А.Т. Таутанова, А.Т. Бүрлібаева
МҮСІНДЕУ
Әдістемелік нұсқау
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы бойынша мектепалды даярлық тобы
(сыныбы) (5 жастан бастап) педагогтеріне арналған
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрлігі ұсынған
Алматыкiтап баспасы
2018
Таутанова А.Т.,БүрлібаеваА.Т.
Мүсіндеу. Әдістемелік нұсқау. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы бойынша мектепалды даярлық тобы (сыныбы) (5 жастан бастап) педагогтеріне арналған /А.Т. Таутанова, А.Т. Бүрлібаева. – Алматы: Алматыкітап баспасы, 2018. – 75 бет.
© ТаутановаА.Т., Бүрлібаева А.Т., 2018
© «Алматыкітап баспасы» ЖШС, 2018
ТҮСІНІКТЕМЕ
«Мүсіндеу» оқу-әдістемелік кешен төмендегі нормативтік құжаттарға сәйкес дайындалған.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 ж. 5 мамырдағы № 182 бұйрығымен бекітілген).
1 жастан бастап 1-сыныпқа қабылданғанға дейін балаларды оқыту қазақ тілінде жүргізілетін Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 ж. 12 мамырдағы № 195 бұйрығымен бекітілген); 3. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2020 ж. 24 қыркүйектегі № 412 бұйрығымен бекітілген).
Жаңартылған бағдарлама мектепке дейінгі білім берудің контекстегі 5 білімдік саласына жаңа мазмұн ұсынып отыр.
ОӘК дайындаудың негізгі мақсаты – педагогтерге «Мүсіндеу» бойынша ұйымдастырылған оқу қызметінде (бұдан әрі ҰОҚ) жаңа педагогтік тәсілдерін жан-жақты қолдану жөнінде бағыт-бағдар беру.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында «Мүсіндеу» оқу қызметі бойынша мынадай мақсат пен міндеттер анықталған:
Заттық мүсіндеу.
Дағдыларды қалыптастыру:
балаларды затқа қарап немесе көз алдарына елестету арқылы көлемі мен пішіні әртүрлі таныс заттарды, көгөністер мен жемістерге тән ерекше бөліктерді бейнелеуде қолдарын және саусақтарын дұрыс қозғалта отырып, мүсіндеу;
қарапайым қатынастарды сақтай отырып адам мен жануарлардың пішінін мүсіндеуге үйрету;
көшеде, үйде және балабақшада көрген заттарын бейнелей отырып, елестету арқылы мүсіндеу.
Олар бақылау жасаған заттардың бейнесін жеткізе білуге, заттарды түрлі қалыпта мүсіндеуге, бейненің жеке шешімін өздігінен табуға үйрету. Сулы шүберекпен пішіннің үстінен тегістеуге және кескішті қолдануға үйрету.
Сәндік мүсіндеу.
Балаларды халықтық ойыншықтармен таныстыру, ойыншықтарды мүсіндеуге үйрету. Халықтық ойыншықтар желісі бойынша бейнелер жасауға үйрету. Мүсінді бейнені безендірудің тәсілдерін өз қалауы бойынша таңдауды ұсыну.
Сюжеттік мүсіндеу.
Балаларды мүсіндеудің таныс әдістерін қолдануға және заттардың өлшемдік қатынастарын бере білуге жаттықтыру. Бейненің ерекше қасиетін, адамның қимылын анық көрсетуге, сырт келбетін әдемі безендіруге үйрету.
Кескішті қолданып, тұтас бөліктен мүсін жасауды жетілдіру.
Затты тұғырға орналастыру техникасын қалыптастыру. Біртекті заттардан сюжеттер жасау, бірнеше пішінді бір тұғырға орналастыру.
Кейіпкерлердің өзіне тән бөлшектерін мүсіндеуге, композиция мазмұнын қосымша заттар мен элементтердің көмегімен мейлінше көркемдеп жеткізуге үйрету.
Біркелкі заттардың бейнесін жасаудан, мазмұнға сәйкес әрқилы бейнелерді жасау білімдерін бекіту. ОӘК-нің құрамына:
әдістемелік нұсқау
балаларға арналған № 1,2 жұмыс дәптерлері кіреді.
Әдістемелік нұсқауда бір жылға арналған перспективалық жоспар және 36 ұйымдастырылған оқу қызметі жоспарлары берілген.
ҰОҚ құрылымы төмендегі кезеңдерден тұрады:
бірінші кезең – ұйымдастыру кезеңі (жағымды эмоционалдық көңіл күй қалыптастырып, ҰОҚ-не ықыласын ояту, балалардың ұсынылып отырған оқу қызметінің тақырыбын қуана қабылдауы үшін қажет);
екінші кезең – негізгі кезең, бұл үдеріс барысында зерттеліп отырған мәселе түсіндіріліп, балалардың бәрі оқу қызметіне белсенді араласады;
үшінші кезең– рефлексия, бұл кезеңде жаңадан алған білім игеріліп, реттеледі; сөздік және графикалық-таңбалық тәсілде рефлексивтік талдау жасалады (әліппе-дәптерде), бұл баланың сыни, сараптамалық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Педагогке көмек ретінде балалармен ұймдастырылған оқу қызметін жүргізуге арналған №1,2 жұмыс дәптерлері әзірленді. Бұл жұмыс ресурсын пайдалану баланың алған білімдерін жүйелеуге, оқу қызметінің тақырыбы бойынша дағдыларын бекітуге көмектеседі.
«Шығармашылық» білім беру саласы бойынша дайындалған осы ОӘК балалардың жан-жақты дамуына көмегін тигізіп, туындаған сұрақтардың шешімін табады деп сенеміз. Жұмыстарыңызға жетістік тілейміз.
Сіздерге құрмет көрсете отырып, серіктестік қарым- қатынаста боламыз деген сенімдеміз.
Авторлар.
Достарыңызбен бөлісу: |