Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінің аумағын абаттандыру ережесi



Дата26.06.2016
өлшемі179.72 Kb.
#159672






2013 жылғы 10 шілдедегі № 11-3

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен бекітілді

Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінің аумағын абаттандыру ережесi



  1. Жалпы ережелер

1. Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінің аумағын абаттандыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республиканың өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес дайындалды.

2. Ереже Батыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағын абаттандыру саласындағы бірыңғай және орындалуға міндетті талаптарды, сондай-ақ аумақты жинау, оны талапқа сай ұстау тәртібін белгілейді.

3. Қалалар мен елді мекендердің аумағын абаттандыру және оларды санитарлық талапқа сай ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімдеріне, коммерциялық емес бірлестіктерге, кондоминиум объектілерін басқару мақсатында құрылған көппәтерлі тұрғын үйлердегі үй-жайлар (пәтер) иелеріне, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, ғимараттар, құрылымдар, құрылыстар, жер телімдерін иеленушілерге және (немесе) пайдаланушыларға, жер пайдаланушыларға жүктеледі.

2. Негiзгi ұғымдар

4. Осы Ережеде келесі ұғымдар қолданылады:

1) жүргін бөлік – жолдың рельссіз көлiк құралдарының қозғалысына арналған элементi;

2) контейнер - қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған сыйымды ыдыс;

3) қалдықтарды жинау – қалдықтарды одан әрі кәдеге жарату немесе жою мақсатында оларды сұрыптауды қамтитын қалдықтарды арнайы бөлінген орындарға немесе объектілерге шығаруға, жинау және орналастыруға байланысты қызмет;

4) қалдықтарды тасымалдау – қалдықтарды олардың пайда болған немесе сақталған жерінен өңдеу, кәдеге жарату немесе жою орындарына немесе объектілеріне тасымалдау;

5) құрылыс – табиғи немесе жасанды кеңістік шекаралары бар және өндірістік процестерді орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктерді уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргізуге) арналған жасанды жасалған көлемді, тегіс немесе желілік объектісі (жер үсті, су беті және (немесе) жер асты, су асты). Ғимарат көркемдік-эстетикалық, әшекей-қолданбалы немесе мемориалдық мақсатта да болуы мүмкін;

6) санитариялық тазарту – мақсаты елді мекенде халықтың тіршілік әрекетінде нәтижесінде пайда болатын қалдықтарды жинау, жою және залалсыздандыру болып табылатын іс-шаралар жүйесі;

7) сұйық қалдықтар - ағын суларды қоспағанда, сұйық түрдегі кез-келген қалдықтар;

8) тротуар – жолдың жүргін бөлігімен қатарлас немес одан газонмен бөлінген жаяу жүргiншiнің қозғалуына арналған элементі;

9) уәкiлеттi орган - қалалар мен аудандардағы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттiк мекеме (бұдан әрі - уәкiлеттi орган);

10) халықтың жаппай демалу орындары – қалалардың құрылыстық бас жоспарларында, аудандық жоспарлау және қала маңындағы аймақты дамыту сұлбаларында курорттар, санаторийлер, демалыс үйлері, пансионаттар, туризм базалары, халықтың ұйымдастырылған демалыс орындары (қалалық жағажайлар, саябақтар, спорттық базалар және олардың ашық жердегі ғимараттары) орналастырылған аймақтарда бөлінген аумақтар.

3. Жалпы талаптар

5. Жеке және заңды тұлғалар бөлінген және іргелес аумақтардың шекараларын жинауды жүзеге асырады, сондай-ақ  абаттандыру элементтерін сәулеттік, санитарлық және экологиялық талаптарға сай күтіп, ұстайды.

6. Қарамағында инженерлік коммуникациялары бар жеке және заңды тұлғалар инженерлік желілер мен объектілердің санитарлық-эстетикалық жағдайын күтіп ұстайды және тиісті коммуникацияларға уақтылы жөндеу жүргізеді, оларды жөндегеннен кейін, бұзылған жабынды қабаттары мен элементтерін қайта қалпына келтіреді.

7. Меншігінде және (немесе) пайдалануында бөлінген аумақтарда орналасқан құрылыстары бар жеке және заңды тұлғалар бөлінген және іргелес аумақтарды, оларға қала көшелерінен кіреберістерді өз бетінше немесе мамандандырылған кәсіпорындармен жасалған келісім-шарт бойынша жинайды, күтіп-ұстайды.

Егер объектіге іргелес аумақ шекаралары қиылысқан жағдайда, аумақтың қиылысқан бөлігін жинау тең бөліктерде жүзеге асырылады.

8. Ғимараттардың, құрылыстардың, жеке тұрғын үй құрылыстарының меншік иелері және (немесе) пайдаланушылары қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға уақтылы келісім-шарт жасаулары қажет немесе қалдықтарды орналастыру және жою жұмыстарын өз бетімен жүзеге асыруы тиіс.

9. Бөлінген шекарадағы инженерлік және көліктік инфрақұрылым объектілерінің аумағы көрсетілген объектілердің техникалық және пайдалану сипаттамалары есебімен абаттандырылуы қажет. Аумақтарды абаттандыру және күтіп, ұстау бойынша міндеттемелер объектілердің меншік иелеріне және (немесе) пайдаланушыларымен жүргізіледі.

10. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізуші заңды және жеке тұлғалар (жұмысқа тапсырыс берушілер) автомобиль жолдарында орналасқан жарамсыз люктерді, нөсер кәріздерінің торларын ауыстыру жөнінде шаралар алуы тиіс, сондай-ақ жұмыс жүріп жатқан учаскелерде жаяу жүргіншілерге жағдай жасау үшін және мүгедектердің, балалардың арбаларын жаяу жолдардан түсіруге, жолдан өтуге арналған жерлерді жайластыруы керек.

11. Облыс қалаларының және елді мекендерінің аумағында жол берілмейді:

1) суаққы желiсiнің қоқыс басуын болдырмау үшiн суаққы коллекторларына сыпырындыны, тұрмыстық қоқыстарды, қарды және мұзды тастауға;


     2) белгіленбеген орындарға қоқыстар мен қарды шығаруға, тастауға;
     3) көшелер мен жол бойын ластауға жол бермеу үшін мұқият қымталмаған сусымалы жүктерді көлік құралдарымен тасымалдауға;
4) магистральдар, көшелер мен өту жолдарының, тротуарлардың және көгалдардың өту бөліктеріне сауда объектілерінен, құрылыс алаңдарынан, кәсіпорындар мен ұйымдар аумақтарынан, аулалық аумақтардан, кварталішілік өткелдерінен және тағы басқаларынан тазаланатын қарды шығаруға немесе ысыруға;

5) объектінің меншік иесінің келісімінсіз және (немесе) осы мақсаттар үшін бөлінген жерлерден тыс орындарға, Қазақстан Республикасы заңнамаларында қарастырылмаған, белгіленген тәртіп бойынша қажетті рұқсатсыз және келісімсіз хабарландырулар, плакаттар, үндеулер, түрлі ақпараттық материалдарды, жазу-сызулар мен кескіндемелерді орналастыруға;

6) тротуарларда, отырғызу алаңдарында, жолаушылар көлігі аялдамаларында, саябақтарда, скверлерде, аула аумақтарында және өзге де жаяу жүргіншілер, көгалдандыру аймақтарында техникалық тұзды және басқа да реагенттерді көктайғаққа қарсы реагент ретінде пайдалануға;

7) ластанған және тұздалған қарды лақтыруға, орын ауыстыруға, көгалдарға, гүлзарларға, бұталар мен өзге де жасыл көгалдарға мұз ойындыларын ротормен лақтыруға;

8 ) ағаштар мен бұталардың түбiне түскен жапырақтарды лақтыруға;

9) жолдардың бөлігіне қозғалысқа қауіп төндіретін әртүрлі қоқыстарды немесе заттарды лақтыруға;

10) ғимараттардың, құрылыстардың және тұрғын үйлердің терезелерінен қоқыстарды және әртүрлі заттарды лақтыруға;

11) белгіленген жерлерден тыс орындарда, тиісті жол белгілерімен және (немесе) жолақтармен белгіленген, бөлінген жерлерден тыс орындарда көлік құралдарының аялдауына, тұруына, оларды жууға;

12) магистральдар, көшелер мен өту жолдарының, тротуарлардың және көгалдардың өту бөліктеріне сауда және өзге де мақсаттағы объектілерден, құрылыс алаңдарынан, кәсіпорындар мен ұйымдар аумақтарынан, аулалық аумақтардан, кварталішілік өткелдерден тазаланатын қарды, мұз сынықтарын шығаруға немесе ысыруға;

13) қаланың немесе ауданның уәкілетті органы арнайы белгiлеген жерлерден тыс жерлерге тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын, өндiрiстiк қалдықтарды, ыдыстарды, ағаш үгiндiлерiн, жапырақтарды, қарды, сұйық қалдықтарды тастауға;

14 ) тоғандарға тазартылмаған суларды ағызуға;

15) кәсiпорындардың және ұйымдардың iшкi аумақтарында, скверлерде, саябақтарда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерді қоса алғанда қоқыстарды, жапырақтарды, ыдыстарды, өндiрiстiк қалдықтарды жағуға, алау жағуға;

16) жалпы пайдаланылатын аумақтарда су және сыпырынды төгетін шұңқырлар жасауға;

17) аулалардың және кварталішілік аумақтардың жасыл аймағына, балалар, киім-кешек кептіретін және контейнерлік алаңдарға, жаяу жүргіншілер жолдары мен тротуарларға қызметтік және жеке автокөліктердің тұруына, кіруіне жол берілмейді; жол-пайдалану және коммуналдық қызмет машиналарының қозғалысына, сондай-ақ басқалай кіру мүмкіндіктері болмаса, жол жиегінде, тротуарлардың жанында орналасқан объектілерге жүк тасушы көлік құралының ең қысқа жолымен кіруіне жол беріледі;

18) барлық жолдар мен көшелердiң және кiру жолдарының қиылыстарында және темiржол өткелдеріне жақын жерлерде, көлiктiк қоршаулармен жабдықталған немесе көтерiңкi жиектемелерi бар жол учаскелерiнде, тротуарларға бiр деңгейде қар үюге;

19) тұрғын үй объектілері, ұйымдар, мекемелер аумақтарында аула жабдықтарын, сыпырынды төгетін шұңқырларды және қоқыс алаңдарын тұрғызуға және қайта жабдықтауға жол берілмейді.

12. Кәсіпорындардың және ұйымдардың шаруашылық жұмыстары нәтижесінде жинақталған өндірістік қалдықтарды жинау және уақытша сақтау қалдықтарды қалыптастыру және жинақтаудың бекітілген нормаларына сәйкес осы мақсатқа арнайы жабдықталған орындарда сол кәсіпорынның және ұйымның күшімен жүзеге асырылады.

Кәсіпорынның және ұйымның аумағында осы мақсатқа арнайы жабдықталмаған орындарда қалдықтарды жинауға және оларды орналастыру лимитінен асыруға жол берілмейді.

13. Үй жануарлары мен құстарды ұстауға келесідей талаптар қойылады:

1) мал мен құстарды тек қана арнайы бөлінген жерлерде жаюға рұқсат етіледі;

2) мал мен құстардың қиын шығару меншік иелерінің және (немесе) пайдаланушылардың міндетіне кіреді;

4. Қалалардың және елді мекендердің аумағын жинау және тазартуды


ұйымдастыру, жинауға қойылатын негізгі талаптар

14. Қалалар мен елді мекендердің аумағын санитариялық тазалау жүйесі тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды тиімді жинау, жою, залалсыздандыру мен өңдеуді қарастырады және мамандандырылған ұйымдармен жүзеге асырылады.

15. Меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер осы Ережеге сәйкес бөлінген және іргелес аумақтар шекарасында жинау, суару, тротуарларға құм себу, қарды, қоқыстарды шығару, суағарлар мен сорғытқыларды тазалау жұмыстарын (объектінің периметрi бойынша, бірақ өту жолынан әрі емес) орындаулары керек.

16. Қатты тұрмыстық қалдықтарды салатын контейнерлер қақпақтармен жабдықталады.

17. Арнайы автокөліктердің саны құрылыс салынып жатырған учаскенің дамуы мен нақты елді мекеннің жергілікті жағдайы ескеріле отырып анықталады.

18. Тұрғын үйлердің, ұйымдардың, жаппай мәдени мекемелердің, демалыс аймақтарының аумақтарында қалдықтарды жинайтын контейнерлерді орналастыру үшін көліктер кіре алатындай арнайы кіру жолдару бөлінеді.

19. Жалпы пайдалану орындарында урналар орнатылады. Урналар толуына қарай, бірақ аптасына кемінде бір рет тазаланады.

20. Орталықтандырылған кәріз жүйелері жоқ тұрғын үйлердің сұйық қалдықтарын жинау үшін су өтпейтін, сорып алынатын шұңқырлар жабдықталады, оның жер бетіндегі бөлігіне, қатты фракцияны бөліп алу үшін тор және қақпақ орнатылады. Аулада әжетханалар болған жағдайда, шұңқыр ортақ болуы мүмкін.

21. Жолдың жүретін бөлігін жуғанда тротуарларға, көгалдарға, отырғызу алаңдарына, жолаушылар көлігі аялдамаларының павильондарына, жақын орналасқан ғимарат қасбеттеріне, сауда орындарына және басқа да объектілерге су ағысы арқылы қоқыстарды, сыпырындыны шығармау ұсынылады.

22. Жаз мезгілінде жол жабындары сумен жуылады.

23. Көшелердің көлік жүретін, нөсерлі кәрізі жоқ жерлері арнайы машиналармен тазаланады.

24. Жапырақ түсу кезеңінде түскен жапырақтар уақтылы жиналады. Жиналған жапырақтар арнайы бөлінген учаскелерге немесе шірітілу үшін жазыққа тасылады.

25. Суару-жуу және сыпырып-тазалау көліктері техникалық сумен толтырылады.

26. Өнеркәсіп кәсіпорындарының санитарлық қорғаныс аймағындағы аумақты жинауды сол кәсіпорынның меншік иелері және (немесе) пайдаланушылары жүзеге асырады.

27. Ғимараттар мен құрылыстардың, жеке тұрғын үй құрылысының меншік иелері және (немесе) пайдаланушылары тұрмыстық қалдықтарды жинауға уақтылы келісім-шарт жасаулары қажет.

5. Қыс мезгілінде аумақтарды


тазарту ерекшелiктерi

28. Облыстың қалалары және елді мекендерінің көшелерiндегі өту жолдары мен кiру жолдарын қыста тазарту жұмыстары осы Ереже талаптарына және жұмыс технологияларын, техникалық құралдар мен тайғаққа қарсы қолданылатын реагенттерді анықтайтын нұсқауларға сәйкес жүргiзiледi.

29. Саябақтардағы, орманды саябақтардағы, бақтардағы, скверлердегі, бульварлардағы және басқа да көгалды аймақтардағы жолдарды тазарту кезiнде, жасыл желектердiң сақталуы мен ерiген сулардың ағуын қамтамасыз еткен жағдайда, осы мақсаттарға алдын ала дайындалған алаңдарға құрамында химиялық реагенттері жоқ қарды жинақтауға жол беріледі.

30. Қысқы кезеңде жолдар, бақ орындықтары, урналар, басқа да элементтер мен кiшi сәулеттiк нысандар, сондай-ақ, олардың алдындағы және жанындағы аумақтар мен оларға баратын жолдар қар мен мұздақтардан тазартылуы тиіс.

31. Тротуарлар мен жолдардың өту бөліктеріндегі инженерлiк желiлерде орын алған апаттан пайда болған мұздақтарды меншік иелері және (немесе) желілерді пайдаланушылар уатып, шығарады.

32. Қар шығарудың технологиялық операциясы екi кезеңде жүзеге асырылады:

1) бiрiншi кезекте (іріктелген) қалалық жолаушыларды тасымалдау көлiгi аялдамаларынан, жер үстi жаяу жүргiншiлер өтпелерiндегі, көпiрлердегі және жол бойындағы, ауруханаларға кiретiн жолдардағы және басқа да әлеуметтiк маңызы бар объектілердегі қарды шығару;

2) соңғы (жаппай) қар шығару жұмыстары бiрiншi кезектегi қар шығару жұмыстарынан кейiн, уәкiлеттi орган белгілеген кезекке сәйкес жүргізіледі.


      33. Көшелер мен өткелдерден жиналған қар арнайы дайындалған алаңдарға шығарылуы тиiс.

34. Тротуарлар мен көпiр құрылғыларына шығатын жерлердегi баспалдақтарды тазарту жұмыстарына келесі талаптар қойылады:

1) жаңа жауған қар мен тапталған қар басқан тротуарлар мен көпiр құрылғыларына шығатын баспалдақтар барлық енi бойына, төсемге дейін тазартылуы тиіс;

2) тоқтаусыз қар жауған кезде тротуарлар мен көпiр құрылғыларына шығатын баспалдақтар тайғаққа қарсы материалдармен өңделiп, жаяу жүргiншiлер жолдары тазартылуы тиіс;

3) тайғақ болатыны немесе болу мүмкiндiгi жөнiнде хабарландыру болған жағдайда, бiрiншi кезекте көпір құрылымдары, баспалдақтар, содан кейiн тротуарлар тайғаққа қарсы материалдармен өңделуi керек.

35. Тротуарлар, аула аумақтары мен өткелдері қар мен мұздақтан асфальтқа дейiн тазартылуы және қар мен жарықшақ арнайы дайындалған алаңдарға шығарылуы тиiс. Мұздақ (тайғақ) пайда болған жағдайда ұсақ құм себiледi.

36. Аула аумақтары мен кварталішілік өткелдерден тазартылған қар автокөлiктiң өтуіне және жаяулардың қозғалуына кедергi келтiрмейтiн аула аумағындағы орындарға уақытша үйіледі де, соңынан міндетті түрде тасып шығарылады.

37. Аула iшiне қарды үйген кезде қар суының ағып кету мүмкіндігі қарастырылу қажет.

Уақытша қар үйілген жерлер, қар еріген соң қоқыстан тазартылып, абаттандырылуы тиіс.

38. Қыс кезінде ғимарат иелерi және (немесе) пайдаланушылары, тұрғын үйлерде кондоминимум объектілерін басқару органдары шатырларды қар мен мұздақтан, сүңгiлерден уақытында тазартуды ұйымдастырулары қажет.

39. Көше жағына қараған шатырлардан қар мен мұздақтарды тазартып, тротуарға түсiру тәуліктің тек күндiзгi уақытында жүргiзiлуi тиіс. Шатырдың басқа еңіс жақтарындағы, сондай-ақ жазық шатырлардағы қар ішкі аула аумақтарына түсіріледі.

Қарды түсірер алдында жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қауіпсіздік шараларын алу қажет. Шатырлардан түскен қар мен мұздақтарды одан әрi мамандандырылған кәсіпорынның шығаруы үшiн жолдың жанына қарай жинап, орналастырады.

6. Жолдарды, аялдама алаңдарын тазарту

40. Қалалар мен елді мекендердің, аялдау қалташаларының, қалалық көше жол тораптарының жүргін бөліктерін енi бойымен тазарту, сондай-ақ жағалаулар, көпiрлер, жол өткелдерін күту мен тазалау жұмыстарын уәкiлеттi органмен жасалған мемлекеттiк сатып алу шарты негiзiнде, осы жұмысты атқаратын мамандандырылған кәсіпорындар жүргiзедi.

41. Жол төсемдерiн қоқыстан, батпақтан, қардан үзiлiссiз технологиялық тазарту жұмыстарын қамтамасыз ету үшiн халықтың жаппай баратын объектілерге жақын орналасқан магистральды көшелердің бойына күн сайын сағат 23.00-ден 7.00-ге дейiн автокөлiк құралдарын қоюға жол берілмейді, тиісті жерлерге қажетті жол белгiлерi орнатылады.

42. Магистральдардың жиектік бөлігін, көшелердiң және өткелдердің жол төсемдерiн, осьтiк және резервтiк жолақтарын, жиектемелерiн сыпыру жұмыстары жол жабындары алдын ала суланғаннан кейiн, уәкiлеттi орган бекiткен кестеге сәйкес жүргiзiледi.

43. Жолдың жүргін бөлігі, қозғалыс сызығымен реттелген осьтiк және резервтiк жолақтар әртүрлі ластанудан, құм мен әртүрлі ұсақ қоқыстардан толық тазартылып тұруы қажет.

44. Жолдардың жиегі ірі көлемді және өзге де қоқыстардан тазартылуы тиіс. Жұмыстарды жүргізу кезінде көшенің жүргін бөлігі мен өткелдеріне қоқыстарды шығаруға жол берілмейді.

45. Қалалардағы және елді мекендердегі жолаушылар көлiгiнiң аялдама алаңдарын тазалау жұмыстарын жүргін бөлікке тазарту жұмыстарын жүргiзушi кәсіпорындар жүргізеді.

46. Сыртқы жарық тіректері мен дiңгектерiнің аумағын және тротуарларда орнатылған байланыс желiлерiнiң маңайын тазарту жұмыстарын аумақтарды тазартуға жауапты кәсiпорындар жүргiзедi.

47. Трансформаторларға немесе таратушы қосалқы стансаларға, автоматты режимде жұмыс iстейтiн басқа да инженерлiк құрылыстарға, сондай-ақ электр жеткізу желiлерiнiң тіректеріне iргелес аумақтарды тазарту жұмыстарын осы объектілердің иелерi жүргiзедi. Жер үстi құбырларының астындағы қорғалатын аумақтарды тазарту мен күтіп, ұстау жұмыстарын желілердің иелерi және (немесе) пайдаланушылары жүргiзедi.

48. Уақытша көше саудасы мен жалпы тамақтану орындарына iргелес аумақтарды жолдың жүргін бөлігіне дейін тазартуды осы объектілердің иелері және (немесе) пайдаланушылары жүзеге асырады. Iргелес орналасқан көгалдарға, дүңгiршектердің, сауда палаткаларының шатырларына және өзге де сауда объектілеріне ыдыстарды үюге жол берiлмейдi.

49. Суды айдау (шұңқырлардан су сору, инженерлiк тораптардағы апат) салдарынан пайда болған су басу жағдайлары орын алғанда, оларды жою жауапкершiлiгі аталған бұзылушылыққа жол берген ұйымдарға жүктеледi. 

7. Шағын сәулет нысандарын күтiп ұстау


50. Тұрғын-жай құрылысының аумақтары, қоғамдық аймақтар, скверлер, көшелер, саябақтар, демалыс алаңдары шағын сәулеттiк нысандармен жабдықталады.

51. Шағын сәулет нысандары стационарлық және жылжымалы болуы мүмкiн, олардың саны мен орналасуы аумақтарды абаттандыру жобаларымен белгіленеді.

52. Қоғамдық құрылыс аумақтарына, алаңдарға, көшелерге, скверлер мен саябақтарға, жағалауларға арналған шағын сәулет нысандары жеке жобалар бойынша дайындалады.

53. Жаңа құрылыс салу кезiнде құрылыс жүргiзiлiп жатырған учаске шегiнде шағын сәулет нысандарын жобалау, дайындау және орнату жұмыстарын тапсырыс беруші бекiтiлген жобалық-сметалық құжаттамаларға сәйкес жүзеге асырады.

54. Шағын сәулет нысандарының құрылымдық шешiмдерi олардың орнықтылығын, қолдану қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуi тиіс.

55. Шағын сәулет нысандарын күтіп-ұстау және жөндеуді олардың меншік иелері және (немесе) пайдаланушылары жүзеге асырады.


8. Тұрғын үй аумағын абаттандыру
56. Тұрғын үй ғимаратына іргелес аумақ абаттандырылады, көгалдандырылады, жарықтандырылады және қоршалады, кіру жолдары мен жаяу жүретін жолдарының қатты жабыны болуы тиіс.

57. Объектілердің құрылыстан және жолдан бос аумақтары абаттандырылуы және көгалдандырылуы тиіс.

58. Ортақ қолданыстағы аумақ абаттандырылып, шағын сәулеттік нысандармен: бұрқақтармен және бассейнмен, баспалармен, пандустармен, тіреуіш қабырғалармен, күркелермен, шамдармен жабдықталады. Шамдар саны аумақты жарықтандыру нормалары бойынша анықталады.

59. Тұрғын үй аудандарының, шағын аудандардың аумақтарында, сондай-ақ үй жанындағы аумақтарда бөлінген жер учаскелерінің шекараларында мынадай тәртіп сақталады:

1) аумақ таза ұсталуы тиіс, тротуарлар, жаяу жүргіншілер жолдарының, кварталішілік өткелдердің және жолдардың жабындары тегіс болуы тиіс;

2) аулаларға өз еркімен әртүрлі шаруашылық немесе қосымша құрылыстар салуға жол берілмейді;

3) үй жанындағы аумақты құрылыс материалдарымен қоқыстауға жол берілмейді;

4) инженерлік коммуникациялар мен құдықтарды тексеру және тазалау уақытылы жүргізіледі.

9. Жер жұмыстарын жүргізу тәртібі, инженерлiк ғимараттар
мен коммуникацияларды күтiп-ұстау

60. Шаруашылығында инженерлiк коммуникациялары бар заңды және жеке тұлғалар инеженерлік тораптардың және объектілердің санитарлық-эстетикалық жағдайын қалыпты ұстайды, оларды уақтылы жөндеп, бұзылған жабындар мен элементтерді қалпына келтіреді.

61. Шаруашылығында инженерлiк коммуникациялары бар заңды және жеке тұлғалар олардың техникалық жағдайын қадағалап отыруы керек, қаланың және елді мекеннің абаттандыруын бұзуға жол бермеуі тиіс, атап айтқанда:

1) аумақты су басуына және мұздың пайда болуына жол бермеу, бөлінген және қорғалатын аймақтардың санитариялық тазалығын бақылау, люктердiң қақпақтары, құдықтар мен камералардың жабындыларының бүтіндігін, нөсерлiк кәрiздердiң торлары қатты төсеммен бiр деңгейде болуын және олардың тиісті дәрежеде ұсталуын бақылау;

2) монтаждау ережелерін сақтамау салдарынан, сондай-ақ топырақпен кері жабу және пайдалану барысында бұзылуы мүмкін болатын жер асты тораптарының үстіндегі қатты, топырақты жабынын қадағалау, жер үсті инженерлік коммуникациялардың, құрылымдардың және құрылыстардың тораптарын уақтылы жөндеу, тазалау және сырлау.

62. Барлық жеке және заңды тұлғалар жол төсемдерін, тротуарларды, көгалдарды абаттандыру элементтерін және инженерлік құрылыстарды бұзу арқылы жүргізілетін инженерлік коммуникацияларды салу, жөндеу және қайта құралымдау жұмыстарын уәкілетті орган берген жазбаша рұқсат (ордер) болғанда ғана жүзеге асырады.

Ордерге бұзылған жабындарды қалпына келтіру мерзімі және шарттары туралы талаптар енгізіледі. Жол төсемдерін, тротуарларды, көгалдарды, абаттандыру элементтерін және инженерлік құрылыстарды бұзу арқылы жүргізілетін инженерлік коммуникацияларды салу, жөндеу және қайта құралымдау жұмыстарын орындауға байланысты жауапкершілік объектінің меншік иелеріне және (немесе) пайдаланушыларына жүктеледі.

63. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталған соң, орындалған жұмыстардың сапасыздығы салдарынан қалпына келтірілген учаске екі жыл ішінде бұзылса немесе отырса жеке немесе заңды тұлға (жұмысқа тапсырыс беруші) бұзылған жабындарды қайта қалпына келтіруі тиіс.

64. Егер қазу кезінде жобалауда белгіленбеген жер асты коммуникациялары табылса, онда жұмыс жүргізуші ол туралы уәкілетті органға және сол коммуникацияларды иеленуші ұйымға хабарлайды.

65. Қалалар мен елді мекен аумағынан жер үсті және жер асты суларын бұруға арналған арналарды, құбырларды және дренаждарды профилактикалық тексеру, тазалау, нөсерлі кәріз, жаңбыр қабылдағыш құдықтардың коллекторларын тазалау жұмыстарын оларды пайдаланушы ұйым; аула аумақтарында – кондоминимум объектілерін басқарушы орган; жеке учаскелер мен кәсіпорын аумақтарында – аумақ иелері жасайды.

10. Апатты жұмыстарды жүргiзу

66. Апат туындаған жағдайда, инженерлiк коммуникациялар мен құрылыстардың иесi және (немесе) пайдаланушы ұйым апатты және оның салдарын жоюдың жедел шараларын жасауы тиіс. Бұл жағдайда адамдар мен көлiк қозғалысының қауiпсiздiгi, сондай-ақ, жақын орналасқан жер асты және жер үстi ғимараттарының, инфрақұрылым объектілерін, жасыл желектердiң сақталуы қамтамасыз етiлуi тиiс.

67. Апаттық бригаданы апат орнына жiберумен қатар пайдаланушы ұйым бір мезетте апаттың сипаты мен орны жайында, осы апат ауданында жер асты және жер үстi құрылғылары бар ұйымдарға, уәкілетті органға және ішкі істер органына, сондай-ақ басқа да мүдделi қызметтерге хабарлайды.

68. Апат аймағында жер асты немесе жер үстi коммуникациялары бар заңды және жеке тұлғалар апат туралы хабарды алғаннан кейiн, апат орнына атқарушы сызбаларымен бiрге өкiлдерiн жiбереді, олар осы жердегi орналасқан мекемеге қарасты құрылыстар мен инженерлік коммуникацияларды көрсетуге тиіс.

69. Апат орнына жақын маңда материалдарын немесе басқа бағалы заттарын жинақтаған заңды және жеке тұлғалар апат жұмыстарын жүргізуші қызметкерлердің талабы бойынша учаскенi босатады.

70. Апат жұмыстары жүргiзiлетiн орын қалқандармен немесе белгiленген үлгiдегi апаттық жарық құрылғысы және үлкен қызыл түстi шамдары бар қорғандармен қоршалады. Көшенiң (магистральдың) жол жағына ішкі істер органының келiсiмiмен қажеттi жол белгiлерi қойылады.    Апатты жою жұмыстарын жүргізуге жауапты тұлғалар апаттық жарықтандыру жұмыстарын, қоршаудың (қорғанның), жол белгiлерiнiң болуын жұмыстар толық аяқталғанға дейiн қадағалайды.

71. Апат салдарларын жою және аумақты абаттандыруды қалпына келтіруге арналған жер қазу жұмыстарын жүргізу үшін апат туындаған күннен бастап бір тәулік ішінде рұқсат ресімделуі қажет. Қазу жұмыстарын жүргізу үшін рұқсат уақтылы ресімделмеген жағдайда, кез-келген жер қазу жұмыстары заңсыз болып саналады.

72. Апаттық жұмыстар аяқталғаннан кейін инженерлік тораптарды пайдаланушы ұйымдар бұзылған жол жабынын және өзге де абаттандыру элементтерін тез арада қалпына келтіреді.

73. Жоспарлы жұмыстарды апаттық жұмыстар ретінде жүргізуге жол берілмейді.

11. Сыртқы жарық пен бұрқақтарды күтiп ұстау

74. Қалалар мен елді мекен аумақтарын жарықтандыруды, келесі сыртқы жарықтандыру құрылғылары (әрі қарай-СЖҚ) арқылы пайдаланушы ұйымдар жүзеге асырады:

1) электрмен жабдықтау қондырғылары, таратушы тораптар;

2) қорғаныс және электр тораптарын жерлендіру қондырғылары;

3) басқару қондырғылары;

4) кронштейн, арқансымды ілмектердің тіректері.

75. СЖҚ-ға қызмет көрсету және күтіп ұстау мына шараларды қамтиды:

1) СЖҚ-ның сандық және сапалық көрсеткіштері берілген параметрлерге сай келетіндей етіп техникалық жағдайда күтіп ұстау, бұзылған шамдар мен шырағданның істен шыққан шашыратқыштарын ауыстыру, шырағдандарды тазалау, жарықтандыру деңгейін өлшеу;

2) СЖҚ-ның реттелетін режимін қамтамасыз ету, кесте бойынша уақтылы қосылуын және айырылуын қадағалау, жанбай тұрған шырағдандарды, бұзылыстарды анықтап, оларды тез арада жою;

3) жабын жағдайына байланысты металл тіректерді, кронштейндерді және СЖҚ элементтерін сырлау.

76. Көшелердің, алаңдардың, жағалаудағы және өзге де объектілердің сыртқы жарығын қосу іңірде, табиғи жарық азайған кезде жүзеге асырылады да таңғы уақытта, табиғи жарық көбейген кезде сөндіріледі.

77. Негізгі магистраль бойындағы істен шыққан жарықтандыру тіректерін пайдаланушы кәсіпорын тез арада алып кетеді, ал қалған аумақтарда, сонымен қатар, бөлшектелуші тіректер бір тәулік ішінде тасылады.

78. Бұрқақтардың жағдайына және қолданысына жауапкершілік пайдаланушы ұйымға жүктеледі.

79. Бұрқақтарды қосу мерзiмiн, олардың жұмыс тәртiбiн, табақтарын жуу мен тазарту кестесiн, техникалық үзiлiстерi мен жұмысының тоқтатылуын уәкiлеттi орган белгiлейдi.

80. Бұрқақтардың жұмыс iстеуi кезiнде су бетiн қоқыстардан тазарту жұмыстары күнделiктi орындалады. Пайдаланушы ұйымдар бұрқақтарды сөндiрген кезде де тазалығын сақтайды.



12. Ережені бұзғаны үшін жауапкершілік

81. Осы Ережені бұзғаны үшін заңды және жеке тұлғалар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес жауапты болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет