Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Филология факультеті
Қазақ әдебиеті кафедрасы
К.А.Толеубаева
доцент, ф.ғ.к.
«Қазіргі қазақ әдебиеті»
пәні бойынша
ДӘРІСТЕР КУРСЫ
6В01702- «Қазақ және ағылшын тілдері»
білім беру бағдарламасы
Қарағанды 2021
1 - Дәріс
« Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша
Қазіргі қазақ әдебиетінің идеялық-көркемдік мәселелері
1. 1990 жылдардағы тарихи ахуал және әдебиет
2. Қазіргі қазақ әдебиетінің жаңаша ізденістері
1. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығындағы қоғамдағы өзгерістер ұлт тарихына жаңаша қарауды, сондай-ақ,ұлттың мәдени-рухани құндылықтарын тиісінше бағалауды қажет етіп отырғаны мәлім. Аталған мерзімнен басталып бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан құндылықтарды бағалаудың кезеңі қазақ зиялы қауымын алуан ізденістерге апарып отыр. Негізінен алғанда, бұл кезеңді - ғылыми жағынан нәтижелі ізденістер кезеңі деуден гөрі, жоғалтқанды табу, өшкенді тұтату, көмескіленгенді айқындау – бір сөзбен айтқанда, ұлттың болмысын қалыптастыратын рухани қазынаны түгендеу жылдары деуге болады. Мұндай шақта шынайы көңілден, ыстық ықыластан оралған мұраның орнын тезірек айқындасақ деген асығыстықтан туған асыра немесе жеткізбей бағалау, байыбынааа жетпеу немесе біржақтылық сияқты жайттар болып жатады. Бұл табиғи үрдіс. Ең бастысы – сол құндылықтардың бар екендігінде, оларды түгендеуде, жүйелі мақсатты жұмыстар жүргізуде,тіпті түгел болмаса да барын сарқып ала білу де және халқының өткенін білмекке құмар ұрпақтың болуында. Барды бағалау үшін алдыңғы екеуі болса,білім мен қажыр-қайрат табылмақ.
Қоғамның даму бағытының түбегейлі өзгеріске ұшырауы мен оның адам тағдырына әсері әдебиетте көрініс тауып, сөз өнерінің басты тақырыбына айналып келеді. Адам болмысының табиғатына үңілу, оның рухани дүниесі мен жан әлеміндегі қатпарлы қалтарыстар жүйесінің сырын ашу, қоғамдық қарым-қатынастарын тереңдей зерделей бейнелеу тәуелсіздік жылдарындағы сөз өнерінің басты қағидасы саналды. Қазіргі қазақ әңгімелерінен адамның ішкі әлемін етене жақын танытуға деген ұмтылыстың басымдығы байқалады. Ащы шындықтың аражігін ажырата білу мен әлеуметтік өмірдің көлеңкелі жақтарын әшкерелеу, рухани жаңару, азат рухты насихаттау, жаңалыққа құштарлық, ұлттық болмыстың жаңғыруына деген ұмтылыс бой көрсетті. Келмеске кеткен Кеңестік дәуір мен бүгінгі демократиялық қоғамның бет-бейнесі, оның бағыты, бет алысы көркемдік шеберлікпен сипатталған туындылар көбейе түсті.
Проза жанрының шеберлері Ш. Мұртаза, Қ. Жұмаділов, Б. Нұржекеұлы, Т. Нұрмағамбетов, т.б. қаламгерлер шығармаларында өмір шындығы көркем бейнеленген. Туындыларында замандас бейнесін жасай отырып, кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін, психологиясын, көңіл күй, рухани әлемін терең ашып көрсетті. Өмірдегі үздіксіз күрес үстіндегі адамның жеке тұлғасына ерекше мән беріп, оның ішкі әлеміне бойлай отырып, адамгершілік асыл қасиеттерін, азаматтық позициясын оқырманға үлгі етіп ұсынды. Осылайша кейіпкердің адамгершілік болмысын бейнелеуге алдыңғы кезекте баса назар аударылды.
Ш. Мұртаза әңгімелерінің көбіне дерлік ортақ ерекшелігі – ұлттық сипатының басым болуы. «41 жылғы келіншек», «Жүз жылдық жара», «Жаңбырлы той», «Шақалақ», «Сусамыр», «Аманат», «Алтын тікен» әңгімелерінде жазушы өмір шындығын көркемдік шындыққа ұластыра білген.
Шерхан Мұртазаның кейінгі жылдары жазылған әңгімелерінің бірі – «Соғыстың соңғы жесірі» деп аталады. Мұнда соғысқа кеткен жары Мақсұтты өмір бойы күткен Хадиша атты кейіпкердің өмірінің соңғы сәттері суреттеледі. «Соғыстың соңғы жесірі» атты әңгіме өтпелі кезең барысында, нарықтық жаңа заман тұсында әлеуметтік тұрғыдан нақты қамқорлық пен қолдаудың жеткіліксіздігіне жаппай тап болған, сөйтіп күні кешегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кеңестік заманын аңсауға еріксіз мәжбүр болған зейнеткерлер мен мүгедектердің, әлеуметтік қоғамдық кембағалдар мен мүсәпір-міскіндердің хал-ахуалы туралы сыр шертеді.
Ш. Мұртаза «Қаңғыбастар мен шағалалар» атты әңгімесінде өмір толқынының айдауымен тіленшілік жолға түскен міскіндердің тіршілігіне үңіледі. Кейінгі кездегі әңгімелері жаңа заман жайын қозғай келе жамандыққа бастар іс-әрекеттерді сынға алады, көнекөз қария, ақсақал абыз ретінде жазушы жамандықтан жиренуді болашақ жастарға аманат етеді.
Тұрлаусыз дүниенің сандаған адамның шаңырағын шайқалтқанын Қ. Жұмаділов «Тіленші» атты әңгімесінде әнші жігіттің тағдыры арқылы көрсетеді. Қ. Жұмаділовтің кейінгі жылдардағы әңгімелерінің басты тақырыбы қоғамдық өзгеріс тұсындағы қазақ елінің тыныс-тіршілігі, ауылдың да, қаланың да бұрынғы тіршілік қалпын өзгертіп, өмірге бейімделу кезеңін суреттеу болып табылады. «Бұқарбайы» жаңа заманға тез бейімделіп, тіршілігін дөңгелетіп әкетсе, «Айдарбегі» қолынан келер бар кәсібі – тіленіп ақша табады. Қабдештің әңгімелерінің көбінде қазақтың байлығы – малдың азаюынан елдің азып-тозуы тілге тиек етіледі.
Адам санасының екіге жарылуын, мұндай ішкі ой қақтығыстарының жалғыздықпен байланысты құбылыс екендігін С. Сейфуллиннің өмірі туралы жазған «Ақынның ақырғы күндері» атты әңгімесінде ерекшелеп көрсетеді.
Жазушы туындысында түс көру мотивін суреткерлік шеберлікпен қолдана отырып, кейіпкердің ішкі әлеміне еркін енудің таптырмас құралы ретінде қолданады.
Тоқырау жылдарындағы ауылдың трагедиялық хал-күйін көрсететін әңгімелердің қазақ әдебиетіндегі орны айрықша. Қазақ мектептері мен балабақшаларының саусақпен санарлықтай болуы, жер асты байлығының қарапайым халыққа бұйырмауы, қазақ халқына тән қонақжайлылық, қазақи психология Д. Исабеков, Т. Әбдіков, Қ. Найманбаев, Д. Досжан, С. Елеубаев, С. Балғабаев, М. Асылғазин, С. Асылбеков, Д. Әшімханов, Т. Мәмесейіт, т.б. әңгімелерінде шынайы да шымыр бейнеленген. Қаламгерлер әлеуметтік талдаудың негізінде ұлттық характерді ашуға, адам табиғатын психологиялық тұрғыдан танытуға күш салды.
Т. Нұрмағамбетовтің тоқыру жылдарындағы ауылдың хал-күйін көрсететін «Қаратомар», «Сушы» әңгімелерінде қоғамды сынау-мінеу жоқ, жазушы керісінше сюжетті күлкілі ситуация төңірегінде өрбіте отырып, үлкен философиялық ой-тұжырымдарға қол жеткізеді.
Қаламгерлердің ортаңғы буынына жататын Роза Мұқанова, Талаптан Ахметжан, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Думан Рамазан, Айгүл Кемелбаева, т.б. қаламгерлер жаңа ғасырдағы әңгіме жанрының көркемдік деңгейін көтере түсті. Тәуелсіздіктен кейін әдебиетке келген бұл толқынның ең басты ерекшелігі ретінде адамтану әліппесін айрықша назарда ұстануын, сөз өнерінің Адамды жан-жақты танудағы рөліне баса көңіл бөлуін атар едік.
Адам тұлғасын сан қырынан қарастыруда қазақ қаламгерлерінің орта буын өкілдері экзистенциалистердің күрделі концепцияларының бірі – жатсыну мәселесін шығармаларға негіз етіп, адамзат баласының қоғамды, өзін қоршаған ортаны, өзін-өзі жатсынуын тереңнен қамтыды.
Кеңестік жүйенің тоқырауға ұшырауы «кеңес азаматының» санасын сансыратып, келешекке деген сеніміне көлеңке түсірген тұста дүниеге келген көркем туындыларда өмірден торығу сезімі бойын билеген адамдар тағдырын суреттеу белең алған еді. Осындай экзистенциалистік бағытта жазылған шығарманың бірі – Роза Мұқанованың «Өзің» атты туындысы.
Жазушының постмодернисік үрдісте жазылған туындысының бірі – «Тұтқын» деп аталады. Бұл туралы зерттеуші Б. Майтанов былай дейді:
«Р. Мұқанованың табиғи таланты, қиял ұшқырлығы, сирек кездесетін кейіпкерлерін, мәселен, «Тұтқындғы» Әумесерді және оның елесімен әдіптелген қабықты (маска) аршу, тіке сайқымазақ, парасемантикалық лексика нанымдылығы тәрізді постмодернизм тәсілдерімен айқындалады.»
Жалпы Талаптан Ахметжан әңгімелерінің басты тақырыбы – адамгершілік мәселесі болып келеді. Ол періштемен сайтан сынды діни ұғымдардың арбасуы арқылы тухани тазалыққа ұмтылған жан арпалысын ашып көрсетеді. Ар ілімі, адамдық әліппесі саналатын дінге деген көзқарас Талаптан әңгімелерінің атауынан-ақ көрініп тұр. «О дүниенің қонағы» , «Күнәһар» деген әңгіме атаулары осы сөзімізге дәлел.
Н. Ораздың «Жылқының көз жасы» атты әңгімесінің көтерген тақырыбы – Семей полигоны. Р. Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», «Қаралы төбе», Д. Рамазанның «Соңғы дем», т.б. әңгімесінде полигон зардабын тартып отырған Семей өңірін – «жын жайлаған меңіреу өлке» деп береді.
Думан Рамазан – оқырманын жеке өзімен сырласып отырғандай күй кештіретін сыршыл суреткер, әңгімелері де сырлы әуенге толы. «Көкжал» атты әңгімесіне «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» дегенді негіз етеді.
Айгүл Кемелбаеваның әңгімелері – кейіпкердің жан дүниесіне тереңдей еніп, ішкі ойы мен рухани күйзелісін жарқырата көрсету барысында біршама жетістіктерге қол жеткізген көркем дүниелер. А. Кемелбаева «Ғибадат» әңгімесінде жаңа формалық ізденістерге барған. Діни-философиялық негіздегі әңгімеден публицистикалық сарынды аңғардық.
А. Алтайдың «Лайбаран» атты әңгімесі кейінгі кезде белең алып, қоғамдық жағымсыз құбылысқа айналған кезбелер жайын қозғайды.
Әңгімелері талданып өткен қаламгерлер шығармашылықтары туралы бір сөзбен айтқанда ұлттық таным мен батыстық сан түрлі ағымдарға сай ұстанымдарды ұштастыра алған, екі жақты қатар алып жүруде нық қадамдар жасай білген, жасампаз туындыларын жарқырата оқырманның алдына жайып салған жазушылар деп түйіндеуге болады. Олардың шығармалары ой еркіндігін дәріптеді, жан, ар тазалығын өлшем таразысына сала білді, олардың кейіпкерлері белгілі бір қалыптан, көзге көрінбейтін құрсаудан шыға алды, қоғамдық тоқыраумен қатар келген сан түрлі мәселені тақырып етіп дер шағында көтере білді, жаңашылдыққа бой ұрды, тың ізденістерге бара білді. Бұл шағын әңгіме жанрының жайы.
2. Қазіргі қазақ прозасындағы тарихи шындық поэтикасы бағдарымен жазылған І. Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық», Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз», З. Шүкіровтің «Сыр бойы», Қ. Шабданұлының «Қылмыс», Д. Досжанның «Ақ орда», Р. Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы»,
М. Мағауиннің «Мен», Б. Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы», «1986 жыл», С. Елубаевтің «Ақ боз үй», т.б. романдар ұллтық әдебиетіміздің әлемдік тәжірибедегі үлгілерімен үндестігін айқын аңғартады. Ғалым
Т. Н. Рахымжановтың пікірі эпикалық шығармалардың мазмұны мен пішіні жүйесіндегі өмір шындығы бейнеленуінде авторлық ұстанымдар табиғатын түсінуге бағдар береді: «Қазіргі романның көркем бейнеленген объектісі – қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық құбылыстар, адамның жан қозғалысы, орталық және қосалқы кейіпкердің ішкі «менінің»» өсу, кемелдену эволюциясы болып табылады.
Қазақ әдебиетінің соңғы онжылдықтарда жарық көріп жатқан көрнекті көркем туындылары – ұлттық санамыздағы көркем ойлаудың көрсеткіштері. Әдеби шығармалар мен ғылыми зерттеулердің мыңжылдықтар белестерінде қалыптасқан қазақ өркениетін танытатын тарихи-мәдени құндылықтардың барлығын да шынайы болмысымен толық қамту аясында жазылып жатқандығын байқаймыз. Сөз арқауындағы романдардың идеялық-композициялық желісіне арқау болған басты кейіпкерлердің әдеби прототиптері – тарихи тұлғалар. Романда тарихи тұлғаның кейіпкер тұғырында сомдалуы арқылы қазақ өркениетінің ата-бабалардан кейінгі ұрпақтарға жалғасқан дәстүрлі сипаттары жинақталады. Нақтылап айтқанда, сөз арқауындағы тарихи тұлғалар (Кенесары, Құнанбай, хакім Абай,
М. Әуезов, Д. Қонаев, Н. Назарбаев, т.б.) – қазақ өркениетінің ұлттық және әлемдік көрсеткіштері
Сондай-ақ, қазіргі қазақ романдарында адамдардың тұрмыстағы іс-әрекеттерін өзара қарым-қатынасын табиғи болмысымен ала отырып, өнер психологиясы заңдылығымен суреттеу, бейнелеу, эпикалық баяндау, лирикалық әуенмен тұтастыра жазу арқылы қаламгерлердің реалистік ұстанымдары аңғарылады.
Қазіргі қазақ прозасының романдарында тарихилық пен көркемдік қиялдың тұтаса өрілуі – қаламгерлердің классикалық әдебиет үрдістерін шығармашылықпен игеруінің көрсеткіштері.
Қазіргі қазақ романдары ұлттық сөз өнері дамуы тарихындағы классикалық дәстүр жалғасуының көрнекті көрсеткіштері болып саналады. Қазақ әдебиетінің ежелгі замандардағы эпикалық көлемдегі жазба ескерткіштерінде негізі қаланған тарихи шындық пен көркемдік шешім тұтастығымен өрілген шығармашылық үрдіс ғасырлар бойы жалғаса келе қазіргі әдеби дамуға ұласты. ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ романдары тәуелсіз Қазақстан әдебиетінің әлем өркениетіндегі классикалық үрдістер көрсеткіштерімен деңгейлес сипатымен бағалана алады. Қазақ әдебиеті шығармаларының ұлттық негізділігін сақтай отырып, әлем әдебиеті арналарымен бірге көркемдік дамудың жаңа жетістіктеріне жетуі жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан мәдениетінің мәңгілік тұғырын нығайта түседі. Бұл – қазақ сөз өнері дамуының мәңгілік шығармашылық қозғалыстағы жолы.
Мадина Омарова «Қазақ әдебиеті» газетінде берген сұхбатында былай дейді: «Өкінішке орай, қазіргі әдебиетіміз тым стихиялы түрде, бытыраңқы келе жатыр. Бірде-бір мәдени немесе әдеби институт бүгінгі күнгі әдебиеттің мәселелерімен, оның ерекшеліктерін, ағымдарын, кемшіліктері мен жетістіктерін зерттеумен айналыспайды. Басқа салаларды қайдам, бірақ дә осы әдебиет ғылымы бүгінгі күн мен болашақтан гөрі өткен шақты көбірек қозғайды ».
Қазіргі заманауи әдебиетте ХХ ғасырдың басымен салыстырғанда кемінде он жаңа ағым енген екен. Неомифолизм, мәтін ішіндегі мәтін, фабуласыз мәтін деп кете беретін, жеке тұлғаның ішкі дүниесіне, оның жеке толғаныстары мен тұрмысына негізделген, шындық пен қиялдың сентиментализм, мораль мәселелері маңызды болса, қазіргі әдебиетті философиялық , психологиялық, интелектуалдық, вертикалды әдебиет деп сипаттауға болады. Осы жаңашылдық дәстүрлі әдебиетті тықсырып келеді. Бұл заңды да. Заман өзгерді, қаншама жаңа технологиялар еніп жатыр, соған сәйкес көркем сана да өзгерістерге ұшырады. «Дон Кихоттың » немесе «Абай жолының» ешқашан өз тұғырына түспейтіні қандай анық болса, әдебиеттің соның ішінде , қазақ әдебиетінің заман талабына сай өзгеретіні сондай айқын. Бізге де ол өзгерістер там-тұмдап келіп жатыр. Бірақ әрине, жаңаға қарсы, оған үрке қарайтын адамдар әр қоғамда болады. Постмодернизмді құбыжық деп қабылдап, оны әдебиетімзден аластатуымыз керек деп есептеген кезең болады. Бірақ одан постмодернизм ешқандай зиян шеккен жоқ.
«Қазіргі жазушылар хақында айтар болсақ, Қойшыбек Мүбәрак мистика жанрында, Мақсат Мәлік психологиялық тақырыптарда, Дархан Бейсенбек, Серік Сағынтай дәстүрлі прозада қалам тартып жүргендері бар. Думан Рамазан лирикалық прозада жазып жүр. Аслан Жақсылықовтың философиялық прозасы қазақ әдебиеті үшін тың бағыт, Асылбек Ықсанның да шығармашылығы жаңалықтарға толы. Дидар Амантайдың прозасы көп талас тудырғанымен, қазақ әдебиетіндегі бетбұрысқа негіз болғандығын мойындамасқа болмайды» - дейді Мадина Омарова.
Қойшыбек Мүбәрак әңгімелері мистикаға толы. «Мәйітхана» әңгімесінен үзінді келтірсек:
- Ананы қараңдар!.. Басы жоқ қыз кетіп барады...
- Аппақ көйлегін қан жауып кетіпті.
Осыны естіген елдің барлығы көшенің арғы бетіне жалт қарасты. Мен де қарадым. Қолқа-тамырынан қан атқақтап кетіп бара жатыр.
Машиналарды шуылдатып бері өтті.
– Айтыңдаршы... “мәйітхана” қайда? – деген қыздан елдің барлығы айнала қашты. Ол маған қарай келе жатты...
Қысқа ғана мысалдан дәстүрлі әдебиетке мүлде жат, қазіргі әдебиеттің ерекшеліктерін көргендей боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |