«ҚазақТЫҢ» тағдыр тауқыметі



Дата19.06.2016
өлшемі291.44 Kb.
#147793
«ҚАЗАҚТЫҢ» ТАҒДЫР ТАУҚЫМЕТІ
XIX ғасырдың екінші жартысына қарай, дәлірек айтсақ, 1863-65 жылдары Черняевтің әскері Әулиеата, Шымкент, Түркістан қалаларын жаулап алумен, қазақ даласын толық қол астына қаратқан патшалық Ресей әкімшілігінің алдында ендігі жерде осынау байтақ өлкені "игеру" міндеті тұрды. Ол тарих жүзіңде екі жолмен жүзеге асырыла бастады. Әуелі, ұлтымыздың ұлы ғалымы Ш.Уәлиханов тап басып көрсеткендей, "қазақтарда орыс әкімшілігінің бекітуінсіз хан болу мүмкін еместігі туралы пікір қалыптастыру"1 мақсатын көздей отырып, біраз "жетістіктерге" қол жеткізді. 1822 жылғы дала қазақтарын басқару туралы жаңа ереже - "Сібір қырғыздары туралы жарғының" қабылдануы соның алғашқы "жемісі-тін". Бұл жарғы бойынша, "патша үкіметі қазақ даласын еркін иемденіп, хандық билікті жойып, аға сұлтандыққа ауа бастады"2. Ал ол отаршыл саясаттың қазақ жерін жүгендеп ұстауына мүмкіндік туғызды.

Алайда, соған қарамастан, қазақ даласының хандық дәрежедегі саяси тәуелсіздігін біржола жойған бұл реформаның өзі, көп ұзамай, отаршыл Ресей патшалығының тақиясына тар келе бастайды. Әсіресе, Арғынғазы Әбілғазиев пен Кенесары Қасымов сынды аға сұлтандардың бас көтеруі, тіпті Кенесары бастаған көтерілістің ұлт-азаттық күреске ұласуы оны өзгерту талабын алға тартқанды.

1868 жылы 21 қазанда патша өкіметі бекіткен "Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару жөніндегі Уақытша Ереженің" дүниеге келуінің басты себебі де сол болатын. Оны "Қазақ" газетінің 1917 жылғы 8-қаңтарда жарияланған "Тарихи жыл" деген мақаласында Міржақып Дулатов "ақтабан шұбырынды" заманының зардап-залалымен қатар қойып қарастырады.

_____________________________



1 Валиханов Ш.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. -Алма-Ата, 1985, т.4, стр 115.

2 Мұқанов С. XX ғасырдағы қазақ әдебиеті: -Алматы: Қазақстан баспасы, 1932, 21-бет.

Оның себебі, "бөлшекте де билей бер" саясатының пайдасынан дәм татып қалған патша өкіметі осы жарлығы арқылы тұтас жатқан қазақ даласын тоз-тозын шығарып бөлшектеп, оларға өздеріне тікелей бағынатын басшылық жасау жүйесін таңған болатын. Бұл деген сөз, бір жағынан, қазақ халқының тұтастығына қазылған ор, екінші жағынан, отаршыл күштің үстем саясатына ашылған даңғыл жол екендігін тарих дәлелдеп берді емес пе?

Улы империялық ауруға шалдыққан Ресей патшалығының қазақ даласын отарлауда ұстанған екінші жолы біріншісінен де гөрі анағұрлым қауіпті әрі анағұрлым кеселді болып келді. Бұл жергілікті жұртты орыстандыру арқылы ұшы-қиырсыз қазақ жерін империяның географиялық құрамды бөлігіне айналдыруды мақсат тұтқан патшалық әкімшілік үшін "ең сенімді" жол болды. Ол Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ даласына қоныс аудару арқылы жүргізілді. Мұны қолға алғанда патша үкіметі мынадай үш түрлі пайда ойлады:

Біріншіден, "қара шаруа переселендерін сыртқа көбірек жіберіп, Орталық Ресейдегі жер дағдарысынан құтылмақ болды"1. Екіншіден, ол отандастарының алдындағы абырой-беделін асырып, жақсы атты көрініп қалу үшін де ұтымды саясат еді. Үшіншіден, өз қандастарының қол астындағы ел территориясына кең жайыла орналасып, жергілікті жұртты тықсыра, қоян-қолтық аралас отыруы отарлау саясатын батыл әрі қалауынша, емін-еркін жүргізуге қолайлы жағдай туғызады деген мысық тілеуі де жоқ емес-тін. Басқаша айтқанда, қоныс аударушы орыс шаруаларын қазақ даласын "игеруде" өзіне саяси-әлеуметтік тірек ете отырып, түпкі мақсатына тезірек қол жеткізуге күш салды. Сол себептен де переселен мәселесіне ерекше мән беріп, оны шұғыл да ауқымды жүргізіп отыруға тырысып баққан. Оны мынадай статистикалық мәліметте айқын аңғартады. 1917 жылға дейін Қазақстанның 45 млн. гектарға жуық жер көлемі қазақтардың игілігінен


_____________________________

1 Аспандиярұлы С. Қазақ тарихының очерктері. -Алматы: Қазақстан баспасы, 1932, 21-бет.

казак-орыс әскерінің, қоныс аударушы орыс және басқа еуропалық шаруалардың, сондай-ақ патшалық мемлекет мекемелерінің пайдалануына өткен2.

Ал ол кесіп алынған жерлер топырағы құнарлы, ең шұрайлы аймақтар екендігі бесенеден белгілі.

Бұл процесс, әсіресе, XX ғасырдың басында өте жоғары қарқын алады. Мәселен, 1896-1905 жылдар аралығында Ақмола, Торғай, Орал және Семей облыстарына 294 296 шаруа қоныс аударса, ол 1906-1910 жылдары 770 000 жанға өскен3. Оның соңы қазақ облыстары тұрғындарының ұлттық құрамына да кері әсерін тигізбей қоймады. Тарихшы-ғалым М.Қойгелдиев жоғарыдағы еңбегінде 1905 жылмен салыстырғанда, 1910 жылға дейінгі қоныс аударушылардың қатары екі еседен артық өссе, есесіне, жергілікті жұрттың үлес салмағы 12,9 пайызға кемігендігін тарихи деректермен дәлелдейді. Бұл отарлау саясатының осы үшінші жолын құныға қолға алған Ресей патшалығының шын мәнінде қазақ жерінің тізгінін уысында ұстап отыруға қол жеткізгендігін көрсетеді. Осылайша көлемі ұшан-теңіз өлкенің табиғи байлықтарын тонап, ал халқын отарлау саясатының құрбандығына айналдыруға мықты негіз қаланған еді.

XX ғасыр қазақ даласы табалдырығын, міне, осындай ауыр жағдайда, түнере аттады. Ғасыр басында қазақ халқының тарихи тағдыры қыл көпірдің үстінде тұрды. Бір жағынан, Ресей империализмінің пәрменді отарлау саясаты, екінші жағынан, ортағасырлық мешеуліктен арыла қоймаған, ескі, күні өткен феодалдық қатынас қатар қыспағына алған ұлтымыздың болашағына үлкен қауіп төнді.

"Қазақ" газеті басқармасы кейінірек мұны "түнерген-түнерген қара бұлттарға" теңеп жазды. Апталықтың алғашқы санында жарияланған оқырмандарға арнауында:

____________________________

2 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. —Алматы: Санат, 1995, 50-бет.

3 Тұрсынбаев А.Б. Из истории крестьянского переселения и Казахстане. — Алма-Ата: Издательство АН КазССР, 1950, стр.34.

"Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген қара бұлттар көрінеді. Түбі қандай белгісіз. Не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма, болмаса, дауыл боп соғып, үй-ішімізді шашып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң аяқ, жалаң бас, жеңдеріміз киюсіз, етектеріміз жиюсыз, ашылып-шашылып, қамсыз жатқан халықпыз" - деп жазып, ғасыр басындағы еліміздің басына төнген қауіпті жайды бейнелі түрде бүркемелей жеткізді.

Міне, осындай "тар жол, тайғақ кешуге" тап болып, халқымыздың тағдыры тығырыққа тірелген тарихи кезеңде азаттық күреске қазақ қоғамы үшін мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күш – ұлттық интеллигенцияның араласа бастауы заңдылық та болатын. Олардың бірі "Маса" болып шағып, екіншісі "Оян, қазақ!" деп жар салып, қалың ұйқыда жатқан елін тұртіп оятып, көкірек көзін ашуға, етек-жеңін жиғыза, өз қам-қаракетін өзіне жегізуге үн тастап, дабыл қақпасқа амалдары да қалмаған. Сонымен ғана шектелмей, "Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн боламды" ойлағанда "сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі - газет" (А.Байтұрсынов) деп біліп, жалпы ұлттық басылым шығару идеясын жүзеге асыруға ұмтылған.

Бұл идея сонау 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде 14 500 адамның қолы қойылып, Петербургке жіберілген әйгілі Қарқаралы петициясынан бастау алатынына тарих куә. Сол арыз-тілекте патша үкіметінің алдына қойылған негізгі талаптардың қатарында қазақтардың "ағымдағы қажет-тіліктерін айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару керектігі"1 алға тартылған болатын. Бұл Петербург, Омбы, Том, Орал, Троицк және басқа да қалалардағы қазақ зиялыларына ой тастаған соны бастама болды. Соның нәтижесінде XX ғасырдың алғашқы он жылдығында бірқатар бейресми төл басылымдар дүниеге келе бастады.


_____________________________

1 Брайнин С. Шафиро Ш. Очерки по истории Алаш-Орды, приложение №1, Каркаралинская петиция. —Алма-Ата — Москва, 1935, стр. 95.

Оның алғашқысының бірі – "Серке" газеті. Ол 1907 жылы 28 наурызда Петербургте шыға тұрған татардың "Үлфәт" газетінің қосымшасы болып, Мемлекеттік думаның депутаты, мұсылмандар партиясы жетекшілерінің бірі – Шаһмардан Қосшығұловтың басшылығымен, Әбдірашид Ибрагимовтың редакторлығымен жарық көрген.

Бұл жөнінде қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге қомақты үлес қосқан, тұлғалы ғалым Б.Кенжебаев мынадай мәліметтер келтіреді: "Үлфәт" газетінің редакторларының бірі "Нажат" (Азаттық) деген журналға былай деп жазды: 1906 жылдың ақырында "Үлфәттің" қазақ оқушыларына арнап қазақ тілінде "Серке" атты екі жетілік газет шығаруға қарары болды. Келесі жылы март айының басында сол газеттің жариялануы шықты. Артынша, 28 мартта бірінші саны шықты. Ол "Үлфәт" газетінің қосымшасы болып шықты. Газет шыққан соң бірер күн өткеннен кейін полиция келіп, қала начальнигінің "Серке", "Үлфәт" газеттерінің ұсталғаны туралы әмірін оқып, басқармада бар даналарын жинап алып, құлыптап кетті. Екінші күні тиісті орындардан себебін сұрағанымызда, олар: "Серке" газетіндегі кейбір мақалаларда қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар. Содан ұсталды деп жауап берді"1.

Осындағы "қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар" деп айыпталған "кейбір мақалалар" ардақты алаш азаматы Міржақып Дулатовтың "Жастарға" деген өлеңі мен "Біздің мақсатымыз" атты мақаласы екендігі бүгінде баршамызға белгілі болып отыр. Олай десек, бұл басылым мен "Қазақ" газеті арасында тығыз байланыс бар екендігіне көз жеткіземіз. Жақаңның, Міржақып Дулатовтың "Серкеден" бастау алатын журналистік қызметі кейіннен "Қазақта" жалғасын табады. Осы басылым арқылы бір кездері жастардың, соның ішінде өзінің алдына қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға білек түре, белсенді түрде атсалысады.


_____________________________________

1 Кенжебаев Б. Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары. — Алматы: Қазмем баспасы, 1958, 26-бет.

Ендеше екі басылымның да ұстанған жол, бағыт-бағдары, мұраты бір болды деп қабылдауымызға толық негіз бар. Олай десек, бүгінде ұлттық бағыттағы бейресми, саяси-демократиялық баспасөздің алғашқыларының бірі деп бағаланып жүрген "Серке" газетін "Қазақтың" ізашары деп қарастырсақ негізсіз болмайды.

Дегенмен, бұл екі басылымның аралығында аттай жеті жыл уақыт бар екендігін ұмытуға болмайды.

Осы мезгіл ішінде қазақ баспасөзінің тарихы тағы да бірнеше басылымға толықты.

"Серкеден" сәл ертерек Троицк қаласында "Қазақ газеті" дүниеге келді. Бірақ, оның да ғұмыры қысқа болды. Араб және кирилл емлесімен екі тілде – орысша-қазақша жарық көріп, бір санынан кейін шығарылуын тоқтатты. Мұның ізін суытпай қазақ оқығандары Том қаласында да газет шығару ісін қолға алғанды. "Дала" газеті - соның жемісі. Алайда, ол да жөргегінде тұншықтырылып, бір-ақ саны шығып, алдыңғы басылымдардың кебін киген. Осыдан-ақ патшалық әкімшіліктің қол астындағы "бұратана" жұрттардың мәдениетінің "гүлденіп дамуына" қандай "үлес" қосқанын аңғару көп қиындыққа түсе қоймас. Бұдан да отаршыл озбыр саясаттың иісі мүңкіп тұрған жоқ па?

Соған қарамастан, ұлттық бейресми басылым шығару ісі біржола тоқтап қалуы мүмкін емес еді. Патша үкіметінің оны ауыздықтап ұстауға 4-5 жыл ғана шамасы жеткен. Алғашқы орыс революциясынан кейінгі реакция жылдарында біраз саябыр тапқан ұлттық бейресми газет-журнал шығару идеясы, оның есесіне, революциялық өрлеу жылдары (1910-1912) қайта маздап жанады. Соның нәтижесінде қос бірдей төлтума басылым дүниеге келгені баспасөз тарихынан белгілі. Оның бірі – 1911 жылдың 11 қаңтарынан Троицк қаласында шыға бастаған қазақтың тұңғыш журналы "Айқап" та, екіншісі – оның ізін ала әуелі Бөкей ордасында, 5-санынан бастап Орал шаһарында жарық көрген "Қазақстан" газеті.

Әсіресе, "Айқап" журналының дүниеге келуі ұлттық баспасөзіміздің тарихында айрықша атап өтуге тиісті ерекше оқиға болды. Оны қазақ қоғамы аса қымбат, жүрекжарды қуаныш сезіммен қарсы алды. Журналдың қалың ұйқыда жатқан туған халқын сілкіп оятып, етек-жеңін жиғыза, ілгері басуына жолбасшылық еткен қызметін кейінірек "Қазақ" газеті төңірегіне топтасқан Ә.Бөкейханов бастаған алаш азаматтары да жоғары бағалап, жылы қабылдаған. Сөйтіп алғашқы кезде журнал жұмысына бір кісідей атсалысып, "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара" қызмет етіскен. Оған "Айқапта" жарияланған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатовтың мақалалары - айқын дәлел. Алайда, бұл бірлесе қызмет етулерінің ғұмыры ұзақ болмаған. Күн өте келе жоғарыда аты аталған алаш ардақтылары азаттық жолындағы күресте бір ғана журналмен шектеліп қалуға болмайтындығына көздері жетіп, жаңа басылым шығару идеясының жетегінен ұстайды. Оған, біздіңше, екі түрлі себеп болған.

Біріншіден, ғасыр басында қазақ қоғамында екі саяси ағымның пайда болуы соған итермелеген. "Оның бірі – діни-ұлттық деп аталуы мүмкін және оның мұраты қазақтарды басқа мұсылмандармен діни тұрғыдан біріктіру болып табылады. Екіншісі - батыстық бағыт, олар қазақ даласының болашағын кең мағынадағы батыстық мәдениетті жүзеге асырумен байланыстырады. Алғашқысы, шамасы, үлгі ретінде мұсылман, татар партияларын алар, ал екіншісі оппозициялық орыс партиясын, соның ішінде халық бостандығы партиясын алар",- деп жазады ол ағымдар турасында, өзі осы соңғы топтың жетекшісі болған, көрнекті қоғам қайраткері Ә. Бөкейханов1.

Бір ескерерлік жай, бұл екі ағымның арасында үлкен жік туып, ол идеялық қақтығысқа ұласты деуге ешқандай негіз жоқ. Рас, кейбір мәселелер бойынша пікір алалығы кездесіп отырған. Бірақ, ол мақсат-мұраттарының ұштаспайтындығынан емес, соған жетуде тандаған жолдарының
_________________________________

1 Букейханов А. Киргизы (Казахи о русских до 1917 года). -Оксфорд, 1985, стр.9

әртүрлілігінен туындайтынын көреміз. Мәселен, осы екі ағымның ең алғашқы айтысқа түскен мәселесі – қазақ тілінің әліпбиін қалыптастырудағы түрлі көзқарастары. Мұндағы басы ашық нәрсе – екі жағы да қазақ тілінің таза сақталып, өсіп-өркендеуін құптап, қолдайтындығы. Бірақ соны жүзеге асыруда екі түрлі жолды таңдауы талас туғызған. Алдындағы ағымдағылар сол кезде қолданыста жүрген қадым жазуды өзгертпей пайдалануды қолдап, олай етпесек, түрік тілдес халықтардың тұтастығына сызат түсіріп аламыз деген пікірде болса, кейінгі ағымдағылар онымен келіспеген. Қазақтың өз жазу үлгісі болу керектігін айтып, оны тез арада құрастыру міндетін алдарына тартқан. Бұл жөнінде кейіннен тарихшы-ғалым С.Асфендияров өзінің "История Казахстана (с древнейших времен)" деген еңбегінде былай деп жазады:

"Одна часть, группировавшаяся вокруг журнала "Айкап" (М.Сералин, Д.Сейдалин) стояла на пантюркистской позиции блока с татарской буржуазией, за оъединение всех тюрков. Она вьщвигала требования оседания казахского населения и стояла за развитие татарских новометодовых школ. Другая группировалась вокруг газеты "Казах" начавшей выходить в 1913 г. (А.Букейханов, А.Байтурсынов, М.Дулатов). Эта часть требовала развития казахского языка, считая что "блок с татарами" приведет к ассимиляции (т.1, стр. 275)".

Жазу үлгісі туралы айтыс "Қазақ" газеті шықпай тұрып-ақ бастау алған пікірталас болатын. Ол қазақтың маңдайына біткен жалғыз журналы "Айқап" бетінде өрбиді. Журналдың 1912 жылғы 4-5 сандарында жарияланған А.Байтұрсыновтың, 8-нөмерінде жарық көрген М.Дулатовтың мақалалары – соның дәлелі. Олар "араб әріпінен қазақтың тіліне, дыбыс жүйесіне негіздеп әріп алу, соған сүйеніп оқу құралдарын жазып, мектеп тілін қазақшаландыру" мәселелерін көтереді. Бірақ бұл пікірлеріне журнал басшылығы қолдау көрсете қоймаған. "Батысшылдық бағыттағы" алаш азаматтарының өз алдына жеке басылым шығаруларына түрткі болған себеп те, міне, осы болса керек.

Кейіннен осы пікірталас "Қазақ" пен "Айқаптың" арасын ушықтыра түскен себепті ара ағайын ретінде (екі басылымға да тең жазып тұрғандықтан) басу айтқан көрнекті қалам қайраткері Б.Майлин "Қазақ" газетінің 1915 жылғы 138-санында жарияланған "Айқап" ойларында бар ма? "атты мақаласында: "Бұл екеуінің кейбір пікірлерінің біріне-бірі қиғаштығы, ол туралы бірсыпыра сөздің болып өткендігі оқушыларға белгілі. Бірақ ол тақырыпты араларында дұшпандық жоқ. Себебі екеуінің де мақсаттары бір еді.

Сондықтан бір жағын кіріптарлық етуге орын жоқ. "Айқаптың" басқармадан болған бір кінәсі – емле қиғаштығы. Емле туралы өнегені татардан алмай-ақ, әзірге бір емлемен бара тұруымыз жөн еді", - деп жазуы жоғарыдағы пікірлеріміздің негізсіз еместігін дәлелдейді.

"Қазақ" газеті дүниеге келуінің екінші себебі - әрине, ақпараттық сұраныстың арта түсуі. Айына бір мәрте, ал екінші жылынан (1912) бастап айына екі рет жарық көріп тұрғанына қарамастан, қоғамдық өмір өзгерістерімен ілесе, дер кезінде хабар таратып, пікір бөлісіп отыруға бір журнал тарлық ете бастаған. Яғни "жарты айлық шабандылығы" "Айқаптың" аяғына тұсау болып оралғанды. Осы "олқылықтың" орнын толтыру мақсатында, сондай-ақ өздерінің алға тұтқан мұраттары мен ұстанған жол, бағыт-бағдарларын қалың қазақ жұртына кең тарата жеткізіп, үзбей насихаттап отыру үшін "батысшылдар" "Қазақ" газетін шығаруға ден қояды.

Сонымен шын мәніндегі "халықтың көзі, құлағы һәм тілі" боларлық басылым шығару идеясының жүзеге асуына 8 жылдай уақыт (1905-1913) керек болды. Осы мезгіл ішінде, бір жағынан, бірінші орыс революциясы әсерімен қоғамдық-саяси қызметке қызу араласа бастаған қазақ зиялыларының жетекші тобы айқындала түссе, екінші жағынан, олардың отаршылыққа қарсы азаттық күресте әбден ысылып, мол тәжірибемен қарулануына мүмкіншілік туды. Соның нәтижесінде бұл топ 1913 жылдың басына қарай қазақ қоғамы үшін саяси күрестің мүлдем жаңа құралы – жалпыұлттық саяси басылым шығару идеясын жүзеге асырды. Шын мәнінде ұлттық сананың ұйытқысы бола білген, сөйтіп "өз ісімен - өзіне мәңгілік ескерткіш тұрғызған" (М.Әуезов) "Қазақ" газеті осылайша дүниеге келген болатын.

Жалпы, "Қазақ" газеті шыға бастаған 1913 жыл қазақ баспасөзі тарихында өнімді жыл ретінде аталып өтілуге әбден лайық. Уақытша тоқтап тұрған "Қазақстан" газеті қайта тірілсе, сонымен бірге қыркүйек айынан бастап Петропавл қаласында екі тілде (қазақ, татар) бір жыл бойы шығып тұрған "Ешім даласы" газетінің дүниеге келуі де осы жылдың еншісінде.

Осылайша 1913 жылы төрт бірдей басылым қазақ даласына үн таратып отырғанын байқаймыз. Олар - "Айқап" журналы мен "Қазақстан", "Ешім даласы" және "Қазақ" газеттері. Осылардың ішіндегі ең ұзақ шыққан әрі таралымы молы, сонымен қатар мазмұны бай, көтерген жүгі жағынан ең құндысы - "Қазақ" газеті. Мұны біз тұрмақ, кезінде осы басылымды жер-жебіріне жеткізе сынап-мінеген қаламгерлер де мойындап, ашығын жазбасқа лаждары қалмағандығын зерттеу еңбегіміздің кіріспе бөлімінде атап өткен болатынбыз.

"Қазақ" газеті 1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылдың 16 қыркүйегі аралығында аптасына бір мәрте, ал 1915 жылы жұмасына екі рет жарық көріп, барлығы 265 нөмірі басылып шыққан. Ұлттық мерзімді баспасөзіміздің қалыптасу дәуірінде мұндай ұзақ уақыт үзбей жарық көріп тұрған бейресми басылым жоқ. Оның үстіне, шығып тұрған уақытында қазақ даласында болған тарихи оқиғалардың шынайы шежіресіне айналып, ұлттық азат ойдың үясы қызметін қоса атқаруы газет құндылығын еселеп арттыра түседі. Бұл қырынан келгенде, "Қазақты" ұлттық сананың үйытқысы бола білген басылым деп бағаласақ, әсіре айтып, ауа жайылғандық болмайды.

Ұлтымыздың ұлы ойшыл ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының "Қазақ" газетінің жарық көруіне байланысты апталықтың 5 санында жарияланған халқына жүрекжарды құттықтауында жырмен өрнектелетіндей:

"Үмітті Орынбордан бала туды,

Қолына жарық сәуле ала туды.

Мақсаты қараңғыда жүрген жұртын

Ойлайды тура жолға қаратуды ",-

деген үмітпен өмірге келген "Қазақ" газетінің Орынбор қаласында жарық көруінің өзінде үлкен мән бар.

Бұл жөнінде тарихшы-ғалым М.Қойгелдиев өзінің "Алаш қозғалысы" деген еңбегінде біраз жайдан сыр ағытады. Біз ғалымның төмендегі ой-пікірлерін толық қолдай отырып, оның басқа да себебі болғандығын айта кеткенді жөн санаймыз.

Орынбор XX ғасырдың басына қарай күрт дамып, гүлденген қалаға айналды. Ол Орта Еділ сағасы мен Орал өңірінде Қазаннан кейінгі мәні ірі саяси және сауда, сонымен қатар мәдени орталық болып қалыптасты. Оған Қазақстан мен Орта Азияны өз империясының географиялық құрамына енгізуден дәмелі патшалық монархияның бұл шаһарды "ұлы қақпа" ретінде пайдаланғаны қатты әсер етсе керек. Осы себептен де бұл қалаға бірсыпыра еркіндіктер беріліп отырған. Соның бір ғана дәлелі ретінде 1906 жылдан бастап татар тілінде онға тарта газет-журнал шығаруға рұқсат етілгендігін ауызға алсақ та, оған айқын көз жеткіземіз.

Міне, осындай дамыған баспа мәдениеті бар қаланы қазақ зиялылары газет шығару үшін оңтайлы көріп, қалап алғаны, әрине, ұтымды тандау болған. Ол дәлелдеуді қажет етпейді.

Осыған қоса басылым басқармасы газетті Орынборда шығаруды ойлағанда тағы да бір мақсат көздеген десек, қателеспейміз. Ол осынау "қақпа-қаланы" патшалық отаршылыққа қарсы күресте өз пайдаларына жарату міндеті болатын. Әрине, бұл турасында ашық айтуға ол кезде мүлдем мүмкін еместігі белгілі. Бірақ газеттің тұспалдап жазылған материалдарымен мұқият танысқан кісі оны айқын аңғарады. Мәселен, апталықтың 1918 жылғы 258-санында жарияланған "Орда гербі (таңбасы)" деген мақалада біраз жайдан сыр тарқатылады. Онда газеттің екінші санынан бастап маңдайшасынан тұрақты орын алған Орда суретінің мән-мағынасына түсініктеме беріледі. Сол арқылы апталықтың ұстанған жолы, мақсат-мұраты мен атқарған қызметтері толық ашылып, айқындала түседі. Оған мақаланың өзін сөйлету арқылы көз жеткізіп көрейік: "Киіз үй – киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық кіретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндік күнбатыс жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын деген мағына еді. Үйдің есігі "Қазақ" деген сөзден жасалған. Ондағы мағына "Қазақ" газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі жат жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді. Қазаққа деген игілік нәрсені енгізу жолында газет қызмет етсін, сырттан келетін жамандық болса, күзетші орнында газет қызмет қылсын делінген еді".

Осы жолдарды оқи отырып, басылым басқармасының газетті Орынборда шығаруды қалағандағы екінші бір мақсатының тамырын ұстағандай боламыз. Ол жоғарыда айтылғандай, тек көрші отырған екі ел арасын ғана емес, Еуропа мен Азия секілді қос құрылықты қосып тұрған үлкен мәні бар қаланы қазақ игілігіне жарату міндетінен туындаған деуімізге толық негіз бар. Бұл шаһар, бір жағынан, қазақ даласына еніп жатқан мәдениет пен ғылым-өнердің қақпасы болса, екінші жағынан, отаршыл озбыр саясатгың қамалына айналғаны белгілі. Осыны жақсы түсінген алаш азаматтары сол "қақпаға" "Қазақты" күзетші етіп қойып, халыққа пайдалы нәрсені енгізіп, залалдысы болса, тосқауыл қоюды өз міндеттеріне санап, ел қорғаушысы болған осынау қызметтерін газет арқылы жүзеге асыруға атсалысқандығы көрінеді.

Бұл іс-әрекеттері, әрине, отаршыл әкімшіліктің көңілінен шықпағандығы айтпаса да түсінікті. Олар тұрмақ, бұған халқымызбен аралас-құралас отырған, түбі бір татар туыстардың кейбір қалталы байлары, оқымыстылары да жылы қабақ таныта қоймаған. өйткені олардың өз есептері де жоқ емес-тін. Бұл сырлары кейіннен 1917 жылғы ақпан төңкерісі жеңіске жеткеннен соң ашылады. Осы жылдың 1-13 мамыр аралығында Петербург қаласында өткен жалпы мұсылман съезінде татар депутаттарының жетекшісі Ахмедбек Салықов өз отандастарының атынан үш рет сөз алып, соңғы мәрте сөйлегенде ішке бүккен сырды ашып салады: "Қазақ, сарт, кавказдықтарға федерация болуға жібермеу керек. Олар бөлінсе, Россия қолында Еділ бойындағы татарлар қалмақшы. Және де қазақ пен Түркістан жақтарында бос жер көп. Олар бөлінсе, жерімен бөлінеді. Онда бізге пайда жоқ. Егер де бөлінбей тұрса, онда жері жоқ татарлар қазақ пен Түркістан жеріне көшіп барып, жер алады"1. Бұдан кейбір татар оқымыстылар-ының Ресей патшалығының қазақ даласын отарлай түсуіне кет әрі болмағандығын көреміз. Керек десеңіз, өз пайдалары үшін белгілі бір дәрежеде оны қолдап та отырғандығы аңғарылады. Басылым басқармасының газеттің 1917 жылғы 214-нөміріндегі: "Газет һәм кітаптарды өзімізде болмаған соң, Хусайнов баспаханасында бастырып отырғанымыз оқушыларымызға мағлұм. Газет пен кітаптарды бастыру үшін біреудің баспаханасына қарауда қанша қолайсыздық, қанша қиыншылық барлығына басынан өткерген адам болмаса, басқалар түсініп жете алмайды. Газет пен кітаптарды мезгілімен шығару үшін талай жүз салып кішірейесің, талай жалынып-жалпаясың. Газет шығарғаннан бері біреу баспаханасына телміру, дәмі таңдайға татырлық болды", - деп жазуы да татар байларының отаршылыққа қарсы күресіп жатқан алаш азаматтарына қаншалықты қолдау көрсетіп отырғандығын байқатады.

Апталықтың патшалық әкімшілік тарапынан көрген қоқан-лоққы, құқайы - өз алдына жеке бір әңгіме. Бұл жөнінде "Ахмет Байтурсунович Байтурсунов" деген естелік-еңбегінде Міржақып Дулатов бірталай мәлімет келтіреді: "Поэтому то и дело производилось в редакции обыски, то и дело А.Байтурсынова таскали к губернатору или жандармскому начальнику на допросы. В 1914 году за помещенную в № 80 "Казаха" передовицу, где А.Б.


________________________________

1 Тілеулин Ж. Жалпы мұсылман съезі //Қазақ, 1917, 232-нөмірі.

критиковал только то выработанный М.В.Д. проекг положения об управлении Киргизском краем, оренбургский губернатор Сухомлинов оштрафовал А.Б. как редактора на 1500 руб. И в случае его несостоятельности постановил заменить штраф арестом А.Б. на 3 месяца. Утрата 1500 руб. была равносильна закрытию газеты, поэтому А.Б., несмотря на слабость своего здоровья, заявил полиции, что он согласен сидеть, но платить штраф не может. 20 октября А.Б. посадили в тюрьму. Пишущий эти строки подал телеграммы в разные города, известив друзей А.Б. о случившемся. В адрес редакции посыпались переводы по телеграфу, А.Б. не просидел и 4-5 дней, по внесению штрафа бьш освобожден. "Казах" и после этого подвергался штрафам на разные суммы, доходившие иногда до 3000 руб. (1916), и всегда отзывчивые читатели аккуратно вносили штрафы, не доводя дела до ареста А.Байтурсынова или закрытия газеты".

М.Дулатовтың бұл келтірген мәліметтерін архив материалдары да растайды. Патшалық әкімшіліктің жоғарғы билік орындары жергілікті басқару мекемелеріне "Қазақтың" әр қадамын қатаң бақылап, кішкентай күдік туса болды, өздеріне баяндап, "қылмысына" қарай аяусыз жазалау жөнінде арнайы тапсырмалар беріп отырған. Мәселен, Ішкі істер министрлігі жанындағы баспасөз жөніндегі Бас Басқарманың бастығы граф Татищев 1913 жылғы 26 қыркүйекте Орал облысы Әскери губернаторына мынадай мазмұндағы аса құпия құжат жолдаған: "Имея в виду, что газета "Казах", поввдимому, принимает за последние время не желательное направление, Главному Управление считает долгом просить Ваше Превосходительство сделать зависящее расположение о тщательном наблюдений за названным изданием и о привлечении редактора его к судебной ответственности в каждом случае нарушения изданием уголовных законов"1.
_________________________________

1 Санкт-Петербург қаласындағы Орталық мемлекеттік архиві 776-к., 16-іс (архив материалдарын ізгі ниетпен қолымызға берген библиограф-ғалым Ү.Субханбердинаға шексіз алғысымызды білдіреміз).

Ал жергілікті әкімшілік болса, осынау бақылаушылық және қаралаушылық қызметіне мұндай тапсырма берілмей тұрып-ақ, білек сыбана кірісіп кеткен болатын. Жоғарыдағы архив құжатына қоса тіркелген Орал облыстық әскери губернаторының 1913 жылдың 17 қыркүйегінде баспасөз жөніндегі Бас Басқармаға жолдаған мәліметі – соның дәлелі. Онда "Қазақ" газеті 18-нөмiрінің аудармасын қоса жіберіп отырғанын баяндай келіп, әскери губернатор мынадай пікір біддіреді: "...со своей стороны, данное повременное издание ("Қазақ" -С.Қ.) я признаю крайне вредным для многочисленного киргизского населения временно управляемой мною области, равно как и для проживающих в ней татар".

Осындай қара ниеттегі лауазым иесіне жоғарыдағыдай арнайы тапсырманың берілуі, отқа май құйғандай, қуана қарсы алынатындығы айдан анық.

Мұнымен ғана шектелмей, баспасөз жөніндегі Бас Басқарма "Қазақты" тырп еткізбей бақылап отыру үшін Орынбор облысының генерал-губернаторы Сухомлиновты да осынау аса құпия маңызды "жұмысқа" тартады. Аталған архив мәліметі бойынша 1913 жылы 22 қазанда оған жолданған аса құпия құжатта жоғарыдағы Орал облыстық әскери губернаторының пікірі қаз-қалпында баяндала отырып, мынадай нақты өтініш білдіріледі: "В виду сего, Главное Управление просит Ваше Превосходительство сделать зависящее распоряжение о возможно тщательном наблюдении за упомянутым изданием, и о привлечении редактора его к судебной ответственности в случаях обнаружения в содержании какого либо нумера нарушения уголовных законов".

Әрине, мұндай арнайы жолданып тұрған өтініш-тапсырмалар асыра орындалып отырылған. Оған төмендегі деректер дәлел.

Бұл жөнінде "Қазақтың" "екінші жазушысы" – Міржақып Дулатов апталықтың 1917 жылғы 239-нөмірінде жарияланған "Қазақ баспаханасы" деген мақаласында былайша еске алады: "Жер аудару" деген мақала басылған 9-нөмірінен бастап, кешегі өзгеріске шейін (мұнда 1917 жылғы ақпан төңкерісі туралы айтылып отыр - С.Қ.) тергеу, тексеру, тінту, абақты, штрафтан "Қазақтың" көзі ашылған жоқ. Дәл Николай түсіп, өзгеріс болардан бес-алты күн ғана жауыз хакімдер "Қазақты" тағы да тексеріп, біржола жабуға айналып тұрғанда өздері су түбіне кетті".

Газет бір емес, екі мәрте - жарық көрмей тұрып және баспадан басылып шыққаннан кейін қайта тексеріліп отырылған. Оған мына мәліметтер дәлел бола алады. "Қазақтың" 1914 жылғы 31 тамыздағы 76-санында бас мақаланың орны ашық қалдырылып, ол басылым басқармасының кінәсінен болмағандығы ескертіледі. Ендеше әскери цензураның кесірінен екендігі күмән келтірмесе керек. Бұл алдын-ала тексерудің тигізген залалы болса, оның бір емес, бірнеше рет айыпқа тартылып, редакторының тұтқындалып отырылғанын дәлелдейтін деректер – артынан болатын бақылаудың зардабы.

Оған бір ғана мысал, жоғарыда газеттің 1914 жылғы 80-санында жарық көрген бас мақала үшін тартқан жазасын тілге тиек ету арқылы көз жеткізгеңдей болдық. Көрсетілген айып-пұлы төленгеннен кейін абақтыдан босатылған А.Байтұрсынов істі біттіге санап, қарап отырмаған. Өзінің жөнсіз жазаланғандығын, газеттің айып төлеуі заңға қайшы келетіндігін дәлелдеп, күрестің жаңа жолын бастайды. Жоғарғы билік мекемелеріне, соның ішінде Мемлекеттік Сенатқа жолдаған шағым-арыздары сол жайынан сыр шертеді. "Ахмет Байтұрсыновтың Орынбор губернаторына, Ішкі істер министіріне, Сенатқа жазған арыздары (Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік - С.Қ.) архив құжаттарында сақтаулы тұр. Бұл арыз-өтініштерін тебіренбей оқу мүмкін емес. Меруерттей әдемі жазумен, орыс тілінде, бір қатесіз әрі дәлелді жазылған арыздан елім деп еңіреген аяулы азаматтың жан дауысы естілгендей!" - деп жазады бұл жөнінде осынау құны жоғары құжаттарды қолымызға ұстатқан библиограф-ғалым Ү.Сүбханбердина "Қазақ, Алаш, Сарыарқа" атты библиографиялық көрсеткішінің алғы сөзінде.

А.Байтұрсынов бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, ақырында жеңіп шығады. Жоғарыдағы архив құжатында Сенат 1915 жылдың 9 желтоқсанында осы мәселе бойынша істі қарап, мынадай себептермен Орынбор генерал-губернаторының жоғарыдағы үкімін бұзу туралы шешім шығарғаны айтылады: "В жалобе Правитель-ствующему Сенату Байтурсынов объясняет, что путем помещения упоянутой выше статьи он преследовал только цель разъяснения киргизам проекта нового закона об устройстве их быта, указывая кроме того, что инкриминируемая статья была просмотрена военной цензурой и снабжена дозволительной надписью (астын сызган біз — С.Қ.), проситель ходатайствует о сложении с него взыскания.

Принимая во внимание... Правительствующий Сенат находит распоряжение Оренбургского губернатора лишенным правильных оснований, а потому определяет таковое отменить. О чем, ддя исполнеңия и объявления просителю, а равно в разрешение рапорта от 8 декабря 1914 года за № 7514".

"Қазақтың" әрбір материалы жарық көрмей тұрып та әскери цензураның тексеруінен өтіп отыратындығына бұл құжат та - айқын дәлел. А.Байтұрсыновтың Сенат алдында Орынбор генерал-губернаторының сағын сындырып, жеңіске жетуінің басты себебі де сондықтан. Яғни жазықсыз жазаға ұшырауына түрткі болған мақаланың алдын-ала цензураның тексеруінен өткен-дігін тілге тиек ету арқылы "айыпталушыдан" айыптаушы жағына шыққан. Осының өзі газетті шығарушылардың саяси сауаттылығы мен отарлаушыларға қарсы күресте әбден ысылып, мол тәжірибе жинақтағандықтарын тапжылтпай танытады.

Газет өзінің алты жылға таяу ғұмырында, қолымыздағы мәліметтер бойынша, бес рет айып тартып, редакторы әртүрлі мерзімге абақтыға жабылған. Атап айтқанда, 1913 жылғы 9-нөмерінде басылған "Жер аудару", 1914 жылдың 78, 79, 80 және 90-нөмірлерінде жарық көрген "Алашқа", "Россиядағы ұйымшылдық", "Закон жобасының баяндамасы" және "Бұ қалай?" деген мақалалары үшін апталық 50 сомнан 1500 сом аралығында айып тартып, төлей алмаған жағдайда, редакторы 2 айдан 2 жылға дейін айдалып, абақтыға жабылатындығы жөнінде жарлық шығарылғандығын жоғарыдағы архив материалдары растайды.

Бұдан басқа 1916 жылы да газеттің айып тартқаны туралы деректер ұшырасады. Бұл жөнінен кейіннен Жақаң: "Казах" и после этого подвергался штрафам на разные суммы, доходившие иногда до 3000 руб. (в 1916 г.)"1, -деген мәлімет келтірсе, оны газет тігінділерінің материалдары да жоққа шығармайды. "Қазақтың" 1917 жылғы 215-санында "Штраф туралы" деген хабар жарияланған. Онда 1916 жылғы 25 июнь жарлығына байланысты қара жұмысқа алынған қазақ жігіттерінің апталық айыпқа тартылыпты деген хабарды естіп, жәрдем ақша жібергендері туралы хаттарынан үзінді келтіріледі: "Қазаққа" 3 мың сом штраф түсіпті, жайшылықта да халқымыздың көз-құлағы еді, оның үстіне, биылғы 25-июнь жарлығы бойынша алынған біздердің қамымызды көп қайғырып, хал-жағдайымызды жазып, елімізге амандығымызды білдіріп, елдің амандығын бізге жеткізіп, біздің көңілімізді ашып отырған жалғыз газетіміз еді, біз жәрдем жібереміз", - деген жолдарды оқып, соған көзіміз жете түседі. Бірақ, ол айып газеттің қай нөміріне және не үшін таңылғандығын дәл әзір дәлелді дерек болмауы себепті анықтай алмай отырмыз.

Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ баспасөзі тарихында ең шоқтығы биік басылым - "Қазақ" газеті. Оған апталықтың ұстанған жол, мақсат-мұратын және шын мәніндегі "халықтың көзі, құлағы һәм тілі" бола білген қызметін тілге тиек ете отырып көз жеткізгендей болдық. Ол өзге басылымдарға қарағанда мейлінше ұзақ, мерзімді әрі жиі шығып тұрады. Сонымен бірге таралымы мол және таралым аймағының кең болып келуі де оның құндылығын арттыра түседі. Бұл жөнінде газеттің 1914 жылғы 45-нөмірінде мынандай дерек жарияланған: "Қазақ" газетасын 10 облысқа қараған киіз туырлықты қазақ байдың баласынан 1913 жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі мынау: Торғай - 694, Семей - 612, Ақмола - 582, Сырдария - 327, Орал - 301, Жетісу - 157, Ішкі ордалық - 136, Ферғана - 30, Самарқан - 8, Закаспий - 5, өзге жерлерден: Орынбор - 37, Уфа -14, Қазан –


____________________________________

1 Дулатов М. Шығармалары. –Алматы: Ғылым, 270-бет.

13, Қытай қазағы - 10, Петербург - 9, Түркия - 5, Мәскеу - 3, Томск - 3 һөм басқа шаһарлар - 57".

Бұдан қазақ даласын ғана түгел шарлап қоймай, шет елдерге де кең жайылған "Қазақ" газетінің таралымы - 3007 дана болғандығын көреміз.

Бұл - алғашқы жылғы көрсеткіші. Ол кейінгі жылдары, дәлірек айтсақ, 1915 жылы бір жарым мыңға дейін кемігенімен, соңғы екі жылында, яғни 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін, қазақтың өз қолы өз аузына жеткен уақытта, қайтадан күрт өсіп, өзінің шарықтау шегіне жеткен. Жоғарыдағы еңбегінде М.Дулатовтың: "газета перед закрытием имела свою собственную типогафию, большой запас бумаги, небольшую библиотеку, тираж превышал 8000", - деп еске алуы – соның дәлелі.

Жоғарыда "Қазақ" газеті тарихының бірқатар келелі мәселелеріне тереңірек тоқталып, жан-жақты зерттеу жүргізуге көңіл қойдық. Енді оның осы күнге дейін мән берілмей келе жатқан, назар аударылса да, біржақты талқыға салынып, сыңаржақ пікір туғызылып жүрген көлеңкелі тұстарынан да сыр тарқаталық.

Бұлай дегенде, әуелі әңгімені газеттің жабылу тарихы мен одан кейінгі тағдыр талайы туралы тың деректер негізінде ой бөлісуден бастаған артық болмас. М.Дулатовтың жоғарыда келтірген мәліметтеріне қарағанда газеттің материалдық та, моральдық та жағдайы жабылу қарсаңында өте жақсы болғандығын көреміз. Мұны газет тігінділерінің материалдары да толық растайды.

Апталық ғүмырының ең бір шырайлы да шұрайлы мезгілі – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі кезең. Осы соңғы бір жарым жылдық уақытында (1917 жылғы ақпан төңкерісінен газет жабылған 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін) газет шын мәнінде, өз сөзімен айтқанда, "қазақ-қырғызға қызмет һәм басшылық ету" міндетінде болған. Ұсақ-түйектен бастап, ұлтымыздың ұлт ретінде сақталып қана қоймай, өсіп-өркендеуіне негіз қалайтын мәселелердің баршасы, соның ішінде қазақ халқының өз алдына автономиялы ел болып өркениетті елдер қатарына ұмтылу жолындағы қыруар іс-шаралар, ең алдымен, осы басылым бетінде талқыға салынып, содан кейін шешімін тауып отыруы – соның бұлтартпас дәлелі. Бұл қырынан келгенде "Қазақтың" "төртінші билік" тізгінін берік қолында ұстағаны көрінеді. Оған газет тігінділерінің тарихи да, таным-тағлымдық та мәні орасан зор материалдарын тілге тиек ете отырып көз жеткізу көп қиындық келтірмейді.

Газет қызметінің осынау дәрежеге көтерілуі оған деген сұранысты да, сөз жоқ, арттыра түскен. Жер-жерден оның шығарылуын жиілету туралы өтініш-тілектің ағылып келе бастауы сол жайынан сыр шертеді. Мәселен, Орал уезі, Қарашығанақ қазақтарының жиылысы "болған өзгерістің, болып жатқан һәм болашақ уақиғалардың, комитеттер ашудың (уақытша билік жүргізетін - С.Қ.) жұртқа тиімділігі, учредительное собраниеге даярланудың һәм оған қандай кісілерді жіберу жайын сөз қылып, аяғында халықтың қамсыз қалмай, жете біліп, түсіністікпен іс қылу шарасын сөйлесу һәм бет-бетімізбен жамырама болмас үшін "Қазақ" газетін, тым болмаса, жұмасына үш рет шығаруды лайық"1 көріп, басылым басқармасына өтініш білдіруі – соның бір ғана дәлелі.

Бұл мәселе 1917 жылдың 1 сәуірінде Орынборда басталған қазақ халқының тұңғыш съезінде де талқыға салынып, апталықтың 1917 жылғы 226-санында жарияланған Мадиярдың "Қазақ съезі" мақаласындағы жазылғандай: "Қазақ" газеті жиі шықсын" деген шешім шығарылған болатын. Осыған байланысты басылым басқармасы тарапынан газет арқылы мынадай түсініктеме беріледі: "Съезде баспасөз мәселесі қараларда, "Қазақ" газетін екі һәм онан да жиі шығару жағын кеңеспес бұрын, типографиямен сөйлесіп едік, харіп тізушілер жоқ деп, жетісіне екі басып бере алмайтынын айтты. "Ортақ өгізден оңаша бұзау артық" дегендей-ақ, қалайда болса, газетті жиі шығару жағына қам қылмай, қарап отырмаймыз".
__________________________________

1 Қазақ, 1917, 225-нөмерінде.

Бұдан газетті жиі шығару ісі тек баспаханаға байланысты қаңтарылып тұрғандығы көрінеді. Осыны оқырмандар құлағына құйып, мән-жайды түсіндіру мақсатында жазылып, газеттің 1917 жылғы 214-нөмерінде жарық көрген "Баспахана туралы" деген мақаласында М.Дулатов алты алаштың жігерін жанып, намысын қайрай түседі: "Баспахана жайын сөз қылып отырғанымыз біздің газет басылатын Хусаинов баспаханасы сатылайын деп тұрғанын "Уақыт" газетінен оқып көргендерің де бар шығар. Аламын деп тұрған адамдар бар. Саудалары келіссе, баспахана мұсылман қолынан я яһуди, я орыс қолына көшпек. Яһуди я орыс қолына көшкен соң газет һәм кітап бастыру ісі не күйде болар? Ол жағы қараңғы. Мұсылман қолынан кеткен соң мұсылманша жағы нашарлар деген қауіп бар. Солай болған соң осы баспахананы яһудиге жібермей, қазақ болып қам қылып, алып қалу қолымыздан келмес пе?" - деген қаламгер сөзі аяқсыз қалмай, жер-жердегі оқырмандар тарапынан қызу қолдау табады. Тіпті, сонау қиырдағы Қытай мемлекеті қол астындағы қазақтар да апталықтың 222-нөмірінде үн қатқан: "Қазақ" басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, қытай қоластындағы Күнес елінің қазақтары "Азамат серіктігіне 600 сом жібердік. Алаш ұранды қазақ баласы "ау!" десіп қолға алған істен біз де құр қалмалық дедік. Алаш туының астына біз де қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін алты алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба?!" - деген жолдар оқырмандар намысын қайрай түскен.

"Көп түкірсе - көл" деген. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Көпшіліктен қызу қолдау тапқан іс шешімін таппай қоймайды. Көп ұзамай, алты жылғы арманы болған баспахана сатып алу бақыты "Қазақ" газетін шығарушылардың қолына келіп қонады. Бұл кезде басылымның "бас жазушысы" (бас редакторы) қызметін мойнына алған (А.Байтұрсыновтың бүкілресейлік құрылтай жиылысына депутаттыққа кандидат болып, ел басқару жұмысына араласа бастауына байланысты) М.Дулатов апталықтың 1917 жылғы 239-санында оны былайша сүйіншілете хабарлайды: "Жаңа арада "Азамат" серіктігі атына "Қазақ" газеті үшін 30 мың сомға баспахана алдық. Баспахананың екі машинасы бар, орысша харіптері мол, саймандары; түгел құрулы. Мұсылманша харіпті Қазаннан алдырғалы тұрмыз, заказ беріп қойдық. Сөйтіп; барлығы 40 мың сомға түскен қазақша һәм орысша басатын баспаханамыз болды. Көптен "көңіл жетсе, қол жетпей айналып бастан бұлт кетпей" жүретін еді, сәті бүгін түсті, қуаныштымыз!"

Бұл - қазақ халқы тарихындағы тұңғыш баспахана. Бүгінде дәулетті де сәулетті полиграфия өндірісіміздің тарихы осылай бастау алса керек-ті. өкінішке орай, бұл да - әлі күнге дейін зерттелінбей келе жатқан тақырыптың бірі. Осы уақытқа шейін баспахана ісінің тарихы қазан төңкерісімен, соның "жеткізген жетістіктерімен" байланыстырыла оқытылып келсе, енді оның тамырын әріден іздеуді уақыт талап етеді.

Осы орайда, мынадай заңды сауалдар туады: Сол "Азамат" серіктігінің пұлымен "Қазақ" үшін сатып алынған баспахананың кейінгі тағдыры қалай болды? Апталық жабылғаннан кейін ол кімнің қанжығасында кетті? Қазақ игілігі үшін жаратылды ма? Бұл сауалдар жауап бере кетуді қажет етеді.

Республикалық "Ана тілі" газетінің 1992 жылғы 7 мамырында жарияланған, "Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі" деген мақаласында М.Әнесұлы ол жөніңде мынадай мәліметтер келтіреді. 1919 жылы жазда Қазақ Төңкеріс комитеті құрылады да, Бөкей Ордасына орналасқан ұлтхалкомның қазақ бөлімшесі түгел Орынборға көшеді. Онда оларды Төңкеріс комитетінің баспасөз органын шығару міндеті де күтіп тұрады. Сондықтан, көп ұзамай, бұл мәселе Төңкеріс комитеті ұйымдастырған Орынбордағы қазақ ұйымдары мен қайраткерлерінің біріккен мәжілісінде талқыға салынған. Оған комитет мүшелері Ахмет Байтұрсынұлы, Әмірғали Меңдешұлы, Мұхамедияр Тұңғаншин, Әлихан Бөкейханұлы, Бегімбетұлы, Шапқат Бекмұхамедұлы, ақпарат бөлімінің меңгерушісі Алма Оразбаева, әскери істер жөніндегі өлкелік Комиссариаттан Б.Меңдешов пен Өтегенов қатысады. А.Байтұрсынұлы мәжілістің төрағасы, Меңдешов хатшысы болып сайланған. Күн тәртібінде екі: 1. Комитет газетін; 2. Кітап-брошюраларын шығару мәселесі қаралған". Осы мәжілісте "Қазақ" газеті баспаханасына қатысты мәселе де талқыға салынған. Бұл жөніндегі автор келтірген мәліметтерді қаз-қалпында баяндайық: "Қазақша қаріптердің жетіспеуіне байланысты Орынбор губерниялық Халық Шаруашылығы Кеңесінен олар пайдаланып жүрген Торғай облыстық баспаханасын бүкіл құрал-жабдығымен қайтарып беруін сұрау жөнінде шешім қабылданады.

Газеттің бұдан кейінгі тағдыры зерттеушілерге біршама мәлім. "Ұшқын" бір жылдай шығып тұрады да, соңына "Еңбек туы", "Еңбекшіл қазақ", "Еңбекші қазақ" болып ауысып, "Социалистік Қазақстанға" дейін ұласты. Көмескі болып келгені - оның бастауында Ахаңның тұрғандығы һәм Торғай баспаханасының, демек, "Қазақ" газетінің хан талауға түскен құрал-жабдығының пайдаланғаны еді".

Ғалым мұндай ой-толғамдарға Орал облыстық мемлекеттік архивінде сақталған құжаттармен таныса келе байлам жасаған екен. Оған, біз білетін, "Қазақ" газетінің жабылу тарихы да қайшы келмейді. Патшалық Ресей үкіметі тұсында небір "тар жол, тайғақ кешуді" бастан өткерген, бірақ, соған қарамастан, тоқтамай шығып тұрған басылымның біржола жабылуы мемлекет билігі большевиктер қолына көшумен байланысты іске асты. Омбы атқару комитетінен 1918 жылғы 4 наурызда Орынбор Совдепіне жолданған теле-грамма - соның бұлтартпас айғағы. Онда былай деп жазылған: "В виду того, что киргизский орган партии Алаш - "Казах" является контрреволюционным, открыто выступает против Советской власти, организуя Алаш-Орду, просим немедленно закрьггь газету"1.

Бұл үкім жарыққа шыққан кезде "Қазақ" газеті "большевиктер ылаңынан" онсыз да уақытша тоқтап тұрған болатын. "Январьдың 17-інен бері большевиктің кесірінен "Қазақ" тоқталып тұрды", - деген басылым басқармасының апталықтың 261-нөміріндегі ескертпесі соны дәлелдейді.

________________________________



1 Победа Вел. Окт. революции в Казахстане и образование КазССР, документ №46. —Алма-Ата, 1947, с.95.

Осы мақалада газеттің 1918 жылғы 17 қаңтарда шыққан 260 санынан кейін 6 айдан аса уақыт кідіріс жасап, кезекті 261 нөмірі 23 шілдеде жарық көруінің себебі Орынбор қаласының большевиктер қолына қарап тұрғандығының салдарынан екендігі айтылады.

Осы жылдың 20 маусымында Орынбор атты-казактарының күшімен қала большевиктерден тазартылуына байланысты газеттің жұмысы қайта жолға қойыла бастаған. Осыдан кейін оның 4-нөмірі жарық көрген. Соңғы 265 нөмірі 16 қыркүйекте басылып шыққан. Оның материалдарымен танысқан кісі газеттің біржола жабылуы төтеннен болған оқиға екендігінен хабардар болады. Басылым басқармасының "енді газет жұмысы реттеліп келеді. Мезгілінде шығып тұрады. Бұрынғы тілшілерімізден өтінеміз, әр елде болып жатқан уақиғадан кешіктірмей хабар жазып тұруларыңызды" деген оқырмандарға соңғы арнауы сол жайынан сыр шертеді.

Бірақ, бұл үміттері ақталмапты. Қаланы қайта басып алған большевиктер бұл жолы күрес майданын басқаша "қыздырады". Олар баянды жеңіске қол жеткізу үшін жаңаша амал-әдістер ойлап табады. "Халықтың көзі, құлағы һәм тілі" қызметін атқарушы "ондаған контрреволюциялық деп табылған ұйымдарды, қоғамдық баспасөз органдарын жауып"1, жол бастар серкесінен айырылған қараңғы елді емін-еркін, қалауынша билеп-төстеуге бет қойғанына тарих куә.




Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет