Бердіғожин лесқали базарғалиұлы қазақстанның мұнай-газ өндірісі саласындағы жұмысшы, инженер- техникалық кадрларының қалыптасуы және өсуі



бет1/3
Дата04.03.2016
өлшемі0.67 Mb.
#39843
түріДиссертация
  1   2   3
ӘӨК 94 (574):377.4:665.6 "1890/1990" (043) Қолжазба құқығында


БЕРДІҒОЖИН ЛЕСҚАЛИ БАЗАРҒАЛИҰЛЫ


Қазақстанның мұнай-газ өндірісі саласындағы жұмысшы, инженер- техникалық кадрларының қалыптасуы және өсуі (1890-1990 жж.)

07.00.02 - Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы)

Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертация



АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

О

рал, 2009

Жұмыс Қызылорда «Болашақ» университетінің «Тарих және қоғамдық пәндер» кафедрасында орындалды

Ғылыми кеңесші: тарих ғылымдарының докторы, профессор

Т.З. Рысбеков
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы, профессор

К.Л. Есмағамбетов

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Н.А. Абдуллаев


тарих ғылымдарының докторы, профессор

Т.С. Садықов


Жетекші ұйым: Евразия гуманитарлық институты

Диссертация 2010 жылы «27» ақпанда сағат 10.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162) жанындағы БД 14.61.26. Біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2009 жылы « » қаңтарда таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,

т


арих ғылымдарының докторы Б.Г. Шинтимирова

Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Қазақстанның ауыр өнеркәсіп салаларының бірі мұнай-газ өндірісі маман кадрларының қалыптасу және өсу жолдарын зерттеуге арналған. Диссертацияда 1890 жылдардан бастау алатын отандық мұнайшы мамандардың қалыптасу процесі, бұл істегі көршілес республикалар мен шетел мамандарының қызметі, алғашқы ұлттық жұмысшы, инженер-техникалық кадрларды дайындау жолдары және олардың сандық және сапалық көрсеткіштері, жас және жыныстық құрамы зерделенеді. Мұнайшылардың ел дамуына қосқан ерен үлесі, олардың қоғамдық, өндірістік белсенділігі, мұнайшы мамандарын дайындайтын оқу орындарының қалыптасуы және дамуы, атадан балаға мирас болатын еңбек дәстүрі – мұнайшылар әулеттері тарихы, жалпы жаңа келбетті ұлттық мұнайшы мамандарын дайындау ісі жан-жақты қарастырылады.

Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан мемлекеттілігінің жаңа жағдайда дамуы мен нығаюы қоғамда, оның ішінде тарих ғылымында жаңа танымдық көзқарастардың орнығуына, халықтың тарихи даму жолын бағалауда терең де шынайы ой-пікірлерге негізделген зерттеулерге, жаңа тұжырымдарға жол ашты. Оның үстіне жүздеген жылдар бойы бодандықта өмір сүруі қазақ халқының тарихының бұрмалануына, отарлық саясаттың объектісі тұрғысынан қарастырылуына әкелді.

Мұның өзі зерттеу тақырыбының өзектілігін, өз тарапында оның ғылыми, қоғамдық-практикалық сұраныстан туындап отырғанын анықтайды.

Қазіргі кезеңде біздің еліміз үшін дүниежүзілік озық тәжірибеге негізделген индустриялды-инновациялық стратегияны қалыптастырудың маңызы өте зор. Дамыған өркениетті елдердің барлығы белгілі бір тарихи кезең бойында физикалық еңбекті қажет ететін өңдірістен капиталды, технология мен ғылымға негізделген өндіріске дейінгі жолдан өтті. Қазақстанға да осындай жолдан өтуге тура келеді. Шикізатқа ғана бағыт ұстаған ел болып қалмаудың амалы ғылым мен техниканың жетістігіне, жоғары технологияға сүйенген дүниежүзілік стандартқа сай сапалы өнім өндіретін өнеркәсіп орындарын дамытуға оның өзі заманауи мамандарға тікелей байланысты.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз» [1], – деген болатын. Ғылыми-техникалық прогрестің, технологиядағы өзгерістердің сұранысы және перспективаларын жетік білетін, еңбекті ұйымдастыру мен өнім сапасын әлемдік үлгіде жолға қоюға қабілетті, ой-өрісі кең, парасатты мамандар қажет екендігінің маңызы күн өткен сайын арта түсуде. Қазақстанда білікті мамандарды дайындау процесі ұзақ жолдан өтті. 1921 жылдың ақпан айында Қазақ Автономиялық Республикасы үкіметі кәсіптік техникалық білім берудің бас комитетін құрды. Осы жылы кәсіптік оқу орындарының саны 30-ға жетіп, оларда 2000 жас оқыды.

1930 жылдары ұлттық мамандарды дайындаудағы оң өзгерістер Кеңес үкіметінің «іс тетігін кадрлар шешеді» деген партиялық ұранына байланысты басталды. Мұнайлы өлкеде 1930 жылы алғашқы Мұнай техникумы ашылды. Қазақ жастары үшін инженер кадрларын даярлайтын қазақтың кен-металлургия институты ашылды. Мұнайшы қазақ инженерлерін дайындауда алғашқы талпыныс – мұнайшы-жұмысшы факультеті дүниеге келді. Талантты қазақ жастары Мәскеу, Ленинград, Баку мұнай институттарына, өнеркәсіп академияларына жіберілді.

1960 жылдары Қазақ политехникалық институтының негізі қаланып, мұнайшы инженерлер дайындайтын мамандықтар ашылды. 1970-1990 жылдары мұнайлы өлкеде Жаңаөзен мұнай техникумы, Атырау мұнай-газ институты, Ақтау политехникалық институты ұйымдастырылды.

Мұның өзі Кеңес үкіметінің, әлеуметтік саясатына байланысты орын алған кемшіліктерге, ұлттың саясатындағы келеңсіз жағдайларға, материалдық өндіріске басты бағыт беруіне қарамастан, мұнай-газ саласын мамандармен қамтамасыз етуде бай тәжірибе жинақтағанын көрсетеді. Оны ыждағатты түрде зерттеп, пайымдаудың озық жақтарын бүгінгі күннің қажетіне орай пайдаланудың практикалық маңызы ерекше. Ұрпақтар сабақтастығын, өндірістік дәстүрлер жалғастығын қамтамасыз ету тұрғысынан да зерттеу тақырыбы өзекті, ол мұнайшылардың жаңа буынын қалыптастыруға, оларға ұлтжандылық тәрбие беруге көмектеседі.

Ұлттық экономиканың негізі мұнай-газ өндірісі саласын әлемдік деңгейде дамытып, бәсекеге қабілетін арттыруда Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы №1096 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы» қабылданды [2, 25 б.]. Мұнай-газ өндірісі саласын кешенді, әлемдік стандарттар негізінде дамыту бағдарламасының негізі жан-жақты дайындалған мамандарды дайындау. Осы мақсатта Атырауда шетел инвесторларының көмегімен мұнайшылар үшін кәсіптік білім жүйесі қалыптастырылды. 2007 жылы «Теңізшевройл» кәсіпорыны Құлсары қаласында арнайы маман дайындайтын оқу орындарын салды.

Бүгінгі күннің міндеттерін әрқашан жаңа тәсілмен шешу жеткіліксіз. Отандық мұнайшы мамандар дайындаудың мол тәжірибесі мен тағылымдық сабақтарын пайдалану мәселенің өзектілігін арттыра түседі.

Мәселенің көкейкестілігі бұрынырақ мұнайшы мамандар туралы хронологиялық, тақырыптық тұрғыдан шектеулі еңбектердің жарық көргенімен, бір ғасырдан астам уақытқа созылған, қарама-қайшылығы мол үрдіске арналған жинақы және тыңғылықты еңбектің болмауынан туындап отыр. Біздің мақсатымыз – әр кезеңдерде жазылған еңбектердегі қайшылықтар мен көзқарастарды және мәселенің кейінгі кездегі тарихи-танымдық дамуын саралап, мұрағаттық және басқа да деректер негізінде ой қорыту.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстан жерінен мұнай-газ кендері ашылып, өндіріле бастағанына 100 жылдан аса уақыт аралығында, көптеген зерттеулер жарық көріп, маман-кадрлардың қалыптасуы жөнінде түрлі көзқарастар айтылып, оның тарихнамалық проблемаға айналғанына қарамастан арнайы сараптамалық еңбектер жарық көрмеді. 1917 жылға дейінгі еңбектер проблеманың тарихнамасын қалыптастыра қойған жоқ. Ресей басылымдарындағы және жергілікті баспасөздегі материалдар ақпараттық бағытта баяндалды. Қазақстандық мұнайшы мамандар тарихының тарихнамасының қалыптасуына өткен ғасырдың 20 жылдары жарық көрген С.Шарипов еңбектері үлкен рөл атқарып, кейінгі зерттеулерге елеулі ықпал жасады [3].

С.Шариповтің жергілікті материалдар негізінде жазылған «Доссор және ұлттық мәселе», «Жұмысшылар өмірінен», «Қазақстандағы маман жұмысшыларды дайындау мәселесі», «Мұнай өндірісі», «Эмбанефті» атты мақалаларында мұнай өндірісін дамытудың негізі ұлттық жұмысшы кадрларын дайындауға байланысты екені тұжырымдалады. Алайда кеңестік тарихнамаға мұндай пікірлер қайшы келді, оның орнына мұнай кен орындарын ашудағы Орталықтың көмегі, партия мен кеңес органдарының қызметі дәріптелді. Кеңестік жүйе талаптары, әсіресе, Е.И.Сауткиннің [4] және Қ.Е.Темірғалиевтің [5] еңбектерінде ерекше көрініс тапты. Дегенмен, олардың еңбектерінде мұнайшы мамандар туралы фактологиялық материалдар мен кейбір пайымдаулары әлі күнге дейін ғылыми құндылықтарын жоғалтқан жоқ.

Е.И.Сауткиннің анықтауынша Қазақстанда мұнайшы мамандарды дайындау көздері басқа мұнайлы аудандарға қарағанда өзгешелеу болған. Кеңес Одағының басқа мұнайлы аудандарында жоғары білікті мамандар тікелей сол өндірісте істейтін жұмысшылардан, ал Қазақстанда олар құрылыс, теміржол салаларындағы жұмысшылар есебінен дайындалды. Оның себебін Е.И.Сауткин Қазақстанда мұнай кеніштерінің шалғай орналасуымен және өндіріске тартылған жергілікті жұмысшылардың сауатсыздығымен байланыстырады. Осыған байланысты ол жалпы маман дайындау ісіндегі кәсіптік білімнің рөлін жоғары қояды [4, с. 99].

Қ.Е.Темірғалиев өз еңбегінде мұнайшы кадрларды тұрақтандыру мәселесіне назар аударады. Зерттеуші әлеуметтік тұрмыс мәселелерінің дұрыс шешілмеуінен еңбегі ауыр мұнай өнеркәсібінде мамандар тұрақтамады деген қорытындыға келді [5, с. 69]. Ұлттық мұнайшы кадрларды дярлаудағы сандық және сапалық өзгерістерді өндірістің басқа салалары мамандарымен салыстыра отырып, зерттеген А.Н.Нүсіпбековтің [6] монографиясы Қазақстан тарих ғылымында кадр мәселесін зерттеудегі өзіндік ерекшеліктермен көзге түсті. Автор мұнай өндірісінде маман жұмысшылар қалыптасуында демографиялық, географиялық факторларға мән беріп, мұнай кеніштері орналасқан аудандарда жергілікті халық көп қоныстанғандықтан, ұлттық маман кадр дайындау жеңіл болды деп көрсетіп, мұнай өндірісі жұмысшыларының жас және жыныстық құрамын, әйел қызметкерлердің өндіріске тартылу процесін көмір, руда өндірістерімен салыстыра отырып зерттейді [6, с. 196, 212].

Осы жылдары жарық көрген Қазақстан темір жол саласы кадрларын зерттеген М.Х.Асылбековтің монографиясында да салыстырмалы зерттеуге қажетті кейбір мағлұматтар ұшырасады [7].

Кеңестік дәуірдегі тақырып бойынша тарихи ой-пікірдің дамуын түйіндеп көрсек, мына мәселелерді жинақтап айтуға болады:

Біріншісі – мұнай өндірісі туралы мұрағат деректеріне негізделген көлемді еңбектердің жазылуы. Екіншісі – материалдарды сұрыптау мен пайымдауда таптық принципті басшылыққа алған маркстік методологияның танымдық деңгейінің бір жақтылығы, нәтижесінде ұлттық маман дайындаудағы шектеуліктер, орталықтың өктемдігі, 1920-1930 жылдардағы өлкедегі аштық пен нәубеттің әлеуметтік-демографиялық салдарына байланысты тақырыптар айтылмады. Қазақстандық өндіріс салаларының кадр мәселесіне арналған С.К.Игибаевтың [8], А.Ш.Алтаевтың [9], Н.А.Абдуллаевтың [10], М.Ж.Таше-новтің [11] монографиялық, диссертациялық еңбектерінде де зерттеу тақырыбына қатысты материалдарды кездестіреміз. Оларда білікті инженер-техник мамандардың өндірістен партиялық номенклатура бойынша кеңес, комсомол, кәсіподақ жұмыстарына жіберілуі, мемлекеттік ұйымдық тартудың негізсіздігі, вахталық жұмыс әдісі, кәсіптік техникалық оқу орындарының жабылуы көрсетілді.

Ұлттық кадрларды дайындауда орын алған мұндай кемшіліктер тәуелсіздік алғаннан кейін ашық айтыла да, саралана да бастады.

Осы кезеңде тақырыпқа қатысты жарық көрген Ә.Мұқтардың [12] еңбегінде 1920-1940 жылдардағы мұнай өндірісі саласы жұмысшыларын, техникалық мамандарын даярлау тарихының жетістіктерімен қатар аштық пен нәубеттің демографиялық салдары тың деректер арқылы баяндалса, А.Нұрсұлтанованың зерттеулерінде қазақ мұнайшы мамандарының революцияға дейінгі және одан кейінгі жылдардағы әлеуметтік жағдайы, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезіндегі жанқиярлық еңбектері жаңаша талданады [13].

Осындай біршама зерттеулердің жарық көруіне қарамастан, бір ғасырдан астам тарихы бар қазақ мұнай-газ өндірісінің қалыптасу және даму ерекшелігі жергілікті тұрғындарға тигізген әлеуметтік-экономикалық ықпалы мәселесін бір-біріне сабақтастыра қарастырып келе жатқан ғалымдар еңбектеріндегі қайшылықты пікірлерді бір арнаға түсіре отырып, бұл саладағы ұлттық маман кадрларды дайындау тарихын жаңа методологиялық ұстанымдар мен материалдар негізінде зерттеуді қажет етеді.



Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысы Қазақстан мұнай-газ өндірісі маман кадрларының қалыптасу және өсу тарихын жаңа теориялық-методологиялық концепция негізінде қарастыруды мақсат етіп қояды. Осыған орай мынадай міндеттер белгіленді:

– мұнайшы маман кадрларға қатысты тарихи зерттеу еңбектерін тарихнамалық тұрғыда талдау және жүйелілік тәсілмен зерттеу;

– Қазақстан мұнай-газ өндірісінің әлемдік деңгейге жетудегі мамандар қызметінің рөлін айқындайтын мұрағат құжаттары мен тарихи деректерін сұрыптап, жинақтау;

– дерек көздеріне сүйене отырып, тұңғыш қазақ мұнайшы мамандарының сандық және сапалық құрамын анықтау;

– кәсіби шыңдалған мұнайшы мамандарды дайындау жолдары, әсіресе кәсіби-техникалық білім берудің әр түрлі деңгейде ұйымдастырылуы мен дамуын жүйелеу;

– ұлттық кадр даярлаудағы, оларды өндірісте тұрақтандыру ісіндегі атқарылған жұмыстарды саралау, сол арқылы мұнайшылар құрамын толықтыру көздеріне талдау жасау;

– отандық мұнай-газ өндірісі инженер-техникалық мамандарын дайындайтын оқу орындарының дамуын сипаттау, олардың ұйымдастырылу ерекшелігіне, орналасуына және болашақ маман кадрларды тәрбиелеудегі сан қилы жұмыстарын зерттеу және талдау жасау;

– жаңа кен орындарын ашудағы қазақстандық инженер-техникалық интеллигенция өкілдерінің ерен еңбек істерін зерделеу арқылы өндіріс қызметкерлері мен ғалымдардың бірлескен іс-қимыл әрекеттерін көрсету;

– ұлттық мұнайшы мамандардың қалыптасу, өсу үрдісіндегі Орталықтың ұстанған кері саясатын, КСРО-ның басқа да мұнайлы аймақтарымен салыстыра отырып көрсету,оның зиянды әсерін жаңа көзқарас тұрғысында талдау;

-әкімшіл-әміршілдік басқарудың ұлттық мұнайшы кадрларын даярлау ісіне тигізген зардаптарын 1980 жылдары көрініс берген кәсіптік білімге теріс көзқарас арқылы өндіріс аудандарында қалыптасқан әлеуметтік-тұрмыс мәселесінің шиеленісуі арқылы саралай отырып көрсету, мәселенің өзіндік ерекшелігіне мән беру;

-мұнай өндірісіндегі кадр даярлау, орнықтыру және нарық кезеңіне сай тәрбиелеу ісіндегі ұлттық мұнайшылар әулеті тарихына жете мән беру, сол арқылы тарихтағы ұрпақтар сабақтастығының тәрбиелік мәнін ашып көрсету.

Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Ұсынылып отырған ғылыми еңбек өзінің ауқымы жағынан Қазақстан мұнайшы мамандарының қалыптасу және әр түрлі кезеңдерден тұратын өсу, толығу мәселелерін сабақтастық тұрғыда қарастырған алғашқы ғылыми еңбек болып табылады. Осы кезге дейін ауыр өнеркәсіптің осы саласы бойынша зерттеу отандық тарихшылар тарапынан қолға алынбаған.

Осыған байланысты зерттеу жұмысының маңызы мен жаңалықтары:

– алғаш рет Қазақстанда мұнай-газ өндірісі маман кадрлары туралы отандық және шетелдік зерттеу еңбектеріне жүйелі түрде тарихнамалық талдау жасалып, қалыптасқан ой-пікірлер ұлттық төл тарихымызды жазу үрдісінде қарастырылды;

– деректанулық мол қор арқылы ұлттық жұмысшы, инженер-техникалық кадрлары қалыптасуының әлеуметтік-экономикалық, саяси факторлары өзара байланыста жүйеленді, сандық және сапалық құрамы анықталды;

– мамандар дайындаудағы кәсіптік-техникалық білім орындарының қалыптасып, даму процесі мұнай-газ кешендерінің даму қарқынымен алғаш рет сабақтастырыла зерттелді;

– мұнайшы мамандардың білікті кадр ретінде қалыптасуына 1920-1930 жылдардағы аштық пен нәубеттің тигізген ащы зардаптары алғаш рет мұрағат деректері арқылы сарапталынып зерттелінді;

– мұнайшы мамандардың кәсіптік шыңдалуындағы еңбек жарыстарының рөліне баға берілді, мұнайшылардың әлеуметтік жағдайы, саяси белсенділігі, білім деңгейі зерделенді;

– көмірсутегі өнімдерін өндіру сияқты өте ауыр да жауапты қызметке қазақ әйелдерінің тартылуы, олардың еңбек белсенділігі және өндірісте тұрақтануы талданды;

– жоғары білімді мұнайшы инженерлер дайындаудың отандық тәжірибесі алғаш сараланып, жаңа келбетті қазақстандық инженер-техникалық интеллигенция құрамындағы мұнайшылардың белсенділігі, жаңашылдығы, өндіріс басшысының – тұлға ретіндегі қызметіне баға берілді;

– елдегі қалыптасқан әлеуметтік-тұрмыс мәселелерінің мұнай өндірісіне тигізген әсері, экологиялық-демографиялық жағдайдың шиеленісуіне алғаш рет ғылыми тұрғыда баға беріліп, тәуелсіздік жылдарында осы мәселенің шешілу ісіндегі қабылданған шаралар нәтижелері зерделенді;

– мұнай-газ өндірісі саласында қалыптасқан қазақстандық мұнайшы әулеттерінің қалыптасу, даму, толығу кезеңдерінің бір ғасырлық тарихына тұңғыш рет ғылыми талдау жасалып, олардың саланың экономикалық-саяси әлеуетін нығайтудағы елеулі рөлі көрсетілді;

– еліміз экономикасының негізі ретінде, мұнай-газ өндірісін әлемдік деңгейде дамыту ісінде ұлттық мұнайшы мамандарға қойылып отырған келелі міндеттерді шешуде алғаш рет мұнайшы кадрларын даярлаудың отандық тәжірибесі сараланды, жетістіктер мен проблемалық мәселерге мән берілді.



Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Қазақстанның мұнай-газ өндірісі өз бастауын 1899 жылғы Қарашұңғыл мұнай бұрқағынан алатындығы белгілі. Дегенмен, біз диссертациямызда мұнайлы аймақта өнеркәсіптік зерттеулер басталған 1890 жылдан 1990 жылдарға дейінгі аралықты, яғни Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік алуына дейінгі кезеңді қамтуды жөн санадық. Өйткені қазақтар осы кезеңнен бастап мұнай кендерін іздестіру жұмыстарына алына бастады.

Көмірсутегі өнімдерін іздестіру, өндіру 1890-1920 жылдары Жайық-Жем ауданында ғана жүргізілсе, 1930 жылдары Ақтөбе облысы, 1960 жылдары Маңғыстау мұнайы, 1980 жылдары Қызылордадағы Құмкөл кеніші, Батыс Қазақстанның Қарашығанақ кеніші ашылып мұнай-газ кешенінің алып кен орындары қалыптасты, өнім берді. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдары нарық қыспағынан абыроймен өтуімізге, ұлттық экономикамызды қайта құруға мүмкіндік берді. Диссертацияның географиялық шеңбері мұнай-газ өндіретін Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары болып табылады.



Диссертацияның практикалық құндылығы ретінде төл тарихымыздың әдістемелік қағидаларын басшылыққа алып, бай деректік материалдар негізінде жасалған негізгі тұжырымдар мен қорытындыларды, алынған нәтижелерді ғылыми еңбектер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар дайындауға, сол сияқты әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы болашақ бакалавр, магистр және доктор мамандары үшін отан тарихының теориялық және әдістемелік мәселелеріне байланысты арнайы курстар дайындауда қолданылатындығын айтуға болады.

Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Зерттеу тақырыбының танымдық және тәлімдік сабақтастығын, тағылымын айқындайтын күрделі сипаты деректерді сұрыптап, бірнеше бағытта топтастыра зерттеуді алға қойды. Диссертацияның негізгі деректік базасын мұрағат материалдары құрайды.

1 Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында (ҚРОММ) мұнай өнеркәсібі туралы мол мұра жинақталған. Атап айтқанда, Қазан төңкерісіне дейінгі және 1920 жылдар аралығын қамтитын мұрағат тізбелерінде: № 686 қор «Ағайынды Нобельдер» серіктестігі, № 687 қор «Орал мұнайы» акционерлік қоғамы, № 681 қор «Эмба» акционерлік қоғамы, № 679 қор «Эмба-Каспий» акционерлік қоғамы, № 680 қор «А.Н. Леманның Гурьев мұнай кәсіпшілігі мекемесі», № 695 қор «Урал-Каспий мұнай қоғамының» жергілікті басқармасы, № 678 қор сауда және өнеркәсіп министрлігі округтік инженері құжаттары, № 29 қор «Эмба» қоғамына тар табанды теміржол салу рұқсаты құжаттары сақталған.

Кадр даярлауға байланысты деректер № 183 Республикалық өнертапқыштар кеңесі құжаттарында, № 1972 қазақ политехникалық институты материалдары, № 1479 Қазақ КСР министрлер кеңесі жанындағы жоспарлау комитеті, № 1934 геология министрлігі құжаттары, № 1734 Халық шаруашылығы кеңесі құжаттарында да кездеседі.

2 Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты (АтОММ) қорларында мұнай кәсіпшіліктері, кадр даярлау және жекеленген мұнай өнеркәсібі тұлғалары туралы құнды мәліметтер жинақталған. «Эмбанефть» бірлестігі және жалпы 1920 жылдан қазірге дейінгі мұнай өндірісі туралы № 146 қор материалдары, №1041 қор мұнай өңдеу зауыты құжаттары, № 742 қор «Қазақстанмұнайбарлау» тресті, № 232 қор мұнай техникумы және № 193 қор жеке мұнайшы тұлғалар туралы деректер бар. Жеке тұлғалар туралы қосымша № 346 қор материалдары да өте құнды. Сондай-ақ, Атырау облыстық мұрағаты құрамындағы Мақат аудандық мұрағатының № 112 қорында жергілікті мұнай кәсіпшіліктерінің құжаттары сақталған.

3 Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағатында (МОММ) Маңғыстау түбегі мұнай-газ кен орындарының ашылуы, дамуы туралы құжаттар мол.

Маңғыстау мұнайын ашқан ұжым «Маңғыстаумұнайбарлау» тресті құжаттары № 136 қорда, Өзенмұнайгаз басқармасы № 317 қорда, «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігі № 322 қорда, «Жетібаймұнайгаз» басқармасы № 346 қорда, «Прорвамұнайгаз» басқармасы № 409 қорда, «Комсомольскмұнайгаз» басқармасы № 440 қорда, политинститут № 118 қорда жинақталған. Сондай-ақ облыс құрамындағы Өзен қалалық мұрағаты қорларында № 9 «Өзенмұнайгаз» басқармасы, № 41 қорда Өзен мұнай техникумы құжаттары бар.

4 Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты (АқОММ) қорларында: Ембі мұнай өнеркәсібі солтүстік аудандар басқармасы құжаттары № 1622 қорда, «Қазмұнайбарлау» тресті Ақтөбе экспедициясы құжаттары № 1534 қорда жинақталған.

5 Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында (БҚОММ) әлемге әйгілі Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кешені материалдары сақталған. Әсіресе, № 384 облыстық әкімдік қоры, № 37 облыстық партия комитеті қоры мұнай-газ өнеркәсібі туралы құнды тарихи дерек көзі ретінде маңызды.

6 Ресей мемлекеттік экономика мұрағатынан (РМЭМ) № 3429 Бүкілодақтық Халық шаруашылығы кеңесі құжаттары сақталған қор, № 4372 мемлекеттік жоспарлау комитеті қоры, №70 мұнай өнеркәсібі министрлігінің материалдары қорындағы деректер сараланды.

7 Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатынан (РФММ) № 5470 мұнай-газ өнеркәсібі жұмысшылар кәсіподағының Орталық комитеті материалдары сақталған қор және № 5587 мұнай өндірісі жұмысшылары кәсіподағы Орталық комитеті қорларында құжаттар сақталған.

8 Ресей Федерациясы Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатының (РФ ОрОММ) №472 қорында Орынбор жұмысшы факультеті материалдары жинақталған. Сондай-ақ, № 2889 қорында Қырғыз (Қазақ) автономиялық кеңестік Республикасы мемлекеттік жұмысшы факультеті құжаттары топтамасы сақталған.

9 Ресей Федерациясы Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағатының (РФ АОММ) № 18 қорында Доссор мұнайшыларының 1914 жылғы ереуілде қойған талаптары жинақталған.

10 Қазақстан Республикасы Атырау және Қызылорда облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің мұрағаттық анықтамаларында сақталған деректер де зерттеу барысында пайдаланылды.

Мұрағат материалдары партия, кеңес қызметкерлері, мұнай өндірісін ұйымдастырушылар С.Мұқашев, Қ.Ізімбергенов, Я.Лаврентьев, Н.Байбаков, С.Өтебаев, Р.Өтесінов, Б.Сағынғалиев, Қ.Мырзағалиев, М.Балғымбаев, О.Көшеков, Б.Досманбетов естеліктері мағлұматтарымен толықтырылды.

Мұражай қорлары дерек көзі ретінде алғаш рет айналымға енгізілді. Статистикалық анықтамалар мен құжаттар жинағы, баспасөз материалдары сұрыпталып, ғылыми тұрғыдан сараланды.

Зерттеудің теориялық-әдістемелік негізі. Диссертациялық зерттеу барысында талдау және жинақтау, индукция мен дедукция, тарихи-салыстырмалы, жүйелік-құрылымдық, теориялық таным, модельдеу мен типтендіру сияқты жалпы ғылыми, философиялық, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды.

Зерттеудің танымдық мүмкіндіктерін барынша кеңейту мақсатында тарихи-типологиялық және жүйелілік әдістеріне мән берілді. Сонымен бірге жұмыстың шынайылығын қамтамасыз етуде тарихи оқиғалар мен құбылыстардың ерекшеліктерін жалпы заңдылық ретінде қарастырудың методологиялық қателік екендігі, тарихи дамудың алуан түрлілігі, ұлттық және адамзаттық құндылықтардың өзара бірлігі туралы принциптер ескерілді.

Диссертацияда көтерілген мәселелердің бағыт-бағдарын анықтауда кеңес қоғамы жөнінде әлемдік қоғамтану ғылымында қалыптасқан «әмірлік экономика», «модернизация», «этникалық стратификация» теорияларының маңыздылығын атаған жөн.

Жұмыстың теориялық-методологиялық негізі бірінші тарауда арнайы қарастырылды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет