Қазақтың Қыз Жібегі
Кез келген ұлттың «төлқұжатына», киелі бойтұмары мен мақтанышына айналған аяулы тұлғалары болады. Есімі өзінің туған елімен біртұтасып кеткен сондай саңлақтардың бірегейі – «Қазақтың Қыз Жібегі» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті театр және кино актрисасы, профессор Меруерт Өтекешова.
Egemen Qazaqstan
Осыдан жарты ғасыр бұрын қазақтың руханият әлеміне жанартау болып келген режиссер С.Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмі – қазақ киносы ғана емес, сол кезеңдегі Кеңес Одағы өнер кеңістігінде шын мағынасындағы құбылысқа айналды.
«Қыз Жібек» кино туындысының өн бойында ұлтымыздың тамыры тереңде жатқан фольклоры мен этнографиясы, философиясы мен дүниетанымы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, бай музыкалық мұрасы мен өмір сүру салты, барлығы біртұтас күйінде көрінеді. Қыз Жібек – қазақтың бар болмыс-бітімін арқау еткен өнердегі хрестоматия іспеттес қайталанбас ғажайып туынды. «Қыз Жібек» – қазақтың қасиетті рухы, ар-ұятының айнасы. Сондықтан өзінің өзектілігін, өміршеңдігін жоғалтпай, шынайы махаббат туындысы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Қыз Жібек пен Меруерт Өтекешова – егіз ұғым. Себебі, халқымыздың санасына жатталған Қыз Жібектің ақылы көркіне сай. Жан сұлулығы мен сыртқы сыр-сымбаты ерекше жарасым тапқан ұлы даланың ару қызы.
Халқымыздың жан сарайындағы, қиялы мен арманындағы Қыз Жібекті экран арқылы Меруерт Өтекешова сондай шынайы, мөлдіретіп сомдай білді. Халықтың ыстық ықыласы мен махаббатына бөленуінің астарында Жібек бейнесін сомдаған актрисаның бойында да сол ұлы дала аруының асыл қасиеттері жатқандығында да шығар.
Көп балалы Өтекешовтер отбасында өскен Меруертті де әкесі Қаратай мен анасы Кәмила жастайынан адал, еңбексүйгіш болуға тәрбиеледі. Ұлы Абайдың адамның адамшылығы жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбыдан дегені де бекер айтылмаса керек. Қан майданнан от кешіп жеңіспен елге оралған майдангер Қаратай әкенің 8 перзенті де жақсы адам болуға талпынды, өмірден өз жолдарын тапты.
Меруерт Қаратайқызы өнерге бала жасынан ерекше іңкәр болды. Алматыдағы қазақ өнерінің қасиетті шаңырағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қойылымдарынан қалмайтын. Әсіресе ұлттық операмыздың інжу-маржаны іспеттес «Қыз Жібек» қойылымын қаншама рет тыңдаса да жалыққан емес. Театрда отырып ақ қанат армандарының қанатына мінеді, өз қиялында сахнадағы Жібекпен бірге егіліп, бірге жылап, бірге тебіренетін еді. Опера соңында ұзақ қол шапалақтап, сахнадағы өнер адамдарының шеберлігіне тәнті болады. Әрине өнерге құштар жас арудың жан сарайында «актриса боламын» деген балаң арман болғанымен, оның іске асуы кейде кездейсоқ сәттерден тұратыны белгілі. Он алты жастағы Меруерт өнерге ойламаған жерден кездейсоқ келді.
1967 жылдың соңында сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне режиссер Сұлтан Қожықовтың романтикалық драманы түсіргелі жатқандығынан дүйім жұртшылық құлағдар болды. Фильмдегі басты кейіпкерлерге іріктеу басталып кетті. Бұл туралы Меруерт Қаратайқызының өзі былай дейді: «Шыны керек, бұл киноға түсуге ойда жоқта келдім десем болады. Ол кезде мектепте оқимын. Іріктеудің өтіп жатқанынан хабардар болып барсам, толған қыздар. Әрі бәрі де әдемі. Әрқайсысы өз-өзіне сенімді. «Мәссаған, мына сұлулардың арасында маған не бар?» деп ойлап қоямын». Кейін режиссерден білгенімдей, келген 400-ге жуық қыздың жүзі көрікті болғанымен, жүректерінде өнерге деген сүйіспеншілік аз екен. Оның үстіне, тапсырылған рөлді өз деңгейінде ойнап шығуға біразының қабілет-қарымы жетпеген деседі. Содан болар шығармашылық топтағы өнер иелерінің көпшілігі менің қабылданғанымды қалап, сабақты ине сәтімен демекші, көп ұзамай Жібектің рөліне бекітілдім».
Режиссердің көрегенділігінің арқасы, міне, елу жылдан астам уақыт өтті, Сұлтан Қожықовтың өз фильміндегі Жібек пен Төлегенін дәл тапқанына бүкіл ел куә болып келеді. Мектепті әлі аяқтамаған жас қызға сенім артуының өзінде де, көркем фильмде махаббат сезімін ойнау мүмкін емес, шынайы ғашық адамның болмысы, адалдық пен пәктікке толы арудың жанары арқылы экраннан көрерменге жететінін ұққан биік суреткерлік пен сұңғылалық жатыр. «Қыз Жібек пен Төлегенді тәжірибелі актерлерден гөрі жас, көздерінде ұшқын оты жалындаған жастар ойнауы керек», деген Сұлтан Қожықовтың азаматтық ұстанымы мен режиссерлік қағидасының арқасында өнер әлемінде Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтің тұсауы кесілді.
Кейін кинотуындыдағы Жібек пен Төлегеннің арасындағы ғашықтық сезім, шынайы өмірде махаббатқа ұласып, Құман ағамыз бен Меруерт апамыз өмірде де, өнерде де жарасымды жұпқа, өнегелі шаңырақ иелеріне айналды. Исі қазақ үшін Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков – махаббаттың символына айналды. Меруерт Қаратайқызы тағы да өз ойын былай жеткізеді: «Есімде, мен де ел қатарлы фотосынаққа қатысып жүргенімде бір түс көрдім. Таудың құзар биігінде басында үкілі бөркі, ақ көйлегі бар бір әсем қыз екі қолын құстың қанаты сияқтандырып, қомданып тұр екен. Барлық ой-санам «Қыз Жібек» фильмінде жүргендіктен болар, бұл «Қыз Жібек қой», бекер кірмеген болар, байқауда бағым жанар деп жорыдым өзімше»... Шынымен де өнерге жан-тәнімен ғашық Меруерттің түсі өңінде орындалды.
Фильмнің алғашқы түсірілімдері Алматы маңында, Күрті, Іле өзендері бойында басталды, Жаркентте жалғасын тапты. Кино ленталар көз алдыңнан өткенде ұлан-ғайыр даланың ғажайып табиғатына, күрең қызыл таулар, көгілдір шыңдарды көріп, еріксіз тамсанасың. Парижде өткен «Қыз Жібек» фильмінің тұсаукесер көрсетілімінде, француздық көрерменнің бірі: «Мынау кинотаспаға қанша бояу кетті екен?!» деп таңғалған көрінеді. Түсіруші топ та қазақ даласының төл табиғатының өз бояуы қанық екендігін мақтанышпен айтып береді. Фильмнің алғашқы түсірілімдері сол жылдың күзінен бастау алған болатын. Ал 1969 жылдың көктемінде түсірілім Ақшиде жалғасты. Алланың құдіреті-ай десеңші, сол көктем мамыражай болды. Көл маңы толы қызғалдақ. Тек түсіруге үлгеріп тұрсаң болды дегендей. Солай бола тұра, түсіру барысы қиындай түскендей. Бәрімізде былғары күрте болатын. Маңдайдан тер шып-шып шықты. Бірде күн бұлт тасасында қалса, енді бірде күн шақырайып кетті. Түсірілім барысында небір қызықтар мен қиын сәттер де болды. Десе де оның бәрі киноның табиғатына тән жұмыс процесі еді», дейді актриса.
Махаббаттың өміршең дастаны іспеттес кино туындыдағы сюжет те лиро-эпостық поэмадағы секілді Қыз Жібек (М.Өтекешова), Төлеген (Қ.Тастанбеков), Бекежан (А.Әшімов) секілді үштаған бейнелердің арасында өтеді. Актерлік ансамбльдың үйлесім табуының астарында – талант, артистизм, шеберлік секілді өнерпаздық қасиеттер менмұндалайды.
Әкесінің теріс батасын алған Төлеген – сүйген жары Қыз Жібекке жету үшін жолға шығып, Бекежанның қолынан ажал құшады. Қыз Жібек сүйгенінің қазасына қатты қайғырып, аяғында өзі де өлім құшады.
Жібек болмысын жан-тәнімен ұғынған жас актриса Меруерт Өтекешованың тұңғыш қадамы сәтті болғанына дау жоқ. Сол заман қызына тән иба-ілтипат, биязы мінез, жайдары қылық табу – көп ізденудің жемісі. Әне, көз байлаулы, қолда жебе, қиын асу, қыл көпір. Аттай тулаған жүрек. Жібектің өзі таңдаған тұсау – оны кесетін тек тағдыр ғана. Жұмбақ тәуекел. Жібек бар болмысымен жебені емес, тағдырын, бақытын таңдап алады.
Құман Тастанбеков сомдаған Төлеген де әсерлі бейнелердің бірі. Жастығына келбеті, ақылына қайраты сай жас батыр өзін әке ұлы емес, халық ұлымын деп санайды. «Шектіні шауып, олжалап кел» деген әке үкімін орындамай, ол әскерін қайырып жібереді де, қазалы елдің қайғысына ортақтасады. Бекежанмен жекпе-жек, Қособа түбіндегі көріністерде Құман Тастанбеков Төлегенді Жібек сынды арусүйер нағыз батыр бейнесінде дәл көрсетеді. Елдің бірлігі, махаббат бостандығы Төлегеннің асқақ арманы осы. «Қайран қазағым-ау, дүниеден еншіңе тигені осы ма еді?» деген Төлегеннің соңғы сөзі өз заманының асыл арманы болып экран арқылы көрермен санасына еріксіз әсер етеді. Құман Тастанбеков Төлеген бейнесін кәсіби жоғары деңгейде жасай алды. Дәлел ретінде Төлеген мен Жібектің некесін қию сәтін айтуға болады. Фильмнен эпизод: ақ отауда, неке төсегінде отырған екі жастың ортасында жатқан күміс белдік, екеуінің бірде-бір қозғалыссыз алып-ұшқан сезімді бере білуі, актерлік ым-ишара арқылы сол бір ғажайып сәтті психологиялық тұрғыда өте нанымды көрсетеді. Жібектің қолындағы моншақ. Ірі планмен көзге түсетін Жібектің қолы кейіпкердің ішкі жан дүниесін суреттейді. Келесі кадрларда ақ төсекке шашыла жайылған моншақтар, олардың неше түрлі түстермен құбылғаны кейіпкерлердің арасындағы қарым-қатынасты, ол қарым-қатынастың қандай әдемі де мөлдір екеніне поэтикалық теңеу ретінде қолданылған. Осы екі жастың сезімін Шеге (Ә.Молдабеков) домбырасының үні өрнектеп отырады.
«Қыз Жібек» фильмінде қазақтың біртуар дарын иелері Кененбай Қожабеков, Сәбира Майқанова, Кәукен Кенжетаев, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Құман Тастанбековтермен әріптес болу өнер жолына алғашқы қадамын жасаған Меруерт Қаратайқызының шығармашылығына үлкен серпін берді. Фильмнің түсірілуі кезіндегі атақты суретші Гүлфайруз Исмаилованың жас актрисаға көрсеткен қолдауы тіпті ерекше болды. Жібектің анасын ойнай жүріп әрі картинаның суретшісі болған Гүлфайруз Исмаилова – Меруерт Қаратайқызының көркем бейне жасауына қолдан келген көмегін аямады.
Қазір «Қыз Жібек» фильмін білмейтін жан жоқ шығар. Тіпті алыс-жақын шетелдіктер Қазақ елін осы фильм арқылы таныды. «Қыз Жібек» – тек қана мәңгілік махаббатты емес, сондай-ақ елдік сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамтыған кино. Содан болар, ол басқа картиналармен салыстырғанда, өміршең болды. Тіпті бастапқыдай халықтың сүйіспеншілігінен әлі де тайған жоқ. «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры ойдан шығарылған емес, шынайы өмірде болғандығымен де қызықты шығар. Демек, халықтың аңыз-әпсанадан бұрын, тарихи оқиғаны бағалайтыны байқалады. Одан бөлек бұл картинаға Сұлтан Қожықов режиссерлік етіп, Ғабит Мүсірепов оның сценарийін жазса, композитор Нұрғиса Тілендиев пен ақын Қадыр Мырза Әлі ағаларымыздың да атсалысуының өзі киноны классикаға айналдырды.
«Қыз Жібек» фильмінен кейін бірден қалың көрерменге танылған Меруерт Өтекешова қазақ киноларында көптеген туындыға түсті. Олардың ішінде – «Ғани Мұратбаев» (1971), «Ұлдың оралуы» (1977), «Қосымша сұрақтар» (1978), «Тентек балалар» (1980), «Аждаһа жылы» (1981), «Өрнек» (1981), «Өтелмеген парыз» (1983), «Жауын», «Ақ бақсы» («Мосфильм», 1982), «Шоқан Уәлиханов» (1983), «Провинциялық хикая» (1981), «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» (1985), «Махамбеттің жебесі» (2008), «Арман қала» (2009), «Секіріс» (2010) фильмдерінде, сондай-ақ «Хабар» агенттігінің «Жаным» (2010-2012) телесериалы бар.
КСРО және Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберханасын ойдағыдай тәмамдаған Меруерт Қаратайқызы жас актриса болып 1973 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына келді. Ұлттық сахна өнерінің көкжиегін кеңейтіп әлемдік аренаға шығаруға атсалысқан ерекше дарын иесі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссерлік мектебінен өтті. Ә.Мәмбетов сахналаған қойылымдар ұлт құндылығы десек, актриса Меруерт Өтекешова ұлттық классиктеріміздің драматургиясын кәсіби биік тұрғыда меңгере білді. М.Өтекешованың кинодағы бойтұмары Қыз Жібек десек, актрисаның «сахналық төлқұжаты» М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы – Қарагөз бейнесі. М.Әуезовтің қаламынан туған қай дүние болсын, барлығына биіктік пен тереңдік тән. Өмір-өнерге келген жүздеген кейіпкерлер, алуан бейнелер бұл күнде ұлтымыздың асыл қазынасына айналды.
М.Әуезовтің ұлы суреткерлігін дәлелдейтін дүниесінің бірі, бірегейі – «Қарагөз» трагедиясы, міне, сексен жылдан астам уақыт, сахна төрінде ұлттың тағдыры мен болмысын шертіп келеді.
«Қарагөз» трагедиясының көркемдік ерекшеліктері мен стилі, драматургиялық тілі, сахналану тарихы хақында Ә.Тәжібаев, Р.Нұрғалиев, Б.Құндақбаев, Т.Жұртбай, Б.Нұрпейіс, т.б. көптеген зерттеушінің еңбектері мен ғылыми мақалалары бар. Жан-жақты зерттелген. «Қарагөз» шығармасы қай жағынан алсаң да, әлемдік драматургияның үздік үлгілерімен иық теңестіре алатын кесек дүние. Трагедияға тән көркемдік компоненттердің барлығы қамтылған. Психологиялық иірімдері мол, эмоциялық бояулары өте қанық.
Трагедияның басты тақырыбы дәстүр мен жаңашылдықтың қарама-қайшылығы, махаббат пен ғадауаттың, намыс пен қызғаныштың текетіресі, тентектік пен тектіліктің, еркелік пен естіліктің, ғашықтық пен парасаттың күресі.
Қазақ драматургиясының алтын қорына қосылған бұл шығарманың идеялық мазмұнын ұлы суреткер М.Әуезовтің өзі былайша ашып көрсетеді. «Жалпы, трагедия тақырыбы беймезгіл заманда жолсыз өмір кешіп, ерте тартқан қайғы-зардың уынан қаза тапқан өнерлі жастар жайы: асықтық пен ақындық құмарлығына елтіген уыз жастар жайы.
Трагедияның екінші айқындаған идеясы азаптан туған ақындық, қан-қайғыдан туған қаза, жеке бастың ғана күй-шерінен басталып барып, халықтық қайғы-қамды ұсынуға беттеген шабытты көрсетпек». Трагедияның басты қаһармандары, бір-біріне ессіз ғашық Сырым мен Қарагөздің өзара іңкәрлік сөздері мына диалогтермен айқын көрінеді.
Сырым: Қара түндей қасірет ортасында жалғыз шырақ-жарығым, маңдайдағы жұлдызым! Торға түскен ақтотым...келші күнім!..
Қарагөз: Жаным, Сырым! Менің бар дүниеден бөліп-жарып алғаным – бір ғана сен өзіңсің. Қандай азап көрсем де, қай қайғыда тебіренумен жүрсем де, жүрегімнің түбінде құпия боп тығылған жалғыз бір сәулем бар. Өз ішімде жанған сол күнім, сөнбес жарығым бар...Соным-өзіңсің, сен ғанасың...
Меруерт Өтекешова сомдаған Қарагөз – адалдықтың, өршілдіктің, махаббаттың синонимі іспеттес бейнеге айналды. Қойылым финалында сахна кеңістігінен Сырымды ойлап азап пен қайғының қасіретін кешкен, нағыз махаббаттың құрбанына айналған Қарагөзді көресіз. Қарагөз – Меруерт, Сырым – Әнуар, Нарша – Құман үштағанын көріп көзайым болған, мәскеулік театртанушылар, Ә.Мәмбетов режиссурасымен сахналанған бұл қойылымға ұлттың болмыс-бітім мен өмір сүру дәстүрін арқау еткен заманауи формалармен қаруланып, бүгінгілік сипатқа ие болған спектакль деп жоғары баға берді. Актриса М.Өтекешова Қарагөздің психологиялық толғаныстарын, күйзелген, жынданған сәттердегі ішкі иірімдерін шебер жеткізе білді. Бұл спектакль Ресейдің «Культура» арнасының алтын қорында сақталған.
М.Әуезов драматургиясындағы сөз астарын ашу, қала берді сыртқы физикалық әрекет пен ішкі психологиялық жай-күйді ұштастыру жолында М.Өтекешова кәсіби жоғары шеберлік пен биік артистизмді көрсетті. Меруерт Қаратайқызы сомдаған Қарагөз бейнесі – тұтас бір әлем.
Белгілі театр реформаторы В.Немирович-Данченконың «Бүгін. Дәл қазір. Осы жерде» деген атақты принципін еске алсақ, «Қарагөз» – бүгінгі таңда өте өзекті дүние. Қазіргі қазақ қоғамының өзекті мәселелерін дөп басатын шығарма. Дәстүрге қарсы күресетін «Сырымдар», оған қарсы шығатын «Наршалар», өз сезіміне өзі тұншыққан «Қарагөздер» ортамызда әлі бар. «Қарагөз» трагедиясы сонысымен ешқашан ескірмейтін, адами биік рухани құндылықтарды арқау еткен өміршең дүние.
М.Өтекешова театр сахнасында «Қарагөзден» бөлек, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы – Еңлік, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» драмасындағы – Әлиман, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді» драмасындағы – Бану, Т.Ахтановтың «Жоғалған дос» драмасындағы – Ғайни, Д.Исабековтің «Әпке» драмасындағы – Гауһар, Н.Әбуталиевтің «Өттің, дүние» драмасындағы – Ханша, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасындағы – Бәтестің анасы және қазіргі заманғы драматургияның көрнекті өкілдері А.Сүлейменов, Д.Исабеков, Т.Нұрмағанбетов, Р.Мұқанова туындыларында заманауи кейіпкерлерді сомдады. Қазақ аруларының біртуар бейнелерін Меруерт Өтекешова өзінің табиғаты мен талантына тән өміршең болмыс-бітімімен өрнектеді.
Меруерт Қаратайқызы – бүгінгі таңда перзенттерінен немере сүйіп отырған аяулы ана, асыл әже. Елордамыздағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры ретінде өз шеберханасында болашақ әртістерге кәсіби білім береді. М.Өтекешованың ұлттық театр және кино өнеріндегі актерлік шығармашылығы мен өмір жолы – жас буынға жарқын үлгі.
Асхат МАЕМИРОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
PhD докторы, профессор
Достарыңызбен бөлісу: |