Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: Т. Кәкішев, Ө.Әбдиманұлы



бет3/3
Дата27.02.2016
өлшемі418.09 Kb.
#28378
1   2   3

Қазақ аңыздарында, діни сюжеттерде көп әңгіме болатын Нұх пайғамбар оқиғасының бастапқы дәні діннен де бұрын-


ғы замандарда болса керек. Дінді сенім ретінде ғана емес, бір Құдайды мойындау ретінде қарайтын болсақ, бұл – одан бұрынғы оқиғалар. Авестадағы алғашқы адам Иимаға жаратушы Ахура Мазда алда суық апаттың келе жатқанын хабарлайды. Содан соң Иима жабық тұрақ салып, жұп-жұптан адам, жан-жануардан алады. Бұл оқиға ислам кітаптарында «топан су» апаты болып айтылады («Қисас-ул әнбиа»).

Кейін мақтанып, аспансыған Иима жанын сайтанға сатқан араб ханзадасының тұтқынына түседі – күнәсі үшін жұмақтан қуылады. Ол 716 жыл өмір сүреді. Иима Авестадан да бұрын туған эпос қаһарманы болса (Маковельский А.О.), қазақтағы осымен қатысты аңыздардың (Қазығұрттың басында кеме қалған) бүгінгі күннен үш жарым мың жылдан бұрынғы туындылар екеніне көз жеткіземіз.

Бүкіл «Оғыз қаған» жырына қатысты аңыздардың бастауы өгіз төтемінде екенін кезінде Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев айтқан еді. Авеста бойынша, алғашқы адам Ииманың кезінде өгіздің, сиырдың етін жемесе керек, қасиетті деп есептелген. Өйткені, жер бетіндегі бірінші қолға үйретілген аң – өгіз. Бұдан өгіздің Авеста заманынан бұрын да төтем екенін көреміз. Бұл салт Авестаны тудырған елдермен тығыз байланыста болған Үнді елінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқаны мәлім.

Ал қазақтағы өгіз төтемі эпос, аңыздарда кездеседі. Профессор Ақжан Машанов өгіз төтемі он екі мүшел жыл санауының басы бүгінгідей тышқан емес, сиыр болған б.д.д. 5000 жылдықтар шамасында да бар еді деген пікір айтады (Машанов А., 1994-105).

Бір қызығы, заман ақыр болғанда, өлген адам түгел тіріледі, адамның жақсы-жаман қылығы таразыға салынады, оны тексеретін Ахура Мазда делінеді. Бұдан Авестаның көне ислам жоралғыларымен тамырлас екені аңғарылады.

Қазақ мифтерінің тұрақты бейнелерінің бірі – дию, мыстан кемпір мен сиқыршылар да Авеста заманында бар. Авестадағы Вэртрагна:

Талқандап жауды жеңемін,

Мыстан кемпір, сиқыршы,

Көзбайлағыш – бәрінде,

Дірілдеткен мен едім, – дейді.

«Шаһнаманың» алғашқы бөлігіндегі Иранның жауы –
диюлар болса, диюларды орманға қуып тыққаннан соңғы қақтығыстар Тұранмен екі арада өтетін. «Шаһнама» оқиғаларының жартысынан астамы Тұранға, оның Иранмен қарым-қатынасын суреттеуге арналған. Әсіресе, VІ-VІІ ғасырлардағы тарихи оқиғалардан, түрік қағанатының кейбір жағдайларынан деректік материалдар ұшырасады.

Ежелгі адамдардың өміріндегі ең қасиетті нәрсе – от және үлкен от – Күн. От пен күнге табынуды кейінгі адамзат ұрпағы Зороастр дінінен ауысып алды деуге болмас, өйткені, ол тарих бетіндегі барлық құбылыстарға, таным-түсініктерге ортақ нәрсе. Ежелгі адамдардың өмір не өлім арпалысы мен күн көріс тіршілігіндегі шешуші тетігі – отты қастерлемейтін ел кездесе қоймас. Шығып келе жатқан күнге ғұндар да табынған ғой.

Исламда от пен нұрдан періштелер жаратылған. Алла Тағалаға жақын жүретін төрт періште: Мұхаммед салла-л-лаһу ғалейһи уәс саламға Алла Тағаланың сәлемін жеткізуші Жәбірейіл періште, бүкіл ғаламды бақылаушы Мекайыл періште, қиямет күнінің келгенін хабарлайтын Ысрафил періште, жан алатын Әзірейіл періштелер оттан жаралған болатын.

Қазақ аңыз-жырларында көп айтылатын желі – қасиетті жер-су, жанға жайлы мекен. Бұл – Авестадағы мифтік Отан


– Айриана Ваего, яғни Окс пен Яксартының аралығы (Әму-
дария мен Сырдария). Қазақтың жер үйегінің де – Ваего еместігіне кім кепіл? Қорқыт аңыздарында – Қорқыт, одан Асан ата желмаяға мініп, елге жайлы жер іздейді. Бұл – кейінгі қазақ жырауларына алтын арқау болған негізгі сарын­дарының бірі.

Қорыта келе айтарымыз, қазақ мифологиясы – ежелгі Тұран, Иран, Үнді, Араб, грек мифтерімен байланыстағы бай дүниелердің бірі. Оны жан-жақты зерттеу арқылы қазақ дүниетанымының қалыптасу жолдарын, түріктік әдеби-мәдени үрдістерді терең ажыратуға болады. Оның көне қайнарларының негізгі бір бастау-бұлақтарында Авеста тұр. Авеста түсініктері, дүние-жаратылыс туралы ұғымдары, өлім-


өмір елестері бүгінгі салт-санамызға, аңыз-мифтерде, ежелгі әдеби ескерткіштерде, қисса-дастандарда да молынан сақталған деуге болады.

Мифтік желілер мен бейнелер: «Қасиетті мекен».

Қисса-дастандарда жиі кездесетін мифтік мекендер – Ирамбақ, Сарандил, Шын-Машын, т.б. Осының ішіндегі Ирамбақ, мифтік мекен бе, болмаса, бастапқыда аңыз түрінде айтылып, кейін көмескілене келе мифке айналған ба? Әлде қиялдан көптеген оқиғалар қосылған тарихи мекендік әпсана ма?

«Әңгімеде баяндалып отырған оқиға неғұрлым қашық,


яғни өте ертеде болса, соғұрлым ол әңгіме-аңыздан гөрі әпсана-хикаятқа жақындай түседі. Онда алғашқы оқиға көмескіленіп, оның сұлбасы ғана сақталады, әйтпесе тіпті, ұмытылып кетуі де мүмкін». Сонымен қатар бір замандарда бөлініп, ыдырап кеткен халықтардың көне аңыздары да ұқсас болуы мүмкін (Қасқабасов С., 1984-127).

Ирамбақ – қисса-дастандарда таңғажайып, жұмбақ жер, сұлу қыздар мен перілер мекені, жанға жайлы ерекше өлке болып келеді. О дүниедегі жұмақтың төрі – жаннат болса, жер бетіндегі жаннат – Ирамбағы деп есептелінеді:

Бір сарай сонда патша салдырады,

Әр жерден ұста болса алдырады.

Кірпіштің бірі – алтын, бірі – күміс,

Көргенді таң-тамаша қалдырады.

Гауһардан әр жеріне шеге қақты,

Орнатты тамаша ғып алтын тақты.

Қырық кездей шарбағы саф алтыннан,

Қылады бейне жұмақ бұл шарбақты

(Көпеев М. «Гүлшат – Шеризат»). Немесе:

Сайраны Ирамбақтай шарбағы бар,

Нөкері жүз сегіз қыз айтсаң жайын

(Тәңірбергенов Ә. «Зияда – Шаһмұрат»).

Ирамбақтың орналасқан жерін ХІХ ғасырдағы Әзірбайжан ойшылы К.Бакиханов өзінің «Баги Ирам» деп аталатын еңбегінде Кавказ жері етіп көрсетеді (Бакиханов А.К., 1983-133). Оның себебі, Табасаран өлкесіндегі сегіз ауыл ежелгі парсылар мекені, оны христиан заманындағы VІ ғасырда Ануширван Хұсрау көшіріп әкелгендігін айтады. Басқадай түсініктеме бермейді.

Ал, М.Б.Пиотровский Солтүстік Хиджазда ІІ-ІІІ ғасырларда Ар-Рамм (Ирам) деген жерде Рим-набатей храмы болғанын айтады. Оның қираған орындары Меккеден алыс емес көрінеді. Ирамды Құран түсіндірмелерінде асыл тастармен безендірілген, бірақ көзге көрінбейтін ертегілердегідей өлі қала ретінде суреттейтін болған (Пиотровский М.Б., 1991-61). Бағи Ирамның алғашқы атауы мен бейнесі жоғарыда айтылған тарихи орынға байланысты шығып, кейін мифтік мекенге айналған деген ойдамыз.

«Сейфүлмәлікте» Ирамбақ Сарандил деген елге жақын орналасады. Пері қызына ғашық болған Сейфүлмәлік Ирамбақты білетін кісінің Қатина шаһарында екенін есітеді. Оған барар жолда белгісіз бір теңіз жағасынан бау-шарбақ елі көрінеді. Ол Сарандил болып шығады:

Көреді майдан жерді ол арадан,

Қарайды тамаша етіп мұнарадан.

Дарияның кенерінде бағ-шарбақ,

Шаһзада мұны көріп қайран қалған

(«Сейфүлмәлік». Ғашық наме. 1978-107).

Бәдіғұлжамал Сарандил патшаның қызы Мәликемен дос, емшектес екен («Бағ Ирам мен Сарандил қос бұлбұлы»). Ирамбақтың қайда екенін тәптіштеп жатпай:

Тамам пері көтеріп шаһзаданы,

Түсірді Ирамбаққа құрмет етіп, – дейді.

Ирамбақ перілері тағымен бірге патша, т.б. адамдарды көтеріп, алып ұшып, Мысырға тез алып келеді. Қай бағыттан, қалай келгені айтылмайды:

Айласы жын-перілер сондай күшті,

Тақтымен патшаларды алып ұшты.

Жауһар мен алтын-күміс, қанша гауһар,

Мысырға кешікпей-ақ келіп түсті



(Ғашық наме. 1976-172).

Ислам мифтерін қарастыра келе, Ирамбақ – о дүниелік жаннаттың жер бетіндегі баламасы ма деген ойға келеміз. «Джанна» араб тілінде бақ деген мағынаны беретіні мәлім. Жаннат бағы туралы Құранның бірнеше сүресінде айтылады екен.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет