Бас ми жүйкелері



Дата01.12.2023
өлшемі21.28 Kb.
#485024
бас ми жүйкелері


Бас ми жүйкелері
(nervi craniales)

Бас мидан 12 жұп жүйке шығады. Олардың әрқайсысының өзіне тән аты, реттік саны бар. 12 жұп жүйке атқаратын қызметіне байланысты 3 топқа бөлінеді. Олар :қимылдық, сезгіш, аралас жұптар. Қимылдық жұптарға III, IV, VI, XI, XII жұп бас ми жүйкелері, ал I, II, VIII жұптар сезгіш, V, VIІ, IX, X жұптар аралас жүйкелер.


I жұп бас ми жүйкесі - иіс сезу жүйкесі (n olfactorii) иіс сезу жүйкесі талшықтары мұрын қуысының шырышты қабатының астында орналасқан. Жүйке талшықтары тор сүйегінің тесіктерінің арасынан өтіп, ми сауытына кіреді. Иіс сезу жүйкесі иіс буылтығына, иіс жолына, иіс үшбұрышына, одан иіс сезудің қыртысты орталығына - бас миының шүйде бөлігіне бағытталады.
II жұп, көру жүйкесі (n. opticus). Көздің торлы қабатындағы таяқшалар мен қолбашалардан басталады. Көз шарасынан ми сауытына сына сүйектің «көру тесігі» арқылы кіреді. Ми сауытына кіргеннен кейін жартылай айқасады. Одан көру жүйкесінің қыртысты асты орталығы - көру төмпешігі, орталық ми қақпағы, шеткі тізелі денеге қарап бағытталады. Көру жүйкесінің орталығы бас миының шүйде бөлігінде орналасқан.
III жұп көзді қозғаушы жүйке (n oculomotorsius) - қимылдатқыш жүйке. Оның ядросы ортаңғы мида орналасқан. Ми сауытының көз шарасына көздің жоғарғы саңылауы арқылы шығады. Сол жерде екіге тармақталады. Жоғарғы тармағы көздің қабағын көтеретін бұлшық етті, ал төменгі тармағы көздің ішкі тік, төменгі қиғаш бұлшық еттерін жүйкемен қамтамасыз етеді.
IV жұп шығыршықты жүйке (n.trochlearis). Ядросы ортаңғы мида орналасқан қимылдық жүйке. Ми сауытынан жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарсына шығады. Ол көздің жоғарғы қиғаш бұлшық етін жүйкелендіреді.
V жұп үштік жүйке (n. trigeminius), аралас жүйке, ядросы көпірде орналасқан. Самай сүйегінің пирамидасының алдыңғы бетінде үштік жүйкенің түйіні пайда болады. Түйіннен осы жерде 3 тармақ шығады: 1.Көз жүйкесі 2. Жоғарғы жақ жүйесі 3.Төменгі жақ жүйекесі.
Көз жүйкесі ми сауытынан көз шарасына жоғарғы көз саңылауы арқылы өтеді. Үш тармақталып көзді, көзжас безін, сына тәрізді сүйектің ауа қуысының шырышты қабатын, мұрын қуысының шырышты қабатын, маңдай мен мұрынның терісін жүйкемен қамтамасыз етеді.
Жоғарғы жақ жүйкесі ми сауытынан сына сүйектің домалақ тесігі арқылы қанат – таңдай шұңқырына шығады, одан төменгі көз шарасының шұңқыры арқылы көз шарасына өтеді. Ол жоғарғы жақтың терісін, бұлшық еттерін, жоғарғы тістерді, мұрын қуысының кілегей қабығын жүйкелендіреді.
Төменгі жақ жүйкесі ми сауытынан сына сүйектің үлкен қанатындағы сопақша тесіктен шығады. Бұл аралас жүйке, оның қимылдық тармағы шайнау бұлшық етін, дабыл жарғағын, жұмсақ таңдайды, самай бұлшық еттерін жүйкемен қамтамасыз етеді.
Сезгіш тармақтары ұрттың шырышты қабатын, тілдің үстін, шекенің терісін, құлақ қалқанын, есіту тесігін, есіту түтігін жүйкелендіреді.
VI жұп алып кетуші жүйке (n. abducens), қызметі жағынан қимылдатқыш, ядросы көпірде орналасқан. Ми сауытынан жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасына шығады. Көз алмасының шеткі тік бұлшық етін жүйкелендіреді.
VII жұп беттік жүйке (n. facialis), қимылдатқыш, ядросы көпірде орналасқан. Ми негізінен көпір мен сопақша мидың оливасының арасынан шығады. Ішкі есіту тесігі арқылы самай сүйегіне кіреді. Сол тесік арқылы төменге қарай бағытталып, самай сүйегінің біз – емізік тесігінен сыртқа шығады. Құлақ маңы безін тесіп өтіп, үйректің табанына ұқсап тармақталады. Беттің барлық ымдау бұлшық еттерін, мойынның бұлшық еттерін жүйкемен қамтамасыз етеді.
VIII жұп есту - теңдік жүйкесі (n vestibulo-cochlearis) екі тармақтан тұрады: 1.кіреберіс 2. ұлу.
Екі жүйке де ішкі құлақтан басталады. Кіреберіс жүйкесі ішкі құлақтың кіреберісі мен жарты айналымды түтіктерінен басталады. Ұлу тармағы тітіркеністі ұлудан алады. Екі жүйке бірігіп ішкі құлақ тесігімен самай сүйегінің пирамидасы арқылы ми сауытына кіреді. Ми діңігегіндегі IV қарыншаның түбіндегі ромбы шұңқырына барады. Кіреберіс - ұлу жүйкесінің қыртысты орталығы бас мидың самай бөлігінде орналасқан.
IX жұп, тіл - жұтқыншақ жүйкесі (n. glossopharyngeus) аралас, оның қимыл ядросы IV қарыншаның ромбы тәріздес шұңқырында орналасқан. Ми сауытының самай сүйегінің мойынтұрық тесігі арқылы шығады. Екі тармаққа тармақталады.
1. Сезгіш тармағы – дабыл жарғағын, есіту қуысын, есіту түтігін, таңдай миндалиналарын, тілдің 1/3 бөлігін, жұтқыншақтың шырышты қабатын жүйкемен қамтамасыз етеді.
2. Қимылдатқыш тармақтары біз - жұтқыншақ бұлшық етін, жұтқыншақтың бұлшық еттерін жүйкемен қамтамасыз етеді.
X жұп, кезеген жүйке (n. vagus), аралас, ми сауытынан самай сүйегінің мойынтұрық тесігі арқылы шығады. Кезеген жүйке басқа, мойынға, кеуде, іш қуысындағы мүшелерге тармақтар шығарады.
XI жұп, қосымша жүке (n.accessorius), қимылдық, ядросы сопақша мида орналасқан. Сопақша мидың оливасының артынан өтіп, ми сауытынан самай сүйегінің мойынтұрық тесігі арқылы шығады. Ми сауытынан шыққан тұсында екіге тармақталады. Ішкі тармағы кезеген жүйкемен қосылады. Сыртқы тармағы трапеция тәрізді және төс – бұғана - емізік бұлшық еттерін жүйкемен қамтамасыз етеді.
XII жұп, тіл – асты жүйкесі (n. hypoglossus), қимылдық жүйке, ядросы сопақша мидың ромбы шұңқырында орналасқан. Сопақша мидан пирамида мен оливаның арасымен өтіп, ми сауытынан тіл асты тесігі арқылы шығады. Жүйкенің бір тармағы тілдің бұлшық еттерін, ал екінші тармағы тіл асты сүйегінен төмендегі бұлшық еттерді жүйкемен қамтамасыз етеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет