан әрi – декларация) қауiптi өндiрiстiк объектiнi салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, техникалық жарақтандыруға, сақтауға және жоюға жобалық құжаттама құрамында және қолданыстағы қауіпті өндірістік объектілер істерінің нақты жай-күйі бойынша әзiрленедi, қайта қаралады.

3. Декларация мынадай мәлiметтердi:

1) қауiптi заттар (оның iшiнде өндiрiлетiн) тiзбесiн және олардың сипаттамаларын;

2) қауіпті өндірістік факторларды (әр фактор жеке; басқа факторлармен өзара әрекет етуде; қоршаған ортамен өзара әрекет етуде);

3) қауiптi өндірістік факторлардың таралуы туралы технологиялық деректердi;

4) қауiптiлiк пен тәуекелге жүргізілген талдауды;

5) қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi техникалық шешiмдердi;

6) авариялық жағдайлардың туындау жағдайына жүргізілген талдауды;

7) авария жағдайларында персоналды iс-әрекет жасауға дайындауды;

8) авариялардың туындауы мен дамуының болуы ықтимал сценарийлерiнiң сызбанұсқасын;

9) аварияны жоюдың жоспарын (хабардар ету жүйесi; адамдарды қорғау құралдары мен шаралары; аварияларды, төтенше ахуалдарды жоюға арналған резервтiк ресурстар; зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша медициналық қамтамасыз ету);

10) объектінің және онымен іргелес аумақтың жергілікті хабардар ету жүйесінің жоспарын қамтуы тиiс.

4. Декларацияны әзiрлеудi қауiптi өндiрiстiк объектiлердi пайдаланатын ұйым не өнеркәсiптiк қауiпсiздiк декларациясын әзірлеу құқығына аттестатталған ұйым жүзеге асырады. Бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеген кезінде қауiптi өндiрiстiк объектiлердi пайдаланатын ұйым үшін осы аттестаттың болуы талап етілмейді.

5. Декларация оның өнеркәсіптік қауiпсiздiк мәлiметтерi немесе өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптары өзгерген жағдайда өзгерiстер пайда болған кезден бастап үш ай iшiнде нақтыланады.

6. Декларацияны қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымның басшысы бекiтедi.

Қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымның иесi декларациядағы мәлiметтердiң уақытылы ұсынылуына, оның толықтығы мен дұрыстығына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

7. Декларация уәкілетті органмен аттестатталған ұйымда сараптамадан өткiзілуі тиіс.

Декларацияға өзгерiстер енгiзiлген кезде ол қайта сараптамадан өтуге және тіркелуге жатады.

8. Декларация қағазда екі данада не электрондық сандық қолмен куәландырылған электрондық құжат түрінде бір данада жоба құрамында сараптама қорытындысымен қоса немесе жеке құжат түрінде уәкілетті органға тіркеу үшін ұсынылады. Электрондық құжат түріндегі декларация уәкілетті органда сақталады, декларацияны қағазда ұсынған жағдайда, бір данасы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде, екінші данасы қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымда сақталады.

9. Қауiптi объектiнi декларациясыз пайдалануға тыйым салынады.

10. Уәкілетті орган өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясы тіркелген объектілердің тізбесін өзінің интернет-ресурсына қазақ және орыс тілдерінде орналастырады.

11. Объектілердің декларациялануға тиіс объектілерге жатқызу критерийлерін анықтайтын қағидалар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

84-бап. Қауіпті өндірістік объектілерді есепке қою және есептен шығару
1. Қауіпті өндірістік объектіні есепке қою, есептен шығару үшін оның иесі уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшесіне өтініш береді.


  1. Өтініш еркін түрде беріледі. Өтініште қауіпті өндірістік объектіні есепке қою және есептен шығару үшін сәйкестендіру негізі көрсетіледі.

3. Қауіпті өндірістік объектіні есепке қою, есептен шығару өтініш берген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қауіпті өндірістік объектіні есепке қою, есептен шығару туралы хабарлама беріле отырып, жүзеге асырылады.

Қауіпті өндірістік объектіні есепке қою, есептен шығару уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде қауіпті өндірістік объектілерді есепке алу журналында және қауіпті өндірістік объектінің паспортында тиісті жазба жасай отырып жүргізіледі.



85-бап. Қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және таратуға жобалық құжаттаманы келісу
1. Жобалық құжаттаманы келісу үшін қауіпті өндірістік объектінің иесі азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік инспекторына:

жобалық құжаттаманы келісуге жіберу туралы өтінішін;

жобалық құжаттаманың көшірмесін;

жобалық құжаттаманың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы сараптама қорытындысының түпнұсқасын ұсынады.

2. Жобалық құжаттаманы келісу туралы оң шешім немесе оны келісуден дәлелді бас тарту құжат берілген күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде өтініш берушіге толық көлемде жіберіледі.

86-бап. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң, сондай-ақ осындай объектілерге өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша жұмыс істеуге тартылған аттестатталған, жобалау және басқа да ұйымдардың қызметкерлерін кәсiби даярлау, қайта даярлау, бiлiктiлiгiн арттыру
1. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша осындай объектілерге жұмыс істеуге тартылған аттестатталған, жобалау және басқа да мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерін кәсiби даярлау, қайта даярлау, бiлiктiлiгiн арттыру қауіпті өндірістік объектілер иелеріне және аттестатталған, жобалау және осы сияқты жұмысқа тартылған басқа да мердігерлік ұйымдардың басшыларына жүктеледі.

Кәсіби даярлау, қайта даярлау, біліктілікті арттыру оқыту және одан кейін емтихандар қабылдау арқылы жүзеге асырылады.

2. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң, сондай-ақ осындай объектілерге жұмыс істеуге тартылған аттестатталған, жобалау және басқа да мердігерлік ұйымдар қызметкерлерiн оқыту және олардан емтихан қабылдау қауіпті өндірістік объектінің оқу орталығында немесе уәкілетті органның аттестаты бар оқу ұйымында жүргізіледі.

3. Аттестатталған ұйымдар оқытуды жүргізу бойынша олардың басшылары бекітетін оқу жоспарын және ұзақтығы кемінде он, сондай-ақ қырық сағаттық жұмыстарды қауіпсіз орындау талаптарына қызметкерлерді оқытудың бағдарламаларын әзірлейді.

4. Қауіпті өндірістік объектінің технологиялық процесіне қатысатын, қауiптi өндiрiстiк объектiлерді пайдаланадын, оларға техникалық қызмет көрсетуді, техникалық куәландыруды, монтаждауды және жөндеуді орындайтын, қауіпті өндірістік объектілерге жұмысқа түсетін техникалық басшылар, мамандар және жұмысшылар, сондай-ақ осындай объектілерге жұмыс істеуге тартылған аттестатталған, жобалау және басқа да мердігерлік ұйымдар қырық сағаттық бағдарлама бойынша алдын-ала оқытыла отырып, кәсіби даярлықтан өтуге жатады тиіс.

5. Қауіпті өндірістік объектінің технологиялық процесіне қатысатын, қауiптi өндiрiстiк объектiлерді пайдаланадын, оларға техникалық қызмет көрсетуді, техникалық куәландыруды, монтаждауды және жөндеуді орындайтын, қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс істейтін, сондай-ақ осындай объектілерге жұмыс істеуге тартылған аттестатталған, жобалау және басқа да мердігерлік ұйымдардың техникалық басшылары, мамандары және жұмысшылары біліктілігін арттыруға жатады:



  1. жыл сайын он сағаттық бағдарлама бойынша алдын-ала оқытудан өтетін қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс істейтін жұмыс персоналы, сондай-ақ жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге жауапты тұлғалар;

  2. үш жылда бір рет қырық сағаттық бағдарлама бойынша алдын-ала оқытудан өтетін техникалық басшылар, мамандар және инженер-техникалық қызметкерлер;

6. Қауіпті өндірістік объектінің технологиялық процесіне қатысатын, қауiптi өндiрiстiк объектiлерді пайдаланадын, оларға техникалық қызмет көрсетуді, техникалық куәландыруды, монтаждауды және жөндеуді орындайтын, сондай-ақ осындай объектілерге жұмыс істеуге тартылған аттестатталған, жобалау және басқа да мердігерлік ұйымдардың техникалық басшылары, мамандары және жұмысшылары қырық сағаттық бағдарлама бойынша алдын-ала оқытыла отырып, мынадай жағдайларда қайта даярлануға жатады:

1) жаңа немесе қайта әзірленген нормативтік құқықтық және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік актілер қолданысқа енгізілген кезде;

2) егер жаңа міндеттер басшыдан немесе маманнан қауіпсіздік саласындағы қосымша білімді талап етіп, жаңа лауазымға тағайындалған немесе басқа жұмысқа ауысқан кезде;

3) сыныптылығы, разряды жоғарылаған жағдайда;

4) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптары бұзылған жағдайда;

5) жаңа жабдықты пайдалануға енгізу немесе жаңа технологиялық процестерді ендіру кезінде;

6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын жеткіліксіз білуі анықталған жағдайда, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшелерінің талабы бойынша.

7. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң, сондай-ақ осындай объектілерге жұмыс істеуге тартылған аттестатталған, жобалау және басқа да мердігерлік ұйымдар қызметкерлерiнің білімдерін тексеруді (емтихандарды) ұйымдастыру мен жүргізуді бекітілген кестеге сәйкес олардың басшылары қамтамасыз етеді. Білімі тексерілетін адамдар кестемен танысуы тиіс.

8. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң, сондай-ақ осындай объектілерге жұмыс істеуге тартылған аттестатталған, жобалау және басқа да мердігерлік ұйымдар қызметкерлерінің білімдерін тексеру үшін ұйым бойынша немесе аттестатталған ұйым бойынша бұйрықпен (өкіммен) тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссиялары құрылады, оларды қауіпті өндірістік объектінің аттестатталған оқу орталығы немесе аттестатталған оқу ұйымы басшысы немесе орынбасары басқарады.

9. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын ұйымдардың басшылары, сондай-ақ аталған ұйымның тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссиясының мүшелері азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік инспекторының немесе оның орынбасарларының төрағалық етуімен уәкілетті орган комиссиясына үш жылда бір рет емтихан тапсырады.

Басқа ұйымдардың тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссияларының басшылары мен мүшелері азаматтық қорғау саласындағы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бас мемлекеттік инспекторының немесе оның орынбасарларының төрағалық етуімен уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі комиссиясында үш жылда бір рет емтихан тапсырады.

10. Құрамы үш адамнан кем болған жағдайда, емтихан комиссиясының білімді тексеруіне жол берілмейді.

11. Емтихан билеттерін аттестатталған оқу ұйымы әзірлейді, оларды ұйым басшысы бекітеді.

12. Бiлiмдi тексеру нәтижелерi хаттамамен ресiмделедi. Бiлiмдi тексеру хаттамалары білімнің кезекті тексерілуіне дейін сақталады.

13. Емтихан тапсырған адамдарға емтихан комиссиясы төрағасының қолы қойылған белгіленген үлгідегі куәлiк беріледi.

Аттестатталған оқу ұйымдарында емтихандарды қабылдау кезінде емтихан комиссиясы төрағасының қолы ұйымның мөрімен куәландырылады.

14. Куәлiк онда көрсетiлген мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.

15. Емтихан тапсыра алмаған адамдар бір ай мерзімнен кешіктірмей қайта білім тексеруінен өтеді.



  1. Емтиханды қайта тапсыра алмаған адамдар жұмысқа жiберiлмейдi.

17. Мерзiмi өткен куәлiгі бар адамдар жұмысқа жiберiлгеннен кейiн бiр ай iшiнде емтихан тапсыруы тиiс.

18. Оқытуды ұйымдастыру, оның iшiнде емтихан комиссиясы мүшелерiнiң еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi барлық шығыстар қауiптi өндiрiстiк объектiнiң иесiне және осындай объектіге жұмыс істеуге тартылған аттестатталған, жобалау және басқа да мердігерлік ұйымдар басшыларына жүктеледi.

19. Осы баптың оқу ұйымдарына қойылатын талаптары, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілердің оқу орталықтарына да таралады.
14-тарау. Инциденттердi, аварияларды, өрттерді және олардың салдарын тексеру мен есепке алу
87-бап. Қауiптi өндiрiстiк объектi иесiнiң iс-әрекетi
1. Қауiптi өндiрiстiк объектiнiң иесi техникалық құрылғылар істен шыққан немесе бүлінген, сондай-ақ технологиялық процесс режимiнен ауытқыған (бұдан әрi – инцидент) жағдайда:

үш тәулiк iшiнде уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiн хабардар етедi;

инциденттi тексерудi жүргiзедi;

инциденттердi болдырмау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады;

болған инциденттердiң есебiн жүргiзедi.

2. Авария болған жағдайда:

болған авария туралы осы объектіге қызмет көрсететін кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтеріне, уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне, жергiлiктi атқарушы органға дереу хабарлайды;

хабарлама алған орган инстанция бойынша жоғары тұрған органдарды болған авария туралы хабардар етедi;

аварияның себептерiн тексеру жөнiндегi комиссияға өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға қажеттi барлық ақпаратты табыс етедi;

комиссия жұмысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн iс-шараларды жүзеге асырады.



88-бап. Аварияларды тексеру жөнiндегi комиссия
1. Үш адамнан бес адамға дейін қаза тапқан топтық жазатайым оқиғасы болған аварияны уәкілетті орган басшысының бұйрығымен тағайындалған комиссия, ал бестен артық адам қаза тапқанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындаған комиссия тексереді.

Басқа аварияларды уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi басшысының бұйрығымен тағайындалатын комиссия тексередi.

2. Уәкiлеттi органның немесе аумақтық бөлiмшенiң өкiлi аварияларды тексеру жөнiндегi комиссияның төрағасы болып тағайындалады.

3. Комиссияның құрамына қауiптi өндiрiстiк объектi басшысы және кәсіби авариялық-құтқару қызметінің өкiлi кiредi.



89-бап. Комиссияның құқықтары
1. Комиссия төрағасы аварияны тексеруге қатысты мәселелер бойынша сараптама тағайындауға құқылы.

2. Сараптама комиссиясы аварияны тексеру жөнiндегi комиссия төрағасының өкiмiмен тағайындалады. Сараптама қорытындысын қажет ететiн сұрақтар жазбаша нысанда қойылады. Сараптама комиссиясының барлық мүшелерi қол қойған материалдар аварияны тексеру жөнiндегi комиссияға оның төрағасы белгiлеген мерзiмде табыс етiледi.

3. Аварияны тексеру жөнiндегi комиссия оқиғаның куәсі болған адамдардан, лауазымды тұлғалардан және басқа да адамдардан жазбаша және ауызша түсiнiктеме алуға құқылы.

90-бап. Тексерудiң мiндеттерi
Тексеру барысында комиссия аварияның болуына себепші мән-жайларды анықтайды, оның себептерiн, техникалық құрылғыларды, технологиялық процестердi пайдалану шарттарын бұзудың сипатын, өнеркәсiптiк қауiпсiздiк жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердің бұзылуын айқындайды, мұндай авариялардың салдарын жою және алдын алу жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi, материалдық залалды анықтайды.

91-бап. Тексеру материалдары
1. Аварияны тексеру материалдарына:

1) аварияның себептерiн тексеру үшiн комиссия тағайындау (құру) туралы бұйрық;

2) аварияның себептерiн тексеру актiсi, оған:

авария болған жердi қарау хаттамасы, жоспарлар, сызбанұсқалар, фото-суреттер;

авария орнының эскизi;

комиссия төрағасының техникалық сараптама тағайындау туралы өкiмi және аварияны тексеру жөнiндегi комиссиясы шығарған басқа да өкiмдер;

сараптама комиссиясының аварияның себептерi туралы қорытындысы, зертханалық және басқа зерттеулердiң, сынақтардың, талдаулардың нәтижелерi қоса берiледi;

3) кәсіби авариялық-құтқару қызметi қызметкерлерінің (егер олар аварияны жою үшiн шақырылған болса) баянхаттары;

4) аварияға қатысы бар адамдарды, сондай-ақ өнеркәсiптiк қауiпсiздiк туралы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын сақтауға жауапты лауазымды тұлғаларды сұрастыру хаттамалары мен олардың түсiнiктемелерi;

5) қызмет көрсететiн персоналды өнеркәсiптiк қауiпсiздiк бойынша оқыту, олардың бiлiмiн тексеру, нұсқама алуы туралы анықтамалар;

6) аварияның мән-жайлары мен себептерiн сипаттайтын басқа да материалдар жатады.

2. Тексеру материалдарын техникалық ресiмдеу қауiптi өндiрiстiк объектiнiң иесiне жүктеледi, ол тексеру материалдарын аварияны тексеру аяқталғаннан кейiн бес күннен кешiктiрмей уәкілетті органға немесе уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жібереді.

Комиссияның шешiмi бойынша аварияның себептерiн тексеру материалдары қабылданған процессуалдық шешімімен қоса объектінің орналасу орны бойынша құзыретті органға жiберiледі.

92-бап. Тексеру қорытындылары
1. Қауіпті өндірістік объектінің иесi он күн ішінде аварияның себептерiн тексерудiң нәтижелерi бойынша бұйрық шығарады.

Бұйрықта аварияның мән-жайлары мен себептерi туралы комиссияның қорытындысы жарияланып, оның салдарын жою, сондай-ақ мұндай авариялардың алдын алу жөнiндегi және кiнәлi адамдарды жауапкершілікке тарту туралы шаралар белгiленуі тиiс.

2. Қауіпті өндірістік объектінің иесi аварияны тексеру нәтижелерi бойынша ұсынылған iс-шаралардың орындалу мерзiмi туралы жазбаша ақпаратты уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне табыс етедi.

3. Егер авария техникалық құрылғылардың конструкциялық кемшiлiктерiнен болса, қауiптi өндірістік объектінің иесi оны әзiрлеушiге наразылық арызын, ал уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне оның көшiрмесiн жiбередi.



93-бап. Аварияларды тексеру жөнiндегi шығыстар
Аварияны тексеруге қатысты барлық шығыстар қауiптi өндiрiстiк объектiнiң иесiне жүктеледі.

5-бөлім. Мемлекеттік материалдық резерв
15-тарау. Мемлекеттік резерв жүйесін қалыптастыру
94-бап. Мемлекеттiк резерв жүйесi
Мемлекеттiк резерв жүйесiн уәкiлеттi орган, оның мемлекеттік материалдық резерв саласындағы ведомстволары және ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.

95-бап. Мемлекеттiк резервтiң мақсаты
Мемлекеттiк резерв:

1) жұмылдыру мұқтаждарын қамтамасыз ету;

2) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше ахуалдардың алдын алу және олардың салдарын жою жөнiндегi бiрiншi кезектi жұмыстарды қамтамасыз ету;


  1. гуманитарлық көмек көрсету;

  2. нарыққа реттеушiлiк ықпал жасау;

  3. босқындарға көмек көрсету мақсаттарында құрылады және пайдаланылады.



96-бап. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарының құқықтық мәртебесi
1. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарының қорлары олардың сақталу орнына қарамастан, республикалық меншiк болып табылады.

2. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi болып табылатын ұйымдарды шетел қатысатын ұйымдардың сенiмгерлiк басқаруына берген немесе оларды шетел қатысатын ұйымдар жекешелендiрген жағдайда, материалдық құндылықтар Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен құпиялылық режимi сақтала отырып, басқа ұйымдарда орналастырылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет