Қазақстан тарихы
Бөкейхан Ә., Ақбаев Ж., Ермеков Ә. Мақалалар, сын-зерттеулер және тергеудегі жауаптар. - Астана: Фолиант, 2013. - 320 б.
XX ғасыр басында қазақ елінің азаттық алуы үшін аянбай күрескен, сол қасиетті жолда жанын құрбан еткен Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтей ерлердің есімі ұлт тарихында мәңгілік орын алады.
Туған халқының мұң-мұқтажын арқалаған айтулы азаматтардың ой-санасы, көзқарасы, империяшыл пиғылдарға қарсы еңбектері - ұрпақтың тағылым алар таусылмас қазынасы.
Кітап Алаш кезеңі тарихына қызығушылық танытатын жастарға, оқытушыларға, сондай-ақ көпшілік қауымға арналған.
Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылуы тарихы. - Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2015. - 520 бет.
Монографияда орта ғасырдағы қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті - Қазақ хандығының құрылу тарихының мәселелері қарастырылған. Автор әр тілде жазылған көптеген ортағасырлық жазба дерек мәліметтеріне, түрік халықтары мен қазақ халқының ауыз әдебиеті материалдарына сүйене отырып, Қазақ хандығының кұрылу тарихындағы күрделі мәселелерді жүйелі түрде тереңірек зерттейді. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы мен Қазақ хандығының құрылуы бір кезеңде жүзеге асқан тарихи үрдіс деп есептеп, Қазақ хандығының негізін қалаған тарихи тұлғалар - Керей мен Жәнібек хандардың тарихи рөлін ашып көрсетеді.
Монография қоғамтанушыларға, тарихшыларға, жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, магистрлеріне, докторанттарына және жалпы қазақ елінің тарихына қызығушылықпен қарайтын қалың оқырмандарға арналған.
Қаз дауысты Қазыбек би. Энциклопедия. - Астана: Фолиант, 2013. - 632 бет.
Энциклопедия қазақ халқының ұлы перзенті, философ, шешен, мемлекет пен құқық тарихында өшпес із қалдырған Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлының (1667-1764) өмірі мен саяси, әлеуметтік, тарихи еңбегіне арналған. Ұлы тұлғаның өскен ортасы, дүниетанымы, қайраткерлік көзқарасы, ұстанымы, Ұлы Даланың арғы-бергі тарихында алатын орны, барша болмысы, қоғамдық-саяси келбеті, халқына қалдырған тағылым-тәлімі жан-жақты зерделеуден өткізілді.
Қойшыбаев Б. Алаш жолы. Рисәлә / Б. Қойшыбаев. - Алматы: «Қаратау КБ»; «Дәстүр» баспасы, 2015. - 400 бет.
Белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың оқырман назарына ұсынылып отырған «Алаш жолы» рисәләсі қазақ азаттық қозғалысы тарихынан сыр шертеді. Қолдарыңыздағы кітапқа рисәләнің «Аңсау», «Тамыр», «Айбат» атты бөліктері енген. «Аңсауда» - Алаш қозғалысын өмірге әкелген XX ғ. басындағы отарлық ахуал, саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілік суреттеледі, халықтың мұң-мұқтаждықтары туралы үкіметке петициялар беруге рұқсат еткен ақ патшаның белгілі рескриптіне сәйкес, қазақ интеллигенттерінің Қарқаралы жәрмеңкесіне жиналып, тарихи тілекхат әзірлеуі әңгімеленеді. Аталмыш шығармалардан оқырмандар Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин, Жақып Ақбаев, Исмаил Гаспринский, Әлимардан Топчибашев, Әбдірәшит Ибрагимов, Шаһмардан Қосшығұлов сынды тарихи тұлғалардың азаттық қозғалысының бастапқы жылдарындағы қызметімен танысады.
Кітап қазақтың ұлттық азаттығын көксеген Алаш қозғалысы тарихымен әуестенетін көпшілікке, жастарға арналған.
Сарыарқа Тәуелсіздік жылдарында. Сарыарка в годы Независимости / Құраст. Аман Жангожин (Сост. Аман Жангожин). - Астана: Фолиант, 2014. - 440 бет. - қазақша, орысша.
Жинаққа өңірдің Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік және экономикалық дамуы туралы Қарағанды облысының журналистері жазған мақалалар, сұхбаттар мен очерктер енген. Онда еліміздің басты өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталығының бірі болып табылатын өлке өміріндегі елеулі өзгерістер көрініс табады. Кітаптың материалдары бұрын жергілікті баспасөзде жарық көрген. Шын мәнінде, мұның өзі бірегей өлкеміздің шежіресі.
Е.Тілешов, Д. Қамзабекұлы. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: Сардар, 2014, 528 бет.
Бұл энциклопедиялық анықтамалыққа Алаш қайраткерлері мен қатысушылардың өмірбаяны, Алаш қозғалысына, партиясына қатысты ұғымдар мен атаулар, сол кезеңнің тарихи-қоғамдық, мәдени, әдеби дамуын байқататын мағлұматтар енгізілді. Алаш қозғалысына қатысқан тұлғалардың деректі тізімі жасалып ұсынылды. Сондай-ақ, Алаш қозғалысын, оның қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар жөнінде де мәліметтер берілді.
Анықтамалық оқытушыларға, ізденушілерге, мектеп оқушыларына, студенттерге, магистранттарға, ұлтының тарихын танимын деген жалпы көпшілікке арналған.
Саясат.
Елбасына тұғыр болған Сарыарқа. Сарыаркинский взлет Елбасы / Құраст. Аман Жангожин. - Астана: Фолиант, 2014. - 360 бет.
Кітап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың еңбектегі және саяси қайраткерлік қызметі басталған Қарағанды облысымен байланысына арналып отыр. Мұнда ардагер журналистердің Нұрсұлтан Әбішұлының алғашқы еңбек қадамдары туралы жазған очерк-суреттемелері, қазіргі БАҚ қызметкерлерінің Елбасы туралы мақалалары мен сұхбаттары топтастырылған. Қоғам қайраткерлері, достары мен әріптестері, белсенді авторлар болашақ Мемлекет басшысының Днепродзержинскінің техникалық училищесінде, Қазақстан Магниткасының домналары мен алып цехтарында, комсомол және партия қызметінде қалай өсіп, шыңдалғанын, қайраткерлік қасиеті қалай қалыптасқанын ілтипатпен еске алысады. Материалдар кезінде республикалық және жергілікті баспасөзде, жекелеген кітаптарда жарияланған.
Тіл білімі.
Айтбайұлы Ө. Тілғұмырлар: (Қазақ лингвистері мен тіл жанашырлары) / Ө. Айтбайұлы. -Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014.-400 бет.
Кітапта қазақ терминологиясының атасы атанған А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбанов, тіл тарландары І. Кеңесбаев, М. Балақаев және тіл мәртебесін биікке көтерген көптеген тілші ғалымдардың педагогтік және қоғамдық қызметі туралы жан-жақты баяндалған. Сондай-ақ мұнда өз кезінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін айқындаған С. Сейфуллин, ұлты үшін жаны күйген Ө. Жәнібеков, адалдық пен әділеттің жаршысы Н. Оңдасынов, өлең сөздің білгірі З. Ахметов және сазгерлер Ш. Қалдаяқов пен I. Жақановтар туралы да көркем эссе тұрғысынан шебер баяндалған.
Еңбек қазақ тілі жанашырларына және жалпы оқырман көпшілікке арналған. Мемлекеттік тіл тағдырына қызығушы мамандар мен жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттері үшін де танымдық мәні бар.
Әдебиеттану.
Т. Мәмесейіт. Таным таразысы. Әдеби мақалалар мен зерттеулер. Астана: «Нұра-Астана», 2015 - 344 бет.
Еліміз тәуелсіздік алуымен бірге қоғамымызда болған өзгерістерді, оның адам санасына, жан дүниесі, мінез құлқына тигізген әсер ықпалын жазушылар өз шығармаларында қалай көрсетіп, қалай суреттеп отыр?!
Белгілі қаламгер, сыншы, зерттеуші Тұрлыбек Мәмесейіт «Таным таразысы» атты жаңа кітабында міне, осы мәселелерге жауап іздейді. Сыншы соңғы он-он бес жыл көлеміндегі жаңа туындыларды талдай отырып, белгілі жазушылар Ш. Мұртаза, Қ. Жұмаділов, М. Мағауин, Ә. Кекілбаев, Т. Әбдіков, Т. Нұрмағамбетов, М. Байғұтов, Н. Дәутаев, Қ.
Түменбаев, Р. Отарбаев, т.б. шығармаларын жан-жақты сөз етеді. Олардағы бүгінгі уақыт, қоғам, адам жайындағы көркемдік толғаныстарға назар аударып, шығармаларындағы жаңашыл ізденістерді - образ шындығы, кейіпкер характері мәселелерін нақты мысалдармен талдап көрсетеді.
Қирабаев С. Шығармалары / Серік Қирабаев. - Астана: Фолиант, 2013. - Т.1,2. Әдеби зерттеулер, сын мақалалар. - 416 б.
«Сарыарқа кітапханасы» сериясының кезекті томына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор С.С. Қирабаевтың тәуелсіздік тұсында жазылған таңдаулы зерттеулері топтастырылған. Көрнекті ғалым тарих пен әдебиеттің егіз ұғым екендігін әр дәуір әдебиетінен келтірген мысалдар арқылы ғылыми дәлелдеп берген. Ғалым тәуелсіздік тұсындағы қазақ поэзиясының көркемдік кестесін ғылыми пайымдап, Елбасы, Астана туралы жырларға ерекше назар аударған.
Кітап әдебиеттанушы ғалымдар мен ізденушілер, аспиранттар мен жоғары оқу орындарының студенттеріне және ұлт әдебиеті мен тарихын білгісі келетін әдебиет сүйер қауымға арналған.
Көркем әдебиет.
Арқаның ақ таңы. Ұжымдық жинақ / Құраст. Сәбит Бексейітов.- Астана: Фолиант, 2014. - 416 бет.
Бұл жинаққа Арқа өңіріндегі жыр таңы боп арайлап атқан бір топ ақын қыздардың шығармалары топтастырылды. Шуағы да, қуаты да бар, өмір-тіршіліктен түйгені көп, тілі түсінікті әрі құнарлы жыр жолдары сезімді қытықтап, жан-дүниені жадыратады. Кейде болмыс, тағдыр, кісілік жайлы ауыр ойға сүңгітіп алып, азаматтық, адамгершілік, өмір мұраты жайлы толғанысқа жетелейді.
Жинақ жырсүйер оқырманға арналған.
Арқадағы арда жыр. Ұжымдық жинақ / Құраст. Қойлыбай Асанов. - Астана: Фолиант, 2014.
«Сарыарқа кітапханасы» сериясымен шыққан бұл кітаптың екінші томына қара өлеңнің бесігі, қара қазақтың несібі болған Қарағанды облысындағы бір топ ақындардың жауһар жырлары топтастырылды. Жинақтан өлең өлкесіне өзіндік үнімен келіп, толқын-толқынымен қаулап келе жатқан шайырлар шаһарының үнін естіп, жырын тыңдағандай боламыз.
Сөз патшасы жырсүйер оқырман жүректерін билеп алары сөзсіз.
Арқаның би-шешендері мен ақын-жыраулары: шешендік сөздер және жыр-толғаулар / Құраст. Асанов Қ. - Астана: Фолиант, 2013. - 312 б.
«Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарыққа шығып отырған бұл кітапқа Арқа өңірінің би-шешендері мен ақын-жырауларының сөз маржандары топтастырылған.
Кітап көпшілік оқырманға арналған.
Әзиев Ә. Арпалыс. Әңгіме-хикаяттар және деректі жазбалар / Әмен Әзиев. - Астана: Фолиант, 2014. - 304 бет.
Белгілі жазушы Әмен Әзиевтің бұл кітабына ертеректе жазылған хикаяттары мен әңгімелері енгізілген.
Шытырман оқиғалы шығармаларда жастардың өмір тіршілігі, махаббаты, жаңылысып, шалыс басқан, жаза шегіп, тура жолын тапқан кезеңдері шынайылықпен суреттелген. Ал «Үзілген меруерт» деген деректі әңгіме қазақ халқының біртуар қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың өмірінің соңғы азалы сәттерін көз алдымызға әкеледі.
Кітап көпшілік оқырманға арналған.
Әлтай А. Алдаспан: өлеңдер мен айтыстар. - Астана:Фолиант, 2014. - 408 б.
Жинаққа Алаштың аяулы ақыны, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтайды өнер әлемінің шырқау биігіне самғатқан қос қанаты іспеттес егіз арна - жазба өлеңдері мен бір шоғыр айтыстары топтастырылды. Бабаның бекзат өнерінің лайықты мұрагері болып, киелі домбыра мен қаламды қатар ұстаған ақын ұлттық рухты, халқына деген ыстық махаббатын, қоғамдық мәселелерді жырларына арқау еткен.
Кітап жырсүйер көпшілік қауымға арналған.
Бұлқышев Б. Заман біздікі: роман, әңгіме-мақалалар және өлең-поэмалар. - Астана: Фолиант, 2014. - 312 б.
Сонау сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдары майданда қаза тауып, қысқа ғана ғұмырында соңына бірталай рухани мұра қалдырып кеткен қаламгер Баубек Бұлқышевтің «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарық көріп отырған бұл жинағына «Алматылықтар» романы және бір топ өлеңдері мен поэмалары, әңгімелері топтастырылды.
Жинақ көпшілік оқырманға арналған.
Замана. Сатиралық әңгімелер, зерттеулер және өлең-жырлар. /Құраст. Қойлыбай Асанов. - Астана: Фолиант, 2014. - 408 бет. - (Сарыарқа кітапханасы).
«Сарыарқа кітапханасы» сериясымен жарық көріп отырған «Замана» жинағына жазушы сатирик Б. Әлеухановтың әңгімелері, ақындар Б. Батталғазинның, Ә. Кәріпбайтегінің, М. Сейдахметтің, Ж. Тайтөлеудің, М. Тілеуовтың, М. Шәйкенің өлең-жырлары, толғаулары, сондай-ақ жазушы А. Кәріпбековтың зерттеу еңбегі топтастырылып берілді.
Кітап барша оқырман қауымға арналған.
Есенберлин I. Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар = Мысли, выступления, дневники, письма/ І. Есенберлин; құраст. Қозыкөрпеш Есенберлин., ауд. А.Дюсенбаев. - қазақша, орысша. Алматы: БПКА, 2015,- 480 б.
Бұл кітапқа Ілияс Есенберлиннің айтылған ойлары, хаттары, баяндама күнделіктерінен алынған үзінділері енген. Сонымен қатар замандастарының Н. Назарбаевтың, Д. Қонаевтың, Ә.Әлімжановтың, туған інісі Раунақ Есенберлиннің және ұлы Қозыкөрпеш Есенберлиннің естеліктері бар.
Орманбетұлы Нарманбет. Шығармалары. Өлеңдер. Нарманбет Орманбетұлы. - Астана: Фолианг, 2013. - 280 б.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында, аласапыран, аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүріп, қазақтың қара өлеңіне өлшеусіз үлес қосқан шежірелі тұлғалардың бірі - Арқадан шыққан арқалы ақын Нарманбет Орманбетұлы (1859-1918 жж.).
Нарманбеттің артында қалған мол мұрасы қолымызға толық жетпегенімен, әр жылдарда жазылған өлеңдерінің басын біріктірген осы кітап оның ақындық әлемін танытуға жарарлық құнды еңбек деп білеміз.
Стамбекұлы Д. Шығармалары. Ғұмырымның баяны / Дәуітәлі Стамбекұлы. - Астана: Фолиант, 2013.Т. 1,2: Өлеңдер, поэмалар және балладалар. - 344 б.
Дәуітәлі Стамбекұлының «Ғұмырымның баяны» кітабына ақынның өлеңдері, поэмалары және балладалары жинақталды. Нәркес жырлар нәзік иірімдер арқылы сезімді баурап алуымен қатар, ойының, түйінінің сіңімді болуымен оқырманға ерекше әсер етеді. Ақын ғұмыры қысқа болса да, өлеңдері өміршең.
Кітап жырсүйер көпшілікке арналған.
Шығармалары. Жанболат Башар, Сүйіндік Жанысбай, Мақсым Омарбекұлы. / Құраст. Қойлыбай Асанов. - Астана: Фолиант, 2014. - 400 б.
Бұл кітапқа Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанболат Башардың, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сүйіндік Жанысбайдың, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі Мақсым Омарбекұлының шығармалары топтастырылған. Жинаққа енген әңгіме-хикаяттарға ауыл өмірінің тыныс-тіршілігі, адалдық пен зұлымдык, арасындағы күрес, махаббат тақырыбы арқау болған. Оқиғалары тартымды, тілі де көркем, жеңіл оқылады.
Кітап көпшілік оқырманға арналған.
Чумакова 3. Балалық шағымның бауырсағы. Баурсаки моего детства. Поэзиялық және прозалық шығармалар / Зинаида Чумакова. - Астана: Фолиант, 2014. - 400 б. - қазақша, орысша.
«Балалық шағымның бауырсағы» - автордың қазақ жері мен қазақ еліне тағзымы.
«Перзенттік парыз» - зобалаң жылдары шешендер мен ингуштерді жан шуағымен жылытып қана қоймай, атақоныстарынан пана сыйлаған қазақ халқына ғұмыр бойы алғаусыз алғыс айтып өткен әке аманатын ақын қыздың ақтауы.
Кітап түзілімі қосарласа өрілген: қос тіл - қазақ және орыс тілдері, қос жанр - поэзия және проза, қос халық - қазақ және вайнах халықтары, қос аманат - әке мен ағаның аманаттары. Осылайша жымдаса тұтасқан қос бірлік авторға қуат үстейді, оқырманға ой салады.
Дінтану.
Сейітұлы Қ. Пайғамбарлар тарихы / Қ.Сейітұлы. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» баспасы, 2015. - 320 б.
Қолыңыздағы кітап адамзатқа жіберілген пайғамбарлардың өмірін танытуды көздейді. Адам атадан (а.с.) бастап, соңғы елші Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) дейінгі (Құранда есімі аталған) пайғамбарлардың ортақ жіберілу мақсаты түсіндіріледі. Бұл қасиетті міндеттің өзіндік қиындықтары, әр қауымның өмір тарихы, тағдыр-талайы, наным-сенімдері мен ерекшеліктері кеңінен сөз болады. Еңбек жалпы оқырман қауымға арналған.
Достарыңызбен бөлісу: |