Бағдарламасы «Әскери өнер тарихы»


§1. Қазақстан Республикасының әскери доктринасының әскери-саяси негіздері



бет4/10
Дата12.06.2016
өлшемі2.66 Mb.
#129842
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
§1. Қазақстан Республикасының әскери доктринасының әскери-саяси негіздері.
2007 жылғы 21 наурызда Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің №299 Жарлығымен мемле­кеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыс­тар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралым­дарды дамыту мен қолдануға негіз қалаушы көз­қарастар жүйесін білдіретін Қазақстан Республи­касының жаңа Әскери доктринасы бекітілген болатын.

Жаңа Әскери доктрина демократиялық және құқықтық мемлекет құру кезеңінде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін, оның ішінде әскери салада да жетілдіруге бағдарланған 2000 жылғы Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын одан әрі дамыту үшін әзірленді.

Қазақстандық қоғамды әлеуметтік-экономи­калық және саяси жаңарту, сондай-ақ әлемдегі әскери-саяси жағдайдағы өзгерістер жаңа Әскери доктринаны қабылдау үшін негіз болды.

Қазақстан, доктринада көрсетілгендей, әскери күштің мәні барынша төмендетіліп, оның функ­циялары әскери жанжалдарды тежеу міндетіне жақындастырылған халықаралық қатынастар жүйесін құруды дәйекті түрде қолдайды.

Әскери доктрина Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі ережелерін, Мемлекет басшысы жарлықтарының талаптарын, Қазақстан­ның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, Қазақстан Республика­сы­ның заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Қазақстан қатысу­шысы болып табылатын халықаралық шарттарды нақтылайды.

Әскери доктрина қорғаныстық сипатта, ол ұлттық мүдделерді қорғауды, елдің әскери қауіп­сіздігіне кепілдік беруді батыл шеше отырып, Қа­зақстан Республикасының бейбітшілікке бейілді­лігін айқындайды, асимметриялық қатерлер­ге: терроризмге, экстремизмге, есірткі тасымалына, қаруды заңсыз таратуға, заңсыз көші-қонға қарсы күресті ескере отырып, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту шарттары мен жаңа бағыттарын нақтылайды.

Әскери доктрина ережелерін іске асыру әскери басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, өзара байла­ныс­ты саяси, дипломатиялық, экономикалық, әлеуметтік, ақпараттық, құқықтық, әскери және Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да шаралар кешенін жүргізу есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Жаңа Әскери доктрина өзара байланысты төрт бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімде қауіпсіздіктің әскери-саяси негіздері ашылады, әскери-саяси жағдайдың дамытылуына болжам жасалады, Қазақстанның әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы саясаты баяндалады; мемлекеттің әскери ұйымының мәні көрсетіледі.

Әскери-саяси жағдайды дамытуды болжай отырып, Еуропа мен Азияның сауда және көлік-коммуникациялық ағынының қиылысында тұрған Қазақстанның геосаяси жағдайы, елдің бай табиғи ресурстары оған халықаралық және өңірлік ынтымақтастықты дамыту саласында елеулі басымдықтар беретінін айтқан жөн.

Қазақстанның айналасындағы ахуал түбегейлі өзгерді. Өңірде жағдайды тұрақсыздандыратын және ұлттық қауіпсіздікке қатер туғызатын жаңа факторлар туындады, мұның өзі әскери қатерлер­дің тұрақты мониторингі жүйесінің тиімділігін арттыруды талап етеді.

Геосаяси жағдай әлеуметтік, экономикалық және демографиялық сипаттағы қайшылықтармен, содан туындайтын тұрақсыздық қатерімен сипатталады.

Мұндай жағдайларда Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы түйінді мақсаттар бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау болып табылады.

Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін саяси шара­лар мен алдын алу дипломатиясына басымдық беріледі. Сонымен қатар әскери-қорғаныстық құрауыштарға сұраныс сақталып отыр және, демек, Әскери доктринаның жаңа жағдайларға бейімделу проблемасы өзекті болып қала береді.

Әскери-саяси жағдайды талдау Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігіне төнетін негізгі қатерлер мыналар болуы мүмкін екенін білдіреді:

сыртқы:


Қазақстан шекарасының маңында қарулы жанжал ошақтарының болуы;

жекелеген мемлекеттердің жаппай қырып-жою қаруын және оны жеткізу құралдарын жасау жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асыруы;

халықаралық радикалдық топтардың қызметі, шекаралас елдердегі діни экстремизм ұстанымы­ның күшеюі;

ішкі:


Қазақстан Республикасының бірлігі мен ау­мақтық тұтастығын, елдегі ішкі саяси тұрақтылық­ты бұзатын, экстремистік, ұлттық, діни, сепаратис­тік және террористік қозғалыстардың, ұйымдар мен құрылымдардың құқыққа қарсы қызметі;

заңсыз қарулы құралымдар құру, оларды жарақтандыру, дайындау және іске қосу;

ел аумағында диверсиялар, террористік актілер, өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш және басқа да заттарды заңсыз тарату;

экономикалық және саяси тұрақтылыққа қатер төндіретін ауқымдағы ұйымдасқан қылмыс, контрабанда және өзге де заңға қарсы қызмет.

Қабылданған жаңа Әскери доктрина Қазақ­станның әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету сала­сын­дағы саясатын мемлекет қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде мазмұндайды. Негізгі басымдықтар ретінде агрессияны немесе әскери жанжалдар тұтандыруды болдырмау, тұлға мен қоғамды қорғау, елдің саяси және экономикалық мүдделерін іске асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қарастырылады.

Қазақстан өзінің әскери қауіпсіздігін қамта­масыз етуді демократиялық, құқықтық мемлекетті дамыту, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру, тең құқылы серіктес­тік, өзара тиімді ынтымақтастық, халықаралық қатынастардағы тату көршілестік принциптерін бекіту, халықаралық қауіпсіздіктің толық қамтитын жүйесін дәйекті түрде қалыптастыру, өңірде бейбітшілікті сақтау мен нығайту тұрғысынан қарастырады.

Қазақстан қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әскери емес шараларына басымдық береді, оларға бірінші кезекте саяси-дипломатиялық, құқықтық, экономикалық, гуманитарлық, ақпараттық-насихаттау және өзге де шаралар жатады.

Бұл мынадай міндеттерді шешуді айқындайды:

әскери салада достас мемлекеттермен, атап айтқанда, Орталық Азия елдерімен өзара тиімді ын­тымақтастық, өзара түсіністік, сенім мен ашық­тық шараларын жүзеге асыру негізінде байланыс­тар мен интеграциялық процестерді күшейту;

әскери жанжалдар мен соғыс өртін тұтан­дыруды болдырмаудың халықаралық тетіктерін құру жөніндегі қызметті жандандыру;

сенім шараларын нығайту, мемлекетаралық қайшылықтарды шешу үшін күш қолданудан бас тарту, халықаралық дауларды реттеу;

әлемнің демократиялық және индустриялық дамыған мемлекеттерімен экономикалық байланысты кеңейту мен қатынастарды тереңдету;

халықаралық қоғамдастық тарапынан елдің қолдау табуын қамтамасыз ету үшін халықаралық институттар мен форумдардың көмегі мен жәрдемін пайдалану;

жаппай қырып-жою қаруын таратпау мен қару-жарақты бақылаудың халықаралық режимдерін нығайтуға жан-жақты жәрдемдесу.

Басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен серіктестік пен ынтымақтастық құра­лын, диалог пен байланыстарын кеңінен пай­далана отырып, Қазақстан бейбітшілік тәртібін қалыптастыруға және әскери жанжалдарды бол­дыр­мау, ал олар туындаған жағдайда – олардың бастапқы даму сатысында жанжалдасу ахуалдарын бәсеңдету мәселелерін шешуге белсенді қатысатын болады.

Доктрина халықаралық құқық нормалары негізінде әскери жанжалдарды болдырмау, респуб­ликаның халықаралық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайту ісінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Солтүстік Атлантика шарты ұйымы (Іс-қимыл серіктестігінің жеке жоспары және “Бейбітшілік жолындағы серіктестік” бағдарламасы шеңберінде), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым форматтарында мемлекеттермен ынтымақтастық жасайды деп атап көрсетеді.

Бір қатар объективті жағдайлардың себебімен елдің қорғаныс қабілетін нығайту мемлекеттің өзекті міндеттерінің бірі болып қала береді. Сондықтан әлемдік стандарттар бойынша қазіргі заманғы қару-жарақпен және техникамен жарақтандырылған жоғары кәсіби армияның болуы Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар ұлттық мүдделерін сенімді қорғау шарттарының бірі болып табылады.

Осыдан шыға отырып, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

бейбіт уақытта – мемлекеттің конституциялық құрылысын, аумағының тұтастығы мен қол сұғыл­маушылығын қорғау, мемлекеттің қорғаныс қабіле­тін неғұрлым ықтимал әскери қатерлерге қарсы іс-қимыл жасауды қамтамасыз ететін деңгейде ұстау, қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың қазіргі заманғы үлгілерімен жарақтандыру, кадрлар даярлауды жетілдіру, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау, оның ішінде бітімгершілік қызметке, коалициялық әскери құрылысқа қатысу;

қатерлі кезеңде және әскери жанжал бастал­ғанда – агрессияны болдырмау немесе бейбітшілікті қалпына келтіру үшін агрессорды әскери жанжалды бастапқы сатысында тоқтатуға мәжбүрлеу үшін халықаралық ұйымдардың әлеуетін пайдалану, күрестің барлық түрлерін ұйымдастыру және жүргізу, ел экономикасын соғыс жағдайы кезінде жұмыс істеуге ауыстыру, аумақтық және азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және жүзеге асыру, әскери саладағы шарттар негізінде әскери жанжалдарды оқшаулау және тоқтату үшін достас мемлекеттердің мүмкіндіктерін пайдалану.

Әскери доктринада әскери қауіпсіздікті қамта­масыз етудің басым бағыттары – әскери қатер­лерді бағалау және жіктеу, мемлекеттің әскери ұйымының оларға қарсы тиімді іс-әрекет жасауға әзірлігі, күштер мен құралдардың болуы және жан-жақты ресурстық қамтамасыз ету айқындалған.

Мемлекеттің әскери ұйымы міндеттерді әскери әдістермен орындауға арналған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қамтиды.

Қазіргі заманғы және тиімді әскери ұйым Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады.

Мемлекет өз Қарулы Күштерін, басқа да әс­керлері мен әскери құралымдарын дамыту мен жан-жақты қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдайды. Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамытудың бас­­ты мақсаты олардың мемлекеттің әскери қауіп­сіз­дігіне қазіргі бар және әлеуетті қатерлерді бейтараптандыруға әзірлігін қамтамасыз ету болып табылады.

Осыған байланысты Қазақстан Республика­сының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын дамытудың негізгі принциптері айқындалған:

ғылыми негізділік;

жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге орталықтандырылған басшылық жасау;

белгіленген іс-шаралардың уақтылығы, жоспарлылығы мен жан-жақты қамтамасыз етілуі;

жалпы мемлекеттік және ведомстволық іс-шаралардың кешенділігі мен келісілуі, оларды ұйымдастыру мен өткізуді ұдайы бақылау;

бірыңғай мемлекеттік әскери-техникалық саясат;

кадрларды оқыту және даярлау жүйесінің бірізділігі.

Мемлекеттің әскери ұйымын дамыту олардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, үйлестірілген және келісілген бағдарламалар мен жоспарлар бойынша, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралым­дар­ды жауынгерлік қолданудың міндеттері мен ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылады.

Мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың міндеттері:

Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметін мемлекеттік және азаматтық бақылаудың тиімділігін арттыру;

мемлекеттің әскери ұйымының барлық құрауыштарын теңгерімді және үйлесімді дамыту;

әлемнің жетекші елдері армиясының дамыты­лу және қолданылу тәжірибесін талдау негізінде Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға технологиялық және кәсіби талаптар белгілеу;

әскери білім беру жүйесін халықаралық талап­тарға сәйкес келтіру, келісімшарттық қызметті жетілдіру;

Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды тылдық және техникалық қамтамасыз етудің тиімді жүйелерін арттыру;

Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін резервтер жүйесін жаңа сапалы деңгейге шығару.

Мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттары:

мемлекеттің әскери ұйымын басқару органдарының қызметін, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды даярлаудың нысандары мен тәсілдерін жетілдіру, бірлесіп жоспарлау, ведомствоаралық үйлестіру мен өзара іс-қимыл сапасын арттыру;

әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелерінде өңірлік қолбасшылықтардың нақты дербестігін қамтамасыз ету, өзіндік жеткілікті әскерлер топтарын құру;

басқару органдарын, ұдайы жауынгерлік әзірліктегі құрамалар мен бөлімдерді қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерімен жоспарлы түрде техникалық қайта жарақтандыру;

радиоэлектрондық күрестің, байланыс пен басқарудың, оның ішінде ғарыштық құрауыштарды пайдалана отырып, қазіргі заманғы құралдарын кеңінен енгізу;

әскери қызмет жағдайларын сапалы жақсарту, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшеле­рінің, сондай-ақ әскери қызметтен босатылған адам­дардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету;

Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006 – 2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы идеологиялық жұмысты жандан­дыру;

әскери саладағы ғылыми-техникалық прогресті қамтамасыз ету, отандық қорғаныстық-өнеркә­сіптік кешенді одан әрі дамыту;

аумақтық қорғаныс жүйесін мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіне белсенді түрде кіріктіру;

армияны жаңғырту, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әскери инфрақұ­рылымды қалыптастыру және әскери кадрлар даярлау мүдделеріндегі халықаралық әскери ынтымақтастықты кеңейту.

Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту төмен және орта қарқынды жанжалдарда әскери қауіпсіздік қатерлерін бейтараптандыруға әскерлердің әзірлігін қамтамасыз етуге бағытталған әскери-саяси, әскери және әскери-техникалық сипаттағы өзара байланысты шаралар кешенін өткізуді көздейді.

Осы шаралар кешенін мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұл ретте бірінші кезеңде (2007-2008 жылдар) негізгі күш-жігер мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін дербес шешуге қабілетті әскер топтарын құруды аяқтауға, әскери инфрақұрылымды дамытуға, жауынгерлік кезекшілік атқаратын бөлімдер мен бөлімшелерді қазіргі заманғы қару-жарақпен, әскери техни­камен және арнайы құралдармен жарақтандыруға бағытталатын болады.

Екінші кезеңде (2009-2010 жылдар) негізгі күш-жігер әскерлердің сапалық параметрлерін арттыру­ға және оларды қару-жарақтың, әскери техника­ның, арнайы құралдардың жаңа үлгілерімен кезең-кезеңімен техникалық қайта жарақтандыруға бағытталатын болады.

Кейіннен күш-жігер армияны техникалық қай­та жарақтандыруды аяқтауға, жетекші өндіру­шілер­мен бірлесе отырып, отандық қорғаныстық-өнер­кәсіптік кешен кәсіпорындарында қару-жарақ пен әскери техниканың қазіргі заманғы үлгілерін әзір­леуге, олардың халықаралық стандарттарға сәй­кес келуін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Әскери доктринаның ережелерінен шыға отырып, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды кешенді дамыту мыналарды көздейді:

бірінші кезеңде – өңірлік әскер топтарын құру, мемлекеттің әскери ұйымының құрылымын жаңғыр­ту, құрамалар мен бөлімдерді қазіргі заманғы қару-жарақпен және техникамен қайта жарақтандыру, әскери инфрақұрылым құру, қуат құрылымдарының ведомствоаралық үйлесуін жақсарту, жоспарлы түрде келісімшарт негізіне көшу, ұлттық кадрларды ғылымды көп қажет ете­тін ә скери мамандықтар бойынша шетелде даяр­лау, Қазақстанның бітімгершілік, гуманитарлық және өзге де халықаралық міндеттемелерді орын­дауға қатысуы үшін ведомствоаралық әлеует құру;

екінші кезеңде – жауынгерлік әзір құрамалар мен бөлімдердің санын ұлғайту, әуе кеңістігін бақылаудың және басқарудың бірыңғай жүйесін құру, бөлімдер мен құрамаларды қазіргі заманғы қару-жарақ пен техника үлгілерімен кезең-кезеңі­мен қайта жарақтандыру, армияны кәсібилендіру және жұмылдыру резервтерін даярлау, әскери білім беру жүйесін сапалы жаңа деңгейге шығару, Қа­зақ­станның бітімгершілік операцияларына қатысуы.

Құжаттың екінші бөлімінде мемлекет қауіп­сіздігінің әскери-стратегиялық негіздері қарасты­рылады, әскери жанжалдардың сипаты айқын­далған, мемлекеттің әскери ұйымын қолдану негіздері, сондай-ақ әскери қауіпсіздікті қамтама­сыз етуге басшылық жасаудың мәні ашылған.

Әскери жанжалдар сипатын айқындай отырып, Әскери доктрина халықаралық қатынастар жүйесіндегі объективті орын алып келе жатқан үрдістер Қазақстан Республикасын мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдделерін қорғау, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес міндеттемелерін орындау мақсатында әскери жанжалдарға қатысуға әзірлікті қолдауға міндеттейді деп атап өтеді.
§2. Қазақстан Республикасының қорғаныс және қарулы қорғаныс негіздері.

Әскери жанжал – әскери күштерді қолдану­мен мемлекеттер, халықтар, әлеуметтік топтар арасындағы қақтығысты, қарсы күресті, қайшылықтарды шешу нысаны.

Кез келген әскери жанжалға тараптардың саяси мақсаттарына, әскери іс-қимылды жүргізу ауқымына, олардың шиеленісуіне, қолданылатын қарулы күрес құралдарына, әскерлер іс-әрекетінің тәсілдеріне негізделген ерекше әлеуметтік-саяси, құқықтық және әскери-стратегиялық белгілер тән, олар жиналып келгенде оның сипатын айқын­дайды.

Құжатта қазіргі заманғы қарулы жанжалдарға тән негізгі белгілер көрсетілген:

кеңістіктік етек алуы, жоғары белсенділік пен қарқындылық, қауырттық пен шекті шиеленісу;

тараптар мен қапталдардың айқын белгіленген түйісу жолақтарының болмауы, әскерлерді жедел құруда үлкен аралық пен алшақтықтың болуы;

кеңінен маневр жасау, диверсиялық-барлау топтары мен құралымдарын белсенді қолдану үшін жағдай жасайтын іс-қимылдың байланыссыз және басқа да дәстүрлі емес нысандары мен тәсілдерін пайдалану;

тікелей емес стратегиялық іс-әрекеттерді, оның ішінде саяси және психологиялық қысым жасауды, күш көрсетуді, экономикалық санкция­ларды, ақпараттық күресті қолдану;

қару-жарақ пен әскери техниканың қазіргі заманғы жүйелерін кеңінен қолдану;

энергетика кәсіпорындарын, қауіпті өндірістерді, инфрақұрылымды, коммуникация­ларды, тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін істен шығаруды ң апаттық зардаптары;

қарулы жанжалдарға тұрақты емес қарулы құралымдардың қатысуы.

Әскери доктринада мемлекет соғыс жағдайына өтпеген кезде қарулы күш көрсету құралдарын қолдана отырып, ұлттық, этникалық, діни және басқа да қайшылықтарды шешудің бір нысаны – қарулы жанжал ұғымы ашылған.

Қарулы жанжал қарулы оқыс оқиға, қарулы арандатушылық, басқа да шектеулі ауқымдағы қарулы қақтығыстар нысанында туындауы мүмкін. Қарулы жанжалдың ерекше нысаны шекаралық жанжал болуы мүмкін.

Бұдан әрі құжатта әскери жанжалдар ауқымы, ұзақтығы мен шиеленісуі бойынша төмен, орта және жоғары қарқынды жанжалдарға бөлінеді деп атап көрсетілген.

Төмен қарқынды әскери жанжал – шекаралық қарулы оқыс оқиғалар, ел ішіндегі заңсыз қарулы құралымдардың және террористік ұйымдардың қызметі нәтижесінде туындаған қарулы жанжал.

Ол әскерлер іс-қимыл жасайтын аудандардағы әскери-саяси жағдайдың күрделілігімен және біркелкі еместігімен, коммуникациялардың, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың әлсіздігімен, тұрақты емес қарулы құралымдардың қатысуымен, диверсиялық және террористік іс-әрекеттермен сипатталады.

Орта қарқынды әскери жанжал – қуатты экономикасы мен әскери әлеуеті жоқ елдер арасындағы соғыс.

Жанжал қарсы күресетін тараптардың шектелген күштер мен құралдарды қолдануымен, жоғары дәлдікті қарулар, радиоэлектрондық күрес құралдары және басқа да қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техника кеңінен қолданылатын жауынгерлік іс-әрекеттер ошақтарымен, жанжал­дасушы мемлекеттер шекараларында әскери іс-қимыл жүргізумен, олардың барлық аумағында әскерлердің, тылдың, экономика мен коммуни­кациялардың талқандалуымен сипатталады.

Орта қарқынды жанжалда тараптар қарсы күресетін мемлекеттердің шекараларында әрекет жасайды әрі шектелген әскери-саяси мақсаттар ұстанады.

Жоғары қарқынды әскери жанжал — әскери және экономикалық жағынан қуатты мемлекеттер (мемлекеттер коалициялары) қатысатын соғыс. Ол қарсы күресетін тараптардың түбегейлі әскери-саяси мақсаттарымен сипатталады, оларға қол жеткізу қатысушы мемлекеттердің материалдық және рухани ресурстарын толық жұмылдыруды талап етеді.

Ядролық мемлекеттердің қатысуымен болатын жанжалда ядролық қаруды қолдану қатері ұдайы сақталады. Тіпті оны шектелген ядролық соққы бере отырып, ядролық соғысқа айналдыру көп адам өліміне, экономикалық және мәдени орталықтардың қатты қирауына, үлкен аумақтың зақымдануына әкеп соғуы мүмкін, ол өңірдің көп елдерінде экологиялық зілзалаға әкеп соқтырады.

Қазақстан өзіне қарсы агрессия туындаған жағдайда қарулы қорғануды, мемлекеттің барлық ә скери және экономикалық әлеуетін жұмылды­руды, азаматтық және аумақтық қорғаныс іс-ша­раларын, достас мемлекеттердің қарулы күштері­мен бірлескен іс-қимылдар жүргізуді жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік құрамы, жасақталуы және қамтамасыз етілуі төмен және орта қарқынды жанжалдарда мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетіне жауап беруге тиіс.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары агрес­сияға тойтарыс беру, елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қарулы қорғау, мемлекеттік және әскери объектілердің күзеті мен қорғанысы, әуе кеңістігін күзету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындау үшін қолданылады.

Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдану Конституцияға, қолданыстағы заңнамаға, Қазақстан Республикасы Президентінің әскери қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жарлықтарына, басқа да нормативтік құқықтық актілерге қатаң сәйкестікте жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары төмен қарқынды әскери жанжалдарда, әдетте, шиеленісу ошақтарын оқшаулау және жанжалдарды бейбіт құралдармен реттеу үшін жағдайлар жасау мақсатында неғұрлым ерте сатыда әскери іс-әрекеттерді тоқтату, заңсыз қарулы құралымдарды жою, жағдайды қалпына түсіру, заңдылық пен құқық тәртібін қалпына келтіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халыққа қажетті көмек көрсету үшін қолданылатын болады.

Шекара маңындағы жанжалды, әдетте, Қазақ­стан Республикасы Қарулы Күштерінің құрама­ларымен және бөлімдерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің күштері мен құралдары шешеді.

Қазақстан Республикасына қарсы орта қар­қын­ды әскери жанжал экономикалық және қор­ғаныс әлеуетін бұзу, белгілі аумақтарды басып алу немесе оларға бақылау орнату, мемлекетті елеулі саяси, аумақтық, экономикалық және басқа да ше­гіністерге мәжбүрлеу мақсатында туындауы мүмкін.

Орта қарқынды жанжалға қатысу Қазақстан Республикасының барлық аумағында немесе оның жекелеген облыстарында соғыс жағдайын енгізуді және ішінара немесе жалпы жұмылдыру жариялауды, мемлекеттің қорғаныс және әскери-экономикалық әлеуетінің барлығын немесе елеулі бөлігін пайдалануды талап етуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары орта қарқынды әскери жанжалдарда жауынгерлік


іс-қимыл аудандарын оқшаулау ж&# 1241;не агрессияның үзілді-кесілді жолын кесу, оның ішінде одақтас мемлекеттердің қарулы күштерімен бірлесіп, қолданылатын болады.

Қазақстан Республикасына қарсы орта қар­қынды әскери жанжал мынадай түбегейлі әскери-саяси мақсаттармен туындауы мүмкін: елдегі саяси билікті ауыстыру, мемлекеттік және әскери басқару жүйесіне іріткі салу, аумақтың біршама бөлігін иеліктен шығару, мемлекеттің қорғаныс әлеуетін толық жою.

Көрші мемлекеттермен достық қарым-қатынас құру жөніндегі салмақталған сыртқы саясат жүргізудің арқасында, тікелей әскери агрессия қаупінің жоқтығына қарай орта мерзімді бола­шақта оған Қазақстан Республикасын тартумен мұндай жанжалдың туындау мүмкіндігі төмен.

Әскери доктринада Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың міндеттері айқындалған:

бейбіт уақытта:

жауынгерлік әлеуетті, жауынгерлік әзірлікте және жұмылдыру әзірлігінде болу, бейбіт уақыт штатындағы басқару органдары мен әскерлердің даярлық дәрежесін мемлекеттік шекарадағы немесе Қазақстан Республикасы аумағының шегіндегі төмен қарқынды әскери жанжалдарды, кез келген заңсыз қарулы күш көрсетулерді оқшаулауды және жолын кесуді қамтамасыз ететін деңгейде ұстау;

әуе кеңістігін күзету, сондай-ақ жедел-стратегиялық тұрғыдан мемлекеттік шекараның маңызды учаскелерін бүркемелеу;

аумақтық теңізде, құрлықтық қайраңдарда және Қазақстан Республикасының экономикалық аймағында Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау;

маңызды әскери және мемлекеттік объекті­лерді күзету;

елдің кез келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шешуші іс-қимылдарға әзірлікті паш ету;

орта немесе жоғары қарқынды жанжалдың катері туындаған жағдайда Қарулы Күштерді стратегиялық өрістетуге әзірлікті қамтамасыз ету;

диверсиялар мен террористік актілерді болдырмау және жолын кесу;

Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелеріне сәйкес бітімгершілік, гуманитарлық және өзге де операцияларға қатысу;

экологиялық апаттардың және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысу, олардың зардаптарын жою.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет