Қазақстанның тәуелсіздігі Түркияның қоғамдық пікірінде



Дата10.06.2016
өлшемі144.51 Kb.
#127190
Қазақстанның тәуелсіздігі Түркияның қоғамдық пікірінде
Абдуллах Гүндоғду, Жафер Гүлер

Кеңес Одағының ыдырау үрдісінің бастамасы деп саналатын Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларының орын алуы Түркиядағы толқыныстардың тууына негіз болған еді. Түркия үшін Қазақстан туралы мәліметтер ХХ ғасыр басында жеткіліксіз болды. Түркия ғалымдары Қазақстанның саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайын тек Мұстафа Шоқайдың “Яш Түркістан” (Жас Түркістан) деп аталатын журналдарынан ғана оқып білді. Ататүрік кезінде түркологиялық зерттеу жұмыстарының қолға алынып, жандануы нәтижесінде Түркия халқы Қазақстан мемлекеті мен қазақтар туралы мәліметтер ала бастады. Бұл ретте В.В. Бартольдтың, З. Валиди Тоған, Абдулқадыр Инан, Зүбейр Хамит Кошай, Саадет Шағатай сияқты ғалымдардың Қазақстан жайындағы немесе қазақтар туралы жазған еңбектері мен Түркі университетінде осы тақырыптардағы оқылған дәрістерін айтуымызға болады.


Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Кеңес Одағының халқы, атап айтқанда қазақ халқы туралы мәліметтер Түркияға белгілі бола бастады. Бірақ соғыстан кейін Түркия мен Кеңестер Одағының ара-қатынасының бұзылуына байланысты ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін байланыс қайтадан үзіліп қалды.
1960 жылдың басында Түрік мәдениетін зерттеу институты құрылып, Кеңес Одағындағы түркі тектес халықтар жайында зерттеулер жүргізуге мүмкіндіктер туды.
80-ші жылдары Кеңестер Одағында тоқырау кезеңі орын алды. Орыстандыру саясаты үстем алып, Орталықтың (Мәскеудің) шешімімен КСРО-ның құрамындағы Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан сияқты республикалардың басшылары алмастырылып, олардың орнына орыс ұлт өкілдері отырғызылды. Мәселен, 1987 жылға дейін Өзбекстан Орталық комитеті құрамының 90 пайызын осындай кадрлармен алмастырған.
1985 жылдың наурызында КОКП-ның басшылығына М.С. Горбачев келгеннен кейін, елде қалыптасқан жағдайды “жеделдету” бағытымен жоймаққа әрекет етті. Ол үшін қайта құру, қоғамды демократияландыру үрдісі қажет деп шешті.
Экономикалық-әлеуметтік даму барысын жақсартудың бірден-бір жолы республикалардағы басшыларды алмастыру деп түсінген М. Горбачев ұзақ жылдар Қазақстан үкіметін басқарған Д.А. Қонаевты 1986 жылдың 16 желтоқсанында Ульянов облыстық партия комитетін басқарған Г.В. Колбинмен алмастырды. Қазақстан басшысының алмасуы демократияшыл жастар қозғалысының шығуына, яғни тарихта “желтоқсан оқиғасы” деп аталған жағдайдың туындауына алып келді.
1986 жылғы Қазақстандағы желтоқсан оқиғасы, онан кейінгі болған саяси жағдайлар КСРО-ның ыдырауына алып келген еді. 1991 жылы бұрынғы одақтас республикалар тәуелсіздіктерін ала бастады (1).
1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Түркияда бұрынғыдан да көп Қазақстанға деген қызығушылық тудырды. Қазақстан Коммунистік Партиясы жетекшісі болған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың орнына ұлты орыс Геннадий Колбиннің тағайындалуы турасындағы хабар Түркияның «Жумхуриет», «Миллиет» және «Тәржуман» сияқты мерзімді басылымдарында екі күннен кейін жарияланды.
Алматыдағы “желтоқсан оқиғасы” турасындағы хабардың газет беттерінде жариялануы саясаткерлер арасында түрлі болжамдар тудырып, қазақ жастарының бас көтеруілері Кеңестер Одағындағы ұлт мәселесінің шешілмеуінен деп түсіндірді (2).
«Тәржуман» газеті Қазақстандағы желтоқсан оқиғасы турасындағы хабарды “Қазақстан көтеріліс елі” деген тақырыппен жариялап, онда “Қазақстанда жүздеген түрік ереуілге шықты, бұл орыс билігіне қарсы тарихтағы тұңғыш қазақ халқының көтерілісі” деп жазды (3). Бұдан кейін аталмыш газеттерде Қазақстанда болған оқиға турасында пікірлер жариялана бастады. Мәселен, «Миллиет» газетіне жариялаған мақаласында саясаткер Сами Кохен Қазақстандағы желтоқсан оқиғасының түркі халқы үшін маңыздылығын атай отырып, бұл оқиғаның тамырында қазақ ұлтшылдық сезімінің бар екендігін атап өткен. «Осы уақытқа дейін КСРО-да республика басшысының ауыстырылуына осылайша қарсылықтың білдірілуі бұрын кездескен жағдай емес. Алматыда көшеге шыққан қазақ жастары билік басына өзге ұлт өкілін әкелуге табандылықпен қарсылықтарын білдірді. Бұл қарсылық этникалық фактордан, яғни қазақтардың ұлтшылдық сезімінен туындап отыр», – дейді (4). Ал ғалым, әрі саясаткер Фахир Армаоғлы: «Оқиғаның мәні өте маңызды болғаны соншалық, кеңес үкіметтің бұл көтерілісті қоғамнан жасыруға батылы жетпеді және ТАСС бұл көтеріліс туралы хабарлауға мәжбүр болды. Оқиғаның ұлттық сипаты болғандығы күмәнсіз» деген пікірі білдірді (5).
Қазақстандағы желтоқсан оқиғасына байланысты Түркияның мерзімді басылымдарында күнделікті тарихшы, ғалым, саясаткерлердің осы мәселеге байланысты түрлі ой-пікірлері жарияланып отырды. Бұл ой-пікірлердің көпшілігі қазақ халқының ұзақ жылдар бойы отаршылдық саясатынынң уысында болса да еркіндікке, тәуелсіздікке деген патриоттық сезімдерін жоғалтпағандығын айтты. Осындай пікірді Зафер Атай да ұстанды. «Жетпіс жылдық коммунистік жүйенің қарамағында болғанына қарамастан қазақ ұрпағының ұлттық сезімдер жойылмапты» дейді (6).
Түркия тарихшылары да желтоқсан оқиғасына өзіндік бағасын беруге тырысты. Тарихшы Йылмаз Өзтуна Мәскеудің бұл желтоқсан оқиғасын “ұлтшылдық қозғалыс” деп сипаттап, қазақ жастарына “ұлтшылдар” деп айып тағуы орыс шовинизмінен туындап отыр деген пікірде болды. Ол Қазақстан КСРО-дағы Ресей Федерациясынан кейінгі үлкен территориясы, табиғи байлығымен, әрі түркі халықтарының демографиялық жағынан өсуімен ерекшеленгендіктен, республикадағы “желтоқсан оқиғасы” орыстарға үлкен үрей тудырып, “ұлтшыл” ретінде айыптауының себебі де сондықтан екендігін айтады (7).
Қазақстандағы желтоқсан оқиғасын Ергүн Гөзе “Қазақстандағы ұлттық ереуіл” деген мақаласында қазақ халқының тәуелсіздік жолында үш күн бойы алаңға шығуы жетіс жыл бойы билеген кеңес жүйесінің әлсірегенін көрсетті деген тұжырым жасады (8).
80-ші жылдардың соңына қарай Еуропа елдерінде демократияландыру қозғалысы қарқынды сипат алып, көптеген мемлекеттерде тәуелсіздік жолында күрес нышандары біліне бастады. 1989 жылдың шілдесінде Польшада Тадеуш Мазовиецкий премьер-министр болып сайланғаннан кейін елдің Шығыс Блогында таралу белгілері байқала бастады. Осы жылдың қарашасында Берлин қабырғасының құлатылуы, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екіге бөлінген неміс халқының қайтадан бірігу үрдісін жеделтетті.
90 жылдардың басында Кеңес Одағының құлдырауы оның құрамынан одақтас республикалардың біртіндеп бөліну үрдісін тудырды. Прибалтика республикаларының Кеңестер Одағынан шығуы, басқа одақтас республикалардың егемендігіне жол ашты.
Түркия мен Қазақстан арасындағы ресми байланыс 1990 жылдың желтоқсанында орнатылды. Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек пен Қазақ мемлекеттік мәдениет комитеті арасында екі ел арасында білім беру жүйесінде, ғылыми жобалар жасау, мамандар мен ғалымдармен тәжірибе алмасу, ортақ мәдени шаралар жүргізу ісі жөнінде келісімге қол қойылды (9). Бұл келісім ұзақ уақыт бойы үзіліп қалған мәдени байланысты қайта жалғастырды.
1991 жылдың 31 қаңтарында Қазақ мемлекеттік мәдениет комитетінің басшысының Түркияға келуі және осы жылдың 14 ақпанында Денсаулық министрінің ынтымақтастық келімсімге қол қоюы екі ел арасындағы мәдени қатынастарды нығайта түсті (10).
Қазақстан тәуелсіздік алмастан бұрын Түркияның мемлекет басшысы
Тұрғыт Өзалдың 15 наурызда Қазақстанға ресми сапары және “Қазақ Совет Социалистік Республикасы мен Түркия Республикасының қарым-қатынасы туралы” келісімшартқа отыруы қазақ-түрік қарым-қатынастыраның достық бағытта одан әрі дамуына, нығая түсуіне алып келді. Бұл келісімшарт екі ел арасындағы мәдени байланыстардың кеңеюіне және елшіліктер ашуына жол ашты.
Тұрғыт Өзалдың бұл сапары түрік қоғамына Қазақстанды жаңа қырынан танытуға жол ашты. Түркияның мерзімді басылымдары Қазақстан мен Түркияның арасындағы болашақтағы байланыстар туралы ашық жазып, Қазақстан президенті Н.Ә. Назарбаевтың Түркияға ресми түрде шақырылғандығы басылды. Негізінде бұл кездесуде Тұрғыт Өзал Нұрсұлтан Назарбаевпен Түркияның нарықтық экономикаға өтудегі тәжірибелері, тұрақты валюта курсын бекітудегі ұсыныстарымен бөлісіп, болашақтағы түрік кәсіпкерлері үшін Қазақстанның лайықты инвестиция шарттарын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде сұхбаттасты. Тұрғыт Өзал журналистерге берген сұхбатында Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыстар одан әрі нығая түсетіндігін айтты (11).
“Тержуман” газеті Тұрғыт Өзалдың Қазақстан мен Әзірбайжанға келесі сапарға барудағы ниеті осы екі мемлекет халықтары мен Түркия арасында тарихи қатынастардан туындаған тілек деп тұжырымдады. Газеттің былай тұжырымдауы Қазақстан Сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекованың “Өзалдың бұл сапарының Қазақстан мен Түркия халықтары арасындағы қатынастардың дамуы тұрғысынан тарихи мәні бар және екі жақты қатынастар барлық салада дамитын кезеңге аяқ бастық” деуі мен Қазақстан Мәдениет министрі Қанат Саудабаевтың “Тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, тарихымыз бір. Біраз уақыт олардан ажырап қалдық, енді қайтадан қауышамыз” деген сөздеріне назар аударғандықтан болды (12).
Президент сапарынаа қатысқан тілшілер де алған әсерлерін оқырмандармен бөлісті. Бұл турада Хасан Жемалдың “Қазақтар бізді ыстық құшақпен қарсы алды. Түркияның оларға көмек қолын созуы екі жақ үшін де пайдалы болады. Зайырлы, жаңашыл және демократиялық Түркия үлгісінің олар үшін Иранға, Ауғаныстанға қарағанда тартымдырақ болатыны айқын” деп жазуын атап өткен жөн (13).
Хасан Жемал «Жумхуриет» газетіне жариялаған келесі бір мақалаларында: “Қырғи қабақ соғыстың аяқталуы Түркияны Кеңес Одағына алыс көрші болудан сақтайды. Сонымен қатар, Орта Азия түрікшілдігі арқылы Әзербайжан мен Түркияны жақындастырады. Барлық жақ үшін де жаңа көкжиектер ашқан бұл шарттарды саналы түрде пайдалануымыз керек”, – деп келтірілді (14).
Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыстың берік болуы үшін газеттерге түрлі пікірлер мен ұсыныстар да жариялана бастады. Мәселен, «Миллиет» газетіне Алтан Өйменнің екі елдің экономикалық және мәдени байланысын жақсарту жолдарын көрсеткен ұсыныстары жарияланды. Бұл ұсыныстар мынаған саяды:
1. Экономикалық және мәдени байланыстарымызды дамытуға лайықты шарттар жасасу керек; 2. Экономикалық қатынастарды жетілдіру үшін оларға несие беруіміз керек; 3. Қазақ-түрік байланысын дамытуда әсіресе сыртқы істер, сыртқы сауда ұйымдары үшін білікті мамандар қажет (15).
Түркия және Қазақстан басшыларының ресми кездесулер өте нәтижелі түрде өтіп, сауда, экономика, достық және тасымал саласында ынтымақтастық келісімдерге қол қойылды.
1991 жылы 19 тамыздағы жасалған төңкерістен кейін Кеңес Одағы ыдырай бастады. Балтық республикаларынан бастап одақтас республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздіктерін жариялап, егеменді мемлекеттермен жаңа одақ құрудың жолдарын қарастыра бастады.
Орта Азия мемлекеттерінің ішінде 1991 жылдың 30 тамызында Әзербайжан, ал 31 тамызында Өзбекстан мен Қырғызстан республикалары өз тәуелсіздіктерін жариялады. Бұл мемлекеттердің егемендігін өз жариялауын Түркия үкіметі тағатсыздана күткен еді.
1991 жылы қыркүйек айында Түркия үкіметі Кеңес Одағынағы жағдайларды нақтылау үшін екі зерттеу кеңесін жіберуге шешім қабылдады. 8 қыркүйекте сыртқы істер министрі Сафа Гирайдың бұл мәселе жөнінде мерзімді басылымға “Кеңес Одағын жақыннан бақылау”, “Кеңес Одағындағы өзгерістерді көреміз” деген екі бірдей мақаласын жариялады.
Кеңестің мақсаты жөнінде сыртқы істер министрі Сафа Гирай 1991 жылы 11 қыркүйектегі баспасөздегі хабарламасында: “... Түркия Кеңес Одағындағы болып жатқан шұғыл өзгерістерді жақыннан және мұқият бақылап отыр. Осы мақсатта құрылған екі кеңес екі бөлек кеңестік республикаға баруы және болып жатқан өзгерістерді сол орында бақылауына шешім қабылданды”, – деп келтірді.
Бірінші кеңесті тәжірибелі дипломат Билал Шимшир басқарып, қызмет ету аймағы ретінде Әзірбайжаннан бастап Кавказға және Орта Азиядағы алты кеңестік республикаларды (бұның ішінде Қазақстан да бар) алса, ал елші Исмет Бирсел басқарған екінші кеңес Еуропадағы кеңестік республикаларды бақылайтын болды. Бірінші кеңес 12-27 қыркүйек аралығында Әзербайжаннан бастап Түрікменстан, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда табысты кездесулер өткізді. Негізінде Қазақстаннан басқа республикалар ол кезде тәуелсіздіктерін жариялаған болатын. Қазақстан тәуелсіздігін жарияламаса да тәуелсіздік идеясы жақтаған еді.
Кеңес Алматыға жеткен кезде Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапарына соңғы дайындықтар жасалып жатқан болатын (16).
Түркия тәуелсіздік жолына түскен мемлекеттер жөнінде халық арасында қоғамдық пікірлер дұрыс қалыптасу үшін ғылыми жиналыстар мен конференциялар өткізуді қолға алды. 1991 жылы 16 қыркүйекте “Түркия үлгісі және Кеңес Одағының бұрынғы түркі халықтары” деген тақырыппен ғылыми симпозиум өткізіліп, онда егемендік жолына түскен және түсетін түрік республикаларымен саяси, әлеуметтік, экономикалық байланыс орнату және Түркияның осы республикалармен болашақта тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды (17).
1991 жылы 25 қыркүйегінде Н. Назарбаев Түркияға ресми сапармен келді. Оның бұл сапарын Түркия халқы қуанышпен қарсы алды. Түркия президенті Тұрғыт Өзал Қазақстан президентін әуежайдан тікелей өзі қарсы алуы екі елдің арасындағы достықтың нышаны болды. Түркияда болған Н. Назарбаевтың екі күндік сапарының нәтижелері мен тілшілермен болған сұхбатының барысы “Тержуман” газетіне жарияланды. Газетке жарияланған мына бір сұхбатында Н. Назарбаев былай деген еді: “Тарихи және мәдени байланыстарымыз бар елдердің тәжірибелері біздер үшін қызығушылық тудырады. Сондықтан да саяси және экономикалық салада қатынастарымызды нығайтуға ден қоямын. Тасымал және коммуникация мәселелері өте маңызды. Теледидар және радио байланыстарының құрылуы, әуе тасымалының қамтамасыз етілуі байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі” (18) десе, ал келесі бір сұхбатында: “Түркияның нарықтық экономикаға өту жолындағы істері біздің көңілімізден шыққанын және осы тәжірибелерін пайдаланғымыз келетінін білдіргім келеді” деген ойын білдірді (19).
Н.Ә. Назарбаевтың Түркияға сапарының маңыздылығын Фахир Армаоғлу газет бетінде атап өткен еді. “Түркі тектес республикалар түрік сыртқы саясатының болашақтағы жетістіктері тұрғысынан үлкен потенциалға ие. Түркия осы потенциалды жақсы бағаландырып, қолдануы үшін қазірден бастап қажетті іс-шараларды атқаруы керек. Мұның алғашқы жолы – жақын мәдени байланыстардың құрылуы және оның нығайтылуы. Бірақ, мұны жасау үшін республикалармен әсіресе тасымал және көлік мүмкіндіктерінің кеңейтілуі керек”, – дей отырып, Түркияның Солтүстік Кипрдің түркі республикаларына екі жүз миллион доллар қаражат бергендігін, осындай қаражатты түркі республикаларымен байланыста жұмсау керектігі жөніндегі ұсынысын айтады (20).
“Жумхуриет” газеті Н.Ә. Назарбаевтың Түркияға келген ресми сапарының мақсатымен оқырмандарын таныстыра отырып, Қазақстанның Кеңес Одағының ең үлкен республикасының бірі болуы және кең көлемде мұнай өндірумен айналысуы Түркияның потенциалға ие экономикалық және сауда серіктесі ететіндігін атаған. Сонымен қатар ол 1990 жылдың 5 тамызында Түркияның Мәдениет министрлігінің Қазақстанның астанасы Алматыға барған сапарында және сол жылдың сәуірінде Анкара мен Стамбұлда өткен қазақ күндері екі жақтық мәдени келісімшартқа қол қойғызып, мәдени байланыстың алғашқы қадамдарын орнатқандығын да келтіреді.
Газеттің келесі күнгі санында Түркия мен Қазақстанның ынтымақтастық ауқымында жасасқан келсісшарты жарық көрді (21).
“Миллиет” газеті Нұрсұлтан Назарбаев сапарының алғашқы күні Женк Башламышқа берген сұхбатын оқырмандарға ұсынды. Бұл сұхбатта Нұрсұлтан Назарбаев Өзалдың 1991 жылы наурыз айындағы Алматы сапарын өте үлкен саяси оқиға деп бағалап, екі ел арасындағы байланыстарға қатысты мына сөздерді айтқан еді: “Қазіргі кезде байланыстарымыздың деңгейі Айсбергтің тек көрініп тұрған бөлігіндей ғана. Маңызды нәрсе – екі ел халқының әдебиет бастап ғылымға дейінгі барлық салада достық байланыстар құруы. Осы мақсатты көздеп жолға шықтық. Бір-бірімізге қызығушылық танытудамыз. Тарихта тіл, мәдениет салт тұрғысынан ортақ тұстарымыз бар. Өзара достық қолын созуымыз байланыстарымыздың табысты түрде жүріп жатқанын көрсетеді” (22).
Осы сұхбаттан кейін газеттің ертеңгі санында Н.Ә. Назарбаев жайында мынадай хабарлама басылды: “Түрік билігінің Назарбаевтың сапарына берген мәні бірнеше себептен туындайды. Ең алдымен әскери күрес емес, демократияны қолдаған Назарбаевты Кеңес Одағында үшінші қуатты адам деуге болады. Сонымен қатар, түріктер мен қазақтар арасындағы тіл, дін, мәдениет және тарих байланыстарының Түркияның Қазақстанға жақындауына үлкен үлес қосқандығы айтылады. Лауазым иелері сондай-ақ Қазақстанның Кеңес Одағындағы ең үлкен республикалардың бірі екеніне назар аударды және Түркия мен Қазақстан арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын арттыруға күш салу керектігін білдірді” (23). Н.Ә. Назарбаевтың Түркияға келген сапары түркі халықтарына үлкен әсер қалдырды.
1991 жылдың 29 қазандағы Түркияда Республика күніне арналған салтанатты мәжілісте Әзірбайжан республикасы өз тәуелсіздігін алғандығы мәлім болды. Осы жылдың 9 қарашада Түркия алғаш болып Әзербайжан республикасының тәуелсіздігін таныды. Түркия үкіметі Орта Азияның түркі республикаларының тез арада тәуелсіздігін алуын күтті және тануға әзір екендігін білдірді.
1991 жылы 9 желтоқсанда Ресей, Украина және Белоруссия республикалары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құруға шешім қабылдап, ал 12 желтоқсанда Ресей парламенті ТМД құруды ұсынған келісімге қол қойды. Сөйтіп, заңды түрде Кеңес Одағының ыдырауы аяқталды.
1991 жылдың 16 желтоқсанында да Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Қазақстанның тәуелсіздігін әлемде бірінші болып таныған мемлекет Түркия республикасы болды. Журналист Фатих Йылмаз “Жумхуриет” газетіне жариялаған “Тараған КСРО-дағы түрік республикалары. Орта Азия оянуда” атты мақаласын Қазақстанға арнады. Бұл мақалада оның Н.Ә. Назарбаевпен болған сұхбаты да берілді. Өз сөзінде Қазақстан президенті “Нарықтық экономиканы қолдануды қалаймыз. Бұл үшін біз Түркияның тәжірибесін қолданамыз. Бұл мәселеге ерекше назар аударамын. Түркия біз үшін экономикалық үміт болып отыр. Түркияның зайырлылығы да біз үшін үлкен өнеге. Бұл жердегі адамдардың да сана-сезімі де зайырлы. Латын алфавиті осы жерде бұрыннан бар. Оны қолдану бізді батыс әлеміне жақындастыра түседі. Түркиямен бұл мәселеде ортақ келісімдер жасасамыз. Бір алфавит дайындалуда” деген ойын білдірген еді.
Фатих Йылмаз қазақ зиялыларымен де кездесіп, Түркияның қысқа мерзім аралығында Ахмет Яссауи және Арыстан баб кесенелерінің жөндеуден өткізілуге, екі ел арасындағы коммуникациялық байланыстардың қамтамасыз етілуге, өзара сауда мүмкіндіктерінің жетілдірілуге, баспасөз байланыстарының күшейтілуіне, латын алфавитіне өтуде көмек көрсетуге келісім жасасқандығын, бұл екі ел арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды нығайтатындығын оқырмандарына жеткізді (24).
Орта Азия мемлекетерінің егемендіктерінің жариялануын Түркия газеттері қуанышпен хабарлап жатты. “Сабах” газетінде бұл жайында: “Сыртқы саясаттағы маңызды қадам. Министрлер кеңесі Кеңес Одағынан бөлінген Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Қазақстан және Тәжікстанның тәуелсіздігін тануға шешім қабылдады” деп жазылды (25).
“Тержуманның” тілшісі Фахир Армаоғлу “Ресей жетістіктері” деген мақаласында Қазақстан мен Орта Азияның түрік республикаларының тәуелсіздігін тануды түрік сыртқы саясатының ең жарқын жетістігі болды деп тұжырымдады. Осы газеттің тілшісі Тайлан Соргун “Сүйен, Түркия, сүйен” атты мақаласында осы тәуелсіздіктерді Түркияның тануы аса маңызды сәттілік деп көрсете отырып: “Түркияның бұл республикалармен экономикалық және әлеуметтік қатынастарын дамытуы батыс елдері мұқият бақылап отырған жетістік болатын. Әлемдегі тәуелсіздік әрекеттеріне бастама болған Түркия республикасының мұны жасамауы өзінің негізгі миссиясына қайшы келу болар еді” деген еді (26).
“Орта Азиядағы түркі республикаларының тәуелсіздігін бірден тану асығыстық емес пе?” деп сынға алған М.Али Биранд және Ертуғрул Өзкөк сияқты тілшілер де болды. “Хурриет” газетінің тілшісі Ертуғрул Өзкөк Сыртқы істер министрі Хикмет Четинге осы мәселе бойынша сұрақ қойған кезде ол “Канада, Украинаның тәуелсіздігін дереу танығанда біз неге түркі республикаларының тәуелсіздігін қабылдамаймыз?” деп жауап беріп, шешімнің ұлттық сипаттағы шешім екендігін білдірген еді. Қазір қарасақ тәуелсіздікті танудағы Түркияның бұл қадамы туралы ең дұрыс, объективті пікірді Сами Кохен жазды деуге болады. Ол тәуелсіздікті тану мәселесін батыл шешім деп бағалап, бұл шешімді асығыс емес, ұшқыр шешім деп тұжырымдады. Ол: “Батыс елдері әлі бір-бірінің тәуелсіздігін бірден қабылдамай тұрған кезде біз бәрінің тәуелсіздігін тану арқылы батыл қадам жасадық. Енді Кеңес Одағы жоқ. Бедел орталықтан тәуелсіз елдерге өтті. Тәуелсіздікті тану шешіміміз толығымен Түркияның өз бастамасымен қабылдаған ұлттық шешімі болып табылады. Оған ешқандай сыртқы ықпал әсер еткен жоқ” деп жазды (27).
Түркия 1991 жылғы тарихтың ұлы кезеңіндегі өзгерістерді дер кезінде дұрыс бағалай білді. Түркия бұл мәселені ұлттық мемлекеттік саясат ретінде қабылданды. Сөйтіп, Орта Азияның түркі республикалары, атап айтқанда Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қазақстанның егеменді ел болуы Түркия Ұлттық мәжілісінен үлкен қолдау көрді. Барлық республикаларда сияқты Қазақстанда да өзінің тәуелсіздігін таныған елдермен елшіліктер ашып, саяси, мәдени, экономикалық байланыстар орната бастады.
1992 жылы 24 қаңтарда түкі тілдес республикалар мен Түркияның көршілес мемлекеттерінен бастап дамушы елдердің өркендеуіне көмек беру мақсатында Сыртқы істер министрлігіне қарасты Түрік ынтымақтастығы және даму агенттігі (ТІКА) құрылды. Бұл агенттікті басқару бұрын Түркияның Жапониядағы елшісі Умут Арык жүктелінді. ТІКА Қазақстанның рухани астанасы болған Түркістан қаласында Ахмет Яссауи кесенесінің жөндеу сияқты үлкен жобаларды жүзеге асырды. Сонымен қатар, сол қалада Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін ашуға мұрындық болды.
Түркияның ұлттық саясатында Қазақстанның алатын орны айрықша. 1992 жылы ақпанда Қазақстанда Түркия елшілігі де ашылды. Екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасы сенім қағаздарымен (грамота) расталынды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Аргун Өзпай сенім қағазын (грамотасын) ұсынды.
Түркия мен Қазақстан елдерінің өкілдері екі елде кезектесе өткізілген достық, ынтымақтастық құрылтайларына, окнференцияларға қатысты. Бұл халықаралық жиындар қазақ-түрік қарым-қатынастарының бағыттарын айқындауға әсерін тигізді. Қазіргі таңда Түркия-Қазақстан байланысы қарыштай дамып, екі ел халықтарының арасындағы достастық нығаю үстінде.

Резюме

В статье рассматривается место Республики Казахстан в Советском Союзе, обретение им независимости, а также усиление и развитие казахско-турецких отношений после 1991 года.


Турция своевременно и правильно оценила исторические перемены 1991 года на постсоветском пространстве. В Турции эти события были приняты как национальная государственная политика. Решение принятое Турецким правительством приняло одобрение турецкого общества и Турецкого национального мажилиса. Во внешней политике Турции Казахстан занимает особое место. Большой вклад в это вносит Посольство Турции в Казахстане.

symmary

The article is devoted to the role of the Republic of Kazakhstan in the USSR, affer the getting the independence and to the strengthening and development of kazakh-turkish relations after 1991. Turkey has valued historical changes of 1991 at the moment. These changes have occurred without any reelections and governmental changes, as it has been in Turkey. These events were accepted by Turkey as the nationalstate policy. The decision accepted by Turkish government was approved by Turkish society and Turkish National Mazhilis



1 Keesing’s Contemporary Archives, 1985, p.34058, Keesings Comtemporary Archives, 1986, pp. 34753-34754, Olivier Roy, La nouvelle Asie centrale ou la fabrication des nations, Editions du Seul, 1997, (Yeni Orta Asya Ya da Ulusların İmal Edilişi), Çeviren Mehmet Moralı, Metis Yayınları, İstanbul, 2000, s.177
2 Cumhuriyet, 19 Aralık 1986
3 Tercüman, 23 Aralık 1986 “Kazakistan İsyanlar Ülkesidir; Kazakistanda 15 öğrenci, 7 polis öldü”
4 Sami Kohen, “Rusyada Ne Oluyor”, Milliyet, 20 Aralık 1986
5 Fahir Armaoğlu, “Kazakistan Ayaklanması”, Tercüman, 20 Aralık 1986
6 Zafer Atay, “Bir İsyan”, Tercüman, 22 Aralık 1986
7 Yılmaz Öztuna, “Kazakistanda Olay”, Tercüman, 22 Aralık 1986
8 Ergün Göze, “Demir Perde Deliniyor mu”, Tercüman, 23 Aralık 1986
9 Т.Р.Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек пен Қазақ КСР басқарма кеңесі орынбасары Күмісжан Өмірбаева арасында жасалған келісім хаттамасы, 1990 жыл 5 желтоқсан
10 Т.Р. Мәдениет министрлігі мен Қазақ КСР Мемлекеттік мәдениет комитеті арасындағы мәдени ыгтымақтастық келісімін жүзеге асыру бағдарламасы 1991 жыл 31 қаңтар
11 Milliyet; Cumhuriyet, 16 Mart 1991
12 Tercüman 16 Mart 1991
13 Hasan Cemal, “Altay Dağlarından Hazar Kıyısına”, Cumhuriyet, 16 Mart, 1991
14 Hasan Cemal, “Bakü’den Dostluk Telleri”, Cumhuriyet, 17 Mart 1991
15 Altan Öymen, “Yeni Ufuklar”, Milliyet, 16 Mart 1991
16 Bilal N.Şimşir, “Yeni Türk Cumhuriyetleri ve Türkiye, 1991 yılındaki Gelişmeler”, Değişen Dünyada Türkiye ve Türk Dünyası Sempozyumu, H.Ü.Atatürk İlkeleri ve İnkılap Tarihi Enstitüsü, Ankara 13 Nisan 1992, s.58-98
17 Аталмыш симпозиумға қатысқандар мен баяндама тақырыптары:
Südübey Togan, “Piyasa Ekonomisine Geçiş Sürecinde Türkiye’nin Tecrübeleri”
İsmet Ergün, “Kollektevist bir Sistemden Piyasa Ekonomisine Geçiş Sorunları”
Nur Vergin, “İslamda Çağdaşlık ve Türk Demokrasisine Geçişte Rölü”
Ali Karaosmanoğlu, “Türkiye’de Demokrasinin Uluslararası Koşulları”
İsmet Giritli, “Açık Toplum düzeninin Kurulmasında Rol Oynayan Anayasal Gelişmeler”
Aydın Yalçın, “Türk Demokrasisinin Ekonomik ve Sosyal Temelleri”
18 Tercüman, 26 Eylül 1991
19 Tercüman, 27 Eylül 1991
20 Fahir Armaoğlu, “Nazarbayevin Ziyareti”, Tercüman, 27 Eylül 1991
21 Cumhuriyet, 27 Eylül 1991
22 Milliyet, 26 Eylül 1991
23 Milliyet, 27 Eylül 1991
24 Cumhuriyet, 16 Aralık 1991
25 Sabah, 17 Aralık 1991
26 Tercüman, 19 Aralık 1991
27 Milliyet, 18 Aralık 1991

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет