Қазақстанда математика ғылымының дамуында ә. Ермековтың ролі әбдікенов Д. Б. Үштөбе орта мектебі, Бұхар Жырау ауданы жет. Сейдигазимова Г. О. «Сары аязда қата ма Қайнардың аққан тұнығы, Қап түбінде жата ма Болаттың асыл сынығы »



Дата25.02.2016
өлшемі64.94 Kb.
#22896
ҚАЗАҚСТАНДА МАТЕМАТИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУЫНДА Ә. ЕРМЕКОВТЫҢ РОЛІ

Әбдікенов Д.Б.

Үштөбе орта мектебі, Бұхар Жырау ауданы

жет. Сейдигазимова Г.О.


«Сары аязда қата ма

Қайнардың аққан тұнығы,

Қап түбінде жата ма

Болаттың асыл сынығы...»



Ақтамберді жырау, 1700 ж.
Биылғы жыл барлық математиктер үшін мәртебелі белес болып отыр. Мұны 2009 жылы 15 қыркүйекте ҚР Ғылым және Білім министрлігі бекіткен №432 бұйрығы бойынша «Қазақстан математика пәнінен 51-ші Халықаралық олимпиаданы қабылдайды» онкүндігін өткізуді жариялауымен байланыстырамыз.

Бұл талаптарды орындау мақсатында Үштөбе орта мектебінде «Қазақ математиктер жолы – бізге үлгі» атты математикалық онкүндігі ұйымдастырылып өткізілді. Осындай игі істер ұйымдастырылып және шаралар жүргізіліп жатқанда Ә. Ермековтың есімін атап, ұлы ғалым жайлы сөз қозғамау үлкен қателік болар еді. Өйткені, қазақтың тұңғыш профессоры Ә. Ермековтың математика ғылымына қосқан үлесін барша қазақ жұрты аса бағалап, мақтан етеді.

Әлімхан Әбеу ұлы Ермеков 1891 жылы осы күнгі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай совхозы Бөріктас деген жерде дүниеге келген.

Ә.Ермеков 1899 жылы Қарқаралыдағы қалалық училищеге оқуға түскен. Мектеп қабырғасында зейінді, алғыр екенін байқатқан. Мектепті үздік бітірген Әлімханды әкесі 1905 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына әкеліп түсіреді. 1912 жылы Әлімхан Семей гимназиясын алтын медальмен бітіріп шығады. Сол жылы Томск технология институтының тау-кен факультетіне конкурссыз қабылданады.

Өзінің студенттік кезеңі туралы Әлімхан Әбеуұлы былай деп еске алған еді: «Сол жылдары Томскіде орыстың озық ойлы тамаша адамдары тұратын еді. Мен солармен таныса бастадым. Орыстың белгілі саяхатшысы, Шоқан Уалихановтың досы Григорий Николаевич Потанинмен, сол арқылы орыстың жазушысы В.Я. Шишковпен, В.М.Бахметьевпен, революционер марксист-философ Дволейский, революционер Бауэрмен танысып, олардың жасырын үйірмелеріне қатыса бастадым. Бірде Григорий Николаевич Потанинді, қарындасы биолог ғалым және суретші Клара Уткинаны туған ауылым Қызыларайға ертіп келдім. Потанин ауылға келісімен Аяпберген деген ертекші, әнгімеші қартпен достасып алып, күндіз-түні соның жанынан шықпай қойды».

Өз халқын жан-тәнімен шексіз сүйіп, бостандық дабылын естісімен, қалайда қазақ халқын езгіден құтқарып, теңдік әперуін мақсат етеді.

Терең білімді, алғыр ойлы, таза жанды жас Әлімхан 1920 жылы мамыр айында Семей губревкомының атынан Кирвоенревком орталығы Орынборға жіберіледі. Кирвоенревкомның 1920 жылы 18 майдағы қаулысы бойынша Әлімхан Ермековке №2043 мандат беріп, «Қазақ өлкесінің жағдайы мен оның шекарасын белгілеу жөнінде» - баяндама жасау үшін Мәскеуге арнайы жіберіледі.

Баяндамамның соныңда қазақтарға иеленіп келген жерлері өздеріне қайтарылып және жергілікті қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары орнығып біткенше Россиядан қоныс аударуды тоқтатқан жөн деген ұсыныс жасаған. Осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң В.И.Ленин Қазақ АССР-ін құру жөніндегі декретке қол қояды.

Бұл 29 жасар талантты Ермеков Әлімханның үлкен жеңісі, әрі көп ұлтты Қазақстан алдында сіңірген аса зор тарихи еңбегінің жемісі еді. Қазақ республикасының территориялық шекарасын белгілеуде Әлиағаның жасаған еңбегі тарих алдындағы, қазақ халқының алдындағы перзенттік парызы абыроймен ақтағанының айғағы.

1921 жылы Ермеков туған жері Қарқаралыға екі басқышты мектеп ашады. Қарқаралы – Ұлытау – Баян өлкесінің жастарын өнер-білім алуына ұйтқы болады. Осы оқу орнына Сібірден жер аударылған Петроград – Мәскеу қалаларының білікті ғалымдарын шақырады. Бірінші қабаты қызыл кірпіш, екіншісін ағаштан өргізіп жаңа оқу орнын іске қосады. Соңынан Қарқаралы педагогикалық училищесі осы мекенжайда ашылды. Осы жылдары Әлиаға Қызыларай өңірінде бастауыш мектеп ашып үлкен еңбек сіңіріп, жастардың білім алуына жағдай жасайды. Бұл оқу орнын бітірген көптеген жастар осы өңірде, республика көлемінде халық арасында өнер білім таратып, жауапты қызметтерде болды, олардың қазір көзі тірілері де бар.

Ермеков Әлімханды Ташкентте 1926 жылы тұңғыш ашылған оқу орны – Қазақ педагогикалық институтына арнайы шақырылып, 1927-1928 жылдары сонда математика пәнінен сабақ береді. Институт ректоры Т.Жүргеновпен Әлиаға өте жақын арласады.

1930 жылы Қазақ Мемлекеттік зоотехникалық – малдәрігерлік институты болып қайта құрылғанда Әлімхан Ермеков жаңа институтта профессор міндетін атқарып, кафедра басқарады. Осы кезде жоғары оқу орындары үшін «Ұлы математика курсы» атты іргелі еңбегін жазады.

Осыдан кейін Әлиаға қоныс аударып Қарағанды қаласында тұрақтады. Қарағанды тау-кен институтына мұғалімдікке орналасты.

Ә. Ермеков өзінің табиғи қабілетін, алған білімін, туған халқының игілігіне арнаған ірі тұлғалардың бірі. Ол өмірінің соңына дейін осы мақсаттан ешқашан тайған емес. Мұны Кеңестің билік кезеңіндегі сан алуан қызметінен де көруге болады. Мәселен, оның оқытушылық қызметі.

Ә. Ермековтың оқытушылық қызметі XX ғасырдың 17-ші жылдарында басталып, өмірінің соңғы жылдарына дейігі аралықты қамтиды. Әрине, Ә.Ермековтың ол кезеңдегі оқытушылық еңбекпен айналысуы қолайлы кезең болды деп айту қиын. Дегенмен, бұл жылдары ол өмірінің мазмұнына айналған үйреншікті ғылыми-оқытушылық қызметтерінен қол үзген емес. 1958 жылы Ә.Ермеков зейнеткерлікке, қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің математика кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет атқарып жүргенде шықты. Сондықтан, Ә. Ермековтің оқытушылық қызметіне байланысты көп деректер осы университеттің архивінде «Личное дело №2767 Ок-9 Ермеков А.А.» деген папкадан және оның баласы М.Ермековтың жеке архивіндегі материалдардан табуға болады.

Қазақстандағы тұңғыш техникалық жоғары оқу орны Кең металлургия институты ашылғаннан кейін Ермеков маман ретінде институтқа шақырылды. 1935-1937 жылдары осы институттың профессоры, әрі математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі міндетіне қоса жалпы техникалық факультетінің деканы болды.

1935 жылы оның әуел баста екі кітап болып жоспарланған «Ұлы математика курсы» («Курсы высшей математики») атты кітабының 1-ші бөлімі Қазақстан баспасында жарық көрді. Редакторы Қ.Жұбанов. Бұл жоғары математика курсынан мәлімет беретін тұңғыш ғылыми еңбек болатын. 10 мың дана. 180 бет және 80 сызбадан тұрады. 1936 жылы 26 беттік «Математика басылымдарындағы ғылыми терминдер», ал 1937 жылы «Детерминанттар теориясының негіздері» атты еңбектері математика тарихына өшпес мұра қалдырды.

Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі, профессор Ә.Әзиев пен ҚарМТУ доценті Н.Әділбековтың 1992 ж. Қайтадан баспаға берліген «Ұлы математика курсы» оқулығына, кіріспе орнына жазған мынадай пікір сөздері бар: «...Қазақ топырағында алғаш ана тілімізде дүниеге келген бұл ғажап оқулық, әрине, еш уақытта өзіндік тарихи маңызын жоймайтын, ірі оқиға болып табылады. «Координат методы», «Функциялық байланыс және оны көрстеу тәсілдері», «Сызықтық функция», «Екінші реттік қисықтар», «Кеңістіктегі координат методы», «Жазықтық», «Түзу сызық» деп аталатын үлкен-үлкен сегіз тараудан және «Детерминант теориясының элементтері» деген қосымша бөлімініен тұратын кітап қазіргі кездің өзінде де, көмекші оқулық болуға әбден жарайды. Кітаптың бас жағындағы «Автордан» және «Сөз басы» деген кіріспеде де Ермековтың байсалды ой-пікірлері, теориялық тұжырымдары мен шешімдері жарқыраған күмыстей сайрап жатыр».

Сыртында «Профессор Ермек ұлы Әлімхан», «Ұлы математика курсы, I-бөлім» деген жазулары бар, мұқабасы ескірген, ішкі қағаздары әбден сарғайған ғылыми еңбек – бүгін де Қарағанды қаласының облыстық мұражайында сақтаулы.

Ш.Блялов 1995 жылы осы оқулық жайлы: «Тағы бір ерекшелік, кітаптағы жоғары математика элементтері аса түсіндіріледі. Жаңа ұғым, ережелерді талдағанда, автор өз тәжірибесінен жинақтаған тәсілдерді кеңінен қолданды. Бұл кітап халқымыздың мәдени, рухани қорына қосылған қазыналық еңбек болып табылады. Сондықтан да, жас ұрпақ қайта танып, біліп жатса, оның тағылымдық қасиеті зор болмақ»,-деп бағалайды.

Ә. Ермековтың ізбасары, академик О.Жәутіков «Қазақстанда математика ғылымының дамуы» атты мақаласында кейінгі жылдардағы математика ғылымының дамуы мен жетістікеріне терең талдау жасай келіп, Қазақ КСР Ғылым академисының математика-механика институтында жүргізілген зерттеулер, бүкіл дүниежүзілік математика ғылымының дамуына елеулі ықпалын тигізгендігін, айтып Ә.Ермековке ерекше тоқталды.

Қазір тәуелсіздік алған қазақ халқы да өлгенін тірілтіп, өшкенін жанырды. Арқа ардақтылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Н.Нұрмақов, Ж.Ақбаевтармен қатар Ә.Ермеков те халқымызға қайта оралып, ұрпағымен қауышты. Ол бүкіл өмірін еліміздің егемендігі, ұлтымыздың тәуелсіздігі жолындағы қажырлы күреске, жастарды білімге, мәдениетке тәрбиелеу ісіне қалтықсыз арнады.

Бұл дүниеде түрлі данышпандар, шешендер, шеберлер, батырлар, ақындар көп өткен. Осындай адамдар өзіміздің қазақтың арасында да аз болмаған. Өз жұртына қызмет жасаған еңбегі сіңген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі. Ендеше, егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болған дәуірімізде елімізге еңбегі жанған, қаны мен жанын аямаған Әлімхан Әбеуұлы Ермековтың еңбектеріне тоқталып, өскелең ұрпағымызға мақтанышпен үлгі етсек нұр үстіне нұр болмақ.
Әдебиеттер
1. Мысалы, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы //Қазақстан мұғалімі. – 20 қаңтар, 2004. – Б.2-

2. Қ.Мәкенбаев, Қ.Сәдуақасов. Әлімхан Ермеков. – Ж., 1992. – 44 б.



3. М.А.Ермеков, Ю.Г.Попов. Алимхан Ермеков – страницы жизни. К., 2000.

4. Қ.С.Өскембаев. Ә.Ә.Ермековтің қоғамдық-саяси және ағартушылық қызметі (1891-1970 ж.ж.). –Қ., 2003.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет