УДК 398
ББК 82.3
Қ 87
Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бағдарламасы
бойынша шығарылды
Редакция алқасы: Т.Кәкішев, Ө.Әбдиманұлы,
Қ.Мәдібаева, А.Қыраубаев
Қыраубаева А.
Қ 87 Шығыстық қисса-дастандар. 5 томдық шығармалар жинағы.
3-том. Томды баспаға әзірлеген С.Дәрібайұлы. — Алматы: “Өнер”,
2010. — 344 бет.
ISBN 978-601-209-120-5
Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Қыраубаеваның бұл еңбегінде «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама» желілері бойынша жазылған қазақ дастандары талданады. Сондай-ақ, Орта Азия сюжеттері және «Бақтиярдың қырық бұтағы» қисса-дастандары да қарастырылған. Ғалымның қазақ әдебиетіндегі шығыстық дәстүрді біртұтас көркемдік жүйеде қарастыруға байланысты жасаған түйінді тұжырымдары қазіргі кезеңдегі ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы әдебиетті ғылыми жүйелеудің басты бағдарына айналуы тиіс. Еңбек әдебиеттанушы ғалымдарға, жалпы ұлт руханиятын қастер тұтар зиялы қауымға арналған.
УДК 398
ББК 82.3
КІРІСПЕ
Бүгінгі күннен кемінде екі жарым-үш мың бұрынғы тарихтар дерегінен бастау алатын қазақ әдебиеті өзінің даму барысында талай-талай кезеңдерден өтті. Тарихтың сан тарам жолдарында көптеген халықтармен тоғысты, мәдени байланыс, қарым-қатынастар жасады. Соның айғақты іздері қазақ әдебиетінің әр саласынан табылады. Тіпті, біздің жыл санауымызға дейінгі ХХХ—ХХ ғасырларда жазылған шумерлердің (сумер) «Гильгамеш» жыры мен
одан беріректегі Авестаның іздері қазақ әдебиетінде сайрап жатыр. Ондағы жазылған мифтер, кейін тараған Құран хикаялары, араб-парсы, үнді сюжеттері әдебиетімізде күні бүгінге дейін жеткен. Әдебиет арналарының Біздің жыл санауымызға дейін-ақ басталатындығы жөнінде Су Бихайдың қытайдың көне деректері негізінде жазған еңбектері тың дүниелердің бетін ашатындығы айқын (Су Бихай. 1995).
Қазақ әдебиетінің тарих бетінде айрықша із қалдырған замандары ислам мәдениетінің өркендеуі мен түрік Оянушылығының тұсы болды. Бұл кездері ислам дінінің аясында өркендеген араб, иран, орта азиялық елдердің әдебиеттегі қарыматысы орасан зор болды. Содан да
қазақ қисса-дастандарындағы кейіпкерлер Үрім, Шын-Машын, Бағдат, Исфахан, Мысырды еркін шарлай береді. Тұран мен Иран, араб елдері мәдениетінің тамырластығы біздің әл-Фараби бабадан бұрын да, кейін де жалғасқан.
Түрік (біз айтып отырған түріктердің – «түркілер» екенін ескертеміз. Ол бұрын Кеңестер Одағындағы түрік халықтарын Анадолы түріктерінен ажырату үшін берілген жасанды атау болатын. Енді рухани бірігу заманында тарихи атымызды қолданған орынды көрінеді) әдебиетіндегі нәзира дәстүрі ежелгі сюжеттерді жаңғырту идеясынан шыққан. Бұл – Оянушылықтың негізгі белгілерінің бірі. Оянушылықты қытай әдебиетінде «фугу» – көне дәуірге қайта оралу деп атаған (фу – қайта оралу, гу – көне дәуір).
Италияда «қайта туу» деген ат берген (Литература эпохи... 1967–12). Айналып келгенде, Оянушылықтың төркіні – көне мәдениетті қайта тірілту. Осы дәстүр ислам мәдениеті аясындағы араб, иран, қытай әдебиеттерінде басталған уақытта оны түрік ақындары да шығармашылық жолмен қабылдап алып, жалғастырды. Түрік ақындарының «қайта оралуы» – ежелгі мұсылман мифтері мен аңыздары, антикалық ойшылдар идеясы болғанымен, түріктік мүддені көтеруді ұмытқан жоқ. Сондықтан да «түрік Оянушылығы» дегенді батыл айтуға болады. Өкініштісі сол, әдебиетімізде бұл мәселе әлі арнайы зерттелмеген.
Оянушылық дәстүрінің көне деректері Египет әдебиетінде кездеседі екен. Мысалы, біздің дәуірімізге дейінгі (әрі қарай: б.д.д.) VІІ ғасырларда Саис Ренессансының болғандығы тарихта бар. Саис Ренессансы кейде Еуропа Оянушылығымен (ХV–ХVІ ғ.) салыстырыла айтылады. Бірақ Саис мәдениеті жаңадан өрлеудің басы емес, «аққу әніндей», соңғы серпілісі болған (Смирнова В.В., 1995-24). Египетті Александр Македонский (б.д.д. 332 ғ.) басып алған замандардан бастап, эллиндік мәдениеті (б.д.д. V – ІV ғ.) қалыптаса бастайды, осы кездегі тарихи даму көне Египет және грек-македония мәдениетінің симбиозы (араласу) түрінде қалыптасты. Сол арқылы бүкіл шығысқа тарады. Еуропа Оянушылығы шығыстан бастау алды.
Енді әдебиет тарихындағы жаңғырту дәстүріне келетін болсақ, Ассирия – Вавилон әдебиетінен бері қарай бар екен. Ол кезде де бұрынғы сюжеттерді қайталай жазып, белгілі мифтер мен культтерді жаңғыртатын болған (Смирнова В.В., 1995–38). Негізінен, өлең түрінде жазылып, туындыгерлері лақап атымен ғана белгілі болған. Ассирия – Вавилон нәзирасы түгелімен шумерлердің әдеби сюжеттерін қайталап берді, тек Құдайларының аттары ғана өз заманына сай өзгертіліп жазылды. Шумердің «Гильгамеш» жыры (б.д.д. ХХХ ғ.) Вавилон мәдениеті дәуірінде (б.д.д. ХХ ғ.) нәзира дәстүрімен қайталап жазылып қалған, бәлкім, сол арқылы кейінгі ұрпаққа жеткен.
Нәзиралық шығармалар мұнымен ғана шектелмеген. Осы дәуірде жазылған «Даналық пірін мадақтайын» («Да прославлю я владыку мудрости». Өлеңнің аты бірінші жолындағы сөздерден алынған) атты шығарма да нәзиралық үлгіге жатады. Онда Құдайдың жолын ұстаса да, бейнет пен азаптан шыға алмаған кісі туралы, «не қыламын десе де, бәрі – Құдайдың қолында», – деген ой айтылады (Смирнова В.В., 1995–38). Осы мазмұндас «Вавилон теодициясы» (б.д.д. ХІ ғ.) және «Құдайдың құлы, маған бағын» (б.д.д. Х ғ.) атты шығармалар да бар. Бұл
сюжеттер кейін Тауратқа да кірген екен («Иов кітабы». Құранда – Айып пайғамбар). Б.д.д. VІ ғасырда ассирия патшаларының дана уәзірі «Акихар туралы повесть» жазылған.
Шығыс әдебиетіндегі нәзирашылық дәстүріне ұқсас үрдісті, сондай-ақ, ежелгі грек әдебиетінен табамыз. «Нәзира» Фирдоуси заманынан өріс ала бастаған кезінде оның негізгі тақырыптық аясы шығыс мифологиясы болып басталып, одан діни сюжеттерге, қаһармандық, ғашықты мәселелеріне ауысқан деуге болады. Грек кикликтерінің негізгі тақырыбы да ежелгі мифология болатын. Бір ғана «Илиада» мен «Одиссеяның» (б.д.д. ІХ–VІІІ ғ.) айналасында қаншама шығарма жазылған (Немировский А.И., 1992–308). Біздің жыл санауымызға дейінгі 700-жылдар шамасында өмір сүрген Гесиодтың «Теогониясы» жазылып кеткен сюжетке қайта айналып соғу үрдісінің бастамасын жасаған. Одан кейін Апполодордың (б.д.д. ІІІ ғ.) «Құдайлар туралы сын», рим ақыны Овидийдің «Метамофозасы», тіпті ескі мифологияны жаңғыртушы Гекатей Милетский (Генеология), Геродот («Тарих») сияқты тарихшылар да бар. Бұл дәстүр бірте-бірте Құдайлардың ғашықтық оқиғаларын суреттеуге ұласқан. Осыған қарап, шығыс «нәзирасы» – гректің «кикликтермен» тамырлас үрдіс деген ойға келеміз.
Қиссаның («қисса» араб сөзі – баяндау) тууына тікелей негіз болған Құран сюжеттері, «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама» желілері болғанымен, оның түпкі бастауларында жоғарыдағы Ассирия-Вавилон, грек, шығыс фольклоры, алғашқы қауымда пайда болған архаикалық мифтер де жатыр. Қисса жанры өзінің қалыптасу кезеңінде осылардың бәрін сіңірді. Ол – жазба әдебиеттің басталу тұсында әлі ауызша әдебиеттен ажырай қоймаған кезеңде туған көне жыр.
Қиссаларда дүние – жаратылыстың пайда болуын, жанды-жансыз нәрселердің шығу тегі мен себептерін, өзен, тау, тас, аспан әлемі, жұлдыздар туралы түсініктер бар. Космогониялық мифтің көріністері кездеседі. Дүниені мекендеген әртүрлі мифтік мақұлықтар: дию, пері, жын-шайтан, жалғыз көзді дәу, аң-хайуан бейнелі адамдар көне заман түсініктерінен туғандығы айқын.
Қиссада адамзат дәуірлерінің қоғамдық қалыптасуының бас кездерінде пайда болған мифтік түсініктер мен қала мәдениетіне тән оқиғалар астасып жатады.
Төңкеріске дейін шыққан кітаптарда мұсылман дініне байланысты әңгімелерді «хикая» деген. Сондай-ақ қазақтың өз өмір тіршілігінен алынған жырлар «Қисса Алпамыс», «Қисса Айман-Шолпан» деп атала береді. Бірақ оларды қисса ретінде қарастырмаймыз.
Қазақ әдебиетіндегі нәзира дәстүрі, қисса-дастан жанрының туып-дами бастауы ХІІІ–ХІV ғасырларға тура келеді. «ІХ–ХV ғасырлар – Орта Азия, Иран және Солтүстік батыс Индия тарихында гуманизмнің гүлдену дәуірі» (Сәтбаева Ш., 1982–7). Алтын Орда дәуірінде туған қиссалардан ежелгі мифтік бейненің көркем шығарма қаһарманына айналуын («Қисса Жүсіп»), ғашықтық тақырыбының көтерілуін («Хұсрау уа Шырын»), діни ағартушылықтың туа бастауын («Жұмжұма») көреміз.
Қисса-дастан қазақ әдебиетінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде дамып-қалыптасты. Онда түрік-ислам дүниесінің мол мұралары қамтылып, заман адамдарының зердесінде қазақ мәдениетінің мыңдаған жылдық тарихы бейнеленіп: «Әне, мәселе қайда?» – дегендей, ой түрткі салынды. Түріктік-исламдық дүниелердің мәні мен маңызын түсіндіруді мақсат еткені үшін, оны жазған ақындарды «пантүрікшіл», «панисламшыл», – деп айыптаған кездер де болды. Әдебиетте саясаттандырудың салдарынан көп жылдар ғылыми-зерттеу нысанасына айналмады.
Қисса-дастан мәселесінің жалпы жағдайлары М.Әуезов (1959; 1991), С. Мұқанов (1974), Е. Ысмайылов (1956; 1968), Қ.Жұмалиев (1958), Б.Кенжебаев (1973; 1976), М.Ғабдуллин (1974), Б. Шалабаев (Әдеби мұра... 1961-210-244), Х.Сүйіншәлиев (1986) еңбектерінде сөз болды.
Қиссашы ақындарды әдебиетке кіргізіп, ақтап алуды қарастыру талаптарын профессор Б.Кенжебаев еңбектерінен көреміз. Б.Кенжебаев Шәді, М.Жүсіп, Н.Наушабаев, т.б. шығыс сюжетіне өлең жазған ақындарды «ағартушылық бағыттағы ақындар» деп бөлу арқылы, оларды, «кертарпа», «ескішіл» деген айдар тағудан ажыратып алды: «Алайда, әне бір жылдары бізде ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін менсінбеушілік, жете бағаламаушылық болды. ХХ ғасыр басында бізде шын мағынасында әдебиет болған жоқ десті. Осыдан ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін жинап, бастыру, зерттеуге тиісінше көңіл бөлінбеді», – деп жазады (Кенжебаев Б., 1973-105).
Сондай-ақ М.Бөжеевтің (1971-32), М.Бөжеев – З.Ахметовтың (Қазақ әдебиетінің... 1961-2-534), М. Ғұмарованың (Қазақ әдебиетінің... 1960-1-429) зерттеулері осы мәселені алғаш көтеруімен құнды болды. Ә.Қоңыратбаев (1994-202-226), Ы.Дүйсенбаевтың (1973) еңбектерінде жүйелене бастады. Қиссашы ақындардың бірі Шәді Жәңгірұлының шығармашылығын Н.Келімбетов арнайы зерттеу тақырыбына айналдырды (1974).
Осы кездерде қисса-дастандарды жариялап жарыққа шығару жұмыс басталды. Алғаш Ү.Сұхбанбердинаның құрастыруымен жарық көрген «Ғашық наме» (1976), «Қисса-дастандар» (1986), кейін «Ғашықтық дастандар» (1994) және «Батырлық дастандар» (1995) болып басылып шықты. Сондай-ақ, Б.Әзібаеваның құрастыруымен «Дастандар» (1990) екі томдығы жарық көрді. С.А.Қасқабасов, К.С.Матыжановтар құрастырған «В.В.Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгілерінен» бірнеше қиссалар қосылды (Ел қазынасы... 1994).
Қисса-дастанды фольклорлық тұрғыда танып-білудің маңыздылығын талдап жазған Р. Бердібаев еңбектерінің мәні зор болды (1970; 1989; 1995-24-39).
Сексенінші жылдардан бері қарай қазақ-шығыс әдеби байланыстары жөнінде елеулі еңбектер жазылды. Бұл салада Ш.Қ.Сәтбаеваның (1972; 1982; 1990), Ө. Күмісбаевтың (1982; 1989; 1994; 1996) кітаптары жарық көрді. С.Қасқабасов бұл мәселеге фольклор тұрғысынан келіп, тың пікірлер айтты (1972; 1984). Ежелгі қиссаларды зерттеу талаптары көрінді (Қыраубаева А. 1988; Ежелгі дәуірдегі... 1991).
Қазақтың төл романдық дастандары Б. Әзібаеваның ғылыми жұмысында арнайы зерттелді (1990). «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» (1994) атты ұжымдық кітапта Жүсіпбек Шайхұсламұлы (С.Дәуітов), Шәді Жәңгірұлы (Н.Келімбетов), Әсет Найманбайұлы (Б.Әбілқасымов), Ақылбек Сабалұлы (С. Дәуітов) сияқты қиссашы ақындардың өміріне тоқталып, «Қиссалар және кітәби ақындар» (Ө. Күмісбаев) атты шағын бөлім берілген. Бұл зерттеулерде де біз қарастырып отырған мәселені анықтай түсуге көп көмегін тигізді. Сондай-ақ, Пекиндегі «Ұлттар баспасынан» қазақ қиссаларының 12 том болып жарық көруі мәдени өміріміздегі елеулі жаңалықтың бірі болуы тиіс.
Қисса-дастандар зерттеушілер тарапынан терминдік мәселелерде әртүрлі айтылып жүр: «Қисса», «қисса-хикая», «дастан», «рыцарлық дастан», «қисса-дастан».
Е.Э.Бертельс – «рыцарлық дастан» деп атаса (1934), В.М.Жирмунский, Х.Т. Зарифовтар (1947), Е. М. Мелетинский (1983) сондай-ақ қазақ зерттеушілерінің Б.Әзібаева (1990) «романдық дастан» дейді. Ы.Дүйсенбаев ғашықтық қисса-дастандарды «лироэпостық жырлар» деп есептеген (1973). С.Мұқанов (1974), М. Бөжеевтер (1971) «қисса» дейді. Соңғы зерттеулерде дастан атауы жиі қолданылып жүр. «Дастан» – шығыс сюжеттеріне жазылған поэма мағынасын береді. Біздің тақырып ауқымымыз бойынша, бұл жанр көне дәуірлерден бері қарай қарастырылатындықтан, «қисса-дастан» деген атауды жөн көрдік. Өйткені, ежелден қалыптасқан «қисса» сөзін алып тастаудың реті жоқ. «Қисса» – осы жанрдың мағыналық жағынан айырмашылықтары
мен ерекшеліктерін жан-жақты аңғартатын сөз деген ойдамыз.
Еңбегі ерлікке тең
күрескер жан
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Сол уақыттар да тек Алматы мен Астанада ғана емес, Республиканың ел тығыз қоныстанған көптеген елді мекендерінде жеке меншік жоғары оқу орындары мен орта білім беретін арнайы мектептер бірінен соң бірі ашылып жатты. Оларды өмірге келтіріп жатқан азаматтардың кәсіби мамандық дәрежелері де, ойға алған түпкі мақсаттары да әрқилы болатын. Бірақ, негізінен солардың дені мынау қарбалас тұстың кім озып,
кім қалады дейтіндей кезінде өздерінің азды-көпті қаржы-сы мен іскерлік мүмкіндіктерін сынап көруге тәуекел еткендердің санатына жататынды. Олардың іштерінде кейбір бұрыннан байланыстары барырақтары өздерінің қолдау көрсетіп демейтін жанашырларына иек сүйеп додаға
түсіп жүрсе, енді біреулері сырт көзге «бақ шаба ма, бап
шаба ма» деп тыраштанады. Қалай болғанда да солардың
қай-қайсысы да көпшілік қауымның қолына бұрын оңайлықпен түспей жүрген «таңсық» мамандықтарға мүдделі жандарды тезірек арманына жеткізіп, қолдарына дипломдарын ұстатуды мақсат етті. Мұның өзі түптеп келгенде тек жоғары білім алушы жастарды ғана емес, ілгеріректе сондай мамандықты меңгергендерді көріп, «шіркін, менің де перзентім осындай болса ғой», – деп, көксеген ата-аналарды да «риза етудің қамы» болатын.
Бұл тұста орта білім беретін мектеп иелерінің еңбегі де жоғарыдағыдай жоғары білім алатындардың қатарына перзенттерін қоссам деп, жүрген жандардың үміттерін ұзартудың жолындағы харекет болатын. Демек, сол жылдардағы көктемгі өсімдіктердей жедел бой көтерген әралуан жекеменшік оқу орындарының үлкені мен кішісінің қай-қайсысының да алға қойған мақсаттарына сол жылдардың көзімен болсын, кейінгі уақыттың талабымен болсын тұтыныс тұрғысынан қарағанда «солары қалай еді» деп бастап, үзілді-кесілді олары дұрыс емес еді деп, шорт кесіп тұжырым жасау артық деп ойлауға болады. Ал, жекеменшік мекеменің иесі мүддесінен қарағанда сол талпыныстардың «міні жоқ» болатын. Бірақ, белгілі бір мамандыққа деген мемлекеттің өз ішіндегі сұраныстың қай кезде де өлшемі бар. Сол реттен келгенде бір кездегі таңдаулылардың ғана маңдайына жазылған секілді болып көрінетін кәсіптің дипломдарын иеленгендер, рас, саны жағынан, сол тұста бірқыдыру артық дәреже де дайындалды. Бірақ, бұл жайды біз, арнайы сөз етуді талап ететін өзге бір күрделі мәселенің тақырыбы деп білеміз.
Әлбетте, жоғары білімді мамандар даярланатын жоғары оқу орындарының тиісті білім саласын игеруге қабілетті мектеп шәкіртін оқытып шығару – аса игілікті шаруа екенін тек санаулы адамдар ғана емес, жалпы көпшіліктің өзі де жақсы біледі. Әйтсе де, сол дайындалып жатқан, көп ұзамай өндіріс басқартатын, тіптен ел тізгінін ұстататын келешек азаматтарымыздың кісілік келбеті, азаматтық дәрежесі, ұлты, отанына дегендегі сезімі қандай, солардың дені ертеңгі күні өз басын ғана күйттеп, өзінен өзгеге жақсылығы ауыспайтын дүмбілез кеуде, дүмше жандар болып, капитализм заманының басты мақсаты – тек қана өзіңді жарылқау деп түсінетіндер болмау үшін қандай тәрбие керек дейтін мәселені жан-жақты ойланып еңбек етіп жатқан мектеп ұжымдары бар ма деген де, осыған жауап беру ілгеріде де, қазірде де оңай емес. Міне, осындай жайды ойлаған кезде нар тұлғалы азаматтар тартар жүкке өз арқасын тосқан көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Алма Мүтәліпқызы Қыраубаеваның сонау 1993 жылы ашқан Гуманитарлық Қазақ мәдениеті мектеп – лицейінің ғибратты жайы ең алдымен еске түседі.
Алма Мүтәліпқызы замандасымыз аталмыш мектеп – лицейін ашу барысында, осы жүйедегі білім берудің негізгі бағыт-бағдарына республика ұстаздарының назарын аудару үшін «Егемен Қазақстаннан» бастап, еліміздің негізгі газет-журналдарына жиырмадан астам мақалалар жариялатты. «Жаным садаға» (1995), «Ежелгі әдебиет» (1996) атты кітаптарын «Жалын», «Әл-Фараби» баспаларынан бастыртып шығартты. «Сенім» атты бағдарламаның жобасын 1996 жылы «Қазақстан мектебі» журналына бастыртты. Сол материалдардың мәні мен мазмұны халықтың талқысына түсті. Республика мектептерінің тағдырына арналған келелі жиын-конференцияларда ұстаздар тарапынан қолдау тауып жатты. Еліміздің жекелеген өңірінде осы идеяны негізге ала отырып, білім беретін мектептер жұмыс жасай бастады. Сондай бағытта өмір кешіп жатқан республиканың батысындағы бір мектептің тағдырынан менің де хабардарлығым барды.
Бір жолы маған сондай мектептің басшысы Ордалы Мұқанов дейтін азамат хабарласты. Өзін сонау бала кезінен білетінмін. Тұщықұдық атты елді мекендегі, бүгінде халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов есімімен аталатын орта мектептің жанындағы интернатта бірер жыл бірге тәрбиеленгенбіз. Мектептен кейін Атыраудағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін үздік бітіріп, көп жылдардан бері ұстаздық етіп келе жатқан белгілі маман. Ара-тұра ауылдық кеңестің төрағасы секілді қызметтер атқарғаны болмаса негізінен сол өзі өмірге келген өңірдің мектептерінде директор болып істейтін-ді. Өзі жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз, баяғы атақты ақын Қашаған Күржіманұлы атасы секілді, не болса да көзі жетіп тұрған жайды кесіп айтатын нағыз ердің сойы болып ержетті деп еститінмін. Сол жігіт, міне, Алматыға келіпті. Негізгі шаруасы – Алма Мүтәліпқызымен тілдесу, ыңғайына қарай өзі басшылық ететін мектепке шақыру. Бірақ, бұл шақыру, қазекеңнің: «елге келіп, жер көріп, ағайынды аралап, арқаарқа болып тынығып қайтыңыз», – дейтін тілегінен гөрі басқаша шақырыс. Бұл – ұрпақ тәрбиелеп жатқан, сол ұрпақтың келешегі үшін ақ тер, көк тер болып еңбектеніп жүрген ұстаздар қосынының тың тынысты, озат үлгідегі қазақ мектебінің негізін өмірге әкеліп отырған жанды орталарына ала отырып, армансыз ақылдасудың шақырысы. Бұл – келешек қазақ қауымын көкірек көзімен елестете алатын Алма Мүтәліпқызының білім, тәрбие беру үлгісінен қапысыз үйренудің қамындағы шақырыс. Қысқасы, екі жаққа бірдей сынақты шақырыс... Ал, Алма Ордалы айтқан сол шақыруға келісімін беріпті. Соған Ордалы шексіз қуанышты. Өзінің Алманың
өмір жолынан, атқарған қызметтерінен менен гөрі біліңкірейтіні сөйлеген сөзінен көрініп-ақ тұр. Сонда да болса ол менен оның мінезін, шығармашылық ізденістерінің бағытын сұрайды. Оған мен не айтам? Баяғыда, университетте қатар оқығандығымызды, менің одан бір курс ілгері оқығандығымды өзі де біліп отыр. Ибалы, биязы, сыпайы адам екенін, көп ізденетіндігін, Жамбыл сынды ұлы жыршының келіні екенін айтам. Осы кезде Ордалым маған: «Әй, сен маған, Алма биязы, сыпайы, деп сипақтатпа! Сыпайы адам біздің ауылымызда да біраз бар. Алманы Алма етіп отырған оның мінезінің бір ерекшелігі, өжеттігі болуға тиіс. Сен маған білсең соны айт!» – дейді. Мен қонағымның бұл қылығына ептеп таңданғандай болып, оның бетіне қараймын. Ол болса жай кездің өзінде аржағынан жігер оты маздап тұратын көкшіл көзін маған қадай қарап қалған. Тіптен аржағында ептеп ашудың да сесі бар.
Менің есіме сонау бір алыс жылдардағы университетте жыл сайын өтетін студенттердің ғылыми конференциясының көмескі бір көрінісі түсті. Алма онда екінші курста оқиды. Түске дейінгі отырыс. Қазір дәл жадымда жоқ, әлденендей тақырыпта ол баяндама жасады. Ұмытпасам, Өзбекстаннан келген бір ересектеу студент оның қозғап отырған мәселесіне ескерту жасады ма, сын айтты ма, сондай бір жағдай болды. Алма мәжіліс басқарып отырған ұстазымыздан ұлықсат сұрап, сыртқа шығып кетті де көп ұзамай екінші қабаттағы кітапханамыздан В.В.Бартольдтің кітабын әкеліп, сөз сұрап алып, ара-тұра қолындағы ұлы оқымыстының еңбегін ашып жіберіп, әлгі қонақпен біраз айтысқа түсті. Қарсыласы да біраз уәж айтқан болып еді, біздің Алма қонақ студенттің аяғын бастырмай қойды. Тілектес болып отырғандығымыздан да шығар, әйтеуір бізге сол жолы Алма қарсыласынан биік болып көрінді де «жарайсың, Алма» деп қол соғып жібердік. Біздің бұл қылығымызды түсінген, әрі өзге республикадан келген қонақ студенттердің көңіліне кірбең түспесін деп ойлаған жиналыс төріндегі профессор Темірғали Нұртазин ұстазымыз көсіле сөйлеп, әлденендей бір күлдіргі әңгімелер айтып, оған келіп отырғандар мәз болып, екі жақты бітім-
ге шақырғандай болғаны барды.
Мен сол жолы Ордалыға осыны айттым. Байқайым, қонағым әлгіндегідей емес, байсал тауып байырқаған сияқты.
Шынында да адамға мінез, соның ішінде өжеттілік керек-ақ қой. Бірақ, елдің мүддесіне қызмет ететін келелі іске басшылық жасау үшін тек бір ғана мінез аздық етеді. Оған жаныңның шақпағын ұрып, өзіңді тұтандыратын жігерлілікке қоса ересен өнеге-үлгі аларлық ортаның тәрбиесі керек.
Асау уақыттың тертесіне жегіліп омырауына күш түскен, құйқылжи құбылып тұрған тіршіліктің тізгінімен алысып жүріп күн кешкен, біздің алдымыздағы сандаған буынның оймен жүдеп, оймен түлеп өмір сүргені хақ. Ұлы күрестер солардан қалған. Бірақ, ізденістің бәрі сәтті, күрестің бәрі нәтижелі бола бермеген. Талай тарлан тарығып, талай жампоз жабырқаған замандар өткен. Соларды білетін кеудесінде оты бар небір жігерлі жандардың өзі қаралай жасымаса да үнемі қайсарлық танытып, үнемі тәуекелдің жел қайығына мінуге батылдықтары жете бермеген. Өйткені, арғы дәуірлерді айтпағанда, бергі ХVІІІ –
ХХ ғасырлардың мығдарындағы қазақ ұлысы әман да іздегенін тауып, ойлағанын орындай аларлық іргесі берік іргелі жұрттардың санатында бола бермеген. Өз үйінде отырып, өз жерінде жүріп өзгеге жалтақтаумен тірлік кешіп, өгейсіткен өмірдің өңезін жалап күн кешкен тұстары аз болмаған. Батыры бір оқтық болды. Ойшылы сол ойлылығынан жапа шекті. Шешен тілдер күрмеліп, ұлтжанды ұланы ұрда-жық есерсоқтың қолынан жантәсілім тауып жатты. Ақынын азғын деп, ғалымын залым деп «дәлелдеп» жазалау үстем жұрт «саясаткерлеріне» қисынсыз болса да қиын болған жоқ. Бұрын табиғат апаты мен індет ауруынан басқадан сескенбейтін серке жұрт өз билігі, өз тізгінінен айырылып қалғаннан кейін күресіп те мән таба алмады, айтысып та ажары кірмеді.
Аузына қақпақ жабылып, басына тоқпақ төнумен тұрды. Жылдар жылжып, жымысқы саясат зеңбірегін қолында ұстап отырған ұстын-тұлғалар алмасқанмен, бұратаналарға деген бұрынғы пейілінен кейінгілері де алжасқан жоқ. Жыл мезгілі өзгеріп қыс артынан көктем келіп, «қардың басын қар алып, ханның басын хан алып» жатса да бұратаналарға дегенде баяғы тоң қабақ, томырық мінез өзгермей қойды. Әйтсе де, ұлттың өмірі жеке тұлғаның өміріндей емес. Жеке адамды ұстанған пікірінен айнытуға болады. Өлтіру де оңай. Бірақ, жекені жазалағандай, тұтас ұлттың үнін өшіру қиын. Белгілі бір уақытқа қорқытып-үркітіп үрейлендіруге болғанмен, миллиондаған жанды жаппай табанға салып бүкіл арман-мақсатынан түбегейлі безіндіру оңай емес.
Марқұм Алма Қыраубаева замандасымыз өзіміз секілді «коммунизмнің нұрлы келешегіне» аршындай қадамдап өмір сүрген «кемелденген социализмнің» тұсында есейіп, ер жетті. Сырттай коммунистік саясатқа жан-тәнімен қызмет етіп жүрген сияқты болғанмен, шын мәнінде өгейлікте өмір кешіп жүргендерін айқын да анық түйсініп, іштей кіжініп жүретін саналы жандардың сезімдерін қапысыз сезініп тірлік кешті. Оның үстіне ғылыми жетекшісі революцияға дейінгі дәуірде-ақ талай абырой, атаққа ие болған шығыстанушы, түркітанушы ғалымдармен пікірлес профессор Бейсенбай Кенжебаев ақсақал болатын. Ал, зерттеу обьектісі – әдебиетіміздің ежелгі дәуірі еді.
Әдебиеттің ежелгі дәуірін зерттеу, бұл – түптеп келгенде бүтін бір ұлт пен ұлыстың өткенін тануға бастайтын жолға түсумен бірдей жай болатын. Ал, аталмыш кезеңнің әдебиетін тісі батып зерттеген адамның өзі сол құндылықтарды өмірге келтірген жандардың ұрпағынан болса, онда ол сонау арғы ата-бабаларының арадағы бірнеше жүз жылдықтарды баса көктей өтіп, бүгінгі жер басып жүргендерге жолданған сәлем-аманатының үнінен айырықша рухқа бөленер еді. Шын мағынасындағы кісіліктің басты атрибуты ұждандылық пен ізгіліктің сол замандарда да адамзат баласы үшін ең өзекті мәселе болғанына
көзі жетер еді. Ынсапсыз ашкөздікпен, жәдігөй жауыздықтың тамырына балта шабу үшін өмірін сарп еткен жандардың тағдырына үңіле отырып ұрпақ мәселесіне терең ой жүгіртер еді. Белгілі бір дәуірде үстемдік құрып жүрген этностардың жаратушының ерекше мейірімімен өмірге келтірілгендігінің арқасында емес, сандаған буынның сол қауымды көркейту жолындағы күресінің нәтижесінде ілгері шығып тұрғандығына ден қояр еді. Бұл жайлы Алма Мүтәліпқызы замандасымыздың бәрімізден де көбірек, бәрімізден де тереңірек ойлағандығында күмән жоқ. Ол «бір Құдайға сыйынып, кел балалар оқиық», –
дейтін Ыбырай атасы аштыртқан мектептердің де, оның алдында Жәңгір хан өмірге келтірген оқу орнының да өнеге-үлгісі мен нәтижесін ғана емес, сонау әрісі Афина мен араб білімпаздарын өмірге келтірген білім шаңырақтарының да, кеңестік дәуірдің жалпы білім беретін оқу орындарының да басты ерекшеліктерін зердесінен өткізіп барып, саналы да жігерлі ұл мен қыз тәрбиелейтін ұлттық мектептің бағдарламасын жасап, мектеп ашты. «Бізге басқалардың тәрбиесі, өзімізен артық көрінетін бір кембағалдық әдет бар. Басқа елдің тәжірибесін тұтастай енгізу жақсылыққа әкелмейді. Оның ішінде ұлттық құндылықтарға қабысатынын ғана пайдалануымыз керектігін ескере бермейміз... Оқулықтарымыздың мазмұнының жаңа буынға арналып жаңара бастауы қуанарлық жай. Алайда, оқулық көлемін қанша қампайтқанмен ұлттық тәрбиені толық қамти алмайды. Ол қосымша бағдарламалармен толығуы тиіс. Бастауыштан бастап ертегі аңыздар, ұлттық әдеп, қазақ елінің арғы-бергі тарихынан қызықты оқиғалар, ұлт тұлғалары, ежелгі әдебиет, ислам әдебиетінен мағлұматтар содан алынуы тиіс. Ұл тәрбиесі мен қыз тәрбиесінің ерекшеліктерін ескере отырып бастауыштан мектеп бітіргенге дейінгі ұрпақтар тәрбиесін халық тәрбиесінің негізінде жүргізу ләзім. Мектептің бағыт-бағдары, мазмұны түгел қазақ рухында болуы қажет», – деп жазды ол сол тұста.
Шынында, көптеген жандар өзінің перзентіне ұлттық тәрбие беруге құмар-ақ. Өйткені, әрбір естияр ұлт өкілі берісі әулетінің, әрісі бүкіл халқының сандаған ғасырлар бойы ата-бабаларының еңбегі арқылы қалыптасқан елдік құлықтан қай кезде де айырылып қалмауға мүдделі. Бірақ, сондай дегдарлардың өзіне де сол ойлаған ойын жүзеге асырудың жолы тіптен де оңай емес. Оңай болмайтыны, сондай ұлттық тәрбиені жасөспірім ұрпақтың бойына қапысыз сіңіріп тәрбиелейтін мектептің бағыт-бағдарын түсініп, оның өмірге келуіне жанашыр билік иелерін табу қиын. Көзі қарақты жанға жарты ғасырдың ішінде бір-бірінен елеулі айырмашылығы бар берісі үш буынның өсіп шығатыны оп-оңай-ақ аңғарылса да, тұрмысы жайлы жайбасар сана иесінің көбісі осы жайды ескеруге келгенде енжарлығымен ерекшеленеді. Ал, енжарлық бел алып тұрған кезде елдік мүдденің белі майысты дей беріңіз.
Осының бәрін көре жүріп, біле жүріп марқұм Алма Қыраубаева замандасымыз 1993 жылы Алматы маңындағы Қарасай ауданының Жандосов атындағы ауылынан «Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектебін» ашты. Жанындағы серіктері де өзі секілді қазақ ұлысының ары мен абыройы үшін аянбай еңбек етуге білегін сыбана кіріскен, өз тұрғысында кілең жанкештілер болатын. Оқу бағдарламасына әр сыныптың өзіне сәйкес дағдылы пәндермен қоса «Әлемтану», «Елтану», «Әдеп», «Ислам мәдениеті», «Ежелгі әдебиет», «Қыз әдебі» секілді жаңа сабақтар кіргізілген. Ал, ұстаздар қауымы түгелдей мектеп табалдырығын жаңа аттаған шәкіртінен бастап, жоғары сынып оқушыларының қай-қайсысының болсын жан дүниесін қапысыз түсінер сырлас досындай бола отырып, сергек мінезді, сезімтал, батыл да байсалды азаматты тәрбиелеп шығаруды алдарына мақсат етіп қойғандығымен ерекшеленетін. Шәкірт атаулының дүниетанымын, өмірге деген құштарлығын, ұлтына деген сүйіспеншілігі мен мақтанышын қалыптастыру үшін оларға қазақ мәдениетін жүйелі түрде оқыта отырып, әрқайсысының бойына адамға деген әдептілік пен сабырлылықты, қанағатшылдық пен намысқойлықты ұялатуға жан салып бағыпты. Бұл мәселелердің қай-қайсысын да Алма марқұм өзінің оқырмандары назарына ұсынылған күнделік дәптерінде ашық-ақ жазған. Ол тіптен осынау аса қиыншылықпен ашылған Жандосов ауылындағы «Гуманитарлық қазақ мәдениеті мектебіне» ілтипатпен қараған жандар мен ақыр
аяғы мектепке қыста жылу бердірте алмаған қолында билігі барлардың біразының қылығын, жауып жасырмастан анық көрсеткен. Күндердің күнінде осы жылусыз мектепте оқыған шәкірттерінің ауырулы болып қалмауынан сақтанған ұжымның өз қолдарымен ашқан мектебін амалсыздан өз қолдарымен жапқанын да қынжыла баяндаған.
Бірақ, жаратылысынан жігерлі, ақын жанды, әрі әнші, әрі ғалым, ғылым докторы, профессор Алма Мүтәліпқызы өзі бастап, өмірге келтірген ұлттық тәрбиенің негізінде өмір кешіп жатқан сонау қияндағы Маңғыстау облысының Тұщықұдық елді мекеніндегі Сәттіғұл Жанғабылов атындағы мектепке Ордалы Мұқановтың шақыртылуымен барған сапарын өзінің жолжазбаларында да, кейін содан алған әсерін Алматыға келіп, біздерге айтқанда да соншалықты бір сүйіспеншілікпенен баяндағандары күні бүгінгідей есімізде.
Алма Мүтәліпқызы аз өмір сүрседе көп шаруалар тындырып кеткен азамат. Ғылымда өзінің терең таным-түсінігімен еліне кеңінен мәлім болды. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін зерттеді. Филология ғылымының докторы дәрежесіне жетті. Бір кезде өз білім алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Астанадағы Л.Гумилев атындағы университеттің профессоры болды. Алдынан мыңдаған шәкірттер өтті. Бәріне де үлгі тұтар ұстаз
бола білді. Көптеген әріптестерінен бір ерекшелігі – ол
сол жас буынның көбінің жанын ұғар жанашыр жақыны, сырлас досына айналды. Бұл жайлар өзінің жазған кітаптары мен замандастары мен шәкірттері жарыққа шығарған «Алма апай» атты жинақта жан-жақты баяндалған. Өзі ұлы Жамбыл ауылына келін бола жүріп, Жәкең атасы туралы, оның келіндері мен немерелерінің естеліктерін ғана емес, сол өңірдің өнерлі жандарының әуезді әуендерін өзі үйреніп, үн таспаға түсіріп, елге жеткізді. Ата-анадан, келген жеріндегі абысынжын, енелерінен, өз замандастарынан көрген, аңғарған, оқып ойға қалған тәрбие-тәлім мәселелеріне тереңнен ой жүгірте отырып, қазақ ұлтының келешегі – жас ұрпақтың тәрбиесін жетілдіру мәселесін күн тәртібіне қоя білді. Соның неізінде ұлт мүддесін жеке адамның өзімшілдік ниетінен жоғары қоюға мүдделі болатын ұрпақтар шыңдайтын мектептің үлгісін өмірге келтіруге мұрындық болды. Мектеп ашты. Шын мәнісінде, бұл – ерлікті талап ететін еңбектің үлгісі еді... Алманың осы қасиеті оның сан қырлы талантының бір қыры ғана емес, елдің мақсат-мүддесін ойлай білетін ақылмандығының басты көрсеткіші болатын...
Достарыңызбен бөлісу: |