5-9 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламасы –қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан меңгеруді қамтамасыз ететін; қазақша сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, тілдесім) бастапқы деңгейде іс жүзіне асыратын; оқушының түсінікті сөйлеу дағдысы мен сауатты жазу дағдысын қалыптастыратын білім мазмұнын, көлемін, мөлшерін, оқу жүктемесін қамтитын; білім, білік дағды деңгейлеріне байланысты тақырыптық аяларды, дидактикалық ұстанымдарды; оқушылардың білімі мен білігіне қойылатын талаптарды анықтайтын нормативтік құжат болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Білім беру туралы» Заңдары мен Қазақстанда тілдерді дамытудың «2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» белгіленген міндеттер мен Жауапкершілікті тіл саясатын жүзеге асыруға негізделген еліміздің білім беру жүйесінде көптілді ортада мемлекеттік тілді жетік меңгерген дара тұлға қалыптастыру мақсатында қазақ тілін көптілді ортада оқытудың инновациялық технологиясының тиімді жолдарын прагматикалық тұрғыдан анықтау бүгінгі таңда отандық білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Еліміздің отандық әдіскер-ғалымдарының қатысуымен тілді меңгерту бойынша өркениетті елдердің тәжірибесі мен отандық озық дәстүрлер үйлестіріле отырып, тілдері оқытудың жаңа бағыттары белгіленді.
Әлемдік білім кеңістігінде орныққан «Шетел тілдерін деңгейлеп меңгертудің еуропалық жүйесінде» белгіленген тілді игерудің 6 деңгейі мен олардың сипаттарының негізінде, Қазақстан Республикасындағы оқыту қазақ тілді емес жалпы білім беретін мектептердің 1-11 сыныптарында қазақ тілін үйретудің 5 деңгейлі құрылымы анықталып белгіленді. Орта мектеп оқушыларының білім, білік, дағдылары жалпы білім беретін орта мектеп жүйесінде тілді меңгертудің 5 деңгейінің ішкі құрылымдық ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп, жіктелді. Атап айтқанда 5-7 сыныптардағы негізгі деңгейдегі талаптар үш деңгейді қамтиды: 5-сынып негізгі деңгей - А2 (А2.1 - қалыптасу қарсаңындағы игерім); 6-сынып негізгі деңгей - А2 (А2.1.1 - қалыптасу қарсаңындағы ілгері игерім); 7-сынып негізгі деңгей - А2 (А2.1.2. – Қалыптасу қарсаңындағы толық игерім); Ал 8-9-сыныптар орта деңгей - А2; А2+ болып аталады да, ол іштей екі деңгейге жіктеледі: (8-сынып А2.2; - қалыптасқан игерім; 9-сынып А2+ - Ілгерілей қалыптасқан игерім).
Қазақстан Республикасының көпұлтты сипаты мен қазақ тілді емес жалпы білім беретін мектептерінде тілдерді оқыту мен үйретудің өзіндік ерекшелігі ескерілді және тілдерді деңгейлік меңгерудің Еуропалық жүйесі сарапталды. Осы ғылыми сараптама негізінде, біріншіден, тілді меңгертудің Европалық жүйесіне сәйкестелген қазақ тілі пәнінің тілдік деңгейлері жалпы білім беретін орта мектептің 5-9 сыныптарына арналған оқыту жүйесі мен пәннің деңгейлік құрылымы сараланды. Екіншіден, негізгі және орта деңгейлердің сатылары айқындалды. Үшіншіден, негізгі және орта тілдік деңгейлерге негізделді. Төртіншіден, негізгі және орта деңгейлердегі базалық білім мазмұны тілдік деңгейлер бойынша қалыптастырылды. Бесіншіден, оқушының білім, білік, дағдыларына қойылатын талаптар негізгі және орта деңгейлердің талаптарын ескере отырып сөйлесім әрекетінің бес түрі бойынша анықталып белгіленді. Алтыншыдан, әр сыныптағы бағдарлама материалдары тілдік бөлім, қатысымдық-сөйлесімдік бөлім және мәдениетаралық қарым-қатынас бөлімі бойынша сараланып оқыту жүйесі ұсынылған.
Мемлекеттік тілді оқыту үдерісінде қазақ тілді емес мектептердің бастауыш сыныптарында «Қазақ тілі» пәні оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай тілді үйренуге, қабылдауға қатысты психологиялық жай-күйді ескере отырып, 1-сыныптан бастап оқытылады.
Қазақ тілін үйренуге негіз болатын бөлімдер арқылы оқушылардың жобаланған оқу нәтижелеріне жетуі қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |