16-бап. Реттелетін қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі алда жүзеге асырылатын қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейіне қарай енгізіледі және мынадай деңгейлерге бөлінеді:
1) бірінші санаттағы рұқсаттар - жоғары деңгейлі қауіптілікке байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін лицензиялар;
2) екінші санаттағы рұқсаттар - лицензиялар болып танылмайтын, орта деңгейлі қауіптілікке байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін барлық рұқсаттар;
3) хабарламалар төмен деңгейлі қауіптілікке байланысты, бірақ мемлекеттік органдардың осындай қызмет түрлерінің немесе әрекеттердің басталғандығы немесе тоқтатылғандығы туралы ақпарат алуын талап ететін қызмет түрлеріне немесе әрекеттерге қатысты енгізіледі.
2. Қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері реттеушілік әсерді талдау негізінде белгіленеді.
17-бап. Рұқсат беру және хабарлама жасау тәртіптері туралы жалпы ережелер
1. Жеке және заңды тұлғалардың жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау және кейіннен жүзеге асыру үшін жарамды рұқсатының болуы немесе осы Заңда белгіленген тәртіппен хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға хабарлама жіберуге міндетті.
2. Жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді.
Осы Заңда өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру басталғанға дейін жеке немесе заңды тұлғалар рұқсатты алуға және ол жарамды болуға тиіс, ал хабарламаны жеке немесе заңды тұлға жіберуге тиіс.
3. Осы Заңға сәйкес өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі енгізілгенге дейін қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсатсыз немесе хабарламасыз жүзеге асырып келген жеке және заңды тұлғалар осы Заңда өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі енгізілетін қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыруды жалғастыру үшін тиісті рұқсатты алуға немесе тиісті хабарлама жіберуге міндетті.
4. Осы баптың 1 және 2-тармақтары осы Заңның 18-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде және 28-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
5. Осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай жүргізіледі.
6. Осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда рұқсаттардың және хабарламалардың толық тізбесі көзделеді.
7. Рұқсаттарға, сондай-ақ оларға қосымшаларға қатысты беру, ұзарту, қайта ресімдеу, қайта бастау және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да әрекеттерді жүзеге асыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады және осы Заңға қайшы келмейтін бөлігінде «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
18-бап. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу және оның күшін жою тәртібі
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі тиісті рұқсатты немесе хабарламаны осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбелеріне енгізу арқылы ғана енгізіледі.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
Осы тармақтың күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
3. Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекетке (операцияға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген кезде рұқсат алу міндеті қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғада рұқсат алу тәртібін регламенттейтін және (немесе) рұқсат алу үшін міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткенге дейін қолданысқа енгізіле алмайды.
Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген жағдайда, өтініш берушілер рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін, бірақ көрсетілген актілер қолданысқа енгізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей рұқсат алуға өтініш беруге құқылы.
Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген өтініштер бойынша рұқсаттар беруді немесе оларды беруден уәжді бас тартуды рұқсат беру органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін, оларды беру үшін белгіленген мерзімдерде жүзеге асыруға тиіс.
5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес рұқсат алуға өтініш берген өтініш берушілер рұқсат берілгенге дейін немесе оны беруден уәжді түрде бас тартылғанға дейін рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ жүзеге асыруға құқылы.
Осы тармақтың күші қаржы саласындағы қызметке және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметке берілетін рұқсаттарға қолданылмайды.
6. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар мен хабарламалар тізбелерінен рұқсатты немесе хабарламаны алып тастау арқылы жүзеге асырылады және жеке немесе заңды тұлғаның қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ немесе хабарлама жібермей-ақ жүзеге асыру құқығына әкеп соғады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
19-бап. Реттеушілік әсерді талдау
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін қолданудың тиімділігіне қарай, реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша рұқсаттардың немесе хабарламалардың жекелеген түрлері бір түрден екінші түрге ауыстырылуы не олардың күші жойылуы мүмкін.
Жүзеге асырылуы үшін осы Заңға сәйкес рұқсаттың болуы немесе хабарлама жіберу талап етілетін қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күші жойылуға жатады.
2. Осы баптың күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды.
20-бап. Өтініш берушілердің құқықтары
1. Өтініш берушілердің:
1) рұқсаттар мен хабарламалар туралы толық және анық ақпарат алуға;
2) рұқсат беру органдарының және хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, халыққа қызмет көрсету орталықтарының және (немесе) олардың қызметкерлерінің лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін немесе хабарламалар қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) рұқсаттарды конкурс арқылы беруді қоспағанда, осы Заңның 48-бабының ережелерiн ескере отырып, рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алу үшiн немесе хабарлама жiберу үшiн өтiнiштiң электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) осы Заңның 48-бабының ережелерін ескере отырып, берілетін рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға құқығы бар.
2. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең дәрежеде рұқсаттар алады және хабарламалар жібереді.
21-бап. Рұқсат беру органдарының құқықтары мен міндеттері
1. Рұқсат беру органдарының өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратқа, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сауалмен жүгінуге құқығы бар.
2. Рұқсат беру органдары:
1) осы Заңға сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруға;
2) мүмкіндігі шектеулі адамдардың рұқсаттар алуы кезінде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері, бұл үшін талап етілетін құжаттар тізбесі туралы және осындай құжаттарды алу және ресімдеу тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда беруге;
4) мемлекеттік органдарға және халыққа қызмет көрсету орталықтарына лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру үшін, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды және (немесе) ақпаратты беруге;
5) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға;
6) рұқсаттар беру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін және толығып отыруын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етуге;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, рұқсаттар беру кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдалануға жазбаша келісімін алуға, оның ішінде электрондық құжат нысанында алуға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның сауалы бойынша «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес инвестициялық басым жобаларды іске асыратын инвесторларға қатысты лицензиялау мен рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты беруге міндетті.
4-тарау. РҰҚСАТТАР
22-бап. Рұқсаттардың қолданысы
1. Рұқсаттар беру біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкес келетін барлық тұлғалар үшін тең негіздерде және тең жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда ескерту ретінде:
1) лицензияның иеліктен шығарылатындығы туралы;
2) рұқсат беру кезінде конкурс рәсімдерінің қолданылатындығы туралы;
3) рұқсаттың қолданылу мерзімі туралы;
4) рұқсат беру кезінде осы Заңның 25-бабы 3-тармағы бірінші бөлігінің және 26-бабы 1 және 2-тармақтарының күші қолданылмайтындығы туралы мәліметтер;
5) басқа да қажетті мәліметтер көрсетіледі.
3. Рұқсаттардың күші, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына қолданылады.
23-бап. Рұқсаттардың сыныптары
Реттеу объектілеріне қарай рұқсаттар мынадай сыныптарға бөлінеді:
1) 1-сынып - қызметке берілетін рұқсаттар;
2) 2-сынып - объектілерге берілетін рұқсаттар;
3) 3-сынып - біржолғы рұқсаттар;
4) 4-сынып - ресурстары шектеулі немесе квоталарды пайдаланатын қызметке берілетін рұқсаттар;
5) 5-сынып - жеке тұлғаларға кәсіби қызметке берілетін рұқсаттар;
6) 6-сынып - өнімге берілетін рұқсаттар.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 24-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
24-бап. Рұқсаттардың және (немесе) оларға қосымшалардың нысандары
Рұқсаттардың және (немесе) оларға қосымшалардың нысандарын рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша реттеуші мемлекеттік органдар, сондай-ақ қаржы саласындағы қызмет және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекiтедi.
Рұқсатқа қосымша рұқсаттың ажырамас бөлігі болып табылады.
Лицензияға қосымша лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) немесе лицензия берілген немесе берілетін объектілерді көрсету, сондай-ақ қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асырудың нақты мекенжайын көрсету үшін ресімделеді.
25-бап. Рұқсаттарды алуға арналған өтініштерді қараудың жалпы тәртібі
1. Рұқсат беру органы лицензиялау кезінде немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беруге өтініш берушінің құжаттарын алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруге міндетті.
Өтініш беруші құжаттардың толық емес топтамасын ұсынған жағдайда, рұқсат беру органы көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан уәжді түрде бас тартады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген жағдайларда өтініш берушінің нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың келісімдерін (ілеспе рұқсаттарды) алу үшін рұқсат беру органы өтініш берушінің рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алуға арналған құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушінің алдағы қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру орны бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сауал жібереді.
Мемлекеттік органдар рұқсат беру органының сауалы негізінде он жұмыс күні ішінде тиісті рұқсат беру органына өтініш берушінің лицензиялау кезінде немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде қойылатын талаптарға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы жауапты жібереді.
Екінші санаттағы рұқсаттар үшін нормативтік құқықтық актілерде осы баптың 1-тармағында, осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайлар үшін өзгеше мерзімдер белгіленуі мүмкін.
3. Мемлекеттік органдар белгіленген мерзімдерде жауап ұсынбаған жағдайда, рұқсат беру келісілген деп есептеледі.
Осы тармақтың ережелері осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда тиісінше ескерту бар рұқсаттарға қолданылмайды.
4. Рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беру үшін тиісті рұқсат беру органына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгімен өтініш берушіге жіберіледі (табысталады). Бұл ретте тізімдемені өтініш беруші жасайды.
Өтініш рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда берілген жағдайда рұқсат беру органының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, тиісті өтініштің қабылданғандығын растау туралы құжат беріледі.
26-бап. Рұқсат беру мерзімін өткізіп алу салдары
1. Егер рұқсат беру органы осы Заңға сәйкес айқындалған мерзімдерде өтініш берушіге рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны бермеген не оларды беруден уәжді түрде бас тартпаған жағдайда, оларды беру мерзімдері өткен күннен бастап рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілді деп есептеледі және рұқсат беру органы оларды бір мезгілде рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізеді.
2. Рұқсат беру органы рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны беру мерзімі өткен кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге тиісті рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны беруге міндетті.
Рұқсат беру органы рұқсатты және (немесе) рұқсатқа қосымшаны бес жұмыс күні өткеннен кейін бермеген жағдайда рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша алынды деп есептеледі. Бұл жағдайда рұқсат алынғанға дейін рұқсат беру органы немесе халыққа қызмет көрсету орталығы өтінішті қабылдау кезінде берген рұқсат алуға арналған тиісті өтініштің қабылданғанын растайтын құжат осы Заңда рұқсат беру тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру заңдылығын растау болып табылады.
Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда өтініш берілген жағдайда рұқсат беру органының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған құжат өтініштің қабылданғандығын растау болып табылады.
3. Осы баптың ережелері осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда тиісті ескерту бар рұқсаттарға қолданылмайды.
27-бап. Рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беру үшін шетелдік заңды тұлғалардың құжаттарды ұсыну ерекшеліктері
Шетелдік заңды тұлғалар жеке бизнес-сәйкестендіру нөмірін алған жағдайда дербес немесе филиалдар және (немесе) өкілдіктер басшыларының өкілеттіктері болған кезде осы заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген филиалдары және (немесе) өкілдіктері арқылы және осындай филиалдардың және (немесе) өкілдіктердің деректемелерін және бизнес-сәйкестендіру нөмірлерін пайдалана отырып, лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырған кезде алынатын алымдарды немесе төлемдерді төлеуді жүзеге асырады.
5-тарау. ЛИЦЕНЗИЯЛАУ
28-бап. Лицензиялау салалары
1. Лицензиялауға мынадай:
1) телерадиохабарларын тарату;
2) мәдениет;
3) білім беру;
4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс;
5) мұнай және газ;
6) өнеркәсіп;
7) ақпараттандыру және байланыс;
8) есірткі, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы;
9) денсаулық сақтау;
10) атом энергиясын пайдалану;
11) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
12) жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдар;
13) қару-жарақ, әскери техника және жекелеген қару түрлерінің, жарылғыш заттар мен олар қолданылатын бұйымдар айналымы;
14) улы заттар айналымы;
15) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындау;
16) этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру және олардың айналымы, темекі өнімдерін өндіру;
17) тауар биржалары;
18) экспорт және импорт;
19) қаржы саласы және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет;
20) ғарыш кеңістігін пайдалану;
21) ойын бизнесі;
22) ветеринария;
23) ауыл шаруашылығы;
24) көлік;
25) сот сараптама қызметі;
26) жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету салаларындағы жекелеген қызмет түрлері немесе әрекеттер (операциялар) жатады.
2. Мынадай субъектілердің:
1) мемлекеттік органдардың және мемлекеттік қызметшілердің өкілеттіктер шегінде;
2) дербес білім беру ұйымдарының және олардың ұйымдарының, оның ішінде көрсетілген ұйымдарда білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыруға білім беру бағдарламаларын енгізетін және (немесе) іске асыратын шетелдік заңды тұлғалардың;
3) Қазақстан Даму Банкінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде;
4) кредиттік серіктестіктер, орталық депозитарий, тіркеуші, мемлекет қатысатын кредиттік бюро, өзара сақтандыру қоғамдары, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі операторы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Ұлттық почта операторы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асыратын қаржы саласындағы қызметті және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты;
5) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің уәкілетті ұйымының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде қару-жарақ, әскери техника және жекелеген қару түрлерінің, жарылғыш заттар мен олар қолданылатын бұйымдар айналымы саласындағы қызметті лицензиясы болмай жүзеге асыруына жол беріледі.
29-бап. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру шарттары
1. Лицензиялар лицензиардың орналасқан жері бойынша беріледі.
2. Егер жергілікті атқарушы органдар немесе орталық мемлекеттік органның аумақтық органдары лицензиарлар болып табылса, лицензия және (немесе) лицензияға қосымша:
1) олардың қызметті жүзеге асыру орны бойынша берілетін «объектілерге берілетін рұқсаттар» сыныбы бойынша берілетін лицензияларды қоспағанда, жеке немесе заңды тұлғаны не шетелдік заңды тұлғаның филиалын немесе өкілдігін тіркеу орны бойынша;
2) Қазақстан Республикасының аумағында филиалы немесе өкілдігі жоқ шетелдік заңды тұлғаға, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның қызметті жүзеге асыру орны бойынша беріледі.
3. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алу үшiн өтініш беруші мынадай құжаттарды ұсынады:
1) өтiнiш;
2) қаржы саласындағы қызметті және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметті, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қару мен оған патрондардың айналымына байланысты қызметті, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті, күзет қызметін жүзеге асыруға байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар үшін - жарғысының (салыстырып тексеру үшiн түпнұсқалары ұсынылмаған жағдайда нотариат куәландырған) көшiрмесi;
3) заңды тұлға үшiн - өтініш беруші заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамасы;
4) жеке тұлға үшiн - жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
5) жеке кәсiпкер үшiн - өтiнiш берушiнi жеке кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң (салыстырып тексеру үшiн түпнұсқа ұсынылмаған жағдайда нотариат куәландырған) көшiрмесi;
6) «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, жекелеген қызмет түрлерiмен айналысу құқығы үшiн лицензиялық алымның төленгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен өтініш берушінің бiлiктiлiк талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар.
4. Осы баптың 3-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсыну, лицензиарда осы құжаттарда қамтылған ақпаратты тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алуға мүмкіндік болған жағдайда талап етілмейді.
Шетелдік заңды тұлға, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам болып табылатын өтініш беруші өзінде осы баптың 3-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген құжаттар болмаған кезде өтініш беруші туралы осыған ұқсас мәліметтерді қамтитын басқа да құжаттарды ұсынады.
Қаржы саласындағы қызметпен және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметпен айналысу құқығына лицензия беру кезінде құжаттар тiзбесiне қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi де белгiлей алады.
5. Осы баптың 2-тармағының күші «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 73-бабында көзделген тәртіппен лицензия алу жағдайларына қолданылмайды.
6. Лицензиясы бар қызмет түрi немесе әрекет (операция) шеңберiнде жарамды лицензияға қосымшаны алу үшiн мынадай құжаттар қажет:
1) өтiнiш;
2) өтініш берушінің бiлiктiлiк талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;
3) ұсынылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құжаттар.
7. Егер осы Заңға 1-қосымшада өзгеше көзделмесе, лицензиялар олардың қолданылу мерзімі шектелмей беріледі.
8. Егер иеліктен шығару осы Заңға 1-қосымшада көзделген жағдайларда иеліктен шығарылуы мүмкін «объектілерге берілетін рұқсаттар» сыныбы бойынша берілген лицензияларды қоспағанда, лицензиялар иеліктен шығарылмайтын болып табылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 30-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Достарыңызбен бөлісу: |