Базаркүл Оразбайқызы АЙЛАУОВА
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі
Жадыра Сламханқызы Шукенова
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ МЕН ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Ақпараттық ғасырдың көшінен қалмау үшін кәсіби маманның университет қабырғасынан білімді терең игеруіне назар аудару өте маңызды. Десек те, тәрбиесіз берген білім нәтижесіз болатындығын да естен шығармаған жөн.
Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» [1], – деген екен. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлерін оқып үйрену, өнеге тұту, жас ұрпақты ізгілікке баулу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық тәрбиенің құдыретін қанша айтсақ та, тауысу мүмкін емес. Ұлы тәрбие ізгіліктері жас кезден, бұла кезіңнен бастау алмаса, кейін өте қиынға соғатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Технологияның дамып, әлемдік жаһандану үдерісі кезінде білім беру жүйесіне ұлттық инновацияны енгізу керектігін көпшілік мойындап отыр. Қоғамға қызмет ететін болашақ жеткіншектерге сапалы білім мен өнегелі ұлттық тәрбие беру – ұстаздар қауымының басты парызы.
Білімді де, еңбек сүйгіш, кішілік пен кісілікті тең ұстап, біліктілігі мен ақылын ел ертеңі үшін аянбай жұмсайтын ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі заман талабы. Қоғамда күнделікті үлкен өзгерістер болып жатқаны көпшілікке аян. Уақыт ағымына сай бәсекеге қабілетті, еңбек етуге икемді маман тәрбиелеу ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеп те отыр.
Ұлттық тәрбиені ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарауға болады. Ол үшін ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық, кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеуді мақсат етіп алуымыз жөн.
«Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Сондықтан тәрбиенің жүзеге асуының технологиясы қалай дегенде де ұлтымызға ұстын, болашағымызға тұғыр болатын ұлттық тәрбиеде жатыр деп нық сеніммен айта аламыз» [2], -деп, жаһандану дәуірінде ұлт ретінде жұтылып кетпеу үшін С.Пірәлиевтің пікіріне де мән беру абзал.
Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері отандық тарихымыздың ақтандақ беттері ашылып, халқымыздың ақылгөй билері мен ел қорғаны бола білген батырларымыздың есімдері жұртымызға қайта оралуда.
Уақытында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ» деді емес пе?! Демек, біз, кейінгі ұрпақ қазақ деген намысшыл халық екенімізді естен шығармай, тарихи тұлғаларымызды мақтан тұтуымыз керек.
Елбасының Ұлытау сапарындағы «...Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда болған халық емеспіз» [3] дегені үлкен еменнің тамыры тереңде болмаса, үлкен дауылға шыдап тұра алмайтынынан хабар берсе керек. Ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді, тарихымыздағы ұлы жәдігерлерімізді ұрпақ санасына сіңіру басты мәселе, әрі үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Ежелден бері ата – бабаларымыздан қалған асыл мұра – салт-дәстүр мен ырым-тыйымдарды, әр мәселеге байланысты атауларды әрбір қазақ біліп, қастерлеп, өзінен кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыруы парыз. Біздің ұлтымызды өзгелерден ерекшелеп тұратын да осы. Рухани байлығымыз саналатын, күні бүгінге дейін өзінің негізгі маңызын жоймаған салт-дәстүрлеріміз де баршылық.
Сонымен бірге отбасы - ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі екендігін, бірлігі мен тірлігі үйлескен, сүйіспеншілігі сарқылмаған, берекелі де бақытты отбасылардың тәжірибесін де назардан тыс қалдырмауымыз абзал.Тілге, салт-дәстүрге, мәдениетке, ұлтқа деген құрмет пен жанашырлық сезіміне ие иманды ұл, ибалы қыз тәрбиелеу тәлімгерлердің басты мқсаты болуы заңдылық.
Біз «отансүйгіштік», «патриотизм», «ұлтжандылық» деген сөздерді тәуелсіздік алғалы жиі қолданатымыз анық. Мұндай асқақ та азаматтық сезімді жасқанбай емін-еркін айта алатын, қолдана алатын күнге жеткенімізге қуанышытымыз, әрине. Білім-білік пен тәлім-тәрбие арқылы ғана отаншылдық сезіміне бөленуге болады. Отаншылдық- ең алдымен білім мен тәрбиенің тұғыры болуға тиіс деуіміздің сыры да осында. Жастар өздерінің отаны – Қазақстан өзінің терең тамырлы тарихымен де, соқтықпалы-соқпақты ғұмыр жолымен де, мейлінше толымды мәдени-рухани төлтума болмысымен де кез келген қазақты, кез келген қазақстандықты мерейлендіруге тиіс. Отаншылдық кез келген ұлттық-мемлекеттік жаралымның өмір салтына, өмір сүру нормасына айналуға тиіс. Яғни, жас ұрпақты отаншыл етіп тәрбиелеу мемлекеттік маңызды да жауапты істердің бірі, әрі бірегейі болып табылады.
Орыстың әйгілі педагогы К.Д.Ушинский ХІХ ғасырдың өзінде-ақ былай деп жазыпты: «Барша Еуропа халықтарының педагогикалық үлгілеріндегі өзара ұқсастықтарға қарамастан, олардың әрқайсысына тән ұлттық тәлім-тәрбие жүйесі, әрқайсысының дара мақсаты мен сол мақсатқа жету жолында ұстанатын ерекше әдіс-тәсілдері бар. Халықтың тарихы, оның болмыс-бітімі тәлім-тәрбиенің тегеурінімен айқындалады.Демек, оқу-тәрбие жұмыстарына қатысты бағыт-бағдарды, мән-мазмұнды, үлгі-өнегені айқындауда көзсіз еліктеу мен келеңсіз көшіру оң нәтиже бермейді. Әрбір тәлім-тәрбие жүйесінің ең өзекті идеясына халықтық қасиеттер тұғыр болуға тиіс» [4].
Осы тұрғыдан келгенде салт-дәстүрге негізделген тәрбие өз нәтижесін беретіні анық. Әсіресе, үлкенді сыйлау, өтірік айтпау, ұрлық жасамау керектігін және жақсылық жасаудың сауапты іс екендігін, дініміздің де тамырының тереңде жатқандығын түрлі пішіндегі тәрбие сағаттары мен пікір алмасуларда көтеріп отыру қажет.
Кез келген елдің мемлекеттілігі нығайған сайын оның ұлттық құндылығы алдыңғы сапқа шығуы тиіс. Елбасы атап өткендей ұрпақтар байланысы мен үйлестігі, жаңа ұлттық сана, мемлекеттік идеологияның қалыптасуы, біздің болашағымыз жастарды жаңа рухта, жаңа көзқараста, жаңа бағытта тәрбиелеу жұмыстары да өз нәтижесін беріп келеді. Қазіргі біздің жастарымызды өзінің білім деңгейі, мәдениеттілігі, тәрбиелілігі сипатынан қарастырсақ сапалық деңгейінің өсіп келе жатқанының куәсі боламыз.
Дүниеге келген әрбір адам ұлттың бөлшегі. Адам өмірін мәнді, саналы өткізу үшін, дүниеде өз жолын табуы үшін, әрбірден соң қарапайым тіршілік ету үшін сол ұлт жасаған рухани құндылықтарды білуі, игеруі, қолынан келсе, айналасына, өзінен кейінгілерге үйретуі қажет. Ұлттық дәстүр, ата-бабадан келе жатқан салт-сана, ана уызымен жүрегің мен жадыңа тоқылған өнеге біздің мақтанышымызға айналуы қажет.
Ұлттың тарихы мен дәстүрінде, мәдениеті мен өнерінде, діні мен тілінде адамды адам ететін адамгершілік қасиеттерінің ең озық үлгілері жинақталған. Ұлт перзенті ретіндегі біздің міндетіміз – сан ғасырлық тарихы бар осы асыл қазынаны бойға сіңіру. Ұлттық адамгершілік, ізгілік сабақтарын игермей, шын мәніндегі адам болу қиын. Сол себепті де, ұлттық тәрбие мен ұлттық рух қалыптастыру басты назарда болуы шарт.
1. Әбу Насыр әл-Фараби.
2. Пірәлиев С. Ұлттық тәрбие және жаһандану // «Егемен Қазақстан»,
2010 жыл, 12 желтоқсан
3. Озғанбаев Ө. Ас беру – асыл өнеге // «Егемен Қазақстан»,
2014 жыл, 2 қазан
4.Момынбаев Б. Білім мен ғылымның дамуы – болашақ кепілі // «Сырдария», 2010 жыл, №3(9)
Достарыңызбен бөлісу: |