Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі және оны қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер



Дата02.07.2016
өлшемі72.25 Kb.
#172881
Орындаған: Исмаилова Асель
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Ғылыми жетекші: Жеңісхан Д.

Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі және оны қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер

Аннотация:

Мақалада азық түлік қауіпсіздігі деген ұғымға жалпы мәлімет беріледі. Құқықтық, әкімшілік және экономикалық реттеу жүйесін құру негізінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ету саясатын қалыптастыру қажеттігі қаралған.

Кілттік сөздер: азық-түлік қауіпсіздігі, агроөнеркәсіп кешені, өмір сүру сапасы, тағамдарға қолжетімділік, мемлекеттік қолдау.

Аннотация:

В статье говорится об концепции информации по продовольственной безопасности . О правовых, административных и экономической системы управления в целях обеспечения продовольственной безопасности страны на основе всестороннего рассмотрения необходимости разработки политики.



Annotation:

Of the concept of food security information in the article . Legal , administrative and economic management system to ensure the food security of the country on the basis of full consideration of the need to formulate a policy .

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету дегеніміз — барлық қажетті саналатын отандық өнім түрлеріне халыктың еркін қол жетімділігін қалыптастыру, импортқа тәуелді болмау деген сөз. Бұл ұғымның көптеген анықтамалары бар және түрлі елдерге қарағанда, бірқатар өзіндік ерекшеліктері де бар. Ол қоғамның барлық мүшелерінің денсаулығын және белсенділігін сақтау үшін жеткілікті мөлшерде қоректену мен азық-түлік ресурстарын пайдаланатындай жағдайды қалыптастыруды қарастырудан бастап, азық-түлік қауіпсіздігінің макроэкономикалық жағдайымен, қоғамдық өндірістің тиімділігімен, халықтың табысымен, экономиканың азық-түліктік секторымен анықталады. 1996 жылы 13 қарашада қабылданған Рим декларациясында көрсетілгендей, «азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз – барлық адамның ұдайы белсенді және салауатты өмір сүруі үшін ас-ауқатқа физикалық және экономикалық тұрғыдан жеткілікті мөлшерде қолжетімділіктің болуы». Рим декларациясы кез келген елдің әр азаматының жеткілікті деңгейдетамақтану, денсаулығын сақтау және аштықтан ада болу құқығын қамтамасыз етуге, ұлттық тәуелсіз азық-түлік жүйесін қалыптастыруға шақырады. Елімізде «азық-түлік қауіпсіздігі» деген ұғым алғаш Қазақстан Республикасының астық туралы заңында көрініс тапты, онда «азық-түлік қауіпсіздігі – тұтынудың физиологиялық нормаларын және демографиялық өсуді қанағаттандыру үшін жеткілікті болатын сапалы азық-түлік тауарларына халықтың нақты және экономикалық қол жеткізуін қамтамасыз етуге мемлекеттің қабілетті екендігін білдіретін экономиканың жай-күйі» деп анықталды [1]. Кез келген елдің азық-түлік тұтынуға тәуелділігін сөз еткенде ескеретін жағдай, қазіргі кезде әлемнің көптеген елдері белгілі дәрежеде азық-түлік импортына тәуелді. Мәселен, әлемнің тек 7 елі өзін-өзі азық-түлікпен 100 %-ға қаматамасыз етіп отыр, 75 елде – 70-80%, ал 1 млн. халқы бар 50 ел өзін азық-түлікпен 50-60 %- ға қаматамасыз еткен [2]. Азық-түлік мәселелері бойынша Дүниежүзілік саммитте: «Азық-түлік қауіпсіздігі – бұл барлық адамдардың тұрақты негізде белсенді және салауатты өмір салтын ұстау үшін тамақтануда олардың қалаулары мен қажеттіліктерін қанағаттандыратын жеткілікті, қауіпсіз және нәрлі азық-түлікке физикалық, әлеуметтік және экономикалық қолжетімділігі бар экономикалық жағдай болып табылады» делінген. Бұл ретте, адамдар өмір сүру мен дамуды ұстау үшін тұтынатын кез келген зат азық-түлік болып есептеледі. Осыған орай ҚРСА Баяндамасында азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі көрсеткішіне, атап айтқанда, Мыңжылдықтың Даму Мақсаттарына (МДМ) қол жеткізудегі прогрессті мониторингілеуге арналған индикаторлардың бірі болып табылатын тағам калориялығы ең төмен шекті деңгейден аз тұтынатын халықтың үлесіне назар аударылған (1.9 аштық көрсеткіші) [3]. Азық-түлікпен қамсыздандырылмаған жағдайда, яғни аштық кезінде, бұл халықтың белсенді және салауатты өмір салты үшін қажетті нәрлі заттармен (көмірсутектер, майлар, ақуыздар, витаминдер, минералдар және су) қамтамасыз ететін тамақтың жеткілікті мөлшерін алмауы. Тамақ өнімдерінің калориялығы шекті деңгейден төмен халықтың үлесі немесе тамақ депривациясының деңгейі қалыпты өмір сүру үшін қажетті тамақ рационы калориялығы бойынша шекті деңгейден төмен халықтың пайызын көрсетеді. Азық-түлік қауіпсіздігінің ауырлық дәрежесі тамақ депривациясының деңгейіне тәуелді. Аштықтан зардап шегетін адамдар үлесі өте төмен (5 пайыздан кем) болған жағдайда азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан ел қорғалған деп есептеледі, олай болмаған жағдайда, яғни аштықтан зардап шегетін адамдар үлесі 35 пайыздан жоғары болса, елде аштықпен күресу мәселесі пайда болады. 1-кестеде DEC негізінде, яғни ҮШІЗ-ден алынған тұтынылған тамақ өнімдерінің энергетикалық құндылығы негізінде есептелген «тамақ өнімдерінің калориялығы шекті деңгейден төмен халық үлесі» көрсеткіші келтірілген. 2005-2011 жылдар аралығындағы ҮШІЗ деректері бойынша тамақтанудың жұғымдылығы ең төменгі мүмкін деңгейден төмен халықтың үлесі 6 есеге дейін төмендеп, 3 пайызды құрады. 2011 жылы тұтынылған тамақ өнімдерінің энергетикалық құндылығы 3140 ккал құрады, бұл 2005 жылғы көрсеткіштен 29,7 пайызға жоғары. Қазақстан үшін ашаршылық мәселесі өзекті болып табылмайды және Қазақстан азық-түлік депривациясы өте төмен деңгейдегі ел болып табылады. Бірақ халықтың жекелеген тобында тамақтың толық емес рационының мәселесі орын алап отыр. Қазақстанның ауылшаруашылығы, соңғы жылдары дүние жүзіне кең тараған қаржы-экономикалық дағдарыстың күшті ықпал етуі жағдайында дамып отырғаны белгілі. Дегенмен, отандық аграрлық жүйеге дер кезінде мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің нәтижесінде кейбір елдердегідей күйзеліске ұшырамай, белгілі бір деңгейде даму қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етудің бірден бір бағыты – ауыл шаруашылығында кәсіпкерлік қызметті жетілдіру, шаруа қожалықтарын кеңінен дамыту. Осы тұрғыдан айта кететін жағдай, қай елде болмасын ауыл шаруашылығының өркенді дамуы алдымен қаржыландыру мәселесіне тікелей байланысты. Бәрімізге белгілі, қазіргі күні банктер ауылға қаржы беруге, ал инвесторлар қаржы салуға қызығушылық білдірмейді. Ал агросектор табиғи жағдайға барынша тәуелді сала болуына байланысты қомақты қорды қайтаруға көп уақыт қажет етеді. Сондықтан елімізде аграрлық саланы бірден-бір қаржыландырушы тек мемлекет болып отыр.

Халықтың төмен табысты топтары халықтың жоғары табысты топтарынан азық-түлік емес тауарларына және білім беру мен демалыс ұйымдастыру сияқты аса жоғары «гуманитарлық» қажеттеліктеріне өз бюджетінің салыстырмалы аз бөлігін жұмсайды деген сөз. Кез келген қоғамда бай-кедей деп бөліну болатыны бәрімізге түсінікті. Өсіп келе жатқан байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздікті әлем елдерінде қалыптасқан ғаламдық экономикалық үлгі дамуының шарасыз салдары деп бағалауға болады. Алайда өзін әлеуметтік бағыт ұстаған ел ретінде көрсеткісі келетін мемлекет олардың арасындағы алшақтықты қысқартуы тиіс.

Кесте 2 - Бай мен кедейлердің тұтыну деңгейі (үй шаруашылығының 1 мүшесіне, тоқсанда, кг)


Қазақстан Республикасы статистика Агенттігі мәліметтері негізінде құрылған [4]

Қоғамның бай және кедей бөлігінің тамақ өнімдерін тұтынуы арасында да алшақтық артқан. 2-кестедегі деректерге көз жүгіртсек, азық-түліктің ет, балық, теңіз өнімдері, сүт, жеміс сияқты кейбір түрлерін тұтынудағы алшақтық (килограмм бойынша) үш еседен де жоғары. Кез келген қоғамда бай-кедей деп бөліну болатыны бәрімізге түсінікті. Өсіп келе жатқан байлар мен кедейлер арасындағы теңсіздікті әлем елдерінде қалыптасқан ғаламдық экономикалық үлгі дамуының шарасыз салдары деп бағалауға болады. Алайда өзін әлеуметтік бағыт ұстаған ел ретінде көрсеткісі келетін мемлекет олардың арасындағы алшақтықты қысқартуы тиіс.

Елімізде азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету проблемасын шешудің маңызды бөлігі – ол рыноктағы тұтыну бағасын тұрақтандырып, оны халықтың басым көпшілігінің қолы жететіндей деңгейден асырмауды қамтамасыз ету болып табылады. Еуропалық сарапшыларға сілтеме жасаған «РИА Аналитика» агенттігі Қазақстан 2011 жылы азық-түліктің бағасы тым тез өсіп бара жатқан елдердің арасында төртінші орынды иеленді деп хабарлады [5]. Есепті кезеңде Қазақстан Республикасында жан басына шаққандағы тамақ өнімдеріне орташа шығыстары соңғы үш жылда 21 % артты, 2011 жылдағы 73297 теңгеден 2013 жылдағы 93149 теңгеге дейін, ал тиісті кезеңде халықтың жан басына шаққандағы нақты ақшалай табыс өсімі алдыңғы жылмен салыстырғандағы 6 % -ға азайған, ол көрсеткіш сәйкесінше 2011 жылы 109,4 % және 2013 жылы 103,0 % құрады [4]. Бұдан қорытынды жасасақ, азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз болғанда, біз көбінесе отандық өнімдер көлемінің халықтың тұтыну сұранысын қанағаттандыруы тұрғысынан қараймыз да, оның шешуші көрсеткіші – халықтың сол өнімдерге экономикалық тұрғыдан қол жеткізу мүмкіндігін, яғни олардың бағасының халықтың табысына сәйкес болуын ескере бермейміз. Демек, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайтумен қатар,халықтың әл-ауқатын жақсартуда да экономикалық даму тетіктерін жүйелі үйлестіре жүргізу қажет.

Қорытындылай келе, азық-түлік қауіпсіздігі еліміздің ұлттық қауіпсізідігінің бір бөлігі болып табылады. Өйткені, бірде-бір мемлекет халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етпей тұрып, елдің экономикалық, саяси немесе ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мүмкін емес. Қазіргі кезде Қазақстан тұтыну қоржыны құрамына кіретін бірнеше қажетті тағамдармен халық тұтынуын қаматамасыз етіп отыр. Дегенмен, елімізде басқа да әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарлары бойынаша импортқа тәуелділік сақталуда. Осыған байланысты көп жылдар бойы қалыптасып келе жатқан әлемдегі азық-түлік тапшылығы мен әлемдік экономикалық дағдарысты және еліміздің болашақтағы дамуын ескере отырып, мемлекетіміздегі азық-түлік қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ету саясатын қалыптастыруы керек. Ол үшін:

- мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін ең алдымен әр адамның тамақтану

- физиологиялық қажеттілігінен бастау;

- Қазақстан халқын сапалы және өмірі мен денсаулығына қауіпсіз тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету саласындағы заңнамаларды жетілдіру, оның ішінде импортталған азық-түліктердің санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық тазалығы мен жоғары сапалылығын қамтамасыз ету;

- тамақ өнімдерін өндіру бойынша бекітілген отандық нормаларды халықаралық стандарттарға сәйкес қайта қарау;

- халықтың төмен қамтамасыз етілген әлеуметтік топтарын тағам түрлерімен толық қамту және тұрғындарға отандық өнімдерді арзан бағамен жеткізу мақсатында баға реттеу тетіктерін жетілдіру. Сондай-ақ аграрлық экономиканы мемлекеттік реттеу мен мемлекеттік қаржылық қолдауды азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында халықтың тамақ өнімдерінің түрі мен тұтыну көлемін қамту аясында жүзеге асыру. Яғни, қаржыландыру, ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруге ғана емес, дайын тағамдар өндіруге бағытталуы тиіс.
Әдебиеттер тізімі

1. Қазақстан Республикасының "Астық туралы" Заңы. 2001 жылғы 19 қаңтар // «Әділет»құқықтық базасы.

2. Юрий Нагорный Ю. Проблем, связанных с продовольственным самообеспечением, в Казахстане хватает. 24 сәуір 2013ж. http://zhitikara.net/news/5410.

3. 2005 және 2011 жылдардағы тұрмыс деңгейін бағалау бойынша үй шаруашылықтарын зерттеу деректері негізінде Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі индикаторларын талдау. Қазақстан Республикасы статаистика Агенттігі.- Астана, 2012 ж.



4. Қазақстан Республикасы статистикалық Агенттігі. www.stat.gov.kz

5. Қазақстандағы Мыңжылдықтың Даму Мақсаттары. - Астана, 2010ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет