БАҚторазов сейдахан уәЛИҰлы оңтүстік Қазақстанда 1920-30-шы жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргін



бет1/3
Дата25.02.2016
өлшемі0.51 Mb.
#20421
түріДиссертация
  1   2   3


ӘОЖ 94(574).084 Қолжазба құқығында
БАҚТОРАЗОВ СЕЙДАХАН УӘЛИҰЛЫ


Оңтүстік Қазақстанда 1920-30-шы жылдары

жүргізілген саяси қуғын-сүргін

07.00.02. – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалған.





Ғылыми жетекшілері:

тарих ғылымдарының докторы, профессор Қойгелдиев М.Қ.
тарих ғылымдарының докторы, профессор Мажитов С.Ф.


Ресми оппоненттер:


тарих ғылымдарының докторы

Ғали Ә.Б.
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ускембаев Қ.С.


Жетекші ұйым:

«Қайнар» университеті



Диссертация 2010 жылы «26» ақпанда сағат 14.00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).


Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы _____________ таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева

КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертациялық зерттеу Оңтүстік Қазақстанда 1920-30-шы жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеуге арналған. Еңбекте әкімшіл-әміршіл тоталитарлық мемлекет жүзеге асырған зұлматтың себептері талданыла келе, оның алғышарттарының Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында-ақ қалыптаса бастағаны дәлелденеді. Өйткені, осы тұста Кеңестік биліктің идеологиялық әсер ету органдары мен жазалау аппараттары қалыптаса бастаған болатын. Төтенше Комиссия -Мемлекеттік Саяси Басқарма - Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма - Ішкі Істер Халық Комиссариаты түріндегі жазалау органдарына берілген өкілеттіліктер, олардың ешбір жауапкершілікті сезінбей-ақ талай шектен тыс шешімдерді жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Жаппай саяси репрессиялар «социализмді құрудың үштікбірліктегі міндеттері» - индустрияландыру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және мәдени революция жасауды жариялағаннан кейін кең етек ала бастады. Саяси репрессияларды қолданудың шыңы 1937-1938 жылдар аралығына келгені белгілі. Осындай нәубетті саясатты жүргізу барысында Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық дерліктей обком мен ауком хатшылары және облатком мен ауатком төрағалары Ішкі Істер Халық Комиссариаты органдарының құрығына түсті. Әрине, репрессияның қылбырауынан аталған топтың басқаларының да аман қалмағаны белгілі. Зерттеу жұмысында осы және басқа да тарихи құбылыстардың себеп-салдары ғылыми тұрғыда қарастырылады.

Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. 1991 жылдың 16 желтоқсаны – бірнеше ұрпақтардың армандаған мақсатының жүзеге асқан күніне айналды. Бұл күн Қазақстанның толық құқылы субъектілігін рәсімдеген тарихи оқиға дәрежесіне тең.

Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміз қызметінің негізгі қағидаларының бірі ретінде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты жария етті. Қазақстан Республикасындағы қоғамның саяси жүйесін реформалау бағыты тұтастай алғанда әлеуметтік-саяси үрдістердің демократиялық құрылымға көшуіне жағдай жасады. Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде Н.Ә. Назарбаев: «Ең бастысы – біз татулық пен бірлікке негізделген тәуелсіз мемлекет орнаттық. Ортақ мақсат жолында ынтымағы мен берекесі жарасқан біртұтас ұлт болып қалыптастық. Әлемдік өркениеттің ең биік талаптарына сай жаңа қоғам құрдық» – деген болатын [1].

Бұл үдерісті демократиялық транзит ретінде анықтай отырып, сонымен қатар осыған дейінгі қоғамның даму кезеңдерін зерттеудің өзектілігін ұмытпағанымыз абзал. Себебі, өткен ХХ ғасырдың 20-30 жылдары кеңес өкіметі сырт көрінісінде «социалистік-демократиялық» жүйені қалыптастыруға тырысқандай болып көрінгенімен шын мәнінде тоталитарлық қоғам құруға негізделгендігін анықтауға болады. Негізінде, жалпы ұлттық келісім саясатын бүгінгі күннің ағымы контекстінде ғана емес, сонымен қатар тоталитарлық жаппай қуғын-сүргін саясаты позициясымен салыстыра отырып бағалау орынды.

Жалпы ұлттық келісім саясаты тоталитарлық жаппай қуғын-сүргін саясатына түбірінен қарама-қайшылықта. Мұның екіншісі қоғам өмірінде жоғарыдағылардың көз-қарасын жалпы халыққа барлық тәсілдермен күштеп таңып, оларды жеке көзқарастарынан айнуына мәжбүр етеді,сонымен қатар басқа идеялық тұғырдағы өкілдердің көзін жою әрекеттеріне дейін барады.

Өзіміздің кеңестік өткенімізді біз ұзақ уақыт бойы біржақты идеологиялық негізде құралып, өмір нақтылығы жасырылынып келген мемлекеттік және қоғамдық саясат арқылы бағалап келдік. Шындыққа жүгінсек, сол кездегі болған оқиғалардың барынша боямаланып, бет-перде жабылғаны анық. Соның бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін проблемасы. СОКП ХХ съезінен кейін ол туралы шындық сәл ашылғандай болғанымен, тез-ақ қайта жабылған құпиялық пердесі оны жамағатқа жеткізбеді. Қазіргі кезде бұл құбылысты жалпы және жалқы тұрғыда, нақтылы фактілер арқылы қарастыру мүмкіндігі қамтамасыз етіліп отыр.

Қазақстан Республикасының көп ғасырлық тарихы мен жерінің кең- байтақтылығы, оның жекелеген өңірлерін бөлекше қарастыруға объективті негіз болары анық.

Өңірлік тарихи зерттеудің сонымен қатар қоғамдық сананы қалыптастырудағы маңызы зор, өйткені ол жеке адамдарға және әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік қауымдастық мүшелеріне, жаһандық қоғамдық процестерді, олар өздері көріп-біліп жүрген жергілікті деңгейдегі тарихи құбылыстар арқылы түсінуіне мүмкіндік береді.

Саяси-тарихи тұрғыдан қарай отырып, өңірдің ХХ ғ. басында Ресей империясы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына қарағанын, Қазан төңкерісінен кейін осы аттас облыс болып, алғашында РКФСР-ға кірген Түркістан АКСР-інің құрамында, кейіннен КСРО құрамындағы ҚазАКСР-інде, ең соңында КСРО құрамындағы Қазақ КСР -і құрамында болғанын айтуға болады. Тиісінше әкімшілік-территориялық қатынаста да атаулар кезегімен өзгертілді - Сырдария облысы, осы аттас округ (округтік бөлініс кезінде), ары қарай Оңтүстік Қазақстан облысы, одан, жеке бірліктер ретінде 1938 жылы Қызылорда облысы және 1939 жылы Жамбыл облысы бөлінеді. Жалпы, бізге дәл саны мәлім емес Амудария мен Закаспий облыстары қазақтарын қоспаған күннің өзінде, Түркістан генерал-губернаторлығы құрамында Қазан төңкерісі қарсаңында 2 665 441 қазақ өмір сүрген. Қазақ жерлерінің қайтадан бірігуі нәтижесінде республика аумағы 700 мың шаршы км-ге жуық, яғни үштің біріне ұлғайып 2,7 млн. шаршы км болды, ал 1926 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың саны 3 627 612 адамға жетіп, республика халқының 2/3-сіне жуықтаған (58,5%) еді. Бұл арада Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі небары 8-9 жыл аралығындағы аласапыранда аталған өңір халқының қосқан үлес салмағы қарапайым есептеулер тұрғысынан қарастырғанның өзінде (1917 жылы тек Түркістанда ғана 2 665 441 қазақ болса, 1926 жылғы санақ бойынша осыған тұтас ел бойынша, шамамен 1 000 000 қазақ қосылған) ойсырап-ақ қалғандығына мән беруге болады. Дегенмен, осы сандық көрсеткіштер арқылы-ақ Түркістан өңірінде болып өткен оқиғалардың қазақ қоғамына тигізер ықпалын пайымдау қиын емес. Әрине, құбылмалы, тұрақсыз саяси жағдайға қатаң қысы мен құрғақшылығы қосымша болған 1917 жыл мен азамат соғысындағы дүрбелең және одан кейінгі 20-жылдардағы таптар мен саяси күштердің қарама-қайшылықтары Түркістан қазағына жеңіл тиген жоқ.

Тұрғылықты халықтың басым көпшілігінің шаруашылық жүргізуі мен тұрмыс құруы көшпелі сипат алып, өзіне тән ерекшеліктері болған Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін жүргізілген әлеуметтік және экономикалық-саяси эксперименттердің жан түршігерлік зардаптары болды. Мәселен, репрессия шаралары алдымен және бірнеше дүркін (1918-1921, 1927-1932, 1937-1938) Алаш зиялыларын қамтыды. Өйткені большевиктік билік қазақ қоғамындағы потенциалды оппозициялық күш зорлықпен басылып тасталынған ұлт-азаттық қозғалыс басшылары мен белсенділері екендігін жақсы түсінген еді.

Халықтың ауыр жағдайы, олардың күйзеліс пен ашаршылыққа ұшырауы республикадағы көптеген ұлт зиялыларының және халық тағдырына жаны ашитын барлық адал адамдардың ашу-ызасы мен қарсылық-наразылығын тудырды. Алайда, қаһарына мініп келе жатқан кеңестік репрессиялық аппарат оларды барынша тұқыртып ұстауға негізделген болатын.

Зерттеліп отырған кезеңдегі Қазақстанның саяси тарихы үшін сол кездегі қалыптасқан және алмасып отырған жағдайдағы әрекет еткен саяси күштердің ерекшеліктерін анықтаудың да маңызы зор.

Өңірдің экономикалық маңыздылығы, оның төңкеріске дейін де, төңкерістен кейін де үнемі дамып отырғандығында еді, осыған сәйкес қоғамның әлеуметтік құрылымы да өзгеріп отырды - қала халқының, жұмысшы табының, гуманитарлық және ғылыми-техникалық интеллигенцияның саны өсті. Өңірдегі өзіндік ерекшелік ретінде, ұлттық - территориялық межелеудің нәтижесінде өңірдің Қазақ АКСР-і құрамына кіргеннен кейінгі кезеңдегі партия - кеңес элитасын ротациялауды, яғни Оңтүстік Қазақстанның өкілін республикалық басшылық органдарын алып (кіріктіріп), Оңтүстікке басқа өңірдің басшы кадрларының жіберілуін айтуға болады. Бұл жағдай 1930 - жылдардағы оқиғалар барысында көп кесапатқа себеп болған еді. Әрине, ұлтымыздың игі-жақсыларын баудай түсірген 1937-1938 жылдардағы нәубеттің себебі тек осы ерекшелікпен шектелмейтіні белгілі. Аталған тақырыпты сонымен қатар сол кездегі қоғамдағы өзгерістерге ұшыраған басқа да мәселелер аясында қарастыру орынды болмақ. Бұл және басқа да Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін мәселелері – қазіргі жағдайда тосын жаңалық емес, дегенмен осы мәселені өңірлік екшеуленуіне байланысты зерттеу оның өзектілігінің ешқашан жоғалмайтындығының белгісі болса керек.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. 1920-1930-шы жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін мәселесіне байланысты бүгінгі қоғамдық өмір сұранысына сай зерттеулер тек Отанымыз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта ғана жарық көре бастағандығын айта аламыз.

Осы орайда аталған жылдар аралығындағы оқиғаларға байланысты, кеңестік тарих ғылымында, қалыптасып келген шындықты айтуға тыйым салу әдісіне сәйкес, сол дәуірдің тарихи еңбектерінде қазақ халқының басынан кешкен қасіреттерін «асыра сілтеу», «колхоз құрылысындағы партия жолын бұрмалаушылық» деп түсіндіру әдетке айналған еді.

Шын мәнінде кеңес қоғамындағы әлеуметтік-саяси өзгерістер Қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан тоталитарлық жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы жүзеге асырылған болатын. Осы мәселені, яғни, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы саяси тарихты зерттеуге деген қоғамдық қызығушылық осы тұрғыдағы арнайы тарихи әдебиеттердің де барынша көбеюіне ықпал етті. Олар негізінен индустриализациялау, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселелеріне арналып, осыған байланысты өңірдегі мәселелер де, яғни отырықшылыққа көшу, ірі бай шаруашылықтарын кәмпескелеу, кулактарды тап ретінде жою және ең соңында ауылдағы социализмнің тірегі ретіндегі колхоздар мен совхоздардың құрылуы да қарастырылған еді.

Көптеген миллион халқы бар КСРО үшін, олардың көпшілігі ауылдарда тұрғандықтан аграрлық мәселенің дұрыс шешілуі үлкен маңызға ие болатын, тіпті бұл проблема барлық посткеңестік кеңістік үшін қазір де маңызын жоғалтпағаны белгілі.

Кеңестік кезеңде аграрлық мәселенің шешілуі жер туралы Декреттен басталып, алғашында шаруаларға жер бөлініп берілсе, кейіннен ешбір жағдай жасалынбай ұжымдастыруға көшумен жалғастырылды, бұл арқылы жерге жеке меншік, кооперативтік меншікке айналдырылған еді. Әрине , бұл орайдағы мәселенің шешілуі репрессиялық іс-шаралар қолданусыз бітпегені анық. Осы тұрғыда, аграрлық, соның ішінде негізінен, ұжымдастыру кезеңіндегі проблемаларды шешу мәселесіне арналған тарихнаманың бірнеше қырларын қарастыру маңызды сияқты.

Кеңестік тарихнамада ауыл шаруашылығын ұжымдастырумен аяқталған аграрлық мәселенің шешімі БК(б)П-ның қателіксіз саясатының жеңісті жемісі ретінде қарастырылады. Сол кезеңдегі зерттеушілердің негізгі мақсаты социалистік қайта құрулардың жағымды жақтарын теріп көрсету болса керек. Кемшіліктері не тіптен айтылмады, не жадағай айтылып, тағы да осы қателіктерді дер кезінде көріп, оны тез түзей алған партия басшылығының кемеңгерлігі мадақталды. Осылай, қателіктердің өзін жеңіске айналдыру (инверсиялау) дағдысы кеңестік тарихнамаға тән екендігі анық болатын. БК(б)П-ның аграрлық саясаты көптеген зерттеуші – тарихшылардың, соның шінде, негізінен, партия тарихшыларының еңбектерінде көптеп қарастырылды.

Бұл тұрғыдағы негізгі қомақты еңбектердің қатарына (алғашқысы етіп) көптомдық КОКП тарихын жатқызуға болады. Оның – «Орта Азия республикалары мен Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласындағы социалистік қайта құрулар» атты жеке бөлімінде әртүрлі факторлар мазмұндалып, статистикалық мәліметтер беріледі, ұжымдастырудың негізгі кезеңдері хронологиялық тәртіпте қойылып, олардың егін, мақта және мал шаруашылығы аудандарындағы ерекшеліктері айқындалады. Жалпы түрде келеңсіздіктер мен «асыра сілтеушіліктер» де атап өтіліп, «толық ғылыми объективтілік» тұрғысында қарастырылу сыңайы танытылады.

«Қазақстан Коммунистік партиясы тарихы очерктерінде» де осы ұстаным қайталанылғанымен, мұндағы кейбір фактілерге қатысты сыни көзқарастарға да мән беруге болады. «Өкінішке орай республикалық және жергілікті партия мән кеңес органдары ұжымдастыруды жүргізу кезінде бірнеше қателіктер жіберді. БК(б)П Қазөлкекомы, жергілікті партия органдарына ұжымдастыруды тездету туралы директиваларды бірінен кейін бірін жіберіп, оларды, шаруалардың дайындық деңгейін есепке алмай-ақ, ұжымдастыру қарқынын үдете түсуге бағыттады.

Республиканың бірқатар басшы кадрларының (Ф.И. Голощекин, І.М. Құрамысов және т.б.). 1929 жылдың соңы мен 1930-жылдардың басындағы сөздерінде елдің орталық аудандарынан қалыспауға тырысу көрінген еді. Жергілікті жағдайды білмей тұрып республиканың жеке округтары мен аудандарына бақылау цифрлары қойылды. Өз сөздерінің бірінде Ф.И. Голощекин: Мен бізде КСРО-ның басқа аудандарына қарағанда колхоз құрылысы баяу жүреді деген пікірге жолықтым. Мен ондай пікірді дұрыс емес деп санаймын,-десе, І.М. Құрамысов одан да асып түсіп: «Қазақстанның артта қалған аумақ екендігіне қарамай, бүгінгі күнгі ұжымдастыру қарқыны өте жоғары, бұл тұрғыда біз Одақтың алдыңғы қатарлы деген облыстарын басып озамыз», - деп даурықты. Осындай ықпалдың арқасында республиканың барлық аудандарын ұжымдастыруды қамту туралы қаулы қабылданған еді.

Азаматтық тарих бойынша ұжымдық еңбектердің де бағыт-бағдары мен мазмұны осыған ұқсас болды. Қазақ КСР тарихында «ұжымдастыруды тек лениндік принципті қатал ұстана отырып, көшпенді халықтың шаруашылығы мен тұрмысындағы барлық ерекшеліктерді ескергенде ғана, Қазақстандағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құру жолындағы қиындықтарды жеңу мүмкін болар еді», - делінген. Ұжымдық еңбектердегі ұстанымдар негізінде жеке зерттеушілердің де позициялары қалыптасқан еді. Бұған мысал ретінде А. Жаманкұловтың [2], Ж. Жұмабековтың [3], Ә. Тұрсынбаевтың [4] және т.б. еңбектерін жатқызуға болады. Олардың жалпы бағыт-бағдары ұжымдастырудың дұрыстығын дәлелдеуге сайып, іс жүзінде оны жүзеге асыру шараларының қажеттігі негізделеді, ұжымдастырудың қоғам өміріне тигізер игі ықпалы туралы көп айтылады.

Кеңестік кезең тарихнамасының ең бір мән берерлік ерекшелігі, ондағы нақты тарихи фактілердің барынша елеп-екшеленуі еді. Іс жүзінде, бұл барлық тарихи фактілерден тек үстем идеологияға сәйкес келетіндерінің ғана таңдап алынып, талданылып және тұжырымдалғаннан кейін ғана мақалалар және монографиялар түрінде жарыққа шығарылатындығын білдіретін.

БК(б)П мен Қазақстан К(б)П-дағы жалпы жағдайды қайта қарап шығу мақсатында орталық партия және кеңес органдарының материалдары пайдаланылды. Осы және басқа да партия құжаттарының көптеп пайдаланылуы КОКП және Қазақстан Компартиясы тарихының, отан тарихының құрамдас бөлігі екендігіне негізделеді.

Негізгі, мейлінше мол ақпарат көздері ретінде, сайлау органдары мен олардың облыстық және қалалық деңгейдегі бөлімшелерінің конференциялары мен пленумдарының хаттамаларын айтуға болады. Репрессиялық іс-шараларға тікелей қатысы болмағанымен, бұл құжаттар қоғамда болып өткен процестерді, және осы процестердің басқарушы партия билігінің сақталуы мен нығаюы үшін, репрессиялауға көшуге қалай жағдай жасағанын айтатындай. Оларда тұнып тұрған тарихи фактілер, бір жағынан шынайы болған істі көрсетсе, екінші жағынан сол оқиғаларды бүгінгі күн тұрғысынан объективті талдауға мүмкіндік береді.

Партиялық құжаттардың келесі бір маңызды тобы жекелеген партия мүшелерінің істерін топтап, яғни - тазалау, шығару және аппеляция бойынша жеке қарастыру болып табылады. Әртүрлі ақпараттық мәліметтерге толы мұндай жеке қарастырулар - жан-жақты жазылған тазалау хаттамаларынан бастап, аппеляцияны қараудың қысқаша хаттамаларына дейін, және тіпті де қысқа, тек партиядан шығару туралы қаулы жазылған хаттамалар, сол кездегі ішкіпартиялық жағдайдан мол мағлұматтар беріп тұр.

Жеке қарастырулардың келесі, ақтау бөлігі, зерттеудің хронологиялық ауқымынан тыс жатқандықтан, шектеулі деңгейде ғана пайдаланылды. Оның үстіне олардың берер ақпараты да мардымсыз келіп, тек айыптау үкімдерінің өңін айналдырып берумен шектелген. Яғни, айыптау үкімдері қандай дәлелсіз және түсініксіз құрылса, реабилитациялық қаулылар да дәл солай бұл айыптауларды теріске шығарады.

Социалистік қайта құруларды тездетіп жүргізудің тактикалық құралы ретінде, тікелей жаппай саяси репрессиялар қолдануды жүзеге асыру бағыты туралы тарихнама салыстырмалы түрде көп емес.

Кеңес зерттеушісі Д.Л. Голинковтың кең көлемді монографиясында, алғашқы төтенше шешімдердің, қорқыту мен үркітулердің және атып - асудың Кеңес үкіметі өмір сүруінің алғашқы күндерінен-ақ басталғаны айтылады. Мұндай іс-шараларды Гельсингфорс моряктары мен Финлянд полкі солдаттары, бірінші қолданып, соңғылары Васильев аралын қоршауда деп жариялап, оған жақындағандарын ескертусіз атып тастайтындықтарын айтқан болатын. Сәл кейінірек бұл, тонауларға қарсы күрес комитеті ретінде заңдастырылып, оны басқарған В. Бонч-Бруевич, князь К.В. Кекуатов басқарған алғашқы контрреволюциялық бүлікті ашқан болатын [5].

Одан кейін бүкілресейлік үкімет мекемелері шенеуніктері көтерілісінің дайындалуы жағдайында В.И. Ленин Ф. Дзержинскийге контрреволюция мен саботажға қарсы күрес үшін Төтенше комиссия (ТК) құру туралы Декрет дайындауды ұсынады. Осылай 1918 жылдың қыркүйегінде қанқұйлы Қызыл террор да басталып кеткен еді.

Бұл еңбекте хронологиялық дейектілік сақталғанымен автор қарқын алып келе жатқан кеңестік жазалау машинасының әрбір қанкұйлы қадамына желеу табуға тырысып бағады. Әрине, кеңестік дәуірде мұндай көзқарас бұл монография жазылғанға дейін де, одан кейін де болғаны түсінікті. Дегенмен Р. Арипов пен Н. Мильштейннің «Из истории органов госбезопасности Узбекистана. Документальные очерки истории 1917-1930 гг.» атты еңбегінде Қызыл террордың тағы бір маңызды салдары ретінде БТК түріндегі репрессивтік органдардың бұрын ол болмаған аймақтарда құрылуы айтылады [6]. Яғни, РКФСР ХХК-нің «Қызыл террор туралы» Қаулысына сәйкес Түркістан республикасының ОАК-і мен ХКК-сі 1918 жылдың 5 қыркүйегінде «барынша кеңейтілген өкілеттіліктерімен Төтенше тергеу комиссиясы» құрылған еді [6, с.53].

Аталған еңбекте Азамат соғысындағы жеңіліс оппозициялық саяси партия өкілдерінің саяси аренадан кетуіне әкеліп соқты делінеді. Дегенмен, Түркістан республикасы ТК(ЧК)-сы 1920 жылы Әулиеатадағы оңшыл-эсерлер ұйымын анықтап,олардың: большевиктерге қарсы ұйым құрып жатқандығын; ұйымның Англиямен байланыста екендігін; кеңес Депутаттары мүшелерін өз ұйымдарына тартып жүргендігін; үгіт-насихат бөлімінің шаруалардың жұмысшыларға деген өшпенділігін қоздыруды мақсат еткендігін анықтай отырып, әрине мұндай «революция дұшпандарын» талқандады [6, с.127].

Кеңестік «қайта құру» кезеңінде жарық көрген еңбектерде сталинизмнің кесапатты жақтарын ашып айтудың жаңадан басталынған кезі болатын. Өзінше бір топ ретінде мемуар түріндегі жазбаша деректемелер мен көркем әдебиет шығармаларын айтуға болады. Олардың саны да көп, сапасы да жақсы, әйтсе де бұл еңбектердің басым көпшілігі автордың жеке көзқарасына негізделгендіктен, белгілі кемшіліктерсіз де емес.



Кеңестік дәуірден кейінгі тарихнама. 1920-1930-шы жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін мәселесіне қатысты еңбектердің, объективті тұрғыдан зерттеле бастауы тек Отанымыз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта ғана мүмкін болды. Өйткені, профессор С.Ф. Мажитовтың пайымдағанындай, бодандық кезеңдегі империялық үстемдік пен тоталитарлық режим кесірінен, ұлттық тарихнама тізе бүгуге мәжбүр болған еді [7]. Осы орайда 90-жылдардың әу басының саяси өліарасында жарық көрген ұжымдық еңбектердің де маңыздылығына мән беруге болады. «Нәубет» және «Новое о коллективизации о Казахстане» жинақтарында қарастырылып отырған мәселенің ащы шындығы алғаш рет ашылады. Қазақстан халқына орны толмас қасірет пен қайғы әкелген отызыншы жылдар ойранына байланысты ойтолғаулар «Саяси қуғын-сүргіндер және олардың зардаптары» жинағында берілген. «Мұжық, солдат біз большевик дініне кірдік деп қаланы, помещикті, бай мұжықты талап жатыр. Темір жол тоқтады, астаналар, астық сатып алатын уаляттар, майдандағы әскер жұтап жатыр. Біздің қазақ жері әзір бұл Россия лаңынан аман, - дей отырып Алаш азаматарының бірлігін тілеген Ә. Бөкейхан мен большевиктер ұстанған бағыт Қазақстан емес, тіптен Ресейдің өзіне де азапты болашақ әкелетін бағыт деп түсінген Алаш қайраткерлері туралы және ұлттық мемлекетті қалпына келтіру ісіне ғұмырын арнаған М. Шоқай, Т. Рысқұлұлы, С. Садуақасұлы және басқа да ұлы тұлғалардың қызметі мен тағдыры төңірегінде [8] профессор М.Қ. Қойгелдиевтің еңбектерінде жан-жақты қарастырылады. Ғылыми еңбекте алғашында Түркістан АКСР-інің, кейіннен ҚазақКСР-інің құрамында болған Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі зерттеліп отырған кезеңдегі оқиғаларға ұлтымыздың тарихи қайраткерлері Т. Рысқұловтың, О. Жандосовтың, С. Асфендияровтың қатыстылығы тұрғысында нақты талдаулар жасалынған. Осындай қайреткерлердің қатарында сталиндік режимнің репрессиялық соққыларынан ұлт аяулыларын сақтауға барлық мүмкіндігін салып, ең соңында өзі де осы саясаттың құрбандығы болған Л. Мирзоянның да болуы дұрыс болса керек.

Қарастырылып отырған мәселе сонымен қатар Т.О. Омарбеков [9], К.Н. Нүрпейісов [10], Ж.Б. Абылғожин, М.Қ. Қозыбаев, Қ.С. Алдажұманов [11], Ә.Б. Ғали, Қ.С. Ускембаев [12], т.б. еңбектерінде де әр қырынан зерттелген. Тікелей өңірлік қатыстылығына байланысты біршама еңбектер нақты мағлұматтар бере алды. Қазақстанға депортациялау арқылы Қиыр Шығыстан келген кәрістердің және Украинадан келген поляктардың қалай қуғын-сүргінге ұшырағаны туралы мұрағаттық материалдар да ғылыми жұмысты жазу барысында пайдаланылды.

Ғылыми жұмысты жазу барысында зерттеу тақырыбына қатысты республикалық басылымда жарияланған біршама еңбектер пайдаланылды. Шетелдік зерттеулердің өңір тарихын қалай қарастырғанын «Зарубежные исследователи Средней Азии и Казахстана» атты библиографиялық көрсеткіштен білуге болады. Зерттеліп отырған кезеңге арналған Батыс тарихнамасы, тиісінше, өз елдерінің әлеуметтік, экономикалық және саяси қажеттіліктеріне сәйкес іс-әрекет жасағандары анық. Айта кету керек, ағылшын отарлық экспансиясынан бастап, батыстың ірі державалары Орта Азия өңіріндегі оқиғалар ағымын қалт жібермей бақылап, бұл жерден не геосаяси одақтасын, не болмаса дәл осындай дұшпаны барын анықтауға тырысқан еді. Оның үстіне сыртқысаяси экспансиясын барынша өрістеткен Англия өз отарлық империясының інжу-маржаны – Үндістаннан қауіп-қатерді неғұрлым алыстатқысы келді. АҚШ, Франция, Германия, Жапония сынды державалар да Батыс Түркістан (ТүркАКСР) мен Шығыс Түркістандағы (Қытайдың Шыңжан провинциясы) жағдайларға қатты қызығушылық білдіріп отырды. Сонымен қатар осылардың барлығы да өздерінің Орта Азия мен Қазақстандағы ықпалдарын арттыруға тырысқандығы сөзсіз. Мұндай процестер қазір де жүріп жатқандығы анық, оған мысал ретінде АҚШ пен Ресейдің халықаралық терроризмге қарсы күрес деген сылтаумен Қырғызстанда әскери база құрып отырғандығын айтуға болады.

Ал жеке проблемалар бойынша арнайы жұмыстар батыс тарихшыларының қызығу шеңберін анықтап беретіндей. Бұл еңбектерде өңірдегі жағдайды түбірімен өзгерткен Қазан төңкерісіне қатысты мәселелер қарастырылған.

АҚШ пен Англия тарихшыларының зерттеулерінде Қазан төңкерісі «қатерлі эксперимент, утопия және бүлік, «социализмді құруға дайындықсыз асығу» ретінде көрсетіледі. Пролетариат диктатурасының орнауы басқыншылықпен теңестіріліп, олардың басты мақсаты ретінде «қызыл террорды» жүзеге асыруы айтылса, ал төңкерістің өзі теориялық тұрғыдан алғанда маркстік тұғырнамада сай келмейтіндігі дәйектеледі. Октябрьді АҚШ-тағы оңшыл социалист Д. Спарго мен ағылшын журналисі У. Чемберлен осылай түсінді .

«Кеңестік тоталитаризмді» барынша жіктеп сынаған, англо-американ тарихшысы Р. Конквест 1926 және 1939 жылдардағы халықтың, шаруа қожалықтары мен мал басы санағы мәліметтерін салыстыра отырып бұл зұлматқа: ешқашан ешқандай басқа отаршыл елдің тарихында болып көрмеген адамдардың қасіреті мен экономикалық құрдымға кетуі», - ретінде баға береді.

Большевиктер зұлматын бүге-шігесіне дейін жіктеп зерттеген француз авторларының «Черная книга коммунизма» [13] атты кітабы Кеңестердің құпия полициясының қанқұйлы әрекеттерін мол мұрағат құжаттары арқылы мәлім ете отырып, жалпы коммунистік қоғамға лағнет айтатын сияқты. Әрине, қуғын-сүргін құрбандарының мәңгілік қарғысы осы саясатты жүргізгендер мен орындаушылардың мойнында екені белгілі. Дей тұрғанмен, жетпіс жылдық тарихты тек бір ғана (қара) бояумен көрсету де объективті деп айта алмаймыз.

Жалпы, шетел әдебиетіндегі еліміз тұрғысындағы зерттеулерді К. Есмағанбетовтың «Қазақтар шетел әдебиетінде» кітабынан көптеп кездестіруге болады.

Зерттеліп отырған кезеңнің тарихнамасы эмиграцияда жазылған тарихи зерттеулерсіз толық болмайтын сияқты. Мұнда, бірінші кезекте ауызға Мұстафа Шоқай түсері заңды. М. Шоқай өнегесінің құндылығы халқымыздың жүріп өткен жолын, әсіресе ХХ ғасырдағы тағдырын жаңа көзқарас тұрғысынан қорытуға, сол арқылы бүгінгі жағдайымызды түсінуге себепші болуында. Сонымен бірге М. Шоқай есімін ауызға алғанда еріксіз ойға оралатын нәрсе ол - «Түркі елі» идеясы, олай дейтініміз, М. Шоқайды тек қазақ жұртына ғана теліп, оның қызметін тәуелсіз Қазақстанның тарихи мүддесімен ғана байланыстырар болсақ, онда Мұстафа Шоқай феноменін, ол көтерген мәселені дәл басып түсіндіре алмаушылыққа ұрынған болар едік. Сонымен қатар қарастырылып отырған мәселе бойынша бірнеше кандидаттық диссертациялардағы мәліметтер де пайдаланылды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет