Балалардың отбасында дене тәрбиесін ұйымдастырудың ерекшеліктері
Мектеп жасына дейінгі баланың отбасындағы және мемлекеттік мекемелердегі дене тәрбиесінің міндеттері біртұтас, сондықтан ол ата-аналар мен балабақша қызметкерлерінің бірлескен күш-жігерімен шешіледі. Жұмыс аптасының қысқаруына орай ата-аналар балалар тәрбиесіне көп көңіл бөлуге мүмкіндік алды. Қозғалыстың күрделі түрлеріне (шаңғы, коньки, велосипед, жүзу, т.б.) шеберлік пен дағдыны балаға жастайынан отбасында қалыптастыруға болады. Дене жаттығудың бұл түрлері тікелей әрбір балаға жекелеген көмек пен қамсыздандыруды қамтамасыз етуді талап етеді. Міне, сондықтан қозғалыстың бұл түрлерін оқытуды балабақшада ұйымдастыру, жоғары көрсеткіштерге жету отбасындағыдан әлдеқайда қиын. Дене тәрбиесін ойдағыдай жүзеге асыру үшін ата-аналар балаларының балабақшада, сондай-ақ спорт мектебінде дене жаттығуының қай түрімен айналысқандығын және бір күнде немесе бір аптада оған қандай физикалық күш түсетіндігін білуі қажет. Денеге түсетін күшті есептей отырып, баланың балабақшадан келгеннен кейін, сондай-ақ демалыс, мереке күндері жасайтын дене жаттығуларының жоспары жасалынады. Мектеп жасына дейінгі мекемелер ата-аналарға, балаларға дене тәрбиесін жүргізу туралы білім беруде үлкен көмек көрсете алады: ата-аналарға арналған бұрыштар ұйымдастырылады, кеңес берулер, әңгімелер, дәрістер, ашық сабақтар өткізіледі. Ата-аналар дене тәрбиесін ұйымдастырудың әртүрлі формаларын мектепке дейінгі мекемелердің тәжірибесінен алып пайдалануы мүмкін. Осыған орай оларды дене тәрбиесі жөніндегі арнаулы әдебиеттермен таныстыру, сонымен қатар ата-аналарға арналған әдебиеттерді ұсынған жөн. Балалары мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын ата-аналар оларды дене тәрбиесімен өздері толық қамтамасыз етуге міндетті. Дене тәрбиесінің барлық құралдарын отбасында, сондай-ақ балабақшада кешенді түрде пайдаланған маңызды. Ата-аналар анағұрлым гигиеналық жағдайларды жасауға, табиғаттың табиғи факторларын (күн, ауа, су), әртүрлі дене тәрбиесі жаттығуларын пайдалануға тырысуы қажет; балалардың қол еңбегінің жеңіл түрлерімен шұғылдануын, күнделікті өмірге және еңбектің әртүріне кіретін (сурет салу, мүсін жасау, музыкалық аспапта ойнау,т.б.) қозғалыстардың дұрыс орындалуын қадағалайды. Балалардың тұлғасы ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Дене жаттығулары отбасында әртүрлі формаларда өткізіледі: дене шынықтыру, сабақтар (жекелеген, ұжымдық), қимыл-қозғалыс ойындары, шынықтырғыш процедуралар, сергіту минуттары, орманға серуендеу, демалыс кештері, мерекелер. Баланың дене тәрбиесін отбасында дұрыс ұйымдастыру үшін балалардың денсаулығын, бала денесінің дамуы мен дене тәрбиесі дайындығын ескере отырып, нақты міндеттерді белгілеп, дене жаттығуларын іріктеп, оларды бүкіл жыл бойына бөлген маңызды. Сабаққа қажетті киімді, аяқ киімді, дене тәрбиесі құралдарын (велосипед, шаңғы, шана, самокат, спортроллер, шығыршықты коньки, бадминтон, стол теннисі, городки, доп, секіргіш жіп т.б.) ерте әзірлеп, бұған балаларды үйрету керек. Мектепке дейінгі балаларға ата-аналары олармен бірге шаңғымен жүргенде, коньки, шана тепкенде, теннис, бадминтон, городки ойнағанда, жүзгенде зор ықпал жасап, үлгі көрсетеді. Ата-аналар жаттығуды қалай жасау қажеттігін түсіндіріп көрсетеді, қозғалыс шеберлігі мен дағдыны меңгеруде көмектесіп жеңілдетеді, балалардың көңіл күйін бақылайды. Денсаулық жағдайын, дененің дамуын, дене дайындығын жылына 2-3 рет есепке алып отыру ұсынылады. Бұл мәліметтер дене тәрбиесі бойыша жүргізілген жұмыстарға талдау жасауға және алдағы кезеңнің жоспарын белгілеуге көмектеседі. Сөйтіп, мемлекеттік мекемелер отбасымен бірге мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі міндеттерін жүзеге асыра отырып, балалардың денсаулығын, денесінің өсуін, дене дайындығын дамытуда неғұрлым жоғары нәтижелерге жете бермек.
Сұрақтар мен тапсырмалар
Мектепке дейінгі мекемелерде дене тәрбиесі жұмысына басшылық жасауға жауапты адамдар, олардың негізгі міндеттері қандай?.
Дәрігерлік бақылау жасау дегенді қалай түсінесіз?.
Достарыңызбен бөлісу: |