Базаркүл Оразбайқызы АЙЛАУОВА
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі
Жадыра Сламханқызы Шукенова
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі
Құқықтық тәрбие берудің өзекті мәселелері
Құқықтық мемлекеттің негізгі атқаратын қызметі қоғамдық өмірдің барлық салаларын заң, әділетті құқық нормасымен ретке келтіру, басқару, қызмет көрсету салаларында заң талаптарын басты басшылыққа ала отырып, адам, қоғам, мемлекет мүддесіне адал қызмет атқару болып табылады. Өйткені, құқықтық норма – әділет жолы, адам, қоғам, мемлекет мүддесінің үйлестірушісі, заңдылық пен демократияның даму негізі. Қазақстанның өркендеуі, гүлденуі, дүниежүзінде алдыңғы қатарлы мемлекет санатында көрінуі үшін құқықтық сауаттылықты, тәрбиені, сананы жетілдіру қажеттілігіне басты назар аударылғаны баршаға аян. Өйткені, еліміздің әрбір азаматы өз құқығын, бостандықтарын, міндеттерін білуі тиіс, әрбір азамат құқық нормаларын, заңдылық талаптарын берік ұстануы керек. Сонда ғана мемлекетіміз саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дамып, тәртіп нығаяды.
Құқықтық сана, құқықтық мәдениет және құқықтық тәрбие әрбір азаматтың қалыптасуының, өсіп-жетілуінің басты қағидасына айналуы тиіс.
Құқықтық сана дегеніміз – тұлғаның қолданыстағы немесе қабылданатын құқық нормаларына деген көзқарастары мен сезімдерінің, оларға тиісінше баға беру мүмкіндіктерінің жиынтығы болып табылады.
Бұдан құқықтық сананың негізінен құқықтық психология және идея жиынтығының құралатынын көреміз. Өйткені, құқықтық психология қолданыстағы құқық нормаларын жетілдіруге, жаңа құқықтық нормаларды қабылдау қажеттілігінің деңгейін, сезімін білдірсе, құқықтық идея құқықтық сананың өз дәрежесіне көтерілуінің нәтижесінде адам, қоғам, мемлекет мүддесі үшін қажетті құқық нормаларының қабылдану қажеттілігін білдіреді.
Құқықтық сана-сезімнің басты мақсаты – адам, азамат, қоғам мүддесіне сәйкес келетін, олардың мүдделерін қанағаттандыратын құқықтық нормаларды ортақ игілік үшін қабылдау қажеттілігінің негізгі бастамашысы болып табылатындығында. Құқықтық мәдениет болса – құқық нормаларын білу, толық түсіну, оларды басшылыққа ала отырып, адамзаттың ортақ мүддесіне қызмет істеуді білдіреді.
Құқықтық мәдениет құқықтық сана-сезіммен тығыз байланысты және содан негіз алып дамиды, жетіледі. Субъектінің өзінің іс-әрекетінде құқық нормаларын басшылыққа алуы оның құқықтық мәдениетінің ерекшелігін, дәрежесін білдіреді.
Құқықтық тәрбие – қоғам мүшелерінің құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың іс-әрекетінің көрінісі болып табылады. Мемлекет неғұрлым құқықтық тәрбиеге ерекше мән берсе – құқықтық сана, құқықтық мәдениет, құқықтық білім биік дәрежеден көрініс табады. Өйткені, құқықтық сана, мәдениет, құқықтық ғылым – тәртіптің қайнар көзі, бастауы.
Тәртіп — барлық жетістіктердің қайнар көзі, негізі. Осы орайда бізде Президент дәрісінде айтылған идеяларды жүзеге асыру үшін не істеуіміз керек деген сұрақ туындайды. Ол үшін – отбасында, балабақшада, орта мектепте, жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбие, білім беруді заман талабына сай жетілдіру қажет. Әрбір отбасы бала тәрбиесінде дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының тиімді жақтарын ұрпақтар санасына сіңіріп, оларды заңды құрметтеуге, әділеттілікке, турашылдық жолға түсетіндей етіп тәрбиелеуі керек.
Тәртіптің негізін балабақшалардан қалауымыз тиіс. Балабақшаларда – еліміздің Ата Заңы Конституцияда көрсетілген – адамның, азаматтың басты құндылықтары – құқықтары мен бостандықтары туралы айқындалған түсініктердің мазмұнын, мемлекетіміздің рәміздерінің маңызын, мемлекеттік құрылысының негізгі ұғымдарын түсіндіру қажет. Ал орта мектепте оқылатын Құқық негіздері пәнін қайта сапалы түрде дайындап, Қазақстанның Ата Заңына негіздеп шығару керек, осы пәнге бөлінген сағат санын көбейтіп, бір жүктемеге толтырып, дәріс беретін пән мұғалімінің арнаулы заң білімінің болуына талап қойған жөн. Өйткені, білім сапасы ұстаздың мамандығына, білгірлігіне тікелей байланысты.
Жоғары оқу орындарында қазіргі кезде «Мемлекет және құқық негіздері» пәні балама пән ретінде оқытылады. Яғни, студенттердің қалауы бойынша оқу жоспарына енгізіледі. Бұл дұрыс емес. Мемлекет және құқық негіздері пәні барлық жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасында міндетті түрде оқытылатын пән болуы қажет. Президенттің «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында да құқық негіздері оқулығын даярлау, жоғары білімді оқу орындарын бітірген жастардың құқықтық білімді меңгеру қажеттілігі нақты көрсетілген. Осыған орай, осы аталған пән бойынша жаңа оқулық дайындау қажеттілігі өзінен-өзі туындап отыр. Құқықтық білімді жетілдіру саласында бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы да ерекше.
Құқықтық журналистиканың, ол турасындағы жарияланымдардың тілі де, стилі де, жанры да күрделі. Мұнда көркемділікке, ойдан шығаруға, өтірікке жол жоқ. Яғни, газет бетінде жарық көретін басқа материалдарға қарағанда, құқық тақырыбында жазылған мақалалар тайға таңба басқандай бірден көзге шалынады. Өйткені, оның өзіне тән жазылу тәртібі, белгілі бір критерийлері бар. Мәселен, мақалада міндетті түрде, құқық органы қызметшілерінің түсініктемесі болуы тиіс. Бұл әсіресе, орын алған қылмыс туралы жазылған жағдайда аса маңызды. Мәселен, кісі өлтіру фактісі орын алса, журналист бұл туралы ақпарат бере отырып, сұқбат беруші қызметшінің түсініктемесіне арқа сүйейді. Сол арқылы ол өзінің ақпаратын күрделендіре түседі, шынайы мағлұмат екеніне аудиторияның да көзін анық жеткізе алады.
Құқық тақырыбында жарық көретін өнімдер газет, радио, теледидар форматына сәйкес түрленеді. Бұл тақырыпта газет бетіне кең көлемді мақала жазу оңай шаруа емес. Құқық тақырыбына қалам тербеген тілшілер заңгерлердің кеңесіне жиі жүгінгені абзал. Сол кезде оның айтар ойы мен беретін ақпараты толымды бола түседі. Ал, теледидарда құқық тақырыбында бейнематериал дайындау тіптен қиын. Тележурналистер материалдарына көбіне жедел түсірілім бейнелерін пайдаланады. Жедел түсірілім дегеніміз - қылмыс орын алған тұста құқық қорғаушылардың камераға түсіретін бейнежазбалары. Эфирге берер алдында бұл материалдар алдын-ала монтаждалып, күдіктінің бетін жабу мақсатында арнайы өлшем қолданылады. Мұны теледидар тілінде мозайка деп айтамыз. Сот үкімі шыққанша кез-келген телеарна күдіктінің бетін, оның аты-жөнін ашықтан-ашық айтуға құқығы жоқ. Мұндай жағдай орын алғанда күдікті азамат журналист үстінен арыз жазып, қылмыстық іс қозғатуға толықтай құқығы бар. Мұндай құқықтық нормалар газет және радиода жарыққа шығатын материалдарға да қатысты.
Жалпы, сот әділдігін жан-жақты насихаттауда және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда, оларға заман талабына сай түсінік беруде бұқаралық ақпарат кұралдарының маңызы өте зор. Мәселен, қарапайым азаматтар әділдіктің салтанат құруы үшін сотқа келіп жүгініп жатса, сол сияқты азаматтық құқықтары аяққа тапталуынан араша сұрап, ақпарат құралдарына жиі шағымданады. Екеуінің де басты міндеті – мәселенің ақ-қарасын ашып беру. Алайда, сот адам тағдырына тікелей төрелік етсе, ал, ақпарат құралы шындықтың қалтарыста қалып кетпеуіне ықпал етеді. Сондықтан, соттар мен ақпарат құралдарының байланысы берік болуы тиіс. Өйткені, журналистер сөз бостандығын еркін пайдалануда заңның, яғни, соттың көмегіне сүйене алатын болса, ал, соттар өз кезегінде атқарған игі жұмыстарын халыққа жеткізуде журналистерден көмек күтеді. Сол себепті, соттар қызметі ақпараттық айдында тасада қалып қоймас үшін бұқаралық ақпарат өкілдерімен бірлесе отырып, еліміздегі сот жүйесінің беделін көтеру мақсатында кұқықтық түсіндіру және насихат жұмыстарын жандандыру қажет.
Соттардың баспасөз қызметінің басты міндеті – қоғамдық серпіліс туғызатын істер бойынша ресми мәліметті ұсыну және журналистермен біріге отырып, сот процестерінің шынайы және объективті айқындалуына ықпал ету. Ал, БАҚ өкілдерінің міндеті – бұқаралық ақпарат құралдарында сот процестерінің білікті айқындалуын қамтамасыз ету. Осы қойылған міндеттердің жүзеге асырылуы қоғамға сот билігінің қызметін объективті түрде бағалауға және де азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыра отырып, оларға құқықтары мен заңды мүдделерін тиісті деңгейде қорғауға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде Қазақстанның көптеген жоғары және арнаулы оқу орындарында заңгер мамандарын даярлау жарысқа түскендей көбейіп кетті. Көптеген оқу орындарында болашақ заңгерлерге сапалы білім беретін ұстаздар жетіспейді, заң оқу орындарында оқитын студенттер мемлекеттік тілдегі оқулықтар, оқу құралдарына, заң түсіндірмелеріне зәру, көптеген заң мамандарын даярлайтын оқу мекемелерінің ұстаздары, басшылары мемлекеттік тілде дәріс бере алмаса да, басшылық жасай отырып, мемлекеттік тілдегі оқулықтар мен бағдарламалардың дайындалуына немқұрайлы қарауда. Міне, осындай кемшіліктер болған ретте құқықтық білім деңгейінің өз дәрежесінде көтерілуі қиын шаруа. Сапасыз даярланған заңгерлердің көбі қазіргі кезде жұмыссыз қалып отырғаны да осыдан. Бұл ағаттықтарды жою үшін мемлекет тарапынан елімізде құқықтық білімді, тәрбиені жетілдіруге арналған жаңаша бағдарлама қажет сияқты.
Қазіргі кезде мемлекет аграрлық секторды, ауыл-шаруашылығын мемлекеттік реттеуге өте маңыз беріп отыр. Бұл дегеніміз – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін, ауыл шаруашылығында жер нарығын, ауылшаруашылық кәсіпкерлігін, тауар өндірушілерінің құқықтары мен міндеттерін, мүдделерін, ауыл-шаруашылық өндірісінің басымдылығын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан, жоспарлы, мақсатты, тұрақты іс-шаралар болып табылады. Бұл игі шараларды жүзеге асыру үшін Қазақстанда әр жыл сайын мол қаражат бөлінуде. Аграрлық қатынастарды реттеудің экономикалық тетігі құқықтық негізде қамтамасыз етілген. Осыған орай, қазіргі кезде жастарды “Дипломмен – ауылға” деп ынталандырып, жұмысқа жіберіп жатырмыз. Бұл өте дұрыс, себебі ауылдың дамуы – Қазақстанның дамуының алғы шарты. Ауылға барып жұмыс істейтін жастар арасында, сондай-ақ, ауыл тұрғындарына да заң көмегін, құқықтық білім беруді жетілдіру жағын да ойластырған жөн. Қазір ауыл тұрғындары нотариалдық қызмет, адвокаттық көмек, заң кеңесін алу үшін алыс аудан орталықтарына, қалаларға баруға мәжбүр. Осыған орай ауылда заң көмегін жолға қою үшін әрбір ауылдық әкімдіктен заңгер маманы қызметтік штатын ашып, оларға тұрғындармен заң саласында қызметтік жұмыс атқару міндетін жүктеген дұрыс болар еді. Мұндай қызмет халыққа да, мемлекеттке де тиімді болары сөзсіз. Ауылға заңгерлік көмек көрсететін, білімді заңгерлер Қазақстанда жетерлік. Өйткені, Қазақстанда 100-ден астам жоғары, арнаулы оқу орындарында заңгер мамандар даярлануда. Жалпы мемлекетіміздің дамуы, өркендеуі, дүниежүзі мемлекеттерінің алдыңғы қатарында болуы үшін құқықтық білімді, тәрбиені жүзеге асыруды биік деңгейге қоятын уақыт келді. Ол үшін мемлекеттік тілде заң оқулықтарын, түсіндірмелерін, заң білімін беретін бағдарламаларды қайта қарап, құқықтық тәрбиеге басты назар аударылуы қажет.
Жалпы заман талабына сай келетін құқықтық сауаттылықты, құқықтық білім мен құқықтық сана-сезім мемлекетіміздің өркендеуінің құқықтық мемлекетті орнықтырудың алғы шарты екендігін әрбір азамат білуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |