Бригаданың байланыс бастығы
119. Бригаданың байланыс бастығы штаб бастығына бағынады және бригаданың байланыс бөлімшесі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол байланысты уақтылы ұйымдастыру, қамтамасыз ету, оның қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың орындалуы үшін жауап береді және:
бригададағы үздіксіз байланысты ұйымдастыруды және ұстауды қамтамасыз етуге;
байланыс жөніндегі құжаттарды және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге, бригада жеке құрамының оны орындауын бақылауға;
байланыс бөлімшесі жеке құрамының әскерлерді жасырын басқару жөніндегі талаптарды орындауын бақылауға;
пошта жеткізілімдерінің бригададан жөнелтілуін және бригада мен бөлімдерге (бөлімшелерге) жеткізілуін ұйымдастыруға;
кемінде үш айда бір рет бригада бөлімшелеріндегі және қоймасындағы байланыс құралдарының, автоматтандырылған басқару және хабарлау жүйелерінің болуы мен техникалық жай-күйін тексеруге;
бригададағы апта сайынғы радиожаттығуларды, байланыс құралдарымен жұмысты ұйымдастыруға және бақылауға міндетті.
Бригаданың метрологиялық қызмет бастығы
120. Бригаданың метрологиялық қызмет бастығы бригада штабының бастығына бағынады және бақылау-салыстырып тексеру пункті (өлшеу техникасы пункті) жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол:
бригаданың басқа да қызметтері бастықтарымен бірлесіп метрологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға, анағұрлым күрделі және жауапты өлшеулерді жүргізуге тікелей басшылық жасауға және кемшіліктерді уақтылы жоюды бақылауға;
бригада комиссиясының қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қабылдау және пайдалануға енгізу жөніндегі жұмысына қатысуға;
кемінде үш айда бір рет өлшеу құралдарының жай-күйін, қолдану және сақтау дұрыстығын, қару-жараққа, әскери және басқа техникаға метрологиялық қызмет көрсетуді жүргізудің көлемі мен толықтығын тексеруге;
қару-жарақты, әскери және басқа техниканы метрологиялық қамтамасыз етудің жай-күйін талдауға, өлшеу құралдарының дұрыс көрсетпеуінен қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың жұмыс істемеу немесе тиімділігінің төмендеуі себептерінің алдын алу жөніндегі алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруға және команда бойынша олардың құрылымдық және пайдалану кемшіліктерін жою жөнінде ұсыныстар беруге;
тексеруге жататын құралдардың есебін жүргізуге;
бригаданы өлшеу құралдарымен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға;
бригаданың бақылау-салыстырып тексеру пунктіне (өлшеу техникасы пунктіне) әдістемелік басшылықты және бөлімшенің метрологиялық қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі штаттан тыс метрологтарының жұмысына бақылауды жүзеге асыруға;
жылдық және айлық жұмыс жоспарларын, өлшеу құралдарын салыстырып тексеруді және өлшеу құралдарын реттеуді қамтамасыз ету жоспарын, бригадада қолданылатын өлшеу құралдарын салыстырып тексеруге және реттеуге ұсыну кестесін әзірлеуге және штаб бастығына бекітуге ұсынуға және олардың орындалуын бақылауға;
бөлімдердегі (бөлімшелердегі) метрологиялық қамтамасыз етуді тексеру және жай-күйін талдаудың нәтижелері негізінде бригада командирі бұйрықтарының жобаларын әзірлеуге міндетті.
Бригаданың зымырандық-артиллериялық қару-жарақ
қызметінің бастығы
121. Бригаданың зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қызметінің бастығы бригада командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына бағынады және зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қызметі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол қарудың, зымырандар мен оқ-дәрілердің сақталуын ұйымдастыру үшін жауап береді және:
бригаданың зымырандық-артиллериялық қару-жарағын, зымырандары мен оқ-дәрілерін жөндеу, регламенттік-техникалық қызмет көрсету және тексеру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға, орындаушыларды материалдармен, арнайы аспаппен және жабдықпен қамтамасыз етуге;
өз қызметі бойынша жөндеу бөлімшелерінің жұмысына басшылық жасауға;
бір айға арналған зымырандық-артиллериялық қару-жарақты жөндеу жоспарын әзірлеуге;
зымырандық-артиллериялық қару-жарақ пен оқ-дәрілер қоймаларының бастықтарын іріктеуді, олардың уақтылы тексеру және рұқсат етуді ресімдеу үшін құжаттарды ұсынуын бақылауды жүзеге асыруға;
зымырандық-артиллериялық қару-жарақты, зымырандар мен оқ-дәрілерді пайдалану және жөндеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз етуге, белгіленген мерзімдерде бөлімдерде (бөлімшелерде) акт жасаумен оларды атуға дайындауды тексеруге, қажет болған кезде командирлерге көмек көрсетуге, оқ атуларда зымырандар мен ок-дәрілер шығысының және жұмыс істемей қалу, қалыпты жұмыс істемеу жағдайларының есебін жүргізуге;
жауынгерлік қоректендіру пункттерінің бастықтармен сабақтар өткізуге, оқ атудан кейін бөлімдерден (бөлімшелерден) атылған гильзаларды, ақаулы зымырандар мен оқ-дәрілерді қабылдауды ұйымдастыруға, инженерлік қызмет бастығымен бірлесіп, жарылмаған және ақаулы зымырандар мен оқ-дәрілерді жаруды ұйымдастыруға;
бригаданың бөлімдерінде (бөлімшелерінде) табельдік емес қару-жарақты, зымырандарды, оқ-дәрілер мен әскери-техникалық мүлікті ұстауға жол бермеуге;
зымырандық-артиллериялық қару-жарақтың, зымырандар мен оқ-дәрілердің апаттары мен бұзылуларының себептерін анықтауға, олардың алдын алу жөнінде шарлар қабылдауға;
зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қоймаларындағы зымырандық-артиллериялық қару-жарақтың, зымырандар мен оқ-дәрілердің дұрыс сақталуын ұйымдастыруға, бригада бөлімдерінде (бөлімшелерінде) олардың болуы мен сақталуына бақылауды жүзеге асыруға, кемінде үш айда бір рет олардың техникалық жай-күйін тексеруге және қаруды тексеруді жүргізуге, бұл ретте ағымдағы жинақталымдағы қару үшін нөмірлік тексеру жүргізуге, тексеру нәтижелерін актімен ресімдеуге;
ай сайын қызметтің есеп деректерін бригада бөлімшелерінің деректерімен салыстыруға;
ай сайын бригада командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына бригаданың барлық зымырандық-артиллериялық қару-жарағын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жоспарларының орындалуы және зымырандардың, оқ-дәрілердің шығыс лимиті туралы баяндауға;
зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қоймалары бойынша кезекшіге жеке өзі нұсқама беруге;
зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қоймаларының жұмысына басшылық жасауға, оларды ашу, жабу және тексеріп қарау кезінде жеке өзі қатысуға;
күн сайын бригада командиріне бекітуге зымырандық-артиллериялық қару-жарақ қоймаларындағы жұмыстарды орындауға наряд ұсынуға;
бөлімдерде (бөлімшелерде) қару сақтауға арналған бағынысты қоймалар мен бөлмелердің қосалқы кілттерінің болуын және дұрыс сақталуын, сондай-ақ өрт және күзет дабылдамасы құралдарының ақаусыздығын тексеруге міндетті.
Бригаданың броньды танк қызметінің бастығы
122. Бригаданың броньды танк қызметінің бастығы бригада командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына бағынады және бригаданың броньды танк қызметі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол:
броньды танк қару-жарағы мен техникасын жауынгерлік қолдануға әзірлікке келтіру және белгіленген мерзімдерде оны парктерден шығару жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға;
броньды танк қару-жарағы мен техникасын пайдалануды жоспарлауға және кемінде үш айда бір рет оның болуы мен техникалық жай-күйін (оқу-жаттығу жауынгерлік пайдалану тобының машиналарын - ай сайын) тексеруге;
парк элементтері мен жабдығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарға басшылық жасауға;
өз қызметі бойынша жөндеу бөлімшелерінің жұмысына басшылық жасауға, бір айға арналған броньды танк қару-жарағы мен техникасын жөндеу жоспарын әзірлеуге;
моторесурстарды дұрыс және үнемді жұмсау және броньды танк қару-жарағы мен техникасының қызмет мерзімін ұзарту жөнінде шаралар қабылдауға;
механик-жүргізушілерді (жүргізушілерді) өз мамандығы бойынша техникалық даярлауды ұйымдастыруға;
механик-жүргізушілердің (жүргізушілердің) өз мамандығы бойынша даярлығын бақылауға міндетті.
Бригаданың автомобиль қызметінің бастығы
123. Бригаданың автомобиль қызметінің бастығы бригада командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына бағынады және автомобиль қызметі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол:
автомобиль техникасын жауынгерлік қолдануға әзірлікке келтіру және белгіленген мерзімдерде оларды парктерден шығару жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға;
автомобиль техникасын пайдалануды жоспарлауға, оны күнделікті пайдалануға нарядтар әзірлеуге, машиналардың рейстерге ақаусыз жай-күйде уақтылы шығуына және олардың паркке қайтып оралуына бақылауды жүзеге асыруға, жүргізушілерге рейске шығар алдында нұсқама беруге; кемінде үш айда бір рет автомобиль техникасының болуы мен техникалық жай-күйін (көлік пайдалану тобының машиналарын - ай сайын) тексеруге;
парк жабдығын жетілдіру жөніндегі жұмыстарға басшылық жасауға;
өз қызметі бойынша жөндеу бөлімшелерінің жұмысына басшылық жасауға, бір айға арналған автомобиль техникасын жөндеу жоспарын әзірлеуге;
моторесурстарды дұрыс және үнемді жұмсау және автомобиль техникасының қызмет мерзімдерін ұзарту жөнінде шаралар қабылдауға;
жүргізушілерді (механик-жүргізушілерді) өз мамандығы бойынша техникалық даярлауды ұйымдастыруға;
жүргізушілердің (механик-жүргізушілердің) өз мамандығы бойынша даярлығын бақылауға міндетті.
Бригаданың жанар және жағар май материалдары
қызметінің бастығы
124. Жанар және жағар май материалдары қызметінің бастығы бригада командирінің тыл жөніндегі орынбасарына бағынады және жанар, жағар май материалдары қызметі жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол жанар, жағар май материалдары мен арнайы сұйықтарды мақсатты және үнемді жұмсау, олармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарын орындау үшін жауап береді және:
белгіленген жанармай шығысы лимитінен шыға отырып, оларды тиісті қызметтердің бастықтары мен бөлімдер (бөлімшелер) командирлеріне жеткізумен жанармайды бөлу жоспарын, сондай-ақ жауынгерлік, жұмылдыру даярлығы және шаруашылық қызметі жоспарларымен көзделген іс-шараларды ескере отырып, жанармай шығысы лимитін пайдаланудың тоқсандық жоспарларын әзірлеуге;
бұл ретте жеке құрамның қауіпсіздігінің токсикологиялық нормаларын, аумақтың экологиялық қауіпсіздігін және өрт қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ете отырып, май құю пункттерінің жұмысын ұйымдастыруға;
жанар, жағар май материалдары мен арнайы сұйықтардың шығысын бақылауға, бөлімшелерде оларды үнемді жұмсау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге, оларды артық жұмсаудың себебін анықтауға және оны жоюға шаралар қолдануға;
кемінде екі айда бір рет қалдықтарды алу актісін жасаумен бригаданың бөлімдері (бөлімшелері) мен қоймасындағы жанармайдың, арнайы сұйықтардың болуы мен сапасын, сондай-ақ қызметтің техникалық құралдарының болуы мен жай-күйін тексеруге;
техникалық қызмет көрсетудің нөмірлік түрлерін жүргізу (маусымдық қызмет көрсету) сапасын, техникалық құжаттама талаптарына (майлау схемаларына) сәйкес қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың негізгі түрлерінің жүйелеріне, тораптарына, агрегаттарына жанар, жағар май материалдары мен арнайы сұйықтарды құюдың (толық құюдың) толықтығын және дұрыстығын тексеруге;
пайдаланылған майларды жинауды және тапсыруды ұйымдастыруға міндетті.
Бригаданың азық-түлік қызметінің бастығы
125. Азық-түлік қызметінің бастығы бригада командирінің тыл жөніндегі орынбасарына бағынады және азық-түлік қызметі жеке құрамның тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол жеке құрам мен қызметтік жануарларды дұрыс сапалы және уақтылы тамақтануын ұйымдастыру, қызмет объектілерінің санитарлық жай-күйі үшін жауап береді және:
асханалардың, азық-түлік қоймалары мен ас үй жанындағы шаруашылықтардың жұмысына басшылық жасауға, сондай-ақ далалық жағдайларда тамақ дайындау және тасымалдау үшін арналған техникалық құралдардың, технологиялық және тоңазытқыш жабдықтарының, асхана-ас үй ыдысының және қызметтің басқа да мүлкінің ақаусыз жай-күйіне және дұрыс пайдалануына бақылауды жүзеге асыруға; бригада командирінің тыл жөніндегі орынбасары болмағанда асханалар және қойма аймағы бойынша кезекшілерге нұсқамалар өткізуге;
қызметтің азық-түлігі мен мүлкі қорларын алуды және сақтауды уақтылы талап етуге және ұйымдастыруға, қоймадағы азық-түлікті уақтылы жаңалау және азық-түлік мүлкін бригаданың бөлімдеріне (бөлімшелеріне) беру үшін бақылауды жүзеге асыруға;
дұрыс сапалы тамақтануды қамтамасыз етуге және әрбір әскери қызметші мен қызметтік жануарға тиісті жабдықталым нормаларын толық жеткізуге, сондай-ақ жауынгерлік кезекшіліктегі, жауынгерлік қызметтегі, тәуліктік нарядтағы әскери қызметшілердің тамақтануын бақылауды жүзеге асыруға;
оқу-жаттығуларда, оқу орталықтарында және лагерьлерде әскери қызметшілердің, азаматтық персоналдың және қызметтік жануарлардың тамақтануын, сондай-ақ бригаданың медицина қызметінің бастығымен бірлесіп, жеке құрамның емдәмдік, қосымша тамақтануын және дайын тағамды профилактикалық витаминдеуді ұйымдастыруға;
айына кемінде бір рет аспаздардың бақылау-көрсету тамақ пісірулерін өткізуге;
бригаданың медицина қызметінің бастығымен, асханалар бастықтарымен және нұсқаушы-аспаздармен бірлесіп, апталық азық-түліктерді тарату мәзірін жасауға;
кемінде екі айда бір рет бригаданың бөлімдеріндегі (бөлімшелеріндегі), қоймаларындағы және басқа да қызмет объектілеріндегі азық-түліктің, техника мен қызмет мүлкінің болуын және сапалық жай-күйін тексеруге;
қызметтің техникалық құралдарын уақтылы жөндеуді және қызметтің салмақ өлшеу құралдарын таңбалауды жүзеге асыруға;
картоп пен көкөністерді маусымдық дайындауды және оларды қоймаларға салуды, сондай-ақ бригаданың қажеттілігі үшін шөп пен сабан дайындауды жүргізуге;
азық-түлікті сақтау және өңдеу, тағамды дайындау және ішу кезінде, азық-түлік қоймасын, асхана үй-жайларын және асханалық-ас үй ыдысын, сондай-ақ технологиялық, тоңазытқыш, механикалық емес жабдықтарды ұстауды және оларды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын орындауда санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауды қамтамасыз етуге;
тағам қалдықтарын жинау және кәдеге жарату үшін құрылыстар салу жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға, бригада асханаларындағы қалдықтарды уақтылы жинау және оларды әкету жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
Бригаданың киім-кешек қызметінің бастығы
126. Бригаданың киім-кешек қызметінің бастығы бригада командирінің тыл жөніндегі орынбасарына бағынады және киім-кешек қызметі жеке құрамның тікелей бастығы болып табылады. Осы Жарғының 110-112-тармақтарында жазылғанға қосымша ол: жабдықтау нормалары бойынша бригаданы киім-кешекпен және санитарлық-шаруашылық мүлкімен қамтамасыз ету, монша-кір жуу қызметін көрсету және бригаданың жеке құрамына киім-кешек пен аяқ киімді жеке шақтап пішу үшін жауап береді және:
киім-кешек қоймасы мен шеберхананың жұмысына басшылық жасауға, мүліктің ағымдағы жөндеуін ұйымдастыруға және оны сапалы және уақтылы орындауды бақылауға;
киім-кешек және санитарлық-шаруашылық мүлікті және алуды, сақтауды және бригада бөлімдеріне (бөлімшелеріне) беруді, сондай-ақ табельдік бос уақытты мәдени өткізу, спорттық мүлік пен мүккәмалды сақтауды және бөлімге (бөлімшеге) беруді уақтылы талап етуге және ұйымдастыруға, оларды бөлімге (бөлімшеге) беру кезінде киім-кешек пен аяқ киімді жеке шақтап пішуді ұйымдастыруға;
әскери қызметшілердің барлық санаттарына киім-кешекті уақтылы беруді (тігуді) қамтамасыз етуге, сондай-ақ киім-кешек заттарын тігу сапасын бақылауға;
бригаданың киім-кешек мүлкін таңбалауды уақтылы ұйымдастыруға;
кемінде екі айда бір рет есептік деректерге сәйкес бригаданың бөлімшелеріндегі киім-кешек пен шаруашылық мүлкінің болуы мен жай-күйін, сондай-ақ тексеру актісін жасаумен оны сақтау жағдайын тексеруге;
қысқы маусым аяқталысымен қысқы киім-кешек заттары мен спорттық мүлікті бригада қоймасына тапсыруды бақылауға, оларға химиялық тазалауды, жөндеуді және бояуды жүргізуге;
жылына кемінде бір рет киім-кешек мүлкін іріктеуді жүргізуге;
бөлімше старшиналарымен рота шаруашылығын жүргізуді ұйымдастыру, киім-кешек мүлкін сақтау, жөндеу және оны есепке алуды жүргізу жөнінде сабақтар өткізуге;
жаңа буынды қабылдау жөніндегі іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге қатысуға, медицина қызметінің бастығымен бірлесіп оны санитарлық өңдеуді ұйымдастыруға;
таңғы қарауларды жүргізуге кезең-кезеңімен қатысуға;
әскери қызметшілердің киім-кешек мүлкімен қамтамасыз етілуін тексеруге;
бригаданың қару-жарағына, әскери және басқа техникасына қызмет көрсету үшін бөлімшені ескі заттармен қамтамасыз етуге;
белгіленген санда жұмыс киімі мен ауыстыру қорының жинақталуын жүзеге асыруға;
бригада бөлімдерінің (бөлімшелерінің) тұрмыстық қызмет көрсету бөлмелерін шаш қию және киім-кешек пен аяқ киімді жөндеуді жүргізуге арналған қажетті мүкәммалмен және аспаптармен қамтамасыз етуге;
бөлімдердің (бөлімшелердің) жеке құрамының апта сайын моншада жуынуын ұйымдастыруға, жуынатын күндері оны жуыну құралдарымен, сүртінетін орамалдармен, ауыстыратын іш киіммен және төсек-орынмен, орамалдармен, ұйықтармен және шұлғаулармен қамтамасыз етуге, монша бойынша кезекшіге нұсқама беруге;
іш киімді, төсек-орынды, орамалдарды, киім-кешек пен шұлғауларды уақтылы жууды ұйымдастыруға, жеке құрамға монша-кір жуу қызметін көрсету және кір жуу сапасын бақылауға;
техникалық құралдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының орындалуын және киім-кешек қызметі объектілерінде санитарлық талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Бригаданың бос уақытты мәдени өткізу орталығының
(клубының) бастығы
127. Бригаданың бос уақытты мәдени өткізу орталығының (клубының) бастығы: бос уақытты мәдени өткізу орталығы (клуб) мен кітапхананы ұстау және жұмысын ұйымдастыру; техникалық тәрбиелеу құралдарын, мәдени-ағарту мүлкі мен кітап қорын дұрыс пайдалану мен сақтау; бос уақытты мәдени өткізу орталығы (клуб) мен кітапхана үй-жайының, жабдығының сақталуы; олардағы пайдалану ережелері мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау үшін жауап береді.
Ол бригада командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарына бағынады.
128. Бос уақытты мәдени өткізу орталығының (клуб) бастығы:
бос уақытты мәдени өткізу орталығы (клуб) мен кітапхананың мәдени-ағарту жұмысын бригаданың жауынгерлік даярлық міндеттеріне сәйкес ұйымдастыруға;
бөлімдерде бос уақытты мәдени өткізу жұмыстарын өткізуге қатысуға, техникалық тәрбиелеу құралдары мен бос уақытты мәдени өткізу мүлкін тиімді қолдануды және пайдалануды қамтамасыз етуге;
бос уақытты мәдени өткізу жұмыстары іс-шараларының жоспарын және өткізудің жоспар-сценарийін әзірлеуге;
әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің көркемөнер шығармашылығы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге, олардың бойында жоғары эстетикалық талғамдарын қалыптастыруға;
кітапхананың жұмысына басшылық жасауға, кітап қорын дұрыс толықтыруды және пайдалануды қадағалауға;
газеттер мен журналдарға жазылуды жүзеге асыруға;
бригада аумағындағы, сондай-ақ бөлімшелердегі оған бекітіліп берілген оқу материалдық-техникалық базасы объектілерін, көрнекі үгіт-насихатпен ресімдеуге қатысуға;
кемінде тоқсанына бір рет бөлімшелерге бөлінген техникалық тәрбиелеу құралдары мен бос уақытты мәдени өткізу мүлкінің жай-күйін тексеруге, олардың сапалы сақталуын, пайдаланылуын және уақтылы жөнделуін қамтамасыз етуге;
бос уақытты мәдени өткізу орталығында (клубта) мүлікті техникалық пайдалану ережелерін және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге;
бригаданың бөлімшелері мен бос уақытты мәдени өткізу орталығын (клубын) техникалық тәрбиелеу құралдарымен және мәдени-ағарту мүлкімен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеуге;
бригаданың қаржы органының бастығымен бірлесіп, шығыстар тізбесіне сәйкес бос уақытты мәдени өткізу орталығының сметасын жасауға;
бригаданың бос уақытты мәдени өткізу орталығының (клубының) техникалық тәрбиелеу құралдары мен мәдени-ағарту мүлкі бойынша есебін мен есептілігін жүргізуге міндетті.
Бригада сержанты
129. Бригада сержанты бейбіт және соғыс уақытында: бригада сержанттарын оқыту, әскери тәрбиесі, тәртібі, моральдық-психологиялық жай-күйі; олармен жауынгерлік даярлық жөніндегі сабақтарды ұйымдастыру және өткізу сапасы; олардың кәсіби даярлық деңгейі үшін жауап береді.
Ол бригада командиріне, ал бригаданың сержанттарымен жұмыс мәселелері бойынша әскерлер түрі, тегі (өңірлік қолбасшылық) сержантына бағынады және бригаданың барлық сержанттары мен қатардағы жауынгерлер құрамының тікелей бастығы болып табылады.
Жеке батальондар сержанттары бригада сержантына сәйкес міндеттерін орындайды.
130. Бригада сержанты:
жауынгерлік даярлық жөніндегі басшылық құжаттарды білуге, бағыныстылардан олардың орындалуын талап етуге, жауынгерлік даярлық жоспарын әзірлеуге қатысуға және бригада сержанттарының кәсіби даярлығы есебін жүргізуге;
ай сайын бригада сержанттарының қызметтік іс-әрекетінің қорытындысын шығаруға;
роталар мен батальондар (жеке бөлімшелер) сержанттарымен көрсету, нұсқаулық-әдістемелік, практикалық және бақылау сабақтарын өткізуге;
взвод және одан жоғары әрбір сержанттың тегін, атын, жеке қасиеттерін, әскери қызметке дейінгі айналысқан қызмет түрін, отбасы жағдайын, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен кемшіліктерін білуге;
бригада бөлімдерінің (бөлімшелерінің) сержанттарына жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар өткізуде көмек көрсетуге және олардың өткізілуін бақылауға;
жаңадан келген сержанттарды қабылдау, бөлу және барлық жабдықталым түрлерімен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды уақтылы қабылдауға, олардың қалыптасуына көмек көрсетуге;
бригаданың материалдық бөлімін, негізгі қару-жарағын, әскери және басқа техникасын пайдалану ережелерін білуге; бригаданың оқу-жаттығу жауынгерлік пайдалану тобының машиналарына техникалық қызмет көрсетуді кезең-кезеңімен бақылауға;
бригаданың оқу материалдық-техникалық базасын жетілдіруге шаралар қабылдауға; бөлімдерде (бөлімшелерде) жауынгерлік даярлық жөніндегі сабақтарды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асыруға;
бригаданың сарбаздары мен сержанттарынан әскери тәртіпті, күн тәртібін, қызмет уақытының регламентін сақтауды талап етуге, бригада командиріне әскери тәртіптің бұзылғандығы туралы, сондай-ақ бригада сарбаздары мен сержанттарына қолданылған көтермелеулер мен салынған тәртіптік жазалар туралы дереу баяндауға;
бригада сарбаздары мен сержанттарының сабақтар, оқ атулар, оқу-жаттығулар мен жұмыстар жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауын бақылауға;
бригада бөлімдерінде (бөлімшелерінде) таңертеңгі дене жаттығуына, таңертеңгі тексерулер мен кешкі тексерулерге кезең-кезеңмен қатысуға және өткізілуін бақылауға;
бригада командирінің нұсқауы бойынша кемінде аптасына бір рет бригада бөлімдерінде (бөлімшелерінде) сарбаздар мен сержанттардың жауынгерлік кезекшілікте, жауынгерлік қызметте, тәуліктік нарядта қызмет атқаруын тексеруге;
бригададағы спорт жұмысын өткізуге қатысуға;
бригада сарбаздары мен сержанттарына кезекті әскери атақтар, сыныптық біліктіліктер беру, оларды жоғары лауазымдарға ұсыну, әскери оқу орындарына және курстық даярлыққа жіберу жөніндегі, сондай-ақ келісімшарт бойынша әскери қызметке кандидаттарды сапалы іріктеу жөніндегі жұмыстарға қатысуға міндетті.
Жеке батальон (2-дәрежелі кеме) командирі
131. Жеке батальон (2-дәрежелі кеме) командирі бейбіт және соғыс уақытында: жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі; жеке құрамның жауынгерлік және жұмылдыру даярлығы, әскери тәрбиесі, тәртібі, моральдық-психологиялық жай-күйі және әскери қызмет қауіпсіздігі; Жауынгерлік Тудың, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, зымырандардың, оқ-дәрілердің, жанар, жағар май материалдары мен басқа да материалдық құралдардың жай-күйі мен сақталуы; батальонның (кеменің) жауынгерлік міндеттерді табысты орындауы; ішкі жарғылық тәртіп пен әскерлер қызметінің жай-күйі; батальонның (кеменің) әскери объектілерінің, ғимараттары мен құрылыстарының жай-күйі мен сақталуы; жауынгерлік, тылдық және техникалық қамтамасыз етудің барлық түрлері; шарттық және талап-арыз жұмысы; әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік-құқықтық қорғау үшін жауап береді.
Жеке батальон (2-дәрежелі кеме) командирі батальонның (кеменің) барлық жеке құрамына тікелей бастық болып табылады.
132. Жеке батальон (2-дәрежелі кеме) командирі:
жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ететін жай-күйде ұстауға;
жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі іс-шараларын жоспарлауға және өткізуге, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығы жоспарларын әзірлеуге басшылық жасауға және олардың орындалуын бақылауға; батальонның (кеменің) тағайындалуын білуге және кез келген жағдайда оны шебер басқаруға;
штабпен, бөлімшелер командирлерімен, олардың орынбасарларымен және батальон қызметтерінің бастықтарымен (кемеде көмекшілермен, олардың орынбасарларымен, жауынгерлік бөлімдер командирлерімен, және қызметтер бастықтарымен) сабақтар, сондай-ақ батальон (кеме) бөлімшелерімен оқу-жаттығулар мен бақылау сабақтарын өткізуге;
күн тәртібі мен қызмет уақыты регламентін белгілеуге, ішкі тәртіпті ұстауды талап етуге, орындалатын міндеттер мен сабақтар кестесін ескере отырып, жеке құрамның киім нысанын айқындауға;
взвод және одан жоғары бөлімшенің әрбір офицері мен сержантының (старшинасының) іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін, сондай-ақ әскери атағын, тегін, атын, атқаратын лауазымын, мамандығын, отбасы жағдайын білуге; офицерлермен құқықтық, әскери тәрбие, педагогикалық машықтарын, кәсіби даярлығын жетілдіру жөніндегі жұмысты ұдайы жүргізуге;
мемлекеттік құпияларды қорғауды қамтамасыз етумен батальондағы (кемедегі) істердің нақты жай-күйін білуге, құпия ақпараттың жария болуы мүмкін арналарды анықтау және жабу жөніндегі тұрақты жұмысты ұйымдастыруға;
жаңадан келген толықтыруды бөлімшелер (командалар, жауынгерлік бөлімдер) бойынша бөлуге басшылық жасауға және оған әскери ант қабылдатуға;
кадрларды іріктеуге және орналастыруға басшылық жасауға; батальонды сарбаздар, сержанттар лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауды және азаматтық персоналды қабылдауды ұйымдастыруға және жүргізуге; әскери оқу орындарына түсу, курстық даярлыққа жіберу, жоғары лауазымдарға ұсыну үшін кандидаттарды айқындауға, бұл ретте әскери ұжымның пікірін, тұрақты әрекеттегі аттестаттау комиссиясының ұсыныстарын ескеруге;
әскери қызметшілердің тұрмысын жақсарту, олардың денсаулығын сақтау және нығайту жөніндегі шараларды қабылдауға, бір аптаға азық-түліктерді тарату мәзірін қарауға және бекітуге, тамақ берудің сапасына және толықтығына күн сайынғы бақылауды ұйымдастыруға, апта сайын тамақ дайындау сапасын жеке өзі тексеруге;
белгіленген қорларды ұстау, қару-жарақты, әскери және басқа техника мен басқа да материалдық құралдарды сақтау, ақаусыз жай-күйде ұстау және дұрыс пайдалану жөнінде шаралар қабылдауға, олардың болуын, жай-күйі мен жауынгерлік әзірлігін жиі тексеруге; жылына кемінде үш рет барлық қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың байқауын өткізуге, байқау нәтижелерін батальон бойынша бұйрықта жариялауға (кеме командиріне кемінде екі айда бір рет кеме байқауын, кемінде айына бір рет оның қару-жарағының, оқ-дәрілері мен техникалық құралдарының байқауын, күн сайын кемені қарап шығуды жүргізуге);
құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде шаралар қабылдауға, ал олар жасалған жағдайда аға командирге (бастыққа) баяндауға, құқық қорғау органдарын жасалған қылмыстар туралы хабардар етуге, қызметтік тексеру тағайындауға;
адамдардың қаза табуымен және мертігуімен байланысты немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтырған аварияларды, апаттарды және басқа да оқиғаларды тексеруге, сондай-ақ жалпыәскери жарғылармен айқындалған әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынас ережелерінің бұзылу жағдайларын тергеуге жеке өзі қатысуға;
бағыныстыларға қару-жарақпен, әскери және басқа техникамен және оқ-дәрілермен, қызметтік жануарлармен жұмыс кезіндегі, сабақтар, оқ атулар, оқу-жаттығулар мен жұмыстар жүргізу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын уақтылы жеткізуге, ал қажет жағдайларда оның орындалуына бақылауды белгілеуге және жүзеге асыруға (кеме командирі, одан басқа, кеменің төзімділігі мен оның жүзуінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауға);
аумақтық және азаматтық қорғаныс ерекшеліктерін ескере отырып, батальонның жеке құрамын, қару-жарағын, әскери және басқа техникасын, басқа да материалдық құралдарын жаппай қырып-жою қаруының зақымдаушы факторларынан және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
батальонның қажеттіліктерін қаржылық, шарттық, талап-арыз жұмыстарымен, шаруашылық қызметпен қамтамасыз ету үшін ақшалай қаражатты жоспарлауға басшылық жасауға; материалдық және ақшалай қаражатты уақтылы игеру, заңды, мақсатты, тиімді және үнемді жұмсау жөнінде шаралар қабылдауға;
батальонның қызметтік-тұрғын үй қорын, коммуналдық ғимараттары мен жер телімдерін ұстауға және дұрыс пайдалануға (кемеде - тұрғын және қызметтік үй-жайларды тексеруге, кеме корпусының ақаусыз жай-күйін ұдайы қадағалауға), сондай-ақ өрттен қорғанудың жай-күйіне бақылауды жүзеге асыруға. Жылына кемінде үш рет әскери объектілерді, ғимараттарды, құрылыстарды және жер телімдерін қарауды жүргізуге, қарау нәтижелерін актілерде көрсетуге және батальон (кеме) бойынша бұйрықта жариялауға;
батальон (кеме) орналасқан жердің күзетін ұйымдастыруға; қарауылдық және ішкі (кемеде - кезекшілік және вахталық) қызметтерді бақылауды жүзеге асыруға, оларды атқаруды жеке өзі тексеруге және тексеруді ұйымдастыруға, сондай-ақ гарнизон шегінен тыс рейстерге шығар алдында машиналардың (командалардың, лектердің) жетекшілеріне нұсқаулар беруге;
жеке өзі және лауазымды адамдарды, батальон комиссияларын тартумен қызметтер бойынша әскери мүліктің, сондай-ақ ақшалай сомалар мен құндылықтардың болуына жоспарлы және кенеттен тексерулер жүргізуге; мемлекетке келтірілген материалдық зиянды анықтаған кезде қызметтік тексеру тағайындауға және кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту туралы шешімді уақтылы қабылдауға;
әскери ұжымдарда жариялылықты, әлеуметтік әділдікті, әскери қызметшілер арасындағы өзара сенімді орнатуға; бөлімшелерде кемшіліктерге, немқұрайлылық пен енжарлыққа төзбеушілік жағдайын қалыптастыруға;
жыл сайын офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің демалыстар кестесін, ай сайын қызметке нарядтар кестесін бекітуге және олардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға;
жауынгерлік және жұмылдыру даярлықтарының, әскери тәртіп пен ішкі тәртіптің жай-күйін, сондай-ақ тәуліктік нарядтың қызмет атқаруын талдауға, кемінде айына бір рет қорытындыларын шығаруға және оларды жақсарту жөніндегі шараларды айқындауға;
Қазақстан Республикасының Президентін, тікелей бастықтарды, армия генералдарын, генерал-полковниктерді, адмиралдар мен инспекциялау (тексеру) жүргізуге басшылық жасау үшін тағайындалған адамдарды осы Жарғымен айқындалған тәртіппен қарсы алуға, баяндауға және батальон орналасқан жер бойынша (кемені қарап шыққан кезде) ілесіп жүруге;
темір жол (әуе, теңіз, өзен) көлігімен келіп жеткен материалдық құралдарды уақтылы түсіруді және әкетуді ұйымдастыруға;
батальонның (кеменің) жауынгерлік даярлық іс-шараларын жүргізу кезінде және бөлімнің күнделікті қызметінде қоршаған ортаны қорғау және табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі шараларды қабылдауға;
жоғары тұрған штабтарға және жабдықталым органдарына белгіленген жеткізілімдер мен есептерді ұсынуды, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен шақыру бойынша офицерлердің істер мен лауазымды уақтылы қабылдауын, тапсыруын бақылауды жүзеге асыруға;
осы Жарғының 92-тармағының талаптарына сәйкес батальон (кеме) бойынша бұйрықтар беруге міндетті.
133. Жеке батальон (2-дәрежелі кеме) командирінің орынбасарлары, сондай-ақ қызметтер бастықтары өзінің практикалық жұмысында бригаданың (кеменің) тиісті лауазымды адамдары үшін көрсетілгендерге сәйкес міндеттерді басшылыққа алады.
134. Мемлекеттік мекеме болып табылмайтын жеке батальонның (2-дәрежелі кеменің) командирі және басқа да лауазымды адамдары бригада (кеме) штатында бар батальонның (3-дәрежелі кеменің) тиісті лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттеріне сәйкес құқықтар мен міндеттерді басшылыққа алады.
Достарыңызбен бөлісу: |