Бердіғожин лесқали базарғалиұлы қазақстанның мұнай-газ өндірісі саласындағы жұмысшы, инженер- техникалық кадрларының қалыптасуы және өсуі


Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар



бет2/3
Дата04.03.2016
өлшемі0.67 Mb.
#39843
түріДиссертация
1   2   3

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

1 Қазақ мұнайының тарихы өз бастауын 1899 жылғы Қарашұңғыл мұнай бұрқағынан алып, ал әлем назарына іліне бастауы 1911 жылғы Доссор мұнай кен орнының ашылуымен айқындалады. Кен орындарын іздеу, ашылу, игерілуімен бір мезгілде жергілікті халық өндіріске тартылды. Алғашқы мұнайшы мамандар қалыптасуының алғышарттары, кәсіби-әлеуметтік жағдайы, сандық және сапалық құрамы мұрағат деректері арқылы алғаш рет беріліп, дәлелденді.

2 Көмірсутегі өнімдері әрқашан қоғам дамуының энергия көзі ретінде сұранысқа ие. Аумалы-төкпелі 1917-1920 жылдары мұнайлы ауданға жергілікті жердің шын иелері ретінде ұлттық мемлекетіміздің ізашарлары – «Алашорда үкіметі», соның ішінде «Батыс Алашорда» басшылары көзқарасы соңғы қол жеткізген мұрағат және басқа да жазба деректері арқылы ұсынылды.

3 Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқының өнеркәсіпке тартылуы және ұлттық жұмысшы, инженер-техникалық қызметкерлердің қалыптасуы Кеңестік өндірістегі кадр саясатымен тығыз байланысты, сондықтан да Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары жүргізілген кадр дайындаудағы жұмыстарының Жайық-Жем мұнайлы ауданындағы өзіндік ерекшелігі, оның географиялық жағдайы соны құжатнамалы деректер арқылы дәлелденді.

4 Маман кадр даярлау ісінде алғашқы мұнай техникумы 1930 жылы ашылып, жоғары білімді инженерлерді даярлау мақсатында Құрамысов атындағы мұнай рабфагі ұйымдастырылды. Мемлекеттік «Үлкен Жем» бағдарламасына сай қазақ жастары Мәскеу, Баку қалаларындағы жоғары оқу орындарына жіберіле бастады, қазақтың алғашқы тау-кен металлургия институты ашылуы, кеңестік кезеңнің мұнайлы өлкеге деген таптық саясатының көзқарасы тұрғысында мұрағат, басқа да дерек көздері арқылы беріліп, ұлттық мұнайшыларды дайындаудың негізгі бағыттары дәлелденді.

5 Мұнай өндірісі дамуында алғашқы геологиялық зерттеу ұжымдары ұйымдастырылып, геологтардың ерен еңбегі нәтижесінде Ақтөбе облысы жерінен мол мұнай қоры табылып, игеріле бастады. Мұнай өндірісінің дамуын жеделдетуде темір жол, құбыр байланысы дамытылуына байланысты, мұнай-газ саласын игерудегі орталықтың өктемдік саясаты жергілікті жерде, кадр даярлау мәселесінде қандай қиыншылықтар арқылы жүзеге асқаны алғаш рет деректер арқылы дәлелденді.

6 Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО-ның негізгі мұнайлы аудандары майдан шебінде қалуы себепті, Қазақстанда мұнай-газ өндірісі соғыс арсеналы ретінде толық қайтарыммен жұмыс жасады. Отандық алғашқы мұнай айыру зауыты салынды. Жеңіс күнін жақындатуға мұнай өндірісі ұжымдары, жеке маман кадрлары ерекше үлес қосқаны, бұрын ерекше еңбек үлесі есебінде болғандықтан, диссертацияда осы кезеңдегі ауыртпалықты мәселенің екінші жағы: депортация, маман кадрларды еңбек армияларына күштеп тарту, шектен тыс еңбек нормалары, жас балалар мен қарттарды ауыр өндіріске тарту мәселелері алғаш рет мұрағат құжаттары арқылы дәлелденді.

7 Соғыстан кейінгі 1950-1960 жылдар Кенқияқ, Прорва, Маңғыстау мұнай-газ кеніштерінің ашылуымен есте қалады. Бұл жылдардың ел экономикасының өрлеуіне зор серпін беруінде еңбек жарыстары және әйел қызметкерлердің мұнай өндірісіне көптеп тартылуы әсер етті, бұл өндірістегі кадр құрамының тұрақтануына әсер етті. Осы жылдары партиялық кадр саясатындағы мемлекеттік ұйымдық тарту және қоғамдық шақырулар мұнайшы мамандар құрамының интернационалдануына жағдай жасаса, ол әлеуметтік қайшылықтарға негіз болды. Бұның бастысы Кеңестік кадр саясатының біржақтылығы, ұлттық кадрларды даярлауға көңіл бөлмеу, өзіндік білімі мен басқарушылық қабілеті бар мамандарды мұнай өндірісінен алшақтату саясаты алғаш рет отандық тарих ғылымы бойынша мол деректер арқылы берілді.

8 1970-1980 жылдары Қазақстан мұнай-газ өндірісі мамандарының және осы салаға шығармашылықтарын арнаған ғалымдардың ерен еңбектері нәтижесінде әлемдік маңызы бар кеніштер: Бозашы, Теңіз, Жаңажол, Құмкөл, Қарашығанақ ашылып, өнім бере бастады. Осындай алып кеніштер еліміз тәуелсіздігінің экономикалық діңгегі болды, Қазақстандық жаңа келбетті инженер-техникалық интеллегенция қалыптасуының негізгі ол саясатқа емес, осы мұнайлы өлкедегі халықтың кәсіпке деген өзіндік бейімділігі арқылы алғаш рет мұрағат қорлары арқылы дәлелденді.

9 Өндірістің басқа салалары сияқты, мұнай-газ өндірісінде де Қазақстандық мұнайшы әулеттері қалыптасып, олардың арасынан бүгіндері әлемдік мұнай кәсібінің танылған тұлғалары өсіп шықты, олар өндірістің экономикалық және саяси әлеуетін арттырды. Мұнайшы әулеттері қалыптасуының тарихи қажеттілігі, ол географиялық орналасуларына қарай және жалпы өндірістік дамудың қазақ ауылдарынан сырт айналып өтпегендігінің айқын дәлелі ретінде алғаш рет беріліп отыр. Бұл мұрағат және эпистолярлық деректер арқылы дәлелденген ұстаным.

10 Тәуелсіз Қазақстанның дамыған, әлеуетті елдер қатарына қосылу үшін жүргізіп жатқан саяси-экономикалық стратегиялық саясаты, ең алдымен, мұнай-газ өндірісіне байланысты. Нарық жағдайына сай кәсіби мұнайшы мамандарын даярлау, оларды әлемдік мұнай алпауыттарымен бәсекелесе алатын деңгейде тәрбиелеу, сол арқылы ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде отандық тәжірибеге арқа сүйеу, мұнайшыларды даярлаудың тарихи тағылымы алғаш рет ғылыми тұрғыда сарапталынып отыр.

Зерттеудің сарапталып, сыннан өтуі. Диссертация ҚР БҒМ Қызылорда «Болашақ» университеті «Тарих және қоғамдық пәндер» кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі тұжырымдары халықаралық, республикалық және аймақтық – Қазақстан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында (Орал, 1991), Қазақстанның Батыс өлкесі тарихының кейбір мәселелері (Атырау, 1998), «Шоқан тағылымы – 10» (Көкшетау, 2005), «Шоқан тағылымы – 11» (Көкшетау, 2006), «Шоқан тағылымы – 12» (Көкшетау, 2007), «Шоқан тағылымы-13» (Көкшетау, 2008), «Орталық Азия елдерінің мемлекетаралық интеграциялық байланыстарын жаңғырту» атты 2-ші Түркістан Форумы (Түркістан, 2006), VI Халықаралық «мұнай-газ химиясы» (Томск, 2006), Каспий теңізі қайранынан көмірсутегі өнімдерін өндіру проблемалары (Атырау, 1998), Қазақстандағы Украина жылы (Киев, Қызылорда, 2008), Халықаралық Астрономия жылына арналған (Киев, Қызылорда 2009) конференцияларында көпшілік назарына ұсынылды.

Зерттеу тақырыбы бойынша «Қазақстан мұнай-газ өндірісі саласы маман кадрлары» монографиясы (Қызылорда, 2007. -282 б.) жарық көрді және республикалық, шетелдік (Ресей, Қытай, Қырғызстан республикалары) ғылыми басылымдарда 63 мақала жарияланды.



Диссертацияның құрылымы. Ғылыми жұмыс кіріспеден, бес тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі және осы мәселенің зерттелу деңгейі негізделді, зерттеудің пәні мен нысаны, мақсаты мен міндеттері анықталды, теориялық-әдістемелік негізі және хронологиялық-географиялық ауқымы, ғылыми жаңалығы мен тәжірибелік құндылық деңгейі сипатталады, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар дәйектелген.

«Жұмыстың теориялық-методологиялық негізі, тарихнамасы және деректанулық базасы» деп аталатын бірінші тарауда мәселеге қатысты концепциялық ұстанымдар, тақырыптың тарихнамасы мен деректік базасы толық талданады.

Қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда жұмысшы табы қалыптаспаған болатын. Ұлттық аймақтарды да революция ісіне тартуға теориялық негіздеме жасауға ұмтылған большевиктер партиясының жетекшісі В.И. Ленин Ресейдегі азаттық қозғалысының тұтастығы туралы теория ұсынған болатын. Ол бойынша Ресейдегі орыс жұмысшы табының әлеуметтік күресі, орыс мұжықтарының жер үшін күресі және шет аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалысы бір арнада дамыды деп тұжырымдалады. Бірақ ол Қазақстанда кеңестер түріндегі пролетариат диктатурасының отаршылдық сипатын жасыра алмады. Сол себепті ұлттық аймақтарда, оның ішінде Қазақстанда өндірістің түрлі салаларында жергілікті халықтан жұмысшы кадрларды жедел қарқынмен дайындау мәселесі күн тәртібінде тұрды. Бұл жағдай мұнай саласында білікті кадрларды дайындауға да әсер етті. Бұл жұмыс барысындағы олқылықтарды орыс пролетариатының гегемондық рөлі жөніндегі қағида шиеленістіре түсті. «Этникалық стратификация» теориясы осы жағдайдан туындады. Жұмысшы табының қоғам дамуындағы шешуші рөлі туралы теория, басқа да кадр мәселесіне қатысты тұжырымдар, теориялық мәселелер жұмысшы, кадр мәселесі К.Маркс [14], Ф.Энгельс [15] еңбектерінде көтеріліп, кейін В.И. Ленин [16] шығармаларында әрі қарай дамытылды.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында буржуазиялық мамандарды революцияшыл жас кадрлармен алмастыру туралы Н.И. Бухарин [17], 1930 -жылдардағы реконструкция кезінде «іс тетігін кадр шешеді» деп ұран тастаған И.В. Сталин [18] идеялары маман кадрларды дайындаудың бағыт-бағдарын анықтады, кеңестік зерттеулердің негізін қалады.

1920 жылдардағы кеңес зерттеушісі М.Брудный жұмысшы кадрларының қоғамда екі жақты рөл атқаратынын нақтылап айтқанда, оның техикалық (өндіріс күштерінің өсуі, техниканың дамуы) және саяси (жұмысшы пролетариат диктатурасындағы басты буын) күш екендігі [19] туралы зерттеуін ұсынды. 1930 жылдары бұл бағыттағы ізденістер жалғастырылды.

А.М. Панкратова жұмысшылардың әлеуметтік құрамына байланысты зерттеулерге жол ашты [20]. Индустриализация кезінде (1926-1932 жылдары) деревня кедейлерін өндіріске тартуда қоғамдық негізде ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылды, бұл бағыттағы іс-шаралар 1980 жылға дейін жүргізіліп келді. Маман жұмысшы кадрларын мемлекеттік деңгейде дайындаудың теориялық мәселелері А.М. Панфилованың монографиясында ғылыми тұрғыдан негізделді [21].

Еңбек шақырулары, бүкілхалықтық еңбек жарыстары, маман жұмысшыларды кәсіптік дайындау мәселелері, сондай-ақ жоғары білімді жұмысшы табы, жұмысшы интеллигенциясы туралы қағидалар С.Л.Сенявский, В.Б.Тельпуховский монографиясында жан-жақты тұжырымдалды [22].

Жұмысшы кадрлары және жалпы кадр мәселесін зерттеудің теориялық-методологиялық мәселелері Қазақстан ғалымдарының еңбектерінде толықтырылды. Олардың қатарында, А.Н. Нүсіпбековтің кадр тақырыбын зерттеудің теориялық негіздері, кадрлардың сандық және сапалық құрамы, жас және жыныс ерекшелігі мәселелерін зерттеуге жол ашуы [23], еңбек жарыстары туралы пікірлер білдірген М.Уалиев [24], кадр мәселесіндегі ғылыми техникалық революция әсері туралы Б.Абишева зерттеулерін [25], темір жол кадрлары жөніндегі М.Асылбеков еңбектерін [26] айтқан орынды.

Алайда, маркстік-лениндік теориялық-методологиялық ұстанымдарды басшылыққа алған зерттеу еңбектері кеңес қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық қайшылықтарды ғылыми шешу жолын көрсетуде дәрменсіздік танытты.

1970 жылдардың ортасы мен 1980 жылдары елдегі әлеуметтік-экономикалық шиеленіс кадр мәселесінде де көрінді.

Белгіленген әлеуметтік-экономикалық дамудың бесжылдық жоспарлары орындалмады, жұмысшы кадрларын даярлайтын кәсіптік білім тұралады, инженер-техникалық қызметкерлер әлеуметтік-тұрмыс жағдайларының дұрыс шешілмеуіне байланысты өндірістен жаппай кете бастады.

1989 жылғы Жаңаөзен қаласындағы ұлт аралық шиеленіс әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың айқын көрінісі болды. Өндірістік аудандардағы экология мәселесі, еңбек ақы, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру проблемаларына шағын қалалар проблемасы мен көптеген жұмыс орындарының қысқаруы, жабылуы салдарынан пайда болған жұмыс күші миграциясы мәселесі қосылды. Оның бер жағында ірі өнеркәсіп аудандарына шеттегі қандастарымыз көптеп қоныс аударып, мәселелер шиеленісі өсе түсті. Осы проблемаларды саралап, тарихи тәжірибені теориялық деңгейде саралауға ұмтылған З.Алдамжардың «Тарих: пайым мен тағылым» атты 2003 жылы жарық көрген мақалалар жинағы жарық көрді [27].

Отан тарихындағы теориялық-методологиялық ұстанымдар туралы соңғы зерттеулерден Х.Әбжановтың «Ұлт тарихы: оны зерттеудің ұстанымдары қандай болуы керек?» атты мақаласын көрсетуге болады. Мақалада З.Алдамжар көрсеткен теориялық ойлар ғылыми дамытылып, Қазақстан тарихын зерттеудің қалыптасқан негізгі тұжырымдары ретінде: тарихты жасайтын адам, тарихты жазуда адамзат тәжірибесі мен тағлымын ескеру, тарихтағы сабақтастық әсіресе ұрпақтар сабақтастығы, ұлт тарихының гуманизмі, ұлт тарихының оптимизмі туралы методологиялық тұжырымдармен байытты [28, 118-128 б.]. Диссертациялық жұмыста бұл пайымдаулар да назарға алынды.

1899 жылы 18 қарашада Қазақстанның Қарашұңғыл мекенінде 1894 жылы Л.Н. Леман басқаратын 1-ші мұнай серіктестігі бұрғылаған 40 метр тереңдіктен алғашқы Қазақстандық мұнайды бұрқақ түрінде алды. Осы кезден бастап бір ғасырдан астам уақыт Қазақстан мұнай өнеркәсібі, оны игеруші мамандары, ұйымдастырушы басшылары туралы түрлі мәліметтер, есептер, зерттеулер жарияланып, дербес тарихнамалық тақырыпқа айналды. Тақырыптың ғылыми зерттелу деңгейі тарихи зерттеу әдісіне және әдістемелік ұстанымдарына қарай үш кезеңге сәйкес келеді. Қазан төңкерісіне дейінгі уақыттағы бірінші кезеңдегі негізгі ұстанымдар таза ғылыми ақпараттық бағытта болып, мәселенің тарихи жағы зерттелмеді. Екінші кезеңдегі зерттеу еңбектер Кеңестік тарих ғылымының дамуымен байланысты. Үшінші кезең Қазақстанның егемендігімен басталып, ұлттық төл тарихымызды қалыптастырудағы рухани сілкіністер арқылы туған соны зерттеулермен жалғасады.

Бірінші кезеңде жарияланған зерттеу еңбектер мен ақпараттық мазмұнды шолуларды саралай отырып түйіндегеніміз, ол Қазақстан жерінде мұнай өндірісінің Қазан төңкерісіне дейін қалыптасып ғылыми-ақпараттық зерттеу объектісіне айналғандығы, мұнай өнеркәсібі саласында Қазақстанның алғашқы өнеркәсіп жұмысшы табының Қазан төңкерісіне дейін қалыптаса бастағандығы, бұл салада капиталистік-өндірістік қатынастардың қалыптасуы туралы дәлелді тұжырымдар жасалды.

Жайық-Жем мұнайлы ауданының дамуына, кадрлармен толығуында және зерттеле бастауында 1935 жылы қарашада өткен КСРО Ғылым Академиясының арнайы сессиясы маңызды рөл атқарды. Сессияда арнайы баяндамаларды, академиктер И.М. Губкин, Н.С. Курнаков және қосымша баяндамаларды академиктер А.Д.Архангельский, В.Е.Тищенко, Г.А.Надсондар жасады.

«Эмбанефть» тресті басшысы Я.В.Лаврентьевтің: «Ембі» мұнай өнеркәсібін кім игеру керек? Бұнда, тек қазақ кадрларын дайындауға ғана арқа сүйеуге болады. Басқа ұлттар сияқты қазақтардың арасында да талантты, білікті адамдар бар. Сондықтан, адам тасымалын тоқтатып, ұлттық мамандар дайындауды жолға қою керек» – деген сөздері, жаңа істердің бастауының негізін қалады. Ғалымдар мен өндіріс басшыларының баяндамалары «Үлкен Жем» деген атпен екі том болып жарияланды [29].

1960 жылдары Қазақстан мұнай өнеркәсібінің экономикалық тарихы туралы ғалым-экономист Т.Шаукенбаев (1913-1985 жж.) құнды зерттеуін ұсынды. Мұнайлы өлкеде туып, Мәскеу мұнай институтын бітірген (1938 ж.) Т.Шаукенбаев өзі көп еңбек еткен Ембі кәсіпшіліктерінің экономикалық тарихын 1899-1959 жылдар аралығына дейін зерделеп, 6-бөлімнен тұратын «Жайық-Жем мұнайлы ауданы» (1960 ж.) атты монографиясын жариялады.

Кейін оны Маңғыстау мұнай кәсіпшіліктерімен толықтырып, «Қазақстан мұнай өнеркәсібінің экономикасы» (1970 ж.) атты іргелі зерттеуін ұсынды [30]. Т.Шаукенбаев еңбектерінде мұнай кеніштерінің ашылуы хронологиясын дұрыс көрсетіп, кеніштердің мұнай қоры мен өнім өндіру көрсеткіштерін анықтап, көрнекті мұнайшылар С.Зорбаев, Б.Досбаева, Р.Есқариев сияқты тұлғаларға тоқталады.

Мұнай өнеркәсібінде аз зерттелген салалар мұнай айыру өндірісі, өндірістік-территориялық кешендер ұйымдастыру және маман кадр дайындаудың сандық құрамнан сапалық биікке көтерілу мәселелері Г.Б.Каленова [31], И.К.Камешев [32], В.В.Кисляков [33] сияқты тарихшы ғалымдардың назарын аударды.

И.К. Камешовтың диссертациясындағы «Комплекс кәсіпорындарының кадр әлеуетінің қалыптасуы және дамуы» атты екінші тарауында мемлекеттік-ұйымдық тарту мен қоғамдық шақырулардың нәтижесінде Маңғыстау мұнай-газ кешенінде кадр құрамының интернационалдану процесінің тез қарқынмен жүргені нақтылы қарастырылды [32, 16-17 б.].

В.В.Кисляков өз диссертациясының «Қазақ КСР мұнай өнеркәсібінде жұмысшы кадрларының дайындалуы және қалыптасуы (1946-1970 жж.)» атты екінші тарауында мұнайшы мамандарды дайындаудағы кәсіптік-техникалық білім жүйесін жан-жақты талдайды. Жұмысшы кадрларын қалыптастырудағы колхозшылардың, әскер қатарынан босаған жастардың, орта мектепті бітірушілердің, қызметшілердің үлес салмағын көрсетеді. Сондай-ақ, партия және Кеңес органдарының ұйымдастыруымен соғыстан кейінгі жылдары жүргізілген мемлекеттік-ұйымдық тарту, қоғамдық шақырулардың мәні мен маңызын зерделейді [33, С. 16-17].

Тәуелсіздік жылдары республика экономикасының локомотиві болған мұнай-газ өнеркәсібінің тарихы жан-жақты зерттеле бастады. Т.Төлепбергенов [34], Ә.Мұқтаров [35], М.Есалиевалардың [36] диссертациялық ізденістері мұнайшылар ұжымдарындағы саяси-идеологиялық жұмыстар, 1920-1940 жылдардағы мұнай кәсіпшіліктері дамуы, 1930 жылдардағы ашаршылық пен нәубеттің мұнайшы мамандарға тигізген әсері, 1970-1990 жылдардағы мұнайшы мамандарды дайындау секілді проблемаларға арналды.

Т.Төлепбергенов «Қазақстан мұнай, мұнай-химия өндірісі еңбек ұжымдарындағы партия ұйымдарының идеялық-тәрбие жұмыстары (1976-1985 жж.)» атты диссертациясында партиялық баспасөз материалдары арқылы мұнай-химия өндірісіндегі: Атырау мұнай өңдеу зауыты, Атырау химия зауыты, Ембімұнай, Ақтөбемұнай, Маңғыстаумұнай мекемелеріндегі партия ұйымы жұмыстарын жан-жақты талдады. Ә.Мұқтаровтың «Жайық-Жем мұнай кәсіпшіліктерінің дамуы (ХХ ғасырдың 20-40 жылдары)» атты диссертациясының екінші тарауы «Жайық-Ембі мұнай кәсіпшіліктерін дамыту барысындағы ұлттық мамандарды даярлау мәселелері (1926-1940 жылдар)» деп аталып, мұнайшы маман кадрларының қалыптасу мәселелері талданады. Ұлттық мамандарды даярлаудағы фабрика-зауыт оқушылығы, мұнай техникумы және Мәскеу, Баку мұнай институттарындағы мамандарды даярлау жан-жақты көрсетілген. М.Есалиеваның «Қазақстан мұнай өндірісінің жұмысшы кадрлары (1970-1990 жылдар)» атты диссертациялық жұмысы мұнайлы өлкедегі өндірістік бірлестіктердегі мамандар құрамын талдауға арналған.

Мұнай-газ өнеркәсібі маман кадрларын даярлау проблемасы, 1990 жылдары жазылған өнеркәсіп салалары жұмысшы, инженер-техникалық кадрлары мәселелерімен сабақтастыра зерттелді. Олардың қатарында Б.Ж.Әбжаппарова [37], М.Төлекова [38], Ж.М. Асылбековалардың [39] кандидаттық диссертацияларын атап көрсетуге болады. Б.Әбжаппарова «Қазақстан инженерлік-техникалық интеллигенциясы республика өнеркәсібін дамытудағы рөлі (1960-1970 жж.)» атты диссертациясында инженер-техникалық интеллигенцияны мамандар тобына жатқыза отырып, мұнайшы мамандарды даярлаудағы Қазақ политехникалық институтында 1960 жылдары мұнайшы инженерлерді даярлайтын бөлімдердің ашылуын және кадр құрамын баяндайды. Мұнайшы инженерлер Карпов, Хисметов өнертапқыштық арқылы өндірісті жолға қою экономикалық оқудың арқасы деп қорытындылайды. М.Төлекова «Қазақстан өнеркәсіп жұмысшылары (1976-1985 жж.)» атты диссертациясында жұмысшыларды даярлаудағы кәсіптік техникалық білімнің рөлін, жұмысшылардың кәсіптік техникалық шығармашылығы нәтижесінде қоғамдық-өндірістік белсенділіктерінің өсуін баяндайды. Ж.Асылбекованың «1959-1970 жылдары Қазақстан өнеркәсіп жұмысшылары (саны және құрамы)» атты диссертациясында жұмысшылардың ұлттық құрамына, саны мен сапасына, жас және жыныстық құрамы, әлеуметтік белсенділігі талданды.

Кейін аталған зерттеулер Қ.С. Мұқитовтың [40], Л.Н. Нұрсұлтанованың [41], Г.И. Көбенованың [42], Л.С. Серикованың [43] ізденістерімен толықты.

Сондай-ақ ғасырлар бастауында Ақтөбе, Маңғыстау және жалпы Батыс Қазақстан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы зерттеулер де жарық көрді. Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі бүгінгі күндері көмірсутегі шикізаты қорын барлау, іздеу, табу, өндіру, өңдеу, тасымалдау т.б. процестер негізін біріктіретін біртұтас кешен. Сондықтан Отандық мұнай өндірісі тарихын, оның маман кадрларын көрнекті мұнайшы-ғалымдар Н.Надиров [44], Б.Қуандықов [45], Л.Қиынов [46], Б.Ізмұханбетов [47], А.Айдарбаев [48], Е.Әзербаев [49]еңбектерінсіз зерделеу мүмкін емес.

Тақырыптың деректік базасы негізін Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты, Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты, Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағаты, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясы Экономика мұрағаты, Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясы Орынбор, Астрахань облыстық мұрағаттары деректері құрайды. Деректер арасында: «Қазақ КСР индустрияландыру тарихы (1926-1941 жж.), Қазақстандағы коммунистік еңбек қозғалысы (1958-1967 жж.), «Социалистік мұнайлы Ембінің қалыптасуы» атты құжаттар жинағын да атап өтуімізге болады. Жинақ ішінде Республикада тіркелген 47 қазақ, 41 орыс тілді облыстық, аудандық газет беттеріндегі 119-құжатты деректер жарияланған, оларда мұнай өнеркәсібі мен мұнайшылар туралы деректер өте мол.

Қазақстан мұнай өнеркәсібінің қалыптасып, дамуы және маман кадрларының өсіп, жетілуі туралы естеліктер, мұражай және статистика құжаттары, баспасөз материалдары да тарихи құнды дерек ретінде алынды.



«Тұңғыш қазақ мұнайшы мамандары: саны және сапасы» атты екінші тарауда алғашқы мұнайшылардың қалыптасуындағы географиялық орналасуы, әлеуметтік жағдайы, алғышарттары, шетел мамандарының өлкедегі өндірістік қызметі мұрағат деректері арқылы сараланды.

Каспий теңізінің Қазақстандық жағалауын, яғни Ембі-Жайық өзендері аралығын өндірістік негізде барлау жұмыстары Ресей үкіметінің Орынбор-Ташкент теміржолын салу жобасымен тұстас басталды.

Тарихта Қазақстан жеріндегі бірінші мұнай серіктестігі деп аталған мекеме басында, Петербургте полковник А.Н. Леман бастауымен құрылып, 1898-1909 жылдары А.Н. Леманның Гурьев мұнай өңдеу мекемесі деп аталды.

Мекеме 1898 жылға дейін Доссор, Ескене, Қарашүңгіл, Қаратонда қолмен бұрғылау қондырғылары арқылы 60 ұңғыма қазды. 1899 жылдың басында мекеме жұмысына А.Н. Леман толық иелік етіп, бұрғылау жұмысын жандандыра түсті. Қарашүңгілде бұрғыланған тереңдігі 38-275 метрлік ұңғымалардың бірінен, атап айтқанда №7 ұңғымадан, 1899 жылы 18 қарашада 40 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы атқылады. Тәулігіне 22-25 тонна мұнай атқылаған ұңғымадан 5 мың тонна мұнай алынды. Бұл Қазақстан жеріндегі тұңғыш мұнай бұрқағы еді [50, 8 п.].

А.Н. Леман қарауында қазақ жұмысшылары да болған. Мұрағат деректерінде олардың есімдері берілген: Көккөз Бегимов, Өтебай Баймағамбетов т.б. Қазақ даласы мұнайының өндірістік игеріле бастауы Доссор мұнай кенішіне байланысты.

«Жайық-Каспий» (УКНО) қоғамы бұрғылап жатқан Доссордағы №3 ұңғымадан 1911 жылы 29 сәуірде 12 00 сағатта 732 пұт тереңдіктен (1 пұт – 0,3048 метр) мұнай бұрқағы атқылады. Бұрқақтан тәулігіне 500 000-600 000 пұт (1 пұт – 86,38 кг) мұнай шығарылды. 30 сағат бойы тынбай атқылаған бұрқақ 30 сәуір күні кешкі 620 сағатта өртеніп, күші әлсірейді. 1 мамыр күні түскі 310 сағатта бұрқақ тоқтап, ұңғыма жабылған.

Полиция мәліметі бойынша 1914 жылы Доссорда 1582 адам тіркелген, оның 1297–і ер, 285–і әйел адам. Доссор өндірісі әкімшілігі мәліметінше 1914 жылы қаңтарда 1503 адам, маусымда 1930 адам тіркелген. Ал, 1915 жылы адам саны 3 000-ға жеткен. Доссордың өзіндегі жер және киіз үйлерде 143-қазақ жанұясы, яғни 411 ер, 387 әйел адам тұрған. Доссорға жақын Жәнібек құдығында 143 жанұя, яғни 462 ер, 315 әйел адам болған. Ащықұдық және Білеулі елді мекендерінде 50 жанұя, яғни 149 ер, 133 әйел адам тіркелген.

Доссор мұнайлы бұрқағы Ембі ауданының келешегінен үлкен үміт күттіріп, оның атағын бүкіл әлемге әйгіледі.

Мұнайлы өлке дамуында Мақат ауданын барлау-бұрғылау ісімен төрт мұнай қоғамы айналысты. Олар: Жайық-Каспий мұнай қоғамы 1910 жылдан 649 метрлік бір ұңғы, «Ембі» қоғамы 1913 жылдан бастап 1839,8 метрлік төрт ұңғы, Ембі-Каспий қоғамы 1913 жылдан бастап 824,3 метрлік екі ұңғы, «Колхида» қоғамы 1913 жылдан 750 метрлік бір ұңғыда барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізген. Қажырлы жұмыстар нәтижесінде 1915 жылы 31 мамырда «Ембі-Каспий» қоғамы бұрғылаған №2 ұңғыдан 400 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы алынып, Мақат мұнай кенішінің тарихи беті ашылды.

Мақат кеніші тәулігіне 150-170 тонна мұнай берді.

Мұрағат деректерінде 1900 жылы Қазақстанда 22 680 өнеркәсіп жұмысшысы болса, мұнай өнеркәсібінде 135 жұмысшы болды. Оның саны 1902 жылы 132, 1903 жылы 34, 1913 жылы 454, 1914 жылы 486, 1915 жылы 663, 1916 жылы 486 адамға жетті.

Ембі мұнайлы ауданына Ресейден, әсіресе Баку мен Астраханнан маман жұмысшылар келді. Мұнайшылар арасында әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің пайда болуы 1911 жылғы Доссор мұнай кенішінің ашылуынан кейін қайта тіркелді.

1913 жылы «Ембі» мұнай қоғамы жұмысшылары Баку жұмысшылары ұйымдастыруымен бес күндік ереуіл ұйымдастырды. Қоғамның әкімшілігі жұмысшылар талаптарын орындауға мәжбүр болды.

1914 жылы қаңтар айында Доссорда Жайық-Каспий мұнай қоғамы (УКНО) жұмысшылары бастауымен 1500 адам қатысқан ереуіл өткізді. Ереуілді Баку және Саратов мұнайшы мамандары: кілтшілер – Федоров, Гундерн, машинист – Мартышкин, ұста – Тяжев басқарды. Ереуілшілер арасында қазақ жұмысшылары Х.Бетбенов, Б.Жұбатқанов, А.Айбаров, Т.Сартов болды [51, 50-51 пп.].

Қазақстан мұнай өнеркәсібінде 1917 жылдың басына дейін 10-ға жуық ереуілдер, бас көтерулер болып өткен. Осы кезеңде Қазақстан территориясында ірі өндірістерінде 25 мыңдай жұмысшы еңбек етуде еді. Соның ішінде, Ембі мұнай кәсіпшіліктерінде – 600-дeй жұмысшы, Қарағанды кендерінде 800, Спасск зауытында – 700-ге жуық жұмысшы болған.

Қазақстан мұнай өнеркәсібінің қалыптасып дамуында мұнай кәсіпшіліктерінде еңбек еткен шетел мамандарының қызметі ерекше.

Олардың бірі поляк, тау-кен инженері М.В.Богуш есімі мұнайлы Ембі тарихында жақсы сақталған. Ол 1877 жылы Гродно губерниясында дүниеге келген. 1898 жылы Вильнодағы темір жол училищесін бітіргесін, Гатшина қаласы темір жолында қызмет атқарған. 1907 жылы Санкт-Петербург тау-кен институтына түсіп, бітіргесін мұнайлы Ембіге жіберіледі. Басында «Колхида» қоғамында геолог көмекшісі болған М.В.Богуш 1914 жылы 20 мамырда «Ағайынды Нобельдер» мұнай қоғамы директоры М.Белякиннің сенім хаты негізінде, жергілікті басқарушы Л.И.Стенросстың жұмыста болмауы себепті басқарушы болып тағайындалды.

Бұл кездегі қоғамның жергілікті жұмысшы-мамандары; бұрғы меңгерушісі – 1, бұрғышы шебер – 1, бұрғышы шебер көмекшісі – 2, кілтшілер – 16, тартқыштар – 9, майшылар – 16, бұрғы қондырғысы жұмысшылары – 35, механикалық цех жүргізушісі – 1, оның көмекшісі – 1, ұста – 2, электрик – 1, жөндеуші – 4, жүргізуші – 4, қара жұмысшылар – 33, күзетшілер – 8, басқарушы – 1, геолог – 1, техник – 1 болды. Олардың басшысы М.В.Богуш болатын.

Доссор, Мақат кәсіпшіліктеріне қиыншылықты 1916-1920 жылдары басшылық жасаған М.В. Богуш өндіріс құрал-жабдықтарының сақталуына, соғыс кезінде орталықтан келген мамандарды тиімді пайдаланып, жұмысшы Кеңесіне көмектесті. Ол жергілікті оқу орындарына қоғамның көмегін іске асыру жұмыстарында алдыңғы орында болды.

М.В. Богуш туралы соңғы дерек Әзербайжан мұнай бірлестігі басшысы Серебровскийдің Ембімұнай тресті басшысы Р.Н. Фридманға жеделхатында көрсетілген. Жедел хатта 1922 жылы 11 ақпанда инженер М.В. Богуш безгек ауруынан қайтыс болды деп баяндалады.

Ембі қоғамына австралиялық Л.И.Лонгова бұрғы шебері қызметіне алынып, 1920 жылға дейін еңбек етеді. Дәл осы күні қоғамның жергілікті мекемесіне есепші болып 1890 жылы Рига қаласында туған латыш К.Я.Кальнинь қызметке алынады. Оның мінездемесінде Рига коммерциялық училищесін бітіргені, орыс, француз, неміс тілдерін еркін білетіні, Бакуде орыс-француз компаниясында еңбек еткені көрсетілген.

Бұл кезде бұрғы шебері жылына 1800 сом көлемінде, есепші 900 сом көлемінде айлық алған. Доссор кенішінде 1915-1922 жылдары инженер фин В.И.Линдваль қызмет атқарды. Ол Германияның Фрейбург тау-кен академиясын бітірген. Оның әйелі А.М.Линдваль Доссордағы бірінші басқыш мектебінде меңгеруші болып еңбек етті.

Үлкен Ракушадағы мұнай айдау зауыттарының қалыпты жұмыс жасауында, жаңа іске жергілікті халықты үйретуде зауыт меңгерушісі, инженер, грек. Р.Д.Фабиани көп еңбек сіңірді. Ол жұмысқа 1915 жылы 2 қыркүйекте өндіріс меңгерушісінің көмекшісі ретінде қабылданып, кейін 1916 жылы өндіріс меңгерушісі қызметіне тағайындалған.

Осы кезде Доссорда бұрғы шебері, поляк Я.Вердак, компрессор станциясының меңгерушісі, техник неміс Гартман, техник неміс Г.Лайб және инженер ағылшын А.А.Этчес, тау-кен инженері неміс Ян Ботт қызмет істеді. Тарих парақтарын ақтарған сайын мұнайлы өлкеде алғашқы мұнай кәсіпшіліктерінің ашылуы мен дамуында жергілікті халық өкілдері шешуші рөл атқарса, шетел маман кадрлары жергілікті ұлт өкілдерін техника тіліне үйретуде және жұмыс жүргізудің алдыңғы қатарлы әдіс-тәсілдерін меңгеруде көп еңбек сіңіргендеріне көз жеткіземіз.



«1920-1945 жылдар аралығындағы Қазақстанның мұнайшы кадрларының сандық және сапалық өзгерістері» атты үшінші тарауда мұнайшы мамандардың сандық және сапалық өзгерістеріндегі мол тарихи оқиғалар баяндалады.

1920 жылы 29 қаңтарда мұнай кәсіпшіліктерінде небәрі 760 жұмысшы тіркелді. Бұл есепке Қаратон, Қарашұңғыл, Жылой кәсіпшіліктерінің еңбекшілері Орталықтан ұзақтығына байланысты қосылмады. Осы 760 адамның 310-ы Доссор кәсіпшілігінде жұмыс істеді. Сөйтіп, жұмысшы қызметкерлер 1917 жылмен салыстырғанда 8 есе азайған.

Мұнай кәсіпшіліктерінің тез арада қалпына келіп, өндіріс жұмысының жолға қойылуында №11 армия әскери Кеңесі комитетінің еңбегі өлшеусіз. Себебі, олар 1920 жылы қаңтарда әскер қатарындағы мұнайшыларды арнайы іріктеп, 150 адамдық топты мұнайлы ауданға жібереді. Олар кәсіпшіліктерге 26 ақпанда жетіп, бірден іске кіріседі. Тәжірибелі мұнайшы мамандар В.Политанский біріккен мұнай комитетіне, А.Бородин, И.А. Карпов Доссор және Ракуша фабрика-зауыт комитетіне, А.Кузнецов, И.Бушев түрлі басшылық қызметтерге қойылды.

Бұл кәсіпшіліктердегі жағдайды күрт өзгертті. 1920 жылы 24 қаңтарда сайланған фабрика-зауыт комитетінің (төрағасы А.А. Соколов, орынбасары П.А.Сүлейменов) жұмыстары тез арада жанданды. Сондай-ақ бұл істе орталықтан Бас мұнай басқармасынан 1920 жылы қаңтарда келген өкіл Геновкер жұмысы да көп көмек болды. Бас мұнай комитеті Халық комиссарлар Кеңесі жанынан 1918 жылы құрылды. Комитет басшысы Н.И.Соловьев, орынбасары Г.И.Пылаев, алқа мүшелері И.Э. Гуковский, А.А.Шибинский, К.А. Махровский, С.М. Тер-Габрилиан және В.И.Лениннің ұсынысымен И.М.Губкин кіргізілді. Сондай-ақ елді мұнай өнімдерімен қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме-мұнай синдикаты ұйымдастырылды. Оны Г.И. Ломов басқарды.

Бас мұнай комитеті мен мұнай синдикаты Ембі мұнайлы ауданына ерекше көңіл бөлді. Дегенмен, кәсіпшіліктердің әлеуметтік тұрмыс мәселесі өте ауыр болды. Қаражат жоқ, тамақ және тұрмыс заттары өте аз болды. Кәсіпшіліктердегі фабрика-зауыт комитеті тығырықтан шығу үшін карточка жүйесін енгізді.

1920 жылы 24 наурызда 1-категориялы карточка алатын, яғни маман жұмысшылар саны 338 адам, 2 категориялы карточка алатын қара жұмысшылар саны 122 адам болды.

1920 жылы 17 сәуірде Халық шаруашылығы Жоғары Кеңесі өкілі ретінде № 4769 мандаты бар бас инженер С.И.Кузнецов мұнайлы өлкеге келіп, мамыр айының басында кәсіпшіліктерді өндірістік басқару үшін уақытша басқарма құрды.

1920 жылы 16 мамырда өлкеге Қорғаныс Кеңесі уәкілетті өкілі Р.Н.Фридман келді.

Рувим Наумович Фридман 1876 жылы Вильно қаласында дүниеге келген. Ұлты – еврей. 1906 жылдан бастап мұнай шаруашылығында еңбек етуде. 1919 жылдың желтоқсанында Ембі мұнай кәсіпшіліктерін қалыпына келтіру үшін басшылық жұмысқа тағайындалды. Осы жұмысты 1923 жылдың қазанына дейін атқарды [52, 1-2 пп.].

1921 жылы да Жайық-Ембі мұнай кәсіпшіліктері үшін мұнайшылар сырттан шақырылды. Ал жергілікті қазақтар өндіріске кеңінен тартылмады. Сондықтан өз республикамыздан мұнайшы мамандарын жинақтау үшін Қазақстандағы Бас Еңбек комитеті 1921 жылы 4 сәуірде соңғы 10 жыл ішінде тау-кен кәсіпшіліктерінде еңбек еткендерге мобилизация жариялады. Қаулы бойынша 7 күн ішінде тіркелген адамдар Қазақ өнеркәсіптік бюросына келуі тиіс делінді.

1920 жылғы 1 маусымдағы Жайық-Каспий мұнай қоғамының Гурьев кеңсесінің мәліметі бойынша мұнай кәсіпшіліктерінде 575 қазақ жұмысшы, қызметші және көмекші мамандар болған. Оларды тез арада техника тіліне оқытып, үйрету керек болды.

Жайық-Ембі мұнайлы ауданында кәсіптік-техникалық бағыттағы оқу орны, ФЗУ (фабрика-зауыт оқушылығы) 1924 жылы 13-қаңтарда Гурьевте «Ембімұнай» тресті базасында ұйымдастырылды. ФЗУ директоры болып трест заңгері К.К.Тушовский тағайындалды.

Ильич атын иеленген ФЗУ-ға трестен М.Г.Юдин, Е.Д.Котельников, В.П.Яковлев сияқты мықты мамандар жіберілді.

1925 жылы қыркүйекте ФЗУ Доссор кәсіпшілігінде ашылды. Томский атындағы Доссор ФЗУ-ында екі топта 43 оқушы білім алды.

1926 жылы 11 қарашада ФЗУ жанындағы курсты 16 оқушы құрылыс, пеш маманы бойынша бітірген. 1927 жылы 16 маусымда ФЗУ-дың негізгі курсын 14 оқушы техника мамандығы бойынша, 5 оқушы құрылыс мамандығы бойынша бітірді.

Гурьев және Доссор ФЗУ оқушылары жазғы демалыстарын Баку өндіріс орындарында, Еділ өзені бойында орналасқан Варинск мұнай айыру зауыттарында өткізді.

1927 жылы мұнайлы ауданда тұрақты жұмысшылардың орташа саны 1640-қа жетті. Олар Доссор, Мақатта мұнай өндірумен қатар Бекбике, Сағыз, Ескене, Байшонас т.б. кәсіпшіліктерінде бұрғылау жұмыстарын да атқарған болатын. Барлық жұмысшылар ішінде мамандығы барлар 488, яғни 25,7 пайыз болды.

Сөйтіп, ФЗО-лар 1927 оқу жылында 570 оқушы, оның ішінде 236 қазақ


қабылдаған. Оқу жылы 3 жыл болғандықтан, алғашқы мамандық алған
шәкірттер тек өндіріске 1927 жылы жолдама алған. Жеті жыл ішінде (1924-1931) 81 жасөспірім, оның ішінде 21 қазақ баласы бұрғышы, слесарь, токарь, ағаш шебері т.б. мұнай кәсіпшілігіне қажетті мамандықтарды меңгерген. Әрине, осынша жылдың ішінде не бәрі 81 жұмысшы дайындау мүлдем жеткіліксіз еді. Әсіресе, ФЗО-да оқу қазақ жастары үшін қиынға соқты. Себебі, бүкіл оқу жоспары орыс тілінде болатын.

Мұнай кәсіпшілігінде маман дайындаудың кеңірек дамыған жолы жеке-жеке оқыту, я болмаса тәжірибелі жұмысшыға бекіту, сол арқылы маман жұмысшының мамандығын игеру еді. 1928 жылдың 1 шілдесінен 1929 жылдың 1 қаңтарына дейін осындай оқумен өндіріс пен кеңседе – 67 адам, оның ішінде – 17 қазақ оқыған. Мамандық бойынша олар былайша бөлінеді: слесарь-токарь – 37, қазағы – 7; құрылысшы – 9, қазағы – 5; электро техника мамандығына – 12, қазағы – 3; кеңсе қызметі – 9, қазағы – 2. Бұлайша оқыту Доссор, Мақат сияқты ірі өндіріс орындарында ғана дамыды. 1928-29 жылдар аралығындағы 6 ай ішінде Доссор, Мақат кәсіпшіліктеріндегі 63 жас жеткіншек сынаққа түсіп, оның 61-і жоғары разрядқа ұсынылған.

1928-29 жылы Жайық-Ембі ауданында 3 кешкі кәсіптік-техникалық курстар болған еді. Оларда барлығы 163 адам оқыса, оның 78-і жастар, 8-і жасөспірімдер болатын.

Кәсіпшіліктердегі маман жұмысшылар Ресей мен Әзербайжанның мұнайлы аудандарынан келгендер еді. Олар жергілікті табиғи ауыр жағдайға шыдамай 1-2 жыл ғана жұмыс жасады. Маман жұмысшылар қатарын қазақ жастары есебінен өсіру үшін “Ембімұнай” трестінде 1928-1933 жылдарға арналған жұмысшы мамандарды қазақтандыру жоспары жасалды.

Трест бойынша 1928 жылы 1-қазанда жұмысшылардың жалпы саны 2369-адам болса, оның 1152-і қазақ болды.

Тіркелген 585-қызметшінің 34-і қазақ еді. 1929 жылы 1-шілдеде тресте 3000 жұмысшы еңбек етсе, оның 1507-і қазақ, ал 541 қызметшінің 42-і қазақ еді. Осы жылы Горпромучты 15 маман бітірсе, оның 4-і қазақ болды.

Ал профтехкурсты бітірген 21 маман ішінде жергілікті ұлт өкілдері болған жоқ. Сондай-ақ, осы жылы 17 адам басқа қалаларға кәсіптік-техникалық мамандықтарын көтеру үшін жіберілді.

Республика мұнай-газ өнеркәсібі маман кадрларын дайындау мақсатында 1930 жылы 2 мамырда Гурьевте Ф.Голощекин атындағы Тау-кен мұнай техникумы ашылды. Оқу жоспары 3 жылдық мерзімге жасалды. "Ембімұнай тресі" техникумға білікті, жоғары білімді мамандар жіберді.

Техникум директоры А.Н.Бушнев 1929 жылы КОМВУЗ-ды бітірген маман болса, оның орынбасары Ө.Исмурзин 1918 жылы Орынбор мұғалімдер семинариясын бітірген ұйымдастырушы еді. Мәскеу тау-кен академиясының түлегі, инженер Н.А.Кудрявцев директордың оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды [53, 12 п.].

1930 жылы мамыр айында техникумның дайындық тобына 40 оқушы, негізгі курсына 80 оқушы қабылданды. Техникумда оқу 3-тамызда басталды. Бастапқы кезде техникум төрт сала бойынша мамандар дайындады: 1) механикалық бөлім; 2) мұнай-газ ұңғыларын пайдалану; 3) мұнай-газ ұңғыларын бұрғылау; 4) құрылыс бөлімі.

1931 жылы геология және геофизика бөлімдері ашылды.

1933 жылы техникумды 61 маман бітірді. Оның ішінде 21-і техник-механик, 17-сі бұрғылау шебері, 14-і құрылыс шебері, 2-і пайдалану маманы. Бітірген мамандар ішінде 14 жергілікті ұлт өкілі болды. Техникумның оқу жоспары Баку мұнай техникумынан алынды. 1933-1935 жылдары техникум оқушылары Әзірбайжан мұнай кәсіпшіліктеріне оқу-өндірістік тәжірибеге жіберілді.

Оқу мерзімінің төрт жылға ұзартылуына орай 1934 жылы бітірушілер болған жоқ.

1935 жылы техникумды 43 адам бітірсе, оның 18 техник-механик, 13 кәсіпшілік технигі, 12 техник-геолог мамандар еді.

Мұнайшыларды маман ретінде даярлауда жұмысшылар факультетінің орны ерекше. Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі 1921 жылы жазда маман жұмысшыларды дайындау мақсатында Орынборда техникалық, ауылшаруашылық, жұмысшы факультеттерін ашу үшін дайындық жұмыстарын жүргізді.

1922 жылы 1 қаңтарда Орынбор және Семей жұмысшы факультеттерінде 100 қазақ жастары білім алды. Олардың үлес салмағы 17,4 пайыз еді. Жұмысшы факультеттерінде оқу мерзімі күндізгі бөліміне 3 жыл, кешкі бөлімде 4 жыл болды [54, 10-27 пп.].

Факультеттің қазақ бөлімінде мұнайлы өлкенің ондаған жастары білім алды. Олар: Ш.Жұмабаев, Т.Досқарин, С.Өтебаев, К.Басбаев, М.Исенов, С.Қарымсақов, Р.Сағындықов.

1935 жылы қарашада өткен КСРО Ғылым академиясының жалпы жиынында «Үлкен Ембі» перспективті даму жоспары жарияланып, маман кадрларға деген сұраныс өскен соң Гурьевте apнайы тау-кен академиясын ашу жоспарланды. Осы бағытта 1934 жылы 1 тамызда Ембі мұнай тресті жанынан Құрамысов атындағы мұнай рабфагі ашылып оны басқару тәжірибелі ұйымдастырушы И.А.Адаевқа (1901-1938 жж.) міндеттелді [55].

1930 жылдары мұнайлы өлкенің өз ұл-қыздары жоғары білімді мұнайшы мамандығының иесі атана бастады. Алғашқы мұнайшы инженерлер арасында тек өндіріс басшылары мен партия, кеңес қызметкерлері ғана емес Қазақстан ғылымының көрнекті тұлғалары да өсіп шықты.

Мәскеу, Баку сияқты өнеркәсіп орталықтары дайындаған мамандар 1930 жылдары мұнайлы өлке дамуына шамалы да болса көмек еді. Дегенмен, бұл оқу орындары дайындаған мамандар Ресей мен Әзербайжанның мұнайлы аудандарынан ауыспады. Өлкеміздің мол көмірсутегі қоры орталықты қызықтырғанмен, оны игеретін білгір мамандар әлі де тапшылық етті. Сондықтан Республиканың өз ішінде техникалық жоғары оқу орнын ашу күн тәртібіне өткір қойыла бастады. 1932 жылы Бүкілодақтық геология комитетінің шешімімен Семейде рабфак және мектеп-техникум базасында геологиялық барлау институты құрылды. Институт орталық геологиялық комитет тарапынан қаржыландырылғанымен, материалдық базасы нашар болғандықтан көп қаржы қажет етті. 1933 жылы 20 қыркүйекте КСРО халық комиссарлар Кеңесі Алматыда тау-кен металлургия институтын ашу туралы қаулы қабылдады. Отын өнеркәсібі комиссариаты оқу бөлімінің бас басқармасының шешімімен Семей геологиялық барлау институты 1933 жылы 28 тамызда жабылып, осы жылы 27 қыркүйекте оның 121 студенті, 9 лаборатория, 25 мың дана кітап қоры, 3 оқытушысы Алматыға ауыстырылып, тау-кен металлургия институтына қосылды. 1934 жылы 1 қыркүйекте институтта бір факультет-геологиялық барлау факультеттері, 2 мамандық: кен және кен емес қазбаларды барлау, инженерлік гидрогеология мамандықтары болды және онда 145 студент білім алды.

1933-1938 жылдары институтты Ә.Ж.Бүркітбаев басқарды. Ол Орал өнеркәсіп академиясын бітірген, Риддерде қалалық партия комитеті хатшысы, өлкелік комсомол комитетін басқарған тәжірибелі инженер-ұйымдастырушы болды. Геологиялық барлау факультетін ғалым-геолог, профессор В.А.Глазковский басқарды.

Факультетте ірі ғалымдар Н.К. Скаковский, В.П. Гуцевич, А.Ф.Войцеховский, Е.Д. Шлыгин жұмыс жасады. И.И. Бак, Г.Ц. Медоев, И.П.Новохацкий, П.М. Кошулько, И.З. Лысенко сияқты талантты ғалымдармен қатар қазақ инженер-геолог мамандары - Мәскеу тау-кен академиясы түлегі М.Х. Мамыров, Бауман атындағы МВТУ түлегі Х.Т.Бактасов, М.Н.Азербаев болашақ инженер-геологтарды даярлауға өз үлестерін қосты.

1937 жылы маусымда институтты 11 геолог, 15 гидрогеолог бітіріп шықты. Олардың ішінде диплом жұмысын Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтында қорғаған К.Бакиров болды. Ол кейін Ақтөбе мұнай-барлау тресті ғылыми-зерттеу лабораториясының директоры болды. Институтты 1938 жылы 29 маман, 1939 жылы 56 маман, 1940 жылы 88 маман бітірді. Институт түлектері еліміздің қазба байлығын зерттеп ашып, халық игілігіне айналдыруда қыруар істер атқарды.

1930 жылы Ембімұнай тресті жанынан геологиялық мекеме ашылды. Ол бірнеше бюродан тұрды. Доссор бюросын С.А. Кудашов, Мақат бюросын С.А. Лебедев, Байшонас бюросын Б.Н. Бочкаров, Қаратон бюросын А.С.Королев, Новобогат бюросын Н.В. Неволин басқарды. Оларға басшылықты С.Қарымсақов, бас инженер И.П. Смилга жүргізді. Геологиялық бюроларда 20 қолмен бұрғылайтын «Войцлов» станогы, механикалық станоктар 6 «Вирт», 1 «Ганиэль Люг» және жаңа шыққан «Крелиус» станогы жұмыс жасады.

Осы жылдары Ембі мұнайшы мамандары Ақтөбе облысы территориясындағы кен орындарын іздестіре бастады. 1929 жылы тамызда КСРО Халық Шаруашылығы Жоғары Кеңесі Ембімұнай тресті құрамында орталығы Темір етіп Солтүстік ауданды құрды.

Геолог мамандарды дайындауда біршама ілгерлеу болғанмен, мұнай өндірісі үшін маман дайындау әлі де орталықтың қолында болды.

1941-1945 жылдары Қазақстан мұнай өнеркәсібі соғыс алдындағы бесжылдықтардан мұнайды 38,8% көп өндірді. Мұнай өндіру көрсеткіші 1940 жылы 697 мың тонна, 1941 жылы 864,1 мың тонна, 1942 жылы 866 мың тонна, 1943 жылы 978,8 мың тонна, 1944 жылы 799,4 мың тонна, 1945 жылы 765,4 мың тонна болды.

Республика мұнай өндіруден КСРО-да Ресей Федерациясы мен Әзірбайжаннан кейінгі үшінші орынға шықты.

Соғыс жылдарында Ембі кәсіпшіліктерінде 5460 әйел жұмыс жасады, ал соғысқа дейін олардың саны 1880 болатын. Олардың біразы өндіріс жетекшілері ретінде аттары шықты. Мұнайшы қазақ әйелдерінің басқарушылық мектебі негізін КСРО Жоғары Кеңесінің үш мәрте депутаты, Байшонастық мұнайшы Б.Досбаева салды. Оның ұйымдастыруымен құрылған әйелдер бригадасы соғыс соңына дейін жарыс басында болып, өндірістік жоспарларын асыра орындады.

Еңбек жолдарын оператор болып бастаған Ж.Қаспаева, механикалық шеберханада жөндеуші болған Б.Дәужановалар кейіннен Қазақстанның еңбегі сіңірген мұнайшысы атанды. Доссор кәсіпшілігінің операторы Ж.Сегізәлиева Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды, Ленин және Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Байшонастық Н.Шағырова Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді.



«Қазақстан мұнайшы мамандары әкімшілік-әмірлік экономика жүйесінде (1946-1970 жж.)» атты төртінші тарауда мұнайшы мамандардың Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейін бүкіл еліміздің соғыс салған жарақатынан тез айығу үшін халық шаруашылығын бейбіт өмір талабына сай қайта құрудағы өндірістік істері баяндалады.

Қазақстан мұнай өнеркәсібін соғыс алдында Ембімұнай және Ақтөбемұнай трестері құрап, барлық барлау, бұрғылау, өндіру істерін қатар атқарса, соғыстан кейінгі жылдары республика мұнай өнеркәсібінде қомақты құрылымдық өзгерістер болды.

Барлау және бұрғылау жұмыстарымен айналысатын Қазақстан мұнай барлау, Ақтөбе мұнай барлау, мемлекеттік геофизика тресттері құрылды.

Ал ашылған кен орындарын өндірістік пайдалануға дайындайтын Қазақстанмұнай құрылыс тресті еңбек беті де осы жылдардан басталады. Мұнайлы өлкенің қарыштап дамуында Отандық геология және мұнай-химия ғылымы да айтарлықтай үлес қосты. Бұл істе Қазақстан КСР Ғылым Академиясының бірінші президенті Қ.И.Сәтбаев (1899-1964 жж.) ерекше роль атқарды.

Қ.И.Сәтбаевтың араласуымен 1946 жылы шілдеде Гурьевте Жайық-Ембі ғылыми зерттеу базасы ұйымдастырылды.

База директоры болып С.Қарымсақов (1904-1975 жж.) тағайындалды. Ол еңбек жолын 1925 жылы Доссор мұнай өнеркәсібінде коллектор болып бастаған-ды. Еңбектен қол үзбей, Мәскеу тау-кен академиясын бітірген. Мұнай өнеркәсібі мамандарының ғылымға ден қоюы, яғни өз жұмыстарында ғылыми ізденістерді кең түрде пайдалана бастауы 1956 жылы база негізінде мұнай институтының ашылуы және 1960 жылы осы институт негізінде құрылған мұнай химиясы және табиғи тұздар институты, геология және геофизика институты ғалымдарымен бірлесу негізінде қалыптасты.

Өлкемізде 1950 жылдары жүргізілген күрделі ғылыми зерттеулерге институт директорлары В.Г. Беньковский, Т.Г. Сарбаев және өндіріс ғалымдары П.Я. Авров, А.Б. Ли, М.А. Арапетян, С.Е. Шакабаев бастаған мамандар жетекшілік жасады. Ғылыми жобалар жасалып, мұнай мен газдың мол қорын табу үшін жанқиярлық күрес басталды.

1950 жылдардың аяғында осындай ізденістер жемісін беріп, ірі кен орындары ашылды.

Алғашқы кен ашушылар көшін “Ақтөбемұнай” тресті мен “Ақтөбемұнай барлау” тресті маман кадрлары бастады. “Ақтөбемұнай” тресті 1936 жылы 23 желтоқсанда КСРО Отын өнеркәсібі министрлігінің № 2022 бұйрығы негізінде құрылған болатын. Трестің алғашқы директоры Я.В. Лаврентьев, Шұбарқұдық кәсіпшілігі директоры болып И.А.Долгов, Ақтөбемұнайбарлау мекемесі директоры болып М.И.Дураков болып тағайындалды [56, 26 п.].

1950 жылдары “Ақтөбемұнай” трестін Р.Сағындықов (1904-1991 жж.) басқарды.

Еңбек жолын 1920 жылы Мақат кәсіпшілігінде жұмысшы болып бастаған Р.Сағындықов 1933-1935 жылдары Баку өнеркәсіп академиясын бітірген және Байшонас, Мақат, Қосшағыл, Жақсымай кәсіпшіліктерін басқарған болатын.

Ақтөбе облысы территориясын зерттеу қорытындысы бойынша мұнай қоры молдығынан хабардар КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі 1950 жылы қарашада “Ақтөбемұнай” тресті базасында “Ақтөбемұнайбарлау” трестін құрды.

Енді басты міндет осы мол мұнай қорын барлап, тез ашу керек делінді. Осы мақсатта тресте білгір де, ұйымдастырушы мамандар тобы жинақталды. Олар Р.Сағындықов, И.В. Сухоруков, П.Я. Авров, В.Н. Страков, А.Аввакумов, И.Б. Дальян, Г.Н. Окулов, И.П. Ермалкин, С.А. Схутин т.б.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесі қаулысымен “Ақтөбемұнайбарлау” тресті 1957 жылы 27 маусымда геология министрлігіне берілді. Осыған сәйкес трест басшылығына “Алтайтүстіметалбарлау” басқармасын басқарған И.В.Геркашин тағайындалды.

1959 жылы 25-30 мамыр аралығында Гурьевте (бүгінгі Атырау–Л.Б.) Жайық-Ембі мұнайлы аймағындағы іздестіру-барлау жұмыстарына арналған ғылыми-техникалық конференция өтті. Конференция жұмысына Қазақ КСР геология министрі А.С. Богатырев, газ бөлімі меңгерушісі П.И.Краеев, академик А.Л.Яншин т.б. қатысты. Мұнай қорының анық белгілері байқалған Батыс Мұғаджар ауданы, яғни Ақтөбеден оңтүстікте 200 км. қашықтықта орналасқан Мәртөк-Құмсай-Кенқияқ белдеуін бұрғылау жұмыстарын жүргізу мәселесі айтылды.

Барлауда жалпы бұрғылау жұмыстары нәтижесінде 1959 жылы тамызда Кенқияқ селосы тұсында Мұғаджар іздеу-бұрғылау партиясы бұрғылаған №34 ұңғыдан 20 метрлік мұнай бұрқағы атқылады.

Қазақстан мұнайшыларының, геолог мамандарының 1960 жылдардың басында қол жеткізген екінші үлкен еңбегі – Оңтүстік Ембі аймағында орналасқан Прорва кен орнын ашуы болды.

Прорва кен орнында барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізген Гурьев терең бұрғылау мекемесінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде бір жылдан соң 1960 жылы 11 тамызда алғашқы мұнай бұрқағы алынды.

Прорва мұнайы газ қосындысымен бірге алынғандықтан 1962 жылы көктемде бұрғыланған № 2 ұңғыдан мұнай мен газ бұрқағы қоса атқылап, ол жана бастады. Жанған мұнай мен газ бұрқағы биіктігі 300 метр, көлемі 40 метр болды.

Прорва мұнай қоры мен сапасы жағынан Кенқияқ мұнайынан да асып түсті. Кен орны Республикалық екпінді құрылыс аймағы деп жарияланып, оған “Ақтөбемұнайбарлау” тресті екі бригада ұңғы орнатушылар, Байшонас мұнайшылары бұрғышы мамандар жіберді.

Прорва кенішін алғаш игеруші ретінде бұрғы шебері Т.Кульгелдиев, С.Мужиев, С.Лаптин, К.Досанов, Ю.Филлипов, геологтар К.Айтбаев, С.Сүлейменов, бұрғы құрастырушы Д.Жолмағанбетов, ұңғыларды сынақтан өткізуші шебер Ж.Жұмағалиевтер есімдері аталды.

1957 жылдардан бастап, Ембі барлау-бұрғылау мамандары Жайық пен Еділ өзендері арасындағы Мартыши, Камышитовый кен орындарын геологиялық зерттеп, сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізе бастады.

1962 жылы Мартыши кен орны ашылды. Кенішті алғаш ашушылар геофизик Д.М. Далаков, Мақат барлау-бұрғылау экспедициясы бастығы С.Балғымбаев, бас геолог С.Құрманов, бұрғы шеберлері Ш.Бармақов, А.Смадияров, Т.Молдағалиев, бұрғышылар Н.Сисеналиев, И.Шубаев, Х.Қапсалықов, машинистер А.А. Дикарев, Н.Тайшевтар болып еді. 1960 жылдары Қазақстан мұнайшы мамандарының атын шығарған ірі кен орны – Маңғыстау түбегі еді. Маңғыстау түбегінде барлау жұмыстары үшін Маңғыстаумұнайгазбарлау кешенді тресті одақтық Мұнай министрлігінің 1957 жылғы 5 қаңтардағы қаулысы негізінде және “Қазақстанмұнайгаз” бірлестігінің сол жылғы 8 сәуірдегі бұйрығымен құрылды. Алғашында ол трест атанып, басқару аппараты Форт-Шевченко қаласында орналасты. Ұжымды инженер О.Бердіғожин басқарды. Жаңадан ұйымдасқан трест геологтары Маңғыстаудың Бозашы бағытында, Түбіжік, Қазан, Ақшымырау, Қошақ, Қаршажы-Тасбас т.б. өңірлерін бұрғылады. Барлау аясы біртіндеп кеңіп, Жетібай, Асар, Өзен атыраптарына ауысты.

Маңғыстауда барлау-бұрғылау жұмысын бастаған уақытта трест басшы құрамы төмендегідей болды. О.Бердіғожин – директор, Б.И. Баранов – директор орынбасары, В.М. Ким – бас есепші, А.Хисметов – бас инженер, Н.А. Суворов – бас механик, В.Токарев – бас геолог, В.М. Власов – өндіріс-техникалық бөлім бастығы.

Трест мамандары бастапқы кезде Маңғыстаудың үш жеріне бұрғы салып, өз жұмыстарын бастады. Әр бағытқа арнайы бұрғышылар партиясы бөлінді. Бірінші, Түбіжік бағытына № 1 терең бұрғылау партиясы бекітілді. Партия басшысы Қ.Қазиев, аға геолог Ж.Даутов, К.Есенжанов есепші, шеберлер К.И. Бураков, А.Д. Александров, аға механик И.Н. Зотов. Екінші, Жетібай бағытына № 3 партия бекітілді, партия басшысы Д.Үсенов, есепші Жұмажанов, Таджиев – механик, Х.Алдаков аға инженер, В.Н. Тевяков аға геолог, шеберлер Рыскалиев, Щедрин. Үшінші, Қызан бағытына № 4 партия бекітілді. Партия басшысы Х.Тажиев, есепші Сисенов, механик Шульц, аға геолог Б.Исмурзин, И.Кузнецов – бұрғы шебері, шаруашылық бөлім басшысы Тұрғымбаев.

Трестің мұнара құрастыру бөлімін П.Д.Цепов, шеберхана бөлімін К.М.Болдыров басқарды [57, 15-16 пп.]. Трестің негізгі мамандар тобын Ембі мұнайшылары құрады. Бұрғылау жұмыстары басталысымен жергілікті тұрғындарды кадр дайындау үшін бұрғышы көмекшісі, мотарист, кілтші т.б. арналған Таушық мектебі түлектерінен арнайы курс ұйымдастырылды. Курсты Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын бітірген, инженер Х.Тәжиев жүргізді. 1958 жылы курсты 30 жас маман бітірді. Х.Тәжиев мұнайшылар жанұясында тәрбиеленген, еңбек жолын Құлсары бұрғылау мекемесінде бастаған. Кейін Жетібай бұрғылау экспедициясының басшысы, трест бас инженері болды.

Бұл кезде Жетібай партиясы 1959 жылдың 24 қаңтарынан екі ұңғыны бұрғылауда болатын.

Бірінші ұңғыны шеберлер Ю.Кузнецов пен Ж.Тұқатов, бұрғышылар К.Қалиев пен Н.Петров басқарса, екінші ұңғыны С.Рысқалиев бригадасының мамандары Қ.Қожахметов, Ә.Жақсымбетов, Б.Бижеков, Ж.Тақжинов бұрғылады.

1960 жылдың ақпаны аяғында № 2 ұңғы 1715 метр тереңдіктен мұнай қабатына жетті, кейін № 1 ұңғы да мұнай қабатына жетті. Бұл көрсеткішке кейінірек № 6 ұңғы да жетті. № 6 ұңғыны шебер Н.Петров басқарды. 1961 жылы 5-шілдеде таңғы сағат төртте №6 ұңғыда биіктігі 53 метр, көлемі 300 метр мұнай мен газдың қуатты бұрқағы атқылады. Бұрқақ 7 шілде күні 12 сағатта ауыздықталды. Жетібайдың Оңтүстік Шығысындағы 80 км. жерде орналасқан Өзен бағытында да бұрғылау жүргізіліп жатқан болатын. Оны жүргізген структуралық барлау партиясына М.Қайырлиев жетекшілік жасады.

1961 жылы 5 қаңтарда № 18 ұңғыдан 367 метр тереңдіктен Өзен мұнайының бастауы болған табиғи газ бұрқағы атқылады. Ұңғыны шебер Ғ.Абдыразақов бригадасы бұрғылаған болатын. Бұдан кейін 1961 жылдың аяғында № 1 ұңғыда 1248 метр тереңдіктен мұнай бұрқағы алынды. Өзен мен Жетібай мұнай-газ бұрқақтары Маңғыстау түбегінің мұнай мен табиғи газға бай екенін көрсетті.

1960 жылдары мұнайшы әйелдер техник маман ретінде танылып қоймай, өндіріс жетекшісі ретінде де аттары шықты. Қазақ әйелдерімен бір сапта өзге ұлт өкілдері де көмірсутегі қорын игеруге атсалысты. Қазақ жері оларды жатсынбай, өз ортасына алып биік тұғырға көтерді. Т.А. Хан, В.А.Шилина, А.Мельникова, Н.В.Столыпина сияқты мұнайшы мамандар әртүрлі ордендермен марпатталып, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі депутаттығына дейін көтерілді.

Өндіріс жетекшілері КСРО Жоғары Кеңесі депутаты Б.Досбаева, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі депутаты Б.Жұмағалиева, қазақ мұнайшылары ішінен Социалистік Еңбек Ері атағын алған Н.Шағырова есімдері әрқашан ұрпаққа ұлағат.



«1970-1990 жылдардағы Қазақстан мұнай газ өнеркәсібі маман кадрлары: кәсіби-әлеуметтік келбеті» атты бесінші тарауда жаңа келбетті Қазақстандық инженер-техникалық мамандардың мұнай өндірісін сандық және сапалық биіктерге көтеруі, әлем таныған Қазақстандық мұнайшы әулеттері тарихы баяндалады. “Қазақстанмұнай” бірлестігінде 1966 жылы 1-қаңтарда 15 536 маман еңбек етті.

Оның ішіндегі: жұмысшылар – 11971, инженер-техниктер – 1794, қызметшілер – 604. Бірлестікте 137 жас маман жоғары және орта арнаулы оқу орнына жіберілді. 117 жас маман басшы лауазымдарға жоғарлатылды. 1966 жылы 1-қаңтарда 609 адам, маман жұмысшы ретінде дайындады, 1454-қызметкер мамандықтарын жетілдіру курстарынан өтті. Кәсіптік білім жүйесіне 184 жас жіберілді. Осы кезеңде еліміздің жоғары және орта арнаулы оқу орындарында бірлестік қаржысы есебінен 97 адам білім алып жатты. 1960 жылдары бірлестік инженер-техникалық мамандары өнертапқыштық ғылыми жобаларын өндіріске көптеп енгізе бастады. Ол өнім көлемін арттырды [58, 175-176 пп.].

1973 жылдан бастап “Маңғыстаумұнайгазбарлау” тресті өз жұмысын Бозащы түбегінде кеңейте түсті. Оның нәтижесінде 1974 жылы Қаражанбас, 1975 жылы Солтүстік Бозащы, 1976 жылы Қаламқас, 1976 жылы Жалғызтөбе, 1979 жылы Арман, 1979 жылы Шығыс Қаратұрын, 1980 жылы Теңіз Қаратұрын кен орындары ашылды.

Аз уақытта түбекте әртүрлі деңгейдегі 59 кен орыны ашылып, пайдалануға берілді.

Ембі мұнайшыларының, инженер-техникалық кадрларының үлгі-өнегесі арқылы түбекте өзіндік мұнайшы мамандар қалыптаса бастады. Бұл істе 1965 жылы күзде Өзен оқу комбинаты ұйымдасты.

1966 жылғы 19 ақпанда “Қазақстанмұнай” бірлестігінің № 74/11 бұйрығы бойынша оқу комбинаты бірлестік құрамына кіргізілді. Осы бұйрық негізінде және оқу комбинатының № 1 бұйрығымен комбинат директоры болып Т.Петрова тағайындалды.

Комбинат 1990 жылға дейін «Маңғыстаумұнай» бірлестігі үшін 41 991 – маман, «Өзенмұнай» басқармасы үшін 2742 – маман даярлады [59, 17 п.].

Маңғыстау түбегінде дүниеге келген, мұнай-газ өнеркәсібінде іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көрінген маман-кадрлардан КСРО Жоғары Кеңесі депутаты Н.Бекбосынов, Қазақстан Республикасы энергетика және минералды ресурстар министрлігінің вице-министрі Л.Қиынов, Х.Ережепов, М.Әбілханов, Т.Айдарханов, Ә.Бүркітбаев, Қ.Талабаев, С.Қырымқұлов, С.Ноғаев, Д.Әріпов, Ж.Жаңғазиев, М.Құрбанбаев, Қ.Келжанов, С.Керелбаев сияқты азаматтар өсіп шықты.

Маңғыстаудың мол мұнайынан кейін, кәрі Ембі топырағы да бір сілкінген уақыт та жақындады. Бұл әлемдік маңызға ие Теңіз кеніші еді. Каспий маңы ойпатын зерттеумен "Ембімұнайгаз" бірлестігі, "Саратовмұнайгеофизика", "Ембімұнайгеофизика", "Нижневолжскмұнай" тресттері және ғылыми-зерттеу институттары сынды бірнеше еңбек ұжымы айналысты.

Қазақстандық белгілі ғалым геологтар Ж.Досмұқанбетов, С.Шақабаев, Т.Жұмағалиев, т.б. еңбек ұжымдарының барлау қорытыңдыларын талдап, Қаратон-Прорва аумағының (оның ішінде Теңіз аумағы – Л.Б.) мұнай қорына бай екенін дәлелдеді.

"Саратовмұнайгеофизика" тресі 1976 жылы Теңіз аумағына сейсмикалық-барлау жүргізіп, алаңды терең бұрғылау жұмысына дайындады. 1979 жылдың 17 қарашасы мен 1980 жылдың 17 қаңтары аралығында № 1 ұңғыда арнайы сынақ байқауы жүргізіліп, нәтижесінде мұнай бұрқағының қосындылары алынды.

1980 жылдары ашылып, пайдалануға берілген әлемдік маңызы жағынан екінші кен орны – Қарашығанақ. Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданына қарасты Қарашығанақ жерінен 1979 жылы Ірі мол қоры бар газ кен орны ашылды [60, 93 п.].

Бұл жылдары Ақтөбе облысы территориясында да геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде “Октябрьмұнайбарлау” экспедициясы Жаңажол кен орнын тапты.

Жаңажол кен аймағында сынақ барлау, бұрғылау жұмыстары 1981 жылы жазда басқарманың бас геологы Б.Г. Есенғалиевтің басшылығымен жүргізілді.

1982 жылы бұрғылау, пайдалану жұмыстарына КАЗНИГРИ мамандары тартылып, авариясыз ұңғы пайдалану жұмыстары істеле бастады.

1983 жылы қаңтарда № 163 ұңғыда мұнай бұрқағы алынды. Ұңғыны пайдалану жұмыстарына басқарманың геология бөлімі басшысы А.М.Ребров, бас геолог А.Баймурзин, № 1 цех геологы Р.А. Махмудов қатысты.

Бұрғылау жұмыстарына “Октябрьмұнайбарлау” басқармасы бұрғылау бригадаларының басшылары Ю.А. Шукшев, В.В. Беннер, А.И. Лопухов, С.В.Зайкин жетекшілік етті.

1987 жылы алғаш рет Жаңажол кен орнында № 2407 үңгі қазылып, одан мол кеннің қоры табылды. Тәулігіне 240 тонна мұнай өнімі игерілді.

Мұнай-газ кен орындарын барлаушылардың 1980 жылдары қол жеткізген табыстары ішінде Оңтүстік Торғай өңірінен Құмкөл мұнай-газ кенішін ашуы еді.

1983 жылдың орта шенінде Тұран геофизикалық экспедициясы 1100 метр тереңдіктен мұнай қорына жетті. 1983 жылдың аяғына дейін Құмкөл өңірінен 15 мұнай-газ кендері ашылды. Құмкөл мұнай-газ кен орындары бастапқы кезде әкімшілік баланысы жағынан Торғай (Жангелді, Амангелді аудандары), Жезқазған (Ұлытау, Жезқазған аудандары), Ақтөбе (Ырғыз ауданы) облыстары жерінде болды. Алғашқы мұнай бұрқағы 1984 жылы қыста Я.Т. Камалутдинов бұрғышы бригадасы үлесіне жазылған.

Жезқазғаннан Оңтүстік батыста 230 км. және Қызылордадан Солтүстікке 200 км. қашықта орналасқан Құмкөл мұнай-газ кен орындарын игеру 1988 жылы Н.Бекбосынов бас директор болған “Маңғыстаумұнайгаз” өндірістік бірлестігі құрамында “Құмкөлмұнай” басқарманың құрылуынан бастау алады.

Қызылорда қаласында орналасқан “Құмкөлмұнай” басқармасын М.Саламатов басқарды. Бас инженер Ж.Н. Жалғасов, бас геолог К.Д.Айдарбаев болды.

Ірі мұнай кен орындарының ашылуы және оны өңдеу өндірісінің шапшаң дамуы маман кадр даярлау проблемасын өткір қойды.

Сондықтан мұнайшы мамандарды даярлау өндірістік-техникалық оқыту, тікелей өндіріс басында оқыту, кәсіптік-техникалық оқу түрлеріне тарту, одақтас республикалардан мамандарды мемлекеттік ұйымдық тарту арқылы жүрді.

1965-1985 жылдары республиканың 30 пайыз маман жұмысшылары кәсіптік білім жүйесі арқылы, 70 пайыз жұмысшылар өндірісте оқыту арқылы даярланды.

1966-1977 жылдары республикада 59 кәсіптік-техникалық училище ашылды. Ал, олардың саны 1960 жылы 270 болып, онда 73 500 жас білім алса, 1985 жылы тіркелген 482 кәсіптік техникалық училищеде 263 100 адам оқыды.

1970 жылдардың ортасы мен 1980 жылдардан бастап мұнай-газ өнеркәсібіне жергілікті халық өкілдерін маман кадр ретінде даярлау, оларды тұрақты жұмыс орнымен қамтуда келеңсіз жайлар қалыптаса бастады.

Оның бастысы: 1) Одақтас республикалардан мамандарды мемлекеттік ұйымдық тартудағы көрсеткіш сұраныстан асып кетті.

1962-1965 жылдары Қазақстан өнеркәсібіне 112400, 1971-1975 жылдары 30462 маман келді.

1934 жылы мұнай өндірісінде қазақтар үлесі 73,8 пайыз болса, 1977 жылы 4134 маман, яғни 22,5 пайыз, 1983 жылы 4303 маман, яғни 22,8 пайыз көрсеткішті әрең құрады.

Әсіресе, Маңғыстау түбегіне Әзірбайжаннан, ал Теңізге Волгоградтан, Қарашығанаққа Саратов т.б. облыстардан келгендер жыл сайын көбейді.

2) Мұнай-газ кен орындарын игерудегі вахталық жұмыс әдісі қолданылды. 1990 жылы теңіз кенішінде 27 мың вахталық әдіспен еңбек еткен мамандар болса, оның 19 мыңнан астамы басқа республикалардан келді. Мұнай-газ өнеркәсібінің тікелей Одақтық министрлікке бағынуына байланысты бірінші кезекте әлеуметтік-тұрмыстық жағдай сырттан келгендерге жасалды. Бұл кезде республикада 1985-1990 жылдары 16-30 жас аралығындағы 325 мың жұмыссыз болды. Оның ішінде мұнайлы облыстар: Атырауда 9,1 мың, Оралда 7,9 мың, Ақтөбеде 8,6 мың жұмыссыз тіркелді.

Инженерлік-техникалық мамандар санының өсу процесінде ұлттық кадрлар саны аз еді. Себебі: 1) Мамандар көршілес Республикадан шақырылды; 2) Жергілікті халық ауылдық жерде орналасты; 3) Техникалық оқу орнында оқу үрдісі орыс тілінде жүргізілді.

Дегенмен, аталған кезеңде Қазақстан жерінен бір ғасырдан асатын уақыт мұнай-газ кені өндіріліп, еліміз әлем таныған ірі көмірсутегі қорына бай елдер қатарына енді. Осынау ерен еңбекке толы 110 жылдық тарих беттерінде әлем таныған қазақстандық мұнайшы әулеттері қалыптасты. Олардың арасында алғашқы қазақ мұнайшы әулеттері: Шырдабаевтар, Өтебаевтар, кейінгі 1920 жылдардан бастау алатын Бердіғожин, Құдабаев, Балжанов, 1950 жылдардан өндірістік қызметін бастаған Балғымбаев, Өтесінов, Марабаев, Мырзағалиев және одан кейінгі жылдары орныққан Сағытжанов, Қуандықов, Кемелов, Бешімов, Сағынғалиев, Нұрсұлтанов мұнайшы әулеттері мұнай өндірісінің инженер-техникалық маман кадрлары әлеуетін арттыруда ерекше үлес болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет