Қазақстан Республикасының Заңы Міндетті экологиялық сақтандыру туралы



Дата14.06.2016
өлшемі305.05 Kb.
#136046
Источник: ИС ПАРАГРАФ, 06.02.2012 15:21:12
Қазақстан Республикасының Заңы

 

Міндетті экологиялық сақтандыру туралы

(2009.30.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)



 

Осы Заң міндетті экологиялық сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және оны жүргізудің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін белгілейді.

 

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар



Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) жәбірленуші - қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген тұлға;

2) қоршаған ортаның авариялық ластануы - жеке және (немесе) заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыруы кезінде болған авариялардан туындаған және зиянды заттарды атмосфераға шығару және (немесе) суға тастау немесе жер беті учаскесінде, жер қойнауында қатты, сұйық немесе газ түріндегі ластаушы заттардың жайылуы немесе иістің, шудың, тербелістің, радиацияның пайда болуы немесе электромагниттік, температуралық әсер, жарықтың әсері немесе сол уақыт үшін жол берілетін деңгейден асатын өзге де физикалық, химиялық, биологиялық зиянды әсер ету болып табылатын қоршаған ортаның кенеттен абайсызда ластануы;

3) міндетті экологиялық сақтандыру - қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірілген зиянның салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің басталуы кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғалардың (сақтандырушылардың) заңды мүдделерін мүліктік қорғау жөніндегі қатынастар кешені;

4) міндетті экологиялық сақтандыру шарты - сақтандырушы мен сақтанушының арасында осы Заңда белгіленген талаптармен жасалатын шарт;

5) пайда алушы - осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;

6) сақтандыру жағдайы - басталуына орай міндетті экологиялық сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін оқиға;

7) сақтандыру сомасы - міндетті экологиялық сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;

8) сақтандыру сыйлықақысы - сақтандырушы міндетті экологиялық сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде пайда алушыға сақтандыру төлемін жүргізуге міндеттеме қабылдағаны үшін сақтанушының сақтандырушыға төлеуге міндетті ақша сомасы;

9) сақтандыру төлемі - сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы пайда алушыға сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы;

10) сақтандырушы - сақтандыру ұйымы ретінде тіркелген және сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, сақтандыру жағдайы басталған кезде пайда алушыға шартта айқындалған сақтандыру сомасы шегінде сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті заңды тұлға;

11) сақтандырылушы - өзіне қатысты міндетті экологиялық сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға;

12) сақтанушы - шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын, сақтандырушымен міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасасқан жеке және (немесе) заңды тұлға;

13) үшінші тұлғалар - міндетті экологиялық сақтандырудан туындайтын рәсімге тартылған және мүдделеріне нұқсан келтірілген құқық қатынастары субъектілері;

14) уәкілетті орган - қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы орган және оның аумақтық бөлімшелері;

15) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігі - шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын жеке (немесе) заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен белгіленген, қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірген зиянын өтеу міндеті;

16) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрі - әрекеті нәтижесінде қоршаған орта авариялық ластанатын немесе ластануы мүмкін болатын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қызметі.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының міндетті экологиялық



сақтандыру туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының міндетті экологиялық сақтандыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Осы Заң "Қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен еттелген құқық қатынасына қолданылмайды.

3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.



 

3-бап. Міндетті экологиялық сақтандыру объектісі



Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын тұлғаның Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен белгіленген қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірген зиянын өтеу міндетімен байланысты мүліктік мүддесі міндетті экологиялық сақтандыру объектісі болып табылады.

 

4-бап. Міндетті экологиялық сақтандырудың мақсаты және



негізгі принциптері

1. Міндетті экологиялық сақтандырудың мақсаты қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу болып табылады.

2. Міндетті экологиялық сақтандырудың негізгі принциптері:



шығындарды өтеудің кепілдігі;

тараптардың міндетті экологиялық сақтандыру шарты бойынша өз міндеттемелерін атқаруын қамтамасыз етуі;

қоршаған ортаның авариялық ластануының алдын алуды экономикалық ынталандыру болып табылады.

 

2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 4-1-баппен толықтырылды



4-1-бап. Мiндеттi экологиялық сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшелiктерi

1. Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген заңды тұлғаның мiндеттi экологиялық сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алғанға дейiн астанада, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда филиалдарының және (немесе) сақтандыру агенттерiнiң болуы мiндеттi.

2. Бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға, аудиторлық ұйымдардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттарын жасасу бойынша бiр сақтандырушыларға басқаларының алдында негiзсiз артықшылықтар беруге немесе алуға, сақтанушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiруге бағытталған қызметке жол берiлмейдi.

 

 

5-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті

экологиялық сақтандыруға жататын тұлғалар

Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті экологиялық сақтандыруға жатады.

Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

6-бап. Міндетті экологиялық сақтандыру саласындағы



мемлекеттік бақылау мен қадағалау

1. Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың осы Заңда белгіленген міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндеттерді орындауына мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

2. Сақтандыру ұйымдарының қызметін мемлекеттік қадағалауды қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.



 

7-бап. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты және оны



жасасу тәртібі

1. Міндетті экологиялық сақтандыру сақтандырушы мен сақтанушының арасында өміріне, денсаулығы мен мүлкіне зиян келтірілуі мүмкін үшінші тұлғалардың және (немесе) зиян келтірілуі мүмкін қоршаған ортаның пайдасына осы Заң мен Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жасалатын шарттың негізінде жүзеге асырылады.

Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар өз қызметін міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасаспай жүзеге асыруға құқылы емес.

Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын объектінің иесі біреуден көп болған кезде, міндетті экологиялық сақтандыру шарты объектінің барлық иелерін сақтандырылушылар ретінде сақтандыру полисінде міндетті түрде көрсете отырып, олардың кез келген біреуімен жасалады.

2. Міндетті экологиялық сақтандыру шартында моральдық зиянды, қолдан шығарып алған пайданы өтеу мен тұрақсыздық айыбын төлеуді қоспағанда, сақтанушы шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асырған кезде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірілген зиянның салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделеді.

3. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты міндетті сақтандырудың осы түрі (сыныбы) бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуға тиіс.

Сақтанушы сақтандырушыны таңдауға ерікті. Сақтандырушы сақтанушыға міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасасудан бас тартуға құқылы емес.

4. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты сақтандырушының сақтанушыға сақтандыру полисін беруі арқылы жазбаша нысанда жасалады.



Сақтанушының өтініші міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасасу үшін негіз болып табылады.

Міндетті экологиялық сақтандыру шартында көрсетілуге тиісті талаптардың толық болмағаны үшін жауапкершілікті сақтандырушы өз мойнына алады.

Міндетті экологиялық сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан дау туындаған жағдайда, дау сақтанушының пайдасына шешіледі.

5. Сақтандыру полисі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 826-бабында тізбелеп көрсетілген талаптардан басқа, сақтандырушының бір сақтандыру жағдайы бойынша жауапкершілігінің шекті көлемінің мөлшерін қамтуға тиіс.



Міндетті экологиялық сақтандыру бойынша сақтандыру полисінің мазмұны мен оны ресімдеу жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленеді.

Сақтандыру полисі бланкісін дайындауға және оның телнұсқасын ресімдеуге жұмсалған шығыстарды сақтанушы (сақтандырылушы) өтейді, бұл ретте өтелетін шығыстардың жалпы сомасы өтініш берген күнгі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 0,1 айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.

6. Егер сақтандыру міндеті жүктелген тұлға оны жүзеге асырмаса немесе міндетті экологиялық сақтандыру шартын сақтандырылушының жағдайын осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлататын талаптармен жасаса, бұл тұлға сақтандыру жағдайы басталған кезде, сақтандырылушының алдында тиісінше сақтандыру кезінде сақтандыру төлемі жүзеге асырылуы тиіс болатын талаптар деңгейінде жауаптылықта болады.



 

8-бап. Міндетті экологиялық сақтандыру шартының



қолданылуы

1. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты осы Заңға сәйкес жәбірленуші деп танылған тұлғаларға қатысты қолданылады.

2. Жауапкершілігі осы Заңның 5-бабына сәйкес міндетті экологиялық сақтандыруға жататын сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігі қызметі үшінші тұлғаға зиян келтіру қаупімен байланысты объектінің иесі ретінде сақтандырылған жағдайда, міндетті экологиялық сақтандыру шарты қоршаған ортаға зиян келтірілгені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру бөлігінде ғана жасалады.

3. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты міндетті экологиялық сақтандыру шартында белгіленген күннен бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болады.

4. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты күшіне енген күнінен бастап кемінде он екі ай қолданылады.

5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, міндетті экологиялық сақтандыру шартының қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледі.

 

9-бап. Міндетті экологиялық сақтандыру шартының



қолданылуын тоқтату

Міндетті экологиялық сақтандыру шарты:

1) шарттың қолданылу мерзімі аяқталған;

2) шарт мерзімінен бұрын тоқтатылған;

3) сақтандырушы міндетті экологиялық сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасының мөлшерінде сақтандыру төлемін (сақтандыру төлемдерін) жүзеге асырған жағдайларда тоқтатылды деп саналады.



 

10-бап. Міндетті экологиялық сақтандыру шартын



мерзімінен бұрын тоқтату

1. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады.

2. Міндетті экологиялық сақтандыру шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде сақтанушының сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін мынадай мөлшерлерде қайтарып алуға құқығы бар:



 

Рет



Міндетті экологиялық сақтандыру шарты күшіне енген кезден бастап ол мерзімінен бұрын тоқтатылған кезге дейін өткен мерзім

Сақтандырушы ұстап қалатын сақтандыру сыйлықақысының мөлшері (жылдық сақтандыру сыйлықақысының проценті есебімен)

1

2

3

1.

1-айға дейін қоса алғанда

20

2.

1-айдан 2-айға дейін қоса алғанда

30

3.

2-айдан 3-айға дейін қоса алғанда

40

4.

3-айдан 4-айға дейін қоса алғанда

50

5.

4-айдан 5-айғадейін қоса алғанда

60

6.

5-айдан 6-айға дейін қоса алғанда

70

7.

6-айдан 7-айға дейін қоса алғанда

75

8.

7-айдан 8-айға дейін қоса алғанда

80

9.

8-айдан 9-айға дейін қоса алғанда

85

10.

9-айдан 10-айға дейін қоса алғанда

90

11.

10-айдан 11-айға дейін қоса алғанда

95

12.

11-айдан жоғары

100

 

11-бап. Сақтанушының құқықтары мен міндеттері



1. Сақтанушы:

1) сақтандырушыдан міндетті экологиялық сақтандыру шарты бойынша міндетті экологиялық сақтандыру талаптарын, өзінің құқықтары мен міндеттерін түсіндіруді талап етуге;

2) сақтандыру полисі жоғалған жағдайда, оның телнұсқасын алуға;

3) қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірілген зиянның мөлшерін бағалау үшін тәуелсіз сарапшы тартуға;

4) сақтандырушы немесе тәуелсіз сарапшы жүргізген келтірілген зиянның мөлшерін бағалаудың нәтижелерімен және сақтандыру төлемі мөлшерінің есептерімен танысуға;

5) міндетті экологиялық сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтатуға;

6) сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту немесе оның мөлшерін азайту туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген тәртіппен дау айтуға;

7) осы Заңда көзделген жағдайларда сақтандыру төлемін алуға құқылы.



Міндетті экологиялық сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін басқа да құқықтары көзделуі мүмкін.

2. Сақтанушы:

1) сақтандыру сыйақыларын міндетті экологиялық сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде төлеуге;

2) сақтандырушыға сақтандыру тәуекелінің жай-күйі туралы хабарлауға;

3) сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар етуге;

4) қоршаған ортаның авариялық ластануы кезінде ықтимал залалдарды болғызбау немесе азайту үшін қалыптасқан жағдайларда ақылға қонымды және қолдан келетін шаралар, соның ішінде мүліктерді аман алып қалуға және зардап шеккен тұлғаларға көмек көрсетуге шаралар қолдануға;

2008.26.05. № 34-IV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

5) қоршаған ортаның авариялық ластануы жөнінде және зардап шеккен адамдар туралы тиісті органдарға олардың құзыретіне орай (мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына, медициналық жедел жәрдем қызметіне, авариялық қызметтерге) хабарлауға;

6) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға кері талап қою құқығының сақтандырушыға ауысуын қамтамасыз етуге міндетті.

Міндетті экологиялық сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін басқа да міндеттері көзделуі мүмкін.

 

12-бап. Сақтандырушының құқықтары мен міндеттері



1. Сақтандырушы:

1) міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушыдан, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген мәліметтерден басқа, осы Заңға сәйкес міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасасу үшін қажетті мәліметтерді, соның ішінде міндетті экологиялық сақтандырудың бұрынғы шарттары, сақтандыру жағдайлары мен сақтандыру төлемдері туралы ақпаратты табыс етуді талап етуге;

2) тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретіне орай сақтандыру жағдайының басталу фактісін және жәбірленушіге келтірілген зиянның мөлшерін растайтын құжаттарды сұратуға;

3) сақтанушыдан қоршаған ортаның ластану тәуекелін бағалау үшін қажетті, болған сақтандыру жағдайының себептері, мөлшері мен салдарлары туралы толық және дұрыс ақпарат алуға;

4) сақтандыру жағдайының басталу себептері мен өзге де мән-жайларын белгілеу үшін қоршаған ортаға келтірілген зиянды, жәбірленушінің (пайда алушының) бүлінген (жойылған) мүлкін бағалауды жүргізуге;

5) қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірілген зиянның мөлшерін бағалау және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау үшін тәуелсіз сарапшы тартуға;

6) қоршаған ортаның сақтандыру жағдайы басталғанға дейінгі және одан кейінгі жай-күйіне және сақтанушы жүзеге асыратын шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлеріне өз зерттеулерін жүргізуге;

7) осы Заңның 21-бабында көзделген жағдайларда зиян келтірілгені үшін жауапты тұлғаға кері талап құқығын қоюға;

8) осы Заңның 22-бабында көзделген негіздер бойынша сақтандыру төлемдерін толық немесе ішінара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.

Міндетті экологиялық сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін басқа де құқықтары көзделуі мүмкін.

2. Сақтандырушы:

1) сақтанушыны міндетті экологиялық сақтандыру талаптарымен таныстыруға, міндетті экологиялық сақтандыру шартынан туындайтын оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге;

2) табыс етілген құжаттардың толық тізбесін және олар қабылданған күнді көрсете отырып, өтініш берушіге анықтама беруге;

3) міндетті экологиялық сақтандыру шартын жасасқаннан кейін сақтанушыға сақтандыру полисін беруге;

4) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабар алған кезде оны дереу тіркеуге;

5) қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірілген зиянның мөлшеріне сақтанушының немесе оның өкілінің жазбаша өтініші бойынша бағалау жүргізуге, сақтандыру төлемі мөлшерінің есебін көрсете отырып, сақтандыру актісін жасауға және оны жәбірленушіге (пайда алушыға) танысу үшін беруге;

6) сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру төлемін жүргізуге;

7) сақтанушыға оның сақтандыру жағдайы кезінде зиянды болғызбау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстарын өтеуге;

8) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;

9) сақтандыру полисі жоғалған жағдайда, сақтанушының жазбаша өтініші негізінде оған сақтандыру полисінің телнұсқасын беруге;

10) сақтандыру төлемінен бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда осындай шешім қабылданған күннен бастап он күн ішінде сақтанушыға бас тарту себептерінің жазбаша негіздемесін жіберуге міндетті.



Міндетті экологиялық сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін басқа да міндеттері көзделуі мүмкін.

 

13-бап. Жәбірленушінің құқықтары



1. Жәбірленуші:

1) сақтанушының (сақтандырылушының) шаруашылық немесе өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыруы нәтижесінде болған сақтандыру жағдайының басталуы туралы сақтандырушыға хабарлауға;

2) сақтанушының (сақтандырылушының) орнына сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды жинауға және оларды сақтандырушыға табыс етуге;

3) келтірілген зиянның мөлшерін бағалау үшін тәуелсіз сарапшы тартуға;

4) келтірілген зиянның мөлшеріне сақтандырушы немесе тәуелсіз сарапшы жүргізген бағалау нәтижелерімен және сақтандыру төлемі мөлшерінің есептерімен танысуға;

5) осы Заңда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру төлемін алуға;

6) сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту немесе оның мөлшерін азайту туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дау айтуға;

7) келтірілген зиянды алынған сақтандыру төлемінің сомасынан асатын келтірілген зиян сомасы мөлшерінде өтеу туралы сақтандырушыға талап қоюға құқылы.

2. Жәбірленушінің осы баптың 1-тармағында белгіленген құқықтары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес пайда алушы ретінде әрекет ететін өзге тұлғаларға ауысады.

 

14-бап. Сақтандыру сомасының мөлшері



Сақтандыру сомасының мөлшері тараптардың келісімі бойынша міндетті экологиялық сақтандыру шартында белгіленеді, бірақ бұл орайда сақтандыру сомасының мөлшері:

1) жеке кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғамен міндетті экологиялық сақтандыру шарты жасалған күнгі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 5000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен;

2) заңды тұлғамен міндетті экологиялық сақтандыру шарты жасалған күнгі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 65000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен;

3) егер міндетті экологиялық сақтандыру шарты қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру бөлігінде ғана жасалса, міндетті экологиялық сақтандыру шарты жасалған күнгі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 17000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен кем болмауға тиіс.



 

15-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшері



Сақтандыру сыйлықақысының мөлшері тараптардың келісімі бойынша міндетті экологиялық сақтандыру шартында белгіленеді, бірақ бұл орайда сақтандыру төлемінің мөлшері:

1) осы Заңның 14-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда міндетті экологиялық сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасының 0,76-дан 2,65-ке дейінгі процентінен;

2) осы Заңның 14-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда міндетті экологиялық сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасының 0,59-дан 2,05-ке дейінгі процентінен аспауға тиіс.

16-бап. Сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртібі мен



мерзімдері

1. Сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртібі мен мерзімдері міндетті экологиялық сақтандыру шартымен белгіленеді.

2. Егер міндетті экологиялық сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, онда сақтанушы кезекті сақтандыру жарнасын уақтылы төлемегені үшін сақтандырушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.



 

17-бап. Сақтандыру жағдайы



1. Қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу жөніндегі сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі міндетті экологиялық сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы деп танылады.

2. Сақтандыру жағдайының басталғанын, сондай-ақ өзіне келтірілген залалдарды дәлелдеу сақтанушыға тиесілі.

3. Сақтандырушы сақтандыру төлемін төлеуден бас тартқан жағдайда, сақтандыру жағдайы сақтанушыға келтірілген зиянды өтеу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен басталды деп саналады.

4. Сақтандырушы сақтандыру төлемінің мөлшерін жәбірленушінің (пайда алушының) талап қою сомасын немесе осы Заңның 7-бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, соттың келтірілген зиянды өтеу туралы заңды күшіне енген шешімін негізге ала отырып айқындайды.



 

18-бап. Экологиялық аудит жүргізу



1. Сақтанушы сақтандыру жағдайы басталған кезде қоршаған ортаның авариялық ластану нәтижесінде келтірілген зиянды бағалау үшін экологиялық аудиторлар тартуға құқылы.

2. Уәкілетті орган сақтанушының қоршаған ортаны қорғаудың нормалары мен ережелерін, экологиялық талаптарды сақтауын бағалау үшін экологиялық аудиторлар тартуға құқылы.

3. Экологиялық аудит жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

19-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асырудың жалпы



талаптары

1. Сақтанушы немесе жәбірленуші (пайда алушы) сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қоса тіркей отырып, сақтандырушыға сақтандыру төлемі туралы талапты жазбаша нысанда қояды.

2. Сақтандыру төлемі туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса тіркеледі:

1) сақтандыру полисі (оның телнұсқасы);

2) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен құрылатын құзыретті комиссияның келтірілген зиянның себептері, ауқымы және қоршаған ортаның авариялық ластануына әкеп соққан сақтандыру жағдайының зардаптары туралы актісі;

3) жәбірленушіге денсаулық сақтау ұйымдары берген еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі туралы анықтамасының немесе мамандандырылған мекемелердің мүгедектікті белгілеу туралы анықтамасының көшірмесі - ол белгіленген жағдайда;

4) жәбірленушінің қайтыс болғаны туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі және пайда алушының зиянды өтеткізу құқығын растайтын құжат (көшірмесі) - жәбірленуші қайтыс болған жағдайда;

5) сақтандыру жағдайы басталған кезде зиянды болғызбау немесе азайту мақсатында сақтанушының шеккен шығыстарын растайтын құжаттар - олар болған кезде;

6) жекелеген жағдайларда - өтелуге жататын зиянның мөлшерін көрсете отырып, сақтанушыны сақтандыру жағдайының басталуына және үшінші тұлғаларға келтірілген зиянға жауапты деп таныған сот шешімі.

3. Жәбірленуші, сондай-ақ келтірілген зиянды сақтандырушының жауапкершілігі көлемінің шегінде жәбірленушіге (залалды өтеткізуге құқығы бар тұлғаға) өтеген және сақтандыру төлеміне құқық алған сақтанушы немесе өзге тұлға пайда алушы болып табылады.

4. Сақтандыру төлемі қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірілген зиянның (нақты залалдың) мөлшерінен аспауға тиіс.

5. Сақтандырушы жәбірленушінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемін оған әлеуметтік қамсыздандыру бойынша, басқа да сақтандыру шарттары бойынша тиесілі сомаларға қарамастан жүзеге асырады.

6. Сақтандыру төлемі жәбірленушінің жазбаша өтініші немесе нотариат куәландырған сенімхат бойынша қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде денсаулыққа және (немесе) мүлікке келтірілген зиянды өтеу жөнінде оған қызмет көрсеткен (көрсететін) тұлғаға тікелей төленуі мүмкін.

7. Сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асыру кезінде пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтін шарттар қабылдауын талап етуге құқылы емес.

 

20-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асыру тәртібі



1. Сақтандырушы сақтандыру төлемін осы Заңның 19-бабында көзделген құжаттарды өзі алған күннен бастап отыз күн ішінде жүргізеді.

2. Пайда алушы сақтандыру төлемінің мөлшеріне дау айтқан жағдайларда сақтандырушы сақтандыру төлемін аталған тұлғалардың бірде-бірі дау айтпаған бөлігінде осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім ішінде дереу жүзеге асыруға міндетті.



Сақтандыру төлемінің дау туғызған бөлігін сақтандырушы бітім келісімі жасалған және оны сот бекіткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде не, егер сот шешімнің дереу орындалуын ұйғармаса, осы дау бойынша соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап төлеуге тиіс.

3. Бұрын сақтандыру төлемін алған жәбірленушінің денсаулық жағдайы нашарлай бастаған (мүгедектігі не мүгедектіктің неғұрлым жоғары тобы белгіленсе) не қайтыс болған жағдайда сақтандырушы жәбірленушіден (пайда алушыдан) келіп түскен өтініш пен тиісті құжаттардың негізінде сақтандыру төлемін қайта есептеуді жүргізуге міндетті. Бұл ретте бұрын төленген сомалар есепке алынады.

4. Сақтандыру төлемі уақтылы жүзеге асырылмаған кезде сақтандырушы жәбірленушіге (пайда алушыға) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.

 

21-бап. Зиян келтірген тұлғаға кері талап қою құқығы



1. Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушының сақтанушыға (сақтандырылушыға) мынадай жағдайларда:

1) сақтанушы (сақтандырылушы) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы қасақана қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар деп танылған әрекет (әрекетсіздік) жасаған;

2) сақтанушы сақтандыру объектісі, сақтандыру тәуекелі, сақтандыру жағдайы және оның салдарлары туралы сақтандырушыға көрінеу жалған мәліметтер хабарлаған;

3) сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға өзінің талап қою құқығынан бас тартқан, сондай-ақ сақтандырушыға талап қою құқығының ауысуы үшін қажетті құжаттарды беруден бас тартқан жағдайларда жүзеге асырылған сақтандыру төлемі шегінде қарсы талап қою құқығы бар.

2. Сақтанушының сақтандыру нәтижесінде сақтандырушы өтеген зиян үшін жауапты тұлғаға кері талап қою құқығы сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушыға ол төлеген сома шегінде ауысады.

 

22-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге



асырудан босатудың негіздемесі

1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:

1) қажетті қорғану және аса қажеттілік жағдайында жасалған іс-әрекеттерді қоспағанда, пайда алушының сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына септігін тигізетін қасақана іс-әрекеттері;

2) пайда алушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы қасақана қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар деп танылған іс-әрекеттерінің салдарынан болса, сақтандыру төлемін жүзеге асырудан толық немесе ішінара бас тартуға құқылы.

2. Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуы үшін сондай-ақ:

1) сақтанушының зиян келтіруге кінәлі тұлғадан зиянның тиісті өтемін алуы;

2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар етпеу немесе уақтылы хабардар етпеу;

3) сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру объектісі, сақтандыру тәуекелі, сақтандыру жағдайы және оның салдарлары туралы көрінеу жалған мәліметтер хабарлауы;

4) сақтанушының сақтандыру жағдайынан келетін залалдарды азайту жөніндегі шараларды қасақана қабылдамауы;

5) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталу мән-жайларын тексеруіне және келтірілген залалдың мөлшерін анықтауына сақтандырушының кедергі келтіруі;

6) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға өзінің талап қою құқығынан бас тартуы, сондай-ақ сақтандырушыға талап қою құқығының ауысуы үшін қажетті құжаттарды оған беруден бас тартуы негіз болуы мүмкін. Егер сақтандыру өтемі төленіп қойылған болса, сақтандырушы оның толық немесе ішінара қайтарылуын талап етуге құқылы.

3. Сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар етпеу немесе уақтылы хабардар етпеу, егер бұл сақтанушының еркінен тыс себептерге байланысты болса және осы фактіні растайтын тиісті құжаттар ұсынылса, сақтандыру төлемінен бас тартуға негіз бола алмайды.

4. Сақтандыру төлемінен бас тарту үшін негіздер болған кезде сақтандырушы талап қойылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сақтандыру төлемі туралы талапты мәлімдеген тұлғаға бас тарту себептерінің дәлелді негіздемесі келтірілген сақтандыру төлемінен толық немесе ішінара бас тарту туралы тиісті шешімді жазбаша нысанда жіберуге міндетті.

5. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:

1) соғыс қимылдарының, азамат соғысының, кез келген түрдегі халық толқуларының, жаппай тәртіпсіздіктердің немесе ереуілдердің;

2) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан болса, сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылады.

6. Сақтандырушы сақтандыру төлемінен осы бапта көзделмеген негіздер бойынша бас тартуға құқылы емес.



 

23-бап. Дауларды қарау тәртібі



Тараптардың міндетті экологиялық сақтандыру жөніндегі қатынастарынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.

 

24-бап. Қазақстан Республикасының міндетті экологиялық



сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін

жауаптылық

Қазақстан Республикасының міндетті экологиялық сақтандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

 

25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi



Осы Заң 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді.

 

Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә. Назарбаев

Астана, 2005 жылғы желтоқсанның 13-і,



№ 93-III ҚРЗ

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет