Шынайылық, сенімділік және валидтілік. Бағалау дәл және сенімді ақпаратты ұсынады. Қолданылатын критерийлердің, құралдардың оқу мақсаттарына жетуге, күтілетін нәтижелерді бағалайтынына сенімділігі болады.
Ашықтық және қолжетімділік. Бағалау түсінікті, айқын ақпараттарды ұсынады, сондай-ақ, барлық оқу үдерісіне қатысушылардың қызығушылығын, жауапкершілігін арттырады.
Үздіксіздік. Бағалау оқушылардың оқу жетістігінің ілгерілеуін дер кезінде және жүйелі қадағалап отыруға мүмкіндік беретін үздіксіз үдеріс болып табылады.
Дамуға бағыттау. Бағалау нәтижелері оқушылардың, мұғалімдердің, мектептің, білім беру саласының даму бағытын анықтайды және ынталандырады.
Критериалды бағалаудың теориялық негізі
«Критериалды бағалау» терминін алғаш Роберт Глейзер (1963) қолданған, ол әдеттегі мінез-құлық моделінің жиынын анықтау үдерісін, білім алушылардың оқу жетістігі деңгейінің шамасы мен қолжетімділігінің арасындағы сәйкестікті сипаттады. Бұл оқушы әрекетін алдын ала анықталған критерийлерді тіркеп жинақтау арқылы бағалауды білдіреді. Глейзер критериалды стандарттағы бағалаудың басқа оқушылар жетістігіне тәуелділік пен салыстыруға қатысы жоқ екенін, сондай-ақ, әр оқушының құзыреттілік деңгейі туралы ақпараттануға бағытталғандығын атап көрсетті. Оқушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау жүйесі оқыту, оқу, бағалаудың өзара байланысына және оқу үдерісін ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз етуге негізделген. (Бойл және Чарльз, 2010). Бұл барлық бағалау элементтері арасындағы өзара байланыс орнатуды, теориялық негіздемені болжамдайды (оқу мақсаттары, бағалау түрлері, құралдары мен нәтижелері).
Оқушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау жүйесі
• оқыту мен бағалаудың тұтастығына негізделеді;
• оқушылардың үлгерімін, ілгерілеуін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға бағытталады;
• оқу бағдарламасына сәйкес дағдыларды дамытуды, білім алу дәлелдерін жинақтауды, оқу мақсаттарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
• оқу бағдарламасының мазмұны негізіндегі әр сынып үшін пән бойынша бағалаудың формалары мен тәсілдерінің әртүрлілігін қамтиды. Төменде критериалды бағалау жүйесінде қолданылатын теориялық негіздердің сипаты ұсынылды.
Критериалды бағалаудың құрылымы
Оқу жылы барысында оқудың ілгерілеуі, үлгерімі туралы мәліметті жинау үшін бағалаудың екі түрі жүзеге асырылады: қалыптастырушы және жиынтық бағалау Жиынтық бағалау өз кезегінде бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау, тоқсандық, орта білім беру деңгейі бойынша жиынтық бағалаудың рәсімдерінен тұрады.
Бағалау тәсілдері критериалды бағалаудың түрлеріне, пән мазмұнына қарай ерекшеленуі мүмкін.
Қалыптастырушы бағалау оқу үдерісінің ажырамас бір бөлігі болып табылады, оқу үдерісі барысында мұғалім тарапынан жүйелі өткізіліп отырады. Критериалды бағалау Қалыптастырушы бағалау Тоқсандық жиынтық бағалау Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау Сыртқы жиынтық бағалау Жиынтық бағалау Қалыптастырушы бағалауда баға, балл қойылмайды, мұғалім мен оқушы арасында үздіксіз кері байланыс қамтамасыз етіледі. Қалыптастырушы бағалау кезінде оқушылардың қателесуге, оны түзетуге құқығы бар. Бұл оқушылардың мүмкіндігін анықтауға, қиыншылығын табуға, оң нәтижеге қол жеткізуіне көмектесуге, дер кезінде оқу үдерісін түзетуге мүмкіндік береді.
Қалыптастырушы бағалау мұғалім мен оқушылардың арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін, оқу жетістігінің дамуына, өсуіне тікелей әсер ететін үдеріс болып табылады.
Тиімді оқыту мақсатында оқушылардың оқу үдерісіндегі ілгерілеуін, ағымдағы түсінік деңгейін қадағалау қажет.
Қалыптастырушы бағалаудың міндеттері:
• оқу мақсаттарын, бағалау критерийлерін анықтау, оқушыларға ұсыну;
• оқушының қай деңгейге жеткенін дәлелдеуге көмектесетін бірлескен (коллаборативті) оқытуға арналған орта құру;
• оқушыларды дамытуға жағдай жасайтын сындарлы (конструктивті) кері байланысты қамтамасыз ету;
• оқушыларды бірін-бірі бірлесе оқытудың сапалы көзі ретінде қатыстыру;
• оқушыларға өзінің оқуын «құрушылар/жасаушылар» ретінде жағдай жасау болып табылады.
Қалыптастырушы бағалау оқытудың ажырамас бір бөлігі болуы тиіс, ол қосымша жаттығу немесе тестілеу жұмысы ретінде қарастырылмайды. Оқу бағдарламасындағы бөлімнің/ортақ тақырыбының әрқайсысындағы оқу мақсаттары, күтілетін нәтижелері қалыптастырушы бағалаудың тәжірибелік мазмұнын анықтайды. Сонымен бірге қалыптастырушы бағалау үдерісі стандартталмайды, яғни әр мұғалім өз бетінше қалыптастырушы бағалауды өз тәжірибесі арқылы анықтайды, оның нәтижесіне қатысты жауапкершілікті өз мойнына алады. Мұғалімнің іс-әрекетіндегі қалыптастырушы бағалау үдерісі келесі кезеңдерді жүзеге асыруды талап етеді:
• қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыру және жоспарлау;
• қалыптастырушы бағалау әдістерін таңдау;
• қалыптастырушы бағалау нәтижелерін талдау;
• кері байланыс беру.
Қалыптастырушы бағалау үдерісінде мұғалім оқу бағдарламасындағы барлық оқу мақсаттарын қамтуы тиіс. Мұғалім оқу мәнмәтінін, өз оқушыларының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тапсырмаларды іріктеп алады немесе құрастырады. Әр тапсырмаға дескрипторлар құрастырылады. Бағалау кезінде мұғалімнің шешімі анық болу үшін тапсырмалардың дескрипторлары дәл, нақты болуы қажет. Бұдан басқа дескрипторлар оқушыға тапсырманы орындаудың қай кезеңінде қиындық туғызғанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл оқушылар мен олардың ата-аналарына сындарлы (конструктивті) кері байланыс беруге жағдай жасайды. Қалыптастырушы бағалауды жоспарлау, ұйымдастыру бойынша дағдыларды жетілдіру үшін мұғалім:
• қалыптастырушы бағалауды қолдану үдерісін көрсететін сабақ жоспарын құруы;
• тапсырмаларды қолдана отырып, қалыптастырушы бағалауды қолдану тәсілдерінің санын, сапасын арттыруы;
• кері байланыс берудің тиімді формаларын қолдануы;
• тәжірибені жетілдіру мен рефлексия үшін (оқушылар жұмысының сапасы, бағалау құралдарының сапасы, оқушылардың, ұжымның кері байланысы, ата-аналармен әңгімелесу және т.б.) сабаққа талдау жүргізу қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |