Бақылау:
04.03.2014ж.
ҚР Әділет министрлігінде
2012 жылы 3 қазанда № 7955 тіркелді
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 тамыздағы
№ 241 қаулысымен
бекітілген
Тіркеу. № 3088
Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін
тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің
басым құқығын іске асыру қағидалары
(Өзгерістер мен толықтырулар:
1) ҚРҰБ БҚ № 12 03.02.2014ж. (Тіркеу. № 3295)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын (бұдан әрі – басым құқық) іске асыру тәртібін айқындайды.
2. Толықтыру үшін тазартылған алтын сатып алынатын бағалы металдардағы активтер Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерінің құрамдас бөлігі болып табылады.
2. Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
3. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) басым құқықты іске асыру – Ұлттық Банктің тазартылған алтынды клиенттерден тікелей сатып алуы;
2) бид-аск (bid-ask) спред – халықаралық нарықтағы сатып алу мен сату бағасы арасындағы айырма;
3) клиенттер – тазартылған алтынды өткізу кезінде оны Ұлттық Банкке басым тәртіпте ұсынатын өндіру және шығару субъектілері;
4) сатып алу лимиті – Ұлттық Банктің тазартылған алтынды басым құқықты іске асыру шеңберінде белгілі бір кезеңде сатып алуының ең көп ықтимал көлемі;
5) сауда тикеті (мәміле паспорты) – бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алу-сатудың жалпы талаптары жөнінде жасалған шартқа сәйкес тазартылған алтынның нақты лоты жеткізілімінің барлық елеулі талаптарын және өлшемдерін қамтитын, мәміле тараптары қол қоятын құжат;
6) тазартылған алтын – тазарту кезеңінен өткен және:
Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде белгіленген талаптарға не Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы (London bullion market association) қабылдаған және осы қауымдастықтың құжаттарында «Лондон сапалы жеткізілімі» («London good delivery») стандарты ретінде белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін Кеден одағына қатысушы мемлекеттерде өндірілген құймалар;
шығарылған елінің заңнамасына не Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы (London bullion market association) қабылдаған және осы қауымдастықтың құжаттарында «Лондон сапалы жеткізілімі» («London good delivery») стандарты ретінде белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сәйкес дайындалған, таңбаланған және сертификатталған шет елде өндірілген құймалар;
«Тарифтік емес реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілер туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы
16 тамыздағы № 134 шешімімен бекітілген Бағалы металдарды, асыл тастарды және бағалы металдары бар шикізат тауарларын Кеден одағының кеден аумағына әкелу және Кеден одағының кеден аумағынан әкету тәртібі туралы ереженің 2-қосымшасында көрсетілген бұйымдарды қоспағанда, құрамында 1000-ға 995 бөліктен кем емес химиялық таза алтын бар өлшеуіш құймалар, пластиналар, түйіршіктер, ұнтақ және басқа нысандар түрінде берілген бағалы металл;
7) тазартылған алтынды сынау – тазартылған алтынның сандық және сапалық сипаттамаларын белгілеу мақсатында жүргізілетін жұмыстар кешені.
3. Басым құқықты іске асыру тәртібі
4. Клиенттер Ұлттық Банкке тазартылған алтынды өндіру және сату болжамының алдағы жылдың бірінші жартыжылдығына арналған кестесін – ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына арналған болжамының кестесін – ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін ұсынады.
5. Ұлттық Банк Төрағасы тазартылған алтынды өндіру және сату болжамын, ақша нарығының жай-күйін, ақша-кредит саясатының көрсеткіштерін және халықаралық қаржы нарықтарының конъюнктурасын негізге ала отырып, алдағы жартыжылдыққа басым құқықты іске асыру шеңберінде сатып алу лимитін бекітеді не алдағы кезеңде (бір айдан жарты жылға дейін) басым құқықты іске асырмау туралы шешім қабылдайды.
6. Бекітілген сатып алу лимиті шеңберінде Ұлттық Банк тазартылған алтынды өндіру және сату болжамының кестесін ұсынған нақты клиенттен алдағы жартыжылдықта сатып алынатын тазартылған алтынның көлемін айқындайды. Сатып алу көлемдері клиенттерге алдағы жылдың бірінші жартыжылдығына – ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына – ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін жеткізіледі.
7. Егер тазартылған алтынды өндірудің және сатудың күтілетін көлемі Қағидалардың 4-тармағына сәйкес Ұлттық Банкке жеткізілген тазартылған алтынды өндірудің және сатудың көлемінен асып кеткен жағдайда, клиенттер Ұлттық Банкке тазартылған алтынды өндіру және сату болжамының өзгертілген кестесін қосымша ұсынады.
Ұлттық Банк тазартылған алтынды өндіру және сату болжамының өзгерген кестесін алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде клиентке тиісінше тазартылған алтынды сатып алудың өзгертілген көлемін жеткізеді немесе клиентке бұрын жеткізілген тазартылған алтынды сатып алудың көлемі өзгеріссіз қалдырылғаны туралы хабарлайды.
8. Алдағы кезеңде (бір айдан жарты жылға дейін) басым құқықты іске асырмау туралы шешім қабылданған жағдайда, көрсетілген шешім бес жұмыс күні ішінде Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында жарияланады.
9. Басым құқық:
1) сатып алу лимитіне жеткен жағдайда;
2) Қағидалардың 5-тармағына сәйкес алдағы кезеңде басым құқықты іске асырмау туралы қабылданған шешім болған кезде іске асырылмайды.
10. Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген негіздер Қағидалардың
6 және 7-тармақтарында көрсетілген клиенттерге қатысты, оларға жеткізілген тазартылған алтынды сатып алу көлемдері шегінде қолданылмайды.
11. Ұлттық Банк Төрағасының не Төраға орынбасарының қолы қойылған бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға дайын екендігі туралы растау не басым құқықты іске асырудан бас тарту клиент өтініш білдірген күннен бастап 10 (он) жұмыс күн ішінде клиентке жеткізіледі.
12. Тазартылған алтынды сатып алу Ұлттық Банктің клиентпен жасасқан басым құқықты іске асыру шеңберінде тазартылған алтынды сатып алу-сатудың жалпы талаптарын айқындайтын шарттың және сатып алынатын тазартылған алтынның нақты лотына ресімделетін сауда тикетінің (мәміле паспортының) негізінде жүзеге асырылады.
13. Тазартылған алтынға сынақтар жүргізу және тазартылған алтынның сапасы мен саны бойынша шағым-талаптар қою тәртібі басым құқықты іске асыру шеңберінде тазартылған алтынды сатып алу-сатудың жалпы талаптарын айқындайтын шартта белгіленеді.
14. Тазартылған алтынның бағасы мәміле күнінің алдындағы күнгі теңгенің АҚШ долларына қатысты орташа алынған биржалық бағамына және Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының алтынға арналған таңертеңгі және кешкі фиксингінің бүкіл жеткізілім айындағы орташа мәніне және:
алтынды халықаралық нарықтарға экспорттау жөніндегі көлік шығыстарынан;
бид-аск (bid-ask) спредтен тұратын іске асыруға жұмсалатын шығындардан;
Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы қабылдаған және осы қауымдастықтың құжаттарында «Лондон сапалы жеткізілімі» («London good delivery») стандарты ретінде белгіленген халықаралық сапа стандарттарына жауап бермейтін тазартылған алтын сатып алынған жағдайда қолданылатын сапа үшін жеңілдіктен тұратын дисконтқа қарай теңгемен айқындалады.
Дисконт мөлшерлемелерін айқындау мақсаттары үшін бид-аск (bid-ask) спредтен тұратын іске асыруға жұмсалатын шығындар тек Ұлттық Банк Басқармасының шешімі негізінде нөлге тең деп қабылданады.
Дисконттың алдағы жартыжылдыққа арналған мөлшерлемелерін Ұлттық Банктің Төрағасы бекітеді.
Бір кезеңде сатып алынатын сапасы бір бүкіл тазартылған алтынға бірыңғай дисконт мөлшерлемесі қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |