Бақытжан Жұмағұлов: Талап күннен-күнге күшейе түсуде



Дата01.06.2016
өлшемі188.57 Kb.
#106584

«Түркістан» газеті

1 қазан, бейсенбі, 2009 жыл


Бақытжан Жұмағұлов:

Талап күннен-күнге күшейе түсуде


Фараби бабамыздың атындағы мүйізі карағайдай Қазақ ұлттык университетін басқарып отырған Бақытжан Жұмағұловтың өзі осы білім ордасының түлегі. Мемлекеттік лауазымды қызметтердің қыр-сырын бір кісідей-ақ атқарған азамат бір кезде өзі маман болып шыққан университеттің 75 жылдык мерейтойына қатысып шаруалардың қарбаласып жатқандығына қарамастан, газетімізге сұхбат беруге бірден келісті.
- Еліміздегі білім саласында жүргізілген реформалық үдерістердің аяқталатын түрі жоқ. Бұл реформалар жоғары оқу орындарындағы білім саласын түбегейлі жақсартады деп сенесіз бе?

- Иә, бұл реформалар жоғары оку орындарының білім сапасын жақсартады деп сеніммен айта аламын. Осы жерде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Білім беру реформасының басты өлшемі тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады", — деген сөзін қайталап айтқым келеді.

Мемлекетіміздің алдағы стратегиялык міндеті — елімізді мейлінше бәсекелестікке бейім 50 елдің қатарына қосу болса, білім саласындағы реформалар отандық ЖОО-ларды әлемдік білім кеңістігіне сәйкес етуге бағытталған. Демек, барлығы да қисынды жүргізіліп келеді.

- Қазір мектепте көп оқу керектігі, ал университетте одан да көп еңбектену қажеттігі түбегейлі айқындалды. Талап одан әрі күшейе түсетін сыңайлы. Сонда бұл шексіздікке ұласып кетпей ме?

- Онда тұрған не бар екен? Өмір бойы оқу, үзіліссіз оқу — қазіргі заман талабы. Бұрынғыдай 5 жыл оқып, бір мамандыққа ие болып, соның қызығын қалған өмірінде көру қазір екіталай. Инновациялардың жиілегенінің арқасында 5-10 жылда бір рет соның алдында оқып алған біліміңді жетілдіріп, жаңартып тұрмасаң бұл заманның ағымына ілесуің, шындығында, қиын-ақ.

Қазір студентке қойылып отырған талап күшті. Ол түсінікті де, өйткені біз бұрынғы "жабулы қазан" күйден, яғни әр ел "өз сорпасына өзі қайнаған" күйден біржола кетіп барамыз. Шекаралар күн өткен сайын көрінер-көрінбес болып бара жатқан жаһандық әлемде барлығы бірдей бәсекеге бас тігіп отыр. Соның ішінде білім беру саласы да шет қалған жоқ. Кейін, оқу бітіріп шыққан соң әлемдік еңбек нарығында өз орнын табамын деген жас үшін қатайтылған талап — нағыз керектің өзі!

"Талаптыға нұр жауар" деген сөз бар қазақта. Неғұрлым, бірінші кезекте, өзіне, одан соң өзгеге де талапты болсаң, соғұрлым жұмысың нәтижелі болмақ. Мемлекетіміздің болашағы, елдің келешекте өсіп-өркендеуіне, дамуына өзіндік үлес қосар ұрпағы —осы бүгінгі жастарымыз, студенттерімізге биік меже белгілемегенде кімге белгілемекпіз?!

Бұл сұрақты қойып отыруымыздың мәнісі бар. 2003 жылы Шанхай университеті әлемдік 500 университеттің рейтингін жариялапты. Қазақстаннан ешбір ЖОО жоқ. Неге?

Әлгінде айтқан талап демекші, Шанхай рейтингінің неізгі талаптарына тоқталар болсақ, олар ЖОО-ның ғылымии-зерттеу жұмыстарына салыстырмалы баға береді, яғни, ЖОО бірінші кезекте білім беру құрылымы ретінде емес, зерттеу орталығы ретінде қарастырылады.

Аталған рейтинг қорытындысының 30%-ы Нобель сыйлығы лауреаттарының ЖОО қызметіне қатысуынан құралады. Өкінішке орай, бізде аталған сыйлықтың лауреаттары жоқ. Сонымен қатар, рейтинг қорытындысының 40%-ын университет ғалымдарының мақалалары импакт-факторы жоғары басылымдарда жариялануы алып отыр. Бұл біздің ең әлсіз тұсымыз. Мәселе ғалымдарымыздың ғылыми мақала жазбауында емес. Мәселе біздің алдыңғы буын ғалымдарымыздың көбінің ағылшын тілін жөнді білмеуінде, сол халықаралық журналдарға мақалаларын орналастыру жолын таппауында болып тұр. Соған байланысты арнайы шаралар ойластырылып, жұмыстар жасалып та жатыр.

ҚазҰУ-дің 2009-2011 жылдарға арналған даму Стратегиясының аясында халықаралық рейтингін жоғарылату мақсатында арнайы бағдарлама қабылданып, қарқынды жүзеге асырылуда. Мысалы, ғалымдарды импакт-факторы жоғары журналдарда мақалаларын жариялауға ынталандыру үшін біраз шаралар жасалуда. Әзірше 17 мақала жарық көргендігін айта аламыз. Бірақ ол жеткіліксіз екендігі айдан анық. Демек, ары қарай осы бағытта жылжитын боламыз. Мысалы, ма-қалалары жарияланған ғалымдардың тренингтерін ұйымдастырмақ ойымыз бар. Тіл жағынан көмек керсету де жоспарда бар.


2009 жылы біздің университет алғаш рет әлемнің 500 озық университеті қатысатын, "Әлемнің үздік университеттері" халықаралық рейтингісіне қатысты. Аталған рейтингті М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің қатысуымен мәскеулік "РейтОР" агенттігі өткізді. "РейтОР" агенттігінің мәскеулік рейтингісінде университеттер 21 өлшем бойынша бағаланды. Аталған рейтингіде әл-Фараби атындағы Қазак ұлттық университеті "Үздік университет" рейтингісі бойынша 372 орынды иеленсе, "білім беру қызметі" өлшемі бойынша 150-ші орынды иеленді. Осының өзінде біздің университет Ресей мен ТМД елдерінде өте танымал Экономиканың жоғары мектебін басып озды.

Қазіргі таңда ҚазҰУ QS World University Rankings (Лондон, Ұлыбритания) жетекші халықаралық білім рейтингісінің агенттігі ұйымдастыратын Тіmes Ніgһег Еduсаtіоn рейтингісіне қатысуға тапсырыс берді. Аталған агенттіктің мәліметтері бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемнің үздік 500 университеттері тізіміне енуге лайықты үміткер ретінде мақұлданған.

Қазақ ұлттық университеті әлемнің жетекші университетінің бірі ретінде халықаралық бағаға ие боларлық әлеуетке ие. Нәтижесінде күндердің күнінде әлемдік рейтингтерден шығатынымызға сенімдімін.

- Мәскеу мемелекеттік университеті әр студентке 30 мың доллар жұмсайды екен, көшбасшылар 100 мыңнан 1 млн. долларға дейін жұмсайтын көрінеді. Біздің бұға жете алмасымыз түсінікті. Шығар жол қайсы?

- Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Кез келген ел з келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады» деген болатын. Осы тұрғыдан келгенде шет мемлекеттердегі бөлінетін қаражатты қуып жету мақсат емес, мақсат - күн тәртібіндегі әлемдік көшбасшы жоғары оқу орындарында берілетін білім сапасына қол жеткізу. Рас, біздің қаржылық қамтамасыз етілуіміз жақсартуды талап етері сөзсіз. Дей тұрғанмен, сол жолда жасалып жатқанды да көре білген, айта жүрген жөн.

Мемлекет тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Қазакстан экономикасы аса күрделі және ауқымды қайта құруларды басынан өткерді. Бүгінгі таңда студенттердің сандық үлесі жағынан Қазақстан дүниежүзінің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің бірі саналады. Басты атап өтетін жәйт — осы тәуелсіздік жылдары сан мыңдаған білімге жаны кұштар, ғылыми инновацияға қабілеті бар студенттердің азаматтық мақсаттарын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан көп көмек берілді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев студенттерді қолдауда, білім мен ғылымды реформалауда алдыңғы қатарлы шет мемлекеттерінің тәжірибесін қолданып келеді. Оған мысал "Болашақ" бағдарламасы, сондай-ақ, соңғы 10 жыл көлемінде ғылымның өркендеуіне жұмсалған қаражаттың 7 есеге көбейгендігі.

Елбасының "Дағдарыстан жаңару мен дамуға" атты Жолдауы негізінде қаржылық жүйе қиыншылықтарына қарамастан, ақылы бөлімде оқитын студенттерге мемлекет тарапынан 11 мың білім гранты мен 40 мың білім несиесі бөлінгендігі де баршамызға белгілі. 2008-2009 оқу жылында Елбасы қолдауымен Үкіметіміз студенттердің, магистранттардың және РҺD докторанттарының шәкіртақы көлемін 25%-ға көтерді. Елбасының жаһандық қаржы дағдарысының кері әсерлерін болдырмау мақсатында жасалып жатқан нақты қадамдары мен студенттердің мұң-мұктажын шешіп, әлеуметтік тұрақ-тылығын сақтаудағы оң істері ел болашағына деген үлкен қамқорлык үлгісі. Білім саласындағы осындай оң істер жастарымыздың сапалы білім алып, мемлекеттің жарқын болашағына үлес қосуға деген құштарлығын арттырады деген ойдамын. Сондай-ақ, қазіргі студенттер көп ұзамай Қазақстанның әлеуметтік-экономикалык және мәдени дамуын айқындаушы серпінді күш болатындығына үлкен сенім білдіремін!



- Республика бойынша журналистер дайындайтын 23 факультет пен кафедралар бар. Соңғы кездері журналистерді бір жерден ғана оқыту қолға алынып жатыр. Бұл монополияға айналып кетпей ме?

- Қазіргі өркениеттік үдерісте бәсеке тең дәрежелі оқу орындары арасында жүру керек. Сонда ғана журналистиканы оқыту, журналистік кадрларды даярлау бүгінгі заманғы жаңа талаптарға сай келеді. Ал Қазақстанда жұмыс істеп отырған басқа факультеттер мен кафедралардың ғылыми техникалық базасы және оқытушылар дәрежесі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетімен салыстыруға келмейді. Сондықтан мемлекет қаржысын далаға шашпау үшін барлық потенциалды біздің университетке топтастыру қажет. Бұл ғылым және білім саласындағы мемелекеттік мүддені жоғары қоюдың нақты көрінісі. Өйткені осы күнге дейін біздің университетте дайындалған кадрлар бұрынғы посткеңестік кеңістікте және республикамыздың барлық ақпарат құралдарының тізгінін ұстап отыр.

- Жалақыға қарап отырған отбасылар көп. Дағдарыстың қыспаққа алғанына қарамастан, биылғы жылы ЖОО ақысы 20 пайызға өспек. Мемекеттік грантқа ілінбеген баланың қалтасы жарты миллион теңгеге жуық оқу ақысын көтере ме?

- Оқу ақысын төлей алмай қалу қайта орын алар-алмасын мен дөп басып айтып беретіндей көріпкелдігім жоқ. Жарты миллион теңгеге жуық оқу ақысын қалтасы көтерер-көтермесін ақылы бөлімге түскен бала мен оның ата-анасы ойластырар... Ешкім ешкімді түссең де түс, түспесең де түс деп қинамайды ғой. Әркім әлдебір қадамға бару үшін ойланады емес пе?!

Ал өзіміздің университет тұрғысынан айтар болсақ, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысына байланысты келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданған. Ол бағдарлама аясында университетіміздін Ғылыми кеңесі отырысында 2009-2010 жаңа оқу жылының оқу ақысын көтермей, өткен жылғы оқу ақысы негізінде қалдыру туралы шешім қабылданды.

Университет студенттерімізге "Қаржы орталығы" бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген білім несиесін алу мен құжаттарды рәсімдеу кезінде қолқабыс етіп, оқуға ақы төлеудің уақытын студенттің ыңғайына қарай реттеп дегендей жан-жақты қолдау көрсетуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті "Альянс банк" акционерлік қоғамымен банктік кепілдік беру туралы келісім шарт қабылдады.

Осыған қоса, осы жылдың жаз айларында университет шеңберінде ұйымдастырылған студенттік құрылыс жасақтарында университетіміздің 150 студенті жұмысқа тартылды. Студенттер еңбек ақысымен қатар, жаз бойы жатақханадан бөлме, үш мезгіл тамақпен және бос уақытын тиімді өткізетін мәдени бағдарламалармен қамтамасыз етілді.

Студенттерді материалдық қолдау мақсатында университет студенттерді ақылы негізде университеттің өндірістік-шаруашылық салаларына еңбек етуге қатыстырады. Ағымдағы жылы аталған салаларға 149 студент жұмысқа алынды. Студенттер - магистранттар мен РҺD докторлары ақылы негізде оқу процесінен қол үзбестен кафедраларда жасалатын ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға, сондай-ақ, факультетте ассистент, лаборант, маман, оқытушы секілді жалақы төленетін жұмысты атқаруда. Ағымдағы жылы университетке 64 магистрант, 8 аспирант, 38 РҺD жұмысқа алынған.



- ЖОО-ын бітіретін болашақ мамандарға ауданға, ауылға жұмыс істеуге жолдама беріледі. Олар өз еркімен барғысы келе ме? Қазір университеттен аймақты жерлерге қанша маман жіберіледі?

- Елбасымыздың жас мамандарды ауылға тарту бастамасына, еліміздің өркендеуіне, білім нәрімен сусындаған, адамгершілік рухта бағыт-бағдар алған, патриот жас мамандарымыз өз үлестерін қосуға талпынып, ауыл-аймақтарға барып, өз туған өлкелерінің экономикасын көтеруге тілек білдіріп жатқандарын біз әрдайым қоштаймыз.

Университетімізде де көптеген іс-шаралар жасалуда. ҚазҰУ-да 2009 жылы 2833 бітіруші түлек жұмыспен қамтамасыз етіліп, оның ішінде 300-ге жуығы ауыл-аймақтарға жұмысқа орналасты.

- Бүгінде қазақ балаларына шетелдің көшбасшы ЖОО-да білім алуға мүмкіндік жасалуда. Ал ҚазҰУ-да оқып жатқан шетелдік студенттер көп пе?

- Әл-Фараби атындағы КазҰУ Қазақстан Республикасының ЖОО-ның ішінде көшбасшы екендігі даусыз. Біздің студент-тердің көбі шетелдік жоғары оқу орындарында білімдерін тереңдетуге, іс-тәжірибе алмасуға баратындығы бәріне аян. Сонымен қатар, біздің университетке де шет елден келген сан мыңдаған дарынды жастардың ғылым мен білімде таным көкжиегін кеңейткені мәлім.

Мысалы, тек 2008-2009 жылдар ішіндегі университетімізге алыс және жақын шетелден келген студенттерінің жалпы саны 966 студентті құрады. Соның ішінде алыс шет елдерден 847 студент (АҚШ, Алмания, Испания, Швеция, Польша, Түркия, Жапония, ҚХР, Сингапур, Корея, Чили, Иран, Мысыр, Палестина, Ауғанстан және Моңғолиядан), ал ТМД елдері ішінен (Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстаннан) 119 студент білім алуда.

- Биыл ҚазҰУ-дің 75 жылдығы. Елімізде бірден-бір жетекші жоғары оқу орнының дүбірлі тойы да ерекше аталып өтілетін шығар?

- Республикамыздың көпсалалы университеттерінің рейтингісі бойынша бірінші орынға ие, қазақтың классикалық уни-верситеті, жоғары кәсіби білімнің инновациялық дамуының ұлттық лидері, Қазақстан Республикасы Президентінің "Сапа саласындағы жетістіктері үшін" арнайы сыйлығының иегері, әлемнің 418 танымал университеттерімен тиімді халықаралық байланыс орнатқан, 2003 жылы Қазақстан және Орталық Азия елдері арасында тұнғыш болып Болония қаласындағы университеттердің Ұлы хартиясына қол қойған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығы осы қарашаңырақта білім алып жатқан студенттер мен оқытушы-профессорлардың ғана тойы емес, күллі қазақстандықтардың мерейлі мерекесі. Себебі, университетіміздің 100 мыңнан астам креативті, жоғары мәдениетті, мемлекетшілдік тұрғысынан ойлауға қабілеті жетік кешегі студенттері, бүгінгі ел мақтанышына айналған түлектері мемлекетіміздің экономикалық, білім, ғылым және мәдениет салаларында, алыс-жақын шет елдердегі ірі компанияларда лауазымды қызметтерді басқарып, халқымыздың жарқын болашағы үшін табысты еңбек етуде.



Осы тұрғыдан, қазақта "Тойдың болғанынан, боладысы қызық" деген жақсы сөз бар. Университеттің студенттері мен оқы-тушы-профессорлар құрамы 75 жылдықты мерекелеуді былтырдан бері бастап та кетті. Оған куә университетіміздің 75 жылдығын тойлау қарсаңында еткізілген университеттік мерекелік іс-шаралар жоспары. Онда бас-аяғы 177 арнайы іс-шаралар жоспарланған. Соның Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен ететін мерейтойлық аптадағы 4-5-нен басқасы түгелдей дерлік өте биік деңгейде өткізілді. Оған куә сол шараларды БАҚ бетінде жариялап жүрген өздеріңіз сынды журналистердің материалдары. Бірен-саранын ғана келтіре кетсек, олар: барлық факультеттердегі түлектер кездесуі, студенттік спартакиадалар, "75-ші студенттер көктемі" деген атпен өткен көркемөнерпаздар байқауы, сандаған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеттің ҚазҰУ-дағы күндері және тағысын тағылар.

Университетіміздің стратегиясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "қазақ-стандық жаңа формацияны", яғни бәсекеге қабілетті, өз болашағына сенімді, ерік-мінезі жігерлі тұлға дайындау идеяларын жүзеге асыру негізге алынған болатын. 75 жылдық мерейтойда Елбасының тікелей тапсырмасымен жаңа ғимараттар студенттер қолдануына табыс етіледі. Университет тарихының толыққанды көрсеткіші — университет мұражайы іске қосылады. Қазан айында өтетін университет мерейтойында киелі білім ордасы өзінің тек 75 жылдық тарихи кезеңін қорытып қана қоймай, келешектің жарқын жоспарын белгілейтін болады.

Биылғы 2009-2010 оқу жылы біздің университетіміз үшін жаңа басым мақсаттар мен алыс болашақты айқындауыш міндеттер жүктемек.
Сұхбаттасқан

Өскенбай Құлатайұлы




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет