Ауылдың тап іргесінен шекаралық застава орнаған. Қысқа қарай заставаға отын кесіп жағатын жұмысшы қажет болады. Менің әкем мен Смағұл тәтем колхоз жұмысынан мойындары босаған соң жанбағысқа себі тиер дейді де, енді осыған жалданады.
Таудай қосақтап сүйреп әкелінген жуандығы түйенің беліндей нән қарағайлар. Заставаның бет алдындағы тақыр алаңда әкем мен тәтем сол қарағайларды күні бойы арамен кертіп турайды. Сосын шойын балтамен жаңқалап жарып текшелеп жинаумен болады.
Бұл үшін оларға ешқандай да ақы төленбесе керек. Өйткені еңбек ақы алдық деп, үйге тиын-тебен ұстап келіп жүргендерін көрген емеспін.
Ақының орнына солдаттың тамағынан ішеді, кейде үйге де әкеледі.
Біздің үй заставаға жақын шеткі үйлердің біреуі. Бір күні Смағұл тәтем шелекпен буы бұрқыраған ыстық бірдеңе әкеле жатыр. Далада ойнап жүрген мен алдынан жүгіріп шықтым:
– Тәте, бұл не?
– Сорпа.
Үңіліп қарасам, бетінде кесек-кесек майы қалқып жүр. Сорпаның бұрын сезініп көрмеген әдемі ғажап иісі мұрын жарады.
– Ура! Тәтем застаптан бір шелек сорпа әкеле жатыр! – деп, үйге атой салып кірдім.
Төсегінде қисайып жатқан шешем басын әнтек көтеріп алды. Үйге тәтем де кірген еді. Сорпаның бұрқыраған тамаша иісі лезде үйдің ішін алып кетті.
– Шырақ-ау, бұның не? – деді шешем үріккен жүзбен.
– Сорпа, жеңеше.
– Тарт әрі! Шошқаның сорпасы шығар. Аулақ әкет! Тәтем ақталып жатыр:
– Шошқанікі емес, жеңеше, Побыр өзі айтты. Кеше өгіз сойған, өгіздің сорпасы.
– Жо-жо, әкет! Көрсетпе!
Тәтем сорпаны ауыз үйге алып шықты. Әкем де келді. Сатылған үйде жоқ болатын. Бұны енді не істейміз деп, ақылдаса бастады.
– Побыр өтірік айтпайтын шығар? – дейді әкем.
– Кеше өгіз сойды ғой, – дейді тәтем. Төгіп тастауға көз қимайды.
Шошқа арам, шошқа лас, шошқа андай, шошқа мындай деген сөз кішкене күннен әбден сіңген. Шешем әлгінде шошқаның сорпасы шығар дегенде менің де денем дір ете қалған. Бастапқыдай емес, енді шелекке сескеніңкіреп қараймын. Ынтығым басылып, десім қайтыңқырап қалған. Дегенмен әкем, тәтем ішер болса, көппен көрген ұлы той деп, тәуекелге басуға дайын тұрмын.
Тәтем қасық алып, сорпаны араластырып, тексере бастады. Ішінде капуста, картоп жүр. Енді ойлап отырсам, борщ екен. Бір кезде үлкен жалпақ қабырғаның басы шыға келді.
– Міне, өгіздің қабырғасы, – деп, тәтем қуанып қалды.
– Өгіздікі. Шошқанікі мұндай болмайды, жіңішке болады.
Шешем сонда да безілдеп жолатпады.
– Өгіздікі түгіл, ненікі болса да менен аулақ, өздерің ішіңдер!
Шешемнің ойы белгілі еді. Заставада шошқа да, өгіз де сойылып жатады. Тамақ бір қазанда жасалады. Шошқа еті пісірілген қазаннан дәм тату – қарамның өзін жегенмен пара-пар. Яғни ауыр күнә.
Біз, шешемнен басқаларымыз, мұсылмандықтың әлгіндей қатаң жолын сақтай алмадық. Ораза, намаз тоқтықта дегендей майлы сорпаны қарынға салып алуды мақұл көрдік. Қара су, қара талқанмен бүйіріміз қабысып, жұтап жүрген жандармыз. Мынадай ғажап асты құр бекер төгіп тастағанымыз қылмыс емес пе?
Төр үйдің есігін жауып қойып, үшеуміз сорпаны ішіп отырмыз. Неше түрлі иісті шөптер қосып, баптап пісірген астың дәмі қандай? Алғашында көңілдегі сескеніш тарқамай, үркектеп ұрттасақ та, біртін-біртін таңдайға жағып, тілімізді суырып барады. Танаудан кірген әдемі иіс бүкіл денеге жайлады.
Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын дедік те, сорпаны түгел қотарып ішіп алдық.
Заставадан тамақ тасып әкелудің басы осылай басталған еді.
Сорпа ғана емес, кейде ботқа, кесек-кесек бөлке нандар әкеледі. Нан мен ботқаға сезік жоқ, одан шешем де жейді. Ал сорпа болса, ол баяғыша жоламайды. Олжа тамақтың үстіне кейде көршілер келіп қалады. Қайдан шыққан тамақ деп, тергеп алады. Бірге отырып, ішіп-жейді де, былай шыға беріп, өсек етеді. «Қалыптары құрсын. Застаптан орыстың арам сорпасын әкеп ішіп, жан сақтап отыр. Бүйтіп көрген күні құрсын», – дейді.
Ағайынның іштарлығы қалмайды.
Бұл өсек радио хабарынан да тез тарайды.
Жауласып жүрген балалар мен сыртқа шыққанда шошқа етін жеген кәпір деп, енді мені ыза қылатын болды. Біреуінен біреуі іліп алып, шу-шу етеді. Арамсың, сенімен ойнамаймыз, арамнан аулақ жүріңдер деп қашады.
Мен ыза болам.
Достарыңызбен бөлісу: |