Мағжан Жұмабай (Әбілмағжан) Бекенұлы(25 маусым 1893, Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасы – 19 наурыз 1938, Алматы) – Алаш қозғалысыныңқайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы. Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны “хакім” деп атады, ұлы ақынның “мың жыл жұтса дәмі кетпес” сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Жұмабайұлы ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтерді (“Шын сорлы”), халқын өнер-білімге шақырды (“Ләззат қайда?”, “Жазғы таң”, “Өнер-білім қайтсе табылар”, “Балалық шақ”, “Қазағым”, “Қарағым”, “Осы күнгі күй”, “Мен сорлы”). Бірқатар өлеңдерін махаббат тақырыбына арнады (“Жас келін, “Зарлы сұлу”, “Сүйгеніме”, “Алданған сұлу”). Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан бастап ақтық демі біткенге дейін М.Жұмабаев ұлт-азаттық тақырыбын үзбей толғанды, оны өз поэзиясының өзегі етті. Бүкіл халықты тап, топқа жіктемей, Қазақ елін әлемдік мәдени жетістіктерге қол жеткізуге қандай күш кедергі деген сауал қойып, оған басты кедергі – отаршылдық деген шешімге келді. Бастапқы кезде бұл тақырып туған жердің табиғатын тамашалаудан барып қайран жердің ендігі күні не болады деген уайым-қайғыға ұласады, ақыры келіп кіндік қаны тамған нулы, сулы өлкені жаулап жатқан қара шекпенді отаршылдыққа қарсы наразылық оты болып тұтанды (“Туған жерім – Сасықкөл”). Ақын халқымен бірге күйзелді, осыдан келіп романтикалық әуенге бөленген жорық идеясы туды (“Жарыма”, “Есімде... тек таң атсын”, “Жаралы жан”, “Мен жастарға сенемін”, т.б.).
Ахмет Байтұрсынұлы (5 қыркүйек 1872 жыл, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылы – 8 желтоқсан1937, Алматы қаласы) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.[1] Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі. Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса»(1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.
Достарыңызбен бөлісу: |