Бекітілген қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімі туралы ереже



Дата17.07.2016
өлшемі79.77 Kb.
#204617
Қазақстан Республикасы

Президенті Іс басқарушысының

2011 жылғы «27» қазан

№ 15/203 бұйрығымен

БЕКІТІЛГЕН


Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының

бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімі туралы

ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер
1. Бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімі (бұдан әрі – Бөлім) «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Президенттің Іс басқармасы) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Бөлім өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. Бөлімнің құрылымын, штат санын Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы бекітеді.

4. Бөлім:

1) бюджеттік бағдарламалардың есебі және есептілігі;

2) ведомстволық қарасты ұйымдардың есебі және есептілігі секторларынан тұрады.



2. Бөлімнің негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары
5. Міндеті: Бухгалтерлік есепті ұйымдастыру мен жүргізу, Президент Іс басқармасының басшылығын және өзге де мүдделі тұлғаларды мемлекеттік мекеменің қаржылық жағдайы туралы толық және сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету.

Функциялары:



1) Бөлім жұмысын жоспарлайды, Президенттің Іс басқармасына жүктелген міндеттерді сапалы және тиімді орындауға бағытталған басқарушылық функцияларды жүзеге асырады;

2) міндеттемелер және төлемдер бойынша жеке жоспардың орындалуына;

қолдағы уақытша салынған ақша бақылау есеп-шотына түскен ақшаға;

есеп-шоттарға шетел валютасында түскен ақшаға бухгалтерлік есеп жүргізеді;

3) құжаттарды уақтылы және дұрыс ресімдеуге, жасалатын операциялардың заңдылығына алдын ала бақылау жүргізеді;

4) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарында бекітілген сомалар шегінде міндеттемелерді қабылдауды бақылайды;

5) төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарына сәйкес қаражатты дұрыс, мақсатты жұмсауға бақылау жүргізеді;

6) еңбекақы мен өзге де ақшалай төлемдерді дұрыс есептеу мен белгіленген мерзімде төлеуді, салық пен міндетті зейнетақы жарналарының уақтылы аударылуын қамтамасыз етеді;

7) Президенттің Іс басқармасы тауарлар, жұмыстар және қызметтерді жеткізушілерімен жасаған шарттарды аумақтық қазынашылық органында тіркеуді жүзеге асырады;

8) жеткізушілермен және мердігерлермен белгіленген тәртіппен уақтылы есеп айырысуды жүргізеді;

9) Президенттің Іс басқармасында активтердің, құны төмен және тез тозатын заттар мен басқа да материалдық құндылықтардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

10) құрылымдық бөлімшелердің бар дебиторлық берешекті өндіріп алуына және кредиторлық берешекті өтеуіне бақылау жүргізеді;

11) Президент Іс басқармасының теңгеріміндегі ақша қаражатын, есеп айырысулар мен материалдық құндылықтарды түгендеуге қатысады, түгендеу нәтижелерін дұрыс және уақтылы белгілеуді және оларды есепте көрсетуді қамтамасыз етеді;

12) материалдық жауапты тұлғалармен олардың жауапты сақталуындағы құндылықтарды есепке алу мен сақтау мәселелері бойынша түсіндірме жұмысын жүргізеді;

13) бухгалтерлік есеп және есептілікті автоматтандыруды ұйымдастырады, оны жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді.

6. Міндеті: бюджеттік, салықтық және статистикалық есептілікті жасап, оны белгіленген тәртіппен және көзделген мерзімде ұсыну.

Функциялары:

1) сенімді бастапқы құжаттар мен тиісті бухгалтерлік жазбалар негізінде Президент Іс басқармасының тоқсандық, жылдық бюджеттік есептілігін жасайды және аумақтық қазынашылық органға ұсынады;

2) инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған бюджеттік даму бағдарламалырын орындау бойынша есеп жасайды және оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсынады;

3) ведомстволық қарасты мемлекеттік мекемелер ұсынған тоқсандық, жылдық бюджеттік есептілікті тексереді, талдайды, жинақтайды және белгіленген мерзімде оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсынады;

4) дебиторлық, кредиторлық берешек бойынша ай сайынғы есептілікті тексереді, талдайды, жинақтайды және оны белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсынады;

5) Президент Іс басқармасының ай сайынғы, тоқсандық, жылдық статистикалық есептілігін жасайды және оны Астана қаласы бойынша Статистика департаментіне ұсынады;

6) тоқсандық салық есептілігін жасайды және оны тиісті Салық басқармасына жібереді.

7. Міндеті: бюджеттік мониторинг жүргізу.

Функциялары:

1) Президент Іс басқармасының және ведомстволық қарасты мекемелердің бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) орындалуына талдау, мониторинг жүргізеді;



2) Президент Іс басқармасы әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) іске асырылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы ай сайынғы жиынтық есептілікті жасайды, тексереді және оны белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ұсынады.

8. Міндеті: ведомстволық қарасты ұйымдардың бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру.

Функциялары:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бухгалтерлік есеп саласында белгілеген талаптарды орындауды қамтамасыз етеді;

2) қажет болған жағдайда ведомстволық қарасты ұйымдар есеп саясатына өзгерістер енгізу кезінде оның мақсаттылығын бақылайды;

3) ведомстволық қарасты ұйымдардың жылдық қаржылық есептілігін бекітеді;

4) ведомстволық қарасты ұйымдардың қызметін үйлестіреді және бухгалтерлік есеп және есептілік мәселелері жөнінде консультациялық-әдістемелік көмек көрсетеді;

5) ведомстволық қарасты ұйымдар негізгі құралдарды есептен шығару жөнінде ұсынған материалдарды қарауды жүзеге асырады және қорытынды дайындайды;

6) ведомстволық қарасты ұйымдардың бухгалтерлік қызметі қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату жөнінде іс-шаралар өткізеді, семинарлар ұйымдастырады.

9. Міндеті: Президент Іс басқармасының басшылығын ведомстволық қарасты ұйымдардың қаржылық қызметі туралы толық және сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету.

Функциялары:

1) ведомстволық қарасты ұйымдардың тоқсандық, жылдық қаржылық есептілігін талдайды және тексереді;

2) дебиторлық және кредиторлық берешектің жағдайына талдау жасайды және ведомстволық қарасты ұйымдары жұмысының тиімділігін бағалау үшін ақпарат дайындайды;

3) ведомстволық қарасты ұйымдардың жылдық қаржылық есептілігіне аудит жүргізу жөніндегі ұсынылған есептері негізінде басшылыққа ақпарат дайындайды;

4) ведомстволық қарасты ұйымдар бөлігінде банк есеп-шоттарында ақшаның бар болуына талдау жасайды, есептілік жасайды;



10. Міндеті: Бөлімнің лауазымдық өкілеттігі шегінде ведомстволық қарасты ұйымдардың қаржылық қызметін бақылауды жүзеге асыру және ол бұзылған жағдайда шара қолдану.

Функциялары:

1) ведомстволық қарасты ұйымдардың қаржылық есептілікті уақтылы тапсыруын бақылайды;

2) ведомстволық қарасты ұйымдардың тоқсандық және жылдық қаржылық есептілігінің белгіленген талаптарға сәйкес болуын бақылауды жүзеге асырады;

3) ведомстволық қарасты ұйымдардың жылдық қаржылық есептілікке аудит жүргізуін бақылайды;

4) ведомстволық қарасты ұйымдардың мүлік пен міндеттемелерге тугендеу жүргізуді, түгендеу нәтижелерін белгілеудің уақтылығы мен дұрыс болуын және оларды ұсынылған қаржылық есептілігі негізінде есепте көрсетуді бақылайды;

5) ведомстволық қарасты ұйымдарда дебиторлармен және кредиторлармен есеп айырысу есебінің жай-күйін бақылайды;

6) ведомстволық қарасты ұйымдарда мерзімі өтіп кеткен берешекті өтеу бойынша жұмысты бақылауды жүзеге асырады;

7) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне ұсынылатын акционерлік қоғамдардың қаржылық есептілігіне сәйкес болу бөлігінде қаржы-шаруашылық қызметі жоспарларының орындалуы жөніндегі есептілікті тексереді.

11. Міндеті: Бөлімде іс жүргізуді ұйымдастыру.

Функциялары:

1) бірыңғай электрондық құжатайналым жүйесінде Бөлімнің іс жүргізуін ұйымдастырады;

2) бастапқы бухгалтерлік құжаттарды, бухгалтерлік есеп регистрлерін, қаржылық, статистикалық, салық есептілігін және басқа да құжаттарды бекітілген іс номенклатурасына сәйкес түптеуді, сондай-ақ белгіленген тәртіппен оларды ведомстволық мұрағатқа тапсыруды қамтамасыз етеді.

12. Міндеті: біліктілік талаптар мен лауазымдық міндеттерді әзірлейді.

Функциясы:

Бөлім қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарды және лауазымдық міндеттерді әзірлейді.

13. Құқығы және міндеттері:

1) Президент Іс басқармасының тиісті құрылымдық бөлімшелерінен, сондай-ақ ведомстволық қарасты ұйымдарынан Бөлімге жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті құжаттар мен ақпаратты алу;

2) Президенттің Іс басқарушысы мен оның орынбасарларының қарауына Бөлім құзыретіне жататын міндеттерді орындауды ұйымдастыру бойынша ұсыныстар енгізу;

3) ведомстволық қарасты ұйымдардың басшыларынан мүліктің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шара қабылдауды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есепті ұйымдастыруды талап ету;

4) ведомстволық қарасты ұйымдардың бухгалтерлік қызмет жұмысшыларына міндетті түрде орындауға тиісті нұсқау беру;

5) Бөлім құзыреті шеңберіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен және басқа мемлекеттік органдармен өзара жұмыс жасау;

6) еңбек және атқарушылық тәртіпті, мемлекеттік құпияны және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау, сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негізгі міндеттерді орындау.

3. Бөлім қызметін ұйымдастыру
14. Бөлім Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес оның негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерге ие.

15. Бөлімді Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы қызметке тағайындайтын және одан босататын Бөлім меңгерушісі басқарады. 

16. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда Бөлім меңгерушісінің орынбасары (орынбасарлары) болады.

17. Бөлім меңгерушісі Бөлім қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін жеке жауапты.

18. Бөлім меңгерушісі Президент Іс басқармасының басшылығына Бөлімнің құрылымы мен штат кестесі бойынша ұсыныстар жасайды.

19. Осы мақсаттарда Бөлім меңгерушісі:

1) орынбасарының міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;

2) Бөлім құрамындағы сектор меңгерушісінің міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;

3) Бөлім жұмысшыларын лауазымға тағайындау және одан босату, көтермелеу мен тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныстар енгізеді;

4) өз өкілеттіктері шеңберінде қызметтік, қаржылық құжаттарға қол қояды;

5) Бөлімде іс жүргізуді ұйымдастырады;

6) Қазақстан Республикасының заңдарына және Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

20. Бөлім меңгерушісінің орынбасары:

1) өз өкілеттіктері шеңберінде Бөлім қызметін үйлестіреді;

2) Бөлім меңгерушісі болмаған кезде Бөлім қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін жеке жауапты;

3) Бөлім меңгерушісі жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.



21. Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Бөлім атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Бөлім меңгерушісі, ал ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын тұлға қол қояды.

______________________

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет