Тапсырма. Сыни мақала жазудың қадамдарын басшылыққа алып, Т.Әсемқұловтың “Бекторының қазынасы” әңгімесі бойынша сыни мақала жазыңыздар.
Адамға бостандықты ешкім де бере алмайды, егер де бостандық оның ішінде, ішкі дүниесінде болмаса.
Т. Әсемқұлов
Жазушы – адамның жанын зерттеуші, қоғамтанушы. Бәрімізге ортақ өмірді зерделегенде, тіршілік үшін болып жатқан күресті қаз-қалпында баяндай салмай, одан нәтиже шығаратындай сәулелі сөздің сиқырымен суреттеу екінің бірінің маңдайына жазылған бақ болмаса керек. Бүгінгі қазақ прозасында өмір шындығы белгілі деңгейде жазушы қиялымен қатар өріліп, әлі де қоғамды сынау, түзеу қызметіне ие болған туындылардың біріне жазушы, кинодраматург Т. Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» әңгімесін жатқызуға болады. Әңгіме 2011 жылы жарық көрген.
Мифологияға негізделіп жазылған Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» атты әңгімесі қатпарлы адам баласының болмысына үңіледі. Байлыққа жетіп, адамгершілік атаулыны бірақ ұмытатын жағдай, тек жүректен айырылғанда ғана болады. Адам тек адам болып, ақ, адал жүрекпен ғана жүре алады, егер адам бола тұра қиянатқа жол берсе, оныкі ет жүрек емес, тас жүрек деген ой айтатын туынды мәңгілік құндылықтарды дәріптейді. Егер адам шын жүрегінен айырылса, кез келген іске баратынын, оның психологиясының да өзгеретінін жазушы нақты өмірлік ситуациялармен нанымды суреттейді. Нақ бүгінгі біз өмір сүріп отырған заманның бір келбеті.
Өмірді тануы, детальды өз орнымен беру, жазушылық интуициямен өз орнына түскен. Әңгіме формалық жағынан да өзіне дейінгі ешкімді қайталамаған. Оқиға қуаламай, әр көрініс бір-бірімен қиюласып жатқан әңгіме шым-шытырық. Реалды өмір мен мифологияны селбестірген жазушы осы тәсілді пайдалану арқылы өз ойын тұспалдайды. Миф. Иә, миф. Қарапайым халық үшін әр қаладан екі-үш үйің болу, банктік есепшотыңда миллиондаған долларыңның жатуы, айына, тіпті аптасына ойлап көрмеген бағадағы көлік ауыстырып мінуің миф. Сол мифтік байлықтыққа қол жеткізгенде, жүрегі болмаса, адам туған ата-анасын да ұмытатынын қаламгер нанымды суреттейді.
Шығарма тәуелсіздік алған жылдардағы халықтың тіршілік ету қамынан басталады. Баю жолында «аяу» дегенді білмей кеткен бас кейіпкер өзінен аумайтын баланы қағып кеткенде ғана есін жинайды. Әңгіме соңында басына қонған бақ құсын, байлық пен мансапты Бекторыға кері тапсырып, кепілге қойған өз жүрегін қайта алуды шешеді.
Әңгіме метапрозалық сипатта жазылған. Мұндағы үш түрлі бейнеде және үш түрлі мекеншақта (хронотоп)суреттелетін бас кейіпкер – бір ғана адам. Ол – Қайырболды, ол – машина қағып кеткен, машина жуып күнін көріп жүрген жасөспірім бала және ол – Сағындық Тілешев, қазақ теледидарында қатардағы тележурналист-редактор ретінде оқырмандармен тілдеседі. Автор үш түрлі уақыт пен кеңістікті көрсете отырып, қазіргі қоғамдағы өмір шындығын ашып береді
Шығармадағы ойдан шығарылған кейіпкерлердің тағдырлары өмірде болғандай кескін-кейіпке ие болып, біртұтас көркемдік ойдың өзегімен тығыз ұштасып жатады. Қазіргі модернистік, постмодернистік әдебиетке көбіне сюжеттер мен образдарды көне бастаулардан алу, ежелгі түп бастауға қайта оралу тән. Оны әр автор өзінше интерпретациялайды, бағзы сюжетті жаңаша идеялық қырынан көрсетеді. Туындыда жамандық пен жақсылық, жын-пері мен періште сынды адамзат жаралғалы бірге жасасып келе жатқан категорияларға жаңа рең-мән беріледі. Жазушы «Бекторының қазынасы» әңгімесінде мифтік кейіпкер перінің қызы Бекторыны уақыттың тынысына қарай өзгеше қырынан көрсеткен. «Иә, иә, сол баяғы перінің қызы Бекторымын, – деген қыз, адамның ойын оқитын әдетімен, – әжең талай айтып берген «Ер Төстік», – дегенде оқырман мекеншақтың мүлде өзгергенін нақты сезінеді.
Т.Әсемқұлов – уақыттың тынысын сезініп жаңара білген қаламгер. Жазушы әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдықты үйлесімді тоғыстыра алған. Т.Әсемқұлов шығармашылығының сүйенген өз мәнері бар. Біріншісі – өмірді сындарлы санамен екшеп, парасатты пайым жасап, астарлы қорытындылар шығаратын көркемдеу жүйесі. Екіншісі – азаматтығы, қоғамдық -әлеуметтік мәселелерді, тыныс-тіршілікті шығармасына арқау еткен кемелдігі. Автор үш түрлі уақыт пен кеңістікті көрсете отырып, қоғамдағы өмір шындығын, жер дүниені жаулаған «жүрексіздердің» ойлап тапқан апатын көркемдік-эстетикалық тереңдікте суреттей алған: «Кенет жер-дүние солқ ете қалды. Қайырболды жан-жағына қараған. – Бұл келе жатқан апаттың белгісі, – деді Бекторы. – Ненің апаты? – деді Қайырболды үрейленіп. – Жанның, рухтың, иманның апаты, – Бекторы Қайырболдының жанына келді». Түсінде Қайырболдының адасқан, адасып барып өзін тапқан ғұмырын кешкен Сағындықтың түпсанасында жылдар бойы төңкеріліп ту-талақайы шыққан әлеміш әлемінің бас көтерген ұшқыны Сағындықты бір әлемге сүйрелеп апарып, аман әкеліп тастады.
«Кедей болдық. Ит басына іркіт төгілген заманда қара нан, қара сумен отырушы едік. Ақырында ержеттім. Тәуір кәсіпке іліндім. Жолым ешқашан оңай болған емес. Басқаға өзінен өзі келе салатын нәрсе маған жүз есе қиынға түсетін» деген Қайырболды сөздерінен шығармада көтерілген мәселе – кедейлік, қоғамдағы өзгерістер екенін байқаймыз.
Жазушы оқырман назарын қоғамдағы әділетсіздік – кедейлік, қоғам мүшелерінің әртүрлі деңгейдегі игіліктерге ие екендігіне және игіліктердің тең бөлінбейтініне назар аударта отырып, Кайырболдының да түнгі клубқа келіп, ақшаны дестелеп тастайтындар сияқты өмір сүргісі келгенін, тура солардай болмаса да баспаналы болғысы келгенін, сондықтан біреудің мүлкін ломбардқа салып, иемденгенін мәселе ретінде көтереді.