ҚазақстанРеспубликасындадiни экстремизм мен терроризмгеқарсыiс-қимылжөнiндегi 2013 2017 жылдарғаарналғанмемлекеттiкбағдарламатуралы



Дата29.02.2016
өлшемі225.34 Kb.
#33130
ҚазақстанРеспубликасындадiни экстремизм мен терроризмгеқарсыiс-қимылжөнiндегi 2013 - 2017 жылдарғаарналғанмемлекеттiкбағдарламатуралы
ҚазақстанРеспубликасыПрезидентiнiң 2013 жылғы 24 қыркүйектегi № 648 Жарлығы

Республикалық баспасөзде
мазмұны жариялануға тиiс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:


      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл жөнiндегi 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) бiр ай мерзiмде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және бекiтсiн;
      2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң одан әрi жұмыс iстеуiнiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығында белгiленген мерзiмдерде және тәртiппен Бағдарламаның орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне ақпарат ұсынсын.
      3. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар Бағдарламаны iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Президентi                         Н.Назарбаев

ҚазақстанРеспубликасы 


      Президентiнiң     
2013 жылғы 24 қыркүйектегi
      № 648 Жарлығымен   
      БЕКIТIЛГЕН      

Қазақстан Республикасында дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл жөнiндегi 2013 - 2017 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТIК БАҒДАРЛАМА

Мазмұны

1. Бағдарламаның паспорты


2. Кiрiспе
3. Ағымдағы ахуалды талдау
4. Бағдарламаның мақсаттары, мiндеттерi, нысаналы индикаторлары мен оны iске асыру нәтижелерiнiң көрсеткiштерi
5. Бағдарламаның негiзгi бағыттары, қойылған мақсаттарына қол жеткiзу жолдары және тиiстi шаралар
6. Бағдарламаны iске асыру кезеңдерi
7. Қажеттi ресурстар
 

1. Бағдарламаның паспорты

Атауы

Қазақстан Республикасында дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл жөнiндегi 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама (бұдан әрi - Бағдарлама)

Әзiрлеу үшiн негiздеме

«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығы;
«Мемлекеттiк бағдарламалар тiзбесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығы;
«Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығы

Бағдарламаны әзiрлеу үшiн жауапты мемлекеттiк орган

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы

Бағдарламаны iске асыруға жауапты мемлекеттiк органдар

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Күзет қызметi, Қазақстан Республикасының «Сырбар» Сыртқы барлау қызметi, Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi (қаржы полициясы), Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлiгi, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi, Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi, Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi, Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi, Қазақстан Республикасының Өңiрлiк даму министрлiгi, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi, Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникация министрлiгi, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлiгi, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi, Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi, Қазақстан Республикасының Дiн iстерi агенттiгi, Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру iстерi агенттiгi, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкiмдiктерi

Мақсаты

Дiни экстремизм көрiнiстерiнiң алдын алу және терроризм қатерлерiне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

Мiндеттерi

1. Қоғамда тағатты дiни сананы және радикалдық идеологияға деген иммунитеттi қалыптастыруға бағытталған дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын алу шараларын жетiлдiру.
2. Дiни экстремизм мен терроризмнiң көрiнiстерiн, соның iшiнде арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдары қызметiн қамтамасыз ету жүйесiн жетiлдiру жолымен анықтау мен жолын кесудiң тиiмдiлiгiн арттыру.
3. Экстремистiк және террористiк әрекеттердiң салдарларын азайту және жою шараларының жүйесiн жетiлдiру

Iске асыру мерзiмдерi (кезеңдерi)

2013-2017 жылдар (бiр кезең)

Нысаналы индикаторлар

      1) 2017 жылы ел тұрғындары, соның iшiнде 100% жастар мен дiни негiздегi радикалдық идеологияға бейiм және ұшыраған адамдар экстремизм мен терроризм идеяларын қажетсiнбейтiн сананы қалыптастыруға бағытталған кешендi алдын алу жұмысымен қамтылатын болады.
      2) терроризм актiлерiнiң дайындалу және қастандық жасау сатыларында бетi қайтарылғандарының осындай дайындалып жатқан және анықталған қылмыстардың жалпы санына арақатынасы 100%-ға шаққанда 2017 жылға қарай кемiнде 95 %-ды құрайтын болады.
      3) террористiк тұрғыдан осал объектiлердiң, тұрғындардың, уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың күшi мен құралдарының экстремистiк және террористiк әрекет салдарларын азайтуға және жоюға дайындығының дәрежесi 2017 жылы 100% құрайтын болады

Қаржыландыру көздерi мен көлемi

      Бағдарламаны iске асыруға 2013-2017 жылдары республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты жұмсалатын болады. Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемi 103 176 375,0 мың теңгенi (2013 ж. 16 186 913,0 мың теңге; 2014 ж. - 24 340 320,0 мың теңге; 2015 ж. - 26 324 818,0 мың теңге; 2016 ж. - 21 111 764,0 мың теңге; 2017 ж. - 15 212 561,0 мың теңге) құрайды, соның iшiнде республикалық бюджеттiң есебiнен - 49 697 981,0 мың теңге (2013 ж. - 1 602 145,0 мың теңге; 2014 ж. - 13 153 665,0 мың теңге; 2015 ж. - 14 122 653,0 мың теңге; 2016 ж. - 12 700 817,0 мың теңге; 2017 ж. - 8 118 701,0 мың теңге); жергiлiктi бюджеттен - 53 478 393,1 мың теңге (2013 ж. - 14 584 767,5 мың теңге; 2014 ж. - 11 186 654,5 мың теңге; 2015 ж. - 12 202 164,5 мың теңге; 2016 ж. - 8 410 946,6 мың теңге; 2017 ж. - 7 093 860,0 мың теңге). Республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаржыландыру көлемi тиiстi кезеңге бюджет қалыптастырылатын кезде нақтыланатын болады.

2. Кiрiспе

      Қазақстан Республикасының Президентi - Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында басым мiндеттердiң iшiнде радикализмнiң, экстремизмнiң және терроризмнiң барлық түрлерi мен көрiнiстерiне қарсы iс-қимыл айқындалған.


      Бұл ретте қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында дiни экстремизмнiң алдын алуды күшейту қажеттiлiгiне, сондай-ақ конфессияаралық бейбiтшiлiк пен келiсiм орнаған, дiншiлдер мен атеистiк көзқарасты ұстанған азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетiн зайырлы мемлекет - Қазақстан Республикасының дәстүрлерi мен мәдени құндылықтарына сәйкес тұрғындарда дiни сананың қалыптасуына ерекше назар аударылады.
      Сонымен қатар, қазiргi кезеңде әлемдегi жаһандану процесi мен шиеленiсу әлеуетiнiң өсуi халықаралық және ұлттық қауiпсiздiк ахуалына елеулi әсерiн тигiзiп отыр.
      Дiни экстремизм мен терроризм қатерi әр мемлекеттiң ұлттық мүддесi қорғалу деңгейiнiң халықаралық қауiпсiздiк ахуалына тәуелдiлiгiн жоғарылатып, жаһандық сипатқа ие болды.
      Осындай жағдайларда радикалдық дiни идеологияның таралуына мүмкiндiк беретiн жағдайларды (факторларды) тиiмдi жою үшiн, сондай-ақ экстремистiк және террористiк көрiнiстердiң жолын кесу үшiн қолданыстағы жүйе жетiлдiрудi талап етедi.
      Бес жылдық мерзiмге есептелген осы Бағдарлама елдегi дiни жағдайды талдауға негiзделген, дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл мәселелерiне маманданған сарапшылар мен ғалымдардың пiкiрлерi мен ұсыныстарын ескередi.
      Бағдарламаны әзiрлеу кезiнде сонымен қатар Ресей Федерациясының, Ұлыбританияның, Түркияның, Израильдiң және АҚШ-тың, Сауд Арабиясының оң тәжiрибесi талданып, ескерiлдi.
      Бұл Бағдарлама дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл саласындағы өзектi мiндеттер мен орын алған проблемаларды шешудiң нормативтiк-ұйымдастырушылық негiзi болып табылады.
      Бұл ретте, Бағдарламаның ережелерi азаматтардың заңнамада кепiлдiк берiлген ар-ождан бостандығы мен азаматтардың дiни нанымдарын құрметтеудi қамтамасыз ету қажеттiгi ескерiлiп тұжырымдалған.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарына сәйкес ұлттық қауiпсiздiктiң негiзiне ықтимал қатердi алдын ала анықтау мен жоюды қамтамасыз ету қойылатын болады.
      Халықаралық терроризмге, дiни экстремизмге, трансұлттық есiрткi бизнесiне және заңсыз көшi-қонға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған.
      Жаңа қатерлер мен сын-тегеурiндердi уақтылы айқындауға, сондай-ақ ден қоюдың барабар шараларын тұжырымдауға мүмкiндiк беретiн болжамдық-талдамалық жұмыстың тиiмдiлiгiн арттыру Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн өзгертудiң басты бағыттарының бiрiне айналуы қажет.
      Бұдан басқа, конфессияаралық келiсiм мен елдегi қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын нығайту мақсатында халықты, азаматтық қоғам институттарын экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл саласына белсене тарту қажет.
      Мемлекеттiң күш-жiгерi, ең алдымен, қоғамдағы барлық, соның iшiнде қандай да бiр радикалдық көрiнiстерге байланысты құқық бұзушылықтарға деген мүлдем төзбеушiлiк сезiмiн қалыптастыруға бағытталуға тиiс.
      Сөйтiп, аталған бағыттағы тиiмдi ұйымдастырушылық, насихаттық, соның iшiнде дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын алудың әлеуметтiк-экономикалық және өзге де тетiктерiн қалыптастыру мен дамытуға бағытталған Мемлекеттiк бағдарламаны iске асыру арқылы мемлекеттiк саясатты одан әрi жетiлдiру қажеттiлiгi айқын.

3. Ағымдағы ахуалды талдау

      Дiндi жамылған экстремистiк және террористiк идеологияның таралу процесi соңғы уақытта iс жүзiнде бүкiл әлемде ауқымды сипатқа ие болып отыр.


      Қазақстан әлемдегi сыртқы саяси ахуалдың өзгеруiне байланысты өзiнiң геосаяси жағдайына қарай, Орталық Азия өңiрiне географиялық жағынан жақын Таяу және Орта Шығыс елдерiндегi тұрақсыздыққа орай халықаралық терроризмге қарсы күрестiң негiзгi бағыттарының бiрiнде қалып отыр.
      Осыған байланысты Қазақстан Республикасы терроризм қатерiнен қоғам қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шараларының жүйесiн әзiрледi, оның тиiмдiлiгi бiртiндеп арттырылып жатыр.
      Конфессияаралық және этносаралық келiсiм мен жастар мүддесiн қорғауды, мемлекеттiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк саясат жүзеге асырылуда.
      Елбасы 2013 жылғы 18 сәуiрде басқа шаралардың қатарында этносаралық тағаттылық пен қоғамдық келiсiмнiң қазақстандық үлгiсiн жетiлдiруге бағытталған iс-шараларды қамтитын Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейiнгi) даму тұжырымдамасын бекiттi.
      Сонымен қатар, экстремизм мен терроризмнiң алғы шарттарын анықтау мен жолын кесу үшiн заңнамалық және ұйымдастырушылық база құру әрi оны жетiлдiру жөнiнде елеулi жұмыстар атқарылды.
      2005 жылғы 18 ақпанда «Экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы» және 1999 жылғы 13 шiлдеде «Терроризмге қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды, онда экстремизм мен терроризмнiң алдын алу мен оған қарсы iс-қимылдың құқықтық негiздерi белгiленген, негiзгi ұғымдық анықтамалар мен осы бағыттағы мемлекеттiк органдардың құзыретi, сондай-ақ осы саладағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудiң негiзгi қағидаттары айқындалған.
      Дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл бойынша мемлекеттiк органдар қызметiн ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету дамытылуда.
      Алдын алу, соның iшiнде ақпараттық-түсiндiру қызметi саласындағы iс-шаралар өткiзу тәжiрибесi қалыптасқан.
      Экстремистiк және террористiк топтар мен ұйымдар қызметiнiң жолын кесу жөнiнде арнаулы және терроризмге қарсы операциялар өткiзудiң белгiлi бiр практикалық тәжiрибесi жинақталған.
      Қазақстан терроризмге қарсы күрес саласындағы негiзге алынатын барлық халықаралық әмбебап актiлердiң қатысушысы болып табылады.
      Арнаулы мемлекеттiк қызметтер мен құқық қорғау органдары Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Контртеррористiк Комитетiмен, Еуропадағы Қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымның Терроризмге қарсы бөлiмшесiмен, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Терроризмге қарсы орталығымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт ұйымының Өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымымен белсендi түрде өзара iс-қимыл жасайды.
      «Терроримзге қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының бастауымен дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимылды үйлестiрудiң iшкi жүйесi құрылды.
      Өңiрлерде терроризмге қарсы комиссиялар құру арқылы дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын алуға жергiлiктi атқарушы органдарды тарту жағдайлары қамтамасыз етiлдi.
      Қазақстан аумағында экстремистiк және террористiк қызметке қатысы бар, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерде жасаған террористiк қылмыстары үшiн бiздiң елде шетел мемлекеттерiнiң құқық қорғау органдарының қудалауынан жасырынып жүрген адамдарды анықтау бойынша жедел жұмыс жүргiзiлуде.
      Сонымен қатар, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жылдан жылға экстремистiк және террористiк қызмет барған сайын ұйымшыл бола түсуде және мұндай топтардың қатарына сыртқы күштердiң әсерiмен жаңа адамдар тартылуда.
      Атап айтқанда, дiни риториканы жамылып жүрген халықаралық экстремистiк және террористiк ұйымдар қазақстандық қоғамда радикалдық көзқарас пен нанымды қалыптастыруға тырысуда.
      Әлгi ұйымдардың жекелеген адамдардың санасына мақсатты ықпал жасауы олардың отансүйгiштiк сезiмi мен ұлттық өзiндiк сана-сезiмiн, мәдени-имандылық, отбасылық құндылықтарын жоғалтуына әкеп соғады.
      Халықаралық экстремистiк және террористiк ұйымдар конституциялық құрылымның негiздерiн құлату үшiн радикалдық идеяларды себе отырып, қоғамға қарсы көңiл-күйдi ушықтырып, арандатады, Қазақстан аумағында террористiк актiлер жасау жөнiнде жоспарлар мен ниеттер ойластырады. Бұл үшiн олар жақтастар тарту мен елiмiзде өздерiнiң жеке құрылымдық буындарын құрудағы жоспарларын iске асыруға талпынысын әлi де қоймай отыр.
      Соңғы 5 жыл iшiнде Қазақстан аумағында халықаралық экстремистiк немесе террористiк ұйымдардың қызметiне қатысы бар 70 шетелдiктi ұстау жөнiндегi мәлiмет осындай көрiнiстердiң дәлелi болды.
      Аталған құрылымдардың бүлдiру әрекетiнiң нәтижесiнде Қазақстан iс жүзiнде өз аумағында терроризм актiлерiнiң жасалуына душар болып отыр. Елдiң батысы мен оңтүстiгiндегi қайғылы оқиғалар проблеманың өткiрлiгiн көрсеттi. 2011-2012 жылдар аралығында 12 зорлық-зомбылық акциясы жасалды.
      Бұл ретте, аталған терроризм актiлерi негiзiнен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметкерлерiне қарсы бағытталған болатын.
      Осы тұрғыда дiни экстремизм мен терроризм жақтастары санының Қазақстан азаматтары қатары есебiнен өсу серпiнiн айтпай кетпеске болмайды.
      Статистикалық деректерге сәйкес 2008 жылдан 2013 жылға дейiн террористiк қылмыстары үшiн сотталған адам саны 27-ден 171-ге дейiн, ал экстремистiк қылмыс үшiн сотталғандардың саны - 56-дан 168-ге дейiн өстi.
      Сонымен қатар, әлемнiң түрлi елдерiнде (Норвегия, Франция, АҚШ) байқалып отырған терроризм актiлерiн радикалдардың жеке-дара жасау құбылысы және халықаралық террористiк құрылымдардың осы әдiстi анағұрлым белсендi пайдалануы алаңдатушылық тудырады.
      Бұл, өз кезегiнде, халықаралық қауымдастық, соның iшiнде Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгi үшiн экстремистiк және террористiк қатердiң жалпы ықтималдығын елеулi түрде арттырады.
      Дiни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру бойынша арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдары жұмысының нәтижелерi бiздiң елiмiзде дiни радикалдық идеологияның таралуына ықпал ететiн мынадай сыртқы және iшкi факторларды анықтауға мүмкiндiк бердi.
      Сыртқы факторларға Қазақстан шекараларының қарулы қақтығыстар ошақтарына, соның iшiнде радикалдық дiни топтардың қатысуымен өтетiн қарулы қақтығыстар ошақтарына жақындығы, осыған байланысты елiмiздiң көшi-қон тұрғысынан осалдығы, Интернет-кеңiстiкте дiни экстремизм мен терроризм идеяларының шетелден насихатталуы, террористiк идеялардың жолын ұстанушы жекелеген азаматтарымыздың шетел мемлекеттерiнiң аумағында орналасқан жауынгерлердi дайындайтын лагерлерде болуы жатады.
      Шетелдiк дiни оқу орындарында оқып жатқан азаматтарымыздың экстремистiк және террористiк идеологияның ықпалына түсу фактiлерi байқалады.
      Жаңа жақтаушыларды радикалдық дiни құрылымдарға тартуға ықпал ететiн iшкi факторларға әлеуметтiк-экономикалық проблемалар, тұрғындардың дiни сауаттылығының төмен деңгейi, өскелең ұрпақтың моральдық-имандылық және патриоттық тәрбиесiнiң кемшiндiгi жатады.
      Көбiнесе өз орнын таппаған жастар арасындағы терiс пиғылды көңiл-күй мен билiкке сенiмсiздiктiң туындау себептерiнiң бiрi сонымен қатар жекелеген жергiлiктi мемлекеттiк шенеунiктер тарапынан орын алатын сыбайлас жемқорлық көрiнiстерi мен бюрократизм болып табылады.
      Күмәндi мазмұндағы дiни әдебиеттер мен өзге де ақпараттық материалдардың жаппай таралуы дiни-экстремистiк идеологияның таратуына белгiлi бiр жағдайлар туғызады.
      Сонымен қатар, ғибадат үйлерiнiң (орынжайлардың) қажет-қажет еместiгi ескерiлместен қызмет етуi және дiни қызметкерлердiң кәсiби дайындығының төмен деңгейi өткiзiлiп жатқан алдын алу жұмысына терiс әсерiн тигiзiп отыр.
      Зорлық-зомбылық экстремизмi мен терроризмi актiлерi санының артуы шеңберiнде аталған құқыққа қайшы әрекеттi қаржыландыру көздерi мен арналарын анықтау бiрлi-жарым сипатта екендiгiн атап өту қажет.
      Түзеу мекемелерi жағдайында анағұрлым айқын көрiнетiн радикалдық дiни қауымдастықтардың қылмыстық құрылымдармен бiте қайнасуының алаңдатарлық үрдiсi байқалуда.
      Қалыптасқан жағдайда террористiк тұрғыдан осал объектiлердiң қауiпсiздiгiн, сондай-ақ қару, оқ-дәрi, жарылғыш құрылғылар мен олардың құрауыштарының айналымына тиiстi бақылауды қамтамасыз ету мәселелерi елеулi түрде өзектi сипатқа ие болды.
      Сөйтiп, дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл саласындағы ағымдағы жағдайды талдау арқылы осы саладағы мынадай күштi және әлсiз тұстар белгiлендi:
      1. Күштi тұстары:
      1) iшкi саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, соның iшiнде экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл жасау мәселелерi бойынша мемлекеттiк саясат жүзеге асырылуда;
      2) мемлекет пен қоғамның бiрлескен күш-жiгерiмен құқықтық нигилизм мен антипатриоттықтың таралуына қолайлы жағдай туғызатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күрес жүргiзiлуде;
      3) мемлекет халықтың барлық жiгiнiң әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтiк-экономикалық сипаттағы теңдессiз шаралар қабылдауда;
      4) қоғамда дiни тағаттылық, конфессияаралық және этносаралық келiсiм сақталуда;
      5) дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл жасау жөнiндегi шаралар алдын алу жұмысын күшейту жағына қайта бағдарланды;
      6) Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының бастауымен дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимылды үйлестiрудiң iшкi жүйесi құрылды;
      7) өңiрлерде терроризмге қарсы комиссиялар құру арқылы жергiлiктi атқарушы органдарды дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын алуға тарту жағдайлары қамтамасыз етiлдi;
      8) дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимылдың практикалық тәжiрибесi жинақталды;
      9) халықаралық, соның iшiнде халықаралық және өңiрлiк терроризмге қарсы құрылымдар шеңберiнде ынтымақтастық жолға қойылды.
      2. Осал тұстары:
      1) радикалдық дiни идеология жолын ұстанушылар санының ұлғаю үрдiсiнiң сақталуы;
      2) ақпараттық-түсiндiрушiлiк жұмыс тиiмдiлiгiнiң жетiмсiздiгi;
      3) экстремистiк және террористiк мазмұндағы материалдардың, соның iшiнде Интернет желiсiнде таралуына қарсы iс-қимыл жүйесiнiң жетiлмегендiгi;
      4) отандық теологиялық бiлiм беру жүйесi дамуының жеткiлiксiз деңгейi мен бәсекелестiкке қабiлетсiздiгi;
      5) қазақстандық азаматтар шетелде болған кезеңде оларды радикалдық идеология уағыздаушыларынан оқшаулаудың тиiмдi шараларының болмауы;
      6) азаматтық қоғам институттарының дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл жасау жөнiндегi жұмысқа тартылуының төмен деңгейi;
      7) дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл жасау жөнiндегi жұмыста ғылыми-әдiстемелiк сүйемелдеудiң жетiмсiздiгi;
      8) дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң кәсiби деңгейiн одан әрi арттыру қажеттiгi;
      9) арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарының қазiргi заманғы техникамен, қару-жарақпен және дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл жасау саласындағы басқа да жаңа әзiрлемелермен әлсiз жарақтандырылуы;
      10) террористiк тұрғыдан осал объектiлердiң қорғалу деңгейiнiң жетiмсiздiгi;
      11) радикалдық дiни қауымдастықтардың қылмыстық құрылымдармен, әсiресе түзеу мекемелерiнiң жағдайларында бiте қайнасуы;
      12) экстремизм мен терроризмдi қаржыландырудың көздерi мен тәсiлдерiн анықтау тетiктерiнiң жетiлмегендiгi.

4. Бағдарламаның мақсаттары, мiндеттерi, нысаналы индикаторлары мен оны iске асыру нәтижелерiнiң көрсеткiштерi

      Бағдарламаның мақсаты: Дiни экстремизм көрiнiстерiнiң алдын алу және терроризм қатерiн болдырмау арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.


      Бағдарламаның мақсатына жету мынадай нысаналы индикаторлармен өлшенетiн болады:
      1) 2017 жылға қарай ел халқы, соның iшiнде 100% жастар мен дiни негiзде радикалдық идеологияға бейiмдер, сондай-ақ оған ұшыраған адамдар экстремизм мен терроризм идеяларын қажетсiнбейтiн сананы қалыптастыруға бағытталған кешендi алдын алу жұмысымен қамтылатын болады;
      2) терроризм актiлерiнiң дайындалу және қастандық жасау сатысында бетi қайтарылғандарының осындай дайындалып жатқан және анықталған қылмыстардың жалпы санына арақатынасы 100%-ға шаққанда 2017 жылға қарай кемiнде 95%-ды құрайтын болады;
      3) террористiк тұрғыдан осал объектiлердiң, халықтың, мемлекеттiк уәкiлеттi органдардың күшi мен құралдарының экстремистiк және террористiк әрекет салдарын барынша азайтуға және жоюға дайындығының дәрежесi 2017 жылға қарай 100% құрайтын болады.
      Бағдарлама мақсатына мынадай мiндеттердi шешу жолымен қол жеткiзiледi:
      1) қоғамда төзiмдi дiни сана мен радикалдық идеологияға деген иммунитеттi қалыптастыруға бағытталған дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын алу шараларын жетiлдiру;
      2) дiни экстремизм мен терроризмнiң көрiнiстерiн, соның iшiнде арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарының қызметiн қамтамасыз ету жүйесiн жетiлдiру арқылы анықтау мен жолын кесудiң тиiмдiлiгiн арттыру;
      3) экстремистiк және террористiк әрекеттердiң салдарын барынша азайту мен жою шараларының жүйесiн жетiлдiру.
      Мiндеттердi шешудiң дәрежесi нәтижелердiң мынадай көрсеткiштерiмен бағаланатын болады:
      1. Бiрiншi мiндет бойынша:
      1) 2017 жылға қарай 100% дiни негiзде радикалдық идеологияға бейiмдер, сондай-ақ оған ұшыраған адамдар арнаулы ақпараттық-насихаттау топтары мен мемлекеттiк органдардың атаулы алдын алу жұмысымен қамтылатын болады;
      2) 2017 жылға қарай қоршаған болмысқа саналы көзқараспен қарауға және радикалдық дiни сипатта алынған ақпаратты сыни көзқараспен қабылдау үшiн дiн туралы қажеттi бiлiм көлемiн игерумен орта бiлiм ұйымдары, сондай-ақ техникалық және кәсiптiк, жоғары оқу ұйымдары оқушыларын 100% қамту қамтамасыз етiледi;
      3) 2017 жылға қарай ауылдық округ деңгейiне дейiнгi әрбiр елдi мекенде (100%) балалар мен жастардың тиiстi мәдени, рухани-имандылық, патриоттық, дене дамуы мен тәрбиесiне жағдай жасалатын болады;
      4) дiни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын жарияланымдарды анықтау тұрғысынан мониторингпен қамтылған баспа БАҚ материалдарының жыл сайынғы көлемi кемiнде 20 718 жолақты құрайды;
      5) дiни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын жарияланымдарды анықтау тұрғысынан мониторингпен қамтылған электрондық БАҚ материалдарының жыл сайынғы көлемi кемiнде 74 460 сағатты құрайтын болады;
      6) дiни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдардың жариялануын анықтау тұрғысынан мониторингпен қамтылған Интернет-ресурстардың жыл сайынғы саны кемiнде 10 000 құрайды;
      7) дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл мәселелерi жөнiнде жыл сайын кемiнде 5 000 ақпараттық-насихаттық, түсiндiру-алдын алу iс-шаралары өткiзiлетiн болады;
      8) 2014 жылдан бастап Дiни экстремизм мен терроризм идеологиясынан зардап шеккен немесе радикалдық идеологияның ықпалына түскен адамдарды оңалту жөнiндегi орталықтың құрылуы мен жұмыс iстеуi қамтамасыз етiледi.
      2. Екiншi мiндет бойынша:
      1) жыл сайын қызметi Қазақстан Республикасының аумағында iс жүргiзу барысында белгiленген (дәлелденген) экстремистiк және/немесе террористiк ұйымдардың 100% қызметiнiң жолын кесу (тыйым салу) қамтамасыз етiледi;
      2) жыл сайын тиiстi сараптамалық зерттеулер арқылы мазмұнында экстремизм мен терроризмдi насихаттау және/немесе ақтау белгiлерi анықталған ақпараттық материалдардың Қазақстан Республикасы аумағында таратылуының жолын кесу 100% қамтамасыз етiледi;
      3) 2017 жылға қарай кадрлық әлеует күшейтiлiп, сондай-ақ дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар қызметкерлерiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыру 100% қамтамасыз етiледi;
      4) 2017 жылға қарай дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл саласындағы қазiргi заманғы техника, қару-жарақ пен жаңа технологиялар үлесi арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдарының арттехқару-жарағы мен арнайы техникасының жалпы көлемiне шаққанда кемiнде 30%-ды құрайды;
      5) 2017 жылға қарай ерiктi негiзде қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар саны кемiнде 30 000 адамды құрайтын болады;
      6) 2017 жылға қарай iшкi iстер органдарының жедел басқару  орталықтарының көше бейнебақылау камераларының саны 2013 жылдың басындағы көрсеткiшпен салыстырғанда кемiнде 75%-ға арттырылатын болады;
      7) барлық (100%) арнаулы және түзеу мекемелерiнде жыл сайын осы мекемелерде радикалдық дiни идеологияның таралуын болдырмауға және жолын кесуге бағытталған iс-шаралар өткiзiлетiн болады;
      8) 2014 жылдан бастап жыл сайын ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргiзу қорытындылары бойынша мемлекеттiк органдар дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимылдың тиiмдiлiгiн жетiлдiру жөнiнде практикалық ұсынымдар тұжырымдалады;
      9) 2014 жылдан бастап жыл сайын осы тәжiрибенi, соның iшiнде тиiстi мемлекеттерге (кемiнде 2 елге) бару нәтижелерi бойынша зерделеу қорытындылары бойынша дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимылдың оң халықаралық тәжiрибесiн пайдалану жөнiнде ұсынымдар тұжырымдалады.
      3. Үшiншi мiндет бойынша:
      1) террористiк қызметтiң салдарларын барынша азайту және жоюға терроризмге қарсы операция жүргiзу бойынша толық дайындық талаптарына жауап беретiн терроризмге қарсы күрес жөнiндегi жедел штабтардың үлес салмағы 2017 жылға қарай 100%-ға жетедi;
      2) тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында ресми бұқаралық ақпарат құралдарында (республикалық және жергiлiктi) терроризм актiсiнiң ықтимал қатерi немесе жасалуы, терроризмге қарсы операция жүргiзу кезiнде азаматтардың өз-өзiн ұстау ережелерiн жыл сайын орналастыру қамтамасыз етiледi;
      3) 2017 жылға қарай пайдалануға жаңадан берiлетiн террористiк тұрғыдан осал объектiлердiң қазiргi заманғы қауiпсiздiк жүйелерiмен қамтамасыз етiлу деңгейi 100% құрайды, ал қолданыстағыларының қамтамасыз етiлуi - кемiнде 70% құрайтын болады;
      4) 2017 жылға қарай терроризм актiсiнiң қатерi немесе жасалуы кезiнде қажеттi қауiпсiздiк пен ден қою шараларына террористiк тұрғыдан осал объектiлердiң жауапты қызметкерлерiнiң кемiнде 90%-ы оқытумен қамтылатын болады;
      5) кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрамаларының қажеттi қазiргi заманғы жабдықтармен жарақтандырылуы жыл сайын 1,5-2%-ға арттырылады;
      6) 2014 жылдан бастап терроризм актiсi нәтижесiнде зардап шеккен барлық адамға (100%) заңнамаға сәйкес келтiрiлген мүлiктiк залал өтелетiн болады, сондай-ақ әлеуметтiк оңалту шаралары көрсетiледi.

5. Бағдарламаның негiзгi бағыттары, қойылған мақсаттарына қол жеткiзу жолдары және тиiстi шаралар

      Бағдарламаның қойылған мақсатына қол жеткiзу мынадай бағыттар бойынша қамтамасыз етiлетiн болады:


      1. Дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын алу шараларын жетiлдiрiлуге:
      1) дiни экстремизм мен терроризмнiң қоғамда таралу себептерi мен шарттарын, ықтимал экстремист пен террористiң әлеуметтiк портретiн зерделеу, аталған салада жүргiзiлiп жатқан мемлекеттiк саясаттың осал жақтарын бағалау мен анықтау бойынша ғылыми, талдамалық және әлеуметтiк зерттеулер жүргiзу;
      2) дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын алудың тиiмдi түрлерi мен әдiстерiн әзiрлеу және енгiзу;
      3) ақпараттық-түсiндiру жұмысының тиiмдiлiгiн сапалы арттыру;
      4) радикалдық дiни идеологияның жат және қабылдауға тұрмайтындығы туралы дiни негiзде мақсатты топтардың (радикалдық идеологияға бейiм, сондай-ақ оған ұшыраған адамдардың) арасында атаулы алдын алу жұмыстарын ұйымдастырып, жүргiзу;
      5) орта бiлiм беру ұйымдары, сондай-ақ техникалық және кәсiптiк, жоғары оқу ұйымдары оқушыларын қоршаған болмысқа саналы көзқараспен қарау және радикалдық дiни идеологияны сыни көзқараспен қабылдау үшiн дiн туралы қажеттi бiлiм көлемiн олардың игеруiн қамтамасыз ету;
      6) отандық теологиялық бiлiм беру жүйелерiнiң бәсекелестiкке қабiлеттiлiк пен тұрғындарға қолжетiмдiлiк деңгейiн арттыру арқылы одан әрi дамыту;
      7) орта мектептердiң жоғары сыныптарының, техникалық және кәсiптiк, жоғары бiлiм беру ұйымдарының бiрiншi курс оқушыларына жастарда терiс пиғылды идеологияны тұрақты қажетсiнбеудi қалыптастыруға бағытталған тақырыптық роликтер (фильмдер) көрсету тәжiрибесiн енгiзу;
      8) жастар ортасында Қазақстан халқының дәстүрi мен мәдени мұрасына сәйкес сана қалыптастыруға бағытталған дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын алу жөнiндегi әлеуметтiк жобаны iске асыру;
      9) жастарды негiз құрайтын моральдық-имандылық және мәдени құндылықтарға негiзделген қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған iс-шаралар ұйымдастырып, өткiзу;
      10) Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау үшiн елдiң оқу орындарында балалардың, жасөспiрiмдер мен жастардың патриоттық қозғалыстарын ұйымдастыру;
      11) селолық округ деңгейiне дейiнгi барлық ауылдық елдi мекенде балалар мен жастардың тиiстi мәдени, имандылық-рухани, патриоттық, дене дамуы мен тәрбиесi үшiн жағдайлар жасау;
      12) дiни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдарды, соның iшiнде құқыққа қайшы контенттi анықтау жөнiндегi қазiргi заманғы бағдарламаларды енгiзу арқылы, баспа және электрондық БАҚ, соның iшiнде Интернет-ресурстардың тұрақты мониторингiн ұйымдастыру;
      13) дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын алу мен этносаралық және конфессияаралық келiсiм моделiн көпшiлiкке тарату бойынша сарапшыларды, ғалымдар мен мемлекеттiк органдар өкiлдерiн тарта отырып, семинарлар (тренингтер), дөңгелек үстелдер мен басқа да көпшiлiк iс-шаралар өткiзу;
      14) Қазақстан үшiн дәстүрлi рухани-имандылық құндылықтарды насихаттайтын отандық дiни әдебиеттер мен ойын-сауық өнiмдерi топтамасының ауқымын шығару және қалыптастыру;
      15) БАҚ арқылы радикалдық идеологияның, соның iшiнде шынайы дiни канондарды қасақана бұрмалауға негiзделген идеологияның терiс мәнiн ашуға бағытталған материалдарды белсендi тарату;
      16) қазақстандық азаматтарды экстремистiк және террористiк әрекеттерге тартудың әдiстерi мен тәсiлдерiн әшкерелейтiн ақпаратты тарату;
      17) қазақстандық азаматтарды олардың шетелде жүрген кезеңiнде радикалдық көзқарастағы уағыздаушылардың насихаттық қызметiнен оқшаулаудың тиiмдi шараларын тұжырымдау;
      18) дiни экстремизм мен терроризм идеологиясынан зардап шеккен немесе осы радикалдық идеологияның ықпалына түскен адамдарды арнайы оңалту орталығының тиiмдi жұмыс iстеуi жолымен қол жеткiзiлетiн болады.
      2. Дiни экстремизм мен терроризм көрiнiстерiн анықтау мен жолын кесудiң тиiмдiлiгiн арттыруға:
      1) қызметi Қазақстан Республикасының аумағында белгiленген экстремистiк және/немесе террористiк ұйымдарды заңнамада белгiленген тәртiппен тану және қызметiне тыйым салу бойынша шаралар қолдану;
      2) мазмұнында экстремизм мен терроризмдi насихаттау және ақтау белгiлерi анықталған бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерi мен өзге де ақпараттық материалдарды Қазақстан Республикасында таратуға заңнамада белгiленген тәртiппен тыйым салу бойынша шаралар қолдану;
      3) кадрлық әлеуеттi күшейту, сондай-ақ кадрлық құрамның, дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимыл субъектiлерiнiң кәсiби бiлiктiлiк деңгейiн арттыру;
      4) дiни экстремистiк және террористiк әрекеттi анықтау мен жолын кесу бойынша құқық қорғау және арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметiне қазiргi заманғы технологиялар мен ғылыми-техникалық дамудың басқа да жетiстiктерiн енгiзу;
      5) ел аумағына дiни экстремистер мен террористердiң енiп кетуiнiң алдын алу бойынша шекаралық және көшi-қон бақылауын күшейту;
      6) қару, оқ-дәрi, жарылғыш құрылғылар мен жарылғыш заттар, соның iшiнде қолдан жасалатын жарылғыш құрылғылардың құрауыштары ретiнде пайдаланылатын материалдар айналымына бақылауды күшейту;
      7) экстремистiк және террористiк әрекеттi iштен және сырттан қаржыландыру фактiлерiн анықтау мен жолын кесу кезiнде уәкiлеттi, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттiк органдардың өзара iс-қимыл деңгейiн арттыру;
      8) дiни экстремистiк және террористiк идеологияның құқық қорғау және арнаулы мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызметiн өткеретiн әскери қызметшiлер ортасына енiп кетуiнiң алдын алу;
      9) елдi мекендерде қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң жекелеген тетiктерiн, соның iшiнде сыртқы бақылау камераларымен бақылау аймағын мақсатты ұлғайту және осы қызметке белсендi азаматтық ұстанымы бар азаматтарды тарту тәжiрибесiн кеңейту есебiнен жетiлдiру;
      10) қылмыстық элементтердiң дiни экстремистермен және террористермен, соның iшiнде түзеу мекемелерi жағдайында бiте қайнасуына жол бермеу жөнiнде тиiмдi шаралар тұжырымдап, iске асыру;
      11) практикалық қызметке дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимылдың қазiргi заманғы әдiстемелiк, соның iшiнде ғылыми-қолданбалы зерттеулер шеңберiнде, негiзiн әзiрлеп, енгiзу;
      12) қазақстандық қоғамның ерекшелiктерiн және ағымдағы дiни ахуалды ескерiп, шетел мемлекеттерiнiң дiни экстремизм мен терроризмге қарсы iс-қимылының оң тәжiрибесiн практикаға енгiзу жолымен қол жеткiзiлетiн болады.
      3. Экстремистiк және террористiк әрекеттiң салдарларын азайту және жою шаралары жүйесiн жетiлдiруге:
      1) терроризм актiлерiн жасау фактiлерiне жедел ден қою деңгейiн көтеру мақсатында кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құрылымдарын қазiргi заманғы техникалық құралдармен жарақтандыру;
      2) арнаулы мемлекеттiк және құқық қорғау органдары бөлiмшелерiнiң күштерi мен құралдарының дайындығын тұрақты командалық-штабтық, жедел-тактикалық, арнайы-тактикалық оқулар өткiзу арқылы қамтамасыз ету;
      3) халыққа бұқаралық ақпарат құралдары мен өзге де тәсiлдер арқылы терроризм актiсiнiң ықтимал қатерi немесе оның жасалуы жағдайларында, сондай-ақ терроризмге қарсы операциялар жүргiзу жағдайларындағы өз-өзiн ұстауы ережелерi бойынша тәжiрибелiк ұсыныстарды тұрақты жеткiзу;
      4) террористiк тұрғыдан осал объектiлердiң қауiпсiздiк жүйелерiн нығайту;
      5) терроризм актiсi қатерi туындаған немесе жасалуы кезде оның салдарларын азайтуға ықпал ететiн өз-өзiн ұстауы дағдыларын қалыптастыру үшiн террористiк тұрғыдан осал объектiлердiң басшыларымен және жедел қызметтер персоналымен семинарлар (тренингтер), соның iшiнде оң шетелдiк тәжiрибе үлгiсiнде өткiзу;
      6) қолданыстағы нормативтiк-техникалық құжаттарға, ережелерге (талаптарға) террористiк тұрғыдан осал объектiлердi жобалау, салу және пайдалануға беру кезiнде терроримзге қарсы қорғану жүйелерiн енгiзу туралы өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;
      7) терроризм актiсi нәтижесiнде зардап шеккен адамдарға келтiрiлген мүлiктiк залалды заңнамаға сәйкес өтеу, сондай-ақ әлеуметтiк оңалту шараларын көрсету жолымен қол жеткiзiлетiн болады.

6. Бағдарламаны iске асыру кезеңдерi

      Бағдарлама 2013 жылдан бастап 2017 жылды қоса алғанда бiр кезеңде iске асырылады.


      Бағдарламаны iске асыру тұлғаның, қоғамның және мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған экстремизм мен терроризм қатерлерiн алдын алу, жолын кесу, салдарын азайту және (немесе) жою жүйесiн құрумен аяқталады.

7. Қажеттi ресурстар



      Мемлекеттiк бағдарламаны қабылдау мен iске асыруға байланысты болжанатын қаржылай шығындар.
      Мемлекеттiк бағдарлама 5 жылға есептелген және қаржы бөлудi талап етедi.
      Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемi:
      103 176 375,0 мың теңгенi (2013 ж. - 16 186 913,0 мың теңге; 2014 ж. - 24 340 320,0 мың теңге; 2015 ж. - 26 324 818,0 мың теңге; 2016 ж. - 21 111 764,0 мың теңге; 2017 ж. - 15 212 561,0 мың теңге) құрайды,
      соның iшiнде республикалық бюджеттiң есебiнен - 49 697 981,0 мың теңге (2013 ж. - 1 602 145,0 мың теңге; 2014 ж. - 13 153 665,0 мың теңге; 2015 ж. - 14 122 653,0 мың теңге; 2016 ж. - 12 700 817,0 мың теңге; 2017 ж. - 8 118 701,0 мың теңге);
      жергiлiктi бюджеттен - 53 478 393,1 мың теңге (2013 ж. - 14 584 767,5 мың теңге; 2014 ж. - 11 186 654,5 мың теңге; 2015 ж. - 12 202 164,5 мың теңге; 2016 ж. - 8 410 946,6 мың теңге; 2017 ж. - 7 093 860,0 мың теңге).
      Республикалық және жергiлiктi бюджеттерден қаржыландыру көлемi тиiстi кезеңге бюджеттер қалыптастырылатын кезде нақтыланатын болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет