«Білікті ұстаз,білімді шәкірт!»
Білім беру жүйесін дамытуда, білікті маман даярлауда жетекші рөлді оқытушы атқаратыны мәлім. Мұғалімнің кәсіби дайындығы, білімі мен біліктері, оқу үрдісінің дұрыс бағытта жүруі тек шығармашылық қызмет арқылы жүзеге асады. Тәуелсіз еліміздің тірегі – білімді, тәрбиелі ұрпақ. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасын дамытатын, бүкіл әлемге танытып, өзге мемлекеттермен тереземізді тең ұстап, керегемізді кең ететін – бүгінгі алдымызда отырған шәкірттер. Осы орайда қазіргі таңда еліміздің білім беру ісінде тың өзгерістер болып жатқаны баршамызға мәлім.Білім беру мекемелерінде мұғалімнің ең басты қасиетті міндеті - рухани бай, жан-жақты дамыған, дарынды, бойында ұлттық құндылықтар бар, сақталған адамгершілікті жеке тұлғаны қалыптастыру. Ұлттық құндылықтарды бүкіл адамзаттың өз ұрпағын тәрбиелеудегі білім берудегі озық технологияларымен байланыстыра бере отырып, әр баланың қабілетін, талабын ашып, талантын ұштап, өзіне-өзінің сенімін нығайтып, қоғамда өз орнын дұрыс таба алатындай етіп жұмыс жасауымыз қажет. Ол ең алдымен ұстаздың даярлығына,оның іс-тәжірибесінің қалыптасып шыңдалуына байланысты. Ұстаз ол – оқушы үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі, жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. Оның айқын дәлелі «Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжі ұстаздарының өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өз ортасына бақыт, қуаныш, сүйіспеншілік сыйлай алатындай етіп білім беріп, тәрбиелеп отырған ерен еңбектері деп білемін. "Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Кәсіби білімі бір жағынан оқылатын пәнге бағытталса,екінші жағынан- оқушыларға бағытталды. Мұғалімнің кәсіби білім мазмұны өзі оқылатын пәнді оның әдістемесі және педагогика мен психологиялық білуді қамтиды. Педагог оқылатын ғылыми тәжірибемен байланыстыра білуі тиіс. Кәсіби біліміне сүйене отырып, педагогикалық тұрғыдан ой қорытып, туындаған педагогикалық жағдаяттарға жағдай жасайды,шешеді, құбылыстардың психологиялық мәнін түсінеді, жеке тұлғаны қалыптастыру жолдары біледі. Жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейін жоғары етіп қалыптастырып, рухани- адамгершілік тұрғысынан тәрбие мен білімді қатар беріп, білімді терең игерудің бірден-бір жолы- заманауи тиімді әдіс – тәсілдер арқылы шығармашылыққа жетелеу- бүгінде ұстаздарға қойылатын басты талап. Мемлекеттің күшеюі мен ұлттық гүлденуі дарындыларға, таланттыларға тәуелді екені белгілі. Ал дарындылар тәлім - тәрбиенің алдыңғы шегінде жүрген ұстаздардың шынайы бейнесі екендігі сөзсіз. «Ұстаз – жан-жақты дамыған білімді тұлға. Сократ ұстаздарды жаңбыр тамшысына ұқсатады. Жаңбыр тамшылары сепкен ұрық дәніне нәр бере алатынындай, ұстаз да әр оқушының дарынын ұштай алады. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән. Ұстаз әртүрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Ұрпақ тәрбиесі ұстаздан бастау алатыны белгілі. Өйткені әрбір мемлекеттің өсіп - өркендеуі, бәсекеге қабілетті саналы тұлғаны қалыптастыруы тек қана ұстаздың берген білімімен бағаланады. Бүгінгі таңда заманына сай зерделі, ой - өрісі жоғары, жан - жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастырып тәрбиелеу мемлекеттің ең маңызды стратегиясы ретінде мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеп отыр. Білікті ұстаз оқушының жас ерекшелігіне сай оқу жүгін анықтап, шығармашылық жұмыстармен толықтырып отырады. Ізденіспен жасалған әр сабақта оқушы мұғалім әрекетіне ілесіп, нәтижелі жетістікке жетіп отыратының байқамай да қалады. Мұғалімнің атқарған еңбегінің жемісі осында. Қазіргі заманға сай оқытудың жаңа технологияларын оқып-үйреніп, күнделікті сабақтарда шығармашылықпен пайдаланып отырса, нәтижесін берері сөзсіз. Білім сапасы мен деңгейін анқтап, салыстырмалы мониторингтер жасап отыру оқушы қабілетін зерттеуге көп көмегін тигізеді. Қабілет – іс –әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай нәтижелі етіп орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Жас өркеннің бойындағы табиғат берер ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның ары қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын да қызықты іс. Алайда, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Талантты, алғыр, еңбеккер, ізденгіш ұстаздар көп. Бірақ біз оларға көп ұқсамай, осылардан боламыз, өз жолым болады, өз сүрлеуім болады деп еңбектену керек. Олардан үлгі өнеге алып, еліктей білуіміз керек, олардың жаңалығын өздеріндей меңгере білуіміз керек. Тіпті кейбір кезде олардан асып та кетуіміз керек. Сонда еңбегіміз бір қадам алға жылжиды, сеніміміз молайып, күшіміз шалқи түседі.Ұстаздарға еліктеу керек, біреуді пір тұту керек, сонда өзіңді сол пір тұтатын ұстазыңмен салыстыра отырп, өсетін боласың.