Байланысты емес гранттарды тарту, пайдаланылуын мониторингілеу және бағалау қағидаларын бекiту туралы



Дата25.02.2016
өлшемі128.16 Kb.
#21041


Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, пайдаланылуын мониторингілеу және бағалау қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 196 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 қаңтарда № 10170 тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексiнің 166-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiліп отырған Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, пайдаланылуын мониторингiлеу және бағалау қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде оны мерзімдік басылымдар мен «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                          Е. Досаев

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық экономика министрінің
2014 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 196 бұйрығымен    
бекітілген       

Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану,


пайдаланылуын мониторингілеу және бағалау қағидалары

1. Жалпы ережелер



      1. Осы Байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, мониторингiлеуін және пайдаланылуын бағалау қағидалары Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына берілетін байланысты емес гранттарды тартуды, пайдалануды, пайдаланылуын мониторингілеу және бағалау тәртiбiн айқындайды.
      Қағидалар ізгiлiк, қайырымдылық, әскери, азық-түлiктiк көмектi тарту және бөлу рәсiмдерiне қолданылмайды.
      2. Осы қағидалардың мақсаттары:
      1) ашық және тиiмдi байланысты емес гранттарды тарту және пайдалану процесiн қамтамасыз ету;
      2) байланысты емес гранттарды пайдалану барысы мен нәтижелерi туралы есептер мен ақпараттарды ұсыну процесін реттеу;
      3) байланысты емес гранттарды пайдаланылуын мониторингiлеу мен бағалау процесін реттеу және жүйелендiру болып табылады.
      3. Осы қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) бенефициар - осы қағидаларда көзделген тәртiппен тiкелей байланыссыз гранттарды алатын және пайдаланатын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымы;
      2) атқарушы агенттік - байланысты емес гранттарды пайдалануды мониторингілеу процесін жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган (республикалық маңызы бар қаланың, астананың);
      3) заттай үлес - бенефициарды және/немесе атқарушы агенттікті ұстауға көзделген бюджеттiк қаржы бөлулер шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілетiн, Қазақстан Республикасы Үкiметiнің грант берген донордан одан әрi қарыз алуын немесе жобаны мемлекеттiк бюджеттен бiрлесiп қаржыландыруын көздемейтін бенефициардың және/немесе атқарушы агенттiктiң белгiлi бiр жобаны iске асыру шеңберiндегi үлесi (ақшаны қоспағанда);
      4) салалық мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзырет шеңберiнде белгiлi бiр қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және iске асыруды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
      5) жоба - аяқталған сипаты бар белгілі бiр мақсаттарға қол жеткiзуге бағытталған және шектеулi уақыт кезеңі iшiнде байланысты емес гранттар қаражаты есебінен iске асырылатын iс-шаралар жиынтығы;
      6) өңiрлiк жоба - оны iске асыруға бiрден артық мемлекеттiң қатысуын көздейтiн жоба;
      7) байланысты емес грант туралы келiсiм - атқарушы агенттік пен донордың арасында жазбаша нысанда жасалған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ұйымдарына өтеусiз қаржылық немесе техникалық көмек берудi көздейтін келiсiм;
      8) уәкілетті орган - байланысты емес гранттарды тарту, пайдалану, пайдалану тиімділігін бағалау процестерін үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық атқарушы орган.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық экономика министрінің 15.09.2015 № 637 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      4. Байланысты емес гранттар көмек беру түрлерi бойынша былайша бөлінедi:
      1) тауарларды жеткiзу - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын донордың қаражатына сатып алынған материалдық-техникалық құндылықтарды өтеусiз негiзде мемлекеттік меншікке беру;
      2) жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету - мемлекеттік ұйымдарға сарапшыларды, консультанттарды (мамандарды), еріктілерді (волонтерлердi) жiберу арқылы зерттеулер жүргiзу, консультациялық және басқа да көмек беру, сондай-ақ тауарларды жеткiзу мен мемлекеттiк ұйымдардың қызметшілерін оқыту түрiндегi көмекті қоспағанда, жұмыстар мен қызметтердiң басқа да түрлерi;
      3) мемлекеттiк ұйымдардың қызметшілерiн оқыту - курстар, семинарлар, тренингтер және оқытудың басқа да түрлерiн жүргiзу және/немесе ұйымдастыру және мемлекеттiк ұйымдар қызметшілерінің білiктiлiгiн арттыру.
      5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес байланысты емес гранттарды пайдалану барысында бенефициарға және/немесе атқарушы агенттікке байланысты емес грант туралы тиiсті келiсiмде көзделген заттай үлес беруге жол беріледі.
      6. Мемлекеттiк ұйымдардың донорларға байланысты емес гранттарды тарту мәселелерi бойынша жүгінуi тек уәкілеттi органмен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.

2. Байланысты емес гранттарды тарту қағидалары



      7. Уәкілетті орган жыл сайын тиiстi қаржы жылының 1 мамырынан кешіктiрмей, сондай-ақ қажеттілігіне қарай атқарушы агенттiктердің өтiнiмдер қалыптастырған кезде есепке алу үшiн алдағы қаржы жылына арналған байланысты емес гранттарды беру туралы донорлардың ұсыныстары туралы ақпаратты атқарушы агенттіктерге жiбередi.
      8. Атқарушы агенттіктер тиісті қаржы жылының 1 тамызынан кешіктірмей немесе уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде уәкілетті органға алдағы қаржы жылында байланысты емес гранттарды тарту мақсатында басым жобалардың тізбесін қалыптастыру үшін өтінімдер береді. Атқарушы агенттіктердің көрсетілген мерзімдерден кейін берілген өтінімдерін уәкілетті орган қарамайды.
      Атқарушы агенттіктердің өтінімдері оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің ұсыныстары ескеріле отырып қалыптастырылады.
      Барлық деңгейдегі мәслихаттар аппараттарының өтінімдері тиісті облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдіктерінің өтінімдерінде көрсетіледі.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 15.09.2015 № 637 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      8-1 Донорлар ұсынған және уәкілетті орган мен атқарушы агенттіктермен келісілген жобалар келуі бойынша тізбеге қосылады.
      Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 15.09.2015 № 637 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      9. Атқарушы агенттіктердің өтінiмдердi қалыптастыруы Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасының Үкіметі қолданыстағы мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламалардың, сондай-ақ тұжырымдамалардың негізiнде айқындаған міндеттердің негізінде жүзеге асырылады.
      10. Атқарушы агенттiктiң өтінiмi:
      1) ұсынылатын жобалардың тiзбесiн және олар бойынша шығыстар сомасын;
      2) жобаның мақсаты, негiзгi iс-шаралары мен оларды iске асыру мерзiмдерi, күтілетiн нәтижелерi көрсетіле отырып, әр жобаға жеке түсiндiрме жазбасын (негiздемесiн);
      3) әр жоба бойынша шығыстардың есебiн;
      4) ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша алынған және пайдаланылған байланысты емес гранттар туралы ақпаратты қамтиды.
      11. Байланысты емес гранттарды тартуға арналған өтiнімге енгізiлген жобаларды iрiктеудi уәкілетті орган:
      1) ұсынылған құжаттардың толықтығы мен сапасын;
      2) жобалар мақсатының мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламаларға, сондай-ақ тұжырымдамаларға сәйкестігiн;
      3) жоба мақсатының Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдары үшін донорлардың байланысты емес гранттар беру саясатына сәйкестігiн ескере отырып жүзеге асырады.
      12. Атқарушы агенттіктердiң өтінімдерiн қарау барысында уәкілетті орган:
      1) әлеуетті донорлармен консультациялар өткiзедi;
      2) мүдделi мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара iс-қимыл жасайды;
      3) алдағы қаржы жылына арналған жобалардың оңтайлы тiзбесiн қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтiн басқа да iс-шараларды жүргiзедi.
      13. Атқарушы агенттіктердің өтінімдерін қарау нәтижелері бойынша уәкілетті орган тиісті жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей алдағы қаржы жылына арналған, мемлекеттік органдардан өтінімдердің түсуі бойынша жыл бойы жаңартылуға жататын басым жобалардың тізбесін бекітеді.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 15.09.2015 № 637 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      14. Басым жобалардың бекітілген тiзбесi уәкілетті органның байланысты емес гранттарды тарту жөнiндегi iс-шараларды жүргізу үшін негiз болады.
      15. Уәкілетті орган алдағы қаржы жылына арналған басым жобалар тізбесін бекіткеннен кейін донорларға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша байланысты емес гранттарды тарту туралы өтінім жібереді.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 15.09.2015 № 637 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      16. Донор байланысты емес гранттарды тартуға арналған өтінiмдi мақұлдаған жағдайда уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде тиiстi атқарушы агенттiкті байланысты емес грант туралы келiсiмдi дайындау, келiсу және оған қол қою жөнiнде iс-шаралар жүргiзу қажеттiгі туралы хабардар етеді.
      Байланысты емес грант туралы келiсiмдi атқарушы агенттiк материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзудi және/немесе сарапшыларды, консультанттарды (мамандарды), ерiктілердi (волонтерлердi) тартуды көздейтiн әр жоба бойынша жеке жасайды.
      Мемлекеттік ұйымдардың қызметшілерiн оқыту түрiндегi байланысты емес гранттарды тарту, донордың байланысты емес гранттар беру шарттарында мұндай талап болған жағдайда, уәкілеттi орган мен донор арасында жасалатын тиiстi келiсiмнің негiзiнде жүзеге асырылады.
      Донорлардың мемлекеттiк ұйымдардың қызметшілерін оқыту түрiндегi байланысты емес гранттар беру шарттары байланысты емес гранттар туралы тиiстi келiсiмдерге қол қою қажеттілігін көздейді.
      17. Материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзудi көздейтiн байланысты емес гранттар туралы келiсiм жеткiзiлетiн материалдық-техникалық құндылықтардың негiзгi техникалық және өзге де сипаттамаларын, сондай-ақ оларды жеткiзу кестесiн (мерзiмiн) қамтиды.
      18. Сарапшыларды, консультанттарды (мамандарды), ерiктілердi (волонтерлердi) тартуды көздейтiн байланысты емес гранттар туралы келiсiмдерде:
      1) жобаның негізгi кезеңдерi (iс-шаралары), оларды iске асыру мерзiмдерi, сондай-ақ сомасы;
      2) тараптардың мiндеттемелерi, оның iшiнде донордың атқарушы агенттiкке жобаны iске асыру барысында iс-жүзiнде пайдаланылған сомалар туралы мәлiметтер беру мiндеттемесi;
      3) бенефициардың және/немесе атқарушы агенттіктің заттай үлесiнiң нысаны көрсетіледі.
      19. Мемлекеттiк ұйымдардың қызметшілерiн оқыту түрiнде ұсынылған байланысты емес гранттар туралы келiсiмдерде оқыту немесе білiктілiктi арттыру курстарының (семинарларының, тренингтерiнің) негiзгi бағыттары, оларды өткiзу мерзiмдерi, сондай-ақ курстарға (семинарларға, тренингтерге) тыңдаушылар ретінде шақырылатын мемлекеттiк ұйымдар қызметшілерінің болжамды саны көзделеді.
      20. Облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмдігі атқарушы агенттік болған жағдайда байланысты емес грант туралы келiсiмге тиiстi салалық мемлекеттiк орган немесе уәкілетті орган қол қояды.
      21. Донор уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша тиiстi салалық мемлекеттiк органның оң қорытындысы негiзiнде өңiрлiк жобаны iске асыру үшiн байланысты емес грант берген жағдайда өңiрлiк жобаны iске асыру оны басым жобалардың тiзбесiне қоспай жүзеге асырылады.
      22. Байланысты емес грант есебiнен өңiрлiк жобаны iске асыру туралы тиiстi келiсiмдi дайындау, келiсу және оған қол қою жөнiндегi iс-шаралар донордың рәсiмдерiн ескере отырып, өңiрлiк жобаны іске асыруға қатысатын елдермен келiсiм бойынша жүзеге асырылады.

3. Байланысты емес гранттарды пайдалану қағидалары



      23. Материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзудi көздейтiн жобаларды iске асыру байланысты емес грант туралы келiсiмнiң шарттарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      24. Жобаны iске асыру шеңберiнде тауарларды жеткiзген жағдайда материалдық-техникалық құндылықтар бенефициардың балансына қабылданады.
      Атқарушы агенттiк 15 жұмыс күнi ішінде уәкілеттi органға олардың негiзiнде материалдық-техникалық құндылықтарды беру жүзеге асырылатын тиiстi құжаттардың көшiрмелерiн бередi.
      25. Сарашпылар мен консультанттарды (мамандарды) тартуды көздейтін, оның iшiнде материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзу жөнiндегi жобаны iске асыру атқарушы агенттіктiң келiсiмi бойынша бенефициар әзiрлейтін техникалық тапсырмаға сәйкес жүзеге асырылады.
      Жобаға техникалық тапсырма байланысты емес грант туралы келiсiмнiң шарттарына сәйкес және донордың келiсiмi бойынша әзiрленедi.
      26. Өңiрлiк жобаға техникалық тапсырма өңiрлiк жобаны iске асыруға қатысатын мемлекеттер жасасқан байланысты емес грант есебiнен өңiрлiк жобаны iске асыру туралы тиiстi келiсiмнің шарттарына сәйкес әзiрленедi.
      27. Техникалық тапсырмада:
      1) аяқталу нысаны мен оларды iске асыру мерзiмдерін қоса алғанда, жобаның кезеңдерi мен нақты iс-шаралары;
      2) жобаның әр кезеңіндегі iс-шараларды iске асырудан күтілетiн нәтижелер;
      3) жергiлiктiлердi қоса алғанда, жобаны iске асыру үшiн тартылатын сарапшылардың және консультанттардың (мамандардың) функционалдық міндеттерi мен жобаға қатысу кезеңi көрсетiле отырып, олардың сандық және сапалық құрамы көзделінеді.
      28. Жобаға техникалық тапсырманы бенефициардың бiрiншi басшысы немесе оны ауыстыратын тұлға, сондай-ақ донордың уәкілеттi өкiлi байланысты емес грант туралы келiсiм күшiне енген күннен бастап үш айдан кешіктiрмей бекiтедi.
      Атқарушы агенттiк жобаға техникалық тапсырма бекiтiлген күнiнен бастап бiр апта мерзiмде уәкілетті органға оның атқарушы агенттігiнің бiрiншi басшысы немесе оның орынбасары растаған көшірменi берудi қамтамасыз етедi.
      29. Жобаны iске асыру процесiнде бекiтiлген техникалық тапсырмаға өзгерiстер мен толықтырулар енгізуге рұқсат етіледi. Бұл ретте техникалық тапсырмаға өзгерiстер мен толықтырулар байланысты емес грант туралы келiсiмнің шарттарына қайшы келмейді.
      30. Техникалық тапсырмаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген жағдайда атқарушы агенттiк бiр апта мерзiмде уәкілетті органға енгізiлген өзгерiстер мен толықтырулардың негіздемелерімен бiрге нақты ақпараттың берiлуiн қамтамасыз етедi.
      31. Жобаны iске асыру процесiнде атқарушы агенттiк:
      1) байланысты емес грант туралы келiсiмде көзделіп қабылданған мiндеттемелердің, сондай-ақ техникалық тапсырмада көзделген iс-шаралардың уақтылы орындалуын;
      2) Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк органдарына, сондай-ақ уәкілетті органға донордың немесе оның уәкілетті тұлғаларының байланысты емес грант туралы келiсiмде көзделген мiндеттемелердi, сондай-ақ техникалық тапсырмада көзделген iс-шараларды орындамағаны туралы уақтылы хабардар етудi;
      3) байланысты емес гранттардың мақсатты және тиiмдi пайдаланылуын;
      4) донордың есебiнен берiлген материалдық-техникалық құндылықтардың импорты кезiнде кедендiк ресiмдеудiң уақтылы жүзеге асырылуын;
      5) донордың есебiнен берiлген материалдық-техникалық құндылықтардың бенефициардың балансына уақтылы қабылдануын қамтамасыз етедi.

4. Байланысты емес гранттардың пайдаланылуын мониторингілеу


және бағалау

      32. Материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзудi, сондай-ақ сарапшылар мен консультанттарды (мамандарды) тартуды көздейтiн байланысты емес гранттардың пайдаланылуын мониторингiлеу және бағалау:


      1) жобалардың iске асырылу барысы, сондай-ақ жобалардың ағымдағы бағалау туралы ақпаратты атқарушы агенттiктердiң жинауын, өңдеуiн және оны уәкілетті органға ұсынуын;
      2) атқарушы агенттіктің Қазақстан Республикасы мемлекеттiк ұйымдарының байланысты емес гранттарды пайдалану туралы жиынтық ақпаратты жасауын және уәкілетті органға ұсынуын қамтиды.
      33. Атқарушы агенттiктер тоқсан сайын есептi айдан кейiнгi айдың 10-нан кешiктірмей уәкілетті органға мыналарды қамтитын:
      1) материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзу кестесiнде (мерзiмдерiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асырудың ағымдағы жай-күйi туралы мәлiметтердi;
      2) жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асыру барысында қол жеткiзiлген аралық нәтижелер туралы мәлiметтердi;
      3) материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзу кестесiнде (мерзiмiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шаралардың орындалмау не сапасыз орындалу себептерi туралы мәлiметтердi;
      4) материалдық-техникалық құндылықтарды жеткiзу кестесiнде (мерзiмiнде) не жобаларға техникалық тапсырмаларда көзделген iс-шараларды iске асырудың тиiмділiгiн арттыруға бағытталған ұсыныстарды беруi тиiс.
      34. Байланысты емес гранттардың пайдаланылуын бағалауды жүзеге асыру мақсатында уәкілетті орган қажет болған жағдайда:
      1) атқарушы агенттіктерден және/немесе бенефициарлардан беру мерзімін көрсете отырып қосымша ақпарат сұратады;
      2) атқарушы агенттіктер беретін ақпаратты растау үшін жоба іске асырылатын жерге уәкілетті тұлғаларды жібереді;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де шараларды қабылдайды.
      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 15.09.2015 № 637 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      35. Атқарушы агенттік жыл сайын тиісті қаржы жылының 15 наурызынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарының байланысты емес гранттарды пайдаланғаны туралы ақпаратты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға енгізеді.
      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 15.09.2015 № 637 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      36. Өңiрлiк жобаны iске асыру үшiн байланысты емес гранттың пайдаланылуын мониторингiлеу және бағалау осы тарауда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

Байланысты емес гранттарды тарту,  


пайдалану, пайдаланылуын мониторингілеу
және бағалау қағидаларына қосымша  

Нысан


      Ескерту. Оң жақтағы жоғары бөлігі жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 15.09.2015 № 637 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Байланысты емес гранттарды тартуға өтінім

      Ескерту. Қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық экономика министрінің 15.09.2015 № 637 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. Мемлекеттік органның атауы


2. Жобаның атауы
3. Секторы
4. Жобаның мақсаты
5. Зерттеу жүргізу қажеттілігінің негіздемесі
6. Жобаның сипаттамасы (мәселенің немесе проблеманың қысқаша тарихы, мемлекеттік реттеудің қажеттілігі, жеделдігі мен өзектілігі, көлемі, ауқымдылығы, қазіргі әдістері)
7. Зерттеудің болжамды құны.
8. Азия Даму Банкінің рөлі (АДБ қатысуының қажеттілігі)
9. Күтілетін іс-шаралар
10. Болжамды нәтижелер
11. Іске асыру мерзімдері
12. Аралас қызмет (осы тақырыпқа зерттеулер жүргізілген бе, осы іс-шараға басқа донорлардан грант тартылған ба)
13. Байланысатын тұлғалар (Т.А.Ә., лауазымын, телефон нөмірін және электрондық мекенжайын көрсете отырып)


© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет