Қазақ ағарту институты және сауатсыздықты жою науқаны.
Сахимова А.М (Қорқыт Ата атындағы ҚМУ магистранты)
Ильясова К.М (Қорқыт Ата атындағы ҚМУ оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты,доцент)
Патшалық Ресейдің отарлауынан құтылып, Большевиктер үкімет басына келген кезде қазақ қоғамы мен халқының саяси жағынан белсенді жұмыстары негізінен Ташкент пен Омбы қалаларында, сонан соң Орынбор мен Қызылордада өткені бәрімізге белгілі. Қазіргі кезеңде бұл шеткері жатқан қалалардың мұрағат құжаттары зерттелмей отыр.Әсіресе Қазақ халық ағарту институты жайында және де сауатсыздықты жою туралы мұрағат парақтары жарыққа шықпай отыр. Мәдени құрылыс атауына ие болған бұл құрылыстың бір тармағы республикамыздағы сауатсыздықты жою болып табылады. Сауатсыздықты жою науқанына қатысушы топтың бірі Қазақстан жастары мен ұйымдары болды.[1]
1920 жылы РКФСР ХКК-нің шешіміне орай Өлкелік Халық ағарту бөлімдерінің жанынан сауатсыздардың есебін алуды ұйымдастырумен, педагог мамандарды даярлаумен, курстар мен мектептерді ашумен, оқу құралдарын басып шығару мен шұғылданатын сауатсыздық жөнінде комиссиялар құрылды.1924 жылдың қаңтар айында Қазақстанда "Сауатсыздық жойылсын" ұйымын құру жөнінде жұмыстар жүргізілді.1924 жылдың 17 ақпанында өткен алғашқы ұйымдастырушылық жиналыста Қазақстандағы сауатсыздықты жою ұйымы (СЖҰ) рәсімделді.Олардың негізгі мақсаты Олардың негізгі мақсаты сауатсыздықты жою болғанымен олар жергілікті жерлерде жұмысшы, шаруа, малшылар қатарын социалистік құрылысқа тартумен және сауатсыз село халқын бар күш жігері мен қаражаттарын қоғамдық іске жұмсауға үйрету сияқты коммунистік идеологияның принциптерін насихаттаумен де айналысты.[2]
Қазақ халық ағарту институты – арнаулы орта оқу орны. Институт Орынборда 1919 жылы ашылған.Алғашында институт Қырғыз халық ағарту институты деп аталып келді.Бұл институтта қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлаған.1921 жылдың өзінде 140 оқушы оқытады.Оқу жоспары бойынша институтта сабақ тек қазақ тілінде жүргізілді.Институт оқушылары мен студенттері елде сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты.[3] Сол кезеңде астана туралы айтыс өрбіп, үміткер қалалардың қатарына Ақтөбе, Ақмола, Ақмешіт, Әулиеата, Семей, Шымкент қалалары аталған еді. 1925 жылдың сәуірінде Орынбордан шыққан Меңдешев бастаған Республика халық комиссарлары және "Еңбекші қазақ" газетінің тілшісі Сәбит Мұқанов та түсті.[4]
Сонымен,1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің Ү съезі салтанатпен ашылды. Бес күнге созылған съездің негізгі құжатының бірі Қырғыз халқының тарихи дұрыс атын қалпына келтіруі еді. Яғни, Кеңестердің Бүкіл Қазақтық Ү съезі "бұдан былайғы жерде "Киргиз" деген атау "Қазақ" деп аталсын" деп қаулы қабылданды. Сонымен бірге съезд "Киргиз Республикасын" "Қазақ Республикасы" деп атауға,ал оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы алды.[5] Съездің күн тәртібінде халық ағарту ісі де қаралды. Қазақ АССР-нің астанасы болған Қызылорда қаласына 1925 жалы Орынбордан Қазақ ағарту институты (КазИнПрос) көшірілді.1924-1925 жылдары Сырдария облысының Ақмешіт халық ағарту бөлімі болса, 1925-1927 жылдары Сырдария губерниясы Қызылорда уездік-қалалық халық ағарту бөлімі жұмыс істеді.1927 жылы Кеңес үкіметінің 10 жылдығында мектептер саны облыс көлемімен есептегенде 149-ға жетіп, ондағы оқушылар саны 12495 болған.
1927 жылы 29 мамырында БК(Б)П Орталық Комитеті сауатсыздықты жою туралы қаулы қабылдады. Онда "Сауатсыздықты жоюдың мұнан былайғы жұмысына батыл өзгеріс жасау", бұл жұмысты "біріңғай жоспар, күштер мен қаражатты біріктіру, сауатсыздықты жоюға қатысатын барлық ұйымдарға кең ықтияр беру негізінде" жүргізу қажеттілігі көрсетілді.[6]
1925 жылы 7 сәуірде Сәкен Сейфуллин Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым орталығының председателі, 12 шілдеде қазақтың пролетар жазушылары ассоциациасының басшысы болып тағайындалды. Сәкен 1926 жылы БКП Өлкелік комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, 1927 жылы Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының директоры болып жұмыс істеді және де,1925-1928 жылдар аралығында дәрістер оқып, сабақ берген. Сәкен- Қазақ Кеңес ағарту жұмысының қарыштап дамуына үлкен роль атқарған жаңашыл азамат. Оның поэзиясы- Абай мен Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығының заңды жалғасы бола тұрса да, идеялық-шығармашылық принципі жағынан айрықша ерекшелігі бар үлкен дүние. Сәкен шығармаларының идеялық нысанасы жаңа дәуірдің, кеңестік заманның көкейкесті мәселелерімен тығыз ұштасып жатты.Сәкен шығармашылығын сөз еткенде, ерекше назар аударатын мәселе – оның замана бейнесін жасауы және де өз білімімен жас ұрпақтың сауатын ашуы болды. Тәжірибелі педагогтар, республикада жұмысын ұйымдастырушы қайраткерлер – С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жолдыбаев т.б.институтта дәріс берді.[7]
Мектеп жасындағы балаларды жалпы қамту 83,6 пайыз болса, оның ішінде қазақтар оқуға қамтылғандардың жалпы саны 45 пайыз...Жоғары тұрғыдағы мектептерде оқитын қазақтардың санына келсек, ол тіптен нашар болатын. Жоғары тұрғыдағы мектептерде оқығандар және оның ішіндегі қазақтар туралы мәселеге келсек, бұл туралы төмендегі кесте біраз мәлімет береді:
Жылдар
|
Жоғары тұрғыдағы мектеп оқушылары
|
Оның ішіндегі қазақтар
|
1928-1929жж
|
30560
|
мәлімет жоқ
|
1929-1930жж
|
36000
|
мәлімет жоқ
|
1930-1931жж
|
39161
|
4521
|
1931-1932жж
|
50720
|
6020
|
Осы дерекке қарап 1930-1931 оқу жылынан бастап аз ғана қазақтар бұл мектептерге оқуға бара бастаған. Мысалы: 1928-1929 оқу жылында 14 педагогтық техникумда оқыған 2198 оқушының 1363-і қазақ болса, 1931-1932 оқу жылында 29 педтехникумның 5816 оқушысының 3978-і қазақ болды.
Қазақстан Ресейге басыбайлы тәуелді болған осы жылдары орыс тілінен хабары шамалы еңбекші бұқараны "таптық" және "большевиктік" рухта тәрбиелеу үшін басты құрал – жергілікті халық тіліндегі басылымдарды және әдебиеттерді көбейту ауадай қажет болды. Мұны Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығында қазақ тілінде жарық көрген жалпы әдебиеттерді (оқулықтарды, педагогтік және саяси сипаттағы әдебиеттерді) басып шығару сипатынан айқын байқай аламыз:
Жылдар
|
1925жыл
|
1926жыл
|
1927жыл
|
1928жыл
|
1929жыл
|
Қазақша әдебиеттердің алатын саны
|
46
|
56
|
49
|
127
|
127
|
Таралымы
(мың)
|
408.000
|
434.000
|
420.400
|
1.054.500
|
1.412,7
|
Қазақстан үкіметі де, орталықтағылар да республикадағы білім беру ісін қаржыландыруға бейжай қарады. Қазақстан халыққа білім беру ісіне жұмсалатын шығын жөнінен басқа Кеңестік республикалардың бәрінен төменгі орында болды. Халыққа – білім беру ісінде 1927 жылы жан басына шаққанда жұмсалған шығын Қазақстанда небәрі 1 сом 35 тиын болса, ал бұл көрсеткіш РКФСР-да 2 сом 61 тиын, Түркменстанда – 3 сом 88 тиын, Бурятияда – 4 сом 24 тиын, Закавказье Федеративтік Республикасында – 5 сом 26 тиын болды. Бұл мәселеге мән бергісі келмеген Ф.Голощекин, 1927 жылғы ҮІ Бүкілқазақтық партия конференциясында "менің өзім әрқашан аударып отырған халыққа білім беру бюджеті үш жыл ішінде өсіп кетті...", - деп біржақты мақтанды.
1929 жылдың 25 шілдесінде "Жаңа қазақ орфографиясын бекіту туралы" қаулы жарық көрді. Жаңа қазақ орфографиясы Халық ағарту Комиссариатының Қызылордада 1929 жылдың 2-4 маусымында өткізілген ғылыми конференциясында қабылданып, ал 20 шілдеде Орталық Атқару Комитеті оны бекітті.[8]
Сауат ашу науқанының тағы бір осал тұсы оқулықтардың жетіспеуі еді. Ресми мәлімет бойынша 1928 жылы қазақ тілінде 22 оқулық атауы (жалпы данасы 732.000) бар болатын. Жаңа әріпке сәйкес келетін жаңа оқулықтар дайындау қажет бола бастады. Қазақ тілінде оқулықтарды жазуға даярлығы бар топ Алаш қозғалысының қайраткерлері еді. Бірақ та алаш қайраткерлерін жазықсыз 1928-1929 жылдары жаппай тұтқындалып, жер аударылды. Сол қазақ зиялыларының бірі әйгілі ғалым-теоретик, эстетик сыншы Ахмет Байтұрсынов болатын. Оның жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы "Әдебиет танытқыш" ("Теория словестности") деген атпен басылған.Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді.Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған.[9]
Қысқасы, “Әдебиет танытқыш” кітабындағы бірқыдыру термин, ұғым, категория әдеби тілімізге, ғылыми оралымға кезінде кіргенін айта отырып, бұл еңбекте эстетикалық ойлау жүйемізді әлі де байыта түсетін тамаша қазына, ересен тапқырлықтар бар екенін көрсетуіміз қажет. Сонымен Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екендігін мойындамау шындық алдындағы қиянат болар еді.
Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-ғылыми мұрасының ішіндегі ең көлемді және айрықша тиянақталған тұжырымды еңбегі – “Әдебиет танытқыш”. Шолу ретінде, атүсті айтылғанмен, бұл еңбек дәлді зерттеліп, әділ бағасын әлі алған жоқ.[10]
1930 жылдары республикада педагогтар және мұғалімдер даярлайтын институттарының көбеюіне байланысты 1933 жылы 15 қазанда жабылды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Самрат Ж.Қазақтың тұңғыш жоғарғы оқу орны біз айтып жүргеннен әлдеқайда ертерек ашылыпты.// Егемен Қазақстан, 2010жыл, 1 қаңтар, №1.
Сайлан Б.С. Қазақстан жастарының 1920-30 жылдардағы сауатсыздықты жою науқанына қатысуы.//Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті Хабаршысы-2008-№1, 113 бет.
"Қазақстан" Ұлттық энциклопедиясы/Қазақ халық ағарту институты. Алматы.,2003жыл,433-бет.
Досманбетов Б.С., Кереев М.К.Қызылорда.//Қызылорда.Алматы:РИК.,1999, 82-84 беттер.
Қалиев Ы., Шілдебаев Е.Дария жағасындағы қала.//Оқу ордалары. Алматы; 1980жыл, 52 бет.
Ақпанов Қ.А., Нұрғалиев Н.С. Қызылорда - халық ағарту мекені// Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Хабаршысы–2006-№ 2, 13-17 беттер.
Интернет. http: //www.google.kz/. Сәкен Сейфуллин.
Омарбеков Т. Мәдени құрылыс тарихы: тапшыл көзқарас сабақтары..// Ақиқат, 1996. № 3, 29-бет.
Омарбеков Т. Сауатсыздықты жою: науқаншылақ және оның салдарлары.//Ақиқат, 1996. №2, 30-бет.
Интернет. http: //www.google.kz/. Ахмет Байтұрсынұлы – бес арыстың бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |