Шушекова Жанар
Семейдің Абай атындағы облыстық кітапханасының қызметкері
Қазақтың Паганиниі
Қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әйткеш Толғанбаевтың
туғанына – 90 жыл.
(1924-1995)
Әйткеш Толғанбаев 1924 жылы Семей облысы, Шыңғыстау ауданы, Қаруыл ауылында туған. Қазақтың тұңғыш скрипкашысы. Алматы музыка училищесін бітірген (1942), Ұлы Отан соғысына (1942-45) қатысушы. 1945 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түседі. 1946-1955 жылдары репрессияға ұшырап, Колымада болады. Репрессиядан ақталып шыққан соң 1956 жылы консерваторияға түсіп, оны 1961 жылы бітірген. Консерваторияда ұстаздық қызмет атқарды. Қазақ әндері мен күйлерін, қазақ композиторларының шығармаларын өңдеп, скрипкаға лайықтап жазды. Оларды және классикалық шығармаларын өзі орындап, таспаға жаздырды. Өз өмірінен «Исповедь судьбы жестокой» деген кітап жазып шығарды. Ол орындаған музыкалық шығармалар ұрпаққа асыл мұра болып, қазақ радиосының «Алтын қорында» қалды.
Өмірдің алғашқы соққысы оған аштық жылдары сезілген еді. Аштықтан естері ауып, өз балаларының етін жегендерді көзімен көреді. Жағдайдың беталысынан тіксініп, барлығын бірдей аман сақтап қала алмайтындарына көзі жеткен үлкендер бірнеше баланы Жармадағы балалар үйіне тапсырады.
Баян, сырнай тартқан орыс жұртын көріп, сол кез үшін таңсық саналатын аспаптардың үніне елітсе керек. Бұл аспаптарды үйрену де талапты жасқа жеткіліксіз көрінді. Сөйте-сөйте Семей қаласындағы кинотеатрларда ойналған скрипка әуеніне біржола көңілі құлайды.Радиодан берілген скрипка үнін тапжылмай тыңдауды машық еткен інісінің бұл талабын жете бағалаған Балтақай 91 сомға скрипка сатып әперген күні ол музыкант болуым қажет деген байламға келеді. Сөйтіп, 1936 жылдың сәуірінде көркемөнерпаздар байқауына қатысып, Латиф Хамиди, Ілияс Жансүгіров сынды аузы дуалы қазылардың батасын алады. Сол кезде қазақтың күй өнеріне өлеңнен ескерткіш орнатқан І. Жансүгріов жас скрипкашының талантына тәнті болып, облыстық газетке жылы лебізді мақаласын берген көрінеді.
Осылайша бірінші ұмтылысынан-ақ көзге түскен дарынды талапкер сол кездегі Семей музыкалық театрының композиторы, әрі дирижері Л. Хамидидің нұсқауымен қазақ музыкасының корифейі А. Жұбановтың алдынан өтіп, драмалық-музыкалық техникумда Ленинградтан жер ауып келген И. Лесманның шәкірті атанады. И Лесман бір естелігінде былай деп жазады: «Өмірде бірінші рет осындай алғыр, дарынды оқушыны кездестіріп отырмын» деп шәкіртінің талантын қатты бағалаған. Көп күтпей-ақ Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» спектакльінде және П. Чайковскийдің күрделі шығармаларын ұжымдық орындауларға қатысу арқылы шеберлігін шыңдайды.
Оның студенттік өмірі де аштықтан ес жинай қоймаған бей-берекет кезге келеді. Бұдан кейін сұм соғыстан хабар жетіп, асыл армандары аяқсыз қалады. Майданда Гриша атанған ол жауынгерлердің өтініші бойынша әртүрлі ұлттың әуендерін скрипкаға салып, серіктерінің көңілін көтерумен болған екен. 1942 жылдың қыркүйегінде бір кескілескен шайқаста ауыр жараланып, тұтқынға алынады.
Бах, Моцарт, Бетховен сынды ұлы композиторларды дүниеге әкелген немістердің сүйікті аспабында ойнай алғанның арқасында талай рет жендеттердің қолынан аман қалған А. Толғанбаев Фрайбург қаласында тұтқындағылардан арнайы ұймыдастырылған концертте қазақтың халық әні «Елім-айды» скрипкада ойнап, Еуропа төрінде азалы әуеннің зарын төгеді.
Бах, Моцарт, Бетховен, Шуберт, Верди, Паганини,Чайковский және тағы басқа ұлы композиторлардың классикалық шығармаларын скрипкада орындап, жауын өнер құдіретімен табындырды.
Кезекті концерттердің бірінде Бетховеннің романсы «Соль-Мажорды» орындауда, залда отырғандар скрипканың әрбір дыбысын қалт жібермей, тыңдауда. Олардың Әйткештің орындау шеберлігіне таңғалғандары соншалық, оны көпке дейін сахнадан жібермей қойды. Еуропалықтар үшін мұның үлкен жаңалық екенін музыкант жақсы түсінді. Өйткені, қайдағы бір «жабайы азиаттың» алыс түкпірдегі Еуропа музыкасын соншалықты шабытпен, асқан шеберлікпен орындағанына сенудің өзі қиын еді.
Туа біткен талант иесі, қазақтың скрипка өнерінің негізін салушы, тұңғыш кәсіпқой музыкант Әйткеш Толғанбаев тағдыр тәлкегімен Батыс Еуропаны аралап, көптеген қиыншылықтарды басынан өткізеді.
Бұдан кейін ол «Түркістан» легионына алынады. Небір зобалаңды көзбен көрді. 1945 жылы одақтас ағылшын-американ әскерлерінің көмегімен босатылған тұтқындармен бірге ол Италияның Торонто қаласына жеткізілді. Әйткеш жарты әлемді дүр сілкіндірген алапат соғыстың Жеңіс сүйіншісін Римдегі Кеңес елшісінде вахтер болып жүріп естіді. Мұндағы күндер оның өмірінің ең бір жаймашуақ кезеңі еді. Бос уақытында Италияның атақты театрларын аралап, операларды тыңдаумен болды.
Әйткеш соғыс біткен соң 1945 жылы Рим елшілігінде қызметке қалдырылды. Бірақ дарынды музыкант туған жерге деген сағынышпен елге оралды.
1946 жылдың аяғында елге оралған Айткеш әуелде бұрыңғысындай қазақ зиялыларымен аралас-құралас болып, шығармашылыққа ден қоя бастайды. 1946 жылы еліне оралып, өнер жолында халқына еңбек етпекші болған өнерпазға «Отанын сатқан» деген айып тағылып, 1947 жылы 25 жылға Магаданға айдалады. Сол кездегі саясаттың қолшоқпары болғандар оның өмірін қор етті. Жазықсық жаламен жапа шегіп, тағдыр тәлкегін басынан өткерді.Тірлігінде тозақ отына күйіп, көрмегенді көрсе де, ар-намыс үшін күресе білді. Адамшылық, кісілік қасиеттердің қандай болу керектігін танытты. Оның өмір жолы – ерліктің, қайсарлықтың, адалдықтың азаматтықтың үлгісі.
Тергеуде оны Түркістан легионында жүріп, М. Әуезов, А. Жұбанов, Е. Исмаиловпен байланыста болғанын мойындатпақ болып, мейлінше азаптайды. Консерваторияға түстім-ау көңілдегі көрікті ойлар музыка дыбысына айналып, скрипка ішегінен әуен болып төгілетін болды-ау деген кезде тағы да кедергіге тап болады. МҚК соңынан түсіп, «ағылшынның шпионы», «халық жауы», «сатқын» , «кеңеске қарсы шығушы» деп қаралайды. Қырық түрлі жала жауып, ойдан құрастырылған «ертегінің» ең жағымсыз кейіпкері етіп шығарады. Карцерге тығып, ұрып-соғып, азаптап, көрмегенді көрсетеді. Күштеп мойындатып, 25 жылға бас бостандығынан айырып, еңбекпен түзеу лагеріне жіберіліп, 5 жылға саяси құқығынан айырылады. Сібірден өтіп, Магаданның лагеріне жетеді. Соңынан қалмаған қырсықтан Ахмет Жұбановтың арқасында ақталып шықса да, соғысқа қатысқан ардагер ретіндегі жеңілдіктерден айырылды. Сол кезден бастап, Тәуелсіздік таңы атқанға дейін, өзінің саяси бостандығы үшін күресіп, Мәскеуге сан рет барып, қайтқан Әйткеш Толғанбаев тек 1992 жылдың мамырында ғана Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының шешімімен «1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбаны» деп танылып, толық ақталып шығады.
Еліміздегі кәсіпқой скрипка мектебінің негізін қалаушы, «Қазақтың Паганиниі» Түркістан легионының мәжбүрлі жауынгері, бұрынғы Гулаг тұтқыны атанып, бар ғұмыры күреспен өткен Әйткеш Толғанбаев 1995 жылы өмірден озды. Соның өзінде оның артында Қазақ радиосының алтын қорында скрипкада орындаған музыкалық шығармалары, өнердегі өшпес өмірін жалғастырушы шәкірттері, орыс және қазақ тілдеріндегі «Қатал тағдыр тәлкегі» атты естелік кітабы қалды.
Көңілге демеу болар жалғыз нәрсе, «Музыкант» атты деректі фильмнің түсірілуі және еліміздің көптеген қалаларында фильмнің тұсаукесерінің өткізілуі. Бұл фильмнің тұсаукесері Семей қаласында да өткізілді. Әйткеш ағаның қызы Сәулетай толқи сөйлеп, бұл фильмнің жалғасы бар екенін ескертті. Абай атындағы музыкалық-драма театрының әртістері Шопан Кәрібаевтың «Тұманды таңда жоғалған бейне» драмасын көрсетті.
Скрипканың құдіретті үнімен Еуропалықтарды тәнті еткен өнерпаз Әйткеш Толғанбаевтың есімі кейінгі ұрпақ жадында мәңгіге қалары сөзсіз.
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
Толғанбаев Ә. Қатал тағдыр тәлкегі.- Алматы,2001.- 133 б.
Кенжебай М. Скрипка сиқыры// Жас қазақ.- 2012.- 28 желтоқсан.- б.1,8
Кәкен А. Қазақтың Паганиниі// Семей таңы.- 2012.- 28 тамыз.- б.5
Қамбаров Ж.Әлемді шарлаған әмбебап скрипкашы Әйткеш Толғанбаев туралы сыр// Ертіс өңірі.- 2012.- 5 желтоқсан.- б.11
Мұхтарханқызы З. Қазақтың Паганиниі// Мәдениет жаршысы.- 2009.- №3.- б.13-14
Нақтыбайұлы Е. «Түркістан» легионында тұтқында болған скрипкашы қазақ//Дидар.- 2012.- 11 мамыр.
Cәрсенбай Қ. Қазақтың Паганині: (Скрипкашы Ә. Толғанбаев хақындағы толғаныс)// Егемен Қазақстан.- 1994.- 20 тамыз.
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы
Ақпараттық-библиографиялық бөлімнің библиографы Чушекова Ж.М.
Достарыңызбен бөлісу: |