Қазақстан Республикасының Заңы Мемлекеттік мүлік туралы



бет1/13
Дата17.06.2016
өлшемі0.84 Mb.
#142047
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Қазақстан Республикасының Заңы Мемлекеттік мүлік туралы

2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының № 413-IV Заңы

Осы Заң мемлекеттік мүліктің құқықтық режимін, мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті және заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі акциялар мен қатысу үлестерін басқарудың құқықтық негіздерін, мемлекеттік мүлікке құқықтарға ие болудың және оларды тоқтатудың құқықтық негіздерін айқындайды және мемлекеттің мемлекеттік мүлікке меншік иесінің құқықтарын және өзге де құқықтарды иеленушінің тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етуге бағытталған.



1-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІК ТУРАЛЫ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

1-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ БАСҚАРУ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аудандық коммуналдық заңды тұлғалар – аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған аудандық мемлекеттік кәсіпорындар мен аудандық мемлекеттік мекемелер;
      2) аудандық коммуналдық мүлік – ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мүлкі, оның ішінде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың бюджеті және аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мүлік, сондай-ақ аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік;
      3) даму жоспары – акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталындағы қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам және жауапкершілігі шектеулі серіктестік, оның ішінде ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг және ұлттық компания қызметінің бесжылдық кезеңге арналған негізгі бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат;
      4) даму стратегиясы – ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның онжылдық кезеңге арналған миссиясын, пайымын, стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын және негіздейтін құжат;
      5) есепке алу объектісі – мемлекеттік мүлік тізілімінде есепке алынатын мемлекеттік мүлік;
      6) жекешелендіру – мемлекеттің осы Заңда белгіленген арнайы рәсімдер шеңберінде мемлекеттік мүлікті жеке тұлғаларға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сатуы;
      7) коммуналдық заңды тұлғалар – мүлкі коммуналдық меншікте тұрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер;
      8) коммуналдық мүлік – әкімшілік-аумақтық бөліністердің мүлкі;
      9) Қазақстан Республикасының стратегиялық объектіге ие болуының басым құқығы – стратегиялық объект тиесілі жеке тұлғадан немесе мемлекеттік емес заңды тұлғадан, осындай тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығару жөнінде мәміле жасасуды ниет етіп отырған жағдайда, сондай-ақ стратегиялық объектіге өндіріп алу жүргізілген не оңалтушы немесе конкурстық басқарушы конкурс (тарату) массасының құрамында стратегиялық объектіні иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) соттың қарауынан тыс тәртіппен өткізген не стратегиялық объектіге сот актісінің негізінде өндіріп алу жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының стратегиялық объектілерді нарықтық құны бойынша сатып алуға үшінші тұлғалар алдындағы басым құқығы;
      10) қазыналық кәсіпорын – мемлекет жедел басқару құқығында бөліп берген мүлкі бар коммерциялық ұйым;
      11) мемлекет мұқтажы – мемлекеттің функцияларынан туындайтын және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздейтін мемлекет мүддесін қанағаттандыру үшін жеке меншіктегі мүліктің мемлекеттік меншікке өту қажеттігінің болуы;
      12) мемлекет меншігіне алу – Қазақстан Республикасының мемлекет меншігіне алу туралы заңының негізінде жүзеге асырылатын, жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі мүлікті Қазақстан Республикасы мүлкінің құрамына мәжбүрлеп өтеулі түрде иеліктен шығару;
      13) мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті органы) – мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) мемлекеттік басшылықты жүзеге асыратын және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген шарттарда республикалық мүлікке қатысты құқықтарды иеленетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған орталық атқарушы орган. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мүлікке қатысты құқықтарды өзге де мемлекеттік органдарға берген жағдайда осы Заңның тиісті саланың уәкілетті органы туралы қағидалары осындай мемлекеттік органға қолданылады;
      14) мемлекеттік заңды тұлғалар – мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер;
      15) мемлекеттік мекеме – басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекет құрған және қаржыландырудың қосымша көздері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленбесе, тек қана бюджет немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен қамтылатын коммерциялық емес ұйым;
      16) мемлекеттік мекемені немесе қазыналық кәсіпорынды жедел басқару құқығы (бұдан әрі – жедел басқару құқығы) – мемлекеттен меншік иесі ретінде мүлік алған және өз қызметінің жарғылық мақсаттарына, уәкілетті мемлекеттік органдардың тапсырмаларына және мүліктің мақсатына сәйкес осы мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттік мекеменің немесе қазыналық кәсіпорынның заттық құқығы;
      17) мемлекеттік мүлік – республикалық және коммуналдық мүлік;
      18) мемлекеттік мүлікті басқару – мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) мемлекеттік меншік құқығын және өзге де мүліктік құқықтарды жүзеге асыруы;
      19) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мүлікке құқығын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті және стратегиялық объектілерді жекешелендіру мен мемлекеттік мониторинг жүргізу саласындағы басшылықты өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      20) мемлекеттік мүлікті есепке алу – осы Заңның 15-тарауында көзделген қағидаларға сәйкес мемлекеттік мүлік тізілімін қалыптастыру үшін есепке алу объектілері туралы ақпаратты жинау мен қорытудың ретке келтірілген жүйесі;
      21) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған, өзіне мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру мен есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру бойынша міндеттер жүктелген заңды тұлға;
      22) мемлекеттік мүлік тізілімі – мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі;
      23) мемлекеттің мүліктік құқықтары – мемлекеттің мыналарды:
      мемлекеттік меншік құқығын;
      мемлекеттің өзге де заттық құқықтарын (сервитутты, жалға алуды, мүлікті өтеусіз пайдалануды және басқаларын);
      мемлекеттің міндетті құқықтарын (талап ету құқықтарын);
      мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілеріне ерекше құқықтарды;
      мұрагерлік құқықтарды;
      мемлекеттің Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мүліктік құқықтарын қамтитын мүлікке құқықтары;
      24) мүдделер қайшылығы – байқау кеңесі мүшесінің жеке мүдделілігі мен оның өз лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындауы немесе жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделері арасындағы осы заңды мүдделерге зиян келтіре алатын қарама-қайшылық туындайтын кездегі жағдай;
      25) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу;
      26) облыстық коммуналдық заңды тұлғалар – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған облыстық мемлекеттік кәсіпорындар мен облыстық мемлекеттік мекемелер;
      27) облыстық коммуналдық мүлік – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мүлкі, оның ішінде облыстық бюджет және облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мүлік, сондай-ақ аудандық коммуналдық мүлікті қоспағанда, облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік;
      28) реквизициялау – дүлей зілзала, авариялар, эпидемия, эпизоотия жағдайында, соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде немесе соғыс уақытында және төтенше сипаттағы өзге де мән-жайлар кезінде мүліктің құнын меншік иесіне төлей отырып, мүлікті мемлекеттік органдардың шешімі бойынша меншік иесінен қоғам мүддесі үшін алып қою;
      29) республикалық заңды тұлғалар – мүлкі республикалық меншікте тұрған республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен республикалық мемлекеттік мекемелер;
      30) республикалық мүлік – коммуналдық мүлікті қоспағанда, Қазақстан Республикасының мүлкі;
      31) стратегиялық объект – қазақстандық қоғамның орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мүлік, оны иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер етеді;
      32) ұлттық басқарушы холдинг – ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа да заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін) тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;
      33) ұлттық даму институттары - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен акционерлiк қоғамдардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, қызметiнiң басты мақсаты индустриялық-инновациялық даму және кәсiпкерлiктi қолдау саласындағы жобаларды iске асыру болып табылатын қаржылық, консалтингтiк, инновациялық, сервистiк ұйымдар;
      34) ұлттық компания – Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық холдингке тиесілі және қызметін ұлттық экономиканың негізін құрайтын салаларда жүзеге асыратын немесе өңірлердің экономикасын дамытуға жәрдемдесу үшін құрылатын (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар) акционерлік қоғам;
      35) ұлттық холдинг – егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, ұлттық компаниялардың және өзге де акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;
      36) шаруашылық жүргізу құқығы – мемлекеттен меншік иесі ретінде мүлік алған және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шекте осы мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның заттық құқығы;
      37) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын – мемлекет шаруашылық жүргізу құқығында бөліп берген мүлкі бар және өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап беретін коммерциялық ұйым.

      2-бап. Мемлекеттік мүліктің түрлері

      1. Мемлекеттік мүлік республикалық және коммуналдық мүлік болып бөлінеді.
      2. Республикалық мүліктің құрамына:
      1) мемлекеттік қазынаның мүлкі:
      республикалық бюджеттің қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
      республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік;
      2) республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді.
      3. Коммуналдық мүліктің құрамына:
      1) жергілікті қазынаның мүлкі:
      жергілікті бюджеттің қаражаты;
      коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік;
      2) коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді.

      3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы


              заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.


      Мемлекеттік мүліктің құқықтық режимі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады.
      2. Республикалық мүлік Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде, ал коммуналдық мүлік – осы әкімшілік-аумақтық бөліністен немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдеріне сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген басқа да негіздер бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болуы мүмкін.
      3. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі Қазақстан Республикасы мемлекеттік мүлкінің құқықтық режимі, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда немесе Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, осы мүлік орналасқан шет мемлекеттің заңнамасында айқындалады.
      4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      4-бап. Осы Заңның реттеу нысанасы

      1. Осы Заң мемлекеттің мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы құқықтары мен міндеттерін айқындайды, мемлекеттің меншік құқығында мемлекетке тиесілі мүлікті иеленуді, пайдалануды және оған билік етуді қоса алғанда, мүліктік құқықты жүзеге асыру тәртібін, мемлекеттік мүлікке, оның ішінде мүлікті мемлекет меншігіне алу және жекешелендіру кезінде құқықтарға ие болу және тоқтату, сондай-ақ жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың оларды иелену және (немесе) пайдалану тәртібін белгілейді.
      2. Осы Заң мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін және өзге де мемлекеттік мүлікті басқару тәртібін белгілейді.
      3. Стратегиялық объектілердің құқықтық режимінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады.
      4. Бюджет қаражатына және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатына мемлекеттің құқықтарды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен реттеледі. Осы Заңда көзделген мемлекеттік мүлік ұғымы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген ерекшеліктерімен қоса Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде пайдаланылатын мемлекет активтері ұғымына қолданылады.
      Мемлекеттік немесе жергілікті қазынаға жатқызылған өзге де мүлікке мемлекеттің құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
      5. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне, мәдени құндылықтарға мемлекеттің құқықтарды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен реттеледі.
      6. Зияткерлік меншік объектілеріне мемлекеттің ерекше құқықтарды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен реттеледі.
      7. Осы Заңның ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдингтер бақылайтын өзге де заңды тұлғалар туралы ережелері, егер «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, Ұлттық әл-ауқат қорына және Ұлттық әл-ауқат қорының тобына және оның бақылауындағы өзге де заңды тұлғаларға қолданылады.
      8. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне бекітіліп берілген, өзінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құрған заңды тұлғалардың мүлкін басқаруды, сондай-ақ олардың қызметін реттеуді Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.

      5-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күші:
      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттік мүлікке;
      2) мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға, мемлекеттік заңды тұлғаларға, сондай-ақ олар көзделген жағдайларда – жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға;
      3) «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық мүлкін, арнайы экономикалық аймақтың мемлекеттік мүлкін, мемлекеттік материалдық резервті басқару жөніндегі қатынастарға қолданылады.

      6-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару принциптері

      Мемлекеттік мүлікті басқару:
      1) заңдылық;
      2) есеп берушілік және бақылауда болу;
      3) жариялылық;
      4) мемлекеттік мүлікті қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану;
      5) бәсекелестікті дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      7-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару субъектілері

      1. Мемлекеттік мүліктің түріне қарай мемлекеттік мүлікті басқаруды Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісі жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттік мүлікті басқаруды ұйымдастырады және республикалық мүлікті басқарады.
      3. Жергілікті атқарушы органдар әкімшілік-аумақтық бөліністің атынан коммуналдық мүлікті басқаруды жүзеге асырады.

      8-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару

      1. Республикалық мүлікті басқару кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңның 2-тарауында және осы мемлекеттік органдардың мәртебесін айқындайтын Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, ережелерде және өзге де актілерде белгіленген өздерінің құзыреті шеңберінде республикалық мүлікке Қазақстан Республикасының құқықтарын іске асыру бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастырады.
      2. Коммуналдық мүлікті басқару кезінде жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Заңның 2-тарауында және осы мемлекеттік органдардың мәртебесін айқындайтын Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, ережелерде және өзге де актілерде белгіленген өздерінің құзыреті шеңберінде коммуналдық мүлікке құқықтарын іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастырады.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің коммуналдық мүлікке қатысты құзыреті осы Заңның 11-бабында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында айқындалады.
      3. Республикалық және коммуналдық мүліктің сақталуына бақылау жасауды тиісті салалардың уәкілетті органдарының және облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ішкі бақылау қызметі жүзеге асырады. Мемлекеттік мүліктің сақталуына бақылау жасауды мемлекеттік қаржылық бақылаудың өзге де органдары жүзеге асыруы мүмкін.
      4. Мемлекеттік мүлік шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілуі мүмкін.
      5. Мемлекет (Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс) акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік заңды тұлғалардың құрылтайшысы (акционері, қатысушысы) болуы мүмкін.
      Мемлекеттің өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда коммерциялық ұйымдар болып табылатын Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының құрылтайшысы (қатысушысы, салымшысы, мүшесі) болуына жол берілмейді.
      6. Мемлекет (Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс) коммерциялық емес ұйым болып табылатын мемлекеттік қордың құрылтайшысы болуы мүмкін. Мемлекеттік қорды, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де ұйымдық-құқықтық нысандардағы басқа да коммерциялық емес ұйымдарды құру және олардың қызметі Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

      9-бап. Мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен


              екіншісіне беру

      1. Мүлікті республикалық мүлік құрамынан коммуналдық мүлік құрамына немесе керісінше беру мүлікке мемлекеттің құқығын тоқтатуға әкеп соқпайды, бірақ Қазақстан Республикасының республикалық мүлікке құқығын тоқтатуға және әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлікке құқыққа ие болуына немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлікке құқығын тоқтатуға және Қазақстан Республикасының республикалық мүлікке құқыққа ие болуына негіз болып табылады.


      2. Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      10-бап. Коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік


               басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру

      1. Коммуналдық мүлік жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі бойынша облыстық коммуналдық мүлік және аудандық коммуналдық мүлік болып бөлінеді.


      Аудандық коммуналдық мүліктің құрамына, атап айтқанда, осы Заңның 23, 24, 26, 30, 31 және 32-баптарында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік меншікке түскен мүлік кіреді.
      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі облыстың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейіне теңестіріледі. Республикалық маңызы бар қалада және астанада коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқару аудандық деңгейге бөлінбейді және құрылмайды. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі ауданның жергілікті атқарушы органының осы Заңда көзделген құзыретін республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
      Облыстық маңызы бар қаланың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі ауданның коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейіне теңестіріледі.
      2. Коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне мемлекеттік мүлікті беру облыстың жергілікті атқарушы органының шешімімен жүзеге асырылады.
      3. Коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне мемлекеттік мүлікті беру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне жататын облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініштері негізінде облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
      2) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініштері негізінде облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
      3) аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне жататын аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері және облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
      4) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының және облыстың жергілікті атқарушы органының шешімдерінің негізінде облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі.
      4. Коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне мемлекеттік мүлікті беру туралы шешім қабылданғаннан кейін мүлікті беретін және қабылдайтын тараптардың уәкілетті лауазымды адамдары қол қоятын және облыстардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының басшылары бекітетін беру актісі отыз күн мерзімде ресімделеді.
      Беру актісі оны ресімдеуге қатысатын әрбір тарап үшін екі данадан, қазақ және орыс тілдерінде төрт данада жасалады.
      5. Осы баптың қағидалары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше қағидалар белгіленбесе, мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беруге қолданылады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет