БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНДЕГІ ПАТРИОТТЫҚ
ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Жабай Нұрмақұлы ҚАЛИЕВ,
Мемлекет тарихы институтының
бөлім бастығы, педагогика
ғылымдарының кандидаты
(Қазақстан, Астана)
Аннотация
Мақалада қазақстандық патриотизм ұғымы және оқушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің нәтижесі жайлы айтылған. Адамның өзінің туып өскен өлкесіне деген сүйіспеншілігімен қоса, үлкен достық отбасын құрайтын жүзден астам ұлттар мен ұлыстар мекендеп отырған біздің ұлан-байтақ Отанымызға деген сүйіспеншілік туралы мәселелер көтерілген.
Түйінді сөздер.
Қазақстандық патриотизм, Қазақстан мұраты, адамгершілік, имандылық, балажандық, еңбексүйгіштік, қонақжайлылық, отаншылдық қасиеттер, Ана тілі, Елбасы, қоғам, отбасы, білім беру, жастар тәрбиесі, отансүйгіштік рух, ұлттық тәрбие, салт-сана және т.б.
Қазақстан Республикасы - тәуелсіз мемлекет бола алатындығын бүкіл әлемге дәлелдеді. Ендігі басты міндет - осы мемлекетімiздің өркендеп өсуі, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеру. Қазақстанды Отаным деп таныған әр азаматтың осыған әлі келгенше үлес қосуы - бұның басты шарттарының бірі. Оқушыларға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Қазақстан халқына Жолдауының «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде: «...біздің балаларымыз бен немерелеріміз... бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» - деп үміт артқан [1].
Қазақстандық патриотизм - адамның өзінің туып өскен өлкесіне деген сүйіспеншілігімен қоса, үлкен достық отбасын құрайтын жүзден астам ұлттар мен ұлыстар мекендеп отырған біздің ұлан-байтақ Отанымызға деген сүйіспеншілік. Әр адамның Отанға деген сүйіспеншілігі осы жерде тұратын барлық адамдарға деген достық пен туысқандық сезімімен біртұтас болып табылады. Оқушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу нәтижесінде қандай ұлттың өкілі болмасын өзін біртұтас көп ұлтты мемлекеттің - Қазақстан Республикасының азаматымын деп сезінеді, Қазақстан Республикасының азаматы болуды өзіне тиген зор бақыт және үлкен жауапкершілік деп түсінеді.
Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардан білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отырғаны мәлім. Осыған орай, бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі оқушыларды өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы оқушылардың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты.
Атамекен дегенде біздің көз алдымызға еліміздің айдын шалқар көлдерi мен мөлдiр бастау қайнарлары, сарқырай аққан тасқынды өзендерi, алып таулары мен жасыл желек жамылған сыңсыған орман-тоғайлары, кең байтақ, ұланғайыр далалары келедi. Н.Ә. Назарбаев: «Әрбiр адамзат тарих қойнауына тереңдеу арқылы өзiнiң ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердiң лайықты мұрагерi болуға ұмтылсын» - деген аталы сөз келтiрген.
Қай халықтың тәлімгерлік тәжірибесі болмасын, ол адамзат атаулыға ортақ рухани қазынаның құрамдас бөлігі. Қазақ халқының да мәдени жетістіктерін, қанына біткен адамгершілік, имандылық, балажандық, еңбексүйгіштік, қонақжайлылық, отаншылдық, т.б. қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесі бар. Онда кешегі өткен данагөй қариялар, ғұлама ойшылдар, шешен-билер, батырлар мен ақын-жыраулардың философиялық болжамдарының, психологиялық пайымдауларының, педагогикалық тұжырымдарының өшпес ізі жатыр.
Елiмiз егемендiкке қол жеткiзген соң, оқушыларға ұлттық тәрбие беру уақыт талабымен бiрге келген игiлiктi мақсат екенi даусыз. Соған байланысты оқушыларды жарасымды әдеттiлiкке, ұнасымды iзеттiлiкке тәрбиелеу халқымыздың қасиеттi қағидасы деп бiлемiз. Мына қайшылығы мен қасiретi асқынып тұрған заманда бұл айрықша мәселе. Осыдан барып қазiргi жастардың көпшiлiгi халықтың салт-дәстүрлерiн бiлмейтiн мәңгүрт, тұрпайы да дөрекi, рақымсыз, қатыгез болып өсiп келедi. Көптеген жастарымыз нашақорлық, мәңгi жазылмас ауруға ұшырап, өзiн-өзi улап, жалғыздықтың қара уайымына салынып, өзiне-өзi қол жұмсап, ұрлық-қарлыққа барып, ағайын-туыстан безiп, о дүниенiң есігін ашуда.
Ұлтжандылық тәрбиесi адам жанына ана сүтiмен, қанымен, ата-ана тәрбиесiмен және туған өлкесiн, туған елiн сүю, құрметтеу арқылы қалыптасатындықтан, оқушылардың бойындағы ұлтжандылықты өз халқының мәдениетiмен, салт-дәстүрiнен, әдет-ғұрпынан бөлек қалыптастыру мүмкiн емес.
Әрбiр мемлекеттiң болмысын айқындайтын, сүйенетiн рухани мұраты болуы тиiс. Бiздiң қоғамдағы бұл мұраттар өзгермелi, өтпелi сипат алуда. Дербес тәуелсiз ел болып қалыптасудың алғашқы жылдарында қазақ екенiмiздi өзгелерге таныту мәселесi алға шыққандықтан ұлттық идеология аса өзектi. Тәуелсiз ел ретiнде өзгелердi мойындатып болған соң, ұлттығымыздың өзiмiзге қажеттi мөлшерiн алып болған соң, қоғамның даму ерекшелiгiне сай, бұл күнде аса қажеттi болып отырған рухани азықты iздестiру үстiнде.
Патриоттық сезiмнiң сипаты жалпы адамзаттық құндылықтарға қарсы келмей, олармен үндес болуы керек, яғни ол кез-келген халықтың тiлi мен мәдениетiне салт-санасы мен әдет-ғұрпына т.б. ұлттық ерекшелiктерiне құрмет сезiмiмен қарау деген сөз.
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбиелік ой-санасы ежелгі түркі тайпаларының наным-сенімдерімен астасып жатқандықтан, оларды бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Себебі халық дүниетанымының өзегі сол көне ұғымдарда жатыр. Халқымыздың ұзақ уақыт бойы рулық-қауымдық құрылыс пен патриархалдық-феодалдық қоғамда өмір сүруі қазақ даласында түрлі наным-сенімдердің белең алуына себепші болды. Осындай жағдайда қалыптасқан қазақ халқының дүниетанымы да аса күрделі. Әуел баста олардың салт-санасын ежелгі түркі тайпаларынан ауысқан мифтік, космогониялық, анимистік, тотемдік, шамандық ұғымдар билесе, VIII ғасырдан бастап сол көне ұғымдар Ислам дінінің әсеріне түсе бастаған.
Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың хадистерiнде патриотизм идеясы өте жоғары қастерленедi, Отанды сүю асқан парасаттылық сезiмiмен бағаланады. Бiр хадисте: «Отанды сүймеген адамның иманы болмайды», - деп көрсетiлген. Тағы бiр сөзiнде пайғамбар: «Нағыз мұсылман - халқынан зәбiр көрсе де, оны сүюдi, оған қызмет қылуды тоқтатпаған жан» - деп, үлкен ұлағаттылық қасиет танытқан.
Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады. Оның басты құндылықтары - ана тілі, ұлттық рух, діни наным-сенімдермен тығыз байланысты екені баршамызға аян.
Қазақ тарихын тұңғыш зерттеуші ғалымдардың бірі - Шоқан Уәлиханов өзінің патриоттық сезімін бiлдiре келiп, «Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай мен ең алдымен өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртым, руластарымды, одан соң халқымды, одан соң Сібір орыстары, Ресей жұртын қадірлеймін», - деген екен [2].
Абай Құнанбаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, оқушыларды ерлік рухта, патриотизмге баулып, намысын, ар-ожданын, адамгершілік қасиеттерін оятуды үнемi мақсат етедi. Оның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым - деп» [3] деген сөзі, ұлы гуманистiк идеяның айқын көрiнiсi.
Қарап отырсақ, қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге уағыздау, адамгершілік, адал шыншыл, өз Отанының патриоты болуға үндегенін байқаймыз. Бұл бүгінгі Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау» - деген бағытымен үндесіп жатыр.
Бүгiнгi қоғамдағы түбегейлi өзгерiстер халқымыздың ауыз бiрлiгiн, белсендiлiгiн, әр азаматтың жеке басының жауапкершiлiгiн талап етедi. Қоғамдағы келiсiм мен бейбiт өмiр, саяси тұрақтылық үшiн жан аямай қызмет ету, өз Отанына, отбасына, елi мен жерiне деген сүйiспеншiлiктен ғана туады.
Патриотизм сезiмi - бiздiң халқымыздың болмысына ежелден сiңген қасиет. Ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға мирас болған өсиет.
Халық бiрлiгi, ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы ұранымыз өз тарихымызға деген көзқарасымыз, бiздiң аға ұрпаққа деген құрметiмiз, хандарымыз бен билерiмiздiң өмiр жолдарын өзiмiз ұстанып қана қоймай, оны келешек ұрпаққа жеткiзу, насихаттау болып табылады.
Лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрес бүгінгі күні барлық өркениетті елдердің басты мәселесі болып отыр. Отанымыздың территория бүтіндігін сақтау, халықтың тыныштығын алатын лаңкестерге қарсы ұйымшылдықпен күрес, мемлекетімізге қауіп төндіретін кез-келген сыртқы және ішкі күштерге қарсы тұрудың өзі оқушыларды Отаншылдық рухта тәрбиелеу міндетін жүктейді. Осыған орай, патриоттық тәрбие мәселесі - адамзат тарихының өн бойында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан оқушылардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік қасиетін дарыту әр уақытта да өзекті мәселе болып қала бермек.
Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаев өзiнiң «Қазақстанның болашағы - қоғамның идеялық бiрлiгiнде» атты еңбегінде идеялық мәселелерге топтасудың керек екенiн айтып, бiрiгуiне шақырып, бұл мiндеттi жүзеге асыруда бiлiм берудiң, отбасы, еңбек ұжымы сияқты дәстүрлi институттардың маңызды рөл атқаратының, олардың ықпалы ерекше тиiмдi болатынын баса айта отырып, «Бiздiң тағы бiр аса маңызды идеологиялық мiндеттерiмiз - Қазақстандық отансүйгiштiкке тәрбиелеу, әрбiр азаматтың өзiн-өзi айқын билеу. Олай болса, осы мiндеттi орындау жолында тәрбие мәселесiн қолға алып, жүйелi түрде мемлекеттiк тұрғыда, пәрмендi байыппен жүргiзу болашақ ұрпақтарды аздырмай-тоздырмай қазiргi сауда-саттықтың, алдау-арбаудың ықпалына жiбермей, етегiне сүйретпей елiмiздiң болашақ өркениеттi дамуын алға бастыратын адамдарын тәрбиелеуiмiз керек», - дейдi [4].
Қазiргi мемлекеттің білім беру саясатының негізгі мiндетiн атқарып отырған жалпы білім беретін мекемелердің міндеті оқушыларды ұлттық тәрбие арқылы отансүйгiштiкке, ұлтжандылыққа және салауатты өмiр салтына ынталандыру, елiнiң табиғатын қорғауға дайындау болып табылады. Салауаттылық халықтың денсаулығына әсер ететiн маңызды фактор екенiн ескерiп, таза су, кенеулi асты пайдалану, тазарту жүйелерiнiң болуы, қоршаған ортаны ластайтын және экологиялық зиян келтiретiн объектiлердi қысқартуды, темекi мен алкоголдi қолдануды доғаруды, дене тәрбиесi мен табиғатты қорғауды көздейдi.
Сонымен, егемендi елiмiзде ұлттық тәрбиенi жандандырып, салт-дәстүрiмiздi сақтап, өмiрдiң озығын пайдаланып, тозығынан iргемiздi аулақ салып, оқушыларымызды отансүйгiштiкке, ұлтжандылыққа, салауатты өмiрге, табиғатымызды аялауға тәрбиелеуiмiз керек.
Қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Патриотизм - Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық-мемлекеттік қауiпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екенiңдi мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оны жеке адам мен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын бiріктіреді» - деп атап көрсеткен болатын [5].
Патриоттық тәрбие жұмыстары барысында Отанға сүйіспеншілік, жалпы елдің экономикалық, ғылыми, моралдық, саяси, әскери қуатын арттыруға үлес қосуға дайын болу, Отанды идеологиялық, мәдени экспансиядан қорғау, қажет болса қарумен қорғауға әзірлік сенімі қалыптасады. Оқушылар ар-ождан, намыс, қайырым, мейірім сезімдерімен қатар Отанын мақтаныш тұту, оның жетістіктеріне сүйсіну, қиындықтарына күйіну, әрқашан елін, жерін қорғауға дайын болу, басқаша айтқанда іс-әрекетімен ұштастыруға бейімделеді. Бұлар соғыссыз, бейбітшілік замандағы патриотизм қандай болу керек деген мәселенің шешімін анықтайды.
Қазақстандық патриотизм Қазақстан Республикасының азаматы өзін осы елдің төл баласы нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады. Сол кезде ғана еліміздің мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарайды, шын ниетімен қадірлейді. Қазақстан азаматының Конституциялық құқығын сақтайды.
Қазақстандық патриотизмге өз Отанына, оның мәдениетіне, дәстүрлеріне деген шексіз сүйіспеншілік, ел жетістіктеріне деген мақтаныш, өз мемлекетінің экономикалық және саяси қуатын арттыруға бағытталған әлеуметтік белсенділік, Отанын, оның бостандығын, тәуелсіздігін аянбай қорғауға даяр болуы тән.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «...Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы.
Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады.
Мемлекет және халық мұны сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс.
Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл, ең алдымен, елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» - деп баса назар аударып отыр [6].
Қазақстан егеменді мемлекет ретінде әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылып, халықаралық қауымдастық мойындаған танымал республика болды. Қазақ халқы мемлекет құраушы ұлтқа айналды. Азаттықтың әр жылы бодандықтағы, кеңестік жүйедегі ғасырларға бергісіз уақытқа айналды. Еліміздің тарихи қысқа мерзімде қол жеткізген ғаламат табыстарын өскелең ұрпақ оқып біліп қана қоймай олардың санасында мақтаныш сезімдерін туғызуы керек.
Бейбітшілік замандағы патриотизм біздің жағдайымызда береке-бірлік, экономикалық өрлеуге үлес қосу, халық үшін ұлттық мүддені қорғау, оның сақталып қалуын басты мұрат ету деп білеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Н.Ә. Назарбаев. «Қазақстан-2030». Ел Приздентінің Қазақстан халқына Жолдауы. - Алматы: Білім. 1997.
2. Ш. Уәлиханов. Таңдамалы шығармалары. - Алматы: Жазушы, 1985.
3. А. Құнанбаев. Қарасөз. - Алматы: Рауан, 1995.
4. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстанның болашағы қоғамдық идеялық бірлігінде. - Алматы: Қазақстан, 1993.
5. Б. Момышұлы. Қанмен жазылған кітап. - Алматы: Қазақстан, 1991.
6. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы // Егемен Қазақстан. 15 желтоқсан 2012 жыл. № 828-831 (27902).
РЕЗЮМЕ
В статье говорится о казахстанском патриотизме и о воспитании учеников в духе казахстанского патриотизма. А также подняты вопросы о доброжелательности к нашей Родине более ста этносов, проживающих на территории Казахстана.
SUMMARY
The article refers to the Kazakh patriotism and education of students in the spirit of Kazakhstan patriotism. And also raised issues about the goodwill of ethnic groups to our country, which living in Kazakhstan.
Достарыңызбен бөлісу: |