Кудеков Т.К.
Еліміздің су ресурстарын кім есептемек / Т.К.Кудеков, М.Ж.Бурлибаев, М.Х.Сарсенбаев, Д.К.Жүсіпбеков // Қазақ әдебиеті. – 2003. – 28 қараша – 4 желтоқсан (№47-48). – (Экология).
"Су!.. Сен әлемдегі теңдесі жоқ
байлықсың ".
Антуан де Сент-Экзюпери.
Жер бетінде сусыз тіршілік болмайтындығы бәрімізге белгілі. Ал, осы мөлдір, исі жоқ сұйықтық елімізде жеткілікті ме?
Еуразия құрлығының ішкі бөлігінде орналасқан Қазақстан аумағы солтүстік жарты шардың аридтік құрғақ аймағына жатады. Еліміздің жазықтық бөлігін алып жатқан белгілі Қызылқұм, Бетпақдала, Мойынқұм, Каспий маңы ойпаты, Үстірт, Сары-есік Атырау шөлді аудандарында жылдық жауын-шашын мөлшері 100-150 мм. болса, ал еліміздің солтүстік-шығыс және орталығында орналасқан Сарыарқа, Ұлытау, Көкшетау, Баянаула, Қарқаралы сияқты аласа тау жоталарында оның мөлшері 300-500 мм-ге дейін ғана артады. Ал республиканың 2%-дай ғана аумағын алып жатқан Тарбағатай, Жетісу Алатауы, Іле Алатауы, Талас, Қаратау, Шу-Іле секілді таулы аймақтарында ғана жылдық жауын-шашын қабаты 500-900 мм-ге дейін өседі. Қазақстанның табиғи жағдайының тағы бір ерекшелігі - мұндағы жыл сайын ағып өтетін 100 - 120,5 км3 өзен суларының жартысына жуығы Республикадан тыс жерлерде қалыптасады немесе олар транзиттік жолмен ағып өтеді. Осы суды елдің аумағына жайып жібергендегі су қабатын гидрологияда "ағынды қабаты" дейді. Ол жер бетіне түскен атмосфералық жауын-шашынның булануға және топыраққа сіңуге жұмсалғаннан кейінгі қалған ағатын бөлігін көрсетеді. Қазақстан аумағы үшін бұл ағынды қабаты бар-жоғы - 42 мм Климаты өте құрғақ Түрікменстан үшін бұл көрсеткіш мұнда Қарақум каналы салынғаннан кейін 139 мм-ге жеткен, көрші Ресей мен Өзбекстанда - 250 мм, ал Қырғызстан мен Тәжікстанда - 600 мм-ден жоғары.
Қазақстандағы жер асты суларының мөлшері климаттық құрғақшылығына және дала өзендерінің құрғап қалатындығына байланысты жер беті суларының 10%-дай ғана үлесін құрайды. Оның үстіне олардың табылған қорларының бірқатары қандай да жолдармен өзен суларымен байланысты және де жер асты суларының бірқатар бөлігінің минералдылығы жоғары болып келеді, ал іздестіру, бұрғылау жұмыстарын жүргізу қымбатқа түседі. Сол себепті жер асты сулары экономиканың суды көп қажет ететін салаларын сумен қамтамасыз ете алмайды.
Орталық Азияның басқа елдерімен қатар Қазақстан үшін де су ресурстары әлеуметтік-экономикалық дамуды анықтайтын негізгі факторлардың бірі. 1995 жылдың өзінде Халықаралық қайта құру және даму банктің вице-президенті Исмаил Серагальдин XXI ғасырда елдер арасындағы қақтығыстар мұнай үшін емес су үшін ұшқындауы мүмкін деген пікір айтқан. Қазақстанда ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз ету көрсеткіші көптеген облыстарда тәулігіне әрбір тұрғынға 30 -50 литрден келіп отыр, ал жекелеген Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында суды тұтыну бір тұрғынға 25 литрден төмен. Салыстыру үшін мынадай деректерді көрсете кетейік. Тәулігіне 1 адамның суды тұтынуы Мәскеуде - 700 литр, Ташкентте - 500 литр, Парижде - 450 литр, Лондон мен Копенгагенде - 250 литр.
Республиканың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес суды жалпы пайдалану мөлшері болжам бойынша 2005 жылы 23 - 25 км3-ке жетеді деп саналуда. Еліміз біз күткендей даму сатысының келесі баспалдағына аяқ басқанда (оған күмәніміз жоқ), су тапшылығы біз үшін үлкен проблемаға айналмақ. Бірінші кезекте өзендер суының тапшылығына ұшыраймыз, себебі. жер астынан алынатын су көлемі беттік суларға қарағанда анағұрлым аз. Қазақстанда су ресурстарының тапшылығымен қатар олардың мерзімдік құбылмалылығының жоғары болып келуі жағдайды одан сайын күрделендіреді. Зерттеулер бойынша суы мол жылдарға қарағанда қуаңшылық жылдардың қайталану мүмкіндігі көбірек болып келеді, яғни суы мол бір жылға қуаңшылықты 3 жыл сәйкес келеді. Мұндай суы аз жылдары Шығыс Қазақстан ғана өзін сумен қамтамасыз ете алады. Бірақ соңғы кезде Қытай Халық Республикасы (ҚХР) қара Ертіс өзені бойын игеру жоспарын жасап отыр. Қазірдің өзінде Қытайда шекараға жақын жерден Ертіс өзенінен қарамай кенорнына канал қазылған. Есептеулерге жүгінсек, осы канал арқылы қара Ертістің 20% ағынды суы алынатын болса (деректер бойынша каналдың су өткізгіштігі одан да жоғары көрінеді), онда Шығыс Қазақстан өңірі де су тапшылығына ұрынайын деп отыр. Ал ҚХР Іле өзені суын пайдалану жоспарын іске асыратын болса, онда оның біздің 3 млн-нан астам халқымыз тұратын, әрі өнеркөсіп шоғырланған стратегиялық маңызы жоғары Іле-Балқаш алабына тигізетін әсерін болжау қиынға соғады
Жұртшылықты соңғы кезде су мөлшерімен қатар оның сапасының күрт төмендеуі алаңдатып отыр. Қазірдің өзінде сапасыз суды тұтыну себебінен әлемде 5 млн-ға жуық адам көз жұмады екен (ЮНЕСКО мәліметтері). Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы эксперттері аурудың 80%-ы сапасыз суды пайдаланудан деп есептейді Республикамыздың денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша сапасыз суды пайдалану арқылы ауырған адамдарды емдеуге және оларды реабилитациядан өткізу үшін мемлекет 12 млн-ға жуық тенге жұмсайды ("Табиғат" газеті, сәуір, №2(3)).
Қазақстанның негізгі су артериялары - Ертіс, Сырдария, Іле, Шу, Талас және т.б. да трансшекаралық өзендердің ластануы жалғасуда. Оның үстіне еліміздің ішкі өндіріс орындарында (Теміртау, Өскемен, Балқаш, Шымкент, Тараз, т.б. қалалар) пайдаланған сулардың тазаланудан өткізілмей су алаптарына жіберілуі тоқталмай отыр. Өзен және көл суларының сынап, хром, бром, мырыш сияқты, т.б. ауыр металдармен және мұнай өнімдерімен ластануы экологиялық проблемаға айналып отыр.
Жоғарыда айтылған жайттар табиғаттағы су тамшыларын есептеуді және жер беті суларының пайда болуы жөнінде анық түсініктеме алуды, өзендер мен көлдер және су алаптары туралы көп мәліметтер жинап, олардың режимін зерттеуді қажет етеді. Мұндай жұмыстармен гидролог-мамандар, гидролог-ғалымдар, гидролог-практиканттар айналысады. Гидрология ғылымының алдында тұрған барлық тапсырмаларды, оның ішінде шұғыл шешімді қажет ететін мәселелерді санап шығу қиынға соғады. Дегенмен, олардың негізгілері келесілер.
Жер бетіндегі су ресурстарын бағалау жұмыстарын атқару үшіи олардың мөлшеріне өлшеу және сапасына тексеру жұмыстарын жүргізу, гидрологиялық есептеу жұмыстарын орындау арқылы су ресурстарының мерзімдік өзгерісіне баға беру. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары КСРО аумағы бойынша мұндай жұмыстар жүргізілген. Бірақ бұл мәліметтер қазіргі кезде көп өзгеріске ұшырады және бұл есептеулер қысқа мерзімдік (10-15 жыл) мәліметтерге негізделді. Соңғы кезде климаттың бір бағытты өзгеруіне және шаруашылық әрекеттің өсуіне байланысты су нысаналарындағы және олардың алаптарындағы су ресурстары осыдан 20-30 жыл бұрынғымен салыстырғанда көп азайды. 1980 жылдары өзен суларының жылдық көлемі 125 км3 болса, 2000-2001 жылдарғы әр түрлі есептеулерге байланысты бұл көрсеткіш 120,115,100, және 90 км3-ке дейін кеміді. Сонымен, осы кездегі су ресурстары жөнінде нақты мәліметтер жоқ.
Гидрологиялық есептеу әдістерін жетілдіру. Кез келген гидротехникалық құрылысты жобалау гидрологиялық есептеулермен негіздеуді қажет етеді. Бұрынғы ескі кеңестік нормативтік құжаттар бүгінгі күннің сұранысына, халықаралық стандарттық нормативтердің талаптарына сай келмейді. Есептеу әдістерінің жаңа сатысы қажет, ал ол өте жауапты ғылыми жұмыс. Айта кету керек, біраз уақыт экономикалық құлдыраудан кейін елімізде жобалау жұмыстары жанданды. Мысалы, өзендерді кесіп өтетін автомагистральдар, темір жолдар, электр желілері және Кіші Аралды Үлкен Аралдан бөлетін бөгетті тұрғызу, сондай-ақ әр түрлі мақсаттағы көпірлер, акведуктер, дюкерлер. т.б. жобалануда.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері. Су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын іздестіру және оларды шаруашылықта дұрыс пайдалану жолдарын қарастыру. Біз бүгінгі күнімізбен өмір сүрмеуіміз керек, келер ұрпаққа су ресурстарын жеткілікті әрі сапалы түрде қалдыруымыз керек.
Су ресурстарына мониторинг жүргізу жұмыстарын дамыту. Егер Германияның батыс бөлігінде 35 км2 ауданға 1 гидрологиялық бекет (гидрологиялық бақылаулар жүргізілетін жер) келсе, ал АҚШ-та 450 км2 ауданда 1 бекет орналасқан. Қазақстанда бұдан екі жыл бұрын 18000 км2 ауданға 1 бекеттен келген болатын. Соңғы жылдары 50-ден астам гидробекеттер салынды. Енді бұл бекеттердің жоғары деңгейде жұмыс істеуін, ұздіксіз және сенімді ақпарат беруін қамтамасыз ету үшін көп жұмыс атқару керек, білікті мамандар даярлау қажет. Қазірдің өзінде Қазгидромет кәсіпорнында гидролог мамандардың жетіспеушілігі байқалып отыр.
Су нысандарының экологиялық жагдайын жақсарту мәселелері. "Қазақстан—2030" құжатының мәліметтері бойынша елдегі өлімнің 20%-ы экологияға байланысты болып отыр. Әрине, сапасыз суды пайдалану бұл көрсеткішке үлесін қосып отыр. Сондықтан бұл мәселені шешуде де гидролог мамандардың қажет екендігі белгілі.
Гидрологиялық болжандарды дамыту және болжау әдістерін жетілдіру. Сенімді болжамсыз су ресурстарын басқаруды тиімді шешу қиын. Оның үстіне климаттың өзгеруіне, аумақтың шөлдерге айналуына, тау мұздықтарының шегінуіне, көрші мемлекеттерден келетін су мөлшерінің кемуіне байланысты болашақ су ресурстарын бағалау қажет.
Трансшекаралық өзендер суларын ортақ пайдалану проблемалары. Қазақстандағы өзен суларының жартысынан көп бөлігі ҚХР, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан аумағынан қалыптасады. Қазіргі күнде бұл су ресурстарын ортақ пайдалану және экологиялық мәселелерін шешу механизмі жасалмай отыр. Бұл мәселелерді шешуде гидролог мамандардың атқаратын ролі жоғары болмақ.
Елді мекендерді, шаруашылық нысандарды, мұнай құбырларын, электр желілерін су тасқынынан, селден, қар көшкінінен қорғау мәселелері. Бүкілдүниежүзілік метеорологиялық ұйымның деректері бойынша 2002 ж. су тасуы салдарынан әлемде 3 млн-нан астам адам зардап шеккен, апат әкелген шығын 30 млрд. доллармен бағаланады.
Ішкі су алаптары - Каспий, Арал, Балқаш, т.б. мәселелері.
Тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Қазіргі уақытта біздің міндетіміз осы жоғарыда аталған проблемаларды шешу. Ал ол үшін ең алдымен гидрология саласынан маман кадрлар қажет. Бірақ оған ҚР Білім және ғылым министрлігі мүмкіндік бермей отыр. Себебі, оқу мамандарын дайындау классификаторында "Гидрология" мамандығы белгісіз себептермен жоғалып кетіп отыр. 2003 жылы сәуір айында РМК "Қазгидромет" "011340-Гидрология" мамандығы бойынша абитуриенттер қабылдауға ҚР Білім және ғылым министрлігіне (БжҒМ) сұраныс (шығу хатының №01-30/416, күні 03.04.03ж. және тіркеу хатының №3759, күні 12.04.03 ж.) жасады. Бірақ бұл сұраныс белгісіз себептермен ескерусіз қалды.
Гидрология ғылымы табиғи суларды, олардағы өтіп жатқан құбылыстар мен процестерді, сондай-ақ судың жер бетінде және топырақ қабатында таралуын және бұл құбылыстар мен процестердің даму заңдылықтарын оқумен, әрі зерттеумен айналысатын ғылым. Гидрология - жалпы алғанда гидросфера жөніндегі ғылым, оның оқу объектілеріне өзендер, көлдер, су бөгендері, батпақтар, қар жамылғысындағы су қорлары, мұздықтар, топырақ қабатындағы сулар жатады және жер асты суларының режимінің өзгеру заңдылықтарын оқу болып табылады. Егер 2001ж. жоғарыда аталған классификаторда "Гидрометеорология" мамандығы пайда болып, гидрологтар мен метеорологтарды бір мамандыққа біріктірсе (олардың зерттеу объектілері әр түрлі: гидросфера және атмосфера, әрі атқаратын міндеттері, шешетін мәселелері, жұмыс істеу әдістері де өзгеше), ал 2003 ж. классификаторда "Метеорология" жеке мамандық болып бөлінген де, Тидрология" мамандығы бұл классификатордан мүлдем алынып тасталыпты. Классификатордың "Ауылшаруашылық ғылымдары" бөлімінде "Су ресурстары және суды тұтыну" мамандығы (бакалавриат және магистратура) берілген. Ауыл шаруашылығы негізінен суды пайдаланумен және тұтынумен айналысатын шаруашылық. Ал, сонда жер бетіндегі сулардың пайда болу жағдайларын, ағындының жыл ішінде таралу заңдылықтарын, судың қалыптасуына климаттық өзгеруінің және антропогендік салмақтың өсуінің тигізіп отырған әсерін кім зерттейді? Судың тасу, тартылу уақытына және олардың мүмкін болу шамаларына, сондай-ақ қыстың күйіне кім болжам жасайды? Ағынды сулардағы тасындылардың шамасы мен түрлерін, судың химиялық құрамын, минералдану және пастану дәрежелерін кім анықтайды? Су ресурстары жөніндегі мәліметтерді өңдеуден және талдаудан өткізіп, бір жүйеге келтіру арқылы еліміздің су кадастрын кім жасайды? Су ресурстарын гидрология саласында дайындалған маман кадрларсыз қалай есептемек? Қазақстан Республикасының жақын болашағында климаттың қолайсыз өзгеруіне трансшекаралық өзендер мен су алқаптары жөніндегі мәселелердің шешілмеуіне және су ресурстарын ұтымды пайдалану және үлестіру мәселелеріне байланысты еліміздің су ресурстары проблемасы ушығайын деп отыр. Мемлекет алдында жақын жылдар ішінде өте маңызды проблемалар – мемлекеттің су қауіпсіздігі және су тәуелсіздігі проблемалары туады. Міне, бұл жоғарыда айтылған мәселелер бүгінгі күннің талабына сай жоғарғы дәрежеде дайындалған гидролог мамандарсыз, гидролог ғалымдарсыз шешілуі мүмкін емес.
Ал, еліміздің қазіргі жағдайына келсек, Қазақстанда бұдан кейін гидрология ғылымы жоқ деген сөз! Нәтижесінде 2003 ж. гидрология мамандығына студенттер қабылданбады. Оның үстіне метеоролог мамандарға мемлекеттік сұраныс 75 адамды құрады. яғни ҚазУУ-дың метеорология бөлімінің 40 жыл жұмыс істеу уақыты ішінде бір жылда қабылдайтын студенттер санынан 3-4 есе артық студент қабылданды. Біздің ойымызша мұнша көп метеоролог мамандарды дайындау қажет емес, оның үстіне метеорология кафедрасы студенттер санын жылдам түрде 3-4 есе арттыруға дайын емес. "Жоғары жақта" қателік кеткеніне біздің күмәніміз жоқ, егер ол арнайы жасалған зиянкестік болмаса тек әзірге гидролог мамандардың жетіспеушілігіне ұрынбай тұрғанда, мықты кафедра ыдырамай тұрғанда, кеткен олқылықты тез арада жөндеу қажет. Болмаса, гидролог мамандарды кім дайындайды, жоғарыда аталған су ресурстарында орын алып отырған мәселелерді кім шешеді, мұнай және су құбырларын, каналдарды, бөгендерді, көпірлерді кім жобалайды, селден, су тасуынан қорғау жұмыстарын кім атқарады?
Жоғары дәрежелі гидролог мамандарды дайындайтын Қазақстанда бір ғана орын бар. Ол – әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің "Құрлық гидрологиясы" кафедрасы. Құрлық гидрологиясы кафедрасы ТМД елдерінде гидролог мамандарды даярлайтын орындардың ішіндегі мықты кафедралардың бірі болып саналады. Жастарға 5 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты және дәріс оқуға шақырылған белгілі мамандар білім береді. Кафедрада студенттерді оқыту екі тілде жүргізіледі. Әрдайым фундаментальдік ғылыми жұмыстарды жүргізуге мемлекеттік грантты жеңіп алып, магистранттарды ғылыми жұмыстарды орындауға қатысуға тартады. Кафедраны бітіргендердің ішінде 2 ғылым докторы, 30 шақты ғылым кандидаты бар. Кафедраны бітірген гидролог мамандарға сұраныс жасайтын негізгі орындар: ҚР-ның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі (Мемлекеттік экологиялық экспертиза департаменті, Қазгидромет), ҚР-ның Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдай агентствосы, Жобалау ұйымдары (Қазгипроводхоз, Қазгидропроект), ғылыми мекемелер (КазНИИМОСК, ҚР-ның БжҒМ-не қарасты география, гидрогеология және гидрофизика институттары) және т.б.
Келе жатқан су тапшылығын қаймықпай қазіргі ғылыми жетістіктермен жете қаруланған кәсіби даярланған мамандармен қарсы алу үшін қамдануға әзірге мүмкіндігіміз бар деп сенеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |